Қожағұлұлы Қабанбай – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі Орта жүздің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батыр әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Ел аузындағы әңгімелер дерегіне қарағанда Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады. Оның әкесі Қожағұл өз тұсында Жалаңтөс баһадүрмен тізе қосып, Хиуа хандығына қарсы соғысқан қолбасылардың бірі. Сондай-ақ оның Бұхар жыраудың әкесі Қалқаман батырмен де серіктес болғаны туралы ел аузында әңгіме сақталған. Ал Қабанбайдың өз ұрпақтары Сапақ, Төлебай, Мойнақ әлі де жауына теңдік бермеген жауынгерлер.
Осындай әке мен аға көрген қызы Назым да үлкен соғыстардың бірінде дағдарып қалған қазақ қолын «Қабанбайлап» жауға бастаған екен.
Қабекеңнің өмірлік серігі, Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы Гауһар анамыз да жауға бетпе-бет шығып, айқасқа түскен батыр болған.
Найман ішінде Қаракерейден шыққан Қабанбай батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл. Одан соң алып денесіне қарап Нарбала атаныпты. Ал ата, әке жолын ұстанып көрсеткен ерлігіне, батылдығына, жауына да кешірімділігіне қарап елі оны Ізбасар атайды. 1724 жылдары Түркістанда жасақ құрған кезінде батыр бабамыз Қабанбай атымен елге танымал болған екен.
Жоңғарларға қарсы күресте Қаракерей Қабанбай батырдың ерлігі: 1724 Түркістан қаласын қорғау шайқасы, 1725 жылғы әйгілі Алакөл мына жайлардан айқын шайқасы, 1725 жылғы әйгілі Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбартеңіз жағасындағы шайқас, 1729 жылғы Бұланты өзенінің маңындағы шайқас, Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қол жеткен жеңістер, сексен күнге созылған Шора соғысы, бір жарым жылға созылған Шаған шайқасы, 1730 жылы жоңғарлардың Іле өңіріне дейін қуылуы, одан 1750 жылдардың соңындағы Жоңғар қақпасындағы соңғы жеңіс, тағы басқаларынан көрінеді. Байқап отырсақ, Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Осылардың көбінде ол қолбасшы міңдетін атқарған. Ұзын ұрғасы Қабанбай батыр соғысқа 103 рет кірген адам. Осының ішінде Қабанбайдың қолбасшылық дарыны мен батырлығы әсіресе жарқын көрінгені, оның есімін үш жүзге ұран еткен бір жарым жылдық Шаған шайқасы болса керек. Батыр мұнда әскербасшылық қабілеті мен қатар, ең шешуші шақта «Қабанбайлап» ұрандап жауға шауып, жоңғардың талай батырын жекпе-жекте жамсатып, барлық қазақты түпкілікті жеңіске бастайды. Оның осы қимылына разы болған Абылай «Арқауылды жамсатқан (қалмақ батыры) алыбым, жау шебіне атой салып шыққан Дарабозым Қабанбай мұнан кейін ханның ұраны болсын. Мұнан кейін жауға шапқанда «Қабанбайлап» шабыңдар» деген екен.
Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі.
Қабанбай қай жылы туып, қай жылы дүние салғандығы туралы нақтылы дерек жоқ. Мынадай есеп жасауға ғана болады: 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғанда бір дерек бойынша Бұқар жырау жүзге шыққан екен. Қабанбай қайтыс болғанда «Сексеннің сегізіне Бұхар келді» делінеді. Олай болғанда Қабанбай Абылайдан он екі жыл бұрын, 1769 жылы қайтыс болған болады. Қабанбай Қубас атпен серттескенде «Жетпіс сегізге мен келдім, отыз сегізге сен келдің» дейді. 1769 жылы жетпіс сегізге келсе батыр 1691 жылы туған болады. Сонда 1723жылы ол кісінің отыз екі жас шамасында болғаны. І. Есенберлиннің «Жанталас» романында «1750 жылы Абылай Шіріккөл маңына үш жүздің барлық игі жақсыларын жинаған.
Тархан Жәнібекпен бірге Абылайға қосылғандар алпысты алқымдаған әйгілі батыр Қабанбай және оның әйелі батыр ГауҺар, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Арғын Малайсары, Оразбай батыр, Уақ Баян батыр, тағы басқалары бар» делінген. Бұлда жоғарыдағы мөлшердің дұрыстығын байқатады.
Қабанбайдың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атаған. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді.
Қабанбайдың ерлік істері көзі тірісінде мадақталып, көз жұмған соң сүйегі «Сарыбел» деген жерге үлкен құрметпен қойылғаны туралы халық аузында сөз бар. Бірақ бұл әліде анықтай түсуді қажет етеді.
Тағы рефераттар
- Мемлекет және әкімшілік аумақтық бөліністер азаматтық құқықтың ерекше субъектісі ретінде
- “Қазақ” газеті
- Электрондық хабарлама
- Ілияс Жансүгіров
- Ислам философиясы