ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫ АУМАҒЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МҮМКІНДІКТЕРІ туралы қазақша реферат
20 ғасырдың соңғы онжылдықтарында көпшілік туризмінің экологиялық туризм бағыты қарқынды даму үстінде. Ресей ғалымы А. В. Дроздов экологиялық туризмді табиғатқа бағытталған топқа жатқызып, оны 2-ге бөледі: 1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық туризм; 2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс экологиялық туризм.
Экологиялық туризм Қазақстан үшін жаңа әрі жан-жақты бағыт болып табылады. Ерекше қорғалатын аумақтарға қойылатын талаптар мен әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстан Республикасының заңдары мен Үкіметтің нормативтік құжаттары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, оның ішінде жоғары категориялы қорықтық режиммен де туристік және рекреациялық мақсатта қолдануға рұқсат береді. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның 39 бап, 5 тармағында мемлекеттік табиғи қорықтың негізгі қызметінің бірі – мемлекеттік табиғи қорық және оның қорықтық зонасын экологиялық-ағарту, ғылыми және шектеулі түрде туристік мақсатқа пайдалануды реттеу болып табылады.
Қорғалжын мемлекеттік қорығының көлдер жүйесі дүние жүзі мен жергілікті ғалымдар, орнитолог, биолог, эколог, оқушылар, студенттер, туристердің қызығушылығын туғызатын Қазақстанның ерекше қорғалатын інжу маржаны болып табылады. Мысалы, Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің сулы-батпақты аумақтары 1974 жылы сулы-батпақты аумақтар туралы Рамсар конвенциясына сәйкес ғаламдық маңызы бар сулы-батпақты аумаққа жатқызылды. 2000 жылы Теңіз көлі «Тірі көлдер» деп аталатын әлемнің бірегей көлдері жүйесіне енсе, 2007 жылы Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау Ассоциациясының бастамасымен Қорғалжын мемлекеттік қорығы халықаралық дәрежедегі маңызды орнитологиялық аумақтар тізіміне енгізілді. 2008 жылдың маусымында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азиядағы алғашқы нысандардың бірі болып ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енгізілді. Қорық аумағының қайталанбас бірегейлігін шөлейтті аумақта орналасқан ішкі континенталды сулары; құстардың Орталық-Азиялық және Сібірлік-Оңтүстік еуропалық ұшу жолдарының қиылысқан жерінде орналасуы, далалық, шалғындық, галофитті және су қауымдастықтарының қатар кездесуі, сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған құстардан тұратын биоәртүрліліктің молдығының ерекшеліктері қалыптастырады. Бұған қоса қорық аумағының ұзақ уақыт бойы қорғауда болуы тұмса табиғатты бастапқы күйінде сақтауға мүмкіндік берді. Аталған табиғи жағдайлар аумақты рекреациялық мақсатта игеруге мүмкіндік береді.
БҰҰДБ/ҒЭҚ/ҚР Үкіметінің жобасы аясында жүргізілген бақылаулар мен тәжірибе, жиналған материалдар негізінде Қорғалжын аумағында экотуризм дамыту жөнінде анализ жасалды, оған сәйкес қорық аумағында экотуризмді дамытудың мұмкіндіктері төмегідей.
Артық жақтары: алуан түрлі өсімдіктер мен жануарлар әлемі бар бірегей табиғи аумақтар; тартымды және алуан түрлі живописьті ландшафттар; алуан түрлі көрікті жерлер, көлдер мен құстар; жазғы кезеңдегі қолайлы климаттық жағдайлар; тұрғылықты жергілікті халықтың көптігіне байланысты дәстүрлер мен салттардың сақталуы; ауылдың тыныш және жанға жайлы қолайлы өмірі; қонақжайлылық пен ізгі ниеттілік; осы мекен туралы ақпараттың қол жетімділігі; Қорғалжын ауылындағы қорықтың әкімшілік ғимаратында орналасқан қызықты көрме-орталық; ақпараттық қолдаудың болуы.
Әлсіз жақтары: ауылды жерлерде туристік қызметтің жоқ болуы; жергілікті жер аумағында бәсекелестіктің болмауы (оның нәтижесінде қонақүйлердің бағасы қымбат); ауданда туристерді тасымалдау үшін жалға алатын транспорттың болмауы; Қорғалжын ауылында тамақтандыру қызметінің шектеулілігі; ауыл сыртында туристерге тиісті жағдайлардың болмауы (әжетхана, пикник жасайтын орындар); ауылды жерлерде нұсқаулық тақтайшалардың жеткіліксіздігі; қызығушы тұлғаларда инвестициялық қаржының жеткіліксіздігі; шетел тілдерін білмеуі; Қорғалжында ақпараттық туристік орталықтың болмауы.
