«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының тарихымыздың қай дәуірінде пайда болғандығы жөнінде ғалымдар әр тарау пікір айтады.
Ғалымдардың бір тобы жырдың пайда болу кезеңін Жошы дәуіріне тіресе, енді бір тобы Ноғайлы дәуіріне телиді. Үшінші топтағы ғалымдар қазақ хандығымен байланыстырады.
Қалай десек те, қазақ елі 2002 жылы фольклорлық мұраның 1500 жылдық тарихын атап өтті.
«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» дастанының кейбір деректерде 33 нұсқасының бары көрсетіледі [1,11] Қазақ арасында әріден келе жатқан бұл жырды Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, Арыстанбай, т.б ақындар өздерінше жырлаған. Ең көп тарағаны әрі толымдысы Жанақ нұсқасы. Туыстас түркі тілдерінде де жырдың мазмұндас-сарындас түрлері сақталған.
Осыншама ұланғайыр дүниені жинап, жариялауда, зерттеуде халқымыздың төл перзенттері Ш.Уәлихановтан бастап Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә: Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Жұбанов, Р.Бердібай өлшеусіз зор еңбек сіңірді.
«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” жыры-халқымыздың көне тарихынан жеткен асыл мұра, әлемдік мәдени-тарихи құбылыс. Жыр тақырыбы- халқының әдебиеті, мәдениеті, тұтастай алғанда, руханияты төңірегінде тынымсыз ізденістерге бастайтын аса маңызды, мәңгі ескірмейтін тақырып.
Поэманың тақырыбы- екі жастың бір- біріне деген адал сүйіспеншілігі. Сезімнің жоғарғы шыңы- махаббаттың жолындағы бөгет көбіне дәрменсіз екендігі өмір шындығы. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Қозы мен Баян заманның қаталдығын, озбырлығын, мейірімсіздігін жеңіп, кездесті, азғантай уақыт болса да ойнап- күліп бақытты өмір сүрді.
Поэмадағы бас қаһарман Қозы жастайынан мейірімді де ақылды, ізгі ниетті адамдар арасында еркін өсіп, жан- жақты тәрбие көрген адал, ісі әділ, қайырымды, қайратты, намысқой, адал махаббат иесі ретінде ауыз әдебиетіндегі ескі варианттар ізінен бұрылып, келешек ұрпаққа үлгі боларлық тәлімі бар, қимылы, ісі нанымды бейне ретінде, қарапайым адам қалпында, шындық болмысқа сай алғыр азамат ретінде суреттелген.
Оның бойында әкеден жалғасқан намысшылдықтың, игі дәстүрдің арнасы бар. Әкесінің бастаған ісін аяқтау, әкесі өлгеннен кейін бұзылған заңдылықты қалпына келтіруді өзіне перзенттік парыз санаған Қозының бейнесі жырда сұлу Баянмен толыға түседі.
Баян Қозыға ғашық болып, оны өзіне жар тұтады. Халықтық салт аясында өскен Баян Қозының жеке басын қадірлейді. Оқырман қауымға кеңінен таңылған Жанақ ақын жырлаған вариантындада кейіпкерлердің ерекше жағдайда дүниеге келу мотиві ұшырасады. Жырда:
Қодар қыз әкесі Қарабайдың өз аузынан:
Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,
Ақ Баянды беремін, саған Қодар,- деген уәдесін алады.
Жыршы поэмада Қодар мен Баянның портреттерін қарама қарсы, қоя суреттеу арқылы Баянның оқырманына сүйкімділігін арттыра түседі. Жырда Қодар:
Өзінің денесінің молын қара,
Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай,- деп суреттелсе, Баянның суреті:
Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз,
Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз,- деп беріледі.
