Қола дәуірінде өлкемізде климат өзгере бастаған еді[1]. Мұның өзі экономиканың қайта құрылуына бәрінен бұрын себепші болды. Қола дәуірінде ұзаққа созылған салқын-ылғал кезеңнің орнына климаттың жылылық пен қуаңшылыққа қарай бірте-бірте өзгеруінің мың жылдан асатын дәуірі басталды. Қуаңшылық дәуірінде өзендердің суы тартылды, жайылымдағы алаңқайлар бірте-бірте құрғады, көлдердің су деңгейі төмендеді, түптеп келгенде солтүстік жартышардағы құрлықтардың жалпы ылғалдығы азайды[2]. Нәтижесінде (б.д.д. II мыңжылдықтың ортасында) Батыс және Орталық Қазақстанның ұзақ уақытқа арналған қоныстарында сумен жабдықтаудың жаңа әдісі – құдық қазу шығады. Енді бұл аудандарда, әсіресе мал шаруашылығы басым дамиды.

Қола дәуірінде де Сібір, Жайық, Қазақстан және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларында біртекті шаруашылық дамыды; оларда тегі жағынан және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар «Андронов» деп аталатын өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды.

Андроновтық тұрғындарды басқа тайпалардан айыратын мәдениеттің ең басты этнографиялық белгілері – жерлеу ғұр-пы, геометриялық өрнегі бар балшықтан жасалған ыдыстар-дың өзінше бір жиынтығы, металл бұйымдардың түрлері болып табылады.

Андронов тайпалары тұрқы әр түрлі тас қоршаулар түрінде зираттар тұрғызды, олар тік бұрышталып, дөңгелектей, сопақталып қоршалатын болды. Кейде, әсіресе, Орал өңірінде бұлардың орнына обалар үйілді. Өлген адамдар не өртелді, не бүйірінен жатқызылып, қол-аяғы бүктеліп, жәшікке немесе қа-зылған төртбұрышты шұңқырға салынып жерленді. Сәндік заттары ерекше түрде жасалынған: киімге тағылатын «көзіл-дірік тәрізді» салпыншақтар болды. Ыдыстарының түбі тайпақ болды. Олардың сырты геометриялық өрнектермен сәнделді.

Алтайлықтардағы Андронов мәдениеті Сары-Бұлақ қорғанының[3], Барнаул мен Бийск арасындағы Обь өзенінің бойындағы Уч Пристанскіден табылған Клепик қорғаны[4] және Бийск маңындағы Қызыл-Яр[5] қорғандарының, сондай-ақ Каменогорскінің керамикалық ыдыстарымен сипатталады[6].

Алтайдан табылған мыс және қола бұйымдардың үсті түгелдей немесе ішінара алтынмен қапталған. Бұл ескерткіштер түрі жағынан Қазақстан, ал мотиві жағынан Енесей мәдениетін еске түсіреді. Алтай қолөнершілері жасап шығарған бұйымдарында өздерінің ерекшіліктерін бейнелей білген. Ескерткіштер арасынан пышақ, жүзік пен білезік көптеп кездеседі. Алтай өлкесі б.д.д. II мыңжылдықтың өзінде-ақ алтын өндірудің, орталығына айналған еді. Жалпы алғанда, алтайлықтар өздерінің қолөнерлік дәстүрлеріне беріктігін сол замандарда-ақ таныта білген. Айта кету керек, табақтар мен құмыраларда Афанасьев мәдениетінің іздері сезіледі. Алтайлықтарда, әсіресе ортақ қабірстан дәстүрі жақсы сақталған. Олардың дәстүрлерге беріктігіне қарап әлеуметтік жағынан аңшылық тұрмыспен ғана шектеліп қалған деп топшылау шындыққа жанаспайды деп білеміз[7]. Басқа жерлерде болып тұратынындай, алтайлықтардың басқа нәсілдермен араласып, өзгеріске ұшырауы бұл уақытта байқалмаған, мұның өзі олардың дәстүрлерді берік ұстануын қамтамасыз еткен.

Тянь-Шань (Тәңірі) тауындағы 3000 метрлік биіктіктегі жерлерден ағып жатқан Арпа өзенінің жағалауларынан табылған ыдыстар мен балталар Андронов мәдениетінің ерекшіліктерін жақсы-ақ көрсетіп тұр.

Осынау өзеннің жағалауындағы «Бурма Чаптағы»[8] мазарды қазған археологтар ондағы мүрденің жанынан балық бейнеленген Андронов керамикасын тапқан. Бұл жерлерге осынау мәдениет үлгілері Алтай таулары арқылы тараған болу керек. Семей және Тәңірі тауларының аймақтары әрдайым Алтай таулары өңірі мәдениетінің ықпалы астында болып келген. Бұл ретте Семейдің оңтүстігіндегі Шыңғыс тауының төңірегіндегі Сары көл қорғандарын тілге тиек етуге болады. Оларға тең келетін қорғандар бүкіл Орта Азияда кездеспейді. Бұлардан тысқары Сукулук[9], Талас аңғары[10] және Ташкент[11] ескерткіштерінің ұқсастықтарын айтпай кетпеуге және болмас. Сондай-ақ, Арпа өзенінің жағалауларындағы қорғандардан табылған ескерткіштердің Ташкент мәдениетімен етене жақындығын көруге болады. Ақырында, Шу өзені тұр-ғындарының қуатты Андрон мәдениетінің әсеріне қатты ұшырағандығын айрықша атап өтпекшіміз[12].

