КСРО сияқты жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан империяның күйреп, тарих сахнасынан кетуі — ХХ ғасыр соңындағы әлем халықтары тарихының басты оқиғасы болды. КСРО-ның күйреуі, тек сол мемлекетті мекендеген халықтар тағдырына ғана емес, жалпы әлемдік даму үрдісіне де елеулі ықпал етті. Әлем “социалистік” және “капиталистік” деп аталған жүйелер арасындағы бәсекелестік пен текетірестен құтылып, халықтар мен мемлекеттер қатынасының жаңа кезеңіне аяқ басты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болып, қалыптасуы да сол империяның күйреуімен тікелей байланысты. Сондықтан КСРО-ның күйреу тарихы, оның себептері мен салдары біздер үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылыды. Келешекте бұл мәселенің, тарихымыздың түйінді проблемаласы ретінде, арнайы да кешенді зерттелері күмәнсіз.
Тәуелсіздігіміздің объективті алғышарттарының маңызды факторларының бірі ретінде, КСРО-ның күйреу себептерін талдауда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің дерек көздері ретінде алар орны ерекше. 1980 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1984 жылдан республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген, 1989 жылдың маусымында Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы,1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Президенті болып сайланған Н. Назарбаевқа қызмет жағдайына байланысты КСРО-ның күйреу процесін іштей бақылап, КСРО-ның күйреуін тездеткен Мәскеулік басшылардың тақ үшін таластарының куәгері болуына тура келді. Ол туралы Н. Назарбаевтың өзі: “Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қортындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгендіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын”- деп жазды [114, 219 б.].
Бұл жерде ерекше көңіл аударатын нәрсе, ол Н. Назарбаевтың “өзінің жеке пікірін айтуға бару” себебі Одақты жаңарту арқылы сақтап қалу болғандығы. Оның өз кітабында: “Шындықтың бетіне қаймықпай тура қарайтын кездің келгеніне көп болды… Бізге керегі – қоғамдағы күштердің басын қосып, біріктіру, мұны құрғақ ұран деуге тіпті де болмайды. Бәрімізді біріктіре алатын қуатты күш ретінде дағдарысты жағдайдан шығу, адамдардың аман – саулығы, республикалардың гүлденуі, ұлы Одағымыздың жаңаруы мен нығайуы сияқты ортақ мақсаттарымыз күшті қызмет ете алады”- деп жазуы [114, 246-247 бб.], соның айқын дәлелі.
Н. Назарбаевтың Одақты сақтап қалу, оны жаңарту арқылы дамыту үшін күресі өмір шындығынан туындаған қажеттілік еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Егерде республикалар бас-басына тым-тырақайлап, өздерінің ұлттық отауларына бөлініп алып, томаға-тұйық өмір сүрсе, не болатынын бәріміз бірдей, жеріне жете ойланып, түсіне қойдық па? Ау, біздің экономикамыз жайбарақат бөлісіп ала салатын батпан құйрық емес қой. Бүгінгі таңдағы интеграция дәрежесіне жеткен шақта қарға тамырлы болып кеткен экономикалық байланыстарымызды быт-шыт етіп үзудің қаншалықты қатерлі екенін алдынала болжай білу үшін тіпті де арнайы теориялық білімнің қажеті жоқ. Оның үстіне бір-біріне мүлде тәуелсіз, жаңа мемлекеттерді құру дегеніңіз де өте қымбатқа түсетін іс екенін дәлелдеп жатудың сірә, керегі бола қоймас”-деді [114, 257 б.].
Н. Ә. Назарбаевтың жаңартылған Одақты сақту үшін жасаған әрекеттері туралы кезінде бұрынғы Одақтық орталық баспасөз беттерінде әр түрлі пікірлер айтылды. Мысалы, Н. Назарбаевтың Одақты жаңарту арқылы сақтап қалу үшін жүргізген күресі туралы “Правда” газетінің тілшісі Д. Валовой: “Демократиялық басылымдарда Назарбаев Одақты жаңартылған түрінде сақтап қалу мәселесінде Горбачевпен бірге тым ұзақ жүрді деген сын айтылады”-дей келе, Назарбаевтың неліктен олай еткендігі туралы: “Ол президентке деген сүйіспеншіліктен немесе оның қызметіне риза болушылықтан жасалынған жоқ. Әңгіме тіптен басқада. Нұрсұлтан Әбішұлы барлық уақытта өндіріспен, экономикамен тығыз байланыста болды, олардың ішкі проблемаларын жете білді. Республикалардың азғана жетекшілерінің бірі ретінде, ол халық шаруашылығының барлық салаларының интеграцияланғандығын терең түсінді, шаруашылық байланыстарының жылдам үзілуінің қандай қасіреттерге әкелетіндігі туралы ол өзіне есеп берді. Біртұтас экономикалық кеңістікті бұзу ұлттық валютаны енгізу, кеден бекеттерін орнату, баж салығын енгізу, виза ашу т.т қажеттігін туғызады, ал ең соңында шекараларды бекіту керек болады. Мұның бәрі экономикаға қосымша салмақ түсіретін өте қымбат істер.
Сондықтан, жаңартылған Одақты сақтап қалу идеясын қызу қолдай отырып, Назарбаев Горбачевты, үкіметті өз шешімдері мен іс –қимылдарындағы батылсыздықтары, жүйесіздіктері үшін бәрінен де көп сынады” — деп, түсіндірген және өз сөзінің дәлелі ретінде Назарбаевтың КСРО халық депутаттарының ІҮ съезінде жасаған баяндамасының мәтінін берген [101, 154-155 бб.].
Н. Назарбаевтың жаңартылған Одақты сақтап қалу үшін күресу себебін “Азия асқарларында”: “Халқының арман-аңсарын анық білетін және өзегінен өткізе сезінетін ұлт перзенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қайта құруды жан-тәнімен қабыл алды. Қашанда айрықша стратегиялық түйсігімен ерекшелінетін ол империя үстемдігінен құтылудың мүмкіндігі ашылғанын анық көрді. Алайда прагматик ретінде ол бұл жолдың жақын да болса алыс екенін тамаша түсінді. Бір жағынан желтоқсанның қанды оқиғаларын, бірақ енді бүкіл көпұлтты ел аумағында, қайталау қаупі бар еді, ал бұл азамат соғысын аңдататын – оның мысалдары сол кездің өзінде табылатын. Екінші жағынан, Қазақстан экономикасы жалпыодақтық рынокқа тым етене қабыстырылған, сонан да бұл байланыстарды бырт еткізіп үзіп жіберу жалпы қан тамыры жүйесінен қол үзгенмен бірдай. Осының бәрі жинақтала келе Назарбаевтың ыдырай бастаған Кеңестік Республикалар Одағына деген ұстанымын айқындады.
Біртұтас экономикалық кеңістіктің заңды түрде, бірақ тым тез күйреп түсуінің қандай қатері бар екенін Назарбаев жұрттың бәрінен айқын ұғынды. Сол кезге дайындалып үлгеру үшін Қазақстанға уақыт керек еді. Ақыры болмай қоймайтын қирау сәтін мүмкіндігінше ұзарту үшін ол жаңартылған Одақты сақтап қалуға ұмтылған түйінді тұлғалардың біріне айналды. Алайда жүрдек дамып жатқан оқиғалар уақыттың таусылуға айналғанын көрсетіп берді”-деп түсіндіреді [102].
