Көтерілістің басқы кезеңінен патша үкіметінің, әсіресе Батыс-Сібір генерал-губернатырлығының Кенесарыға қарсы қимылдары күшпен жаныштау әдісіне негізделді. Әрине, көлемі шағын мақаланың осы бөлімінде Ресей билеушілерінің барлық жазалау әрекеттерін жыл-жылға саралап салу өте күрделі. Әйтсе де, қолдағы әр түрлі сипаттағы деректерге қарап, Романов әулетінің Абылай әулетін жапыруға бағытталған жазалау қимылдарын біршама анықтауға  болады. /24/

Қазақстанның сол кездегі екі әкімшілік орталығы — Омбы мен Орынбор Кенесары көтерілісін жаныштауға негізгі әскери күштерді жабдықтап, қатарын толықтырып отыратын тірек болады. Әсіресе, ХІХ-ғасырдың 30-жылдарынан әскери соттардың билігі кеңейтілді. Қолға түскен Кенесарыны жақтайтын қазақтарды жауапқа тарту, олардың «кінәсін» анықтау және айып тағу Омбы әскери-далалық сотына тапсырылды. Ордонанс-гауз мекемесі (патша заңдарының іске асырылуын қадағалайтын жазалау ұйымы) жаңадан құрылған өкірүгтерден басқа аудандарға қоныс ауыстырған, «үкіметке берген анттан тайғандардың» ісін арнайы қарайтын. 1839-жылы Тер-соққан деген жерде қолға түскен бірнеше қазақтар «бүлікшінің» ісін қолдағаны үшін Ордонанс-гауздың шешімімен жауапқа тартылды. К,анша қинаудан зәбір көрсе де, «бұзықтар» кінәлерін мойындамады. Бұған қапаланған әскери-дала сотының өкілі оларды ауыр жазаға тартуды талап етті: осы қазақтардың әрқайсысына тұздалған шыбықпен бір мың дүре соғып, аман қалғандарын Шығыс Сібірге айдау ұсынылды (Бұл жаза 1731-жылдан 1861-жылға дейін Ресейде жиі қолданылған). Алайда мұрағат қорындағы мәліметтер бұл жазаның қазақтарға қолданылғанын немесе қолданылмағанын анықтамайды

Омбы мен Орынбор әкімдері Кенесары топтарының шоғырланған жерлерін Ресейдің билігін мойындаған қазақтар арқылы алдын ала біліп отырғаны айғақ. 1839-жылдың жазында Омбы облысында Кенесарының, сұлтан Күшіктің және Саржан сұлтанның ұлының (кім екендігі анықталмаған) өздерінің жақтастарымен Ұлытау төңірегінде көшіп жүргендігін білген Батыс-Сібір гүбірнатырының кеқесінде оларды қалай да болса қолға түсірмесе, қазақтардың «билеушілерінің ойрандауы» кең таралып кететіндігі үрей туғызған. Көтерілісшілер қатарының жылдан-жылға өсуі Сібір генерал-гүбірнатырын қатты мазаландырды, 1840-жылы ақпан айының 5-інде «Сібір қырғыздарының» бастығы Ресей билігінен бас тартқандардан айып ретінде «әскери контрибуция» төлету туралы арнайы шешім қабылдады.  Осыны негізге алып, Ресей билігіне бас ұрған аға сұлтандар немесе өкірүгтік приказдың жанында «тәртіпті қадағалайтын» казак отрядының офицерлері көтеріліске қатысы жоқ қазақтарға күдігін айыпқа айналдырып, жала жабуға, жазаға тартуға заң жүзінде хұқылы болды. Көтерілісті ашық қолдаған би, старшын, сұлтандарға бұл шешімнің салдары ауыр болды. «Ресей билігін мойындауға қарсы үгіт жүргізді» деп айып тағылған Песчаная форпосты төңірегінде көшіп-қонып жүрген сұлтандар Жұбаныш Матаевты, Құбақ Жанатбаевты, Өтен Жарықбаевты, Коряковск (Кереку) форпостына жақын Ертіс бойында қоныстанған Талмас Буринды, молда Жабаевты қолға түсіру жөніндегі ұйғарым да жоғарыда көрсетілген Сібір гүбірнатыры кеңесінде қабылданған шешімге байланысты. /25/