«Қанай» ескерткіштері тастармен қоршалған бір қорған ішінен алынған. Жоғарғы Ертіс аңғарындағы Қанай ауылын мекендегендердің Андронов мәдениеті ықпалында болған-дығы көрініп тұр. Сукулук ескерткіштері Солтүстік Қырғызстандағы металл өндірісінің дамуындағы баспалдақтар іспеттес. Түрлі типтегі 6 балта, 2 сүңгінің ұшы, 2 біз, 3 айна және басқа құрал-жабдықтар Орталық Азияның металл өндіру ісімен айналысқан кезіндегі жетістіктерінің тамаша үлгілері болып табылады. Айта кету керек Андронов мәдениетінің бой көрсетумен бірге Орталық Азияда өзіндік нәсілдік түр-түсі бар үлкен қауым пайда болды. Олар алтайлықтармен туыстас еді деп білемін.

Б.д.д. II мыңжылдықтағы Сібірдің ең маңызды мәдени орталықтарының бірі тағы да сол Минусинск аймағындағы Андронов қорғандары еді. Бұл атаумен б.д.д. 1700-1200 жылдар арасындағы Сібірдің «Қола дәуірін» бейнелейді. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі көрсеткеніндей, Андронов мәдениеті тараған жерлерден табылған мазарлардың үсті жалпақ тастар немесе ағаштармен жабылған және мазар үстіне дөңгелетіп тастар тізіліп қойылған. Бұл мәдениеттің ең маңызды ескерткіштері, сөз жоқ, ыдыстар[13]. Кең ауызды, жайпақ табанды, тұтқасыз ұшбұрышты немесе зонтик түріндегі өрнектермен безендірілген бұл ыдыстар оңтүстікте Тәңірі тауларына, ал батыста Дон жағалауларына дейін таралған. Бұл жерлердегі тастан жасалған қалақшалар, оқ ұштары, сүйек инелер, тұтас тұтқалы қанжарлар, балталар, ұлу қабыршақтарынан жасалынған кішкене және ретті әшекей бұйымдары мен сырғалар – Андронов мәдениетінің негізгі ескерткіштер тобын құрайды[14]. Сібірде алтын бұйымдардың алғаш рет пайда болуы сөз болып отырған заманның еншісіне тиесілі. Бұл кездегі Сібірде өсірілген жылқы, сиыр және қой сияқты үй жануарларының жанынан түйе де орын алған.

Алтайда Андронов мәдениеті б.д.д. 1200-700 жылдар арасында көріне бастаған[15]. Бракисефальды, жауынгер және көшпелі бір қауымды ерекшелеген бұл мәдениеттің, әсіресе Сібірмен байланысы мығым болған. Бұл қауымның денін Алтай түркілерінің құрағандығы әбден ықтимал. Кейбір зерттеулерге қарағанда бұл мәдениетті Батыс Түркістаннан қоныс аударған түркілер әкелген[16]. Орталық Азия тарихының өне бойында мұндай бір этникалық ағынның төбе көрсетіп тұрғаны белгілі. Кейбір зерттеушілер осы мәдениеттің шыққан жері – Қазақстан деп біледі[17]. Қалай болғанда да, бұл мәдениет-ті дүниеге әкелген қауымдар алтайлықтармен туыстас еді[18].

Андронов мәдениетінің иіріміне тартылған Сібірдің оңтүстігіндегі жерлерді негізінен Омбы, Новосибирск және Томск қалаларының төңірегінен іздеу керек сияқты[19]. Бұл өлкенің оңтүстігін алып жатқан Қазақстан мен Қырғызстан далалықтарының да мәдениет тұрғысынан Енесейге жақындығы бар. Қазақстанға Кавказ бен Оңтүстік Россия мәдениеттерінің еткен әсері күшті болған. Сондай-ақ, бұл заманда фин-угорлар ата-бабаларының мекені – Орал тауларында өркен жайған мәдениеттің Қазақстанға ене бастағаны белгілі[20]. Қазақстандағы Андронов мәдениетінің шыққан жері жөнінде әр түрлі пікірлер айтылуда, бірақ олардың бірсыпырасы сын көтермейді[21].

Б.д.д. мыңжылдықта Байқал көлі мен Ангара аңғарының тұрғындары металл өңдеуді білген және балық аулаумен айналысқан[22]. Байқал көлінің жағалауларынан оқ пен найза ұштары табылды. Бұйымдардың көп бөлігі әлі де болса шақпақ тастан жасалынған. Селенга дариясының жағалауларындағы Тологой және Сайантуиск қорғандарының ескерткіштері бұл жерлерде Андронов мәдениетінің әсері күшті болғандығын айғақтайды.

Үш аяқты Қытай ыдыстары Селенга жағалауларындағы Қара-Бузунға дейін тараған[23]. Бұл жерлер Солтүстіктегі Тайга мен Қытай мәдениеттерінің де әсеріне ұшырап үлгерген еді. Жалпы алғанда, Селенга аймағын мекендеген қауымның мәдениеті жоғары деңгейде болған деп есептелінеді. Ол Алтай мен Қытай мәдениеттерінің кейбір элементерін де өзіне сіңіріп алған.

