Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы Қазақша диссертация
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы
(қазақ баспасөз материалдары негізінде)
мамандығы – 10.02.02 – қазақ тілі
филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.
Ғылыми кеңесшісі: филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық
Ресми оппоненттері:
Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы – филология ғылымдарының докторы, академик, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.
Момынова Бағдан Қатайқызы — филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.
Ерназарова Зәуреш Шаршыбекқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.
Жетекші ұйым:
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
Диссертация 2007 жылы 23 қараша күні сағат 14.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28)
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Еліміз егемендік алған соңғы он бес жыл көлемінде қоғам өмірінің барлық саласында қалыптасқан стереотиптер бұзылып, көптеген өзгерістер орын алғаны мәлім. Осындай өзгерістер жаңалық жаршысы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше көрініс тапты. Мұның өзі жалпы ақпараттық кеңістікте көптеген тың ізденістер мен шығармашылық тәсілдердің алуан түрде қалыптасуына жол ашты. Бұған жарты ғасырдан астам үстемдік еткен Кеңестік цензураның алынып тасталуы, тәуелсіздікпен қатар қол жеткізілген шығармашылық еркіндік, нарық жағдайындағы баспасөз қызметіндегі жаңаша үрдіс, БАҚ түрлерінің көбеюіне байланысты ақпараттық кеңістіктегі бәсекенің күшеюі бір себеп болса, бұқаралық сананың жаңа деңгейге көтерілуі, бұрынғы ұсынылған нәрсені оқып бас шұлғуға мәжбүр болған тізгіндеулі күйден өткен аудиторияның БАҚ-қа қойылатын талабының арта түсуі, жалпы оқырман, тыңдарман, көрерменнің қабылдаушы ретіндегі талғамының да өсуі екінші себеп болды.
Қоғам өмірінің айнасы болып табылатын БАҚ ондағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, спорт, өнер, кино, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы барлық қордаланған проблемаларды жұртшылық назарына ұсынатын да, қандай да бір ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді көпшілікке таныстырып жеткізетін де әмбебап құрал болғандықтан журналистер қауымын ғаламның ақпараттық бейнесін жасаушылар деп тануға негіз бар. Осы топтың жинау, талдау, саралау, іріктеу сияқты сатылардан өткізіп барып көпшілікке ұсынатын түпкі өнімін медиа-мәтін деп атауға болады. Жалпы БАҚ-тың ақпаратты жеткізу формасына қарай үш түрге бөлінетіні белгілі: телевизия, радио және мерзімді баспасөз. БАҚ тілі нысанаға алынғанда лингвистика ғылымындағы негізгі ұғым мәтінге бұқаралық коммуникацияда жаңа мағыналық реңктер үстеледі. Сөйтіп БАҚ арқылы таралатын аудиалды және визуалды түрде қабылданатын хабарламалардың бәрі біріге келіп вербалды және медиалық белгілердің жиынтығы ретінде медиа—мәтін ұғымын құрайды.
Медиа-мәтінді прагмалингвистикалық тұрғыдан қарастырғанда оларды тілдік бірліктердің ғана емес, жалпы білім аясы мен коммуникативтік саланың қосындысы деп санаған жөн. Осымен байланысты соңғы жылдары БАҚ мәтіндерін когнитивті лингвистика шеңберінде қарастыруға айрықша мән берілуде. Онда тіл сырттанкеліп түскен ақпаратты репрезентациялаушы және онда кодталған мәліметтерді ашу үшін қолданылатын когнитивті құрал ретінде танылады. Когнитивті лингвистика мамандары үшін БАҚ қалыптастыратын ақпараттық кеңістіктің тақырыптық жағынан ұйымдастырылуы аса маңызды. Өйткені онда орасан зор ауқымды медиа ағынның өзіндік мәдени спецификалық ерекшеліктері көрініс табады. Сондай-ақ медиа-мәтіндердің идеологиялық бағыттылығының қандай тілдік тәсілдер арқылы берілетінін анықтаудың да мәні зор. Бұған қоса сондай вербалды құралдар арқылы жеткізілетін әлеуметтік маңызға ие ақпаратты экстралингвистика факторларымен, атап айтқанда Адам факторымен, кең мағынасындаалғанда қоғаммен, тілдік социуммен байланыста қарастыру бүгінгі антропоцентрлік бағытта дамып келе жатқан іргелі ғылым саласының талабынан туындап отыр. Біздің зерттеу нысанамызға алынған медиа-мәтіннің жасаушысы да (журналист),қабылдаушысы да (оқырман), объектісі де – Адам болғандықтан, әрі тақырыптық аясын жалпыадамзаттық проблемалар мен құндылықтар құрайтындықтан жұмысымыздың өзектілігі Адам факторын психосоциопрагмалингвистикалық аспектіде қарастырудан келіп шығады.
Аса ауқымды ақпараттық кеңістікті қамтитын медиа-мәтін бүгінде социумның когнитивтік санасын құрайтын діни, саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи т.б. факторлардың барлығын тілдік санада айшықтай отырып; бұқаралық санаға ықпал етуші қуатты құралға айналды. Бұл жерде медиа-мәтінді бұқаралық сананы реттеп, қажетті идеологиялық бағытқа бейімдеп отыратын саяси тетік деуге де болады. Мұны күнделікті баспасөз бетінде көрініс табатын саяси дискурстан байқауға болады. Бұл пікіріміз бүгінгі ресми басылымдардың тақырыптық-құрылымдық өзегін құрайтын саяси мәтіндерге лингвопрагматикалық талдау жасағанда қуаттала түседі. Сондықтан да ақпараттық және аналитикалық жанрларға бөлінетін газет мәтіндерінің ішінен біз негізінен саяси мәселелерге арналған материалдарға көбірек назар аудардық. Сонымен қатар қазіргі қазақ басылымдарында үлкенді-кішілі орын алатын материалдардың бәрін қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін айшықтайтындықтан қажетінше қамтуға тырыстық.
Зерттеу нысанасы. Қазіргі қазақ ресми баспасөзіндегі медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуеті, ақпараттық, әлеуметтік-реттеуіштік, әсер ету қызметтері және газет бетіндегі саяси дискурс мәселелері.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеуіміздің мақсаты – қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты тіліміздің бүгінгі даму кезеңінде орын алған өзгерістердің қазіргі қазақ баспасөзіндегі көрінісін жан-жақты қарастыра отырып бүгінгі медиа-мәтінді адресанттың өз прагматикалық ұстанымын жеткізуде қалайша пайдаланып отырғандығын анықтау және сол арқылы тіліміздің қазіргі жай-күйіне лингвопрагматикалық тұрғыдан баға беру. Бұл үшін мынадай міндеттер қойылды:
– қазіргі тіл біліміндегі прагмалингвистика бағытының даму тарихына шолу жасалып, оның антропоцентрлік бағыттағы өзге салалармен байланысы анықталып, өзіндік ұғымдық шеңбері мен теориялық мәселелерін анықтау;
– БАҚ арқылы жүзеге асырылатын ақпараттық-коммуникативтік процестің маңызды элементі – медиа-мәтінді ақиқат болмысты репрезентациялайтын және интерпретациялайтын аса қуатты құрал ретінде қарастыру;
– медиа-мәтінді бұқаралық санаға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асыратын және әлеуметтік-реттеуіштік қызмет атқаратын фактор ретінде зерделеу;
– прагмалингвистиканың негізгі категориясы – субъектіні адресант-адресат қостағаны аясында жан-жақты қарастыру;
– адресанттың прагматикалық ұстанымдарының қазіргі қазақ газети мәтіндеріндегі жеткізілу тәсілдерін анықтау;
– қазіргі қазақ медиа-мәтінінің адресат факторына тигізетін әсерін мәтін интерпретациялануы тұрғысынан саралау;
– адресант-адресат арасындағы рөлдік қатынастардың бүгінгі қазақ басылымдарындағы көрінісін сипаттау;
– медиа-мәтіндегі модальділік категориясын мәтін түзуші мен оны қабылдаушы субъектілер арақатынасы аясында қарастыру;
– газет мәтінінің әсер ету күшін көрсететін прагматикалық интенсификаторларды (қарқындатқыштарды) анықтау;
– қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурсты айқындау;
– тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзіндегі жаңа қолданыстарға прагмалингвистика тұрғысынан баға беру.
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде 2002-2007 жылдары жарық көрген ресми басылымдардың («Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан», «Алматы ақшамы», «Айқын», «Жас Алаш») және ішінара оппозициялық бағыттағы газеттердің («Жас қазақ», «Ақ жол Қазақстан», «Апта kz») материалдары пайдаланылды.
Жұмыста қолданылған зерттеу әдістері мен тәсілдері. Жұмыста тілдік материалды жинақтау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, талдау, қорытындылау, компоненттік (семалық) талдау әдісі және концептуалды (концептілік), мәтіндік – контекстуалдық, ұғымдық талдау, интерпретациялық талдау, прагматикалық пресуппозиция мен импликацияларды талдау, эксперименттік сауалнама әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бүгінге дейінқұрылымдық лингвистика тұрғысынан бірнеше ғылыми еңбекте қарастырылған баспасөз тілі жұмысымызда алғаш рет Адам факторының айналасында шоғырланған ақпараттық кеңістіктің материалдық көрінісі ретінде нысанаға алынды. Осыған орай жазба мәтіндегі тілдік және бейтілдік құралдар оларды пайдаланушы субъектілердің мақсат-мүдделері мен прагматикалық интенциясын жеткізуші тәсілдер ретінде қарастырылды. Осындай прагмалингвистикалық талдау нәтижесінде төмендегі өзекті мәселелер бірінші рет өз шешімін тапты:
– бүгінгі БАҚ биліктің төртінші тармағы деген атауға шын мәнінде лайықты, қоғамдағы бұқаралық коммуникацияны жүзеге асырушы маңызды құрал болғандықтан оның бүкіл қызметі мен нәтижелерін көрсететін ауқымды ұғымға медиа-мәтін деген атау берілді;
– медиа-мәтін ақиқат болмыстың қандай да бір үзігін репрезентациялайтын күрделі де құрастырмалы модель ретінде қарастырылды;
– медиа-мәтін таза ақпараттық қызмет атқаратын қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның (автордың), кейде басылымның (редакцияның) саяси-идеологиялық ұстанымын да жүзеге асыратын стратегиялық мәні бар құрылым екендігіне көз жеткізілді;
– қазіргі қазақ басылымдарынан жиналған тілдік материал негізінде қазақ баспасөзінде тақырыптық, шығармашылық, коммуникативтік, прагматикалық еркіндіктің (сөз бостандығының) белең алып келе жатқандығы байқалды;
– газет мәтінінің прагматикалық әлеуеті (әсер ету күші) бір жағынан, автордың салалық біліміне, журналистік шеберлігі мен тілдік компетенттілігіне, екінші жағынан, мәтінде кодталған ақпараттың адресат тарапынан адекватты түрде интерпретациялануына тікелей байланысты болатындығына көз жеткізілді. Осымен байланысты газет мәтіні қабылдануының бірнеше деңгейі анықталды;
– мәтін авторы тек редакция тапсырмасын орындаушы ғана емес, кәсіби және энциклопедиялық білім қоры бар, өзіндік азаматтық позициясы мен прагматикалық ұстанымын оқырманға сауатты түрде жеткізе алатын тұлға ретінде танылды. Осымен байланысты қазақ журналистері арасында тілдік тұлға деңгейіне жеткен қаламгерлердің еңбектерін де арнайы зерттеу нысанасына айналдыру мүмкіндігі туындап отырғандығы айқындалды;
– қазақ тіл білімінде «адресант – газет мәтіні – адресат» үштағаны түріндегі дискурс алғаш рет газет материалдары негізінде арнайы қарастырылды;
– жазба мәтін тұңғыш рет бұқаралық коммуникациядағы автор мен оқырманның рөлдік статусын айқындайтын прагматикалық көрсеткіш ретінде танылды;
– тіл біліміндегі модальділік категориясы публицистикалық мәтіндегі прагматикалық қызметіне орай үш топқа жіктелді: бағалау модальділігі, эмоционалдық модальділік және дәйектеуші модальділік. Бұрынғы зерттеулерде негізінен алғашқы екеуі жан-жақты қарастырылған. Біз қосқан дәйектеуші модальділік БАҚ-тың негізгі қызметтерінің бірі болып табылатын сендіру категориясынан туындайтындығы айқындалды;
– газет мәтіндерінде автор қолданатын прагматикалық интенсификаторлар (ақпараттың әсерін күшейтетін тәсілдер) сөз ойнату, контраст, тілдік қайталамалар сияқты үлкен үш топқа біріктіріліп қарастырылды;
– қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурс PR (пиар) ақпаратты таратушы PR-мәтіндегі тілдік манипуляция тәсілдері негізінде ашылды;
– медиа-мәтіндегі ұлттық-мәдени концептілердің берілу ерекшеліктері айқындалды;
– медиа-мәтін жаңа қолданыстарды таратушы және тұрақтандырушы құрал ретінде танылды;
– газет мәтінінің негізгі қызметтерінің бірі – әсер етуді жүзеге асыратын қосалқы факторлар – айдар мен тақырыпат арнайы қарастырылып, олардың рәсімделуіндегі графикалық-айшықтаушы тәсілдер анықталды;
– медиа-мәтіндегі бейлингвистикалық құралдар қолданысын көрсететін айрықша тип – креолды мәтіннің прагматикалық әлеуеті айқындалды;
– газет мәтіндерінің жанрлық ерекшеліктері жеке-жеке сипатталып, олардың әрқайсысына тән ақпараттық сыйымдылық коэффициенті Маттуш формуласы бойынша анықталды;
– медиа-мәтін құрылымдық жағынан қарастырылып, ондағы негізгі ақпараттық мазмұн бірнеше прагматемаға бөліне орналасатындығы анықталды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу нәтижесінде жасалған тұжырымдар жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі прагмалингвистика саласының әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Сондай-ақ когнитивтік лингвистика, социолингвистика, психолингвистика, мәтін лингвистикасы мен публицистикалық стильге байланысты зерттеулерді толықтырып, тереңдете түсуге өзіндік үлес қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеу материалдарынжоғары оқу орындарында «Қазақ баспасөзі тарихының қазіргі кезеңі», «Қазіргі қазақ публицистикасы», «Мәтін лингвистикасы», «Прагмалингвистика», «Сөз мәдениеті», «Журналистік шеберлік» сияқты ғылыми курстар мен арнаулы семинарларда жүргізуге, сондай-ақ қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін құрастыру барысында пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
– медиа-мәтін БАҚ арқылы жүзеге асырылатын бұқаралық коммуникациядағы аса ауқымды негізгі ұғым болып табылады;
– ақиқат болмыстың бір фрагментін репрезентациялайтын күрделі де құрастырмалы модель түріндегі медиа-мәтін аудиторияға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асыратын қуатты құрал ретінде танылыуы тиіс;
– медиа-мәтін автордың және кейде басылымның прагматикалық ұстанымын жеткізе отырып, әлеуметтік реттеуші қызметін де атқарады;
– медиа-мәтін БАҚ-тағы ғаламның медиа бейнесін қалыптастыратын маңызды фактор болып табылады;
– газет мәтіні ақпараттық қызметімен қатар автордың прагматикалық ұстанымын жеткізуші қызметін де атқарады. Онда сөз болатын проблемалардан бөлек автордың жеке басы, дүниетанымына қатысты әртүрлі мәліметтердің қамтылуы оқырман санасында автор образының сомдалуына себеп болады. Осы образ түптеп келгенде адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастың да сипатын анықтайды. Ол рөлдік қатынастар «басшы-орындаушы», «оқытушы-оқушы», «ұстаз-рухани шәкірт», «үгіт-насихатшы-күмәнданушы» түрінде көрініс табады;
– газет мәтіні – автор мен оқырман арасын жалғайтын көпір іспеттес, ол байланыс адресанттың мәтін арқылы жеткізгісі келген түпкі ойын адресат адекватты түрде, толық, дұрыс түсінген жағдайда ғана орнайды. Осындағы түсінілім психолингвистикадағы мәтіннің интерпретациялануы мәселесімен сабақтасып жатыр. Сондықтан адресант-адресат арасындағы диалогке оқырманның мәтінді деңгейлеп қабылдауы нәтижесінде қол жеткізіледі;
– медиа-мәтіндегі модальділік категориясы өзара тығыз байланысты бағалау, эмоционалдық, дәйектеуіштік түрлерінен тұрады;
– автор өз мәтінінің прагматикалық әлеуетін күшейте түсу үшін әртүрлі интенсификаторларды кеңінен пайдаланады. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі осындай прагматикалық қарқындандырғыштарды контраст принципі, тілдік қайталамалар, сөзойнатым тәсілдері түрінде топтастыруға болады. Мұндай интенсификаторлар біріншіден, тәуелсіздік жылдарындағы баспасөзді Кеңес дәуіріндегі таптаурындық сипаттағы басылымдардан ажырататын басты белгі деп танысақ, екіншіден, бүгінгі қазақ баспасөзінде кеңінен үрдіс алып келе жатқан шығармашылық және прагматикалық еркіндіктің бір көрінісі ретінде бағалауға болады;
– газет мәтінінің прагматикалық әлеуетін әрбір жанр түріне тән ақпараттық сыйымдылық коэффициентін және мәтінде қамтылған экспрессивтік көрсеткіштерін анықтай отырып, салыстыру арқылы ғана ашуға болады. Мұндағы басты назар аударатын нәрсе – мәтіннің прагматикалық әлеуеті онда қамтылатын сөздердің санына емес, семантикалық аясының кеңдігіне, фразеологизмдер мен метафоралық қолданыстардың түрленуге, трансформациялануға бейімділігіне және экспрессивтік мәнінің жоғарылығына тікелей тәуелді болады;
– қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурс негізінен PR-мәтіндер арқылы ашылады;
– тілдік манипуляция – PR-ақпаратты таратудағы аса тиімді прагматикалық тәсіл болып саналады;
– газет – жаңа тілдік қолданыстарды таратушы және қалыптастырушы негізгі және маңызды тетік болып табылады;
– креолды мәтін – оқырман санасына тікелей әсер етуші гетерогенді мәтін типі болып табылатын тиімді құрал ретінде бағалануы тиіс;
– газет бетіндегі айдарлар мен тақырыпаттар ақпараттық, жарнамалық, эмоционалдық және прагматикалық қызметтерді қатар атқаратын мазмұндық –тақырыпаттық кешенді құрайды.
Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды:
Қазақ әдеби тілін зерделеген ғалым // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Алматы, 2004; Р.Сыздық зерттеулеріндегі прагмалингвистика мәселелері // “Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері ” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Алматы, 2004; Қ.Жұбанов зерттеулеріндегі мәтіннің дискурс ретіндегі сипаты // “Құдайберген Жұбанов тағылымы ”атты республикалық ғылыми-практикалық конференция. Алматы, 2004; Прагмалингвистика – тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі // “Тіл. Қоғам. Заман ” атты республикалық ғылыми—практикалық конференция. Ақтау, 12.05.2005; Қазіргі радио тілі жайында // “А.Байтұрсынұлы және қазақ фонологиясы мәселелері ” атты халықаралық ғылыми—теориялық конференция. Алматы, 2004; Саяси мәтіннің прагмалингвистикалық сипаты // Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті. 08.02.2006; Газет мәтіндеріндегі дәйектеуші модальдік // “ Қазақ тіл біліміндегі функционалдық бағыт” атты республикалық ғылыми—теориялық конференция. Алматы, 2006; Мәтіннің тақырыптық ұйымдастырылуы // “ Мемлекеттік тіл: білім және саясат” атты ғылыми —тәжірбелік конференция. Орал, 10-14 сәуір 2006; Газет мәтінінің ақпараттық-мағыналық кескіндемесі жайында // “Жаһандану және тілдік процестер” атты ғылыми-практикалық конференция ( “Парасат” Қазақстандық көпсалалы институты ). Алматы, 2006; Публицистикалық мәтіндегі модальділік // “ Мемлекеттик тилди окутуумун актуалдуу маселелери ” атты проф. Аскар Осмонкуловтың 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция. Бишкек, 2006; 11 Контраст – газет мәтініндегі негізгі құрамдас бөлік // акад. Ө. Айтпаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған конференция. Алматы, 2007; Медиа-мәтін – БАҚ-тағы қуатты құрал // проф. Т.Жанұзақовтың 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция.
