Мақтаарал ауданы туралы қазақша реферат
Облыстың қиыр оңтүстік бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы 1,8 мың шаршы шақырым, облыс аумағының 1,5%-ы. Тұрғыны 254,3 мың адам. Аудан жеріндегі 183 елді мекен, 1 қалалық, 3 кенттік және 20 ауылдық округке біріктірілген. Орталағы-Жетісай қаласы. Бұрынғы Сырдария губерниясы, Ташқазақ уезінің Иіржар болысы таратылып, соның негізінде 1928 ж. 3-қыркүйекте Иіржар ауданы болып қайта құрылды. 1930 жылдан Мақтаарал ауданы. 1997 ж. 24-сәуірде мақталы үш аудан (Асықата, Жетісай, Мақтаарал) таратылып, олардың аумағында әкімшілік орталығы — Жетісай қаласы болатын Мақтаарал ауданы құрылды.
Аудан Мырзашөл құмды жазығының солтүстігінде, Сырдария өзенінің сол жағалауында, абсолюттік биіктігі 150-250 м төбелі. белесті жазықта орналасқан. Ауданның батысы, шығысы мен оңтүстігі Өзбекстанмен шекаралас. Солтүстігін түгелдей алып жатқан Шардара бөгені (1974) арқылы Сарыағаш, Шардара аудандарымен шектеседі.
Ауданның жер қойнауынан минералды су, құрылыс материалдары барланған. Климаты континенттік, қысы қысқа, біршама жұмсақ, жазы ыстық, аңызақты. Қаңтардың жылдық орташа температурасы -3-4°С, шілдеде 28-29°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200-205 мм. «Достық» каналы — ауданның басты су көзі. Жер асты суының мол қоры бар.
Аудан жерінде эфемерлі өсімдіктер жусан, баялыш, жантақ, қараған, жыңғыл, жиде өседі. Жануарлардан түлкі, саршұнақ, бауырымен жорғалаушылар кездеседі.
Ауданда 60-тан астам ұлт бар. Қазақтар — 82,5%, тәжіктер — 6,8%, өзбектер — 3,8%, орыстар — 2,3% т.б. ұлт өкілдері тұрады. Халықтың орташа орналасу тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге шаққанда 141,3 адамнан (облыстағы халқы ең тығыз қоныстанған аудан) келеді. Тұрғындардың 27,1%-ы қалада, 72,9%-ы ауылда тұрады. Ірі елді мекендері: Жетісай қаласы (30,5 мың адам), Атакент (14,0), Асықата (10,7), Мырзакент (10,2) кенттері және Минералды сулар (4,5), Алғабас (4,3), Жалын (3,7), Бескетік (3,3), Қызылқұм (3,0), Сәтбаев (3,0) т.б. ауылдары.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі бағыты — шитті мақта өндіру. Оның үдесіне ауданның ауыл шаруашылық өнімінің 70,8% тиесілі, егіс аумағының 80%-ын алып жатыр. 1997 жылға дейін аудандағы 11 ұжымшар және 19 кеншар мақта өсіріп, өңдеуге маманданып келген, оның негізінде қазір ауданда 5 мақта тазарту, 3 мақта майын, медициналық мақта жасау зауыты жұмыс істейді. Ірі кәсіпорыңдарына «НИМЭКС» ЖШС-ның мақта өңдеу, «ЮТЕКС» — мақта тазарту зауыттары, «Ақ алтын», «Мақтарал», «Мақташы», «Ынтымақ», «Мырзакент» ААҚ-дары, «Жұлдыз», «Жалын» шаруа қожалықтары, «Ақ май», «Жетісаймай» ЖШС-тері. Олар аудан экономикасының дамуына тікелей үлес қосуда. Аудан республикадағы шитті мақтаның 80%-ын береді. «Молчанов және К» спирт, шарап өндіруші кәсіпорын, «Мақтарал тәжірибе станциясы», «Оңтүстік су шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорындары, 2 минералды су цехы, 1 бетон зауыты, Қазақ-Қытай жіп иіру-тоқыма кәсіпорындары сияқты 37 өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Өнеркәсіп өнімінің 83%-ы тоқыма және тігін өндірісі кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Бұлардан басқа ауданда 15871 агроқұрылым, 15846 шаруа қожалығы құрылған. Ауданда қосымша сала ретінде дән, бақша, көкөніс, мал азықтық жемшөп өсіріледі. Шаруашылықтарда сиыр — 12,2%, қой мен ешкі — 4,4%, қаракөл -қойы — 9,8%, шошқа — 6,1 %, жылқы — 6,8%, түйе — 10,1 % өсіріледі.
Білім беру мекемелерінен «Сырдария» университеті, гуманитарлық-медициналық, гуманитарлық — экономикалық агробизнес колледждері, 117 мектеп, 2 кәсіптік-техникалық мектеп, 1 оқу-өндірістік комбинат, 2 музыкалық, 2 спорт мектептері, 1 көмекші мектеп-интернат, 13 балалар бақшасы бар. Денсаулық сақтау мекемелерінен «Диагностикалық орталық», 6 аурухана, 31 отбасылық дәрігерлік емхана, 87 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. 2001 жылдың 1 қарашасында Сырдария өзенінің үстінен халықаралық маңызы бар, ұзындығы 400 метрлік «Тәуелсіздік» көпірі пайдалануға берілді.
Жетісай қаласында «Отаным менің — Қазақстан» атты монументті стелла орнатылған. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай қазақ музыка драма театры, аудандық мәдениет үйі, аудандық кітапхана, мұрағат, мақта тарихы мұражайы бар. 1934 жылдан аудандық «Мақтаарал» газеті шығады. Кейінгі жылдары тәуелсіз «Мырзашөл айнасы», «Аймақ», «Нарық әлемі», «Керуен басы» газеттері шыға бастады. Аудан орталығы Жетісай қаласынан ІІІымкентке дейінгі қашықтық — 232 км.
Тағы рефераттар
- Қарым-қатынасты ұйымдастыру жіне өкілеттіліктер
- Нұрмұхамедұлы Жанқожа
- Міндеттемелер есебі
- Дәстүрлі ән өнері
- 1 мамыр туралы тегін слайд, презентация