Бұл фактор кітапта айтылған өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қалыптасып, 90 жылдары шарықтау шегіне жеткен кемшіліктер туралы пікірлердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейді. КСРО-ның көп ұзамай-ақ, сол кітап жарқ көрген, 1991 жылдың күзінде күйреуі, тарихшыларға Н. Назарбаевтың сын пікірлерін КСРО-ның күйреу себептері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Өйткені, кітапта айтылған кемшіліктердің асқынғандығы соншалықты, оларды түзету мүмкін болмай шықты. Ал, асқынған аурудың алмай қоймайтындығы белгілі. КСРО сияқты алып империя көз алдымызда күйреді.
КСРО-ның күйреуінің ең басты себептерінің бірі – елде сөз бен істің бірлігінің болмауы еді. Бар билікті өз қолына жинап алған коммунистік партияның саясатына сай “дұрыс” сөйлеу, бірақ басқаша ойлап, іс жүзінде керісінше істеудің, яғни екіжүзділікке барудың елде кең етек алғанды бүгінгі аға ұрпақтың есінде. Мұндай ел тағдыры үшін аса қауіпті үрдістің пайда болып, қалыптасуына және дамуына кінәлі басқа емес, басынан шіріген балық сияқты, сол ел басқарып отырған партияның ең жоғарғы басшыларының өздері еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Жетпісінші жылдардан бастап партияның жоғарғы эшелондарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек әрі табандылықпен естіле бастады. Турасын айтайық, бұл талаптан нағыз екіжүзділік аңғарылып тұрды. Жоғары басшылықтағылар мұндай бірлікке ең алдымен өздерін өздері шақыруы тиіс болатын. Л.И. Брежневтің жеке басына табынуды қоздыра отырып және ең бірінші кісіге жақын адамдарға жасалатын бүкіл игіліктерді пайдалана жүріп, ат төбеліндей әміршіл топ пратия бұқарасынан барған сайын қол үзе бастаған еді.”-дейді [114, 98 б.].
Ең жоғарғы дәрежедегі шешімдер де мемлекеттің, кеңес халқының мүддесіне емес, сол партия басшылығындағы ат төбеліндей әміршіл топтың мүддесіне сай, кітапта айтылғандай “Жоғарыдағылардың алаңсыз өмір сүруі үшін” [114, 98 б.], қабылданатын болды. Автор пікірінің сол кезде қалыптасқан өмір шындығына толық сай келетіндігін көптеген нақты фактілер арқылы дәлелдеуге болады. Солардың бірі- 80-ші жылдардың басынан бастап елдегі биліктің ең ұшар басында отырған КОКП ОК Бас хатшыларының денсаулықтарына байланысты бірінен соң бірінің қайтыс болуы, яғни елдегі ең жоғары билікке ауруы асқынған адамдардың келуі. Ел тағдырының, мемлекет тағдырының денсаулықтарының нашарлауына байланысты өз басымен қайғы болып жүрген ауру адамдардың қолында болуы.
Ұзақ жылдар бойы партия басшыларын емдеу ісімен айналысқандықтан олардың денсаулықтарының қандай екендігін жақсы білетін академик Е. Чазовтың айтуынша, 1975 жылдан науқас Л. Брежнев,тіптен өз бетінше жүріп-тұрудан, дұрыс сөйлеуден қалса да, өмірінің соңғы күндеріне дейін сол қызметті “атқарды”. Оның орнына КОКП ОК саяси бюросының, яғни шексіз билікке ие бір топ адамдардың, шешімімен көп жылдан бері ауру Ю. Андропов Бас хатшы болып тағайындалды. Көп ұзамай-ақ ол да ауруханаға жатуға мәжбүр болды. КСРО сияқты алып мемлекетті өмірінің соңына дейін ауруханада жатып “басқарды”. Оның орнына демікпе аурумен ауру, сөздің тікелей мағанасында, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған К. Черненко, сол топтың шешімімен, Бас хатшы болып тағайындалды. Оның да ұзаққа бармайтындығы баршаға белгілі еді. Ешқандай да ақылға симайтын мұндай шешімдердің, сол топтың тек өз мүддесі үшін ғана қабылдағандығы еш күмән туғызбайды.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тұру үшін Бас хатшының келісімін алу қажет болғандықтан К. У. Черненконың денсаулығына байланысты Мәсеуге үшінші рет барғанда ғана қабылдауында бола алған Н. Назарбаевқа бар жоғы: “Мұның жасы қаншада?”-деп жаңғыз сұрақ қойуға жарап, орнынан көтеріліп, жүрмек болғанда құлап қала жаздаған елдің бірінші басшысының қалін өз көзімен көргеннен кейінгі келген ой мен жасаған қортындысы туралы Н. Назарбаев: “Аса ірі мемлекеттің басында осындай адам да отырады екен-ау! Басқа да ойлар келді. Өйткені мұндай жағдайда адамның бір нәрсеге елеулі ықпал етуге қабілеті бола қоймайтыны айқын көрініп тұр еді. Олай болса, мұндай Бас хатшыны өкімет билігінің өзіндік символы ретінде ұстап, сол бір символикалық тұлғаның панасында емін-еркін рақат өмір сұру әлдебіреулерге өте қолайлы болғаны ғой”-дейді [114, 168 б.].
Ал, ондай символикалық басшының кімдер үшін қажет екендігі туралы: “Мысалы, біз Қонаевтан мынаны естіп білдік. Саяси Бюроның арнайы жабық қаулысы қабылданыпты. Онда Саяси Бюроның жасы асқан қарт мүшелеріне қысқартылған жұмыс күні және аптасына бір рет – жұма сайын – қосымша үшінші демалыс күні белгіленіпті. Сондықтан да олардың ешқайсысы да ерекше жан қинап жұмыс істей қоймайтын, әдетте бейсембінің өзінде-ақ бәрі де саяжайларына кете бастайтын, онда таза ауа жұтып, арнаулы орындарда аң аулап демалатын.”-дейді [114, 168 б.].
Мұндай жан қинамай жұмыс істеу тәсілін республика басшыларының да шебер меңгеріп алғандығын, өзінің Қазақстан үкіметін басқаруға келген кездегі қалыптасқан жағдайы мысалында: “Көптеген басқа да басшылар сияқты, бұл қызметте менің алдымда болған адам негізінен бір ғана принципті басшылыққа алушы еді: ең бастысы барлығы да ың-шыңсыз тыныш болғаны керек. Өзгелерді аз мазаласаң, өзің де тыныш өмір сүресің. Тек жоғарғы жаққа жиі-жиі қарап қою керек, өйткені бірінші басшыға дер кезінде жағыну және оның еркі мен тілегіне қарсы келіп қалмау қажет. Мұндай айқындамадан ұтылмайсың. Министрлер Кеңесінің бұрынғы Төрағасының омырауында Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызы жарқырап шыға келгені де содан еді”-дейді [114, 168-169 бб.].