Жұмыстың негізгі тараулары бойынша республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда 30-дан аса мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, төрт тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім
Диссертацияның І тарауы «Прагмалингвистика – тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі» деп аталады. Оның бірінші тармағындаАдам факторын түпқазық етіп алған когнитивті лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, социолингвистика сияқты салалармен тығыз байланысты дамып келе жатқан прагмалингвистиканың пайда болып, қалыптасуына шолу жасалып, ұғымдық шеңбері анықталды. Қоғамдағы субъектілер арасында болатын тілдік қарым-қатынас адресант-адресат қостағаны аясында қарастырылды. Біздің зерттеу нысанамыз – жазбаша формадағы газет мәтіні біріншіден, осындағы адресанттың прагматикалық ұстанымын жеткізуші көп қырлы, терең мәнді, имплицитті түрде жеткізілетін астарлы ойға құрылған күрделі прагматикалық бірлік ретінде алынса, екіншіден, социум мүшесі болып табылатын адресатқа психика-эмоционалды тұрғыдан әсер ететін, сөйтіп белгілі бір дәрежеде оның әлеуметтік мінез-құлқын реттеуге қатысатын маңызды прагматикалық құрал ретінде қарастырылды. Өйткені кез келген мәтіннің прагматикалық аспектісі айрықша маңызға ие. Сөйлеу актісінде бұл тіл ұстанушының тілдік бірліктерді өз түпкі ниетіне сай етіп іріктей білуі, қай сөзге баса мән беретіндігі, өз сөзінің тыңдаушыға қандай дәрежеде әсер етуін көздейтіндігі, соның нәтижесінде адресаттың қандай да бір әрекеттерге баруына түрткі болатындығы, сондай-ақ айналадағы адамдарға өз сөзі арқылы өзін белгілі бір қырынан таныстыруға, көрсетуге тырысатындығы т.б. барлығы жинала келе оның түпкі ойының аудиторияға дұрыс, дәл, нақты күйінде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ғылыми тілмен айтқанда, мұны мәтінде алуан түрлі тәсілдермен кодталған ақпараттың адресат тарапынан дұрыс ашылып, адекватты түрде қабылдануы деуге болады.
Алғаш Ч.Моррис еңбегінде сөз болған прагматика мәселелеріне Ю.С.Степанов, Р.Карнап, А ван Дейк, Д.Ф.Алиференко, Г.Г.Матвеева, О.С.Москальская сынды ғалымдар үлкенді-кішілі зерттеу жұмыстарын арнап, прагматика теориясын дамытуға өзінше үлес қосты. Сонымен қатар А.Г.Баранов, Г.Г.Почепцов, С.А.Сухих, М.М.Молчанова, Т.М.Прохорова т.б. ғалымдар мәтінді прагматикалық тұрғыда зерттеді. Олар автордың объективті болмыс пен оның мазмұндық материалына қатысын қарастырып, прагмалингвистикалық бағытты біршама дамытты. Соңғы сипаттағы зерттеулер функционалдық стиль түрлеріне арналып, көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді.
Соңғы жылдары тіл ғылымының дербес саласына айналған прагмалингвистиканың алғышарттары қазақ зерттеушілерінің еңбектерінде бастау алғаны белгілі. Атап айтқанда, М.Оразов сөз семантикасының прагматикалық аспектісін қарастырса, А.Алдашева публицистикалық терминдердің прагматикалық ерекшеліктерін, Б.Момынова газеттік лексиканың прагматикалық аспектісін, З.Ерназарова сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісін, Д.Әлкебаева қазақ тілі стилистикасының прагматикасын, С.Аташев бұқаралық ақпарат құралдарының прагматикасын, Б.Хасанов сөздің лексикалық мағынасы мен прагматикасын, Б.Райымбекова қазақ және орыс тілдеріндегі газет мәтінінің прагматикалық аспектісін, Ф.Жақсыбаева газет мәтінінің прагматикалық функциясын қарастырса, Г.К.Ихсанғалиева тақырыпаттарға прагматикалық талдау жасаған. Т.Ш.Мырзахметова тыныс белгілердің, оның ішінде көп нүктенің қолданысын прагматикалық тұрғыдан зерттеген. Ал Р.А.Омарова неміс тіліндегі газеттер материалы бойынша баспасөз дискурсына прагмалингвистикалық талдау жүргізсе, С.Қ.Ережепова орыс және қазақ тілдеріндегі ресми-іскерлік стильдің прагмалингвистикалық аспектісін салыстыра зерттеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары газет мәтінінің жекелеген жанрларына арналған зерттеулер де пайда болды. Мысалы, М.С.Абишева ақпараттық жазбаның (информационная заметка) құрылымы, семантикасы және прагматикасын диссертациялық деңгейде арнайы қарастырған.
Ал біздің мақсатымыз – қазіргі қазақ газетінің тілін прагмалингвистика тұрғысынан кең ауқымда қарастыру. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттерінің даму бағыттарын анықтау, қазіргі қазақ авторларының публицистикалық шығармашылығындағы ізденістік жаңалықтарды айқындап, аксиологиялық тұрғыдан баға беру. Газет арқылы тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы бет-бедерін, қолданыстық ахуалын көрсету. Өйткені адам өмірінің саяси, экономикалық, мәдени, тұрмыстық т.б. салаларын түгелдей қамтитындықтан газетте алуан түрлі тақырыптар қозғалады. Соған сәйкес газет материалдары да бірнеше жанрда жазылады.
Газет мәтіні – семантикалық құрылысы жағынан, функциясы тұрғысынан, мәтінді қабылдап-түсіну жағынан ерекшеленетін публицистикалық стильдің бір түрі. Ол бұқаралық аудиторияға ақпарат таратып, жеткізудің ерекше құралы ретінде танылып, автордың саяси-прагматикалық позициясын көрсетеді. Зерттеу нысанамыз – жалпы газет мәтіні болғанымен, біз ресми басылымдарда айрықша орын алатын саяси мәтіндерге көбірек көңіл бөлдік. Себебі қоғамдағы бүкіл әлеуметтік қатынастардың өзі саясатқа негізделгендіктен ол тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Осымен байланысты қай мәтінді алсақ та онда ашық немесе жасырын түрде көрініс беретін саяси дискурсқа прагматика тұрғысынан баға беріп отырдық.
Прагмалингвистиканың қазіргі тіл ғылымындағы орны мен өзге салалармен байланысы бірінші тараудың екінші тармағында кеңінен сөз болды. Тілді қандай да бір ақпаратты жеткізу және өңдеу үшін, сондай-ақ қоршаған орта жайында қажетті түсінікті қалыптастыру үшін жүзеге асырылатын күрделі процестерді зерттеуді мақсат ететін когнитивтік бағыт пен сол процеске тікелей қатысушы адресант (ақпаратты ұсынушы) пен адресат (ақпаратты қабылдаушы) арақатынасын зерттейтін прагмалингвистиканың арасында тығыз байланыстың болуы заңды. Әсіресе адам санасына келіп түсетін ақпараттың керекті деңгейде ұғынылып-түсінілуін реттейтін категориялау және концептуалдау процестері ғаламның тілдік бейнесін қалыптастыру проблемасына қатысты айрықша маңызға ие болады. Өйткені сол процестер арқылы адам ақиқатта болып жатқан оқиғаларды когнитивтік тұрғыдан меңгереді. Сөйтіп үнемі ұлғайып отыратын білімін концептілер және категориялар түрінде реттейді. Осының нәтижесінде жеке-жеке келіп түсетін мәліметтер жүйеленіп, білім қорын құрайды. Осы айтылғандардың бәрі БАҚ мәтіндерін зерттеуде үлкен мәнге ие болады. Басқаша айтқанда, когнитивтік зерттеулер медиа-мәтіндерді жекелеген сөзжасам туындылары ретінде ғана емес, сол ақпаратты дайындап, тарату саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдар мен ұйымдардың бірлесе атқарған қызметінің нәтижесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен, медиа-мәтіндерді сөз еткенде міндетті түрде олардың интерпретациялық қасиеттерін, ғаламның медиа-бейнесін қалыптастырудағы рөлін, БАҚ мәтіндерін жасау мен қабылдауға әсер ететін мәдени-спецификалық және идеологиялық факторларын атаймыз. Түптеп келгенде, адресаттың когнитивтік санасында ғаламның ақпараттық бейнесінің қалыптасуына әсер ететін, тіпті үлес қосатын адресант өз кәсіби міндетін атқарып жүрген журналист болғандықтан прагмалингвистикадағы адресант–адресат арақатынасы когнитивтік лингвистиканың да аясына кіреді.
Газет мәтінін прагмалингвистикалық талдаудағы негізгі мәселе адресанттың прагматикалық ұстанымы десек, психолингвистика тұрғысынан алғанда мұны ақпараттардың жазбаша мәтінде қодталуы деуге болады, ал адресаттың мәтінді интерпретациялауы, кодты ашу, яғни мәтіндегі ашық және жасырын түрде берілген ақпаратты дұрыс түсініп қабылдауы болып шығады. Мұның өзі адресаттың когнитивтік санасындағы білім қорының көлемімен тығыз байланыста ашылатын мәселе. Адресанттың жеткізбек болған түпкі ниеті реципиентке бұрын-соңды белгілі ұғымдарға негізделсе, бұл коммуникация біршама нәтижелі болмақ. Ал ондай сәйкестік болмаған жағдайда оқырманның мәтінді дұрыс интерпретациялауы екіталай.
Газет мәтінін құрастырушы да (адресант), оны тұтынушы да (адресат) – белгілі бір әлеуметтік топтардың мүшелері. Осы әлеуметтік субъектілер мәтіндегі хабарламаға анағұрлым жақын тұрған социумның өкілдері болып табылады. Сондықтан да медиа-мәтінді жалпы жаңалықтардың коммуникативтік контексінде алып жасайтын да, интерпретациялайтын да солар. Т.А. ван Дейк жаңалықтарды дискурстың бір типі ретінде қарастырған еңбегінде осы әлеуметтік субъектілердің қызметіне айрықша баға береді: «Этих социальных субъектов, их социокультурная активность, общность убеждений или идеологии дают возможность соотнести тексты новостей с процессами институционального и социального производства и потребления, а также с экономическими условиями их производства и распространения» [1,137]. Түптеп келгенде, бүгінгі ақпарат заманында адам қоғамда болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды қадағалап отыруға мәжбүр. Бір күн БАҚ қызметін пайдаланбау субъектінің білім қорын едәуір жұтаңдатып, оның әлеуметтік дамуын тежегендей әсер етеді. Осы жағынан газет мәтінінің әлеуметтік- реттеуіштік рөлін социолингвистикамен байланыстыра қарастырудың мәні зор.
Қазіргі тіл білімі социолингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика және прагмалингвистикалардан тұратын кешенді пәнаралық бағыттар негізінде қалыптасатын, көптеген зерттеу деректерімен байып отыр. Атап айтқанда, И.В.Арнольд, Б.П.Белянина, В.В.Воробьев, Н.И.Гайнуллина, Г.Г.Гизатова, В.И.Исенғалиева, Е.И.Ковалева, Г.В.Колшанский, М.М.Копыленко, А.П.Крысина, В.А.Маслова, Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Б.Хасанов, Е.Жанпейісов, Н.Уәли, Э.Д.Сүлейменова, Ж.Манкеева, Б.Момынова, З.Ерназарова, А.Ислам, Қ.Жаманбаева, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева т.б еңбектері тілдегі логика-концептуалдық байланыстарды, семантикалық, синтагматикалық және прагматикалық факторларды кешенді түрде қарастыра отырып анықтауға мүмкіндік береді. Т.Г.Винокурдың сөзімен айтқанда, прагматика қазіргі кезде тіл қолданысы мен қызметінің коммуникативтік қырын барынша кеңінен дәйекті түрде айшықтап отырған сала болып табылады [2, 19-20].
Сонымен, публицистикалық мәтінге прагмалингвистикалық талдау жасау барысында аталмыш бағыттардың деректері мен сол салалар бойынша қол жеткізілген ғылыми жетістіктерді пайдаланудың қажеттігі сөзсіз. Сондықтан тіл қолданысын Адам факторымен тығыз байланысты қарастыратын прагмалингвистиканы өзге антропоцентристік бағыттармен бірлікте, кешенді түрде қарастырудың маңызы зор.
Бірінші тараудың үшінші тармағы «Медиа-мәтін – ғаламның ақпараттық бейнесін құраушы негізгі ұғым» деп аталады. Қазіргі кезде бүкіл адамзат электронды БАҚ-тың әсер ету объектісіне айналып отырғаны мәлім. БАҚ түрлерінің қай-қайсысында да қолданылатын әмбебап құрал ретінде медиа-мәтін әлеуметтік-реттеуші қызметін атқарады. Академик Р.Сыздық қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің даму барысында көркем әдебиет стилінің жетекші орын алатынын, яғни доминанта стиль екенін айта келіп былай дейді: “Сөз жоқ, бұл күнде тіл тәжірибесінде публицистиканың, көпшілік информация құралдары – баспасөздің, радио мен телевидениенің де рөлі күшейе түскенің мойындау қажет” [3,81]. Әртүрлі БАҚ-та медиа-мәтіннің өзіндік ерекшеліктері болатыны мәлім, дегенмен, оның әмбебаптық сипаты негізінен өзгеріссіз қалады. Ал біздің жұмысымызда оқырманға біршама қол жеткіліктілігімен ерекшеленетін мерзімді баспасөздегі, яғни жазбаша формадағы медиа-мәтін – оның адресанттың мақсатты түрде жүзеге асырған әрекетінің жемісі, нәтижесі және прагматикалық стратегиясын жүзеге асырушы, сәйкес формаға түсірілген, арнаулы өңдеуден өткізілетін нысан ретінде жан-жақты қарастырылды. Медиа-мәтін – әлеуметтік-сөзжұмсамдық құбылыс, жоғары деңгейдегі коммуникативтік бірлік, ол социум өмірінің барлық саласындағы ақпаратты қамтитын ауқымды дүние [4,175]. Сонымен жұмысымызда медиа-мәтінге қатысты мынадай тұжырымдар жасалды:
Медиа-мәтін – БАҚ арқылы жүзеге асырылатын ақпараттық-коммуникативтік процестің маңызды элементі;
Медиа-мәтін қарым-қатынастың өзге түрлерінің жүзеге асырылуы үшін қолданылатын сөзжұмсамдық әрекет формасы;
Коммуникацияның аяқталған, тиянақты және тұтас бірлігі;
Медиа-мәтін ақиқат болмыстың қандай да бір үзігінің репрезентациясы болып табылатын күрделі, құрастырылмалы моделі;
Медиа-мәтін – оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді интерпретациялаушы көп құралдың ішіндегі аса әлеуеттісі;
Медиа-мәтін – мәтіндік интерпретациялаушы механизмдер әрекетінің жемісі;
Медиа-мәтінде – әсер етудің прагматикалық стратегиялары жүзеге асырылады;
Медиа-мәтін – әлеуметтік регуляцияда қолданылатын қуатты құрал;
Медиа-мәтін – ғаламның медиа бейнесін қалыптастырушы негізгі фактор болып табылады.
«Субъект – прагмалингвистиканың негізгі категориясы» деп аталатын екінші тарауда медиа-мәтін арқылы жүзеге асырылатын бұқаралық коммуникация түрі адресант – адресат қостағаны аясында қарастырылды. 2.1 және 2.2 тармақтарда адресанттың прагматикалық ұстанымдарының газет мәтініндегі көрінісі анықталды. Яғни медиа-мәтіннің тақырыптық ұйымдастырылуы мен құрылымдық ерекшеліктері анықталып, жалпы газети мәтіннің ақпараттық-мағыналық кескіндемесінің жобасы жасалды. Зерттеушілер прагматиканы коммуникатор прагматикасы және реципиент прагматикасы деп жіктейді. Мәтінді түзуші коммуниканттар өз мәтінімен бірге сол кезеңге, нақты ситуацияға, белгілі бір тілдік контекске, қандай да бір тілдік жүйеге тән алуан түрлі мәтіндерді де интерпретациялаушы болып табылады. Өз хабарламасының екіжақты түсінілуі мүмкін екендігін білетін коммуниканттар айтылымда осы екіжақтылықтың болуын жөн көріп, ойын соған бейімдейді немесе онда екі ұштылықтың болмауын көздеп, мәтіннің бір ғана мәнде түсінілетіндей болып құрылуын қадағалайды [2]. Біз газет мәтінін журналист пен оқырман арасындағы көпір рөлін атқаратын күрделі коммуникативтік құбылыс деп танимыз. Ол (мәтін) қоғамдағы белгілі бір саяси топтардың, газет редакциясы басшылығының, тағы басқа да мүдделі тұлғалардың саяси тапсырыстарын жүзеге асырады. Бұл – көбінесе қоғамда қалыптасып саяси ахуалды халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін және ұлттық мүдделерді ескере отырып интерпретациялауға қатысты мәселе. Сондай-ақ, газет мәтінінде арнайы контекст жасау үшін қолданылатын айрықша тілдік механизм жұмсалады.
Аудиторияның мәтінді барынша дұрыс түсінуі үшін адресант ақпаратты жеткізу барысында оқырман қауымның қажеттіліктерін, мүдделерін, білім деңгейін, әлеуметтік ұстанымдарын ескереді. Сөз субъектісі коммуникативтік ниетін жүзеге асыру үшін мәтін түзбес бұрын адресаттың а) тілдік біліміне, ә) дәстүрлі біліміне сүйенеді [5,250]. Осыған байланысты мәтіннің прагматикалық сипаттамасын арнайы қарастыру қажеттілігі туындайды. Өйткені мәтіннің прагматикалық компоненті тілдік құралдардың жұмсалуына қатысты заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Газет мәтінінде адресанттың белгілі бір прагматикалық ұстанымы көрініс табады.
Зерттеушілер оны 3 түрге жіктейді:
Ақпараттық ұстаным (мәліметті іріктеп ұсыну); Фатикалық ұстаным (материалды оқырман назарын аударту үшін пайдалану); Манипулятивтік ұстаным (мәтінде баяндалатын оқиғаларға қатысты оқырман көзқарасын қалыптастыруды мақсат ету) [7,21].
Мәтінде прагматикалық ұстаным бірнеше саты арқылы жүзеге асырылады.
Болмыстағы оқиғалар БАҚ арқылы реципиент санасында белгілі бір бейнеде көрініс табады. Осы бейненің қалыптасу жолдарын былайша көрсетуге болады:
Мәтін ақиқат болмыстағы қандай да бір оқиғаға, фактіге негізделеді; ол фактілерге қатысты материал іріктеледі; адресант ақпаратты іріктейді және оған өз субъективті бағасын береді; ақпараттың мәтін түрінде ұсынылуы үшін белгілі бір тілдік құралдар таңдалып, модельге түсіріледі, сөйтіп мәтін түзіледі;
5. Дайын мәтін реципиентке ұсынылады.
Газет мақаласына арқау болған ақпарат бастапқы, пайда болған сәтінен оқырманға ұсынылғанға дейін осындай басқыштардан өтеді. Мұнда негізгі күш те, жауапкершілік те адресантқа (журналистке) түседі.
2.1.1, 2.1.2, 2.1.3 тармақшаларда газет мәтіні тақырыптық ұйымдастырылуы, құрылымы және ақпараттық-мағыналық кескіндемесі тұрғысынан жан-жақты талданды. Қазіргі қазақ баспасөзі материалы негізінде газет мәтіндерінің жалқы және көптақырыптарға құрылатыны анықталды. Көптақырыпты мәтіндерде негізгі және қосымша тақырыптар қамтылады. Ондай мәтіндер ойды эксплицитті және имплицитті түрде жеткізеді, кейбірі фактіні баяндауға негізделсе, екіншісі жеке проблеманы көтереді. Сондай-ақ реципиент назарын бір ғана тақырыпқа аударуды мақсат ететін жалқы тақырыпты мәтіндер де кеңінен қолданылады.
Газет мәтінінің құрылымы жанрлық сипатына қарай ерекшеленеді. Негізінен әмбебап сипаттағы газет мәтініне тән мағыналық-құрылымдық модельді мынадай бес бөліктен тұрады деуге болады: мәтіннің тақырыптық бөлігі, кіріспе бөлігі, негізгі ақпаратты дәйектеуші бөлік, жинақтаушы мәре бөлік және түйін. Осы бөліктердің әрқайсысына белгілі-бір мағыналық-прагматикалық жүк артылады. Жұмыста осы мәтін бөліктерінің әрбірінің ішкі құрылымы былайша сипатталды:
1. Мәтіннің тақырыптық бөлігі бір ғана тақырыпаттан тұрса, ол абзац деп саналмайды. Сипаты жағынан кілт фраза болып есептелінеді.
2. Мәтіннің кіріспе бөлігінде бастама, кілт фраза, ойды таратып жеткізуші блок қамтылады. Бұл бөліктің газет мәтіні контексінде атқаратын қызметі реципиент назарын мақаланың ақпараттық бөлігінен гөрі, берілетін ақпараттың проблемалық бөлігіне аудару;
3. Негізгі ақпаратты дәйектеуші бөлікте бастама (реципиентті баяндалып отырған ақпаратқа қатысты негізгі тұжырымға жетелеу), кілт фраза (ұсынылған ақпаратты дамыту), ойды таратып жеткізуші бөлік (ақпаратты толықтыру, қосымша түсініктеме беру) қамтылады.
