Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген нойанының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.
Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.
Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.
Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.
Кенесары өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырады. Оның алым-салық саясаты шариғатқа негізделіп, мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізеді. Халықтан алым-салық жинауды арнайы жасауылдар жүзеге асырды.
Отты қарумен қаруланған патша әскеріне қарусыз халық жасақтарының төтеп беруі қиын еді. Соған қарамастан Кенесары өзінің аса дарынды қолбасшы екендігін танытып, түрлі әскери тәсілдер арқылы оларға бірнеше рет ойсырата соққы беріп, бірнеше бекіністің талқанын шығарды. Солардың бірі Кенесарының Екатеринбург станциясына жасаған шабуылы. Шабуылдың тұтқиылдан болғандығы сондай, казактар, тіпті қарсылық көрсете алмай қалады. Осы жолы Кенесарының жігіттері 18 мылтық, 2 пистолет, 18 қылыш, 27 найза қолға түсіреді.
Көп жылға созылған күрес негізгі күшін әлсіреткен Кенесары патша әскерінің қысымымен 1846 жылы Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болады. Мұнда ол қырғыз манаптарына Қоқандқа қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасайды. Бірақ Орман мен Жантай бастаған манаптар оның бұл ұсынысын қабылдамай, орыстың генерал-губернаторы Капцевичке өздерінің Кенесарымен соғысатынын хабарлап, одан көмек сұрайды.
Ресей әскери күшінің дем беруімен болған Кекілік тауындағы қазақ-қырғыз арасындағы қақтығыста Кенесары қолға түсіп, қаза табады. Кенесарының тәуелсіздік жолындағы күресі де және осы жолда тек қана түркі халықтарының күш біріктіруі арқылы оң нәтиже күтіп, әрекет етуі де оның кең қарымды саясаткер, көреген стратег екенін айқын аңғартады.
Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы.
1827-жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты. Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымов та мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.
Кенесары Қасымов өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.
Қиын-қыстау шақтағы ортақ мүдде – ұлттың азаттығы үшін осындай әрекетке баруының өзі ұлылық емес пе?! Патшаның «бөліп ал да, билей бер» деген саясаты қазақ даласына кеңінен таралуы, елдің қатты наразылығын туғызуы оның жақтастарын көбейтуі заңды еді. Сонымен бірге, Кенесарыға қарсы шыққан рулар да болды.
1841-жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.
Кенесары қатаң тәртіп пен басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. 1846-жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны Кіші және Орта жүздер аумағынан ығыстырды.
Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838-жылдың көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымов патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды.
1841-жылы Кенесары хан тағына отырғаннан кейін, көтеріліске қатысушылар әскери қимылын үдете түсті, олар қоқандықтардың елеулі күштері бекінген Жүлек, Ақмешіт, Жаңақорған, Созақ қамалдарын қоршауға алды.
Кенесары өзінің басты мақсаты – азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844-1845 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ қазақтар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады.
Кенесары Қасымов хан, саясаткер, дипломат ретінде қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Оның әскерінің жалпы саны кейде 20.000 адамға дейін жетті. Халықтың бас көтеруіне Орта жүздің көптеген сұлтандары мен билері қосылды.
Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленеді.
Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Ол қажет ақпараттарды жеткізіп тұратын тыңшыларына да сүйенді, саяси күрес пен дипломатияның тиімді әдістерін қолданды. Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, ру аралық қақтығыстардың жолын кесті.
Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843-жылы 27 шілдеде І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды.
Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843-1844 жылдары біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.
Кенесары Қасымов Томақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды.
Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі – ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.
Әдебиеттер:
1. Әбдіров М. Кенесары және казактар // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- б.120-125
2. Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы. Кенесары көтерілісінің қозғаушы күштері // Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.- Алматы,1994.- Б. 174-200
3. Дүйсәлиев Т. Қазақ халқының ресей отаршылығына қарсы КенесарыҚасымұлы бастаған 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы // Қазақ тарихынан.- Алматы, 1997.- Б. 492-520
4. Кенесары хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.98-101
5. Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар.- Алматы: Жалын, 1992.- 48б.
6. Қайырбеков Ғ. Кешегі өткен Кенекең // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- Б.126-136
7. Қозыбаев М. Хан Кене немесе Кенесары Қасымұлы // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- Б.103-116
8. Маданов Х. Қазақстандағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы // Маданов Х. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы.- Алматы, 1995.- Б.109-114
9. Айтұлы Н. Кенесарының қаны кімнің мойнында? // Қазақ әдебиеті.- 1996.- 10 шілде
10. Ақылбеков а. Алаш деп атқа қонған ер Кенекем! // Жас алаш.- 1997.- 2 қазан
11. Бекмаханов Е. Кенесары-Наурызбай немесе Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан оның туысқандары жайлы кейбір деректер // Қазақстан әйелдері.- 1998.- №4.- Б. 4-6
12. Бердібай Р. Елдік туын көтерген ер Кенекең: ХІХ ғ. Қазақ елі тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары Қасымұлы туралы // Ақиқат.- 1994.- №11.- Б. 27-36
13. Досмұхамедов Х. Кенесарының соңғы күндері // Жалын.- 1994.- № 9-10.- Б. 282-294
14. Жұмабайұлы Ә. Елі үшін құрбан болған ер Кенекем // Ақиқат.- 1992.- № 8.- Б. 31-37
15. Кенесары ханға тағзым // Жұлдыз.- 1997.- № 12.- Б.204-206
16. Құлбарақов С. «Хан Кене» трагедиясы // Ақиқат.- 1996.- №1.- Б. 85-89
17. Тебегенов Т. Кенесары туралы тарихи жырлар // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 1995.- №7.- Б.52-62
18. Ілиясұлы Т. Хан Кененің қазасы // Халық кеңесі.- 1995.- 19 мамыр.
Тағы рефераттар
- Оқу үдерісінде ойын түрлерін пайдалану жолдары (ана тілі, математика, қазақ тілі, дене шынықтыру)
- Музыкалық этнография және фольклор ұғымдары
- Credo кешеннің функциональді мүмкіншіліктері. Кешеннің құрамы
- Аспаптық көміртекті болаттар
- Астрономиялық түсініктердің пайда болуы және қалыптасуы