Одан әрі автор одақтық және республикалық деңгейлерде қалыптасқан мұндай жұмыс тәсілінің көп ұзамай-ақ, партия ішінде берік қалыптасқан, “демократиялық принципке” сай, жоғарыдан төмен қарай тез тарап, төменгі партия органдарының қызметкерлеріне де жеткендігі және оның не бергендігі туралы : “Ішкі партиялық жұмыстарды жақсарту мен жетілдіру жөніндегі көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды. Сондықтан төменгі партия органдарының қызметі де барған сайын жасандылыққа бой ұрды. Партия басшыларынан қатып қалған догмалық дүмшелік пен цифрлардан алуан түрлі есеп құрастырудан басқа ешнәрсе талап етілмеді. Партия беделі қатты екпінмен құлдырай бастады”-дей келе [114, 98 б.], “Партия ешқандай да игіліктер бермейді,коммунистің бір ғана артықшылығы бар – ол әрдайым алда, ең қиын жерде болады деген даурықпа сөзге ендігі жерде ешкім де сенбейтін болды”-деп [114, 99 б.], КСРО-ның күйреуінің басты себебі басқарушы партияның басынан шірігендігі екендігін ашық айтқан.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев ондаған жылдар бойы қалыптасқан тоталитарлық жүйенің, бар биліктің бір ғана партияның қолына көшуінің былайғы жұрттың, тіптен қатардағы партия мүшелерінің өздері де біле бермейтін қырларын да ашып көрсеткен. Мысалы, ол жылдары шексіз билікке ие жоғарғы партия басшылығы ғана емес, орталық партия аппаратында жұмыс істейтін қатардағы қызметкерлердің өздері де республика басшыларының тағдырын шешіп отырғандығы туралы ол: “СОКП Орталық Комитетінің партия органдары бөлімінің өз республикаңызды қадағалайтын кез келген нұсқаушысы сіз туралы қандай пікір болса да қалыптастыра алады… Ал, СОКП Орталық Комитетінің сіздің аймағыңыздағы істермен айналысатын сектор меңгерушісі – барып тұрған патшаның да, құдайдың да тап өзі! Бәрі де соның жоғары қарай жазып жіберетін бір жапырқ қағазына байланысты. Сіздің тағдырыңызда тап сол қағазға байланысты – сондықтан да ойланып-толғанып жатпай-ақ, бас шұлғып бағына беру керек болатын. Сектор меңгерушісінен жоғары қызметте отырғандар туралы әңгіме етудің де қажеті жоқ. Олар кез келген адамның тағдырын бір сағаттың ішінде-ақ шешіп жібере алатын”-дейді [114, 140 б.].
Демек, республика көлемінде үлкен лауазым иесі болып табылатын басшылардың өздерінің де өз биліктері өздерінде болмаған. Олар да қатаң бақылауда, күндіз-түні аңдыуда болған. Осының бәрін өз басынан өткізген адам ретінде Н. Назарбаевтың: “Тоталитарлық қыспақтың мұншалықты тауқыметін жергілікті жерлердегі басшы кадрлардай тартқан ешкім де жоқ болар, сірә… Тіпті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып отырған менің өзім де жоғарыдан бәрін де көріп отыратын көзден таса қала алмайтынмын. Еш жерде,тіпті, жұмыстан тыс уақытта да аңдуда болатынмын: кімнің үйіне қонаққа бардың, демалыс үйінің территориясында кіммен бірге серуендедің, кіммен және не туралы әңгімелестің – бәрі де алақаныңдағыдай айқын болатын”- деуін [114, 140-141 бб.], шындыққа сай емес деп ешкім де айта алмайды.
Империяның күйреу себептерін түсінуде саяси билік жүйесінің ішкі сырын жетік білетін адам ретінде Н. Назарбаевтың КСРО-дағы билік иерархиясының қалыптасу механизмін ашып көрсетуінің маңызы үлкен. Сондықтан, Н. Назарбаевтың осы мәселеге қатысты айтқандарын толығырақ келтірейік. Ол: “Тоқырау өмірдің барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатнаста да орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың бас кезінде, елімізде әлдебір әлеуметтік енжарлық пайда болып, барған сайын күшейе түсті. Бұл жолы жеке басқа табыну ең алдымен Мәскеуден басталып, оны Брежневтің төңрегіндегі серіктері – Саяси Бюро мүшелері, СОКП Орталық Комитетінің хатшылары қалыптастырды. Дерт партиялық-мемлекеттік құрылымды жоғарыдан төменге дейін меңдеп алды. Ол республикалар мен облыстардың басшы кадрларына да тез жұқпай қала алмады. Л.И. Брежневтің республикалық Орталық Комитеттердің басшыларын, ал олар өз кезегінде облыстық партия комитеттерінің хатшыларын жеке өздеріне шын берілгендік принципі бойынша – тек өз адамдарын ғана қойып отырғанын ескеру керек. Оның үстіне, қуатты сүзгі ретіндегі аппарат та “жаңылыс кету” ықтималдылығына іс жүзінде титтей де жол бермейтін. Өзіңіз ойлап көріңіз: айталық, обкомның бірінші хатшысы болып сайлану үшін ол қызмет орнына ұсынылған кісі әуелі республика Компартиясының Орталық Комитетіндегі, одан соң СОКП Орталық Комитетіндегі бүкіл иерархиялық қызметтік сатыларында болып, нұсқаушымен, сектор меңгерушісімен, ұйымдастыру-партиялық жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасарымен және меңгерушісімен, кадр мәселелерімен айналысатын хатшымен, Саяси Бюроның екі-үш мүшесімен алдын ала әңгімелесуден өтуі керек еді. Одан әрі ол партиядағы екінші дәрежелі адамға баратын, ал ең соңында ғана Бас хатшыға жететін, осының бәрінен кейін Орталық Комитеттің Секратарияты мен Саяси Бюроның мәжілістерінде талқыланатын. Жергілікті жерлерде ешқандай демократия болған жоқ – СОКП Орталық Комитетінің ұсынысы іс жүзінде ең соңғы, түпкілікті шешім болып есептелді. Обком пленумының үлесіне қалай болса солай қол көтеріп, дауыс беру ғана қалатын”- дейді [114, 30-31 бб.].
Егер, империя көлемінде бар билік жоғарғы пртия басшылығы мен орталық аппарат қызметкерлерінің қолында болса, республика көлемінде билік бірінші басшы мен соның төңрегіндегілердің қолында болатын. Сол жылдары Қазақстанда қалыптасқан “дәстүр” туралы Н. Назарбаев жоғарыда аталған еңбегінде: “Бірінші басшының төңрегіне топтасқан шағын шоғыр практика жүзінде барлық істі шешетін. Көп жағдайда біз, Орталық Комитеттің хатшылары, республика Крмпатиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелері бола тұрсақ та, кадырларды тағайындау, оларды ауыстыру сияқты басқа да маңызды мәселелр жөнінде мәселе шешіліп қойғаннан кейін ғана естіп білетінбіз. Д. А. Қонаевтың үй-ішімен аралас-құралас адам өзге кімнің болса да тағдырын шеше алатын: қызметін жоғарылататын, орнынан алатын, награда, пәтер беретін”-дейді [114, 141 б.].
Осылай, “дәстүр” жоғарыдан төмен қарай жалғаса беретін. Облыс көлемінде бар билік облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының қолында болса, аудан көлемінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының қолында болатын.Сондықтан “біріншінің” көңілін тауып,соның ойынан шығу партияның барлық бастауыш ұйымдары хатшыларының негізгі міндетіне, күнделікті “жұмысына” айналды. Партияның негізін құрайтын, яғни басты тірегі болып табылатын бастауыш партия ұйымдарын да формализм жайлады. Тірі адаммен, яғни қатардағы партия мүшесімен жұмыс істеу, қағазбен жұмыс істеумен ауыстырылды. Осылай, КОКП-ның ең биік шыңынан басталған індет – екіжүзділік, жеке бастың мүддесін ғана ойлау, жағымпаздық, формализм т.т. партияның барлық буынын қамтып, ең төменге дейін жетті.