4. Жинақтаушы-мәре бөлік кілт фразадан, ойды таратушы бөліктен және қорытындыдан тұрады. Мұнда ақпаратқа қатысты негізгі тұжырым (қорытынды) жасалады.
5. Түйінде бүкіл мақалада көтерілген негізгі мәселеге қатысты тұжырым жасалып, жаңа проблема қойылады.
Газет мәтінінің ақпараттық-мағыналық кескіндемесіне арналған тармақшада жалпы газет бетінде берілетін ақпараттың бірнеше мағыналық бөліктен тұратындығы анықталып, оған қатысты мынадай формула жасалды: қайда+кім+қанша адам+қашан+не себепті+қалайша+не істеді+әрі қарай не болады. Сонымен кез келген мәтінге тән әмбебап сипаттағы ақпараттық-мағыналық кескіндемені құрайтын сегіз бөліктің әрқайсысы мәтін құрамында белгілі-бір орындарда берілетіндігі анықталды. Бір ескере кететін жайт, автордың түпкі ойына, оқиғаға қатысты деректердің толықтай белгілі немесе толық айқын болмауына байланысты және оқиғаның қалай өрбитіндігі беймәлім жағдайларда ақпараттық-мағыналық кескіндемені құрайтын бөліктердің мәтінде қамтылуы және орналасуы әралуан сипатта болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір бөліктерді адресант өзінің прагматикалық ұстанымына сәйкес уәжді түрде айналып өтуі ықтимал. Бұл тәсілдің өзі оқырманды қажетті бағытқа жетелеу мақсатында жұмсалады. Демек, әрбір жекелей алынған мәтіннің ақпараттық-мағыналық кескіндемесі дара сипатта қарастырылуы тиіс.
2.3 «Газет мәтініндегі адресат факторы» деп аталатын тармақта адресат факторы бұқаралық коммуникацияда маңызды рөл атқаратын күрделі ұғым ретінде танылады. Ғылыми еңбектерде түрліше аталуының өзі (реципиент, рецептор, интерпретатор, тыңдаушы, аудитория, кодты ашушы, әңгімелесуші, сөйлеушінің серіктесі, екінші коммуникант, тыңдаушы коммуникант т.б.) бұл ұғымның сан қырлылығын көрсетеді.
Газет материалын прагмалингвистикалық тұрғыдан қарастырғанда мәтіннің адресатқа бағытталу дәрежесі, яғни автордың өз мақаласын арнаған аудиториясының әлеуметтік ерекшеліктерін (жасы, жынысы, мамандығы, кәсібі, саяси ұстанымы т.б.) ескеруі үнемі зерттеуші назарында болуы тиіс.
Адресат факторын газет мәтініне қатысты алғанда негізінен оқырман терминіпайдаланылады. Публицистикалық шығарманы қабылдағанда оқырман біріншіден, өзінің әлеуметтік тәжірибесіне сүйенеді; екіншіден, мәтіндегі ойды өзінің идеологиялық және этикалық көзқарасымен салыстырады; үшіншіден, өз халқының мәдени-тарихи дәстүрлерін ескереді.
Яғни публицистикалық мәтінге баға бергенде біріншіден, журналист шешімін табуды мақсат еткен нақты проблемалар мен мақала жарияланғаннан кейін қол жеткізілуі тиіс нәтижелер ескерілуі тиіс; екіншіден, мәтінде көрініс тапқан идеологиялық ұстанымдар мен этикалық нормалардың рөлі дұрыс түсінілуі қажет; үшіншіден, материал аудиторияға тән мәдени дәстүрмен байланыста алынуы керек.
Қазіргі қазақ баспасөзінде жарияланған оқырмандар хаттарына, әртүрлі сауалнамалар нәтижелеріне шолу жасай отырып және жеке тәжірибе нәтижесіне сүйене отырып, бүгінгі қазақ оқырманын шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады деп ойлаймыз:
1. Ымырашыл топқа жататын оқырман мәтін авторының ой-пікірімен келісе отырып, ондағы ақпаратты немесе ұсынысты қабылдауға дайын екендігін білдіреді, сөйтіп, мақалаға арқау болған проблемаға қатысты өзіндік ой-пікірін де ұсынады.
2. Шартты түрде даукестер деп аталатын топқаадресантпен қайткен күнде де келіспеуді мақсат ететін, мақала авторының әрбір сөзінің астарына үңіліп, оны жағымсыз мәнде интерпретациялауға ұмтылатын оқырмандар жатқызылды;
3. Бейтарап оқырмандар тобын газетті уақыт өткізу үшін парақтайтын, ондағы материалдарға көз жүгіртіп шыққанымен, ден қоймайтын, оны талдап-саралап жатпайтын пассив адресат құрайды;
4. Төртінші топқа жеке бас мүддесін бәрінен жоғары қоятын, өзінің немесе отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей қатысы бар проблема жайында сөз қозғалған мақалаға ғана көңіл бөлетін, өз шеңберінде ғана қалуды жөн көретін шектеулі оқырмандар жатқызылды.
Екінші тараудың «Газет мәтінінің интерпретациялануы» депаталатын тармағында публицистикалық мәтінді адресат қабылдауын деңгейлеу мәселесі кеңінен сөз болады. Жалпы мәтінді интерпретациялау дегеніміз – онда қатталған мазмұнды ашу, айқындау.
Мәтін қабылдануы – оның туындауына қарсы процесс. Мәтін түзу ойдан мәтінге қарай бағытталса, қабылдау мәтіннен ойға қарай жүргізіледі. Мәтінді қабылдау процесі мынадай негізгі сатылардан тұрады:
1. Уәждеу сатысы қабылдау процесінің бастапқы кезеңін көрсетеді.
2. Интенция сатысында реципиент тікелей мәтінмен жұмыс істейтін процестер (яғни сенсорлық рецепторлар арқылы аудио-визуалдық қабылдау) қамтылады, сондай-ақ, алынған ақпаратты өңдеуге қатысты менталдық процестер жүзеге асырылады.
3. Үшінші сатыны мәтінді тереңдей түсіну процесі құрайды. Ол реципиент тезаурусындағы концептілер жүйесін өзгертеді және дамытады [9,126].
Публицистикалық мәтін міндетті түрде екі коммуникантқа қатысты болады. Адресант өз көзқарасын білдіре отырып қоғамда болып жатқан оқиға, құбылыстарға баға береді. Осы тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты ой әрекеті және тілдік әрекет жүзеге асырылады. Ой әрекеті – мәтіннің тууы мен қабылдануына негіз болатын коммуникацияның мақсаты мен шарттарын ескеретін, ең алдымен автордың ойлау дүниесін қамтитын күрделі семантикалық кешен. Ол реципиенттің тілдік біліктілігін, әлеуметтік мәртебесін, индивидуалды-психологиялық ерекшеліктері мен ғалам туралы білімінен тұратын ойлау жүйесі болып табылады. Ал тілдік әрекетте эксплицитті немесе имплицитті деңгейлердің бірі таңдалады.
Ақпаратты беруде ең алдымен адресантта ой мазмұны қалыптасып, тілдік сигналдар арқылы жеткізіліп отырады. Ол тілдік сигналдар ауызша коммуникацияда айтылым түрінде болса, жазбаша коммуникацияда мәтін арқылы көрініс табады. Ал ақпаратты қабылдауда тілдік сигнал алдымен беріліп, содан кейінгі кезекте реципиенттің ой мазмұны қалыптасады. Тілдік сигналдың мәнін ашу, мазмұнын түсіну үшін міндетті түрде кодталған ақпарат ашылуы тиіс. Осыған байланысты ғылыми әдебиетте олар былайша көрсетіліп жүр: Ақпарат көзі ретінде танылатын жіберуші, яғни белгілі бір хабарламаны жасаушы – жеке адам немесе тұтас бір ұйым (ұжым, адамдар тобы) болуы ықтимал. Осы тұста ақпараттың жеткізілуіне қатысты ұғымдарға анықтама бере кеткеніміз жөн.
Ақпаратты кодтау дегеніміз – хабарламаның символикалық пішінге түсірілуі, яғни оған таңбалық форманың берілуі.
Хабарлама кез келген коммуникацияның жүзеге асырылуына себеп болатын идеяға немесе ақпаратқа құрылады. Ол ауызша, жазбаша немесе визуалды түрде таратылады.
Ақпарат арнасы дегеніміз – хабарламаның берілу тәсілі, яки, ақпаратты жеткізу құралы. Ол арна тұлғаралық және жаппай бұқаралық сипатта болады.
Кодталған ақпараттың ашылуы – берілген ақпараттың дұрыс қабылданып, реципиентке түсінікті болуы. Ақпаратты қабылдау барысында кездесетін әр түрлі кедергілерге байланысты бастапқыда хабарланбақ болған ой белгілі бір дәрежеде дұрыс түсінілмеуі мүмкін.
Ақпаратты алушы яғни хабарлама жеткізілетін объекті де жеке адам немесе бір ұжым болуы мүмкін [13, 106].
Мәтін лингвистикасында мәтінде қамтылатын семантикалық ақпарат бірінші орынға шығады. Публицистикалық мәтін семантикасының кодталуы мағынаның имплицитті (жасырын) және эксплицитті (айқын) компоненттерін көрсетуді көздейді. Осымен байланысты ғалымдардың бір тобы сөйленімнің имплицитті формасы эксплицитті түрде беріле алмайтын ойларды жеткізу үшін қолданылады деп тұжырымдайды. Яғни мәтіндегі астарлы ойды ашу (подтекст) арқылы автордың интенциясын болжап, түсінуге болады. Әрине олар міндетті түрде имплицитті формада беріледі де, оны түсініп талдау реципиенттің өз еншісіне қалады. Астарламада (импликатура) сөйлеу мақсатымен байланысты ой саналы түрде жасырын беріледі. Пресуппозициядан айырмашылығы ол сөйлесімнің тұтас мазмұнынан шығады. Сөйтіп, пресуппозиция сөйлесім мазмұнын анықтап жарыққа шығарса, астарлама жасырын мәнді тұспалдайды. Астарламаға объективтілік тән. Ол адамның жеке білім қорына тәуелді емес.<…>. Жасырын мәннің берілуі мен қалыптасу механизмі пресуппозицияға, логикалық байланысқа тәуелді [14, 33].
Сонымен кез келген публицистикалық мәтін автор мен реципиент арасындағы өзара әрекеттестікке қатысты қабылданады. Ол – ой әрекеті мен тіл әрекетінен тұратын күрделі процесс. Автор ойын оқырманның дұрыс түсінуі мәтінде көтерілген мәселенің айқын немесе астарлы мәнде берілуіне тікелей байланысты болады. Бір ғана тақырыпқа құрылған, автор мақсаты ашық баяндалған шағын хабарламаларды қабылдау оқырман үшін қиындық туғызбайды. Ал автордың түпкі ойы әр түрлі лексикалық бірліктердің айшықтала қолданылуы арқылы, түрлі синтаксистік композицияларда безендірілген, бірнеше тақырыпты қамтитын күрделі мәтіннің қабылдануы оқырман тарапынан тілдік біліктілікті, саяси сауаттылықты, проблемадан хабардарлықты, бір сөзбен айтқанда энциклопедиялық білім қорының болуын қажет етеді.
Енді «Егемен Қазақстанда» (26.06.04) «Жанайқай» айдарымен жарық көрген «Қазақ жетіміне қажеті америкалық бесік пе?» атты көлемді, проблемалық мақаланың интерпретациялануына тоқталайық. Ең алдымен көзге түсетіні – көлемді мақаланың ортасына ойылып қойылған сұрғылт фонда қалың қара бояумен берілген тақырыпат. Бұл – мәтінді интерпретациялаудың I сатысы – зейін қоюдың еріксіз назар аудартатын түрі. Мақала тақырыпатының формалық жағынан ірілендіріліп, қою қара бояумен берілуі еріксіз назар аударту тәсілі ретінде танылады.
Интерпретацияның II сатысы – түсінілім – жүзеге асуы үшін мақаламен толық танысқан адресат онда берілген мәліметтердің растығына (негізділік) көз жеткізіп, фактілерге назар аударады. Бұл мақалада көтерілген проблеманы дұрыс түсіну үшін адресат ондағы сөздердің ауыспалы мағыналарын терең түсініп, қазақ менталитетіне тән сөздердің семантикалық аясына қатысты кодты мүмкіндігінше ашуға тырысады. 6 лексикалық бірліктен тұратын тақырыпаттағы екі сөз ұлттық-мәдени елтанымдық бірліктер, яғни лингвокультуремалар: жетім және бесік. Бұл сөздердің тек тура мағынасын білетін жас, тәжірибесіз оқырмандар (балалар) оның қолданылу себебіне мән бермейді, ондағы астарлы ойды да түсінбейді. Олардың түсінігінде жетім – ата-анасы жоқ бала, ал бесік – сәби ұйықтайтын кереует есебінде. Яғни ойды жеткізуге қажетті сөздердің дәл таңдалып алынуы (анықтық) келтіріліп отырған фактінің шынайылығы, растығы (негізділік) айқын болғанымен өзге екі белгінің (тереңдік, толық ұғыну) өз деңгейінде танылмауы мәтіннің түсінілуіне кедергі болады. Соған сәйкес журналист көздеген мақсатына қол жеткізе алмауы да мүмкін, яғни мәтінді үстірт түсінген оқырман «қамқоршысынан айырылған шарасыз сәбиді бауырына басып, басқа ата-аналар отбасына алғанда тұрған не бар?» деген ой туындайды да, автордың прагматикалық ұстанымы жүзеге аспай қалады. Яғни адресанттың «жанайқайы» адресаттың «құлағына тигенімен, жүрегіне жетпейді». Демек, мұнда автордың мәтінді салған коды толық ашылмайды. Аталмыш лексикалық бірліктердің аса кең семантикалық аясын, потенциалын жақсы білетін қазақ менталитетіне сай ойлайтын, өмір көрген, тәжірибелі адресат бұл мәтінді түсінуге қатысты төрт белгіні (тереңдік, негізділік, анықтық, толық ұғыну) дөп басып, дәл анықтайды, соның нәтижесінде мәтіндегі негізгі идеяны және автордың түпкі ойын адекватты түрде түсінеді. Осындағы тереңдік пен толық ұғынуға негіз болатын, яғни мәтіннің толық түсінілуі арқылы интерпретациялануына жол ашатын оқырмандардың бәрінде бірдей бола бермейтін аса маңызды фактор – аялық білім. Осы аялық білімнің оқырман санасында әр алуан көлемде болуы мәтіннің де терең немесе үстірт, толық немесе шала түсінілуіне негіз болады. Біз нысанаға алған материалды еріксіз оқып шыққан тәжірибелі адресаттың мәтіндегі автор позициясын ұғынуы үшін негізділік, анықтық сияқты белгілер аса маңызды болмайды, яғни қанша агенттіктің қанша жыл ішінде қанша баланы шегара асырып жібергені туралы деректер ол үшін екінші орында болады. Қазақ танымында «күлшашар» деп еркелетілетін, «атбайлар» деп өмір жалғастығы ретінде танылатын аса қасиетті перзенттің тумай жатып туған жерінен аласталып кетуі – жантүршігерлік оқиға. Оқырманның когнитивтік санасындағы перзентконцептісіне қатысты бүкіл ақпаратты қозғап, іске қосқан – балалардың шетелдіктерге сатылу фактісі. Аталмыш факті реципиенттің когнитивтік санасындағы «ана» концептісіне қатысты мәліметтерге де біршама өзгерістер енгізеді.
Жетімін жат жұртқа тентіретпеу үшін әмеңгерлікті ойлап шығарған ата-бабаларымыздан келе жатқан салттың бұзылуы, ұрпақтың азғындауы, теріс жүріске салынған әйелдердің өз нәрестесін керексіз затты қоқысқа лақтырғандай етіп, тастап кетуі т.б. көптеген ой-тұжырымдар «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін ғазиз ана бейнесін (образын) кейінге ысырып, бойында безбүйректік, тасбауырлық, мейірімсіздік сияқты адамшылықтан алыс, жаман қасиеттерге толы «көкек ана» ұғымының қалыптасуына негіз болады.
Бұлжымас, өзгермес, фундаментальді, тек жақсы қасиеттерді қамтитын ана ұғымының семантикалық аясына онымен сыйыспайтын, тіркеспейтін (жаман) теріс мағыналы сөздер еніп, бірте-бірте онымен қатар қолданылады. Мұны ұлт танымында, тілдік ұжым санасында қалыптасып, мықтап орныққан құндылықтың бұзылуы деп бағалауға болады.
Яғни оқиға – ситуацияларға орай жоғары, биік, асқақ сезімдермен байланыста ассоциацияланатын рухани құндылықтар жүйесі әлсіреп, нашарлап, жақсы қасиет-белгілерінен біртіндеп айырыла бастайды. Бұл жалпы халықтық кризиске әкеліп соғуы мүмкін аса қауіпті проблеманы «Ұрпақтың азғындауы» деген терминмен таңбалауға болады. Бұл жерде психология ғылымындағы «жеке тұлғаның деградациялануы» деген ұғымды еске түсірген жөн. Адамның когнитивтік санасындағы осындай процестердің нәтижесі тілдік санаға әсер етіп, белгілі бір лексикалық бірліктер семантикасында орын алып, жаңа сөз қолданыстар түрінде тілдік айналымға түседі. Осылайша талдаған «Ана» концептісінен «Көкек ана» деген жағымсыз ұғым бөлініп шығады.
Медиа-мәтіндегі «Ана» және «Көкек ана» ұғымдарының семантикалық аясының вербалдануына қатысты жинақталған тілдік материалдар негізінде тарихи емес, кейінгі дәуір «жемісі» болып табылатын «Көкек ана» концептісінің құрылымын былайша көрсетуге болады. Яғни «Ана» макроконцептісінен «дүниеге ұрпақ әкелу» семасын ғана еншілеген гибрид концепт («Көкек ана») қазақ танымындағы дәстүрлі атау «көкек» сөзінің семантикасынан «безбүйрек», «тасбауырлық», «қатігездік» т.б. сияқты бірнеше жағымсыз мәндегі семаны иемденген. Нәтижесінде тұтастай жағымсыз эмоционалды мәнді «Көкек ана» концептісі қалыптасады. Оған негіз болған бастапқы (безбүйрек, тасбауыр) семалар қазіргі қазақ медиа-мәтінінде әртүрлі жағымсыз реңкті сөз қолданыстарға негіз болады.
Осылайша қазіргі қазақ медиа-мәтіні ұлттық ғалам бейнесінде болып жатқан әлеуметтік процестердің ғаламның индивидуалды (авторлық) тілдік бейнесіндегі көрінісін концептілік деңгейде сипаттайтын маңызды конгитивтік құрал деп тануға негіз бар.
Жоғарыда аталған «ұрпақтың азғындауы» факторы қазақтың когнитивтік санасында бұрын-соңды болмаған бала тастау фактісінің орын алуы тілдік санаға да біршама өзгерістер енгізіп, нәтижесінде ұлттық менталитетімізге жат жаңа қолданыс – «Америкалық бесік» тіркесі пайда болды. Осы қолданыс автордың қойып отырған проблемасының оқырманға қажетті деңгейде әсер етуіне себеп болады. Осылайша, концепті деңгейінде толық қабылданған мәтінді толықтай интерпретацияланады деуге болады.
Сонымен газет мәтінін интерпретациялау процесінде адресаттың аялық білім қоры маңызды рөл атқарады. Ол өз кезегінде пресуппозиция, зейін, түсінілім, қабылдау, ақпаратты кодтау және оны ашу сияқты психолингвистикалық ұғымдармен сабақтастықта қарастыруды қажет етеді. Осыдан келіп прагмалингвистикадағы адресаттың мәтінді қабылдауы проблемасының психолингвистикалық қыры ашылып, 2.5. тармақта газет мәтініндегі прагматикалық пресуппозиция арнайы қарастырылды.
2.6. «Адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастар» және 2.6.1 «Газет мәтініндегі адресант пен адресат – субординациялық коммуниканттар» деген тармақтарда автор мен оқырманның арақатынасы газет мәтінінде көріну ерекшеліктеріне қарай былайша топтастырылды.
- Автор- басшы, адресат- орындаушы;
- Автор- оқытушы, адресат-оқушы;
- Автор –ұстаз, адресат- рухани шәкірт.
- Автор –үгіттеуші, адресат-күмәнданушы.
