Кеңес дәуіріндегі қазақ айтысы туралы қазақша реферат

Кеңес дәуіріндегі айтыстар. Ақындар айтысы дегенде, бұл өзі сонау Қазан төңкерісіне дейінгі айтыстар бөлек те, онан кейінгі айтыстар бір бөлек. Әсіресе, төңкерістен кейін «ескіліктің көзіндей» болып, «қуғын» көрген айтыстың қайта жандануына тікелей себепкер болып, қатарға қосылуына өлшеусіз үлес қосқан сол кездегі қазақтың сөз ұстар жазушылары мен қайраткерлері.

1922 жылы Семей қаласында Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтысты, 1930-40 жылдары арасында республикамыздың кейбір аудандарында, Қарағанды, Гурьев қалаларының өнеркәсіп орындарында ақындық өнер сайыстары өтті. Республика көлеміндегі алғашқы көлемді айтыс 1943 жылы болған еді. Бұл айтысқа төрт-бес облыстың белгілі ақындары қатысып, бұрыңғы жақсы дәстүрді қайта жалғастырып әкетті. Содан кейін жүйелі түрде болмаса да, белгілі бір мерекеге орай аудан, облыс, республика көлемінде шағын-шағын айтыстар өткізіліп жатты. Болман Қожабаев, Қалқа Жапсарбаев, Есдәулет Қандеков, Жақсыбай Жантөбетов, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков, Қайып Айнабеков сияқты айтыс өнерінің кәнігі шеберлерінің игі дәстүрі үзілген жоқ, қайта жалғаса берді. Сондай-ақ, Қазақ ССР-нІң 40 жылдығына, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесіне, жыр алыбы Жамбылдың туғанына 125 жыл толу тойына, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толу меркесіне арналып өткізілген ақындар айтысында біраз жас талапкерлер көзге түсті. 1980 жылы Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартисының 60-жылдық кұрметіне республикалық ақындар айтысы өткізілді. 1943 жылы, жанкешті соғыс жүріп жатқан кезде, Қарағандыда өткізілген айтыстан басталып, Алматыда жалғасын тапқан үлкен көлемдегі республикалық ақындар айтысы қазақ мэдениетіне өнар тарихын кіргізді.

Айтыс-үлкен өнер, халықтың рухани азығы, сонымен қатар идеологиялық тәрбиенің өткір құралы. Әдетте, шындық айтыста туады десек, жетістігіміз қандай, кем-кетігіміз неде, міне, солардың бәрі айтыс ақындарының назарынан тыс қалмақ емес. Айтыс тақырыбының кенересі кең. Ол заман, қоғам, адам туралы бүгінгі күннің шындығын мол қамти алады. Жеке бастың ғана емес, сонымен бірге қоғамдық мәні бар жайлар бірінші кезекте тұрады. Алқа топта ақын аузымен айтылатын өткір шындық салмағы да оңай болмаса да керек. Міне, бұлардың бәрінен айтыс өнерінің саяси, әлеуметтік, идеологиялық және тәрбиелік мәні айрықша көрінеді.

1943 жылы Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан кезде Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен қазақ халқының тарихында тұңғыш рет республикалық халық ақындарының брінші айтысы өткізілді. Бір аптаға созылған бұл жыр жарысының естен кетпес мерекесі бүдан 62 жыл бүрын Алматы қаласында қазіргі Абай атындағы опера және балет театрында болған. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 88 ақын қатысқан еді. Ол тойдың шымылдығын ашып, айтысқа беташар айтқан 97 жастағы Жамбылдың өзі болатын. М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтердің қамқорлығымен өткен бұл айтыстар өшуге айналған суырыпсалмалық өнердің қайта дамуына мұрындық болды.