КСРО сияқты алып империяны басқарып отырған партия аппаратының жоғарыдын төменге дейін, төменнен жоғарыға дейін формализм індетіне шалдыққандығы туралы айтқан Н. Назарбаевтың бұл пікірінің шындыққа толық сай келетіндігін ондаған, жүздеген деректер арқылы оңай дәлелдеуге болады. Әрине, оның қажеті де бола қоймас. Өйткені оның ең басты дәлелі өмірдің өзі. Дегенмен, шынайылық деңгейінің аса жоғары екендігі еш күмән туғызбайтын бір ғана дерек келтірейік. СОКП ОК жұмысының ішкі механизімін өте жақсы білетіндердің бірі ретінде Б. Н. Ельцин өз заманхатында: “Жалпы СОКП ОК аппаратының жұмысы – қайталанбайтын ерекше құбылыс… Ол ешнәрседе өндірмейді. Ешнәрсе де, тек қағаздан басқа. Тонналаған қағаз. Ең қызығы, жұмыстағы жетістік, осы таудай боп үйілген, ешкімге керегі жоқ анықтамалар, есептер, жауаптар, баяндамалар, талдаулар, жобалар т.т. өлшенеді. Саяси бюро, партияның ОК қандай болса, аппарат та дәл сондай, жақсы да емес, жаман да емес… Бұдан сәл бұрын Брежневтің дамыған социализм туралы айтуы мұң екен бүкіл аппарат, аса үлкен машина кемелденген социализмнің қалай дамығандығы және дами беретіндігі, оның кезеңдері мен жолдары, кеңес халқының кемелденген социализм кезінде қалай жақсы тұратындығы туралы “аңыздар” өндіре бастады”-деп жазды[135, 113 б.].
Бұл, сөз жоқ, партияның әр түрлі деңгейдегі органдарында жұмыс істейтін парастатты адал адамдардың наразылығын, іштей қарсылығын тудырмай қойған жоқ. Н. Назарбаевтың айтуынша: “Олардың көпшілігінде іштей риза болмаушылық қана емес, сонымен қатар бұған дейін мызғымастай берік сияқты көрініп келген тәртіптерге қарсы күрес жүргізу қажеттігі де сөзсіз өсе түсті” [114, 142 б.].
Сонымен қатар Н. Назарбаев өз еңбегінде ондай наразылықтың қашан және неліктен пайда бола бастағандығы туралы: “Мен өзгеріс жасаудың қажеттілігін түсіну партия ұйымдарында, партияның төменнен жоғарыға дейінгі әр түрлі басшы буындарында шамамен жетпісінші жылдардың орта кезінен бастап пісіп-жетіле бастады ғой деп ойлаймын. Партиялық жұмыстың барған сайын формализмге ұрынып бара жатқаны, дүмшелік құрғақ сөздің, жалған көрсеткіштердің, көпірме статистиканың көбейіп, асқына түскені тап сол кезде байқала бастады”-дей келе [114, 142 б.], партияда қалыптасқан жұмыс істеу тәсілін, оның бар мән-мағанасын және салдарын толық ашып көрсеткен. Оның айтуынша: “Партия ұйымдарының хатшыларын есеп бергенде коммунистердің партия жиналыстарына қатысуын көбейтіп көрсетуге, саяси оқудың ұйымдастырылған әр түрлі формаларына СОКП мүшелерін ғана емес, сонымен қатар партияда жоқтарды да түп-түгел қамтыуға, ешкімге де қажеті жоқ түрлі қағаздар мен анықтамаларды тау-тау етіп жасауға мәжбүр ете бастады. Өмірде бар адамдардың арасындағы жанды жұмыс екінші кезекке ысырылды. Партия ұйымдастырушыларының жұмысындағы басты нәрсе дер кезінде және сауатты есеп беру, ропорт жіберу болды. Олардың жұмысына аудандық пратия комитеті жіберген қағаздарына қарай баға беретін болды. Партия ұйымдарына басшылық жасаудың нәзік әкімшілік тәсілдері неғұрлым нық орныға бастаған сайын, оның барлық қызметіндегі жанды мазмұн соғұрлым жойыла түсті.
Кейбіреулер бұған тез бейімделіп те алды.Партияға кіруге мансапқорлар ұмтыла бастады. Жағдайдың бұлай өзгере бастауы жұмысшылардың СОКП-ға деген көзқарасына да әсер етті. Партия қатарындағы жұмысшылар тобын жасанды түрде сақтап отыруға тура келді”- [114, 142-143 бб.].
Елде белгілі бір өзгерістер жасамауға болмайтындығын 1985 жылы Бас хатшылыққа келген М.С. Горбачев та жақсы сезінді. Соның тікелей бастамшылығымен КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір Пленумында елде “қайта құру” шараларын жүргізу арқылы қоғамды одан әрі дамыту туралы шешім қабылданды. Оның аяғы немен тынғандығы тарихтан жақсы белгілі. Басқа емес, сол басқарушы партияның Бас хатшысының тікелей өзінің бастауымен және Орталық Комитеттің мақұлдауымен елді “қайта құру” бағытында басталған нақты іс-шаралар, көп ұзамай ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден қатып-семген әміршілдік-әкімшілдік жүйенің бір топ жоғарғы басшылығының, “қытай қорғанындай” мызғымас қарсылығына тап болды. Қортындысында 1991 жылдың күзінде КСРО мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Ал, М.С. Горбачев КСРО-ның тұңғыш және соңғы Президенті ретінде тарихта қалды.
КСРО сияқты алып империяның іргесін шайқалтқан 1985 жылғы сәуір пленумы туралы Н.Ә. Назарбаев содан тура 20 жылдан кейін өзінің “Еуразия жүрегінде” атты еңбегінде: “Нақ сол жылы Михаил Горбачев мәңгі мызғымастай көрінетін Кеңес Одағының тағдырына шешуші ықпал еткен бағдарламаны өзі бастап қолға алғаны белгілі.
Кеңес Одағының қуатты әлеуетіне кәміл сенетіндіктен, КОКП Орталық Комитетінің сәуір пленумын, сол пленумдағы Михаил Сергеевич Горбачевтың кеңес қоғамын ауқымды тұрғыда жаппай қайта өзгерту қажеттігі туралы тосын идеясын, “қайта құру” деген қарапайым ғана аталып, жалпақ жұртқа жария етілген әйгілі баяндамасын мен жан-тәніммен қабылдадым.
Мен ол кезде Қазақ КСР Үкіметінің Төрағасы едім және Горбачевтың маған айтарлықтай іш тарта қарайтынын, әрі менің ішкі толғаныстарымды түсінетінін сезуші едім. Оның өзі де қоғамға үлкен өзгерістер қажет екендігін ұғынып, терең толғаныс үстінде жүретін. Сондықтан бұл пленум талайларды серпілтіп жіберді. Брежневті, Андроповты, Черненконы жерлеу кезінде өз өкілдерін бірінен кейін бірін соңғы сапарға аттандырып жатқан Кеңес Одағының кәрі көкжалдарынан қайыр жоқтығын сезініп, еңсені басқан торығу мен тығырықтан қиналған күндер әлі жадымда.
Ескі заманның дәурені ықылассыз, баяу өтіп бара жатқанын, оның алып мемлекеттің тағдырын басқару құқығынан қынжыла айырылып жатқанын, билікке сондай өлермен табандылықпен жармасып тұрғанын бақылау естен кетпес көрініс еді”-деп еске алған [134, 25 б.].