Бұл топтастырудағы адресант-адресат арақатынасының бірінші типі Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан орталықтандырылған билік жүйесінің тәртібіне, яғни сол кездегі бір ғана партияның мүддесін көздейтін саусақпен санарлық, бір типті газеттерде міндетті түрде бас мақала түрінде жарияланатын, коммунизм идеясын насихаттайтын, партия қабылдаған бағдарламалар авторына қатысты. Мұндай мәтіндерде (әдетте олар аса көлемді болып келеді де, газеттің 4-5 бетін алады) ешқашан автор есімі көрсетілмейді, ол коммунистік партияның аудитория санасында жетекші бейнесінде әбден қалыптасып, орныққандығы сонша, адресат оны іздеуге талпынбай-ақ, өзі автоматты түрде орындаушы рөліне енеді. Біздің зерттеу материалымыз тәуелсіздік жылдарындағы газет мәтіндері болғандықтан бұл типке мысал келтіруді артық деп санадық.
Рөлдік қатынастардың екінші типі адресант пен адресаттың білім аясына, тезаурусының көлеміне, яғни белгілі бір салаға қатысты мәселе жөнінен автордың жақсы хабардарлығы, оның білікті маман екендігі, ал адресаттың ол сала туралы білімінің болмауы немесе дилетант деңгейінде екендігі ол екеуінің оқытушы мен оқушы рөліне енуіне себеп болады. Мұндай мәтіндерде салалық терминдер жиі кездесуі мүмкін. Автор маман ретінде сол терминдердің мәнін ашып, мағынасын түсіндіруге тырысады. Ал адресат өзіне бұрын белгісіз болған тың мәліметтерді түсініп, қабылдайды. Бірінші типтен айырмашылығы мұнда автор оқырманға міндет артып, бұйрық бермейді, өзі көтеріп отырған мәселеге қатысты дәйектемелерді көптеп келтіріп, өз пікірінің дұрыстығына аудиторияны сендіруге ұмтылады. Мұндай қарым-қатынас типінде мәжбүрлеу, міндеттеу, бұйрық беру сияқты әрекеттер болмайды, сондықтан да оқушы рөліндегі адресат автор позициясын қабылдауға немесе қабылдамауға ерікті.
Газет мәтініндегі адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастардың үшінші типі рухани құндылықтарға, адамгершілік қасиеттерге т.б. рухани проблемаларға арналған мақалаларға тән. Мұнда ұстаз рөлін атқарушы автор кемеңгер, діни сауатты, теология ілімін жетік меңгерген, Құранды жатқа білетін, шариғат заңдарын талдап-түсіндіре алатын, пайғамбар хадистерін жақсы білетін, бір сөзбен айтқанда, діни білімі жоғары молда, имам, теолог ғалым атқарады. Бұл саладан хабары аздау адресат мәтін авторының кім екендігін білген сәтте-ақ рухани шәкірт рөліне еніп, мәтінде баяндалған мәселелерге қатысты ой-пікірлерді ұстаздың дәрісіндей қабылдайды.
Адресант пен адресаттың газет мәтініндегі рөлдік қатынасының төртінші типі (автор-үгіттеуші, адресат-күмәнданушы) көбінесе саясатта, білім беру, денсаулық сақтау т.б. салаларда болатын түбегейлі өзгерістерге арналған мақалаларға тән. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттерінде мұндай мақалалар алдыңғы үш типпен салыстырғанда анағұрлым жиі кездеседі. Бұған мысал ретінде әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік, республикалық, облыстық, аудандық т.б. сайлаулар қарсаңындағы материалдарды атауға болады. Яғни жалпыхалықтық сайлау қарсаңында президенттіктен, депутаттықтан үміткер-тұлғалардың бағдарламаларын кеңінен таныстырып, олардың сайлауда көп дауыс жинап, көздеген мақсатына жетуі үшін автор оның кәсіби біліктілігі, саяси сауаттылығы, тіпті жеке өмірі жөніндегі деректерді көптеп келтіріп, үміткердің сайлаушылар алдындағы беделін арттыруға тырысады. Сайланушы жөнінде неғұрлым көп мәлімет алып, оның бағдарламасының дұрыстығына көз жеткізген адресат бастапқы кездегі күмәндарынан арылып, адресанттың пікір-көзқарасын жақтайды. Яғни қай үміткерге дауыс берерін білмей дағдарып жүрген сайлаушы өз таңдауын жасайды. Мұнда екі түрлі әрекет жүзеге асырылады:
1. Адресат мәтінді түсініп, қабылдау арқылы интерпретациялайды да, өзі лайықты деп тапқан үміткерге дауыс беруге бел байлайды, яғни автордың ықпалына түседі.
2. Өз позициясын негіздей отырып жеткізген автор күмәнданып жүрген адресатты өз пікірінің дұрыстығына сендіріп, оның белгілі бір әрекет жасауына, дауыс беруіне түрткі болады. Яғни үгіттеуші рөліндегі адресанттың мәтін түзудегі прагматикалық мақсаты толығымен жүзеге асырылады. Қазақ газеттерінің 2005 жылғы желтоқсандағы Президент сайлауы алдындағы және сайлаудан кейінгі сандарына шолу жасағанда рөлдік қарым-қатынастың үнемі автор пайдасына шешіле бермейтіндігін көрдік. Үгіттеуші адресант келтірген фактілер мен деректерге сенбеген күмәнданушы адресат өз позициясында қала береді. Рөлдік қарым-қатынастың I типінен айырмашылығы мұнда (IV типте) міндет арту, мәжбүрлеу сияқты әрекеттер жоқтың қасы. Сипаты жағынан соңғы тип екінші типпен ұқсас келеді, яғни мұнда да мәтін пікірлерді негіздеу, әр түрлі дәйектер келтіру жолымен түзіледі.
Жұмыста жоғарыда аталған рөлдік қатынастың барлық типтері жеке-жеке талдана отырып мысалдармен дәйектелді.
2.6.2 «Газет мәтініндегі адресант пен адресат – пікірлес коммуниканттар» аттытармақшада қарым-қатынастың бейресми сипатта өтуін мақсат еткен автор позициясы нақты газет материалдары негізінде анықталды. Соның нәтижесінде қазіргі қазақ баспасөзіндегі мәтінге жартылай ресмилік сипат беру үрдісі қалыптасып келе жатқаны анықталды.
Мұндағы автор позициясы оқырманнан тыс, бөлек емес, оны өзі мақаласын арнап отырған аудиторияның ішіне еніп кеткен, көптің атынан сөйлейтін өкіл деуге болады, прагматика тұрғысынан алғанда, адресант пен адресат пікірлестер, серіктестер ретінде танылатын мұндай мәтіндерде дистанция сақталмайды.
Оқырманды өзіне жақындата түсу үшін автор мәтінге бейресми қарым-қатынасқа тән айқын белгілердің бірі – «анекдот» немесе күлкілі оқиғалар туралы шағын мәлімет-деректерді енгізеді. Қазақ газеттерінде кейбір материалдар Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазша бала т.б. туралы ел арасында кеңінен таралған әңгімелер түрінде беріледі. Әсіресе, саяси тақырыптарға арналған шағын мақалаларда белгілі шенеуніктер мен мемлекет қайраткерлерінің өз аузынан шыққан қисынсыз, күлкілі, орынсыз сөздерді келтіру арқылы автор мен оқырман «таразының бір басында» отырып, билік өкілдерін бірлесе сынайды, мінейді. БАҚ партияның билік жүргізу құралына айналған Кеңес кезінде саясаткерлер, қайраткерлер атына шаң жуытпай, оларды тек жақсы жағынан көрсетуге тиіс болған журналист бүгінде аудиториямен «бір кемеде» қалады.
Екінші тараудың 2.6.3 «Газет мәтініндегі адресант пен адресат қарсы пікірдегі (оппонент) коммуниканттар» деп аталатын тармақшасында адресант пен адресат қарсы пікірдегі коммуниканттар ретінде қарастырылды.
Мұндай мәтіндерде автор өз пікіріне оқырман аудиториясын сендіруге барынша күш салады. Бірақ адресаттардың бәрі бірдей автор позициясын қолдай бермейді, қарсы пікір айтушылар да табылады. Осымен байланысты автор адресатты оппонент ретінде қабылдауға мәжбүр болады. Оппонент рөліндегі, яғни автормен тең дәрежеде өз пікірін білдіруге қабілетті оқырмандарды үлкен екі топқа бөлуге болады: I топқа жалпы пікір ақиқаттығына көз жеткізу үшін дауласатын, қарсы жаққа өз ойының дұрыс екендігін дәлелдеу мақсатымен пікір таластыратын достық ниеттегі оппоненттер; II топқа қарсы жақты қалай да жеңуді мақсат ететін, өз пікірін дәлелдей отырып, қарсыласын мүлдем тұқыртып тастауға тырысатын агрессивті оппоненттер жатқызылады. Бұлайша топтастыру айтысушы екі жақтың нақты коммуникативтік ситуациядағы мақсатына байланысты болады. С.И.Поварнин айтыс-таластардың арасындағы айырмашылық ең алдымен дауласушылардың алдына қойған мақсаттарынан көрінетіндігін айтады: «Различия споров, полемики обусловлены прежде всего различиями «целей, которые ставят себе спорщики. Вступает ли человек в полемику, чтобы выяснить истину, убедить в своей правоте противника или чтобы одержать над ним победу любой ценой на глазах у публики – в зависимости от цели спор ведется либо «по-джентельменски», «по-рыцарски», либо по принципу «на войне – как на войне», либо прямо «по-хамски» [15,85].
Полемикалық мәтіндердегі автордың оппонент-адресатқа қатысты таңдаған стратегиясы коммуниканттар арасындағы негізгі қарама-қайшылықтардың уәждемелеріне байланысты анықталады. Яғни олардың мүдделері, мақсаттары, тіпті өмірлік құндылықтары әртүрлі болуы мүмкін.
Мұндай позиция автор қолданатын жекелеген тілдік бірліктерден емес, мәтіннің жалпы мазмұнынан көрінеді. Салыстырмалы түрде алғанда достық ниеттегі оппоненттің сөзі орнықты, дәлелдер мен дәйектемелерге құрылған сыпайылық формасында, сөз мәдениетінің талаптарына сай сипатта болса, агрессивті оппоненттің мәтінінде қарапайым лексика, эмотемалар, кекесін мен мысқылға толы сарказмдік қолданыстар басым болады. (Әлихан Бәйменов қазір «өз нәжесін өзі көметін мысық секілді» бұқпантайы көп, табанының бүрі жоқ тайғанақ «саясаткер» ретінде қабылдайды. (Ж.А. 22.11.05). … кісәпкерлер мен орыстың мысығы құсап пырылдап жататын депутаттарымыз үшін жанымыз күймегені және рас.
… Бәтір-ау, Қазақстанда «мынау ұлтшыл» деп көрсететін адам қалды ма?! … Соңғы бір шайнап миын сайлауға сығып беріп… (Қазақстан. 16.08.07). Мұндай автор «жекпе-жекте қарсыласын бас-көзге қарамай төпелейтін долы мінезді боксшыны елестетеді». Осы типтес мәтіндердің жариялануы автордың ғана емес, басылымның да беделін көпшілік алдында төмендетеді деуге негіз бар
Екінші тараудың келесі тармақшасы автордың өзімен-өзі сөйлесуінен тұратын диалогке негізделетін автокоммуникацияға арналады.
Газет мәтіндерінің айрықша бір типіне автордың өз мәтінін өзіне арнап жазатын, яғни әрі адресант, әрі адресат рөлін қатар атқаратын авторлық позицияны ұстанатын материалы жатқызылды.
2.7 «Газет мәтінінің модальді-прагматикалық аспектісі» деп аталатын тармақта модальділік функционалды-прагматикалық қырынан қарастырылды, яғни ол мәтін авторының өзі сипаттап отырған оқиға-құбылысқа беретін бағасын және өзі материалдарын арнап отырған аудиторияға деген көзқарасын көрсететін маңызды лингвистикалық категория ретінде танылды. О.С.Москальская мен Ю.С.Степанов сияқты ғалымдар модальділік категориясынан тек сөйлеушінің коммуникативтік құрылымын анықтап қоймай, оның коммуникативтік акт барысындағы әртүрлі элементтеріне деген бағалауыш сипатын білдіретінін айқындады. Мәселен, адресант пен адресат қарым-қатынасы актісінің орны мен өту уақытын сөз еткенде міндетті түрде модальділікке жүгінеміз. Сондықтан да модальділік пен прагмалингвистика арасындағы тығыз байланысты қатынасты зерттеу – прагмалингвистика үшін өте маңызды болып табылады.
Қазақ тіл білімінде модальділік категориясы Е:Жанпейісов, А.Н.Нұрмұханова, О.Төлегенов, Қ.Мамаділов, С.Құлманов сияқты зерттеушілердің еңбектерінде арнайы зерттелді. Модальділік категориясына қатысты газет мәтіні шеңберінде негізінен мынадай үш міндет орындалуы тиіс.
а) берілген ақпаратқа баға беру;
ә) оны дәлелдеуге қатысты логикалық іс-шаралар;
б) мәтіннің эмоционалдық құрылымын сипаттау.
Осымен байланысты газет мәтінінің модальді-прагматикалық аспектісі: бағалауыштық модальділік, дәйектеуші модальділік және эмоционалды модальділік сияқты негізгі үш параметр арқылы көрінеді. Бұқаралық коммуникацияда бұл үшеуі өзара сабақтаса, байланыса отырып адресанттың адресатқа тигізер ықпалын күшейте түседі.
2.7.1 «Бағалау модальділігіне» арналған тармақшада бағалауыштық категориясы субъекті мен объектіні тығыз байланыстырып тұратын бағалаушы предикат қамтылатын күрделі құрылым ретінде анықталды. Осындағы бағалау субъектісі мәтінде эксплицитті және имплицитті түрде көріне отырып контекстегі автордың прагматикалық ұстанымына байланысты қарастырылды. Бағалаудың өзі кесімді немесе салыстырмалы сипатта беріледі. Ол жағымды, жағымсыз және жанама түрде көрініс табады. Бұл үшеуінің қайсысына басымдық берілуі автордың аудиторияға және мақала кейіпкеріне әсер ету мақсатына байланысты болады.
Газет мәтінінде берілетін бағалау автордың өзі сипаттап отырған оқиға-құбылысқа деген көзқарасына сәйкес субъективті сипатта болады, сол себепті ол іс-жүзіндегі объективті бағалауға сай келмеуі де мүмкін. Демек, медиа-мәтіндегі бағалауды жеке автор тарапынан берілетін индивидуалды пікір болғандықтан үнемі үзілді-кесілді дұрыс көзқарас деп қабылдауға болмайды.
Газет мәтінінің маңызды қызметтерінің бірі аудиторияны сөз болып отырған оқиғаға қалтқысыз сендіру болғандықтан онда міндетті түрде көрініс табатын дәйектеуші модальділігі 2.7.2 тармақшада арнайы қарастырылды. Мұндағы негізгі мәселе автордың тілдік құзыреті мен журналистік шеберлігіне және дәйектеу өнерін (аргументация) терең меңгеруіне келіп тіреледі. Яғни өзі ұсынған ақпаратқа аудиторияны сендіру үшін адресант бірнеше сатыдан тұратын логикалық шара – дәлелдеуді жүзеге асыруы тиіс. Осы мақсатқа орай автор өз мәтінінің дәйектемелік кесіндемесін жасайтыны анықталды. Жұмысымызда ол кескіндеменің мәтін өзегін құрайтын тезис-тұжырымнан, сол тұжырымды негіздейтін дәйектерден (факті) және осы екеуінің арасындағы логикалық байланыстан тұратын күрделі құрылым екені дәлелденді
2.7.3 «Эмоционалды модальділік» деп аталатын тармақшада эмоционалдық факторының медиа-мәтіндегі көрінісі қазақ баспасөзі материалы негізінде қарастырылды. Автор қандай да бір мақаланы жазуына себеп болған түп мақсатын адресатқа барынша терең, жан-жақты жеткізу үшін аудиторияны белгілі бір эмоционалдық күйге түсіруді көздейді. Осы прагматикалық міндеттің орындалуы мәтінде әртүрлі эмотемалардың медиа-мәтінде қуаныш, қорқыныш, ашу-ыза тудыратын т.б. эмоцияларды туындататын түрлі лингвистикалық және бейлингвистикалық құралдар түрінде қамтылады. Осымен байланысты жұмысымызда кез келген эмоция мәтінде эксплицитті немесе имплицитті түрде, басқаша айтқанда, мәтіннің вербалды түрінде ашық көрінбейтін, бірақ эмоциялық әсер тудыратын ақпарат нұсқасында ұсынылатыны анықталды. Осындағы мәтінге эмоционалды сипат беретін ақпарат негізінен мақаланың бастапқы бөлігінде (тақырыпатта және кіріспе бөлікте) орналасады. Әсіресе қазақ оқырманының когнитивтік санасында мықтап орныққан ұлттық дүниетанымын көрсететін, сөздік қорымызда ежелден қолданылып келе жатқан фразеологизмдерді, әртүрлі лингвокультуремаларды түрлендіре қолдану, яғни трансформация тәсілі эмоциялық күй тудыруда айрықша маңызға ие болатынына көз жеткізілді.
Сонымен жұмыста модальділік категориясы адресанттың адресатқа тигізбек болған прагматикалық әсеріне қол жеткізу үшін пайдаланатын құралы есебінде зерделенді.
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикалық ерекшеліктері жұмыстың үшінші тарауында жан-жақты қарастырылды. Оның бірінші тармағында қазіргі қазақ баспасөзіндегі жанр түрлері жеке-жеке сипатталып, олардың прагматикалық әлеуеті Маттуш формуласы [16] бойынша анықталды:
і = N – n
N
Мұндағы N – мәтіндегі сөздердің жалпы саны, n – көмекші сөздер саны, і – мәтіннің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті. Бұл формула бойынша мәтінде қолданылған көмекші сөздер санының оны құрайтын жалпы сөздер санына қатынасын анықтау арқылы мәтін көлемінде қамтылған ақпараттың мөлшерін білуге болады. Ол ғылыми әдебиетте мәтіннің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті терминімен беріледі. Осы көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мәтіннің ақпараттық құндылығы да соғұрлым арта түседі.
Мәтіннің прагматикалық көрсеткіштерінің бірі – экспрессивтілігіне автор эмоционалдық бояуы қанық сөздер мен тіркестерді қолдану арқылы қол жеткізеді. Яғни экспрессия мен прагматиканың арасында тікелей байланыс бар. Автор оқиға өрбуін бақылап тұрғанда басынан кешкен алуан түрлі сезімдері мен күйлерін сол қалпында еске сақтап, оқырманға жеткізуге тырысады. Ол үшін алдымен көз алдында болып өткен реалды құбылысты (оқиғаны) барынша дәл бейнелеуге қажетті тілдік құралдар таңдалып алынады. Таңдау, бірінші кезекте эмоционалды лексикаға түседі. Мұның себебі прагматиканың мәнінен туындайды, яки «адам – таңба» арақатынасына негізделеді. Жанрлық мәтіндерді жіктеу үшін ең тиімді тәсіл – математикалық шамаларға жүгіну екенін зерттеушілер мойындаған [17]. Оны есептеп шығару үшін Бойль-Мариоттың жабық ыдыстағы газ қысымы туралы физикалық заңы басшылыққа алынған. Біз де осы әдіске жүгіндік. Ол бойынша бейнелі түрде мәтін «ыдысқа» ұқсастырылады, яғни оның көлемі мәтін құрамына енетін лексиканың жалпы шамасына (санына) тең болуы тиіс. Ал мұндай «ыдыста» «қысым» автор таңдаған эмоционалдық бояуы күшті экспрессивтік лексика есебінен жасалады. Мәтін көлемі оны құрайтын сөздердің жалпы санымен анықталатындықтан, экспрессивті лексика құрамы да экспрессивті сөздердің мөлшеріне тең деуге негіз бар. Сөйтіп мәтіннің экспрессивтілігі коэффициентін мына формуламен есептеп шығаруға болады:
Кэ = V+ ∑ V1
N
Мұндағы: Кэ – экспрессивтілік коэффициенті;
V – экспрессивті бояуы бар лексика
∑ V1 – эмоционалдық бояуы бар тіркестер құрамына кіретін сөздердің жиын саны;
N – Мәтіндегі сөздердің жалпы саны.
Жұмысымызда қазіргі қазақ баспасөзінде кездесетін ақпараттық және талдамалық жанрларда жазылған мәтіндердің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті мен экспрессивтілік коэффициентін біз осы екі формуланы қолдана отырып, жеке-жеке анықтадық. Нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар жасалды.