Жырда Баянның жасы он төртте деп беріледі. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашты, меруерт тісті, аузынан сөйлесе, гүл төгілген Баянның көңіл- күйін «Аңда- санда болмаса сөйлеспейді, жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар” деп суреттеудегі себеп- сүйгенін сарыла күткен Баянға берілген осы баға басқа кейіпкерлердің сөздерімен де, Қозының өз көзімен де , Баянның өзінің іс- әрекеттерімен де расталады. Оның сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез- құлқы да, қимылы да сай. Баян өте ақылды, байсалды, төзімді, сабырлы қыз. Құдай қосқан жарын сарғая күтіп, зор шыдамдылықтың үлгісін көрсетеді. Өзін іздеп келген Айбасқа сыр бермей, оны байқап, бақылап нағыз Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, өзінің сырын ашпайды.
Баян сұлу- өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар арудың бойына қазақ әйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол- сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор әйел.
Қарабай елінде тазша кейпін киіп, қойшылықта жүрген Сарыбайдың еркесін таныған Баянның сүйгенін көруге тағат таппай, қуаныш пен ынтызарлықтан бір жерде дамыл таба алмай дегбірсізденуін сыртқы іс- әрекет, қыздың мазасыз қимыл- қозғалысы арқылы береді.
Бата алмай оятуға Қозекеңді,
Түнде үш келіп, үйіне үш тоқтайды. [2, 66]
Осы жолдарда қанша сезім арпалысы, ішкі толқулар бар!
Баян бейнесін сомдауда- заттық әлем мен киім де өзіндік қызмет атқарады. Шығармада қолданылып, көркемдік кеңістікті құрайтын заттың жиынтығы арқылы тарихи кезеңнің өзіндік болмысын, дәуір сипатын, ұғым- түсінігін тануға мүмкіндік береді. Тарихи шығармаларда өмір шындығының дәлдігі, нақтылығы, кейіпкерлердің тұрмысы, киім киісі, ұстанған заттары, т. б. арқылы танылатындықтан, сол кезеңмен сәйкес болуы ерекше қадағаланады.
«Қозы Көрпеш- Баян Сұлу ” эпосында да заттар әлемі өзіндік өрнекпен ерекше бейнеленген. Әсіресе, заттар әлемінің поэтикасы терең мән- мағынаға ие. Мысалы, Айбас батырдың:
-Балталы, Бағаналы елден келдім.
Бақалы, балдырғанды көлден келдім.
Сіздерге күмән шығар,- өзіме аян,
Елімнен іздеп келген келінім- Баян,- деп Баян ауылына барып келуін дәлелдейтін заттардың жеке- жеке баяндалуы- соның айқын айғағы. Жырдағы:
Сәлем де ініңізге іздеп келсін,
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін,
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда.
Айтқанды тон, жүзігім белгі болсын,- деп жырланатын жолдар қазақ қоғамындағы сүйгеніне қосылу үшін ата жолының қатал заңына қарсы шығып, қайсарлығымен, өжеттігімен көрінген жаңашыл қыздардың бейнесін береді десек, «айтқанды тон, жүзік, тоғыз”- сол кезеңнің тұрмыс- салтына тән дәстүр, сый, сияпат. Сол кезеңнің сипатын танытатын заттық, көркемдік детальдар. Ал Баян бейнесін бұл құбылыстан бөлек алып суреттеу тіпті де мүмкін емес.
Бұл дәстүрдің санаға сіңіп, таным – түсінікке әбден тереңдей еніп, қалыптасқаны сонша, ер- азамат Қозы да сол әшекей заттарды сұрап, Айбастан куәлікке керек етеді.
Бұл заттық детальдар тұрмыстық қажеттілікке жарайтын қарапайым қызметті емес, қыз сезімін танытар символдық көркемдік міндетін атқарып тұр.