Жоғарғы басшылықтың қандай да болмасын өзгеріске жанталаса қарсы тұру себебі туралы Н. Назарбаев өз еңбегінде: “1985 жылы СОКП Орталық Комитеті сәур Пленумының шешімдерін жан жүрегімен қабылдаған және оған шын ықыласымен сенген адамдардың ең ізгі ниеттері қасарысқан қарсылыққа неге душар болғанын мен кейінірек қана түсіндім. Қоғам мен халықтың мүдделерін ондаған жылдар бойы ең жоғарғы мақсат ретінде көпірме сөздермен жариялап келген әміршілдік-әкімшілдік жүйенің ат төбеліндей аз ғана тобы өздерінің іс-әрекеттерін бір ғана нәрсеге — өздерінің жағдайларын нығайтуға жұмсап келді. Сондықтан да салтанатты түрде отырып алып, көркейіп өсе түскен топ ол жүйеге ең кішкентай сызат түсіруге қаблетті нәрсенің бәрі де мейлінше нақты адамдардың қаймағы бұзылмай отырған тыныш өміріне қатер төндіру болып табылады деп негізсіз есептеген жоқ”-деп жазды [114, 170 б.].
Өз еңбегінде Н. Назарбаев елде басталған “қайта құрудың” берген алғашқы нәтижелеріне де талдау жасай отырып, КСРО-ның құлауына алып келген саяси себептердің көріністері туралы өте құнды пікірлер айтқандықтан оларды толығымен келтірейік. Ол: “Соңғы жылдары “қайта құру” деген сөз өзінің құнын әдәуір түсіріп алды десек, мұның өзі пәлендей жаңалық бола қоймайды… Ендігі жерде бұлай өмір сүруге болмайды деп алғаш рет айтылған кезде, жұрт бұған әбден келіскен болатын. Өйткені ендігі жерде шындығында да бұлай өмір сүруге болмайтынын әрбір адам жақсы түсінген еді. Демократияландыру мен жариялылық бағыты жарияланған кезде, жұрт мұны да қолдады. Өйткені ауасы бұзылған бұрынғы ахуалда тыныс алудың өзі барған сайын қиындай түскенін бәрі де түсінді. Алғашқыда көптеген адамдар сөз бостандығына, пікір білдіру еркіндігіне толық қол жетсе-ақ болды, өміріміз бен экономикамыз өз-өзінен оңалып жүре береді деп деп ойлады. Бірақ демократияландыру мен жариялық қайта құрудың мақсатынан гөрі оның маңызды құралы екені, ал бұл құралды дұрыс пайдалана білуді үйренуіміз қажет екені көп ұзамай-ақ айқын болды. Мемлекеттік және экономикалық құрылым негіздерімен тікелей айналысуға кезек келгенде әбден абыржыдық. Неден бастау керек, нені керексіз деп қиратып, лақтырып тастауға болады, нені сақтап, нені жаңадан салуымыз керек екенін ешкім де жөнді білмеді. Пікірлер бір-біріне қарама-қайшы, қызу әрі ымырасыз бола бастады… Батыл өзгерісер жасау қажеттілігін бірінші болып мәлімдей отырса да, партия қоғамға қайта құрудың біртұтас және сындарлы бағдарламасын ұсына алмады…өйткені СОКП-да нағыз ақыл-ой орталығы жоқ болатын. Партияның орасан штаты бар аса ірі ғылыми-оқу мекемелері атам заманғы қасаң қағидалардан айырылмай, аппараттың ұсақ мүдделеріне ғана қызмет етуді одан әрі жалғастыра берді, қазіргі ғылыми және қоғамдық ақыл-ойдан мүлдем артта қалып қойды”-дейді [114, 207-209бб. ].
Егер, Н. Назарбаев аталған еңбегінде осылай КСРО-ның күйреу қарсаңындағы елдің саяси басқару жүйесінде қалыптасқан жағдай туралы айтса, 1996 жылдың басында, яғни КСРО құлағаннан кейін 4 жылдан соң, жарық көрген “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында, КСРО-ның құлауының саяси және әлеуметтік-экономикалық себептерін көрсетіп, оларға талдау жасады және өз пікірін айтты. Мысалы, ол КСРО-ның құлауына қатысты сол жылдары айтылып жүрген әр түрлі пікірлердің бар екендігі туралы: “КСРО-ның құлау себептері жайындағы әр алуан пікірлер, негізінен, екі арнаға тоғысады. Біріне құлақ ассаңыз: КСРО өздерінің бірден-бір идеологиялық және геосаяси бәсекелесінің көзін құртуға тырысқан сыртқы және ішкі іріткі күштердің бірлескен қимылы нәтижесінде құлады. Екіншісіне ден қойсаңыз: бұл әлдеқашан математикалық дәлдікпен жете мөлшерленген, ешқандай объективті де субъективті де себепсіз-ақ, тап осы кезеңде қалай да болмай қоймайтын заңды құбылыс еді. Әрине, бұл екеуі – бір-біріне еш қиыспайтын ең кереғар көзқарастар”-деп, оларға талдау жасаған [126, 9 б.].
Н. Назарбаевтың айтуынша Кеңестер Одағы ақпараттық және мағыналық шабуылды күшейтіп, жүйелі түрде іргесін сөге беруді көздеген көп жылғы іріткі әрекеттің нәтижесінде құлады дейтін пайымдаудың, былайғыларына қарағанда көбірек қисынға келіңкірейтіні рас. Дегенмен, ол қауіпсіз де пікір емес. Ондай пікірдің астарында не жатқандығы туралы Н. Назарбаев: “Егер, КСРО геосаяси бәсекелестерінің ақпараттық шабуылы нәтижесінде құлаған болса, ТМД-ның ешбір елінің тәуелсіз дамуының келешегі жоқ болып шығады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл мемлекеттер орасан ақпараттық шайқастың орнында қалған мүгедек мүскіндер болып шығады. Талайға дейін естерін жиып, етектерін жаба алмайды. Бұл пікірдің төркінінде, ондай мемлекеттер не одан әрі өз-өзінен күйреп жоғалуға тиіс, не қайтадан бір мемлекеттің қатал уысына бірігуі керек деге түйін жатыр”- дейді [126, 12 б.].
КСРО-ның құлауын таза ішкі процесс ретінде қарастыратын екінші пікірдің де көңілге қона бермейтіндігі туралы Н. Назарбаев: “Екінші жағынан, ТМД елдерінде болып жатқан өзгерістер – ешқандай реформа емес, саналы түрдегі бүлдіру мен күйрету деген пікірдің де еш қисыны жоқ. Бүлдіру болса, нені бүлдіру? – деген сұрақ туады”-дейді [126, 13 б.].
Сондықтан, Н. Назарбаевтың өзінің айтуынша, ешқандай теориялық жаңалық ашуға талаптанбай, орасан ірі мемлекеттің күйреуіне әкеліп соқтырған ең елеулі факторлар мен одан шығатын қорытындылар жайында өз пікірін ортаға салған. Оның үстіне, КСРО-да қоғамдық ғылымдардың дамуының соншалықты төмен болуы, мемлекеттің құлағанына төрт жыл өтсе де құлаққа кіретіндей түсініктемені ешкімнің айтып бере алмай жүргендігі де оған әсер еткен. Жәнеде, ең бастысы, КСРО-ның құлағанына он төрт жыл өткен соң да өмір Н. Назарбаевтың бұдан он жыл бұрын айтқан пікірлерінің дұрыстығын дәлелдей түспесе жоққа шығара алған жоқ. Демек, зерттеушілер КСРО-ның ыдырау себептері туралы Н.Ә. Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында” айтқан пікірлерін, келтірген дәлелдерін КСРО-ның күйреу тарихының дерек көздірі ретінде пайдалана алады. Сондықтан тарихымыздың аса бір күрделі құбылысы сырын ашуға көмектесетін дәйектер ретінде сол пікірлерге тоқталайық.