Айта кету керек, далалық аймақтардағы энеолит тұрғындары климаттық аридизацияның нәтижесінде дағдарыстық жағдайға тап болып, Есіл мен Тобыл сияқты өзендердің аңғарындағы этно-мәдени ортаға кіріп, тұрмыс кешіруге мәжбүр болған. Бірақ, бұл жерлерде өзіндік мәдени-шаруашылық тип бұрыннан-ақ бар болатын. Ол, аймақтың орманды далалық этно-жүйелік ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан-тын. Аймақтың орталығы Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстігінде еді. Аймақтағы (Петровка, Нұра б.д.д. XVII ғғ.) шаруашылықтың егіншілік-малшылық типі металл қолдануды талап еткендіктен, оны өндіру ісі қолға алынған. Бірақ Петровка мәдениетінің иегерлері батыстағы көршілерімен жақсы қатынаста болғандықтан, олардың тарапынан әскери-құрылыстарға деген сұраныс азая түскен. Петровка мәдениеті б.д.д. ХVIII – ХVІ ғасырларда бой көтеріп, Солтүстік, Орталық, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Орал жерлеріне дейін тараған. Оған Шығыс Европа мәдениетінің (Катакомбалық – жер астындағы галерея) әсері айтарлықтай болған. Мұны Сергеевка (Петропавл) ескерткіштерінің мысалынан көруге болады. Жалпы алғанда, Петровка мәдениеті Андроновтан көп ілгері дүниеге келген. Оның бір қабірінен әскери арба табылды. Бұл – арийліктер келгенге дейінгі кезеңнің ескерткіштері. Қабірдің іші саз балшықпен сыланған, қам кірпішпен өрілген, төбесі тас плиталар немесе бөренелермен жабылған, ал мүрде сол жағынан жатқызылып, қолдары бетіне қойылған түрде, ұйықтап жатқандай қалыпта жерленген. Демек, о дүние туралы түсінігі болған. Екі доңғалақты арбамен бірге ат көмілген. Петровка мәдениеті Андронов (Алакөл) мәдениетіне негіз болып қаланды[24].

Мүрдемен бірге аттың көмілуі сақ дәуірінде де белең алған.

Сөйтіп, дамыған қола дәуірінде Андронов мәдениетінің қалыптасуына бірыңғай этникалық қауымның белсенді әрекеті және оның бірыңғай географиялық кеңістікте жайласуы көп әсер еткен деп ойлаймыз.

Б.д.д. II мыңжылдықтың аяғында – I мыңжылдықтың басында Андронов мәдениеті тайпаларының тұрмысы мен мәдениетінде өзгерістер болды; бұл өзгерістер қоғамның жаңа шаруашылық негізіне байланысты, әуелі жайлауда, кейін көше жүріп мал өсіруге байланысты туды. Әрине, жабайы жануарларды қолға үйрету сонау неолит дәуірінде-ақ басталған болатын. Солтүстік Арал өңіріндегі, Қазақстанның батыс, орталық және шығыс аудандарындағы неолиттік тұрақтарда қолға үйретілген сиырдың, жылқының, қойдың және ешкінің сүйектері табылды[25]. Жалпы алғанда, қола дәуірінде қолға үйретілген жануарлардың саны көбейді, жайлауда мал бағу қолға алынды[26].

Ежелгі замандағы мал шаруашылығы экстенсивті мал шаруашылығы еді. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде, әсіресе Қазақстанның далалық аудандарында көшпелі мал шаруашылығы пайда болды.

Қазақстан аумағында мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дами бастады. Мәселен, Усть-Нарым қонысынан (Шығыс Қазақстан) табылған қыстырма орақтар егіншіліктің болғанын көрсетеді.

Алдыңғы қола дәуірінің қоныстарынан тастан және бұғы мүйізінен жасалған теселер табылды. Жер қопсытатын тас кетпендер, астық түйгіштер, келілер, келсаптар олжаланды. Ал соңғы қола дәуірінде қола және мыс орақтар, қола шалғылар пайдаланылды (Шағалалы қонысы). Негізінде бидай, қара бидай, тары өсірілді[27]. Бірақ кетпендік егіншілік мал өсірумен салыстырғанда көмекші рөл атқарады. Сонымен бірге ол тамақ өнімдерін алудың маңызды көзі болды. Ал, аң және балық аулау бұл дәуірде өзінің бұрынғы маңызынан айырыла бастайды.

Соңғы онжылдықтарда (1976-1994 жж.) мыс балқыту мен қыш құмыра жасаудың[28], кен кәсібінің[29] және металл өндірудің, сондай-ақ мал шаруашылығы мен аң аулаудың, егіншілік пен үй кәсібінің ежелгі тарихын толықтырған жаңа деректемелерге қол жеткізілді[30]. Ең жұпыны есептің өзі Жезқазған өңірінде балқытылған мыстың көлемі шамамен 100 мың тонна болғанын көрсетеді. Успенск мыс руднигінен 200 мың тонна руда шығарылған, ал Имантау кен орнынан ежелгі заманда 48 мың тонна мыс рудасы қазылып алынған[31]. Мысы мен қалайысы мол, тотықтанған руда ғана (малахит, азурит, каститерит) өндірілді. Кені қазылып алынған орындардың аумағы мен шығарылған руданың көлемі мыс, қалайы және алтын кеніштерінің талай ғасырлар бойы пайдаланылып келгенін көрсетеді.

