Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы мәселесін алтыжақты келіссөздер арқылы шешуді американ-солтүстік корей диалогының баламасы ретінде АҚШ ұсынған болатын. Мұндағы Вашингтонның айтқан сылтауы Пхеньянның АҚШ-пен жасаған келісімдерді жүзеге асырмауына байланысты сенімнен шығуы. Ал көпжақты күш жұмылдырудағы АҚШ-тың негізгі мүддесі КХДР-дағы қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігін басқалармен бөлісу. Кореядағы тұрақтылық, Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз елге айналуы және осы елдің бірден нарықтық-демократиялық жолға түспесе де, кемінде нарықтық жолға өтуіне алтыжақты келіссөзге қатысушылардың бәрі де мүдделі. Дегенмен ішінара кейбір мәселелерде мемлекеттердің пікірі әр түрлі.  

Шартты түрде айтқанда КХДР мен АҚШ ядролық дағдарыстың екі қарама-қарсы тарабында тұр. Сонымен қатар, бұл жерде Жапония ядролық қаруды таратпау және зымыран технология мәселесін шешудегі қатаң ұсыныстары жағынан басқа мемлекеттерге қарағанда АҚШ-қа жақынырақ келеді. Оңтүстік Корея да сөз жүзінде американ позициясына жақын болса да, іс жүзінде Вашингтон қысымы болмаса, бұл мәселені «айналып өтуге» дайын. Ресей мен Қытай ядролық қаруды таратпауға жауапты державалар ретінде бұл мәселеде американдықтардай қатал саясат ұстануға тиіс болса да, Мәскеу мен Пекин нақты іс-қимылдарды тек Пхеньян ядролық сынақтар жүргізетін болса ғана жүзеге асырады.

КХДР-мен әріптестік мәселеде Оңтүстік Корея мен Қытай белсенділік көрсетуде. Қытай бұл арада Пхеньян режимінің құлауы Солтүстік-Шығыс Қытай провинциялары үшін күрделі әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкіндігінен қауіптенеді [32].

Жапония бір жағынан экономикалық қатынастар мәселесін қозғаса, екінші жағынан оған ядролық мәселені шешу шартын қояды. Ресей экономикалық  көмек көрсету ресурстарына ие емес. Солтүстік Кореяда мұнай-газ қорының болмауы және жекешелендіру бағдарламасының жүргізілмеуіне орай КХДР Ресейдің ірі іскер орталықтарының қызығушылығын туғызбай отыр. Сондай-ақ, Қытай мен Оңтүстік Корея КХДР режимінің құлайтын болса, жоғары көлемдегі босқындар легінен қауіптенеді. Ал Ресей Солтүстік Кореямен 17 км ғана жер шекералас болса да, бұл босқындар Қытай арқылы өтіп кетеді ме деп алаңдаушылық білдіруде.

Солтүстік Корея өзінің қауіпсіздігі мәселесін АҚШ-пен қарым-қатынаспен байланыстырады. Сонымен қатар, Қытайдан энергетикалық көмек, экономикалық көмекті Оңтүстік Корея және Қытайдан, ал саудада Оңтүстік Корея және БҰҰ-нан жәрдем күтеді. Солтүстік Корея элитасының қаржы мүдделері Жапония және Еуропа мемлекеттерінің (Швейцария, Англия, Австрия) банк институттарымен байланыстырады. Ресей мен Қытай сияқты Жапония да КХДР үшін қаруды заңсыз сатып алу және есірткіні сату үшін маңызды.

Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешудегі аталған елдер мүдделерінің қарама-қайшылықтарына қарамастан, бұл мәселені шешуде тежейтін басты себеп – КХДР мен АҚШ позицияларының қарама-қайшылығы.

БҰҰ хатшысы К.Аннанның кеңесшісі Морис Стронг пікірінше, АҚШ – КХДР қарама-қайшылығы мәселені шешудің өзегі болып табылады. Екі мемлекет те өз міндеттерін орындау үшін өзара кепілдіктер беруі қажет [].