Қазақ даласының кеңдігі, көтерілісшіледің өз өңірінің бұта-шұңқырына дейін білуінің нәтижесінде жазалаушылардың оларды іздестіріп, ұрыс жүргізуі мейлінше қиындаған. 1840-жылы сәуір айының 20-ында Сібір корпусының кәмәндірі генерал-лейтенант, кінәз В.Д.Горчаковтың соғыс міністіріне («Құпия» деген белгімен) жолдаған арнайы хатында алшын руы «қырғыздарының» бүлікші Кенесары Қасымовтың Сырдария бойында жүргендігін айтқанын қуана хабарлаған. Осы хабар расталысымен, Сібірден гвардия штаб капитаны Спиридонов бас болған 250 казактан және екі зеңбіректен құралған жазалаушы топ Атбасар өлкесін басып өтіп, Есіл өзені арқылы Торғайға беттеді. Одан оңтүстікке бағыт алған әскер Кенесарыны талқандауға ұмтылды. Патша жазалау әскері көрінісімен-ақ жеке-жеке топтарға бөлінген қазақтар, кінәз В. Д. Горчаковтың рапортында хабарланғандай, «шошынып, киіз үйлерін, дүниесін тастай, жан-жаққа тарап кетті». Жақсы қаруланған патша «әкерлерімен ашық қақтығыстан ойысып, оларға тиіп-шегінді әдісін шебер пайдаланған Кенесары топтары кең жазық далада тұрақты әскерлердің уысынан тез құтылып кетіп отырды. Сібір корпусы кәмәндірінің 1840-жылы Омбыдан әскери гүбірнатырға жолдама хатында Қарқаралы өкірүгтік приказынан жүзбасы Ребров пен заседатель (аға сұлтанның төрт көмекшісінің бірі) Неговскийдің казак тобы тобықты болысының Тәшкентке ойысқан ақсақ руларын Балқаш көлінен асырмай тоқтатып, қайтадан бұрынғы жеріне қайтару мақсатын қойды. Құр-Бақанас   өзенінің  бойында бір жыл қыстап шыққан ол рулар айтылған ауданнан көшіп кеткен. /26/

Сібір гүбірнатыры әскери шендерінің өз мүмкіндіктерін асыра бағалауы қазақ  даласына аттандырылған жазалаушылардың көп жағдайда нәтижесіз кейін қайтуға мәжбүр болғандығына себепші еді. Сібір корпусының кәмәндірі 1840-жылы шілде айының бірінде Петербургке жіберген хатында өзін ақтап, көтерілісшілерді қудалаудағы сәтсіздікті Омбы басшыларына жабуға тырысты. Патша үкіметіне жағынуға тырысқан Орта Азия көпестері де қазақ даласын қамтыған көтерілістен зиян шегіп, бекініс комендаттарына жолдаған түсіндірмелерде көтеріліс жөнінде ылғи анықталған мәліметтер бере алмайтын. Мүмкін, мұндай жағдай Кенесарының Қоқан бектерімен арасының шиеленісіп кетуінің салдарынан да болар. Басты себеп — қазақ даласының транзиттік саудадағы делдалдық орны. Орта Азия көпестері керуендерінің әсіресе Шыңжанға, Маңғолияға әр түрлі тауарлардан мол кіріс түсіруіне қолайлы шарт жасалғаны мәлім. Енді Орта жүздің шеңберінен кеңейіп бара жатқан азаттық қозғалыс, патша әскерлерімен қарулы қақтығыс сауданың дамуын баяулатты. Сондықтан да көпестер көтерілістің тезірек сөнуіне мүдделес болды. 1840-жылдың шілде айының екісінде Тәшкенттен шыққан керуеннің басы Қасымжан Молданиязов «азиаттық иеліктердегі» тыныштықты бұзып тұрған — «Кенесарының бүлігі» деп ашып жазған.