Қазақстан аумағында қола дәуіріндегі руда өндіру ісінің кеңінен жүргізілуі шикізат ретінде өз қажетін қанағат-тандыруға ғана емес, сонымен қатар металдың бірсыпырасын құйма күйінде және бұйым түрінде тайпалар арасындағы айырбас үшін пайдалануға да мүмкіндік берді. Айырбастың, әсіресе жеке тайпалар арасындағы айырбастың дамып, ұлғаюына жылқыны мініске үйретудің, оны көлік ретінде пайдаланудың едәуір маңызы болды.

Қола дәуірінің соңғы кезеңінде шаруашылықтың жаңа түрі – көшпелі мал шаруашылығының дамуына байланысты Күнге табынумен бірге Ай мен Жұлдыздарға табыну пайда болды, өйткені көшпелілер түнде көшкенде соларға қарап бағыт ұстайтын болған.

Орталық Қазақстандағы Андронов мәдениеті тайпалары өз дамуында бірінен соң бірі келетін екі кезеңнен өтті: оның алдыңғысы Нұра кезеңі, ортаңғысы Атасу кезеңі (Нұра, Атасу өзендеріне қарай алынған шартты атаулар). Соңғы қола дәуірінде (б.д.д. Х-VІІІ ғасырлар) олар Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары, көрнекті Дәндібай-Беғазы мәдениетін құрды (Қарағанды қаласының маңындағы ауыл және Солтүстік Балхаш өңіріндегі Беғазы қойнауы).

Орталық Қазақстанның соңғы қола дәуіріндегі тайпалары Оңтүстік Орал сыртындағы (Замараев мәдениеті), Алтай мен Енесейдегі (Қарасук мәдениеті) туыс тайпаларымен өзара тығыз байланыста дамыды. Бір-бірінің арасында ұлан-байтақ жазық дала жатқан бұл аймақтардың материалдық мәдениетін сипаттайтын керамикалық заттар, қола құралдар, тұрмыстық және сәндік заттар әжептәуір ұқсас. Мұның өзі ежелгі тайпалар арасында тығыз мәдени және экономикалық байланыстың болғанын дәлелдейді. Бұл мәдени алмасуда тайпалардың қарым-қатынасында маңызды дәнекер болған Қазақстан палеометалы (мыс, қалайы, алтын) елеулі рөл атқарды. Сонымен қатар Орталық Қазақстанның қола дәуірі мәдениетінің өзіне тән белгілері оның, негізінен, жергілікті жерде қалыптасқанын көрсетеді.

Қола дәуірінде Солтүстік және Батыс Қазақстандағы тайпалардың тарихи тағдырлары бір-бірімен тығыз байланыста дамыды. Б.д.д. II мыңжылдықта мекендеген андроновтық (алакөлдік) тайпалар шаруашылығының негізі мал өсіру мен кетпенмен өңдейтін егіншілік болды. Бұл өңірлерде 150-ден аса қоныс пен 200-ге жуық қорым, 300-ге жуық қабір ашылды. Неғұрлым көбірек зерттелгені Вишневка-1 шағын қонысы (Петропавл маңы), Бескөл селосы.

Халық көбірек отырықшы болған.

Қазақстанның соңғы қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштері болып табылатын Түгіскен кесенесі Аралдың шығыс өңіріндегі құрылыс техникасының дамығандығын көрсетеді. Бұл кесененің салынған уақытын б.д.д. IX ғасыр деп анықтауға болады. Мұнда ең алдымен Андронов мәдениетінің басым дәстүрлері айқын аңғарылады. Олар кесенелер мен оған жапсарлас салынған қоршаулардың орналасуынан, барлық кесенелердің кіретін есіктері шығысқа қаратылғандықтан, қабірдегі мүрденің басын шартты түрде батысқа қаратып қоюдан (өлік өртелген), жерлеу шеңбер сияқты элементтердің қосарласа келуінен көрінеді. Ең ақырында, ыдыстардың дәстүрлі андроновтық үлгілері, олардың өрнектелу әдістері мен мәнерлері – осының бәрі байырғы тұрғындардың Андро-нов мәдениетін ұстанған тайпалар екендігіне көз жеткізеді.

Түгіскен кесенелері Орталық Қазақстандағы осы тектес құрылыстарға ұқсас, бірақ ондағы құрылыстар орасан ірі тастан қаланса, мұндағылар шикі кірпіштен қаланған. Бұл жағдайдың мәні өте зор. Оңтүстік Түрікменстанның егіншілік мәдениеттерінде құрылысты шикі кірпіштен салу ежелгі заманнан бар, сондықтан Түгіскен кесенелерін салушылар өздерінің оңтүстіктегі көршілерінің құрылыс тәжірбиелерімен таныс болған деп топшылау керек. Көне кесенелер салу негізінде пайдаланылған 42-45х22-24×10 см тікбұрышты кірпіш оңтүстікте Намазгох-5 кезеңінде (б.д.д. III мыңжылдықтың аяғында – II мыңжылдықтың басында) кеңінен қолданылған.