Америка Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын толық жойғаннан кейін ғана, бұл мәселені талқылауға кірісетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, АҚШ Солтүстік Кореяның тек әскери мақсаттағы ядролық бағдарламасын ғана емес, ұлттық энергетиканы дамыту үшін бейбіт қолданылатын атом энергиясын пайдалануды тоқтатқысы келетіні анық. АҚШ талаптары МАГАТЭ-ның мемлекеттерге өз бақылауымен бейбіт атом энергиясын пайдалануға беретін құқығымен қарама-қайшы. Осы жерде АҚШ-тың КХДР-да АЭС салуға құлқы жоқ екендігі айқындалады: яғнм атом саласына тыйым салынса, КЕДО-ның таратылуы заңды түрде ақталады [33].

КХДР-дің өзі бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді ұсынды. Бірінші кезеңде АҚШ-пен мемлекетаралық қатынастарды жақсарту мәселесі қойылады, яғни американ экономикалық санкциялардың жойылуы мен КХДР-дің халықаралық терроризмді қолдаушы мемлекеттер тізімінен шығарылса, КХДР да өзінің плутоний бағдарламасын тоқтатады. Алайда Пхеньян бейбіт ядролық бағдарламасын жүргізу құқығын өзіне қалдыратынын білдірді.

Алты жақты келіссөздерге қатысушылар арасында КХДР-дағы әскери ядролық саласы үлкен дау туғызды. АҚШ пікірінше, ҚХДР-да плутоний бағдарламасынан бөлек, ядролық қаруға материалдар алу үшін уран байыту ісі жүргізілуде деп кінә тағуда. Ал Қытай мен Оңтүстік Корея АҚШ-тың бұл мәлімдемесін дәлелдеуді талап етуде. Ресей болса, Си Айлендтегі «үлкен сегіздіктің» кездесуі кезіндегі қол қойылған құжаттарға сәйкес АҚШ позициясына іс жүзінде қосылды.

Аталмыш алты жақты келіссөздердің сәттілігі үшін АҚШ ең ақырында тек ядролық қаруды таратпау мәселесімен шектеледі ме, әлде келіссөздерді КХДР-дің режимін құлатуға алғышарт ретінде пайдаланады ма деген сұрақ үлкен маңызға ие.

2004 жылы наурыз айындағы «Нью-Йорк Таймс» газетінің редакциялық мақаласында «Буш әкімшілігі келіссөздерді тек басқа қатысушылар – Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей, Қытайды Солтүстік Корея дипломатиялық шешімдер жасауға мүддесі мүлде жоқ деп сендіруге пайдаланғысы келгенге  ұқсайды деп жариялады. Газет әрі қарай егер Солтүстік Корея өзінің барлық ядролық бағдарламасын бақыланатын жолмен жоятын болса және оған жауап ретінде Вашингтон нақты дипломатиялық және экономикалық қадамдар жасаса ғана бұл мәселені шешуде алға жылжу бар деп айтуға болады дейді.

АҚШ-тың өз позициясын қатаң ұстауы 2004 жылы 23-25 маусымдағы алты жақты келіссөздер (Пекин) кезінде КХДР-дің емес, АҚШ-тың өзінің оқшалануына әкелді. Бұл келіссөздер басталмай тұрып-ақ, Жапония мен Оңтүстік Корея егер КХДР ядролық қаруды толығымен біртіндеп жоятын болса, ядролық бағдарламаны жүргізуді тоқтату кезеңінен бастап КХДР-ға көмек ұсынатынын білдірген болатын.