Көтерілісті басу жолындағы үкіметтің жоспарларын іске асыруын  күрделендірген   жағдайдың  бірі — патша  билігін мойындаған рулардың Кенесары көтерілісінің бірде өршіп, бірде сәтсіздікке ұшырауына байланысты әр жаққа ойысып отырғандығы. Мысалы, 1840-жылдың шілде айының 27-нде Ресейге бойсынған бағаналы руының бір тармағы Аманқарағай өңіріне  бет алды.  Өкірүгтен  біраз жер қашықтағаннан кейін, кенеттен бағыттарын өзгертіп, Сырт Торғай өзеніне, Сарықопа,   Наурызым   аймағына   ойысты. Кінәз В.Д. Горчаков соғыс міністіріне хабарлағандай, бұл қазақ ауылдарының мақсаты — әлі де тәуелсіздігін сақтаған Торғай өлкесіндегі арғындармен қосылу еді.  150 казактан және екі зеңбіректен тұратын майор Гаюс басшылық еткен отряд шілде    айының 9-нда Сарықопа өзені  бойында бағаналы   қазақтарына   шабуыл   жасады. 527 түйе, 229 жылқы, 52 ірі қара мал, 3955 қой жазалаушылардың қолына  түсті.

Алайда ұрыс даласынан бас сауғалаған бағаналы руының қазақтары Гаюстың тобының қысымына шыдай алмай, шегініп  үлгерді.

Кенесары барлық сарбаздарын бір топқа шоғырландырмай, өзінің батырлары арасында әскерін бірнеше топқа бөлген еді. Міне, осыдан да патша жазалаушы күшіне Кенесарының басты қолын талқандау қиын болды. Оның бір жасақтары Торғай бойында күрес жүргізсе, екінші бір тобы кең даланың басқа өңірлерінде не патшаның жазалаушы күштерімен, не Ресей үкіметінің билігіне ант берген аға сұлтандармен алысты. Жергілікті табиғи жағдайды бес саусағындай білген Кенесары топтарының кенеттен қай өкірүг төңірегінен шыға келетінін аңғару да қиын еді. Мысалы, 1840-жылдың, тамыз айының 2-нде жүзбасы Волковтың казактары қуғынынан құтылған сұлтанның өз жасағы Шу өзені бойында шоғырланып, 600 сар-базды бастап, жаңадан құрылып жатқан өкірүгтердің тағы да берекесін кетірді. Ұлытау маңайында, Сары және Қара Кеңгірлі өзендерінің тұсында «бүлікші қырғыздар» күтпеген жерден жазалау отрядына жақындады. Жүзбасы Лебедевтың бұйрығымен осы аймақта Кенесарының соңына түскен хорунжи Рытовтың қарауындағы 50 казак пен оған ілескен 100 қазақ тобына Кенесарының «қарақшылары» атой салып, шабуыл жасады. Шайқаста біраз көтерілісшілер оққа ұшты. Кенесарының жиені (оның қарындасы Бопайдың ұлы) сұлтан Төрехан Сәмекин, «қарақшының» төленгіті Сарсенбай казактардың тұтқынында қалды. /27/

Кенесары көтерілісінің әр түрлі кезеңдеріндегі сәтсіздіктері тек патша үкіметінің жазалау отрядтарының жан-жақтан қысымында ғана емес, негізінен алғанда, приказдардың басында тұрған, Россия әскерінің офицер шені бар қазақ феодалдарының және де басқа бірқатар би-сұлтандарының халық мүддесінен алшақ тұрғандығында. Әсіресе, Қасым төренің тұқымдарына күресуде ерекше табандылық көрсеткен Ақмола аға сұлтаны, полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин. Белгілі жазушы I.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Хан Кене» бөліміндегі дала ақсүйектерінің арасындағы қайшылықты хан Кене мен Қ.Құдаймендиннің тартысымен бейнелеуі кездейсоқ емес деп ойлаймыз. Кенесарының туының астына бүтін қазақ халқы топтасты деп тұжырымдау, әрине, біржақты, жалаң қорытынды болатындығы сөзсіз. Халықты бір-біріне қайшы екі топқа бөліп тастаған бұл бұқаралық қозғалыстың беттерінде әлі де сыры ашылмаған қаншама оқиғалар бар.        Көтерілістің «ақ таңдақтарын» ашуда жаңа мәліметтер қажет. Екі феодалдық топ арасындағы тартысты Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры шебер пайдалана білді.