Мемлекеттік қорық аумағын экологиялық туризм мақсатында қолдану 1996 жылдан жүзеге асырыла бастады. Ғылыми-танымдық мақсатта тиісті органмен қорықтық зонада жүзеге асырылатын 4 экологиялық маршрут жасалып, бекітілді. Қорғалжын қорығы өздігінше туристік іс-әрекетпен айналыспайды. Қорық әкімшілігі 2001 жылы «Ақмолатурист» ААҚ-мен туризм саласында бірігіп жұмыс істеу үшін келісімшарт жасады. Келісімшарт бойынша қорық туристік мақсатта тек белгілі туристік маршрутқа ғана аумақты береді және туристерді қабылдау үшін Қаражар кордонында базаны көріктендіру үшін жалдау құқығынсыз жер берілген.
Қорғалжын қорығы аумағында экотуризмнің келесідей типтері бөлуге болады:
- Бедвочерлер (bird watchers). Алыс шетелдерден осы аумақтың тек құстарын көруге келетін туристер. Турларды өткізудің өзіндік ерекшеліктері мен талаптары бар.
- Ғылыми туризм — әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақта, себебі тек осы мекенде ғана осы аумаққа тән және сирек кездесетін табиғи экожүйелер, флора мен фауна нысандары бұзылмаған күйде сақталады. Бұл аумаққа ғылыми туризм үшін келетіндер отандық мекемелер мен халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері. Бұл жерде трансшекаралық және халықаралық ғылыми зерттеулердің, оның ішінде БҰҰ-ның табиғатты қорғау Конвенцияларының (маңызды орнитологиялық аумақтардың әртүрлілігін сақтау, климат өзгеруі, шөлдену мен жерлердің деградациясымен күрес туралы) басым бағыттары ескеріледі.
- Оқыту туризмі. Қорық пен оның төңірегіндегі аумақтардың табиғатымен танысуды мақсат ететін ұйымдастырылған экскурсиялар. Жиірек, ЖОО-да ұйымдастырылады.
- Арнайы туризм – спорттық балық аулау және аңшылық.
- Рекреациялық туризм – таза ауада бос уақыт өткізу, пикник, жылжымалы ойындар, кемпингпен бір күндік демалыс өткізу, кейде әуесқой балық аулаумен ұштасады.
- Танысу туризмі. Аумақтың елордаға жақын орналасуы Қазақстанның табиғи және мәдени мұраларына қызығушылықпен қарайтын шетел азаматтарын тартады.
Маршруттар қорықтық зонадағы жалпы пайдаланылатын алаңқайлық жолдар арқылы өтеді, тұрақтайтын орындар айқындалған. Туристердің ең ұзақ болуы 3-5 күн аралығында 18 адамнан аспайды. Үлкен емес топтарды ескере тәуліктік рекреациялық жүктеме 25 адамнан аспауды қарастырады. Туристік ағын қызмет көрсетудің дамымауына, табиғатпен танысу үшін арнайы бөлінген үлескілердің санының аздығына байланысты шектеледі. Дәл осы себепке байланысты азаматтардың жеке келулері де шектеледі.
Қорық туристерге тамақтану, тұратын жер бойынша төмендегідей қызметтер көрсетеді.