Осыған орай, АҚШ КХДР ядролық мәселесін кезеңдерге бөліп шешуге келісуге мәжбүр болды. КХДР СІМ өкілі келіссөздердің 3-раундын “игі қадам” деп мойындаса да, бұл келіссөз АҚШ-тың әлі де болса КХДР-дың қарусыздануынан кейін атқаруға тиіс міндеттерін артқа шегеруде деп мәлімдеді. Солтүстік Кореяның бұлайша қауіптенуіне негіз бар: 2004 жылы 15 шілдеде АҚШ делегациясының басшысы Дж.Келли Солтүстік Кореяның өз ядролық қаруын жоюы АҚШ-ты КХДР-мен қарым-қатынасты жақсартуға жетелемейді. Оның себебі – КХДР-да заңсыз қару мен есірткінің саудасы, жалған доллардың шығарылуы және адам құқығының аяққа тапталуы. АҚШ-тың бұл акцияларына жауап ретінде КХДР келіссөздерді жүргізудің түп негізі жоғалды деп мәлімдеді. Өйткені КХДР үшін басты мәселе АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту болып табылады.

Дегенмен алтыжақты келіссөзге қатысушылар бұл келіссөздің Пекинде 4-раундын өткізуге қол жеткізді. 2005 жылы 19 қыркүйекте Солтүстік Кореяның ядролық мәселесіне байланысты өткен келіссөзде екі жылдан бері алғаш рет ортақ мәлімдеме жарияланды. Алайда бұл мәлімлдеме ешбір нақты істі шешкен жоқ, тек тараптардың онсыз да белгілі позицияларын белгіледі. Дегенмен бұл келіссөздің өз оң тұстары да бар.

Біріншіден, нақты маңызға ие болмаса да, ортақ мәлімдемеге қол қойылудың өзі алға жылжушылық болып табылады.

Екіншіден, Ортақ мәлімдемеде АҚШ Оңтүстік Кореяда ядролық қаруды жоқ екендігін жазбаша мәлімдеді.

Үшіншіден, Солтүстік Корея мәселесі Қытай мен АҚШ-тың тығыз және нәтижелі дипломатияның ең алғашқы қадамы болып саналады.

Бірақ бұл аталғандар Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешуге жеткіліксіз. Келіссөзден кейін келесі күні КХДР бұрынғы әдетімен Солтүстік Корея ядролық реактор алғаннан кейін ғана, ядролық қаруды жояды деп мәлімдеді [34].

Ал АҚШ пен Жапония АЭС құрылысы тек КХДР ЯҚТК-ге қосылған кезде ғана мүмкін болады деп қарсы пікір айтты.

Осылайша, келіссөздердің төрт раундында да Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешуде айтарлықтай жетістікке жеткізілген жоқ, осы мәселеге байланысты алуан түрлі пікірлер айтылуда. Ресей ғалымы В.Михеев пікірінше, Солтүстік Кореядан басқа мемлекеттердің («бестік») қателігі. Олар КХДР-дың ядролық бағдарламасын тоқтатуға қалай көндіруге болады деген мәселеге көп көңіл бөледі, яғни бұл мәселені Солтүстік Корея қолданатын ережелермен жүреді. Бұл қателікті жөндеу үшін бұл мәселені шешу стратегиясын мына екі мақсат үшін қайта қарау керек: қазіргі 1953 жылы Бітім туралы келісімге негізделген тәртіп орнына Кореяда бейбітшілікті сақтаудың жаңа халықаралық құқықтық тәртіп орнату керек; Солтүстік Корея режимін бейбіт жолмен қайта құру.

Бұл үшін алтыжақты келіссөздердің күш тәртібін өзгерту керек: Бітім туралы келісімді КХДР мен АҚШ, Оңтүстік Корея және Солтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастармен алмастыру мәселесін қарастыру керек, бұл мәселені ядролық дағдарыс мәселесі қалай шешіліп жатқаннан тәуелсіз жүргізу керек.