Қазіргі қазақ газеттерінде ақпараттық жанрда жазылған мәтіндердің ақпараттық сыйымдылық коэффициенті біршама жоғары болса (0,7 – 0,9-дың арасы), экспрессивтілік коэффициенті едәуір төмен (0,1 – 0,3) деуге болады. Біздіңше, мұның бір себебі қазіргі уақыт ағымының өзгеше қарқынмен өтіп келе жатқандығында болса керек, яғни қазіргі заманғы журналист негізінен қажетті деректер қамтылған таза ақпаратты қаз-қалпында ұсынуға тырысады. Ал оған қандай да бір баға беру оқырман еншісінде қалдырылатын сияқты. Ал талдамалық жанрдағы мәтіндерде экспрессивтілік коэффициенті біршама жоғары (0,3 – 0,4) болатынына көз жеткізілді. Яғни мұндай мәтіндердің авторы өзі көтеріп отырған проблемаға байланысты пайымдауларын ашық ұсынып, оқырманды да сол пікірге қосылуға үндейтіні аңғарылады.
Келесі тармақ 3.2 Газет мәтініндегі прагматикалық интенсификаторларға арналады. Қазіргі заманауи газет мәтінінің прагматикалық әлеуетін сипаттайтын тәсілдердің бірі – қарқындылық болып табылады. Қарқындылық – адресатқа айрықша күшті әсер ету мақсатында қолданылатын семантикалық категория. Ол адресанттың өз сөзінің (интенсификациялау) қарқындылығын арттыру үшін мақсатымен пайдаланатын экспрессивті құралдарды таңдап, іріктеп алуымен тығыз байланысты мәселе.
Қарқындылық категориясының негізінде сан-мөлшер градациясы (басқыштаушылық, үдемелілік) ұғымы жатады. Қарқындылық дегеніміз – сапаны бағалаудың сандық өлшемі, экспликативтілік (анықтық) өлшемі; экспрессивтілік пен эмоционалдылықтың, бағалауыштықтың өлшемі. Мұның бәрі оның басқыштану, сатылану сипатын аңғартады [18,7].
Қазіргі қазақ газеттеріндегі мәтіндер қанық бояулы, қарқындылыққа толы прагматикалық бағдары анық материалдар болып келеді. Әсіресе ондағы экспрессивті қарқындандырғыштар қолданысына назар аударудың маңызы зор. Ондай элементтер бір затты онымен тектес өзге заттар қатарынан бөліп шығарып, оған адресат назарын баса аударту арқылы айрықша прагматикалық қызмет атқарады. Зерттеуші Е.В.Покровская газет мәтіндерінде қарқындылық категориясының мынадай үш тәсіл арқылы жүзеге асырылатынын анықтаған:
1. Контраст принципі (қарама-қайшылық);
2. Тілдік қайталаулар;
3. Сөз ойнату [19,152].
Қазіргі қазақ газеттерінде бұл тәсілдердің қатар қолданылуы да, бірінің айрықша басым болуы да кездесетініне көз жеткізілді. Аталған тәсілдер бірге қолданылғанда медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуеті артып, аудиторияға тигізетін әсері айрықша күшейе түседі.
3.2.1 тармақша «Контраст принципі» деп аталады.
Контраст – газет мәтініндегі негізгі прагматикалық құрамдас бөлік болып табылады. Бүгінгі қоғамымызда бұрын соңды басын біріктіруге келмейтін, бейнелі түрде айтсақ, өзеннің екі жағында тұрғандай құбылыстар мен пікірлерді тұтастыру, терең қарама-қайшылықтар типтік жағдай ретінде қабылданып жатыр. Осындай жайттар туралы газет мәтіндерінде баяндалғанда мәнді қарқындылық пайда болады, яғни қарқындылыққа басым орын беріледі.
Контраст – ә дегеннен, яғни мәтіннің басталған жері – тақырыпаттан көрініс табады. Әрі барлық контраст мәтін қабылдаушының есінде жақсы сақталады. Кеңес дәуірінде кеңінен таралған трафареттік, жаттанды тақырыпаттардан үлкен айырмашылығы бар бүгінгі тақырыпаттар прагматикалық бағдарлылығы анық, мағыналық жүгі күшті, барынша мәнерлі болып келеді. Тақырыпат ерекше пішінге ие болып, бағалауыштық, экспрессивтік, жарнамалық қызмет те атқарады. Ол бүкіл материалдың қалай қабылданатынын болжай отырып қойылатындықтан адресаттың ойлау жүйесін белгілі бір бағытқа бейімдейді. Басқаша айтқанда, бүгінгі газет мәтінінде тақырыпат айрықша ақпараттық және прагматикалық бағдарда жұмсалады. Қазіргі кезде тақырыпаттардың бағалауыштық сипаты оның эмотивтік қызметінен көрініс табады. Мұндай қызмет әсіресе, теріс баға берілген тақырыпаттарда анық байқалады (мұндай қолданыстарда иронияға, кейде тіпті сарказмға да жол беріледі): Мысалы, Біздікілер сыртқа тартады, ал олар бізді өзекке теуіп отыр (Жас Алаш, 27.07.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: олар – біз, сыртқа тарту, өзекке тебу). Таспаға түскен қазақ тілі қапастан да шығар (Айқын, 11.10.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: түсу, шығу, қапас). Каримовтың құдайы берді, Путиннің ешқандай амалы қалмады (Жас Алаш, 20.06.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: құдайы беру, амалы қалмау). Бұлар – қазіргі газет мәтіні тақырыпаттарында бағалауыштықтың ерекше өткір сипат алып отырғанын көрсететін нақты мысалдар.
Сондай-ақ, бүгінгі тақырыпаттардың ақпараттық сипаты да айрықша басым болып отырғанын айтуымыз қажет. Бұған әсіресе тақырыпаттың негізгі бөлігіне қоса берілетін, әдетте кішірек қаріптермен жазылатын түсіндірме, қосалқы тақырыпаттардың көптеп кездесетіні дәлел бола алады. Ондай қосалқы тақырыпаттарда мақалада ұсынылып отырған ақпарат жайында болжам жасалып, қысқаша талдау беріледі. Бұл бәрімізге белгілі газет бетінде алдымен тақырыпаттардың көзге түсетініне, оқылатынына қатысты қолға алынған шара деуге болады. Яғни тақырыпаттардың қосалқы бөлігінде мәтіндегі негізгі мәселенің жай-күйі түйінделе ұсынылады, сол шағын түсіндірме арқылы оқырман тұтас мәтін мазмұнынан хабардар болады. Мысалы, Жанармай арзан, қаржы мол. Көктемгі егісті қысылмай өткізуге болады (Егемен Қазақстан, 26.03.04). (прагм.қарқ.: арзан-мол). Қашанғы өгей баланың кебін киеміз? «Қазақтелеком басшыларының назарына» (Егемен Қазақстан, 26.03.04) (прагм.қарқ.: өгей бала, кебін кию). Жуа сатқан жасөспірімдер қоғамның балаларға жасаған «қамқорлығының» бір ғана көрінісі (Жас Алаш, 13.06.06) (прагм.қарқ.: қоғамның қамқорлығы). Жұмыссыз жастар аз емес, ал өндіріс салалары маманға зәру (Жас Алаш, 03.08.06) (прагм.қарқ.: жұмыссыз, маман, аз емес, зәру, ал).
Контраст принципі тақырыпатта ғана емес, логоэпистемалар қолданысы арқылы газет мәтіндерінің өзінде де сақталады. Олар (логоэпистемалар, клишелер, мәтіндік реминисценциялар) оқырман назарын аудартып, зейінін ұстап тұру үшін қолданылады, яғни адресатпен байланыс орнату қызметін атқарады.
Оқырман қауымға бұрыннан таныс мәтіндерден алынып, өзгеріссіз немесе өзгертіліп (трансформацияланып) қолданылатын дәйексөздер мәтінде белгілі бір астарлы мән тудырып, онда баяндалатын оқиғаға қандай да бір баға береді. Әсіресе әдеби шығармалардан алынған логоэпистемалар қазіргі қазақ газеттерінде жиі қолданылады деуге болады. Мысалы, Бандыны қуған Хамиттер қайда? (Егемен Қазақстан, 26.03.04) (С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» повесінен). Қабдеш, «қайда барасың?» (Жас Алаш, 03.08.06, Б.Нұржекеұлының мақаласы). («Керей қайда барасың?» деген жырау толғауынан) т.б.
Келтірілген мысалдардан көрініп отырғандай, газет мәтіндеріндегі логоэпистемалар негізінен көркем әдебиеттен трансформацияланған. Оқырманға бұрыннан белгілі, үйреншікті нәрсенің өзгеріп кетуі, күтпеген, оқыс құбылыстар прагматикалық әсер туғызып, газет мәтінінің қабылдану қарқындылығын күшейте түседі.
Автор өзінің субъективті көзқарасын білдіру үшін қарама-қарсы ұғымдарды еркін пайдаланып, оларды біріктіруге де талаптанатыны жоғарыда айтылды. Оның бір көрінісін бүгінгі газет мәтіндері тақырыпаттарындағы мағыналық оппозициядан байқаймыз. Мысалы, Ресей тұр электрді өшіргелі, Қытай тұр газ бағасын өсіргелі (Айқын, 11.10.06) (өшіру/өсіру). Мұндағы өшіру мен өсіру қарама-қарсылық мәндегі қолданыстар ретінде мәтін қабылдануында прагматикалық интенсификатор рөлін атқарып тұр. Жері көп қазақ жерге зәру, ал бұған Астананың әкімі Шөкеев не дер екен? (көп / зәру). (Жас Алаш, 25.05.06).
Мәнерлілікті арттырудың кең таралған тәсілі ретінде антонимдер қолданысы еске түседі. Өмірдегі қарама-қайшылықтарды айқын көрсету үшін антонимдерді жұмсау – журналистер арасында бұрыннан бар амал. Газет мәтінінің прагматикалық әсерін күшейте түсу мақсатымен бүгінгі журналистер дәстүрлі лексикалық қарама-қарсылықтармен қатар, соны, тың, дәстүрге айнала қоймаған тосын қолданыстарды – контекстуалдық антонимдерді кеңінен пайдаланады. Контекстуалдық антоним немесе ситуативтік контрастқа бүгінгі газет мәтіндерінен мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Олар: Тағы да сөз көп, іс жоқ (Жас Алаш, 03.08.06). (Сөз – іс, көп – жоқ). Бала ойнайтын жерде ит те серуендейді (бала – ит, ойнау – серуендеу) (Жас Алаш, 03.08.06). Осыдан бес күн бұрын өзіміздің Байқоңырдан ұшырылған Ресейдің «Днепр» атты алып зымырантасығышы апатқа ұшырады. Алып зымыран тасығыштың ыңыранып-күңіреніп жерден көтеріліп ұшқаны да сол екен, 73 секундтан соң ыңыранып-күңіреніп жерге құлап түсіпті. (Жас Алаш, 03.08.06) (өзіміздің «Байқоңыр» — Ресейдің «Днепрі», жерден көтеріліп ұшу – жерге қайта құлап түсу). Көксарайды армандап жүргенде, Шардарадан айырылып қалар түріміз бар (Жас Алаш, 08.02.05), (армандау – айырылып қалу).
Газет мәтініндегі контраст оған ерекшелік, бейстандарттық, бағалауыштық, жарнамалық, қарқындылық сипат бере отырып, басылымның да прагматикалық бағдарлылығын анықтайды. Мұндағы адресат психологиясы мен эмоциясына әсер етуші маңызды фактор – тосындық болып табылады. Яғни мәтіннің әсер ету күшін неғұрлым қарқынды ете түсу мақсатымен таңдалынып алынған прагмемалар неғұрлым тосын, тың болса, хабарламаның прагматикалық күші де соғұрлым басым болады. Қазіргі қазақ баспасөзі бетіндегі негізгі контраст «Біз – олар» түріндегі оппозициялық күштердің жұбы төңірегінде шоғырланады.
Бүгінгі газет мәтінінің прагматикалық әсерін күшейту мақсатымен кеңінен қолданылып жүрген Тілдік қайталамалар да прагматикалық интенсификатор қатарына жатқызылып, 3.2.2 тармақшада арнайы қарастырылды.
Тілдік қайталама немесе реприза құбылысы деп жекелеген дыбыстардың, сөздердің, морфемалардың, синонимдердің немесе синтаксистік конструкциялардың қатар тұрып яки арасына бірді-екілі өзге сөздерді ғана кірістіре отырып қайталана жұмсалуы айтылады.
Қайталанатын элементтердің бір-бірінен алшақ емес, мүмкіндігінше жақын (тіпті қатар) орналастырылуы – оларға баса назар аударту, қалай да реципиент көңілін бөлу мақсатынан туған тәсіл. Сөйленім мәнерлілігін күшейту үшін пайдаланылатын өзге сөзжұмсамдық фигуралар сияқты қайталаманы да тілдік нормадан уәжді түрде ауытқу деп санауға болады.
Сонымен бір сөйлемнің құрамында бір сөздің бір-ақ рет қолданылуы синтаксистік норма болса, екі немесе бірнеше рет қайталана жұмсалуы мәтіннің прагматикалық әсерін күшейтуге бағытталған арнайы тәсіл болмақ. Қазіргі қазақ газеттеріне шолу жасағанда байқалған ерекше тәсіл – бір сөздің (автордың реципиент назарын айрықша, баса аударту қажет деп тапқан элементтің) бір сөйлем ішінде ғана емес, бүкіл мәтіннің өн бойында бірнеше дүркін жұмсалуы.
Қазіргі қазақ газеті мәтіндерінде кеңінен қолданылатын қайталамаларды үлкен екі топқа бөлуге болады:
1. лексикалық қайталамалар;
2. синтаксистік қайталамалар (синтаксистік конвергенция);
3. дыбыстық ұаттамалар (аллитерация, ассонанс т.б.)
Осы қайталамалар арқылы қарқындылық категориясын қалыптастырып, іске қосатын қосымша мәндік реңктер жеткізіледі.
Лексикалық қайталамалар көп жағдайда сөзжұмсамдық клишелердің трансформациялануы негізінде жасалады. Ол сөйлемнің бөліктерін байланыстырушы қызметін атқара отырып іс-әрекеттің қарқындылығын немесе басқыштана сатылануын, өрбуін көрсетеді. Оның өзі іштей ұқсастығы және ұқсас еместігі белгісі бойынша жіктеледі. Жұмыста аталған қайталама түрінің газет мәтіндерінде қолданылуына қатысты қазақ баспасөзінен жиналған мысалдар көптеп қамтылды.
Ұқсас қайталама деп бір сөздің өзгеріссіз (бастапқы күйінде) бірнеше рет жұмсалуын айтамыз. Мысалы: Қару-жарақ көбейген сайын өлім де көбейеді (Жас Алаш, 09.06.05). Егер ішкі өнім ішкі қажеттілікті толық өтеп отырған болса, сыртқы жағдайдың бізге әсері болмас еді (Жас Алаш, 09.06.05). Ұқсас емес лексикалық қайталаманың стилистикалық мүмкіндіктері молырақ болады. Ол көбінесе комикалық әсер тудыру тәсілі ретінде қолданылады. Мысалы: Кейбір мектептерде асхананың не екенін білмейтін ұрпақ білім алып жатыр (Айқын, 11.10.06). «Қазақмыс» елдің мысын бразилиялықтармен баспақшы (Айқын, 11.10.06). Ұқсас емес лексикалық қайталама әсіресе көп мағыналы сөздердің мәндік реңктерінің аса бай екендігін көрсетеді.
Газет мәтініндегі лексикалық қайталамалар – семантикалық және құрылымдық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда сөздердің тура және ауыспалы мағыналарда түрлене қолданылуы оқырман назарын аударту құралы болып табылады. Олар газет материалына артылатын мағыналық жүкті күшейте отырып, мәтін мәнерлілігін арттырады. Осының нәтижесінде газет мәтінінің прагматикалық әсері де салмақтанып, күшейе түседі.
Қазіргі баспасөзде кеңінен қолданылатын қайталаманың түрі – синтаксистік конвергенция – қызметтері өзара ұқсас келетін, басыңқы сөйлемге немесе негізгі сөзге синтаксистік қатынасы жөнінен бірден бағынышты, тәуелді болатын элементтер тобы. Бұған мысал ретінде сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді атауға болады.
Қазақ газетінде мәтін қарқындылығын арттыру үшін синонимдер жиынтығы, бірыңғай мүшелердің қабаттаса жұмсалуы, параллель конструкциялардың қолданысы сияқты тәсілдер пайдаланылатыны анықталды. Мұндай мәтіндерде метафора, теңеу, гипербола амалдары жиі кездеседі. Мысалы: Өмірге жалғыз келіп, жалғыз кеттім (Садықбек Адамбековтың сөзі) (Егемен Қазақстан, 30.06.04). Көңіл көңілден су ішеді. Адалдықты арына серік ете ғұмыр кешіп келе жатқан қарт майдангер, ауыл мұғалімі туралы сыр. (Егемен Қазақстан, 25.06.05).
Әр кезеңнің пісіп жетілген, тіптен де болмай қалмайтын тарихи толғақты кезеңі болады. Тарих толғатады. Ал қатты толғақ жаңа бір өзгеріс тудырмай тұра алмайды. Оның осынау үрдісіне ешкім де тосқауыл қойып, тоқтата алмақ емес. Өйткені тарихи құбылыс қай-қайсымыздың да еркімізден тысқары дамып, ілгерілей беретін үрдіс. Ендеше Уәли әлсіздігі мен саясатындағы селкеулікті тарихи аспектіде қарастыра бағалаған жөн болмақ /…/.
Жалғаулықтардың, параллель конструкцияларының қайталана қолданылуын айрықша стильдік тәсіл ретінде журналистер мәтіннің прагматикалық құндылығын арттыру мақсатымен жиі қолданады. Өйткені адресантқа жүктелген маңызды прагматикалық міндет – адресаттың көңіліне әсер ете отырып, оны белгілі бір эмоционалдық күйге түсіру – осындай жолдармен орындалады. Осы мақсатқа қол жеткізілуі үшін өзге де прагматикалық интенсификаторлармен бірге тілдік қайталамаларды пайдаланудың маңызы зор.
3.2.3 тармақта «Сөз ойнатым» деп аталады.
Сөйлеу әрекетінің ерекше түрі – сөз ойнатым ғалам бейнесінің немесе бізді қоршаған болмыстың үзік суреттерін санамызда бейнелеп көрсетудің анағұрлым тиімді тәсілі болып табылады. Газет мәтініндегі сөзойнатымның негізгі мақсаты – мәтінге ойнақылық, жеңіл әзіл, юмор мәнін үстей отырып, оның эмоционалды-экспрессивтік әсерін күшейту, басқаша айтқанда комизм әсерін тудыру.
Газет мақаласындағы комизмнің қабылдануы мәтінді екі жақты интерпретациялау – ондағы таптаурындық және сөзойнатымдық элементтер негізінде талдап-түсіну арқылы туындайтын комикалық әсерге қол жеткізу болып табылады. Сонымен, газет мәтініндегі комизм құбылысы ең әуелі оның айқын прагматикалық бағыттылығынан көрінеді. Жұмысымызда ол мәтіннің әсер ету аспектісіне қатысты қарастырылды. Қазіргі газеттерге шолу жасағанда аталмыш құбылыстың публицистиканың барлық жанрына дендеп еніп келе жатқандығы байқалды.
Зерттеуімізде сөзойнатым тәсілі қазіргі газет мәтінінің прагматикалық әлеуетін арттыратын аса маңызды тәсіл ретінде танылды. Ол (сөзойнатым) әдеби, стильдік және синткасистік нормалардан ауытқуға, контраст принципіне негізделе отырып, оқырман санасында қалыптасқан дәстүрлі үрдістерді бұзу арқылы әсер етуді мақсат ететін прагматикалық қарқындандырушы болып саналады. Мәтіндегі комикалық әсердің когнитивтік-прагматикалық табиғатын ашу үшін фреймдер іске қосылады. Бұдан бөлек пресуппозицияға негізделетін логоэпистемалардың қолданысы да мәтін түсінілімінің психолингвистикалық қырын айқындайды.
Сонымен сөзойнатымды бей-берекет қолданылатын, ешбір нормаға бағынбайтын, ережесіз ойын тәсілі ретінде емес, белгілі бір прагматикалық мақсатта жұмсалуы тиіс, сөз мәдениетінің тамаша бір көрінісі ретінде ұтымды пайдаланылғанда ғана қажетті комикалық әсерді туындататын, сондай-ақ адекватты түрде түсінілетін қару ретінде түйсінуі деп ойлаймыз.
Жұмыстың 3.3 тармағы қазақ баспасөзіндегі саяси дискурс мәселесіне арналды. Кез келген ресми басылымда мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым, білім беру, спорт, өнер тақырыбымен салыстырғанда саяси мәселелер кеңінен қамтылады. Өйткені қоғам өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі осы саяси ахуалға тікелей байланысты болғандықтан ондағы барлық әлеуметтік т.б. қатынастар саясат арқылы реттеліп отырады. Осымен байланысты күнделікті жаңалық жаршысы газет бетінде де негізгі орын саяси дискурсқа беріледі. Сондықтан да газетте айшықталатын барлық тақырыптардың ішінен саяси дискурсқа кеңірек тоқталдық.