Қарапайым заттарға эстетикалық , көркемдік құндылық дарытып, оларды ел – халық тарихында топонимикалық аңызға айналдыру, т.б. секілді құбылыс ақындық шеберлік болып табылады. Айбас алып келе жатқан сәлемдеме – заттардың жол –жөнекей түсіп қалуы топонимикалық аңыздардың дүниеге келуіне себеп болады. Оқып көрейік:
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
«Қызыл белбеу, Құбажан» қоя сапты …
… Қыздың берген мейізі түсіп қалып,
«Мейізгек» деп тау атын қоя сапты…
… Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
«Қарқаралы тау атын қоя сапты …» ,–
деп, осылай әрбір затқа бір атау қойылып кете береді. Ойлап қарасақ, осы топонимикалық атаулардың пайда болуы бір кезеңдегі жыр кейіпкері Баян басынан кешкен оқиғамен тығыз байланысты.
Эпикалық жырда сөз болған бұл заттар тек махаббат серті-символдық қызмет ғана емес, тарихи орны бар жер, су, ел атауларының да есімі болып, топонимикалық та, көркемдік те қызмет атқарып тұр.
Мұндағы тазша кейпі қажеттілікпен басқа да қызмет атқарады. Поэмада Қозы Баян аулына қойшы – тазша болып, соның кебін киіп, түрін өзгертіп келсе де, бұл ісіне көпке дейін көңілі толмай, намыстанып жүреді. Сағына күткен ғашығын осылайша тазша кейпінде көрген Баянның бұл көрініс жанын қатты ауыртады. Алайда Қозының сақтығын, амандығын ойлап, тазша кебін қайта кигісі келмеген Қозыға.
Киіңіз кебіңізді арланбаңыз,
Осылардан басқаға сыр бермеңіз,
Кішіліктен еш нәрсе кемімейді.
Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, дейді.
Европалық әдебиеттерде жиі кездесетін масканы жыршы ұлттық болмысымызға сай, ұғым – түсінігімізге лайықты етіп жырға қосады. Шыршы Қозының сырт тұлғасы, кейпі өзгергенмен оның жалпы азаматтық кескін – келбетіне нұқсан келтірмейді. Қайта Қозыға тазша кейпін кигізу арқылы Баянның образын, оның ақыл – парасатының молдығын аша түседі.
Баян тек көркімен ғана сұлу емес, ақылымен, ерлігімен де сұлу. Жоғарыдағы үзіндіде Баян, біріншіден, Қозыны дұшпанынан сақтандырса, екіншіден, кішілік — адамгершілік қажет екенін аңғартады. Ол ақылымен тоқсан байдың серісі мен қара күштің ғана иесі Қодарды маңына жуатпайды. Жырда бұл көрініс былайша берілген;
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды, Қодар үркіп.
Сондай – ақ жырда заттық деталь Қозы Көрпештің Қодарды ықтырып алатын құралы ретінде де танылады. Мысалы;
— Кетіп ең дардай болып сен мақтанып,
Кәнеки, өрік, мейіз әкелдің бе?
деп сөзіне тұрмаған Қодарды мазақ етудің, қорлаудың, намысына тиюдің пәрменді құралы еткен өрік, мейіз өзінің көркемдік міндетін мінсіз атқарабілген. Сондай – ақ бұл жырда сыртқы іс — әрекет, қимыл — қозғалыс динамикасы арқылы сол сәттегі кейіпкердің көңіл – күйін, құлшыныс мақсатының мән – маңызын да ашып береді. «Баянды беремін, малды шөлден алып шықсаң», — деген уәдесін алып алған Қодардың қуаныштан бар күш – қайраты тасып, сенімдіктің артқанын аңғартады.
Сол күндегі жанардан Қодар асып,
Мінезіне қайраты құп жарасып.
Қодекең шауып жүріп қимылдайды.
Аямай бедеуіне қамшы басып.
Одан әрі осы көңіл – күй әсерінен Қодардың психологиялық портреті ерекше көтеріңкі пафос, үдемелі әсірелеу, теңдеулер арқылы бейнеленеді. Әр шумақ сайын Қодардың бейнесі толығып, ерекшелене сомдалады . Ал, оған қарама- қарсы кейіпкер Баянды.