1842-жылы қаңтар айының 22-інде Сібір корпусының кәмәндіріне «Сібір қырғыздарының» әкімінің рапортындағы төмендегідей мәліметтер жоғарыда айтылған жағдайды біршама анықтайтын сияқты. Бұл мәліметтерді аға сұлтан Қ.Құдаймендиннің төленгіті Қожасов жинастырған: Амантау төңірегінде Кенесарының жиені Саржан сұлтанның баласы Ержан, Жекебатыр көтерілістен ажырай бастаған қазақтарды «тонау» немесе қайтадан қайтаруды көздеген. Ресейге ант берген қазақтарды «қорғау» мақсатында 25 казактан отряд жіберілді. Қ.Құдаймендиннің көмекшісі (заседатель) Сердюковқа, қажет деп тапса, күш пайдалануға рұқсат берген, полковник, аға сұлтан маңайдағы ауылдарға барып, «бөрілген қырғыздардан» казактармен бірігіп Ержан сұлтанның тобына қарсы шығуға дайындық жүргізді. Ақтау бекінісінің комендантына және 2-Сібір баталонының кәмәндірі майор Игнатьевқа «біздің қырғыздарды» қорғау үшін барлық шараларды іске қосу тапсырылды.

Патша үкіметінің генерал-гүбірнатырлыры арасында Кенесарыға қарсы күрестің тәсілдері жөнінде бірауыздылық болмады. Егер генерал-адьютант граф В.А. Перовский самарқау жолды дұрыс көріп, Кенесарымен арадағы тартысты негізінде келіссөздермен шешуді қаласа, генерал В.Обручев тек күшпен жаныштауды талап етті. Орынбор генерал-гүбірнаторы В. А. Перовский Сібір корпусының кәмәндіріне 1842-жылдың науыз айының 30-ындағы хатында Орынбор өлкесіндегі сұлтан қимылдарының әсірелеп сипатталғандығына көңіл аударды: «Мәселе Кенесары туралы болса, ол патшаның кешіріміне жатпайды. Оны жазалауды қажетті деп есептеймін, оған қарсы емеспін. Алайда басынан аяғына дейін сұлтанды кінәлі деген біржақты қорытынды жасаудан аулақпын. Орынбор «қайсақтары» арасында ол бүлік жасап отырған жоқ.       Сіздің 1841 — жылдың Қазан айының 10-ында, 1842-жылдың қараша айының 17-індегі, наурыз айының 21-індегі оның Сібір аймағында тонауға қатысқандығы туралы хабарларыңыз бірнеше ғана қайсақтардың  дәлелдеріне негізделген,  сондықтан да сенімді куә болады деп айтуға қиын».