Қазақ баспасөзіне шолу жасағанда да саяси дискурсты құрайтын негізгі ұғымдар – РR-мәтін мен манипуляцияға негізделген материалдар айрықша көптігімен ерекшеленеді.
Ғылыми айналымға алғаш Зеллиг Харрис енгізген (1952) дискурстық талдау термині бастапқыда жарнамаға қатысты қолданылған болатын. Кейіннен ХХ ғасырдың 70-жылдары дискурстік талдауды дәстүрлі лингвистикамен байланысты қараған американдық және еуропа ғалымдарының еңбектерінде кеңінен жұмсала бастады. Ал 80-90-жылдары аталмыш мәселеге арналған алғашқы іргелі еңбектер жарық көрді. Дискурс ұғымы тіл біліміндегі антропоцентристік бағытты ұстанған көптеген арнаулы салалардың (психолингвистика, социолингвистика, паралингвистика, нейролингвистика, когнитивті лингвистика, прагмалингвистика т.б.) дербестенуіне байланысты айрықша маңызға ие болды. Аталмыш салалардың іштей жіктелуімен бірге интерграциясы осы дискурс ұғымының төңірегінде шоғырланды деуге болады. Осымен байланысты әлі күнге дискурсқа берілген анықтамаларды аяқталған, толыққанды, дәл деп санауға болмайды. Біздіңше, дискурсты прагматикалық тұрғыдан талдағанда коммуникативтік ситуацияға және оған қатысушыларға байланысты экстралингвистикалық, этномәдени факторлар сондай-ақ коммуниканттардың мақсат-ниеттері басшылыққа алынуы тиіс. Қандай да бір ақпаратты алғанда оқырман автордың сол мәтінді дайындаған сәттегі қиял-дүниесін елестетуге тырысады. Басқаша айтқанда, дискурсты түсіну бөгде адамның ойлау дүниесіне еріксіз және ерікті түрде ену деуге болады. Ал өз кезегінде адресант сол дүниені керекті нұсқада жасау үшін тілдегі семантиканың барлық мүмкіндіктерін пайдаланады.
Л.А.Кочетова дискурстың өзіндік ерекшеліктерін мынадай прагматикалық белгілер көрсететінін айтады: мақсатты бағыттылығы айқын әлеуметтік әрекет; ситуация шарттары (дискурсқа қатысушылар, ондағы рөлдер, коммуникативтік өзара әрекеттестік сипаты т.б.); құндылықтар, стратегиялар, жанрлар. Сондай-ақ мәтін және дискурс мәселесіне Н.Уәли, Э.Д.Сүлейменова, Г.Бүркітбаева, З.Ерназарова, Ж.Кеншінбаева, Д.Әлкебаева, Г.Матжанова т.б. зерттеушілер әр түрлі қырынан тоқталған.
Газет мәтініне қатысты алғанда дискурсты адресант – мәтін – адресат үштағаны төңірегінде қарастырған жөн. Осы үштіктің қайсыбірі іске қосылмаған жағдайда дискурс толық жүзеге асады дей алмаймыз. Бірінші және екінші компоненттердің дискурсқа қатысуы міндетті, сөзсіз болатын нәрсе. Ал үшінші компонент әрбір нақты дискурсқа түрліше деңгейде қатысады. Басшылыққа алған осы қағидамызға сәйкес біз әрбір баспасөз материалын дискурстық деңгейде қарауға тырыстық. Яғни кез келген материалға арқау болған тақырыпты қағаз бетіне түсіргенге дейін автордың ой елегінен өткізуі барысындағы нюанстарды болжап, кейін адресанттың прагматикалық ұстанымы ұғымы аясына кіретін сәттерді ескере отырып, сол ойдың қандай тілдік және бейтілдік құралдар арқылы өрнектелетініне, қалайша безендірілетініне дейін мән берілді. Ал аталмыш үштағанның айрықша маңызды компоненті – адресатқа қатысты зерттеуді мүмкіндігінше оқырмандар арасында жүргізген сауалнама, диспуттар нәтижелеріне негіздеуге тырыстық. Аталмыш тәсілдерді қолдана отырып қазіргі қазақ баспасөзінің қоғамдағы саяси дискурсты қалайша және қандай дәрежеде айшықтайтынын анықтауға тырыстық.
Жұмыста 3.3.1 Қазақ газетіндегі PR-мәтінінің қолданысына жеке тармақша арналды.
Қазіргі кезеңді ақпарат заманы деп атау орнықты. Осыған орай бүгінгі қоғамдағы ахуалды бірнеше кеңістік құрайтынын айтуымыз керек. Соның бірі – БАҚ қызмет ететін ақпараттық кеңістік индивидтің когнитивтік кеңістігіне әртүрлі тәсілдермен енеді. Әсіресе адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін әсер етудің қосалқы коммуникативтік технологиялары болып табылатын үгіт-насихат пен жарнаманың рөлі айрықша маңызға ие. Сондай-ақ көппартиялық саяси жүйеге көшкен Қазақстанның саяси құрылымында PR (паблик рилейшнз) бүгінде аса қуатты саяси тәсілге айналып отыр.
Жалпы «паблик рилейшнз» тіркесінің тікелей мағынасы жұртшылықпен байланыс дегенді білдіреді. Қазіргі басқару қызметінде онсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Әсіресе басқару, ұйымдастыру, қоғаммен тікелей байланыс жасау салаларының қызметкерлері үшін оның маңызы зор. Өйткені серіктестерімен, тұтынушылармен өзара түсіністікке қол жеткізіп алмай басқару қызметін жүргізу мүмкін емес. Ал билік пен партия қызметтеріне қатысты алғанда бұл проблема өткірлене түседі. Себебі халық арасынан шыққан ондай өкілдер сол көпшілікпен тығыз байланыс орнатпай ешбір табысқа жете алмайтыны белгілі. Сонымен PR шын мәніндегі стратегиялық коммуникация болып табылады. Онда белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін жүзеге асырылуы тиіс іс-шаралар ұзақ уақытқа жоспарланады, қандай да бір ұйымның немесе жеке тұлғаның мүддесін көздейтін ақпараттық басымдықтар айқындалады. Сөйтіп PR басқару процесінің маңызды бөлігіне айналады. Осы жұртшылықпен байланысты жүзеге асырушы ақпарат көздерінің бірі – мерзімді баспасөзде жарияланған материалдарды автордың прагматикалық ұстанымына, көтеретін тақырыбына, қамтылатын деректердің алуан түрлілігіне, мақсатты түрде бағытталған аудиториясының сипатына, сондай-ақ қоғам өміріндегі жалпы халықтық, халықаралық т.б. шаралардың қарсаңында немесе олардан кейін, яки жариялану уақытына сәйкес позитив және негатив бағыттағы PR мәтіндер деп бөлуге болады. Әсіресе «үлкен ойын» саналатын саяси сайлаулар науқаны кезінде электораттың басым бөлігін өз жағына шығару мақсатымен сайланушы азаматтардың, үміткерлердің сенімді өкілдерінің осындай PR мәтіндерді БАҚ-тың барлық түрлері бойынша «қарша борататыны» жасырын емес. Тіпті жеке тұлғаның көпшілік талқысына түспеуі тиіс саналатын проблемалардың өзі мұндайда жұрт назарына ашық ұсынылатыны жалпы адамгершілік тұрғысынан алғанда құптарлық емес.
Саяси коммуникация жүйесі белгілі бір саяси мақсатқа қол жеткізу үшін қоғамдық санаға әсер ету құралдарынан тұрады. Зерттеуші Б.С.Ахатованың айтуынша, саяси коммуникация мынадай құрамдас бөліктерден: 1) саяси PR; 2) саяси үгіт-насихат; 3) саяси жарнамадан тұрады. Саяси PR көпшіліктің белгілі бір саяси субъектіге (саяси партия немесе қайраткер) деген сенімін қалыптастыру мақсатымен ұзақ уақытқа жоспарланады; 2) ал саяси үгіт-насихат сол қалыптасқан сенім негізінде саяси мінез-құлықтың белгілі бір типін жасау үшін қоғамдық санаға нақты саяси идеяларды сіңіреді; 3) ал саяси жарнама электораттың сол үгіт-насихат ықпалына түскен бөлігін «дұрыс таңдау жасауға» шақырады, яғни нақты бір саяси партияға немесе оның көшбасшысына дауыс беруге үндейді. [20,110] Осылардың ішінде көпшілікке тікелей және күшті әсер ететін жарнама мен үгіт-насихатқа қарағанда PR-дың коммуникативтік ықпалы әлсіздеу болады. Бірақ жоғарыда аталған негатив PR материалдары туралы былай дей алмаймыз. Қандай да бір үміткердің кандидатурасына қарсы пікір туғызу үшін бейәдеп, заңға қайшы, лас технологияларды қолдана отырып мұндай «қара PR» көпшілікке жарнамадан да қатты әсер етеді. Онда ақпарат бұрмаланады, кейде жалған мәліметтер беріледі, бәсекелес субъектіге әртүрлі жала жабылады, тіпті арандату әрекеттері де жоспарланады. Түптеп келгенде, мұның барлығы да «жұртшылықпен байланыс» деген ұғымды білдіретін PR-дың шынайы мән-мазмұнына қайшы әрекеттер болып табылады. Мәселені кеңірек аяда қарастырсақ, бұл тіптен ұлттық намысты қорлайтын келеңсіздіктер деп бағаланады. Біз PR-мәтіндердің қазіргі қазақ газеттеріндегі үлес салмағы мен автордың прагматикалық ұстанымын танытатын тәсіл ретінде арнайы тоқталдық.
Аталмыш екі түрінің ішіндегі негатив мәндегі PR-мәтіндер аудиторияның назарын көбірек аударатындықтан басылымдар да ондай материалдарды көптеп жариялауға ынталы деуге болады. Яғни негатив мәнді PR-мәтінді көбейткен сайын газет таралымы да, соған сәйкес танымалдығы да арта түседі.
Қазіргі газеттердегі негатив мәндегі PR-мәтіндердің өзін іштей 1) агрессивтік сипаты басым, журналистік этиканы ескермейтін және 2) мақала кейіпкеріне ашық агрессия көрсетпейтін, журналистік этика ережелерін сақтай отырып жазылатын, жағымсыз теріс пікірлерін ашық түрде емес, бейтарап формада беретін мәтіндер деп бөлуге болады.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі баспасөзді Кеңес үкіметі кезіндегі цензуралық БАҚ-тан ерекшелендіретін айрықша белгілердің бірі – осы PR-мәтіндерінің актив қолданылуы. Мұның өзі сөз бостандығы, ой еркіндігі сияқты ұғымдардың қазіргі оқырман үшін үйреншікті қолданыстарға айналғандығын дәлелдейді. Қазіргі қазақ газеттерінің кез келгенінен PR-мәтінді кездестіруге болады, бірақ «Егемен Қазақстандағы» PR-мәтіндер негізінен жағымдылығымен, оң пікірлерге негізделгендігімен сипатталса, «Жас Алаш», «Ақ Жол Қазақстан», «Апта-kz» басылымдарындағы PR-материалдар сынап-мінеуге, объектіге алынған PR-субъектінің кемшіліктерін баса көрсетіп, аудитория алдында беделін түсіруге, ол жайында теріс, жағымсыз көзқарастар қалыптастыруға бағытталатындығы байқалады. Біз мұндай мәтіндерді «саяси ойында» теріс мақсатта қолданылатын тәсіл деп табуды жөн көрдік. Өйткені PR-ақпараттарды теледидар арқылы тарату үшін PR-субъекті эфирден көрсетіліп, PR-ақпарат аудитория алдында негізделіп, дәлелденуі тиіс. Ал қағаз арқылы, жазбаша формада таралатын PR-ақпаратқа мұндай талаптар қойыла бермейді. Мұндағы ақпараттың шынайылығы, растығы фотосурет арқылы ғана дәлелденуі мүмкін, бірақ бұл – міндетті шарт емес. Осы жағдай да PR-ақпаратты тарату үшін ең қолайлы БАҚ түрі ретінде газеттердің таңдалуына себеп болады деп ойлаймыз.
3.3.2 «БАҚ құралдарында PR-ақпаратты тарату тәсілдері (газет мәтініндегі тілдік манипуляция)» атты тармақшада медиа-мәтіндегі тілдік манипуляция тәсілі кеңінен сөз болады. Бұқаралық коммуникацияда алдына қойылған прагматикалық мақсатына жету үшін автордың үнемі жақсы, дұрыс тәсілдерді қолдана бермейтіні байқалады. Яғни адресант аудиторияны өз пікірінің дұрыстығына сендіру үшін оқырманның когнитивтік санасында бұрыннан қалыптасып орныққан ғаламның тілдік бейнесіне белгілі бір өзгерістер енгізуге тырысады. Автор мүддесіне сәйкес қолданылатын осындай тілдік тәсілдерді екі топқа бөліп, оларды:
- Тілдік амал-тәсілдер;
- Тілдік айла-тәсілдер деп атадық.
Мұндағы бірінші топқа бұрыннан белгілі, авторлар актив қолданатын, адресатқа жағымды әсер ету үшін пайдаланылатын тілдік бірліктер, екінші топқа реципиентке жасырын түрде әсер ету үшін, авторлардың немесе жекелеген бір топтардың теріс ниеттегі мүдделерін жүзеге асыру үшін қолданылатын тәсілдерді жатқыздық. Осы соңғы топқа байланысты мәселелер лингвистикалық әдебиетте «тілдік манипуляция» деп аталып жүр.
Қазіргі қоғамымызда манипуляция тәсілі (шындықты бұрмалау) саяси дискурсқа байланысты кеңінен қолданылатынына көз жеткіздік. Әсіресе сайлау қарсаңында және сол науқанның барысында қазақ баспасөзінде сананы бұрмалаудың, яғни когнитивтік сананы түрлі тәсілдермен өзгертуге тырысатын ақпараттардың баспасөзді жаулап алатыны анықталды.
Бір сөзбен айтқанда, адам баласының өзін қоршаған орта туралы ақпаратты табиғи таза күйінде емес, медиа-сүзгіден өткізілген, өңделген, автор көздеген мүдделерге сай құрылған күйде алуы осы бұрмалаудың түрліше тәсілдер арқылы жүзеге асырылуына кеңінен жол ашады. Баспасөз бетіндегі сайлау қарсаңындағы үгіт-насихаттық материалдарда манипуляция вербалды және бейвербалды тәсілдер арқылы кеңінен көрініс табады. Ондағы түрліше амал-тәсілдер жинала келіп индивид санасында когнитивтік қақтығыстың орын алуына әкеледі. Бұл негізінен газет материалдарының әсерін күшейтуге бағытталған тәсіл болып табылады.
Жұмысымызда қазіргі қазақ газеттеріндегі тілдік манипуляция тәсіліне құрылған мәтіндер жан-жақты талданып, оған қатысты мынадай тұжырымдар жасалды: біріншіден, тілдік манипуляция көпшілік көзінен тасалау, беймәлім жағдайда өтетін оқиғаға арналған мәтіндерде кеңінен пайдаланылатыны және оның әсіресе саяси дискурста айрықша көрініс табатыны анықталды; екіншіден, мұндай PR-мәтіндерде адресанттың прагматикалық ұстанымын жүзеге асыратын қарқындандырғыштардың ішінен – сөзойнатым тәсілі кеңінен қолданылатыны байқалды; үшіншіден, тілдік манипуляцияға құрылған PR-мәтіндердің кейіпкерлері көбінесе нақты болмайды, «кейбіреулер», «шенеуніктер», «биліктегілер» түрінде аталатын мұндай Х-субъектілер «Өзім –Өзге» бинарлы концептісінің екінші сыңарының мәнін жан-жақты ашуға бағытталады.
3.4 «Газет мәтініндегі концептілердің берілу ерекшелігі» деп аталатын тармақта қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси концептілерге көбірек көңіл бөлінді. Бұқаралық коммуникациядағы саяси дискурсты құрайтын негізгі концептілер тізбесін: Билік – Президент – Заң – Оппозиция – Халық түрінде көрсетуге болатындығы анықталды. Осы тізбек прагматикалық аясы аса кең «өзім/өзге» бинарлы концептісі шеңберінде қарастырылды. Себебі аталмыш терминдер қазіргі қазақ басылымдарында жиі қолданылатын, әртүрлі мән-мазмұнда танылатын өзекті базалық ұғымдарға айналып отыр. Сондай-ақ олардың мазмұндық ерекшелігі ұлттық, мәдени, ғылыми, тарихи, жалпы энциклопедиялық білімдер негізінде танылады.
Жұмысымызда қазақ газеттеріндегі билік концептісінің вербалдануы нақты мысалдар түрінде көрініс тапты: «Билік – үлкейткіш шыны… Онда сиқырдың элементі бар», «Билік – орынтақ», «Билік – мемлекет деген алып машинаның тетіктерін іске қосу», «Биліктің бөденесі» (Е.Ертісбаев), «Билік пен оппозиция – Алаш деген арбаның қос тертесі», «Билік бір адамның, оның отбасының және олигархтың қолында», «Билік – ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау» т.б.
Медиа-мәтінге прагматикалық және когнитивтік талдау жасау барысында бұл екі саланың негізгі ұғымдарын сабақтастықта алып қарастырудың мәні зор. Осылайша зерттеу нәтижесінде газет материалына арқау болатын өзек концептінің құрылымына мәтіннің тақырыптық-мағыналық кескіндемесі (немесе ақпараттық-талдамалық қаңқасы) сай келетіні анықталды. Жұмысымызда бұл сәйкестік мынадай сызба түрінде көрсетілді.
Ю.С.Степанов ұсынған концепті құрылымы |
Байланыс |
Газет мәтінінің тақырыптық-мағыналық кескіндемесі | Мәтін құрылымы |
1. Негізгі қабат
|
Мәтіннің бастапқы кіріспе бөлігі | Мәтіннің бірінші абзацы | |
2. Қосымша қабат | Дәйектеуші бөлік | Арадағы бірнеше абзац
|
|
Жинақтаушы бөлік | |||
3. Этимологиялық қабат | Мәтіннің түйіні мен мәре бөлік | Соңғы абзац |
Бір ескеретін жайт, осындағы концепті құрылымы тұрақтылығымен сипатталса, мәтіннің ақпараттық-талдамалық қаңқасын құрайтын бөліктер айнымалы, өзгермелі болып келеді. Яғни газет мәтінінің барлық жанрларында концептінің үш қабатты құрылымының көрініс табуы шарт емес. Сондықтан біз ұсынған концептуалдық талдау тәсілін бастапқы – кіріспе, жинақтаушы, дәйектеуші, түйін және мәре бөліктері түгел қамтылған мәтінге қатысты қолдану тиімді болмақ.
Зерттеу жұмысының 3.5 тармағындақазіргі қазақ газеттеріндегі жаңа қолданыстарға семантикалық және прагмапсихолингвистикалық талдау жасалды. Ол үшін студенттер мен әртүрлі информанттар арасында жүргізілген эксперименттік-сауалнама нәтижелері пайдаланылды. Мерзімді баспасөз бетінен жиналған тілдік материалдарды саралай келе жаңа қолданыстарды прагматикалық тұрғыдан, яғни адресатқа түсініктілігі, әсерлілігі жағынан мынадай 3 топқа бөлдік: І. Уәжділігі айқын қолданыстар (жоғарғы топ);
ІІ. Уәжділігі бәсең қолданыстар (аралық топ);
ІІІ. Уәжділігі солғын қолданыстар (төменгі топ).
Тілімізге әртүрлі жолдармен енетін жаңа қолданыстардың тұрақтануында, сөздік қорымызға орнығуында БАҚ-тың атқаратын рөлі зор. Өйткені бұқаралық санада ғаламның медиа бейнесін қалыптастыру үшін қоғамдық-саяси ұғымдарды білдіретін терминологияның маңызы зор десек, баспасөз арқылы таралып, көпшілік назарына ұсынылатын қоғамдық саяси терминдер арқылы социум мүшелері ақиқат болмысты концептуалды деңгейде интерпретациялайды. Осындай коммуникативтік салада жүйелі түрде қайталанып отыратын сөзқолданыстар бірте-бірте контекссіз-ақ түсінілетін танымалдық деңгейге жетеді.