Халық бойындағы сарқылмас суырыпсалма өнерінің жаңа қоғам талабына сәйкес жаңа сипатпен дамуына коммунистік партия мен Кеңес өкіметі тиісті бағыт беріп, оны өзінің үгіт-насихат ісіне орынды пайдалана білді. Өмірдің өзгеруіне сәйкес айтыстың жанрлық табиғаты да түлеп жаңғырды. Айтыс бұрынғыдай рушылдық мәнінен айрылып, жаңа мазмұнға, коллективтік өмірді бейнелеу мақсатына көшті.

20-30 жылдардағы айтыстарда әр алуан тақырыптық, мазмұндық өзгерістерден тыс қыз бен жігіт айтыстарына тән ортақ сипаттар да мол ұшырасады. Бұлардың бір тобы әзіл-сықақ, өзара қалжыңды қағысулардан басталса да, келе-келе қастерлі өнер жарысына айналып, дәстүрлі қайымдасулардағы жұмбақ-жауап үлгілеріне ұласып отырады. Бұрынғы қыз бен жігіт айтыстарында жұмбақ айту мен шешу сол айтыстың түйінді мәселесі, яғни жеңу мен жеңілудің басты шарты болып табылатын. Бұларда осы негізгі шарт сақтала қоймаған.

30-40 жылдардағы айтыстардың өнімді бір саласы — мысал түріндегі айтыстар. Адам мен аңның, малдың айтысы, өлі мен тірінің айтысы тәрізді үлгілер ертеден келе жатқан көне дәстүр болатын. Айтыстың жеке ақындар шығармашылығын құрайтын осы бір ұтымды түрін пайдаланған олар халықтың мысқыл-әжуасын пайдалану арқылы өз ойына айрықша мән беріп келген. Айтыста мысалды жеке түр ретінде пайдалану қоғамдағы еңбек адамдарын тәрбиелеу талабына сай өріс алған. Сол арқылы айтыс ақындары шеберлік ұштап, оған бұрынғы үлгілерде сирек ұшырасатын тың сипат дарытты.

Соғыстан кейінгі дәуірдегі айтыстар (1947-1957) бүкіл еліміздің ұран-үнімен терең астасып, халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру, соғыс зардабын жою талабынан туындап жатты. Ақындар еліміздегі үлкен өрлеудің барысы мен орын алып келген кемшіліктерді де аяусыз сынға алып отырды. Бүл орайда Сәт пен Нүрқанның, Жақсылық пен Исаның, Маясар мен Болманның, Рахмет пен Әбділданың айтыстарын атауға болады.

Кеңес дәуіріндегі айтыстың 50-60 жылдардағы даму жолдарына көз салсақ, бұл тұста жазып айтысу салтының өріс алғанын көреміз. Екі ауданның не екі облыстың ақындары сол жазып шығарған айтыстарын жергілікті баспа бетінде жариялап қана қоймай, соны бетпе-бет келгенде де қарсыласына жаттап айтып, немесе қағазына қарап отырып оқып беретін болды. Бұдан айтыс өзінің баурағыш, тартымдылық қасиетінен айрылып қалды. Сондықтан әдебиетші-ғалымдар айтыстың қалыпты суырыпсалма дәстүріне қайта оралуы қажет деп тапты.

Кеңестік Қазақстанның 60 жылдық мерекесіне орай өткізілген айтыстың дүмпуімен атамұра өнер қайта дәуірлеп, талантты айтыскерлердің түтас бір легі санатқа қосылды. Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Шолпан Қыдырниязова, Аяз Бетбаев, Мұхтар Құралов, Шымболат Ділдабаев, Александр Қауенов секілді дарынды қыз-жігіттер өртеңге өскен гүлдей қаулап шыға келді. Бүгінде айтыстың абыройын асырып жүрген Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Ақмарал Леубаева, Мұхамеджан Тазабеков, Кәрима Оралова, Серік Құсанбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков секілді даусыз дарындар қосылып, жаңа жыр өрнегін тудырды. Осы заманғы ақындар айтысы мазмұн, түр жағынан өзгерді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыстың ежелгі дәстүріне құрмет көрсетіліп, айтыскерлердің еркін ой толғап, кең көсіле қүлаштауына жол ашылды.