Сонымен, қола дәуірінде Сібірден Орталық Азияның түкпір-түкпірлеріне дейінгі өңірде барлық жерде малшы-егінші тайпалардың ірі қауымдарының құрылуы және олардың көршілес жерлерге таралуы байқалады. Мәселен, андронов үлгісіндегі мәдениетті ұстанған тайпалар Солтүстік Қырғыз-стан аумағына қоныстанады, Ферғана алқабына жылжып, Әмудария мен Заравшанның төменгі ағыстарына дейін барып жетеді.

Орта Азияның оңтүстік аймақтарының отырықшы егінші-лерінің ескерткіштерінен олардың далалық мал өсірушілер мәдениетімен қарым-қатынаста болғандығының іздері байқа-лады. Оңтүстік егіншілері мен солтүстік мал өсірушілерінің байланыстары Орта Азияның құрылыстарды шикі кірпіштен салатын сәулет өнерінің құрылыс дәстүрлері пайдаланылып салынған Түгіскен кесенелерінен ерекше айқын көрінеді.

Қола дәуірінде Түркістанның онтүстігі, әсіресе Мәуаран-нахр аймағындағы материалдық мәдениет: 1) еңбек құрал-жабдықтарынан; 2) тұрақтардан; 3) қабірлерден құралады.

Сонымен қатар жартастардағы суреттердің де берер мағлұ-маты көп. Әңгіме культтік рәсімдер, садақпен қаруланған аңшылар және аңдар бейнеленген суреттер жөнінде болып отыр. Олар жартастарға ұсақ-ұсақ нүкте тәріздес тесіктер түсіру арқылы атқарылған. Тағы бір ескерткіштердің түрі орнаментті қыш ыдыстар болып табылады. Олардың бірсыпырасы Анау керамикасына ұқсайды, басқалары Оңтүстік Сібірдегі афанасьевтік типке жақын. Біріншісі Копетдағ тауларының солтүстігінде, одан ары Теджен мен Мурғабтың төменгі ағыстары төңірегінде, сондай-ақ Әмударияның оң жақ жағалауларында, Түрікменстанның Керкичай ауданында, Өзбекстанның Ферғана аңғарында, Сурхандария облысында, көне Терміз қаласында, Ширабад ауданында, Пенджаб қаласында, Байсұн ауданында және Шураб ауылында кездеседі. Бұл аймақтардың тұрғындары тұрақты отырықшы тұрмыс кешірген. Баспаналар мен басқа құрылыстар қам кірпіштен салынған. Өзендердің төменгі ағысындағы жерлерде, олардың салаларының төңірегінде суармалы егіншілік кеңінен дамыған, үй жануарларының барлық түрлері: жылқы, сиыр, ешкі, қой, түйе өсірілген. Өрнек салынған ыдыстар Эламдық мәдениет үлгілеріне ұқсап кетеді.

Таза-Бағ мәдениеті Хорезмде Кельтеминарлық тас ғасыры артынан іле-шала орныққан қола дәуірінің ескерткіштері болып табылады[32]. Хорезмде жүріп өткен үлкен бір алапатты климаттық өзгерістердің нәтижесінде Кельтеминар мәдениеті жойылып кеткен. Жаңа мәдениетті микролиттік заттар, кейбір мыс ескерткіштері, үшбұрышты (және меандр түріндегі) өрнектермен безендірілген ыдыстар ерекшелейді. Таза-Бағ мәдениеті Узбойда, Қазақстанда және Сібірде де көрінеді. Хорезм бұл кезде Андронов мәдениетінің иіріміне жақсы-ақ тартылған еді[33].

Б.д.д. II мынжылдықтың екінші жартысында бой көтерген Су-Ярган мәдениеті ескерткіштерінің арасынан алынған қой, сиыр сүйектері, жайпақ табанды сары және қызыл түстес ыдыстар Таза-Бағ мәдениетінен ерекшеленеді қылады және II Анау керамикасына жақындай түседі[34]. Бұл кезде Хорезмге оңтүстік жақтан кейбір қауымдар келе бастаған. Таза-Бағ мәдениетінің Орталық Азия және Сібірмен байланыста болуына қарамастан, Су-Ярган мәдениеті Иран дәстүрінің ықпалында ұзақ уақыт қалып кеткен.

Батыс Түркістанда Андронов мәдениеті (б.д.д. 1700–1200), әсіресе Афрасиаб пен Самарқанттан табылған тас фигураларымен танымал[35]. Бұл тас фигуралар Орта Азияның басқа жерлерінде және Сібірде де таралған екен. Бірақ, Андронов мәдениетінің бұл жерлердегі таралуы III Анау (Түрікменстан) қабатының ескерткіштерімен шектесіп жатты.

Көне Анаудағы жоғары дамыған мәдениеттің ескерткіштері және Қазақстан территориясындағы қола дәуірінің жекеленген құралдары мен басқа археологиялық материалдары Тұран жері адамзат мәдениетінің ең көне орталықтарының бірі болғанын көрсетеді. Анаудың төменгі қабаты б.д.д. IV-III мыңжылдық-тардың ескерткіштерін өзінде жасырып жатқан екен. Неолит пен қола дәуірлерінің қалдықтары қазіргі аңғарлар мен ойпатты жазықтардан, жырақтағы шөлді және шөлейттерден табылды. Қызылқұмның солтүстік-батыс шебінде және Қарақұмда да неолит пен қола дәуірлерінің тұрақтары анықталды. Олардан алынған заттар Батыс Сібір және Анаудағы мәдени ескерткіштермен өте ұқсас болып шықты[36].