Н. Назарбаев: “Бұл оқиғаларды “ақпараттық соғыс”, “элита сатқындығы”, “психологиялық шабуыл” сынды арзанқол терминдермен түсіндіру орынсыз”-дей отырып [126, 13 б.], оның терңде жатқан күрделі себептеріне талдау жасаған. Біріншіден, ол “Ғасырлар тоғысында” КСРО-ның күйреуінің саяси себептеріне талдау жасауда өзінің “Әділеттің ақ жолында” айтқан ең жоғарғы дәрежедегі басшылық туралы ойын жалғастырған. Егер, “Әділеттің ақ жолында” басшылық атына айтылған сын, келтірілген нақты дәлелдер, сол басшылықты жақсарту, жіберілген кемшіліктерді түзету, саяси басшылықтың тиімділігін арттыру мақсатында айтылса, “Ғасырлар тоғысында” КСРО-ның күйреуі іске асқан факті ретінде қарастырылған, ал жіберілген кемшіліктер КСРО-ны күйреуге алып келген басты факторлар, нақты себептер ретінде айтылып, қорытындылар жасалынған.
Мысалы, ол өзінің бірінші кітабында айтқан елдегі ең жоғарғы басшылықтың жастарының ұлғайып, денсаулықтарының нашарлауына байланысты ел басқару қабілеттерінің төмендей бастағандықтары туралы ойын жалғастырып: “КСРО-ның кейінгі кезеңі маған ақсақалшылдық дәуірі боп елестейді. Тіпті брежневшілдік кезеңнің тілінде де соның әсері анық сезілген. Қырықтан асқанша жазушы болашағынан үміт күттіретін әдебиетші болып есептелетін. Саяси бюроның алпыстан асып кеткен мүшесі болашағы әлі алдағы қабілетті саясатшы болып саналатын. Ол кезде уақыт пен үйреншікті үрдістен екі елі сыртқа аттап шықпайтын абайшылдық қана қызмет бабында өсуге кепілдік бере алатын”-деп, сол уақыттың ерекшелігін айта келе [126, 42 б.], Н.Ә. Назарбаев: “Бәлкім, бұл қәзір күлкілі көрінер. Он жылдан соң орасан үлкен елдің быт-шытын шығарған қопарылғыштың сағат механизімінің құлағы маған тап сол кезде бұралған сияқты болып көрінеді. Тобы бұзылмастан бірге қартайып, бірге алжи бастаған бюрократияның сүйікті кәсібіне айналған кадр тұрақтылығы бірте-бірте кадырлардың азғындауына ұрындырды”-деп, аса маңызды саяси қорытынды жасаған [126, 42 б.].
Екіншіден, тарих қойнауына енген саяси басшылықтың іс-әрекеттеріне, өмір салттарына, кадр саласында үстанған бағыт-бағдарлары мен жүргізген саясаттарына талдау жасай келе, КСРО-ның күйреуінің саяси себептерінің субъективті-адами факторлармен байланысты терең сырларын да ашып көрсете білген. Мысалы, ол: “Косыгин де, Суслов та, Устинов та, Громыко да, Байбаков та, республикалардың басшылары да, тіпті Брежневтің өзі де, тағы басқа көптеген адамдар сияқты, билікке 30-35 жастарынан бастап араласты. Әрине, осындай жас адамдар қабілеттері болмаса, әлгіндей биік қызметтерге көтеріле алмайтындары даусыз. Алайда олардың араға 25-30 жыл түскен соң да, өздерінің билікке қай жаста келгендерін ұмытып, элитаның құрамын жаңа адамдармен алмастыруға тіптен мән бермегендері таң қалдырады”-дейді [126, 42 б.].
Иә, бұл тарихи шындық. Осылардың көбі әр дәрежедегі билікке жастайынан, яғни Сталиннің кезінде-ақ араласа бастаған. Оны олардың кез-келгенінің өмірбаянын дерек көзі ретінде алып оңай дәлелдеуге болады. Онда неге олар жастарға жол бермей, өз орындарында тапжылмай ондаған жылдар бойы отырып алды? Оның ең басты себебі ел басшыларының ел қамын емес, жоғарыда айтылғандай, өз бастарының қамын ғана ойлауы еді. Ең жоғарғы дәрежедегі ондаған басшылардың бір уақыт аралығында /өткен ғасырдың 70-80 жылдарында –С.С./, бір кеңістікте /Кремльде – С.С./ тек өз мүдделерін көздеп, өз бастарының қамын ойлаулары бір арнаға тоғыса келе, сол мемлекеттің түбіне жеткен мемлекеттік саясатқа ұласты. Ол туралы Назарбаев: “Шарықтау шыңдарына 70-жылдардың басында-ақ жете тұра, кейінгі буындардың өздерін өздері көрсетуіне жол бермеді. Сосын осы бір айрықша қаблетті адамдардың аттарына лайық, отырған орындарын өлмей босатпайтын әдет басталды…Жетпісінші-сексенінші жылдар тоғысында басқару элитасын түбегейлі алмастыратын кезең туды. Алайда уақыттың бұл талабына тиісінше жауап беруге біздің саяси жүйеміз атымен әзір емес болып шықты. Жүйеміздің тағы бір ішкі осалдығына, мен ресми жетекшілеріміздің сырты жылтырақ, іші қалтырақ көзбояушылар мен даңғойлық қана болып шыққанын қосар ем”-деп, оның мысалы ретінде ұзақ жылдар бойы КСРО сияқты алып мемлекетті басқарған Л. Брежнев туралы: “Он сегіз жыл ел билеген адам. Озбыр да, зұлым да емес, алайда ол дүниеден өткенде, ең жақындарынан басқа ешкім көздеріне жас алып жыламақ түгілі, тіпті реніш те білдірмеді. Бұдан жаман не болушы еді?
Маған ол кезде мемлекеттік делегациялар құрамында әлденеше рет шетелдерге барып қайтуға тура келді. Сонда жанға батқаны: Л. Брежневті қылжақ қылғандар бүкіл елді қылжақ қылатын еді. Можап қалған елбасына қарап, күллі ел де тұралап қалғандай болып көрінетін”-дейді [126, 42-43 бб.].
КСРО-дағы билік басында мұндай адам таңғаларлық жағдайдың қалыптасуы шетелдіктердің қылжағын ғана туғызып қойған жоқ, олардың алаңдауын да туғызды. Оның бір мысалы ретінде Н. Назарбаев: “Брежнев буыны елді әбден тұралатты. Р. Рейганның К. Черненко өліміне байланысты өз мемуарында ашықтан ашық жазған: “Кремльге тағы да жаңа адам келді. “Егер бұлар көз алдымда бірінен соң бірі өліп жатса, мен орыстармен не туралы келісімге келе алмақпын? – деп Ненсиден сұрадым” деген сөздерін оқығанда, бір түрлі жәбірленіп қалғаным бар”- дей келе: “Мойындау қалай қиын болғанмен де, ештеңеге жеткізе алмай, дүниеден кетіп жатқан көсемдермен бірге, көне жүйе де өз-өзінен өле бастағанын біз де амалсыз аңғара бастадық”-дейді [126, 49 б.].
Үшіншіден, Н. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында” айтқан Д. А. Қонаевқа байланысты республика деңгейінде қалыптасқан саяси жағдай туралы ойын да жалғастырған. Ол: “Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев…Мен оған әрдайым, тіпті ара-қатынасымыз аса қиындап кеткен тұстарда да, шынайы ізетпен қарадым. Менің экономикада, кадр таңдауда, саясатта бетті оңға қаратуға тырысқан максимализмім түсіністік таппады…Бірақ мен Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев отыз жылдай Қазақстанның ен ірі орындарын басқарған, өз заманының шын мәніндегі ірі саясаткері болғанымен, жетпістен асып кеткен жасында, психологиялық жағынан да, биологиялық жағынан да жаңа жағдайға икемделе алмауы мүмкін екенін ескермеппін. Оның үстіне, орталық басшылыққа жуырда ғана К.У. Черненко келді”-дейді [126, 45 б.].