Задында жалтақтамай, жалтармай, әділін, турасын айту — айтыс ақындарына керекті басты қасиет. Ақындарға турашыл әділдік тән болуы керек; кемшілікті бетке басып, мінез-қүлықтағы, әдет-ғүрып, тәрбиедегі, адам құқын сақтаудағы көрген-білген кемшіліктер мен тәртіпсіздіктерді тура айтып, батыл сынау керек. Айтыс туралы жазған бір мақаласында Ғ.Мүсірепов «Қазақстан Орталық партия Комитетінің қаулысы бойынша, жақын арада ғана барлық облыстарымызда, одан кейін республикамыздың астанасы Алматыда өткен ақындар айтысы Қазақстанның саяси-мәдени өміріне тағы бір үлкен оқиға болып кірді: халықтық шығарманың ең күшті саласы — айтыс қайтадан қатарға қосылып, біржола іргесін бекітті», — деп жазғанмен, сәл кейін айтыс қайта дағдарысқа ұшырады.

Ұзақ уақыт қысымда болған сөз өнері, кейінгі жылдары, яғни, XX ғасыр соңында шын суырыпсалма ақындарға зәру бола бастаған жағдайға келген еді. Сол бір айтыс өнеріне төнген қауіпті, жаттанды сөз, ұзақ-сонар баяндау секілді кеселді 1980 жылы өткен II республикалық айтыс сырып тастағандай болды. Осы бір кездерде ҮмбетәлІ, Кенен, Қалқа, Нартай, Қуат секілді тарлан ақындардың сарқытын ішкен Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Әбікен Сарыбаев, Надежда Лушникова, Қалдыбек Әліқүлов, Көпбай Омаров секілді ақындардың  айтысқа бел  шеше  кірісіп,  айтыс деген  жаттанды  сөз  емес, суырыпсалма    ақындық    өнер    екенін   өз    істерімен,    өлең-жырларымен дәлелдегенін айта кеткен жөн.

Ендігі жерде республика жұртшылығы ақындар айтысын аңсай күтіп, жер-жерлерде суырыпсалма таланттарды іздеу, оларға қамқорлық жасау жұмысы жандана бастады. Халықтың осы бір сұранысын тез байқаған Қазақ теледидарының әдеби-драмалық бағдарламалары Бас редакциясының қызметкерлері С.Оразалинов, Ә.Гауасаров, Т.Жағыпаров, Т.Сарыбаев, А.Бұлдыбаев, Ж.Ерманов, ғалым-жазушылар Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, М.Жолдасбеков, М.Дүйсенов, Н.Ғабдуллин, М.Әлімбаев, С.Иманасовтардың ақыл-кеңесімен 1983 жылы Республикалық телевизиялық айтысты ұйымдастыру ісі қолға алынып, Ғ.Мүсіреповтің ұлы мұраты жүзеге асты.

Бұрын тек сүре айтысы ғана ел назарына ұсынылып жүрсе, енді қыз бен жігіт, жұмбақ, қайым, өтірік өлең айтыстары халыққа ұсынылып жандана бастады. Осы жылдар аралығында бұрынғы айтыскерлердің қатарына Әсия, Қонысбай, Әселхан, Тәушен, Әбдікәрім, Есенқүл, Ерік, Нәсілхан, Баянғали, Серік, Абаш, Құдайберлі, Қатимолда секілді таланттар, суырыпсалма өнердің шын иелері келіп қосылды. Бұл айтыс өнері үшін үлкен олжа еді.

Қазақтағы сөз өнерінің аса бір қиын және өте бір қызықты түрі саналатын суырыпсалма ақындық өнері кеңестік кезеңде сәл бәсеңсіп, баяулап барып, қайта жалындап өрістегені белгілі. Бұған оң ықпал еткен Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Н.Ғабдуллин, О.Нұрмағамбетова т.б. секілді ақын-жазушылардың, ғалымдардың мұрындық болып, Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына орай өткізген Республикалық ақындар айтысы болғаны сөзсіз.

