Қазығұрт тауының флорасын зерттеу тарихы туралы қазақша реферат
Батыс Тянь-Шань тау жүйесін, оның ішінде Қазығұрт тауының флорасын зерттеу осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын, яғни Орта Азиядағы ірі географиялық экспедициялар жөнелтіліп жатқан кезеңде басталған болатын.
XIX ғасырдың екінші жартысында аймақтың әр бөліктерінде көптеген ғалымдар, атап айтсақ географ А.В.Буняковский, геологтар И.В.Мушкетов және Д.Л.Иванов, ботаниктер А.Э.Регель, Г.Капю, С.И.Коржинский, Д.И.Литвинов және т.б. зерттеулер жүргізді. Сол сияқты Батыс Тянь-Шань флорасын танып-білу мақсатында 1908 жылы О.Э.Кнорринг, З.А.Минквиц Сырдария облысының Шымкент уезін зерттеді, сонымен қатар, Б.А.Федченко (1941-1961), Н.В.Павлов (1956) үлкен үлестерін қосты.
Б.А.Федченко өзі жинаған өсімдіктері мен көптеген ғалымдардың материалдарын толықтыру негізінде «Флора Западного Тянь-Шаня» (1941-1961) деп аталатын еңбегін бастаған болатын, бірақ ол еңбек аяқталмай қалды.
Қазығұрт тауының флорасын зерттеуге И.М.Культиасов (1921), П.Я.Баранов (1922), В.П.Бочанцев (1935), Б.А.Быков (1956), О.Н.Бондаренго, А.Я.Бутков (1959), Р.С.Верник (1960), В.Н.Павлов (1970а, 1970б, 1974, 1980), С.С. Калмыков (1973) және т.б. көптеген ғалымдар ат салысты. Флораға қосымша мәліметтерді «Флора Казахстана» (1956-1966), «Флора Узбекистана» (1941-1962) және «Определитель растений Средней Азий» (1968-1993) көптомдық әдебиеттерден пайдаландық.
Орта Азия университетінің (САГУ қазіргі ТашГУ) ботаниктері Батыс Тянь-Шань флорасын комплексті түрде зерттеді.
1921 жылы Өгем өзенінің бассейнінде Орта Азия мемлекеттік университетінің Өгем ботаникалық экспедициясы жұмыстар жүргізді. Олар жыл сайын Батыс Тянь-Шаньның әр түрлі аудандарында экспедициялар ұйымдастырды. 1920 жылдардың басынан бастап Батыс Тянь-Шань флорасын зерттеуге А.И.Введенский қомақты үлес қосты.
1926 жылы Талас Алатауының батыс бөлігіндегі орман заказнигі Ақсу-Жабағылы қорығы болып қайта құрылды. Бұл қорық көптеген ботаниктердің Батыс Тянь-Шаньда жұмыс істеуіне база ретінде үлкен қызмет атқарды. Ал, 1939 жылы СССР ҒА-ның Қазақстан филиалының ботанигі В.У.Макарчук Қаржантау жотасының биік таулы аймақтарын зерттеді.
Н.В.Павлов Батыс Тянь-Шаньдағы зерттеулерін 1949 жылдың жазында Қаз ССР ҒА Ботаника институтының экспедициясымен бірге бастады. 1953-1954 жылдары Қаржантау жотасының таулы бөліктері зерттелді.
Батыс Тянь-Шаньның, оның ішінде Қазығұрт тауының флорасын зерттеу жұмыстары үзінді-үзінді түрінде, сол сияқты жоспарсыз жүргізіліп келген болатын.
1993 жылы ҚР ҒА Ботаника және фитоинтродукция институтының бір топ ғалымдары Қазығұрт тауына жақын маңдағы территориялардың флорасына зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Бірақ, көп ұзамай бұл жұмыстар тоқтап қалды.
Гербарий қорларындағы мәліметтер бойынша Қазығұрт тауында И.М.Культиасовтың (1921), П.Я.Барановтың (1922), В.П.Бочанцевтің (1935), О.Н.Бондаренко мен А.Я.Бутковтың (1959) коллекция жасап, флористикалық жұмыстар жүргізгені белгілі.
1994 жылдан бастап бұл жұмыстарға автор да атсалысып келеді. Нәтижесінде 560-тан аса өсімдік түрлері Қазығұрт тауының территориясынан алғаш рет теріліп, географиялық жаңа түрлер ретінде Қазақстан флорасына 9 өсімдік енді: Euphorbia microsphaera, Rosa transturkestanika, Astragalus korovinianus, Salvia tianschanica, Phlomoides ostrowskiana, Tulipa mogoltavica, Allium motor, A.severtzovioides, A.tashckenticum (Сихымбаев, 1996, 1998, 1999). Сонымен қатар, 236 өсімдік түрлерінің ареалдары нақтыланып, бұлар да географиялық жаңа түрлер ретінде тіркелді. Оның ішінде Қазақстанның кейбір эндемді өсімдіктері де бaр. Атап айтсақ, Euphorbia sewerzowii Herd. еx Prokr. (Euphorbiaceae тұқымдасы), Salvia trautvetteri Regel және Scutellaria subcaespitosa Pavl. (Lamiaceae тұқымдасы), Jurinea suffruticosa Regel (Asteraceae тұқымдасы), Arabis popovii Botsch. et Vved. (Brassicaceae тұқымдасы), Allium severtzovioides R. M. Fritsch. және A. tashkenticum Krassanov et R. M. Fritsch. (Alliaceae тұқымдасы). Бұл өсімдіктердің барлығының да гербарий үлгілерінде олардың нақты өсетін (кездесетін) жерлері мен жиналған уақыты көрсетілген.
Тағы рефераттар
- Аударма — әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі
- Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлік және мұрадағы міндетті үлес
- Дүние жүзінің экономикалық саяси-әлеуметтік географиясы
- Свабирование
- Қонақ үй қызметінің құрылымы және оларға сипаттама