Қола дәуірінің (б.д.д. ІІ – І мыңжылдықтың басы) Феодоров және Алакөл кезеңдерінің қыштан жасалған ыдыстарының сыртындағы ою-өрнектері қазақ халқының текемет, алаша, кілем, сырмақ сияқты бұйымдарының үлгі-өрнектерімен ұқсас келеді. Ұқсастықтардың тек үлгі өрнектерде (геометриялық сызықшалар, үш бұрышты, қошқар мүйізді) ғана емес, діни-нанымдардың қалдықтарында да болғандығын байқауға болады. Археологиялық және басқа зерттеулерден қола дәуірі, одан кейінгі темір ғасырында өмір сүрген адамдардың әдеп-ғұрпы мен салт-санасынаң бүгінгі күнге дейін жеткен сілемдерін көруге болады.

Бұл күндері Эрмитажда (С.-Петербург) тұрған XVIII ғасырда Ертістің шығыс жағында жатқан даладан, Алтай тауының ішіне таяу жерден қазылған көне қорғаннан табылған алтыннан құйылған белбеуден әдемі эпикалық сюжет – «Шоқтерек» бейнесі көрінеді. Ондағы суреттер үстіміздегі ғасырдың 60 жылдарында Шығыс Қазақстан облысындағы Пазырық қорғанынан табылған Сақ дәуірінің заттарымен ұқсас (Эрмитажда сақтаулы тұр). Ә.Марғұлан «Шоқтеректегі» сюжетті «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу жырымен байла-ныстырады»[37].

Жақында АҚШ-тың археологтары Орталық Азиядағы Ашхабад маңынан көне өркениеттің орнын тапты. Ол бұдан 4000 жыл бұрынғы қола ғасырының ескерткіштері екен. Месопотамия мен Иран мәдениеттерінен өзгеше. Ежелгі адамдар қабырғасының қалыңдығы 3 метрге жуық үйлерде тұрған. Олар мал баққан, егін еккен, қоладан құрал-аспаптар жасап, қолданған. Бұл жұрттың арийліктерге қатысы жоқ. АҚШ-тағы Пенсельвания университетінің қызметкерлері аталмыш жерден табылған тас сынығындағы жазуға тап болып, бұл күндері оны оқудың кілтін іздестіруде.

1993 ж. Ақатаев пен археолог Ақышев Алатаудағы жартас-та домбыра бейнесі мен адамның сұлбасы салынған, қола дәуіріне жататын сурет жөнінде жазған еді. Демек, «4000 жыл тарихы бар домбыраны дүниедегі барша шекті аспаптардың атасы демейік, бірақ көнесі деп қабылдауға болады»,–деп мә-лімдеді Өнертану институтының акустикалық лабораториясы-ның меңгерушісі Ж.Нәжімединов 2001 жылдың 29 мамырында Алматыда болып өткен ғылыми конференцияда.

Бұл дәуірдегі тарихи оқиғалар мен экономика саласындағы жаңалықтар бүкіл үнді-европа дүниесінің этно-мәдени және әлеуметтік-экономикалық өміріне күшті ықпал жасағанын көрсетті. Өркениеттің тууына негіз болған зор жаңалық пен өнертабыс металлургия мен жабайы дәнді дақылдарды қолдан өсіріп, жабайы жануарларды қолға үйрету болды. Жылқыны қолға үйрету, оны салт мініп жүруді, кейіннен жегіп пайдалануды ойлап табу адамзаттың ілгері басуында, сөз жоқ, ерекше рөл атқарды.

Б.д.д. III мыңжылдықта Тұран даласында болған экономикалық құбылыстар кейінгі дәуірлердегі тарихи ілгері басудың бүкіл барысын шапшаңдата түсуге ықпал жасады. Ұлы дала тұрғындарының саны біртіндеп арта түсті; жылқы мен басқа жануарлар санының көбеюі бақташыларды мал жаятын өрісті кеңейтуге мәжбүр етіп, қару көп қажет болып, мұның өзі металлургияны дамытуға ынталандырды; шектес әлеуметтік-этникалық топтармен сауда қатынастары орнаты-лып, мұның өзі тіршіліктің барлық жақтарына қатысты болып, жаңа идеялар мен өнертабыстарды қабылдауға жәрдемдесті; географиялық, астрономиялык, космогониялық мағлұматтар жинақтала бастады. Қола ғасырындағы Қазақстан тайпала-рының бастапқы этникалық-мәдени қабаты, этникалық келбеті көріне бастады.

Сонымен, зерттеушілердің көпшілігі Қазақстанның Солтүстік Шығыс және Орталық бөліктерінде қалыптасқан Андронов мәдениетін сол дәуірдегі ең көп тараған мәдениет деп таныды. Қазақстанның батыс бөлігінде Андронов мәдениетімен бір мезгілде оған жақын қима мәдениеті таралды, оның тараған орталығы Еділ бойында еді. Андронов мәдениеті Оңтүстікте өзімен тектес Арал өңіріндегі Таза-Бағ-Яб мәдениетімен шектесіп жатты.