1843-жылдың тамыз айының 30-ында Василий Перовскийдің Петербургқа жолдаған арнайы хатына мән берсек, Орынбор генерал-гүбірнатыры (1842-1851-жылдары) В.А.Обручевтың Кенесарыны құбыжық қылып көрсетуге тырысқандығын сипаттап, әскери жазалау топтарын оған қарсы жіберу қажет емес екендігін дәлелдеген. «Менің пікірімше, — деп жазды В.А.Перовский (1833-1842-жылдары Орынбор гүбірнатыры), — Обручев тектен-текке Кенесарының қимылдарына қатты қобалжиды… тіпті, Кенесарының қарсылығы, Обручев көрсетіп отырғандай, қауіпті десек, бүкіл дала көтерілді деп қорытындыласақ та, оларды қуғындау үшін әскери топтар ұйымдастырудың ешқандай қажеті жоқ. Шекаралық комиссия Кенесарыға қарсы күресу үшін аға сұлтандардың қарамағындағы қарулы топтарды күшейтуі қажет». Яғни, қазақ қоғамының өмірімен, тарихымен әбден таныс болған В.А.Перовскийдің басты жоспары — көтерілісті не келіссөзбен, не дала жағдайымен жақсы таныс, Ресей үкіметіне берілген сұлтандардың күшіне арқа сүйеп жаныштау. Әскери күшпен көтерілісті басудың қиындығына көзі жете бастаған В.А.Обручевтың өзі бір жыл гүбірнатыр болғаннан кейін келіссөзбен мәселені талқылауға көнгендей болғандығын 1843-жылдың маусым айының 29-ында Кенесарыға жазған хатынан байқаймыз: «Мен өткен жылдың қыркүйек айының 2-індегі хатыда Ресей үкіметіне қарсы қимылдарыңызға көңіл аударған едім… Ресейге берілгендігіңізді дәлелдегіңіз келсе, Орынбор шебіне жақындап көшіп келіңіз де, Орынбор шекаралық комиссиясы көрсеткен өңірде қоныс тебіңіз. …Сіздің шекара комиссиясының бастығы генерал-майор Генске жазған хаттарыңыздан басшылар алдында ақталуға дайын екендггіңізді қанағаттанарлықпен байқадым. Көптеген өтініштеріңіз бар екендігін, генерал Генспен кездесуге дайын екендігіңізді білдіріпсіз». /28/

Алайда Кенесарының сәтсіздіктері оның жауларын қанағаттандырып, опасыздықпен патша үкіметін қолдаған жергілікті феодалдардың бір тобы өздерінің әскери топтарын казак жазалаушыларына қосып, бірігіп қимыл жасауы Қасымовтардың   жағдайын   әлсіретті.

1843-жылы 5000 сан қолды (негізінде қазақтар) бастаған Бизановтың тобы Кіші жүздің билеуші-сұлтандары Арыстан Жантөринмен және Баймағанбет Айшуақовпен бірікті. Николай І-патша да соғыс міністірлігінің талабын қабылдап, 1843-жылы маусым айының 27-інде Кенесарыға қарсы жаппай күресті жүргізу үшін жазалау топтарын құруға ресми бұйрық берді. Кенесарының басын жеткізген адамға награда ретінде 3 мың сом тігілді. 1844-жылдың шілде айының 20-нан 21-не қараған түнде сұлтан Жантөриннің қолы Кенесарымен шайқасты. 44 сұлтанның және басқа да сарбаздардың қаза болуымен аяқталған бұл қақтығыс Кенесарының рухын көтерді. Алайда патша үкіметі де енді Қасымовтың күш алып кетуінен үрейленіп, көтерілісшілерге қарсы бірнеше жазалау тобын шығарды. Жемчужников, Лебедев, Дуниковский және басқа да офицерлердің басшылығымен қимылдаған тұрақты әскерлер Кенесары қолы үшін  зор қауіп  болды.

Кенесарының Жетісу жеріне шегінуіне де басты себеп болған патша үкіметінің әскери жазалау күштерінің бірігіп қимылдауы еді. Көтерілісшілердің оңтүстікке ойысқанынан, Жетісу қазақтарының Кенесарыға қосылу мүмкіндігінен үрейленген генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен арнайы топты осы өңірге жіберуді шешті. Экспедицияның ресми міндеті Жетісу мен Орта жүз шекарасындағы халық пен малдың санағын өткізу, шын мәнінде, Кенесарыны Жетісуға жібермей, оған осы аймақтағы қазақ руларын қарсы  қою.