Одан әрі қарай, алтыжақты келіссөздер кезінде Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламадан бас тартуы үшін берілетін қауіпсіздік кепілдіктерді беру туралы келіссөздерді КХДР-ға экономикалық және энергетикалық көмек беру туралы келіссөздерден бөлек жүргізу керек. Экономикалық көмек тек КХДР-дың ядролық бағдарламадан бас тартуы үшін емес, нарықтық реформа жүргізуі үшін берілуі керек.

«Бестіктің» кездесулері Солтүстік Корея қатыссын не қатыспасын тұрақты түрде өткізіліп тұруы керек, дегенмен Пхеньян үнемі шақырулар алып отыруы тиіс. Бұл кездесулердің күн тәртібі болашақта аймақтық қауіпсіздік мәселелерімен толықтырылуы мүмкін.

Алтыжақты келіссөздерге қатысушылар Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешу үшін мына мәселелерді қарастыруы қажет:

Біріншіден, мәселенің негізі Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы емес, Солтүстік Кореяның жабық, тоталитарлық тәртібі және оның үнемі сыртқы әскери-саяси қауіп туралы үрей таратуы. Яғни Корей түдегіндегі қауіпсіздік сақтауға басты қауіп ядролық қару емес, Солтүстік Корея тәртібі болып отыр.

Екіншіден, КХДР АҚШ және басқа мемлекеттерді өзінде ядролық қару бар деп алдауы да мүмкін. КХДР-дың бұл саясатының мақсаты – ядролық бағдарламаны жою үшін емес, тәртіпті нарықтық қатынастарға өткізуі үшін АҚШ-тан қауіпсіздік және экономикалық кепілдік алу.

Үшіншіден, Кореядағы тұрақсыздықтың тағы бір себебі 1953 жылы АҚШ-КХР-КХДР қол қойған келісім негізінде құрылған тәртіптің ескеруі болып табылады.

Төртіншіден, КХДР ядролық бағдарламасының төндіретін негізгі қаупі – бұл Солтүстік Кореяның шетелдерге радиоактивті материалдар мен зымыран технологиясын сату мүмкіндігі.

Айтылғандарға сай, Кореяда қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау үшін ядролық бағдарламаға емес, Солтүстік Корея саяси тәртібін қайта құруға мән беру керек. Әскери жолмен тәртіпті қайта құру жолы ҚХР, Ресей, Оңтүстік Корея және КХДР-дағы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, бұл мәселені шешуде қолданылмағаны жөн. Екіншіден, 1953 жылы Бітім туралы келісім орнына бейбітшілікті қолдайтын жаңа тәртіп орнату. Үшіншіден, Солтүстік Кореядан қауіпті материалдар мен технологияның таралуы жолын бөгеу.

Бұл жерде Солтүстік Кореяның мүлде қарама-қайшы мүддесін есепке алу керек: тәртіпті өзгертпей-ақ, ядролық бағдарламаны мүмкіндігінше қымбатқа сату.

Бір жағынан, соңғы кезде Пхеньянның 1953 жылғы Келісім негізінде құрылған қазіргі халықаралық-құқықтық тәртіпті қайта қарауға ынтасын байқауға болды.

Бұл келісімді ауыстыру Қытай үшін де қолайлы болар еді, себебі ол Пекинде 1950-1953 жылдары Корей соғысы кезіндегі КХДР одақтасы ретінде өз жауапкершілігі мен міндеттемелерінен құтылады [35].

Сонымен қатар, егер алтыжақты келіссөздерге қатысушылар одан әрі Солтүстік Корея қойған шарттармен жүрсе, қалыптасқан жағдай бұрынғы ізін қайталап шығады: Пхеньян келіссөздерге бірде қатысып, бірде қатыспай немесе жағдайды ушықтыруы мүмкін. Ал КХДР келіссөздерге қатысуға келісім беру арқылы тәртіптің қауіпсіздігі туралы кепілдік пен өзінің экономикалық кедейленуін тоқтату үшін экономикалық көмек алғысы келеді.
Тағы рефераттар