Құқық қатынастың объектісі туралы қазақша реферат
Құқық қатынастың объектісі — тек қоғамдық және жеке тұлғалар мүдде-мақсатын реттеп, басқарып отыратын қарым-қатынастарды қамтиды. Осы мүдде-мақсаттарды орындаудағы субъектілердің іс-әрекеті, атқаратын жұмыстары құқықтық қатынастың объектісі болады.
Субъективтік құқық — құқықтық қатынастардағы субъектілердің екі жақты мүдде-мақсаттарының орындалуы. Субъективтік құқық пен заңды міндеттер құқықтық қатынастың ең негізгі мазмұнын құрайды.
Егер қоғамдық қатынастар құқықтық қатынастардың материалдық мазмұны болып табылса, субъективтік құқықтар мен міндеттер субъективтік мазмұны болып табылады. Құқықтар мен міндеттер арқылы құқықтық қатынастар қатысушыларының арасындағы заңды байланыстар жүзеге асырылады.
Субъективтік құқық – бұл субъектінің өз мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы.
Заңды міндет – бұл заңды қажет жүріс-тұрыс шамасы. Міндет – бұл субъективтік құқықтың жүзеге асырылуының кепілі.
Субъективтік құқық пен заңды міндеттің арасындағы айырмашылықтар:
— егер субъективтік құқық тұлғаның өз мүдделерін қанағаттандыруға бағытталса, заңды міндет бөтен мүдделерді (мысалы, мемлекеттің, басқа тұлғалардың) қанағаттандыруға бағытталған;
— егер субъективтік құқық заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы болып табылса, заңды міндет қажетті жүріс-тұрыс шамасы болып табылады.
Субъективтік құқықтың алдындағы негізгі мүдде-мақсаттар: бірінші — қатынастың күрделі мақсатын толық орындау; екінші — көрсетілген іс-әрекетті дұрыс орындау; үшінші — көрсетілген міндеттердің дұрыс орындалуын қамтамасыз ету; төртінші — егерде дұрыс орындалмаса, сот арқылы орындату. Бұл әрекет екі жақты субъектілердің құқығы. Оған ешкім кірісе алмайды. Субъективтік құқықтың орындалу әдіс-тәсілдері:
1) құқықтың алдында қойылатын өз мүдде-мақсатын анықтау;
2) құқықтық норманы дұрыс пайдалану;
3) құқықтық тәртіпті қатаң орындау.
Заңды міндеттер. Субъективтік құқық бар жерде сонымен бірге заңды міндеттер болады. Бұл екеуі бір-бірінсіз бола алмайды. Себебі қатынастардың көпшілігінде екі жақты субъектілердің құқықтары бар және соған сәйкес екі жақты субъектілердің міндеттері бар. Олардың дұрыс орындалуын қамтамасыз ету субъектілердің өздерінің іс-әрекетіне, жұмысына байланысты. Егерде әр субъект өзінің тиісті міндеттерін дұрыс, уақытында орындаса, онда сөз жоқ құқық та дұрыс уақытында орындалады деуге болады.
Құқықтық қатынастың заңды міндеттерінің орындалуының екі түрі болады: бірінші — қатынастағы бір субъект басқа субъектілердің мүдде-мақсаты үшін міндетті түрде іс-әрекет немесе бір белгілі жұмыс жасауға тиіс; екінші — оның іс-әрекетіне шектеу қою. Сонда ғана қатынас дұрыс орындалып, нәтижелі болады.
Заңды себептер. Қоғамдағы толып жатқан неше түрлі, неше салалы құқықтық қатынастар өмірге келіп, ескіріп, жаңарып жатады. Оның заңды себептері мен негіздері бар. Бұл объективтік процесс. Заңды себептер құқықтық қатынастардың, пайда болуы өзгеруі, ескіруі және жаңаруының негізі болады. Заңды себептердің екі түрі болады: оқиғалар және іс-әрекеттер.
Оқиғалы себептер — табиғаттың объективтік даму процесінен пайда болатын жағдайлар (өрт, жер сілкінуі, су тасқыны т.б.).