Қазақ газеттеріндегі әсер етудің қосалқы факторларды – Айдар мен тақырыпат 4. 1 «Қазақ газеттеріндегі тақырыпаттық кешеннің прагматикасы» деген тармақта арнайы қарастырылды. Газет – бүгінгі ақиқат заманында толассыз келіп жатқан алуан түрлі мәліметтердің топтамасы емес, тақырыптық, идеологиялық, жанрлық ерекшеліктеріне орай реттеліп, топтастырылып берілетін ақпараттық хабарламалардың күрделі жүйесі ретінде қарастырылуы тиіс. Ол жүйе газеттің бір санында жарияланатын бүкіл материалдың алдымен әртүрлі бағандарға, одан соң айдарларға жіктелуінен көрінеді. Сөйтіп, өзара мазмұндас, объектісі мен көтеретін проблемасы ортақ материалдар газеттің бір бетіне, мүмкіндігінше бір-бірімен қатарластырыла орналастырылады. Мұны бір сөзбен тақырыпаттық кешен деп атауға болады. Осы кешен өз ішінен айдар және тақырыпат (заголовок) деп бөлінеді. Осындағы айдарлар газеттің ішкі құрылымындағы басты константалар болып табылады. Олар бағанда бірнеше (тұрақты шамалар) газет типіне ортақ және жекелеген басылымдарға тән спецификалық ақпараттарды танытады [21]. Зерттеушілер айдарды газеттегі тақырыптық бөлімдердің және бағыттардың атауы, тақырыпат түрі, кейде материал жанрының көрсеткіші ретінде сипаттайды.
Газеттегі тақырыпаттық кешен құрамына кіре отырып айдар тұтас басылымның моделіне тән типтерді қалыптастырушы қызметін атқарады. Жалпы айдарлар атауынан басылымның типологиялық өзіндік ерекшелігі, хабарламаларды іріктеу стилі, газеттегі стилистиканың доминантасы мен идеялық позициясы көрініс табады.
Газет материалдарының әртүрлі айдарларға топтастырыла ұсынылуы бір жағынан, редакция жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан, адресат мүддесін көздейтін қадам десек болады. Өйткені, кез келген оқырман қолына тиген газетке алдымен көз жүгіртіп шығады. Осындайда үлкен әріптермен, түрліше формада, мәтіннен оқшау, ықшам түрде берілген айдардың реципиент көзіне бірден түсетіні сөзсіз. Айдар атауы арқылы ондағы материалдардың тақырыптық мазмұнынан да біршама хабардар болатын оқырман осы мәтінді өзі үшін аса пайдалы немесе қызықты, қажетті деп белгілеуіне себеп болады. Яғни айдар біріншіден, атауыштық, тақырыптық, екіншіден, ақпараттық, үшіншіден, жарнамалық қызметтерді қатар атқаратын прагматикалық маркер болып табалады. Сонымен айдарды міндетті түрде тақырыпатпен қатар қолданылатын тұтастықтың бір бөлігі деп тануға болады. Соған сәйкес тақырыпат пен айдардың атқаратын қызметтері бірдей деуге негіз бар.
Жұмыстың 4.1. 2 тармақшасында Газет мәтінін қабылдаудағы тақырыпаттың (заголовок) қызметі жан-жақты қарастырылып, қазақ басылымдарынан жиналған тілдік материалдар негізінде дәйектелді. Тақырыпат медиа-мәтіннің ажырамас маңызды бір бөлігі бола отырып, атауыштық, ақпараттық және прагматикалық қызметтер атқарады. Осындағы атауыштық қызметі мәтін атауының ондағы ақпараттан хабардар етуінен және онда сипатталатын оқиғаға баға беруінен көрінеді. Тақырыпаттың ақпараттық қызметі мәтіннің негізгі мазмұнын ықшамдалған, сығымдалған түрде жеткізу арқылы жүзеге асырылады. Мұны коммуникативтік қызмет деуге де болады. Өйткені ақпараттық қызметті атқара отырып, материал тақырыбы оқырманның қызығушылығын оятып, ойлау жүйесіне әсер етеді. Материалдағы көлемді ақпаратты барынша аз тілдік құралдар арқылы жеткізе отырып тақырыпат мәтіннің концептуалдық-тақырыптық желісін интерпретациялауға қатысады. Прагматикалық қызмет бірнеше қосалқы қызметтерді біріктіре отырып, реципиенттің мәтінді қабылдауына тікелей әсер етеді. Ол қосалқы қызметтерге графикалық айшықтау, бағалауыштық, жарнамалық және интегративтік функциялар жатқызылады. Осындағы негізгі қызметтер кез келген газет мәтініне қатысты сөзсіз атқаралатын тұрақты сипатта болса, қосалқы қызметтер әр материалда түрліше деңгейде көрініс табады. Прагматикалық қызметтің өз деңгейінде атқарылуы автордың тілдік компетенттілігі мен кәсіби шеберлігін талап ете отырып газеттің бұқаралық санаға тигізетін ықпалын барынша күшейтетін маңызды фактор деп санағанымыз жөн.
4.1.3 тармақта Газет мәтіні тақырыпатының прагматикасына арналды.
Кеңес кезеңіндегі таптаурындық, эмоционалдық бояуы солғын, қатаң стильдегі тақырыпаттардан үлкен айырмашылығы бүгінгі газет бетіндегі тақырыпаттар мағыналық кернеуінің күштілігімен, жоғары мәнерлілігімен ерекшеленеді. Әсіресе бағалауыштық, экспрессивтік, жарнамалық мән арқалаған ойнақы да қызықты тақырыпаттардың прагматикалық рөлі зор. Олар ә дегеннен оқырмандарға газет материалы жайында түсінік беріп, оны мақаланы белгілі бір бағдармен қабылдауға дайындайды. Осы мақсатпен қазіргі қазақ баспасөзінде контрастқа құрылған тақырыпаттардың көбірек кездесетіні байқалды. Мұның өзі бүгінгі газет мәтіні тақырыпатының айрықша ақпараттық және прагматикалық бағытта дамып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі тақырыпаттың бағалауыштық сипаты әсіресе оның эмотивтік қызметінде көрініс табады.
Газет мәтіні тақырыпатының мағынасын түсінуде адресат пресуппозицияға сүйенеді, ол (пресуппозиция) газеттің тұрақты оқырмандарында қалыптасады. Осы пресуппозиция мәтін тақырыпатының эксплицитті элементтерінің семантикалық мазмұнын анықтайды. Мысалы: «Жеңгесіндей сырласты» (Е.Қ., 06.03.04). Бұл тақырыпаттан адресат мақалада сөз болатын мәселе (әңгіме тақырыбы, болған жері, уақыты, оған қатысушылар т.б.) туралы толық ақпарат ала алмайды, бірақ қазақы менталитетке тән етене жақын болу, ойын бүкпесіз ашық айту сияқты жақын, пікірлес, бір-біріне жаны ашитын, қамқорлық танытатын адамдардың арасында болатын жылы қарым-қатынас сипаты аңғарылады. Жеңгесін анасындай көретін қазақ ұғымында одан ешқандай сыр жасыруға болмайды, яғни бұл мақаладағы кейіпкерлер арасында барынша ашық әңгіме болғанын білдіреді. Осындай аялық білімге ие адресатқа бұл тақырыпат ерекше әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан мақаланың атауын оқыған сәтте оқырман санасында «жақындық», «жанашырлық», «сенімділік», «достық», «қамқорлық» сияқты ассоциациялар туындап, адресаттың мақала мазмұнымен танысуға деген қызығушылығы оянады. Дегенмен, мақаланы оқып шыққанда аталғандардан мүлдем басқаша ассоциациялар туындауы да мүмкін. Тақырыпаттың мұндай түрін мақала мазмұнымен толықтай емес, ішінара байланысты болатын, прессуппозицияға негізделген меңзеу сипатындағы тілдік бірліктер деп атауға болады. Бұл тақырыпат мақала мазмұнымен онда баяндалатын іс-әрекеттің (оқиғаның) өту сипаты бойынша ғана байланысып тұр.
Қазіргі қазақ баспасөзінде оқырманның назарын аудартып, мақаланы оқып шығуға «мәжбүр ету» мақсатымен осы сияқты ұлттық танымды көрсететін, эмоционалдық бояуы қанық, бедерлі оралымдарды қолдануға ұмтылыс дәстүрге айналып келе жатқаны байқалады. Мысалы «Сақтансаң сақтайды» («Құдай сақтанғанды сақтайды») (Е.Қ., 22.05.04); «Күлшелі бала сүймекке жақсы» Ж.А.), «Түйені түгімен жұту жеңіл-желпі диета болып қалды» (Ж.А., 22.11.05); «Дымды түсінбейтін депутаттар» (Т., 02.06.05), «Әр әнші өз қазанында қайнап жүр» (Ж.А., 01.01.04) т.б.
Газеттің бір санындағы тақырыпаттар жиынтығы оқырманға сол күнгі шығарылымда берілген ақпараттар туралы жалпы түсінік беріп, көпшілікті оның прагматикалық бағыттылығы жайында, газет шығарушының осы санда көздеген мақсаты мен коммуникативтік міндетінен хабардар етеді.
4.1.4 тармақшанда газет тақырыпатындағы тыныс белгілердің қолданысы қарастырылды. Тыныс белгілері – мәтін тақырыпатына экспрессивтік сипат беретін маңызды құрал. Олар мәтінге стилистикалық бояу үстеп адресаттың оны түсінуі мен қабылдауын жеңілдетуге өзіндік септігін тигізеді. Құрылымы айрықша ықшамдығымен сипатталатын газет тақырыпаттарында сұрау белгісі, леп белгісі, қос нүкте, дәйекше, тырнақша, көп нүкте сияқты орфографиялық белгілер айрықша спецификалық семантикаға ие болып, мәтіннің прагматикалық бағыттылығын көрсетеді.
Жалпы тыныс белгінің өзі жеке-дара тұрғанда ешқандай мәні болмайды. Ол өзінен бұрын келген сөздің қолданылу уәжін сақтап, мәнін нақтылап, сөзқолданысқа үстелген экспрессивтік бояуды т.б. күшейте түсу үшін қолданылады.
Тыныс белгілер жеке-жеке, кейде қатар қойылады. Газет мақаласының тақырыпатында қоса-қабаттала қолданылғанда олар автордың жеткізбек болған бірнеше ойын қатар білдіреді. Газеттік дәстүр бойынша тақырыпаттардан кейін ешқандай тыныс белгісі қойылмайтыны белгілі болғанымен, кейбір газеттерде тұрақты айдарлармен берілетін материалдың тақырыпатынан кейін қос нүктенің қойылатыны байқалады. Бұл тыныс белгінің синтаксистік пішіндеуші рөлін баспасөз қызметкерлері тез аңғарады. Жалпы кез келген мәтіннің тақырыпатынан кейін нүкте қойылмайтыны белгілі, өйткені ол- баяндалатын күрделі ойдың (гипер мәтіннің) басталғанын білдіретін кіріспе бөлік. Соңғы жылдардағы (2002-2006) қазақ газеттеріне шолу жасалғанда әсіресе проблемалық мақалалардың тақырыпаттарында т.б түрліше комбинацияда келген (?! ?…!?) тыныс белгілердің көптігіне көз жеткізілді.
Графикалық құралдарды прагматикаға қатысты зерттеуде көп нүктенің ерекшелігін анықтаған Т.Ш.Мырзахметова: «Қазіргі пунктуация көпфункционалды таңбалар жүйесі бола отырып, алуан түрлі мәндерді жеткізеді. Сөйтіп олар ақпаратты кодтау мен оны ашу құралдарының арасында айрықша маңызға ие болады. Ауызша сөзжұмсамдағы ақпаратты кодтау және кодты ашу мәселелері вербалды және паравербалды құралдар көмегімен шешілсе, жазба мәтінде бұл міндет графикалық және параграфикалық құралдарға жүктеледі. Соңғы құралдарды мәтін иесі өз коммуникативтік-прагматикалық тәжірибесіне сәйкес пайдаланады» дейді. [24,3]
Сонымен, газет мәтіні тақырыпатындағы тыныс белгілер ең алдымен
- таңбалық сипаты күшті, бейвербалды болып табылады, яғни сөзбен жеткізілмеген мағыналық жүк осы тыныс белгіге артылады;
- сөзбен эксплицитті түрде айтылған ойдың астарындағы (подтекст) жасырын мәнді имлицитті түрде тыныс белгілері жеткізеді;
- тыныс белгілердің емле ережелерінде қабылданып, орныққан орнын ауыстырып, кері позицияда (көп нүктенің сөйлем басында келуі), тіркестіріп (комбинациялық, яғни бірнеше тыныс белгісін қабаттастыра қолдану) құрақбелгілер түрінде қолданудың газет мақаласында көтерілген проблемаға көпшілік назарын ерекше аударту немесе автордың кесімді пікірін білдіру емес, адресатқа ой тастау, оқырманда алуан түрлі ойларға жетелеуде мәні зор. Яғни адресант та, редакция да өздерінің нақты пікірін ашық білдірмейді немесе «қай мақамға салуды», «неге жоруды» оқырманның өз еншісіне қалдырады;
- тыныс белгілердің, әсіресе көп нүктенің қолданылуындағы түрлендірулер адресат санасында алуан түрлі ассоциацияларды туындататыны хақ.
Кез келген тақырыпатты оқыған сәтте, адресат ол мақаладан өзі үшін аса өзекті, өзін көптен қызықтырып жүрген мәселенің қозғалуын күтеді. Сондай-ақ тақырыпат құрамында бұрыннан таныс сөзқолданыстың болуы адресаттың тілдік санасында және когнитивтік санасында аталмыш мәселеге байланысты туындап, қалыптасқан ассоциациялардың көрініс беруіне себеп болады.
Тыныс белгіні ереже бойынша дұрыс қою немесе орнын ауыстырып қолдану, тіпті мүлдем қолданбау журналистің өз шешімі деп танылады, яғни, қажетті жерінде тыныс белгісін қоймай кетудің себебін автордың прагматикалық мақсатынан іздеу керек. Мұны орфографиялық нормадан уәжді немесе уәжсіз ауытқу деп атауға болады.
Қорыта келгенде, газет мәтіні тақырыпаттарында қолданылатын тыныс белгілердің прагматикалық қызметі бірдей емес екендігіне көз жеткізілді. Осы тұрғыдан тыныс белгілерді 3 топқа бөлуге болады:
І. Прагматикасы аса күшті тыныс белгілер:
а) 2-3-4-5 белгінің қатар келуі, оларды құрақбелгі деп атауды жөн көрдік: ?..; ?!; ?!.; “… ? …”
ә) көп нүктенің әртүрлі (тақырыпаттың басында, ортасында, соңында) позицияда қолданылуы;
б) тырнақшаның берілуі;
ІІ. Прагматикалық әсері орташа дәрежедегі тыныс белгілер: жеке тұрған сұрау белгісі, леп белгісі.
ІІІ. Жалпы пунктуация талаптарына сай қолданылған тыныс белгілер: сызықша, үтір, қос нүкте.
4.1.5 тармақшада Фразеологизмдерге құрылған тақырыпаттардың прагматикалық еркешеліктері арнайы қарастырылды.
Газет мәтініндегі тақырыпаттар қашан да прагматикалық бағыттылыққа ие болып, оқырманға, оның аялық біліміне бағдарланады; олар өзіндік пресуппозициялары және соларға тән ережелері әбден қалыптасқан мәдениет аясының шарттары ескеріле отырып қойылады.
Талдау, сындарлы ойлау тұрғысынан жазылған газет мақалаларының тақырыпаттары нақты, анық мәнді болмайды. Оларды құрайтын сөздер мен тіркестер көбінесе ауыспалы мағынада жұмсалады, оларда қолданылған стилистикалық тәсілдер тұтас мәтін көмегімен немесе оның жеке бір үзігі арқылы айқындалып түсініледі. Мұндай тақырыпаттар негізінен аялық білімдер пресуппозициясына сүйенеді. Оларда қатталған ақпаратты түсіну үшін адресат аса бай мәдениеттен хабардар болуы тиіс. Тақырыпаттардың адресатқа жақсы таныс, белгілі өлең жолдарынан алынуы оны жаңаша коннотациялармен байытады, оқырман қауымға тигізетін әсерін ерекше күшейтеді.
Қазақ газеттеріндегі тақырыпаттарда («Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркістан», «Ана тілі» т.б.) мәтінаралық референциялардың әр алуан түрлерінің кездесетіндігі байқалады:
1. Аллюзиялар көркем әдебиет туындыларының (прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалар) атауларын меңзеуі мүмкін. Мыс: «Бандыны қуған Қайырбек» (Ж.А., 01.08.02), «Кірпіш болып қаланар кетігің қайсы?» (Т., 08.08.02).
2. Газет мәтіндерінде кинофильмдер аттарына қатысты аллюзиялар кездеседі: «Байлар да жылайды» (Ж.А., 24.12.05); «Тоғысқан тағдырлар» (Е. Қ., 30.06.04).
3. Газет тақырыпаттарында белгілі әндердің, әнұранның, эстрадалық туындылардың аттарына қатысты аллюзиялар жиі кездеседі: «Махаббат – мәңгі ертегі» (Е.Қ., 04.06.04); «Астана – жас қала, Алматы – бас қала» (Ж.А., 17.01.04), «Қош бол, Сандро, келгенше…» (Ж.А., 27.12.05).
Бұл тәсілдердің барлығы прецедентті мәтіндер қолданысына негізделген. Ю.Н.Карауловтың айтуынша, прецедентті мәтіндеге: «тұлға үшін танымдық және эмоционалды жағынан маңызы бар мәтіндер; тұлғаның айналасындағы адамдардың бәріне де кеңінен таныс мағлұматтар, тілдік тұлғаның дискурсында бірнеше қайтара қолданылатын мәтіндер жатқызылады» [25]. Ал қазақ зерттеушісі Г.К. Ихсангалиева прецедентті мәтіндердің трансформациялану тәсілдерін квантитативтік және квалитативтік және аралас түрлерге бөледі. Бірінші түрінде прецеденттік мәтін құралымындағы бір сөйлем басқа сөздермен алмастырылады немесе оған басқа сөз енгізіледі. Екінші тәсіл бойынша, прецеденттік мәтіндегі тұтас сөз емес, оның бір бөлшегі, яғни форма немесе бірлі-жарым әріп өзгертіледі, аралас тәсілде осы аталмыш тәсілдер алма-кезек қолданылады. [26]
Тақырыпаттың мәнерлілік әлеуетін арттыру үшін мәтінаралық байланыстардан бөлек, өзге де стильдік тәсілдер қолданылады.
Сөзойнатым (каламбур) мәтіндер тақырыпаттары ретінде қолданылатын аса маңызды стильдік тәсіл болып саналады. Сөзойнатым фразеологизм немесе сөзоралым құрамындағы бір лексеманы басқа сөзбен алмастыру немесе оған жаңадан сөз қосу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы, «Ақымаққа намаз үйретсең, жайнамазға басын жарады» (Ж.А.,17.02.04.) деген тақырыпат «Саңырауға сәлем берсең, атаңның басы дейді»,-деген мәтел үлгісімен жасалған; «Ақиқатты айтпасақ сөз атасы өлмей ме?» (Ж.А., 29.01.04.) тақырыпаты қазақтың «Айтпаса сөз өледі» деген мәтел үлгісімен жасалған, «Б» десең Бәкеңе тиеді, «Т» десең Тәкеңе тиеді …» (Ж.А., 25.05.04) «Тық деген тауыққа тиеді» деген мәтел ізімен жасалған; «Горбачев сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді…» (А.Т., 19.02.04) – қазақ фольклорында қалыптасқан сөз бастамасының негізінде жасалған сөз ойнату деуге болады.
Осы мәселеге қатысты С.Иманбердиева «Бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы» деп аталатын мақаласында В.Г.Костомаров пен Н.Д.Бурвикова ұсынған «логоэпистема» терминін қолдануды жөн көреді [27].
Логоэпистема астарынан аңғарылатын ақпарат пен білім мазмұны жағынан анағұрлым бай, кең болатыны белгілі. Осыған байланысты аталмыш қолданыстарға автор өз ыңғайына, прагматикалық мақсатына сай қажет деп тапқан мәндерін үстей алады. Сонымен логоэпистемалар қазіргі газет мәтінінің тұрақты да маңызды бір бөлігі бола отырып оқырманды қызықтыратын тиімді тәсіл болып табылады. Біздің мәдениетімізге дендеп енген бұл құбылыс жаңалық, тосындық әсерін тудыратындықтан оқырман қабылдауына да жеңіл тиеді. Кейде логоэпистемалар жай ғана ойнақылық, қалжың ретінде қамтылса, кей жағдайда оған арнайы прагматикалық міндет жүктеледі. Логоэпистемаларға құралған тақырыпаттарда контраст принципі де басшылыққа алынады. Сөйтіп олар байланыс орнату қызметін ғана атқарып қоймай, мәтінде суреттелетін оқиғаға қандай баға беруге де бағытталады. Сонымен бүгінгі қазақ баспасөзінде кеңінен қолданылып жүрген логоэпистемаларға қатысты мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- біріншіден, олар автордың позициясын көрсетеді, яғни өзі көтеріп отырған проблемаға журналистің қандай баға беретіні көпшілікке бұрыннан таныс мәтіндер мазмұны арқылы меңзеледі;
- екіншіден, логоэпистемалар адресант пен адресаттың арасын жалғайтын көпір рөлін атқарады, яғни бір тілдік ұжымда, мәдениетте қалыптасып орныққан коннотациялық мәнге ие логоэпистемалар газет мәтінін өзге материалдардан айрықшалап тұратын прагматикалық қарқындандырушылар қызметін де атқарады;
- үшіншіден, әрбір логоэпистема өзін қолданған автордың даралығын танытып, журналистің жаңашылдыққа ұмтылысын көрсетеді.