Қола дәуірінде мәдениет қолаға бай аймақтарда өрге басты. Осындай орталықтарда жасалынған қола бұйымдары оларды өндіру үшін жағдайлары болмаған алыс жерлерге де тарады. Қолаға көшу материалдық мәдениетте ғана емес, бүкіл шаруашылық жүйесінде, сондай-ақ қоғамдық қатынастарда да түбегейлі өзгерістердің өрістеуіне жол ашты.

Қола дәуірінің соңғы кезеңінде мәдениеттің одан ары дамуы байқалды. Бұл климаттың өзгеруімен, әсіресе б.д.д. VIII ғ. болып өткен кішігірім мұздану процесімен тұспа-тұс келді. Қазақстанның солтүстігі мен батысында Алексеев, орталығы мен шығысында, сондай-ақ оңтүстігінде Беғазы-Дандыбай мәдениеті бой көтерді. Ал, Түрікменстанның оңтүстігіндегі Амирабад пен Намазгах (VI) мәдениетінің далалықтарға еткен әсерінің айтарлықтай болғанын зерттеушілер бір ауыздан тілге тиек етуде.

Қола дәуіріндегі мәдениет қалалық сипаттас та болған. Мысалы, Қазақстанның солтүстігіндегі Арқайым, Қырғызстан-дағы Ош және басқалары алғы қалалар қатарына жатады.

Б.д.д. II мыңжылдықта далалық аймақтың тұрғындары прогрестің орасан зор үлкен жолын бастан кешірді. Егіншілік тұрақты климаттық жағдайда суы мол өзендердің аңғарларына тарап, тайпалардың өсуін жеделдетті. Ал, жылқышылық даланы өзгерудің қозғаушы күшіне айнала барып, шаруашылықтың прогрессивтік көшпелі түрінің пайда болуына игі әсерін тигізді. Мұның нәтижесінде адамдардың көптеген жаңа-жаңа топтары өндіріске келіп қосылып жатты.

Осының бәрі қауымды әлеуметтік-экономикалық дамудың көз көрмеген белестеріне шығарды. Мал шаруашылығы биліктің ер адамдардың қолына жинақталуына әкеп соқтырды. Аталық руға өту басталды. Соқтығыстарда, әсіресе қола қаруына ие болған ру немесе қауымның қолы жоғары келіп отырды.

Қосымша өнім алу мүмкіндігі әлеуметтік жіктелуге жағдай жасады. Нәтижесінде әлеуметтік топтардың жағдайына қызмет ететін мәжбүрлеу аппараты – мемлекет орныға түсті.

Қола, Сақ және Хун заманындағы түркілердің мемлекетті-елді басқару жүйесі, шаруашылық-мәдени типтері және басқалай өмірлік дәстүрі, діні, тілі біздің заманымыздың І мыңжылдығында құрылған Кушан, Эфталит, Европадағы Хун империяларында, әрі кейінгі ғасырларда дүниеге келген түркі қағанаттары, мемлекеттері мен тайпалық бірлестіктерінде жалғасын тауып жатты. Тіпті, Шыңғыс ханның өзі де және оның ұрпақтары бұл мұраны жатсынбай, қайтадан өмірге қайтарудың нәтижесінде көптеген табыстарға жетіп, әлемдік деңгей мен көлемдегі Ұлы империяны дүниеге әкеліп, оның Әлем халықтарына еткен оң ықпалы қамтамасыз етілді. Әрине, мұның өзі, түркілердің тарихындағы ең ақырғы деп айтпайық, бірақ көз көріп, құлақ естімеген соңғы өрлеу еді. Ендігі жерде түркілік бірлік пен ынтымақтастық заман талабына сай белең алуы керек. Сондай-ақ, бұл үдеріс түркілік әпсаналар мен әдет-ғұрыптарды, ой жүйелері мен нанымдардың нышан-белгілерін және хатқа түскен көрнекті тарихи тұлғалардың рөлін көрсету арқылы жүзеге аспақ.

Сақтар, ғұндар, қаңлы-үйсіндер, кушандар, тохарлар, эфталиттер, түрік қағанаттары мен бірлестіктерінің үстемдік еткен жағдайында империялар құрылып, халықтардың жаһандану интеграциясына тартылып, оқшауланудан шығуын қамтамасыз етіп, олардың мәдени өзара әсерлесуін күшейтті және ізгіліктік тұрғыдан жаңаруына дем берді.


[1] Осы мәселенің Қазақстанға қатысты тұстары жөнінде қараңыз: Қазақстан тарихы Көне заманынан бүгінге дейін төрт томдық. – Алматы: «Атамұра». –Т.1. –ІІІ тарау. –1996.

[2] Записки Географического Общества СССР. –Т. 16, Новая серия. – М.-Л., 1957. – С. 261-264.

[3] Грязнов М.Р. Древние культуры Алтая. – Новосибирск, 1930. – С. 10-11.

[4] Бұл да сонда.

[5] Грязнов М.Р. Погребения бронзовой эпохи в Западном Казахстане. –Антропол. очерки. – Ленинград, 1927. – С. 172; Древняя История Южной Сибири. – М., 1951. – С. 90.

[6] Грязнов М.Р. Древние культуры Алтая. – Новосибирск, 1930. – С. 90-209; Теплоухов С.А. Древние погребения в Минусинском крае. – Материалы по этнографии. –1927. –№3. – С. 57-112.