Оқиға құқықта — азаматтық құқықтар мен міндеттің пайда болу негіздерінің бір түрі. Оқиға деп — адамның тууын, өлуін, стихиялық апатты, уақыттың өтуін т.б. табиғи құбылыстар аталады. Азаматтық құқық пен міндеттемелерге оқиға заңда көрсетілген реттерде ғана негіз бола алады. Мысалы, қауіпсіздендіруші ұйым (госстрах) қауіпсізденушіге тиісті ақшаны оның мүлкі заңда көрсетілген оқиғадан (жер сілкіну, өрт) апатқа ұшыраса ғана төлеуге міндетті. Азаматтың немесе заңды ұйымның кінәсінсіз пайда болатын кейбір оқиғаларға арнаулы мән беріледі. Мысалы, жұмыс әрекеттері төңірегіндегілерге қатерлі қауіп туғызатын ұйымдар мен заттар (транспорт ұйымдары, өнеркәсіп орындары, құрылыстар, автомобиль иелері т.б.) егер зиянның келтірілуі бой бермейтін күштің салдарынан немесе жәбірленушінің қасақана іс-әрекеттен болғаны дәлелденсе, зиянды өтеуге міндетті. Азаматтық құқықта мүліктің кездейсоқ апатқа ұшырауы немесе бұліну тәуекелін (риск) тиісті мерзімді өткізген жақ көтереді. Адамдардың және заңды тұлғалардың іс-әрекеттері арқылы қалыптасатын себептер — адамның өзінің жұмыстарының нәтижесінде пайда болатын жағдайлар. Бұл себептер заңды және заңсыз іс-әрекеттер болып екіге бөлінеді. Заңсыз іс-әрекеттер тоқтатылуға немесе жауапкершілігі анықталуға тиіс.
Құқықтық қатынастардың өмірге келуінің, өзгеруінің, ескіруінің, жаңаруының, дамуының заңды себептерінен басқа үш бөлімнен тұратын негізі болады: нормативтік актілер, заңды себептер, субъективтік құқық. Осы күрделі үш негіздер арқылы құқықтық қатынастар дамып, нығайып қоғамның объективтік даму процесін реттеп, басқарып отырады.
Заңды фактілер – бұл белгілі бір құқықтық салдардың туындауына негіз болып табылатын нақты өмірлік жағдайлар. Заңды фактілер құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары болып табылады.
Заңды фактілерді әр түрлі негіздер бойынша түрлерге бөлуге болады:
1. Туындайтын салдардың сипаты бойынша:
— құқықтудырушы (мысалы, жоғары оқу орнына түсу);
— құқықөзгертуші (мысалы, күндізгі оқу бөлімінен сыртқы бөлімге ауысу);
— құқықтоқтатушы (мысалы, жоғары оқу орнын аяқтау).
2. Құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысына қарай:
— оқиғалар – бұл субъектілердің еркіне тәуелсіз жағдайлар, мысалы, табиғат апаты, өлім және т.б
— әрекеттер – бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысты жағдайлар. Әрекеттер, өз кезегінде, құқыққа сай және құқыққа қайшы болып бөлінеді.
Көп жағдайда құқықтық қатынастардың пайда болуы үшін бір заңды факт жеткіліксіз болып, олардың жиынтығы – заңды құрам қажет болатын жағдайлар туындайды. Мысалы, кәрілігіне байланысты зейнетақы алу үшін зейнеткерлік жасына жету, белгілі бір еңбек өтілінің болу, зейнетақыны тағайындау туралы шешімінің болуы тиіс. Заңды құрамдардың екі түрі болады: а) оның барлық элементтері көрсетіліп, заңмен нақты анықталған болуы мүмкін (мысалы, зейнетақыны тағайындау мәселесі); ә) ол жалпы белгілермен сипатталуы мүмкін (мысалы, некені бұзудың негіздері).
Bigox.kz — Твои рефераты!
Тағы рефераттар
- Түйіндеме (резюме)
- Жарнама
- Қазақстан құстары
- Пластидтер және оның түрлері
- Ақтөбедегі өнеркәсіптік-технологиялық саясат