Осы мерекеге орай Алматыда 1972 жылдың шілде айында Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысы болып өтті. Салтанатты сессияда

Жамбыл шығармашылығы жөнінде баяндамалар жасалуымен қатар Республиканың түкпір-түкпірінен шақырылған көрнекті айтыс ақындарының жыр сайысы өткізілді. 1975 жылы жиналыстағы баяндамалар, ақындар айтысы, Кеңес дәуіріндегі халық поэзиясының даму барысы жөніндегі мақалалар мен зерттеулер жинақталып «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» деген кітап баспадан жарық көрді [18].

Жинақта жарияланған айтыс мәтіндері бізге сол дәуірдегі ақындар айтысындағы юмор мен сатираның салмағын саралауға мүмкіндік береді. «Жамбыл — ұлы заманның ұлы ақыны» атты баяндамасында Ә.Тәжібаев: «Айтысушылар бірін-бірі аямайды, тіпті айтыстың қызған кезінде «дауласып» та қалады. Бірақ, мәселе басқада — айтыстан кейін ақындар өзара сыйластығын сақтайды» деп жазды [19.9]. Әрине, айтыс үстінде айтылған уытты сөзге шамданып, ашу шақырған ақын сабырынан айрылып, шабысынан жаңылуы мүмкін. Сондықтан ұстамдылық пен салқынқандылық, әдеп пен парасат әр ақынның бойынан табылуы шарт.

I Республикалық ақындар айтысын «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым, келіпсің», — деп Жамбыл жыр шашуымен ашса, сол дәстүрді жалғастырып, Жамбыл тойының беташарын Кененді ұстаз санап, Жамбылды пір тұтқан  ақын Өмірбек Қабылов ашыпты:

Өлеңді айтқан сайын күшке енемін,

Айтысқа әлде неше түскен едім.

Меселім еш уақытта қайтқан емес,

Сарқытын Жамбыл баба ішкен едім.

 

Жамбылым – жыр алыбы,тәрбиешім,

Басына бақыт қонған әулие шын.

Оған мен өмірімше қарыздармын,

Тәлімді маған берген тәрбие үшін.[18]

-деп  сексенге  келсе де  жыр нөсерін  жаңбырлата төккен  ақын  арнауының соңында айтыскерлерге салмақ сала, үміт арта отырып «ақпа айтыстың қос қыраны» — Әсімхан мен Манапқа кезек береді.

Әсімхан Қосбасаров Алматы облысынан сынға түссе, ал ел таныған дауылпаз дарын Манап Көкенов Сыр елінің атынан келіп аламанға түседі. Айтысты бастаған қонақ ақын Манап бірден екпінді сөйлеп, елін мақтап өтеді.

Сыр бойынан мен келдім,

Сүлейлердің мекені.

Сыр туралы сыр шерткен,

Ақын болып кетеді.

Сырда туып, Сырда өсіп, Толқынымен түлегем. Сылдырымен тілдесіп, Жолдас болды бұл өлең.

Сырда малды өсіріп,

Сырда баптап күрішті.

Сыр тіл қатты шешіліп,

Сырдан таптық ырысты.

Бірыңғай бір дыбыстан тұратын бастама поэтикалық шығарманың әуезділігі мен үнділігі, ырғақтылығы мен шырқамалығын арттырып, ұлғайтып отыр. Манап ақын өлеңінің синтаксистік құрылысы жағынан ұқсастығы ең алдымен ырғақтық, қала берді өлеңге жеңілдік, ширақтық, әуездік қасиет үстегендіктен тыңдаушысы мен көрерменін бірден баурап, құлақ құрышын қандырады. Ғалым С.Негімов халық өлеңдерінің ұйқасы мен ырғағы жөнінде: «Көбіне әдемі мақам, сөз сазы мен мағыналылығы, дыбыс өрнегі, үнділік, мәнерлілік, мелодикалық кестелілік, ой-сезім орайына дене қимылдарының үйлесіп келушілігі, ұйқас нөпірі, поэтикалық лексика суырыпсалма ақындарға тән қасиет. Мұның бәрі әуендік ырғаққа негізделіп ұйымдастырылады, әрі эмоцианалдылыққа бағынады», — деп ой сабақтайды [20, 251 б.].