Одан әрі Назарбаев Д.А. Қонаевтың жаңа жағдайға сай бейімделіп кете қоймауының себебін: “Меніңше Д. Қонаевтың ол кезде ұстанған бағыты тек қана ескіше ойлаудың салдарынан, орнықтылықты қалай да сақтап қалуға тырысқандықтан ғана емес, өз өмірінде көп нәрсені бастан кешіп, әбден шаршағандықтан да туындап жатқан сияқты. Д. Қонаев ол жүйеде жұмыс істей жүре, аса қиын да күрделі талай жәйттерді бастан өткерген-ді. Оның өзінің айтқанын естуші едік: “… шаршадым, барлығы жалықтырды, 75-ке дейін істеймін де кетемін…”-деп түсіндіреді [126, 45 б.].
Әрине, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйеге әбден бейімделген және сол жүйеге адал қызмет еткен, оның үстіне жасы келген адамның қоғамда болып жатқан түбегейлі саяси өзгерістерге сай тез бейімделіп кете қойуы қиын екендігі түсінікті. Дегенмен, Н. Назарбаевтың: “1980 жылдың басындағы бір оқиға ойыма келеді. Біз бірде оның ұшағымен республиканың күнгейінен теріскейіне бардық. Кенет мені қасына шақырып алып: “Біздің республикамыз қандай үлкен! Шіркін, өз алдымызға дербес мемлекет болсақ қой”, — деп сыбырлап, саусағымен аузын басты. Мұндай нәрселерді ол ылғи, әуелі, ұшақта да сыбырлап айтатын. Ойлаймын, ол Саяси бюро мүшелерінің де қыл үстінде жүргенін білген”- деп жазуы біраз нәрсені аңғартады [126, 47 б.].
Біріншіден, өмір бойы компартияға адал қызмет еткен Д.А. Қонаевтың да жүрегінің түпкірінде ел дербестігі, ұлт тәуелсіздігі туралы арман жатқан. Екіншіден, өмір оған әбден сақ болуды үйреткен. Саяси бюро мүшесінің, яғни ең жоғарғы биліктегілердің бірінің, Қазақстан сияқты үлкен республиканың бірінші басшысының өзінің ой-арманын “тіптен ұшақта да сыбырлап айтуы” біздегі ұзақ жылдар бойы дәріптелген, ұлттар теңдігінің іс жүзінде қай дәрежеде болғандығын көрсетеді.
Н. Назарбаев кейіннен өзінің Қонаевпен түсініскендігін, оның бұл дүниеден өтер алдында өзін қолдағандығын да айтқан. Ол: “Кейін елбасы болған соң, екеуміз талай кездестік. Әйелі қайтыс болғанда, үйіне кіріп шықтым. Шаруасы шығып қап келем десе, есігімді ашық ұстадым. Кейбір “бұрынғылардай” емес, Д. Қонаев саясаттан толығымен аулақтап, инабатын жоғалтпай, өзін ақылды ұстады. Республикада қолға алынып жатқан күрделі істерді қолдады…ақырғы ұшырасуымыздағы бір сөзі әлі есімнен кетпейді. “Сенің айтқандарың да, істегендерің де дұрыс болып шықты, Нұрсұлтан. Мен сен алған бағытты қолдаймын”, — деп еді”-дейді [126, 47 б.].
Д.А. Қонаевтың тарихи тұлға ретінде, аса күрделі кезеңде өз елін басқарып, халқына мүмкіндігінше қамқор болған басшы ретінде, ұлтының аяулы ұлдарының бірі ретінде Қазақстан тарихынан өз орнын алары күмәнсіз. Бүгінде Алматыда оның атымен аталған көше, университеттер бар. Орталықта ескерткіші тұр. Д. Қонаев атындағы қор жұмыс істейді. Кітаптары бірнеше рет басылып шықты.
Төртіншіден, КСРО-ның ыдырауына алып келген саяси, әлеуметтік-экономикалық себептердің тамыры тереңде жатқанымен, оның іс жүзінде күйреп, тарих қойнауына енуі М.С. Горбачевтің атымен тікелей байланысты екендігі белгілі. Н.Ә. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” КСРО-ның күйреуін тездеткен саяси себептердің бірі ретінде М. Горбачевтың бірінші басшы қызметіндегі іс-әрекеттеріне де талдау жасап, өз ойларын айтқан. КСРО-ның құлауы ондаған мемлекеттердің, олардың миллиондаған тұрғындарының тағдырын күрт өзгерткен күрделі тарихи құбылыс болды. Оның келешекте терең зерттеліп, жан-жақты зерделенері анық. Дегенмен, бүгіннің өзінде-ақ өмір, еңбек жарық көргеннен кейінгі уақыт, Н. Назарбаевтың КСРО-ның соңғы басшысы туралы жасаған тұжырымдарының негізінен дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан “Ғасырлар тоғысында” келтірілген мәліметтер КСРО-ның бірінші және соңғы президенті М. Горбачевтың тарихтағы ролін анықтап, КСРО-ның ыдырауының саяси себептерін аша түсуге көмектесетін маңызды дерк көздерін құрайтындығы күмәнсіз.
Н. Назарбаев өз еңбегінде: “Михаил Горбачев… КСРО тарихында кеңес жүйесін түбегейлі өзгертуді ең мықтап қолға алған алты жылдық кезең осы бір есіммен тығыз байланысты”-деп [126, 49 б.], оның биліке келуінің уақыт талабынан туындаған қыбылыс екендігін айта келе: “Алайда көп адамның әліге дейін түсінбейтіні: күллі өмірі комсомол-партия жүйесінде өтіп, мінез-құлқына дейін өктемшіл боп қалыптасқан М.С. Горбачев бұл жүйені құртпай тынбайтын қайта құруға қалайша бастамшы болып жүр?”-деген сұраққа жауап берген [126, 49 б.].
“Меніңше- деп жазды Назарбаев, — коммунист ретінде де, саясатшы ретінде де М. Горбачев мұндай терең өзгерістер жасаймын ғой деп ойлаған жоқ. Көп адамның пайымдауынша, ол тек ішкі саяси жүйеге жекелеген түзетулер енгізіп, “қырғи қабақ соғысты әлсіретіп” “тарихи тұлға” ретінде де атын шығаруды ғана мақсат етті…менің байқауымша, тарихқа тек реформашы ғана емес, әлемдік деңгейдегі саясатшы боп қалғысы келген М.С. Горбачевтың іш пиғылы да талай нәрсеге түрткі болған сияқты. Оны кейбір ұсақ-түйектердің өзінен-ақ айқын аңғаруға болады” [126, 49-50 бб.].