[7] Вulletin оf tһе Мuseum оf Ғаг Еаstегn Antiquities. –1951, №23. – P.144.

[8] Черников С.С. Восточно-Казахстанская экспедиция. 1950 г. // Краткие сообщения о докладах и полевых исследованиях Института Истории Материальной Культуры. – 1951, №37. – С. 81-92.

[9] Бернштам А.Н. Материалы и исследования по археологии. – 1952. –№11. – С. 343.

[10] Бернштам А.Н. Основные этапы истории культуры Семиречья и Тянь-Шаня. Советская археология. – 1949. – №11. – С. 343.

[11] Бұл да сонда; Оболдуева. Краткие сообщения о докладах и полевых исследованиях Института Истории Материальной Культуры. – №23. – С.101.

[12] Бернштам А.Н. Историко-культурное прошлое Северной Киргизии по материалам Большого Чуйского Канала. –Фрунзе, 1943; Историко-археологические очерки Центрального Тянь-Шаня и Памиро-Алтая //Материалы и исследования по археологии. –1952. – №26. – С.20.

[13] Киселев С.В. Древняя История Южной Сибири. –М., 1951. –Т. VIII. – С. 81.

[14] Бұл да сонда. – С.76-80.

[15] Наnсаг Ғ. Dаs Рfеrd іn ргаеһіstoгіsсһег und fгuһelіstо гіsсһег Zеіt.- Wіеn. – 1955. – C.232.

[16] Древняя История Южной Сибири. – М., 1951. – С. 104.

[17] Вulletin оf tһе Мuseum оf Ғаг Еаstегn Antiquities. – 1951. –№23. –P.143.

[18] Дебец Г.Ф. Расовые типы населения Минусинского края в эпоху родового строя. //Антропологический журнал. – 1932. – С.123.

[19] Комарова М.Н. Томский могильник. // Материалы и исследования по археологии. –1952. –№24. –С. 7-50.

[20] Monlar E. Studia historica. – Budapest, 1955, № 13. – С. 50.

[21] Черников С.С. Роль Андроновской культуры в истории Средней Азии и Казахстана. // Краткие сообщения Института Этнографии. – Ленинград, 1957. –Т. 26. –С. 28-33; Формозов А.А. К вопросу о происхождении Андроновской культуры. // КСИИМК, 1951. –Т. 39. – С. 3-18.

[22] Jettmar К. The Karasuk culture and its South – Eastern affinities. – Bulletin of ihe Museum of Far Eastern Antiquities.–1951, mm. 22, 23. – С. 119-120, 142.

[23] Окладников А.П. Археологические данные о древней истории Прибайкалья. //Вестник древней истории. –1938. –№1. –С. 161.

[24] Кисленко A.M., Татаринцева Н.С. Культурно-хозяйственные комплексы палеометалла в Ишимской степи // Археология Волго-Уральских степей. –Челябинск: Челгу. –1990; Кисленко A.M. О перспективе формирования курса «Древняя история Казахстана». – Алматы. –1994. – С. 21.

[25] Формозов А.А. К вопросу о происхождении Андроновской культуры. КСИИМК. –1951. –Вып. 39. – С.11.

[26] Грязнов М.П. Этапы развития хозяйства скотоводческих племен Казахстана и Южной Сибири в эпоху бронзы. КСИЭ АН СССР. – 1957. –вып. 26.

[27] Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. МИА. –1960. –№88. – С. 44.

[28] Кузнецова Э.Ф. Древняя металлургия и гончарство Центрального Казахстана. – А., 1994.

[29] Жаумбаев С.У. Древняя металлургия и горное дело Центрального Казахстана (эпоха бронзы). – Автореф. дисс. канд. ист. наук. – Кемерова, 1984.

[30] Курманкулов Ж. Культуры древних скотоводов и металлургов Сары-Арки. – А.: «Ғылым», 1992.

[31] Сатпаев К.И. Доисторические памятники в Джезказганском районе. //Народное хозяйство Казахстана. –1941. –№1; Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. МИА. –I960. –№88. –С.134.

[32] Tolstov S.P. Auf den Spuren der Altchoresmischen Kultur. – Berlin, 1953. – С.78; Hancar F. Das Pferd in praehistorischer und früherhistorischer Zeit. – Wien, 1955. – С. 385.

[33] Толстов С.П. По следам Хорезмской цивилизации. – М. –1948. – С.76-77; Сонда: Древний Хорезм. – М. –1948. – С. 41; ВДИ, 1946. –№1. –С. 65; ВДИ. –1939. –№3. – С.174-176; Auf den Spuren. –Berlin, 1953. – С. 85-87; ВДИ. –1955. –№3. – С.75-83.

[34] Наnсаг Ғ. Dаs Рfеrd іn ргаеһіstoгіsсһег und fгuһelіstо гіsсһег Zеіt. – Wіеn. –1955. – C. 386.

[35] CA. –1950. –№12. – С. 3-6; Кызласов: КСИИМК. –Т. 63. – С.14-21.

[36] История народов Узбекистана. –Ташкент: Изд-во АН УзССР. –1960. – С. 32-38.

[37] Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш-Баян сұлу кeceнeci. –A., 1994. –22-23-б.


Тағы рефераттар