Манаптың маржандай төгілген сұлу сырлары мен жырларына «көмейден меруерт жыры сапырылған Алатауың атақты ақыны» Әсімхан өткір өлеңімен, шымшыма әзіл-сықағымен тойтарыс береді:

Сен болсаң Қызылорда алыстағы,

Жақсының жер жарады дабыстары.

Сыртыңнан «Сыр сүлейі» естуші едім,

Отырмын халық алдында танысқалы.

Мейман боп Манап бізге төрлегенсің,

Айтыста ақын жыры термеленсін.

Тойына Жақаевтың шақырмайсың,

Шай беріп ата сыйлап көрмегенсің,

-деп төге сөйлеумен қатар, кінә тағып сөге сөйлеп, уәжді сөзбен аяқтан шалмақ болады. Сөйте тұра, «дабысы жер жарған жақсының» есімін бұрыннан естіп, өнеріне   қанық   болғанын   білдіреді.   Қарсыласының   шабытын   үстеу   үшін табанына шоқ тастап қағыта сөйлейді, мысқылдап өтеді:

Кешегі өзгерді ме Қызылордаң,

Түсті ме түйеге артқан ала дорбаң?

Аралап ауылымды көріп түрсың

Бізге ұқсап жүремісің асфальт жолдан?

Бұл тойда ақын да бар жыршы да бар,

Бұл тойда ғалым да бар, сыншы да бар.

Аузыңды бағып сөйле, ақын Манап,

Газетке жазатұғын тілші де бар.

Ұстазым Үмбетәлі айтып кеткен:

«Айтысқан ақыныңды шымшылап ал».

Айтысты елдің қызыға тамашалайтыны, ішкен асын жерге қойып тыңдайтыны — ондағы айтылатын астарлы ойдың тереңдігі, қалжыңның молдығы, сөздің өткірлігі, мысқылдың мәнділігі, әзілдІң әрлілігі, ду еткізер дәмділігі әрі мәңгілігі. Шәкіртіне үлгі көрсетіп, бағыт беріп, тәрбиелеген Үмбетәлінің жоғарыдағы сөзінен айтыстағы юмор мен сатираның ролі, салмағы айқын көрінеді.

Құлан аян Құлмамбеттің жинағын қүрастырып, алғы сөзін жазған филология ғылымының докторы, профессор С.Қасқабасов пен ауыз әдебиетін зерттеуші Т.Әлібек мынадай қызықты деректі келтіреді: «Құлманбеттің айтуы бойынша, айтыста жеңіске жетудің үш шарты бар көрінеді. Біріншіден, жүректілік керек. Қай жерде, қандай топта, қандай ақынмен айтыссаң да, еш қысылып, қымтырылуға болмайды. Өзіңді өз үйіңде отырғандай еркін ұстауың ләзім.

Екіншіден, сенің аузыңнан шыққан сөзде әзіл-қалжың араласа жүрсін, сонда ғана қаумалаған қауым топтың назарын өзіңе аударасың.

Үшіншіден, қарсыласың бұрын кіммен айтысып, кіммен қағысқанын, кімді қалай жеңіп, кімнен қалай жеңілгенін жақсы білу керек. Сонда ғана онымен ұстасу жеңіл соғады. (М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба орталығы, 136-бума) Бүл шарттар шәкірттеріне үйрететін негізгі қағидалар болса керек» [21, 7 б.].