Горбачев билігінің соңғы жылдарында қызмет жағдайына байланысты жиі кездесіп тұрған адам ретінде Н. Назарбаевтың, оның іс-әрекеттерін бақылауға мүмкіндігі болды. Мысалы ол: “Мен оның Батыс көсемдерімен телефон арқылы талай сөйлескенінде, қасында болдым. М. Тэтчермен өз адамындай, Бушпен ішек-қарыны араласып кеткен өз досындай боп көрінуге қатты тырысатынын аңғардым. Бірде ол кабинетінде мен отырғанда, телефонды қолына алып жатып: “Қара да тұр, қазір мен оған Джордж деймін, ол маған Михаил дейді”, — деп ескертті. Бұған өзі қатты мәз болатын. Біз онысына түсіне алмайтынбыз”-дейді [126, 50 б.]. Ал, сөйткен “досы” М. Горбачев Белая Вежа келісімі бойынша президенттігінен айырылып қалғанда телефен соғып жағдайында сұраған жоқ, керісінше Горбачевты жанталасып жүріп тақтан тайдырған Ресейдің жаңа көсемі Б. Ельцинмен телефон арқылы сағаттар бойы сөйлесетін.
Н. Назарбаев қолына билік тиген М. Горбачевтың қалай өзгергендігі туралы: “Бас хатшы болған алты жыл мерзім ішінде ол адам танымастай өзгерді. Бастапқы Горбачев пен кейінгі Горбачев – аспан мен жердей айырмаға ие. Бас хатшы болған соң, оның қабылдауына кіру, қасына бару қиындап кетті. Ол бас хатшылықтың “дәміне” әбден құнығып алды. Азғантай адамдармен ғана сөйлесіп, қалғандарын көзге ілмейтін болды”-деп оған мінездеме бере келе [126, 50-51 бб.], оның тарапынан мемлекет басшысы ретінде жіберілген кемшіліктерді атап көрсетті. Мысалы, Н. Назарбаев: “М. Горбачев айналасының айтқанынан шыға алмады. Біресе ананың айтқанына, біресе мынаның айтқанына құлақ асты. Батыстағылар бір кеңес берсе, елдегілер – атымен кереғар кеңестер берді… Билік жолындағы күрестегі шешімділікпен билік басындағы шешімділіктің екеуі екі басқа нәрсе. М. Горбачевке осының кейінгісі жетіспеді. Оның алдында әлденеше мүмкіндік бар еді. Біріншісі — өзіне мұраға тиген ахуалды сол күйінде қалдыру еді. Екіншісі – қатаң өктемшілікті қайта орнатып, андроповшылдық бағытты жағастыру еді. Үшіншісі – елді социал-демократия үлгісімен реформалау еді… Оқиғалар дами келе, және бір жол шықты. Ол – социализмнің саяси және экономикалық жүйесінен атымен бас тарту… Бірақ ол түбегейлі таңдау жасай алмады”-дейді [126, 52 б.].
Мемлекет басшысының мұндай әрекеті, әрине, елдегі жалпы жағдайға әсер етпей қоймайтындығы түсінікті. Ол туралы Н. Назарбаев: “Кез келген деңгейдегі басшының өзінің алған беті болуы керек. Шешімділік танытуы керек. Бұл әсіресе үлкен мемлекет басшысына ауадай қажет…Ал, М. Горбачев қабырға сағаттың тіліндей әрлі-берлі құйғылжумен болды. Біреуді тыңдап ап – бір әңгіме айтып, екінші біреуді тыңдап ап – екінші әңгіме айтты. Дағдарыс үдей түсті. Одан шығар жолды таңдап алатын адам не істерін білмей аласұрғаннан басқа, ештеңе бітірмеді… Мұндай шешімсіздік, әлсіздік пен жауапсыздықтың бірден-бір себебі ретінде, өкіметті дағдарысқа апарып соқтыратыны талассыз. Маған М.С. Горбачевпен осы тақырыпқа бірнеше рет сөйлесуіме тура келді және оны мінбеден көпшілік алдында сынадым да. Ол өкпелейтін…”-дейді [126, 54-55 бб].
Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО-ның соңғы басшысы туралы айтқан бұл пікірлерінің де шынайылық деңгейінің жоғары екендігін, КСРО-ның ыдырауының саяси себептерінің бірі, сол М.С. Горбачевтың атымен байланысты екендігін еш қиындықсыз-ақ дәлелдеуге болады. Біріншіден, Н. Назарбав, өзі айтқандай, М. Горбачевты КСРО құлап, ол биліктен кеткеннен кейін емес, КСРО-ның кезінде, яғни Горбачев билік басында отырған кезінде сынаған. Екіншіден, М. С. Горбачевтың бастаған “қайта қруы” және оның немен аяқталғандығы туралы тәжірибелі саясаткер ретінде Д. А. Қонаевтың: “Мен қайта құруды жақтап, соған алғашқылардың бірі болп үн қосқан адаммын” дей келе “Қайта құру тұсында “тың ойлар” көп болды. Соның бәрі ала шапқын, айқай-сүреңмен басталып, арты құмға сіңгендей, немен аяқталғанын жұрт әлі күнге дейін білмейді”- деуі де Н. Назарбаев пікірінің дұрыстығын көрсетеді [12, 422-425 бб.].
Үшіншіден, өз кітабында Н. Назарбаев М. Горбачевтың жіберген қателіктерімен қатар, оның атқарған оңды істері туралы да айтып, өзінің объективті бағасын берген. Мысалы, М.С. Горбачевтың бұрынғы кеңес халқының алдында сіңрген еңбегі туралы Н. Назарбаев: “Бірақ ұмытуға болмайтын тағы бір жәй бар. Толып жатқан кемшіліктері мен қателіктері бола тұрса да, елді қозғалысқа түсірген, қоғамды реформалау процесін бастап, миллиондардың партия өктемдігінсіз өмірдің қалай болатынына көзін ашып берген адам – Михаил Горбачев. Адамдарды ұйқыдан оятып, брежнев-черненкошылдық батпағын астан-кестен еткен де сол. Иә, даңғаза мен далаңбайшылдықтың көп болғаны рас. Бірақ халықтың санасы оянып, саясатқа араласып, не айтылса да, “құлдық” дейтін құлақкестіліктен тиыла бастағаны да сол тұс… Қолында орасан зор билік бола тұра, ол өзгерісті көкседі. Оның саяси, тарихи еңбегі сонда”-дейді [126, 55 б.].
Сонымен, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде көрсетілген КСРО-ның ыдырауының басты саяси себебі – елдегі ең жоғарғы билік басындағылардың, шексіз билікке ие болған партия басшылығындағы ат төбеліндей әміршіл топтың жастарының ұлғайуына, денсаулықтарының нашарлауына т. б. факторларға байланысты ел басқару, елде қалыптасқан реальды саяси жағдайды объективті бағалап, қажетті шешімдер қабылдай білу қаблеттерінен толық дерлік айырылулары. Елдің басқару жүйесінде жалғандықтың, екіжүзділіктің, жеке басқа табынушылықтың төменнен жоғарыға дейін кең етек алуы. Саяси басшылықтың КСРО сияқты көпұлтты мемлекетте болмай қоймайтын қайшылықтарды дер кезінде шешуде қаблетсіздік танытуы. Елдің саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер жүргізудің объективті алғышарттарының толық пісіп-жетілуі. Сонымен қатар, елде “қайта құру” процесін бастаған М. Горбачевтың көп жағдайда сөзбұйдаға салынып, принципті мәселелерде табандылық таныта алмауы т.т. Ал осы кемшіліктерді Н. Назарбаевтың өз еңбегінде Одақ кезінде көрсетуі, М. Горбачевтың тарих алдындағы атқарған істерін объективті бағалауы, оның еңбегіндегі мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігінің дәлелі.
Тағы рефераттар
- Бисмарктың саяси қызметінің басталуы
- Банк қызметін дамыту проблемаларының шешу жолдары
- Қазақстанның су ресурстары
- Манаш Қозыбаев
- Топырақтың жұту қабілетін анықтау