Аппақ көрік маңдайы, қылығы наз,
Малың түгел басыңды берсең – дағы аз, — деп қыздың сұлулығына ештеңе тең келмейтіні баяндалады. Мұнда Баянның сұлулығына ғана емес, оның асқан ақыл-ойы, парасаты алдыңғы қатарға шығады. Осындай кейіпкерлердің іс -әрекеттері, қимыл – қозғалыстары арқылы олар туралы мәліметтер толыға түседі. Олардың сөйлеу мәнері, моциялық диапазоны, көптеген портреттік белгілері оқиға өрісіне қарай өсіп — өніп отырады. Бұлардың бәрі психологиялық портрет галереясын құрайды.
Жырда алғаш Қодар Баянды шын ұнатқан, қыздың көңілінен шығу үшін барын салатын, көкірегін бәсеке мен қызғаныштың жалыны шарпымаған ақ көңіл, көпшіл, еңбекқор жан болып суреттеледі.
Бетке жан қаратпайтын Қодардың мысын басып, тоқтау болар жалғыз жан – Баян. Баянның күліп айтқан бір жылы сөзі үшін, құрбандыққа шалынуға дайын намысқой Қодар бейнесі үлкен шеберлікпен берілген. Осы бірсөздері, біртоға Қодардың қолын қанға малатын бейненің дәрежесіне дейін өсу жолы Баян бейнесімен қатарласа оріледі.
Жырда өз сезімімен арпаласқан Қодар ақыры Қозыны өлтіріп тынады. Бірақ Қозыны өлтіргенмен Баянның Сарыбай баласына деген махаббатын өлтіруге шамасы жетпейді.
Қозының кегін алмақшы болып Баян Қодарды Шоқтерекке айламен алып барып өлтіруінен Қодардың аңқау, аңғалдығын көрсек, екінші қырынан Баян не істесе де қарсы келе алмайтын сүйген жүрек иесінің характері байқалады.
Атаңа сіңіспейді адал күшім,
Құл болдым есігіңе сенің үшін.
Ертеден қара кешке қылсам дағы,
Бір аллаға жақпады менің ісім.
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
Әке- шешем жылатып келдім Баян.
Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян
деген сөздерден Баянның ісін- ақ, сөзін- әділ көрген аңқау Қодарды көреміз. Қодар Баянға сеніп өледі. Ал Баян болса, айласын асырып, Қодардан кек қайтарады. Егер Қодар бейнесі болмаса, Қозы мен Баянның махаббаты жоғары деңгейдегі ақ, пәк махаббаттың символына айналмас еді.
Қозының кегі үшін Қодарды өлтірерде Баян сұлу айтқан мына сөзден қайсар қазақ қызының бірбеткей, өжет те өр мінезі айқын байқалады.
Әкеме сіңіп еді сенің күшің,
Құл болдың есігіме менің үшін.
Шоқ белбеу, алтын айдар мырзам қайда,
Шұнақ құл өлтіремін соның үшін.
Міне, осылайша жырдағы Баян образы жан- жақты сомдалып, оқырманға жақындай түседі. Баян бейнесі қазақ мәдениетіндегі әдеміліктің, ақылдылықтың, парасаттылықтың, тұрақтылықтың айнымас үлгісі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С. А. Қасқабасов. «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу ” жыры және түркі эпостық дәстүрі (мақала).
«Қозы Көрпеш- Баян Сұлу” эпосы және түркі әлемі”
«Қозы Көрпеш- Баян Сұлу” жырының 1500 жылдығына арналған халықаралық ғылыми- теориялық конференция материалдары. /11- бет/ Алматы «Интерпринт” 2003.
2. Қазақ фольклористикасының тарихы /42 бет.
3. Қозы Көрпеш- Баян Сұлу Алматы «Жалын 1985”
Тағы рефераттар
- Менеджменттегі жоспарлау
- Дүниежүзінің жануарлар дүниеcінің қалыптасуы
- Майлин Бейімбет
- Қазақстан Республикасының жұмыссыздық деңгейі
- Иасауи мәдениеті мәселесі