Әсімханның жоғарыдағы сөзіне Манап та табан астында әзілмен жауап қайтарады. Жол түгілі ғарыш айлағы Байқоңыр да Қызылорда топырағында екендігін тұспалдай келе:

Білмеймін «түйеңді» мен «дорбаменен»,

Жол жүрем «Москвич» пен «Волгаменен».

Аспанға ұш, мейлі жерде жүрсеңдағы,

Кетесің «старт» алып жолға менен.

Жақаевты сұрадың,

Тойына бірақ, бармадың.

Жамбылдың тойын құрметтеп,

Қошеметтеп келсем де,

Алдымнан күтіп алмадың.

Қонақ үйде жатқанда

Есімнен шықпас, Әсеке,

Орнымды тартып алғаның.

Жазығым не бүл жерде,

Баспанасыз қалғаным?

Осыған әуелі жауап бер,

Көрерміз сосын ар жағын.

Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналып Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысында көрнекті айтыс ақындарының шақырылғаны, өткізілген айтыстың ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, оны жаңа тақырыптармен, шеберлік өрнектермен байыта түскені даусыз. Айтыстағы әзіл-қалжың қыз бен жігіт айтыстарында мол кездесетінін ескерсек, осы өнер жарысындағы юмор мен сатираның салмағын таразылау үшін Құлжабай Төлеуов пен Бақытжамал Оспанованың, Қимамиден Нұғыманов пен Сара Тоқтарбаеваның, Тынышбай Рахимов пен Шолпан Қыдырниязованың, Мұса Асайынов пен Бикен Сембаеваның, Көшеней Рүстембеков пен Бәтима Батырбековалардың айтыстарын қарастырғанымыз дұрыс.

Алғашқы қыз бен жігіт айтысына Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Құлжабай Төлеуов пен Торғай Өңірінен келген ақын қыз Бақытжамал Оспанова түскен екен. Жалпы бұл кездегі айтыстың тақырыбы — Ленин, Октябрь, Компартия даналығы болса, мақсаты — әр ақынның өз облысындағы еңбек ерлерін, озаттарын мақтап, еңбекті дәріптеу болған. Солай бола тұрса да, кеңестік заманның шекпенін киген айтыстар өз түп-тамырынан ажырамай, ақындық, суырыпсалмалықтан, турашылдықтан, әділдіктен ауытқыған емес. Сонымен қатар мұнда айтыстың өзегі, басты нәр-сөлі ретінде әзіл-қалжың, юмор мен ащы сатира ұмыт қалмайды.

Айтысты әуелі Құлжабай бастайды:

Отаным, қасиетті Совет елім,

Кең байтақ Қазақстан — туған жерім.

Келтірген адамзатты кемеліне

Көш басы — Компартиям, Ұлы Ленин.

Ойдағым Айдан ашық, Күннен жарық,

Айтыңыз дүниеде кімнен кеммін?

Жәкеңнің 125 жыл тойы болып,

Ағайын, туған-туыс бәрің келдің.

Ақ шашты, әжім бетті, еңбекте өскен

Мінекей, оңтүстіктің шалы менмін,

-деп көсіле шапқан ақын өзінің шал екенін жасырмайды. Ақ шашты, әжім бетті болғанша адал еңбектің майданында қайнағанын мақтан етеді. Құлжабай ақынның шеберлігі сол — осы бір шумаққа бүкіл дәуірдегі қоғам суретін, айтыстың талабын, тақырыбын, мақсатын, ең ақыры амандық-саулығы мен әрлі әзілін түгел сыйғызады.

Бақытжамал да бұған қалжыңмен жауап қайтарады.:

Ақынның тілі майда, жаны жарқын,

Құлжеке білесіз ғой сөздің парқын.

Қойшыдай ұйқысынан жаңа тұрған,

Ұнамсыз тұнжыраған осы қалпың.

Бір байқайтынымыз айтыс ақындарының қай-қайсысы да партия міндеттеген тақырыптарды жырлап алып, сөздерінің соңын үнемі әзілмен түйіндейді. Немесе, өз елін, жерін келістіріп мақтап алып, маған жетуге шамаң бар ма деп қағытады. Бақытжамал да әуелі Торғайды, ондағы еңбек озаттарын мақтап алып, сөзінің нүктесін қалжыңмен қояды.