1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін Сібірде айдауда болған, «Сібір қырғыздары облысының» мекемесіне кейіннен қызметке алынған А. Янушкевич «Қазақ даласындағы саяхаттан хаттар» деген кітабында Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті өкірүгтерінің аға сұлтандарымен, белгілі билермен және болыс-байлармен кездесуді тамаша көркемдеп, сипаттаған. Кейбір ру билеушілерінің басым бөлігі Ресейдің билігін мойындап, Кенесарыға қарсылық білдірді. Олардың ішінде Абылайдың ұлдары Сүйік пен Әли сұлтандар да бар еді: «Біздің жерімізге келген Кенесары мен оның соңынан ергендерді қоғамдық тыныштықты бұзушы, біздің жауымыз деп есептейміз, онымен ешқандай байланыс жасамаймыз»,— дейді олар. «1846-жылдың шілде айының 9-ында сұлтан Әли бір қақтығыста Кенесары 1500 адамынан, 2 зеңбірегінен, 500 қыздан айырылғанын, оның қолға түскен сарбаздарының» бір бөлігінің ташкенттіктерге сатылғандығын хабарлады. Гүрсілдеген зеңбіректердің дауысынан кейінгі сұлтан Әлидің сөзі: «Біз — Абылай тұқымымыз, Кенесары оның жұбайларының бірінен туған А.Януцжевич дұрыс түсінбеген болса керек. Кенесары Абылайдың баласы Қасымның ол бізбен қарындас. Оның мінезі бәрімізге белгілі: ол аш бөрі, қазір де бізге келсе, жүз ауылды тонар. Біз оны сүйе аламыз ба, бірге бола аламыз ба, жоқ…». Генерал-майор Вишневскиймен сол рулардың кездесуінде:» «… егерде оны байқасақ, не естісек, Орта жүз қырғыздарына, әсіресе, өкірүгтерге таяу орналасқан өңірде жаулық қимылдарын көрсек, бүлікті тоқтату үшін хабар жеткізуді міндетімізге аламыз»,  —  деп лепірген  Әли.

Кенесары көтерілісінің әр кезеңдерінде әлсіреуіне әсер еткен патша үкіметінің осындай қазақ феодалдарын бір-біріне айдап салу, көтерілісшілерден олжаға түскен мал, әр түрлі зат-бұйымдарды үкіметке «берілгендігін» дәлелдегендерге таратып беру әдісі 1836-1 838-жылдардағы Бөкей (ішкі) Ордадағы көтерілісті басу кезінде де жиі қолданылған.