«Қорғалжын МТҚ» мемлекеттік мекемесі көрсететін қызмет түрлерінің тарифтері
Қызмет түрі | Өлшем бірлігі | Ұзақтығы | Тариф теңгемен |
Қонақүй,
орталық |
1 орын |
1 тәулік |
4500 |
2 орындық ағаш үй |
1 орын |
1 тәулік |
3500 |
4 орындық ағаш үй |
1 орын |
1 тәулік |
2700 |
Тамақтану (таңғы, түскі, кешкі ас) |
1 адам |
1 тәулік |
3500 |
Монша |
1 адам |
1 сағат |
700 |
Душ |
1 адам |
1 сағат |
200 |
Экскурсовод қызметі |
1 топ |
1 күн |
1650 |
Инспектор-жолсерік |
1 топ |
1 күн |
1600 |
Транспорт |
1 бірлік |
1 сағат |
250 |
Табиғат пайдаланғаны үшін төлем |
1 адам |
1 күн |
0,1 АЕК (127) |
Жылдар бойынша Қорғалжын қорығына туристердің келу динамикасы
Мақсатты топтар |
2005 жыл |
2006 жыл |
2007 жыл |
2008 жыл |
Шетелдіктер |
82 |
10 |
158 |
170 |
Оқушылар мен студенттер |
350 |
337 |
214 |
243 |
Ересектер |
1013 |
1017 |
2987 |
2763 |
Қысқы кезеңдегі балықшылар |
635 |
459 |
481 |
630 |
Барлығы: |
2080 |
1892 |
3840 |
3806 |
Кестеде келтірілгендей туристер саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Үлкен емес орнитологтар тобы үшін туристік маршруттарда далалық жағдайға сәйкес жабдықталған экотуристердің түнеуіне арналған 2 алаңқай бар. Туристік жабдық 10 адамға арналған. Қорғалжын қорығында ақылы негізде әуесқой және спорттық балық аулау жүргізіледі. Балық аулау қысқы кезеңде Есей, Сұлтанкелді, Қоқай көлдері мен Құлшым өзенінде жүргізіледі. Әрбір балық аулаушыға қорық аумағында жүру ережесі мен тәртібі беріледі, қорықтық режим мен әуесқой балық аулау ережесін бұзғандарға жауапкершілік шаралары қарастырылған.
Жоғарыда аталған ақпараттар қорық аумағында шектеулі түрде экологиялық туризмді дамытудың мүмкіндіктері мол екендігін дәлелдейді. Қорық аумағында экологиялық туризмді жоғары деңгейдегі қызмет түрі ретінде дамыту үшін төмендегідей іс-шараларды іске асыруды ұсынамын:
— қорыққа халықаралық туристер легін көбірек тарту үшін шетелдік туристік агенттіктерге қорық туралы ақпараттар ұсыну;
— жергілікті халық қорық аумағында туристік қызметті дамытуға қатысуы тиіс, бұл арқылы жергілікті халықтың жұмыссыздық мәселесін ішінара шешуге болады;
— ішкі рынокта қорық туралы ақпараттық жарнамаларды көбейту;
— қорық аумағында қызмет көрсетуде дифференциялық тәсілдің болуы, бұл қызмет көрсетудегі бағалық айырмашылықты білдіреді;
— студенттер, басқа білім алушылар үшін іс-тәжірибе өтетін немесе жас өлкетанушылар, туристер үшін база құру;
— «Әрбір қорық рентабельді болуы тиіс» деген принципті пайдалана отырып, қорық аумағында кәдесыйлар дүкенінің бұйымдарының ассортиментін көбейту, қорық аумағында ақылы фото- және видеотүсірімдер жасау үшін мамандарды тарту, қорық аумағын бейнелейтін кәсіби суретшілерді тарту;
— қорық аумағында туристік қызметті дамытуға атсалысатын қызмет түрлері бойынша лицензиялар беру, жеке кәсіпкерлікті дамыту, Жауапкершілігі жектеулі серіктестіктер құру.
— қорық аумағы жақын жатқан көне ескерткіштерді қамтитын, сонымен қатар жергілікті халықтың этнографиялық ерекшеліктерін толық көрсете алатын (киіз үйде демалу, ұлттық тағамдардан дәм тату, т.б.) 5-ші экологиялық маршрутты жасау.
Экологиялық туризм орнықты даму негізінде табиғатты қорғап, әрі аймақтың экономикалық дамуына мүмкіндік беретін сала болып табылады, сондықтан тұмса табиғаты сақталған Қорғалжын қорығының орнықты дамуы үшін экологиялық туризмді дамыту басты міндет.
М.О. Шаймерденова
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Астана, Қазақстан, marzhan_kaznu@mail.ru
Тағы рефераттар
- Коммерциялық банктің қарыз алушының несиелік қабілеттілігін бағалау
- 12 жылдық эксперимент сыныптарда информатика пәнін оқыту ерекшеліктері
- Сүттің қасиеттері
- СЕЙТЕН КӨЛІ АРТЕМИЯСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯСЫ, ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ ӨНІП-ӨСУ СИПАТТАМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
- Ақтөбе қаласының атмосферасын кәсіпорындар ластауда