 Айтысқан қарсыласын дене тұрқына, бойына, киіміне қарап қойшыға теңеу қалыптасқан сөз қолданысы. Ал, «әжім бетті» шалдың тұнжыраған қалпын «ұйқысынан жаңа тұрған қойшыдай» деп бейнелеу сәтті образ, тәтті әзіл.

Енді Құлжабай мүндай сөзге өршеленіп, қарсыласына шабуылды осал тұстан жасап, тұзаққа түсіруге әрекеттенеді:

Естуім Бақытжамал Оспанова,

Кең пейіл, сынық мінез дос-жарына.

Қолыңда домбыраң жоқ, гармоның жоқ,

Оларды «құдай» сізге қоспады ма?

-деген жыр жолдарынан Бақытжамалдың қолында музыкалық аспабының болмағанын байқаймыз.

Алайда, тығырыққа тіреліп түрған Бақытжамал да шеберлігін танытып жол тауып кетеді. Мұнда — домбыра, Құлжабайда — шапан жоқ.

Ақынсыз әжептәуір әнің биік,

Кетейін анда-санда сөзбен түйіп.

Костюміңе қарасам «модный жігіт»,

Келерсің ендігіде шапан киіп.

Шапансыз шалды «модный жігіт» деп сөзбен түйген Бақытжамалға есті жанның домбырасыз деуге дәрмені келмейді. «Ендігіде» деген сөздің артына қыз өзіне де салмақ артып отырған секілді. Домбыра тартуды, аспапта ойнауды өзіне ендігіге дейін міндет етіп алған сыңай байқатады.

1980 жылы өткізілген Республикалық П-айтыста Манап Көкенов (Қызылорда облысы) пен Надежда Лушникова (Алматы облысы), Шолпан Қыдырниязова (Орал облысы) мен Елеусіз Кенебаев (Ақтөбе облысы), Қалихан Алтынбаев (Семей облысы) пен Сара Тоқтарбаева (Шығыс Қазақстан облысы) сайысқа түсті. Бұл айтыстан шын мәніндегі үлкен ақындық өнер дәрежесіне көтерілді. Сонымен бірге Көкен Шәкеев (Көкшетау облысы), Қалдыбек Әліқүлов (Шымкент облысы), Мүтәліп Құралбаев (Қызылорда облысы) өздерінің нағыз айтыскерлік өнерін танытты. Бұл ақындардың қай қайсысы болсын бұрыннан айтысқа түсіп, тәжірибе жинақтаған, өз өнерін біраз шыңдап қалған майталмандар. Көңілге тоқ санарлық бір жай — республикалық айтысқа Жұмаш Оспанбекова, Камал Ендібаев, Аяз Бетбаев, Райхан Нәкиева, Айтуған Шәйімов, Тұрсынай Оразбаева, Уәли Исақов секілді жас, төкпе ақындардың мол келуі.

Қорыта келгенде, сәтті шыққан айтыстарда ақындардың әйтеуір кезектесіп лебіз білдіріп қайтуды ғана парыз түтпай, қайта кәдімгі дәстүрлі айтыстың жолын үстап, жыр арқылы жауаптасқанын, қағысқанын көреміз. Мұндайда олар өз облыстарының жетістіктерін қысқа түйіп, тапқыр айтып мақтаса, қарсы ақын түратын обылстағы өзі білген, байқаған кемішіліктерін де сыпайы тілмен, көп сырды аңғарта отырып, сынап кетеді. Коммунистік партияның жетекші ролі, коммунизм идеялары жыр өзегіне айналады, сонымен бірге, ақындардың өзара жарасты әзілі, жеке бастың тілектері қоғамдық мүддемен ұштастырылып жатты.
Тағы рефераттар