Мұрағат қорларына терең үңілген сайын аңғаратын бір жай — мал-мүлкімен, үй-жайымен, бала-шағасымен қосылып көше-қона жүріп, патша үкіметіне қарсы күресін үзбеген Кенесарының соғыс қимылдарына белгілі дәрежеде кедергі болған да осы жағдай. Жақсы қаруланған қазақ бөлімдерінің көп қақтығыстарда басым түскені — көтерілісшілердің өздерімен бірге алып жүрген семья, мал-мүлкінің аяққа оралғы болғанынанда. Кейбір зерттеулерде патша жазалаушыларының әскери қуатын қамтамасыз еткен мылтық пен зеңбірек деп түсіндіріліп келді. Кенесары қозғалысына қатысты әр түрлі деректерді қопарыстыру зеңбіректің көтерілісшілерде де тіпті аз болмағандығын дәлелдейді. Жеке-жеке топтарға жіктеліп қимылдаған патша әскерлерінің көңіл аударғандары да — көшпенділер өмірінің көзі болған малды қолға түсіру, көтеріліс басшыларының жақындарын тұтқындап, моральдық жағынан Қасым әулетінің сағын сындыру. Мысалы, 1844-жылы Сібір генерал-губірнатырлығынан арнайы аттандырылған әскери топ Жездіге жақын жерде, Ақши төңірегінде көтерілісшілердің бір тобына күтпеген жерден шабуыл жасап, хан Кененің бәйбішесі Күнімжанды тұтқындап әкетті.         Әкесі Қасым төреден, ағалары Есенгелді мен Саржаннан ерте айрылған Кенесары өзінің туының астында тізе қосқан қандастарының аман-саушылығына әрдайым ерекше көңіл аударған. Хан болып сайланғаннан кейін сұлтанды мейлінше қолдаған — оның інілері Әбілғазы, Наурызбай,  Құшақ,   Мұса,   апасы   Бопай,   немере   інілері Құдаймен, Ержан, Иса, Қошарбай, т. б. Аталары атақты Абылайдың, кезіндегі Қазақ хандығын қалпына келтіру үшін жан-тәнін аямаған Кенесарының бауырларын алтынмен де, малмен де, сыйлықтармен де сатып алу мүмкін емес еді. Ал кейбір би, старшындардың, ардақты істің мақсатынан тайып, өзінің руластарынан патша жазалаушыларды тартып алып, үлестіріп берген дүние мен малға қарық болғандығын көрсететін мәліметтердің де аз елес екендігіне жоғарыда көңіл аудардық. Бірер мысал келтірсек. Өкірүгтерден жіктелген қырғыз болыстарынан тартып алынған мүліктің «тізімінде» 263 әр түрлі заттар көрсетілген. Бұл мәлімет Ақмола өкірүгі бойынша ғана жинақталған. «Сібір қырғыздарының облысы» әміршісі міндетін атқарған шенеунік жинастырған мәліметтерге қарағанда, тек 1839-жылы қазақтарға көтерілісшілерден қолға түскен төмендегідей әр түрлі бұйым, зат бөлініп берілген: Атығай Құбатовқа — қызыл мата, Байдәулет Сағындықовқа — қызыл түсті киіз, боялмаған, өте төзімді екі бөлек мата, Шоныбай Мүсіреповке — бір жібек қалат, 2 бөлек қызыл мата, 2 зенден (берік, жуан жіппен тігілген, әр түрге боялған мата), 3 қойдың жабағысы, 1 көрпе, Қалдығұл Маңғытовқа, Байымбет Тұрымтаевқа — 1 қалат, Биат Араповқа — 1 көрпе, екі зенден, бір кигіз, 1 әр түрлі көмкерілген кілем, Асықбай Түленовке — 1 көрпе, 1 ақ түсті мата, 1 қызыл сырмақ, старшын Оразан Шалабаевқа (Шұбарқұлдан қашып кеткен «қырғыз» Алдаберген Айтыбаевты ұстап бергені үшін) — 1 қызыл мата зипун, 1 сырмақ, Нұрбай Өтеновқа — 1 жібек қалат. Тізімді бекіткен және оған қол қойған Ақмола өкірүгінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің көмекшісі Сердюков. Бұған қарағанда, қелтіріп отырған мәліметтер сол ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының өзінде 7-8 өкірүгтен тұрған «Сібір қырғыздары облысының» барлық, өңірін қамтымайды, тек бір ғана Ақмола бойынша көтерілісшілерден қолға түскен заттарды көрсететіні   анық.

Тек Кенесарыға қарсы күрескен қазақтар емес, бекіністер тұрғызып, осы өңірді отарлауды жеңілдетуге үлес қосқан әскери бөлімшелердің казактары, солдаттары да ұмытылмады. 1842-жылдың 1-ақпан айының 11-індегі бұйрықтың бірінде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығында шашырап орналастырылған Сібір әскері бойынша Николай 1-ші   патшаның өзі «Қырғыз даласында» Ақмола және Жарғалан Ағаш аймағында бекіністер тұрғызуға белсене қатысқан осы корпустың қызметкерлеріне награда беруді құптағанын мақтаныш ретінде атап көрсеткен.        Сонымен мақаланың осы бөлігінде келтірілген әр жақты деректер патша үкіметінің Қасымов әулетіне қарсы күресте әрқилы әдіс-айладан да тайынбағанына көңіл аударады. Қаншалықты ерлікпен рухтанып, Орынбор жағынан да, Батыс Сібір жағынан да жақсы қаруланған, далалық өңірде қимыл жасауға машықтанған тұрақты әскери топтарға ашық қарсы күресудің қиыншылығын түсіне білген белгілі қолбасы Кенесары, әрине, әр түрлі айла-амалдарды пайдаланды, өзіне қорған болған кең даланың табиғат-жағрапиялық ерекшелігін пайдалана білді. Кенесары сонымен қатар Орынбор және Омбыдағы патша әміршілерімен арадағы алауыздықты бейбіт келіссөзбен, дипломатиялық жолмен шешуге де мән берген айбынды, көреген қайраткер болды.
Тағы рефераттар