Авторлық трансформацияда тақырыпат ретінде алынған фразеологизмнің сыртқы пішіні өзгертілмейді, ал ішкі мағынасы өзгертілуі мүмкін. Мұндай сыртқы пішіні өзгертілмей алынған сөз тіркестерінің еркін және фразеологиялық байланысқан мағыналары мәтінде қатар актуалданатын тақырыпаттар айырықша мәнерлілікке ие болады. Э.И.Турчинская авторлық трансформацияның өзін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және аралас трансформациялар деп бөледі [28, 47-51].
Публицистикалық стильде жазылған мәтіндерде сөздік құрам алуан түрлі болып келеді және әр қилы фразеологиялық бірліктер қамтылады. Жалпы қазақ газеттеріндегі мақала тақырыпаттарында кездесетін фразеологизмдерді үлкен екі топқа бөлуге болады: 1. Дәстүрлі фразеологизмдер; 2. Жаңғыртылған, өзгертілген авторлық фразеологизмдер.
Тілімізде бұрыннан бар, көпшілікке белгілі тіркестердің ешбір өзгеріссіз, бастапқы қалпында алынып, тақырыпат ретінде жұмсалуы қазақ баспасөзінде жиі кездеседі. Мұндай құбылысты дәстүрлі қолданыстар дейміз. Мысалы: «Тас түскен жеріне ауыр» (Ж.А., 07.07.05), «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» (Е.Қ., 20.02.04), «Бөлінгенді бөрі жейді» (Е.Қ., 18.05.04), «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (А.Т., 26.05.05), «Кел демек бар, кет демек жоқ» (Е. Қ., 22.06.04), «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» (Ж.А., 27.04.04), «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» (Ж.А., 29.05.04), «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» (Ж.А., 10.01.04), «Сауда сақал сипағанша» (Ж. А., 14.02.04), «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» (Ж.А., 22.01.04), «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» (Ж.А., 02.03.04) т.б. Бұлардың барлығында көпшілікке бұрыннан белгілі тіркестер өзгеріссіз қайталанған. Осындай дәстүрлі қолданыстардың ішінде ғылымның басқа салаларынан алынған ережелер де тақырыпат ретінде жұмсалғаны байқалады. Мысалы: «Төртбұрыштың ішіндегі параллельдер» (Ж.Қ., 24.03.06), «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» (Ж.А., 31.01.06) сияқты тақырыпаттар математика ғылымының нысаны екені белгілі. Мұндай тақырыпаттардың қойылу мақсатын көпшілік тек мақаламен танысу арқылы ғана біледі, екінші жағынан мұндай қолданыстарды толық түсіну адресатта арнайы салалық білімнің болуын қажет етеді.
Жұмыста газет мәтіндері тақырыпаттарындағы фразеологизмдердің авторлар тарапынан трансформациялануына арнайы тоқталдық.
Коммуникативтік және коммуникативтік емес фразеологизмдерде негізінен бейнелі фразеологизмдер трансформацияланады. Авторлық трансформациялар мынадай мақсаттарды көздейді: мәтін тақырыпаттарының экспрессивтілігін арттыру; ирония, сарказм әсерін тудыру, юморлық ықпалын күшейту, мәнді дамыту, дәстүрлі образға «жан бітіру». Газет мәтіні тақырыпаттарында фразеологизмдердің автор тарапынан трансформациялану тәсілдері әр алуан және күрделі болып келеді, яғни онда тұрақты тіркестердің дәстүрлі бейнелі негізінің өзгертілуі, нақтылануы, сөз ойнату және бұрмалау арқылы туындайтын әсер т.б. қолданылады.
Тілімізде әбден қалыптасып орныққан, халықтікі болып саналып кеткен дәстүрлі фразеологизмдерден бөлек, белгілі бір үзінді түрінде жиі қолданылып, көпшілік құлағына әбден сіңісті болған оралымдар да бар. Оларды тарихисипаттағы айқын мәнді жасанды сөзқолданыстардеп атауға болады. Халықтық фразеологизмдермен салыстырғанда, олардың семантикалық әлеуеті де, қолданылу ортасы да, ұғымдық шеңбері де тарлау болады. Мысалы: Сенім, сенім және сенім [Е.Қ., 24.02.04]; Сайлау, сайлау, тағы да сайдау (А.Т., 12.08.04) деген тақырыпаттар В.И.Лениннің кеңес дәуірінде жалпыхалықтық ұранға айналған өсиеті («Оқы, оқы және оқы!») негізінде жасалған.
Сонымен, соңғы жылдардағы қазақ газеттерінде мәтіндерге тақырыпаттар қоюда штамп, стандарт сияқты таптаурындардан бас тартып, бұрыннан белгілі формаларды өзгертіп, түрлендіру, жаңаша үлгіде жасалған қолданыстарға ұмтылу үрдісі байқалады. Әсіресе, сөз мәйегі саналатын мақал-мәтелдерден, фольклорлық шығармалардан алынған қайталанбалы дайын үлгілер, жыраулар мен ақындардың, классик жазушылардың көпшілікке белгілі шығармаларынан, басқа да көркем туындылардан, (кинофильмдер, әндер т.б.) алынған атаулар мен үзінділерді, өлең жолдарын тақырыпат ретінде қолдану бүгінгі журналистер қауымы үшін дәстүрге айналғандай.
Жұмысымызда фразеологизмдер трансформациялануының бірнеше тәсілі айқындалып, қазақ газеттерінен жиналған мысалдар негізінде топтастырылды. Автордың халыққа белгілі фразеологиялық бірліктерді сол күйінде қолданбай, өзгертіп, түрлендіруге ұмтылуы мынадай прагматикалық мақсаттардан туындайтыны анықталды:
1. Мақалаға адресат назарын бірден аударып, оның материалды оқып шығуына түрткі болу;
2. Аудиторияға бұрыннан таныс фразеологиялық бірліктерді қолдану арқылы адресат санасында туындайтын әртүрлі ассоциациялар негізінде материалдың тез қабылданып, жеңіл түсінілуіне қол жеткізу;
3. Трансформацияланған фразеологизмдерге негіз болған пресуппозиция арқылы оқырман көңіл-күйіне әсер ету. Бұл – тақырыпаттардың әсер ету қызметінің экспрессивті қыры.
Жұмысымыздың 4.2 «Газет мәтіндеріндегі бейлингвистикалық құралдар қолданысының прагматикалық аспектісі» деген тармағыгазет беттеріндегі графикалық құралдар мен креолды мәтіндерге арналады.
4.2.1 тармақ газет бетіндегі әртүрлі графикалық құралдарға, оның ішінде шрифтің қызметіне арналды.
Осындай графикалық құралдардың бірі саналатын шрифт (қаріп) үлкен прагматикалық жүк арқалайды. Зерттеуші Қ.Күдеринова докторлық диссертациясында жазба мәтіннің жалпы графикалық ерекшеліктеріне «ЖМ-нің парақ бетіне орналасуы», абзацты, көз тынысын (үлкен ашық жол), қаріп түрлерін (майлы, ашық, көлбеу әріп), үздікті жазды, асты сызылған жазды, қаріп түсін жатқызады» [29, 17]. Қаріп креолдық мәтіннің аса қажетті композициялық элементі, оның вербалды бөлігін безендіретін материал және дербес көркем форма болып табылады. Әріптаңба да мәтінде: аттрактивті, мәнайырғыштық, экспрессивтік, символдық, эстетикалық, сипаттамалық қызметтердің бірін атқаратындығына көз жеткізілді.
Жұмыстың 4.2.2 тармақшасы «Креолды мәтінге» арналады.
«Креолды мәтіндер дегеніміз – әртекті екі бөліктен: вербалды және бейвербалды құралдардан тұратын мәтіндер» [30, 180]. Креолды мәтіндердің маңызды элементтерінің бірі ретінде түс арнайы сөз болды. Газет мәтіндерінде ол аттрактивтік, мәнайырғыштық, экспрессивтік, символдық, эстетикалық қызметтердің бірін атқарады [31, 59].
Креолды мәтіндерді автордың прагматикалық ұстанымын (материалға адресат назарын бірден аудару, әртүрлі түстер арқылы оқырман санасында түрліше ассоциациялар туындату, түрлі таңбалар арқылы символдық мәнді білдіру, суреттер мен фотосуреттер арқылы мәтіннің вербалды бөлігіндегі ақпаратты нақтылай, толықтыра түсу т.б.) барынша айқын көрсететін аса тиімді тәсіл деуге болады. Қазіргі қазақ баспасөзінде бұл тәсілдің кеңінен қолданылуы журналистикадағы жаңашылдық пен шығармашылық еркіндікті байқатады.
ҚОРЫТЫНДЫ
1. ХХ ғасырдың ІІ жартысында өркендей бастаған адамтану бағытындағы ғылым салалары қалыптасу кезеңінен өтіп, ұғымдық шеңбері, проблемалық аясы айқындалып дербестенді деуге болады. Осымен байланысты қолданыстағы тілді адресант – мәтін – адресат үштағаны төңірегінде қарастыратын прагмалингвистика қоғам өмірінің әрбір саласына қатысты жеке-жеке зерттеуді қажет етеді. Әсіресе алуан түрлі саяси, әлеуметтік, мәдени т.б. өзгерістерге толы қоғам өмірінің айнасы іспеттес газет тілінде бүгінгі социумға қатысты тілдік жағдаят жан-жақты көрінетіндіктен оны арнайы зерттеу бүгінгі күн талабынан туындаған қажеттілік деп түсінген жөн.
2. Ақпарат дәуірі деген атауға ие болған бүгінгі күні БАҚ – бұқаралық коммуникацияны жүзеге асырушы негізгі тетік ретінде танылып, мойындалып отыр. Ғалам бейнесінің (яки ақиқат болмыстың) бір үзігін репрезентациялай отырып, оның бұқаралық санадағы ақпараттық бейнесін қалыптастыратын медиа-мәтін социумға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асырушы, күрделі құрылым болып табылады. Аса маңызды әлеуметтік реттеуші рөлін атқаратын медиа-мәтіндерде социум ішіндегі, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі саяси оқиғалар мен әлеуметтік-экономикалық ахуал түрліше интерпретацияланады.
Лингвистикалық және бейлингвистикалық құралдардан тұратын жазбаша формадағы медиа-мәтін тіл дамуының белгілі бір кезеңіндегі жаңалықтар мен ерекшеліктерді айшықтай отырып, сол арқылы бүгінгі тілдік субъектінің компетенттілігін де көрсететін құнды материал ретінде үлкен маңызға ие болады. Сондықтан мерзімді баспасөз материалдары негізінде жүргізілетін прагмалингвистикалық талдау Адам факторының төңірегіне шоғырланатын алуан сипатты (саяси, әлеуметтік, экономикалық, тарихи, мәдени т.б.) мәселелерге аксиологиялық тұрғыдан баға беруге мүмкіндік туғызады. Нәтижесінде медиа-мәтін БАҚ-тағы прагматикалық әлеуеті аса күшті құрал ретінде танылады.
3. Бүгінгі тіл ұстанушы Кеңес кезеңіндегі алдын ала белгіленген сызба бойынша жоспарлы түрде әрекет ететін, коммунистік идеологияның ықпалынан шыға алмайтын субъектіден түпкілікті түрде ерекшеленеді. Сондықтан да қазіргі медиа-мәтіннің авторы жаңалыққа ұмтылғыш, өз азаматтық позициясын айқын көрсететін, қоршаған ортаны өз ыңғайына қарай бейімдей алатын жасампаз, бейстандарттылықты таңдайтын еркін шығармашылық субъекті болып табылады.
Осымен байланысты арнайы кәсіби дайындығы бар маман газет мәтінін жазу барысында келіп түскен ақпаратты өз прагматикалық ұстанымына сәйкестендіре отырып ұсынады. Ол үшін журналист түрлі прагматикалық амалдар мен тәсілдерге жүгінеді. Осындай тілдік амалдардың сипатына қарай медиа-мәтін бұқаралық санаға мақсатты түрде ықпал ететін маңызды құралға айналады. Сондықтан автордың прагматикалық ұстанымының медиа-мәтіндегі көрінісін дұрыс анықтай білу басылым ұжымының да, оның ар жағында тұрған мүдделі саяси тұлғалар мен топтардың да мақсатын білдіруге жасалатын қадам деуге негіз бар. Нәтижесінде қоғамдағы саяси ахуал медиа-мәтінде тілдік және бейтілдік құралдар арқылы таңбаланып, ғаламның медиа-бейнесін жасауға қатысады. Осы бейненің қандай нұсқада қалыптасуы күрделі де көпқырлы автор образы мәселесі арқылы анықталады.
4. Бүгінгі оқырман газет хабарламасына шүбәсіз сенетін, ондағы ақпаратты нұсқау ретінде қабылдайтын «көнбіс» адресат емес, келіп түскен ақпаратты өзіндік ой елегінен өткізіп саралайтын, мәтін арқылы берілген автор көзқарасын құптау-құптамауды өзі шешетін, көзі ашық білікті тұлға болып табылады. Сондықтан медиа-мәтінді әрбір оқырман өз білім дәрежесіне, саяси сауаттылығына, қала берді өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, өзінше интерпретациялайды деуге толық негіз бар. Осымен байланысты кез келген газет мәтініне қатысты адресант пен адресат оқытушы – оқушы, ұстаз – рухани шәкірт рөлдерінің бірінде көрінеді.
5. Газет мәтінінің авторы қандай да бір оқиға-құбылыс туралы баяндап қана қоймай, оған қатысты өзіндік көзқарасын да білдіреді. Адресанттың осы субъективті пікірі медиа-мәтінде модальділік категориясы арқылы көрініс табады. Осымен байланысты газет мәтініндегі модальділікті бағалау, дәйектеуші және эмоционалды модальділік деп бөліп қарастыру автордың прагматикалық ұстанымын айқындауда үлкен маңызға ие болады.
6. Ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, реттеуіштік және жарнамалық қызметтерді қатар атқаратын медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуетін арттыратын интенсификаторларды контраст, тілдік қайталамалар, сөзойнатым тәсілдері деп қарастырудың прагмалингвистикалық зерттеу үшін мәні зор.
7. Саяси дискурс ақпараттық кеңістіктің өзегін құрайтын күрделі прагматикалық ұғым болып табылады. Ол БАҚ-та позитив және негатив мәндегі PR-мәтіндер арқылы жан-жақты ашылады. Осындағы негатив мәндегі PR-мәтіндер негізінен тілдік манипуляция арқылы көрініс табады.
8. БАҚ – жаңа қолданыстарды қалыптастыруда әрі таратуда маңызды рөл атқаратын негізгі механизм.
9. Медиа-мәтіндегі тақырыптық кешенді құрайтын айдар мен тақырыпат адресат санасына әсер ету үшін пайдаланылатын маңызды қосалқы фактор болып табылады. Бұл екеуінің байланысы оларға ортақ ақпараттық, графикалық-айшықтау, эмоционалдық, интегративтік, жарнамалық функцияларынан көрінеді.
10. Медиа-мәтінде лингвистикалық және бейлингвистикалық құралдардың аралас қолданылуы оның адресат факторына бағытталған әсер ету қызметінен келіп шығады. Қазіргі баспасөзде ерекше орын алатын мұндай әртекті құралдар арқылы жасалған туынды креолды мәтін деп аталады. Креолды мәтін сендіру категориясын эксплицитті және имплицитті түрде жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тиімді прагматикалық тәсіл деп таныған жөн.
Пайдаланылған әдебиет
1 А ван Дейк. Язык. Познание. Коммуникация. – М., 1989. “Прогресс”-310с
2 Винокур Т.Г Говорящий и слушающий. – М., 1993.-172с
3 Сыздық Р. Бүгінгі көркем проза тілі және әдеби норма (сәйкестік пен алшақтықтар) // Өнер алды – қызыл тіл. Мақалалар жинағы. –Алматы: Жазушы, 1986.
4 Рогозина И.В.Медиа-текст как средство социальной регуляции // Концептуальная картина мира и интерпретативное поле текста с позиции лингвистики, журналистики и коммуникативистики: сб.докл. Всесоюз.науч.прак.конф., /25-26 июня,2001/. –Барнаул, 2001, 171-182 стр.
5 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Фил.ғ.д… дисс
6 Апресян Ю.Д. Коннотация как часть прагматики слова// Избранные труды. I. II: Интегральное описание языка и система лексикографии. М., 1995. 767 с.
7 Э.Ю.Новикова. Прагматические характеристики газетного политического текста// Вопросы лингвистики и транслятологии. -Волгоград, 2004, вып. 2 с.18-26
8 Е.Пронин. Критерии эффективности текстового воздействия // Проблемы эффективности журналистики. -М.,1990
9 Каменская О.Л. Текст и коммуникация. -М.,1990 С.150
10 Арутюнова Н.Д. Фактор адресата // Серия литературы и языка. Том 40. №4. 1981 с.356-367
11 Щедровицкий Г.П. Схема мыследеятельности – системно – структурное строение, смысл и содержание // Системные исследования: методологические проблемы. Ежегодник. –М., 1987.
12 Ережепова С.Н. Официально-деловой стиль в русском и казахском языках: прагмалингвистический аспект. Автореф. канд… филол. наук. –Алматы, 2002. -27 стр.
13 Алефиренко Н.В. Современные проблемы науки о языке. -Москва, 2005.
14 Ерназарова З.Ш. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. Фил. ғылым.док.дисс… авторефераты. -Алматы, 2002.
15 Поварнин С.И. Спор. О теории и практике спора// Вопросы философии. 1990. №3. с.60-133
16 Маттуш Х.Ю Семантическая пробематика специальных языков // Исследования по семантике: Межвуз. сборник.- Уфа: Изд-во Башк. Ун-та, 1980 3-11с
17 Похорова Т.Н. Реализация прагматического потенциала современного русского языка в жанрах газетной журналистики. Дисс….док.филол.наук. –Белгород, 2003. -315 стр.
18 Туранский И.И. Семантическая категория интенсивности в английском языке. –Высшая школа, 1990. -172 с.
19 Покровская Е.В. Понимание современного газетного текста (прагматический аспект). –М., 2003.
20 Ахатова Б.С. Языковое сознание. Дисс…д.ф.н
21 Георгиев Д. Режиссура газеты. –Москва, 1979. -107 стр.
22 Коробова Л.А. О семантике газетного заголовка // Иностранная филология. Вып. 6 А., 1975 С.77-84.
23 Лазерева Э.А. Заголовок в газете. Свердловск, 1989 С.96
24 Мырзахметова Т.Ш. Семиотический и функционально-прагматический анализ многоточия. Автореф.дис…канд.филол.наук. –Алматы, 2000. -30 стр.
25 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. –Москва: Наука, 1987. -262 стр.
26 Ихсангалиева Г.К. Функционально-прагматический анализ заголовков (на материале казахстанских газет и телепрограмм).-Алматы, 2000. Дисс…канд.филол.наук. -135 стр.
27 Иманбердиева С. Бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы (газет материалдары бойынша) // С.Аманжолов және қазіргі қазақ филологиясының өзекті мәселелері. -А., 2004. 199-206.
28 Турчинская Э.И. Использование фразеологизмов в газетных заголовках (на материале французкой и советской прессы) // Сб. Научн. трудов МГПИИЯ им. М.Тореза. М., 1987. вып. 294. С.47-55
29 Күдеринова Қ. Қазақ жазуының онтогенездік дамуы. ф.ғ.д… автореф. Алматы, 2006
30 Сорокин Ю.А., Тарасов Е.Ф. Креолизованные тексты и их коммуникативная функция// Оптиматизация речевого воздействия.-М.,1996\
31 Е.Е.Анисимова Лингвистика текста и межкультурная коммуникация.-М., 2003 С.120
Тағы рефераттар
- Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу
- Бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық банктердің менеджментінің маңызы мен рөлі
- Ұйым және инновациялық қызметті қаржыландыру
- Тіршілік өмірінің қауіпсіздігі негіздері
- Сейтен мен Тайжан батырлар