Кәсіпорындарда коммерциялық ақпараттардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатымен ақпараттар бойынша жұмыс жүргізу және оған қол жеткізу жөнінде тиісті іс тәртібі белгіленеді. Оның ішінде кәсіпорын (фирма) басшысының ұйымдық-басқару ережелеріне енетін әкімдік, құқықтық, ұйымдық, инженерлік-техникалық, қаржылық шаралар бар.
Коммерциялық құпияны қорғау ісі мына шарттардың міндетті түрде орындалуына негізделген:
өндірістік, коммерциялық, қаржылық және режімдік мәселелерді бірлесіп шешу;
кәсіпорынның барлық ынталы бөлімшелері арасында ақпаратты қорғау шараларын үйлестіру;
жіктелуге (құпияландыруға немесе қорғауға) жататын ақпараттар мен объектілерге ғылыми баға беру;
Режимдік жұмыстарды бастамас бұрын режимдік шараларды белгілеп алу;
Ақпараттар қорғалуын қамтамасыз ету ісінің барлық деңгейдегі басшылар мен орындаушылар үшін жеке жауапкершілігіндегі жұмыс болуы;
Шартқа немесе еңбек келісіміне режімнің нақты талаптарын сақтау жөніндегі негізгі міндеттерді енгізу.
Негізгі проблемалардың бірі – іс қағаздарын жүргізу жұмыстарының қорғалуын, коммерциялық ақпараттар салынған негіздердің сақталуын, тасымалдануын ұйымдастыру болып табылады. Бұл өз кезегінде құжаттарға және жабық ақпарат негіздеріне міндетті түрде тиісті белгілерін салып отыруды қажет етеді.
Коммерциялық құпиясы бар ақпараттарды және объектілерді жіктеп, топтастыруға кәсіпорын (фирма) басшысы сенім көрсеткен, уәкілеттілік берген тұлғалар тізімін ресімдеу шарт. Жіктеліп (классификацияланып), топтастырылған ақпараттарға қол жеткізу кәсіпорын бойынша сол адамдар шеңберімен шектелуі қажет.
Рұқсаттамалық режім шараларын, рұқсаттамаға қол жеткізу және оны ресімдеу тәртібін белгілеу керек.
Бірқатар жағдайларда ақпараттардың қорғалуын қамтамасыз ету талаптарын орындау үшін алдын-ала арнайы орындар қарастыру керек болады. Бұл әсіресе конструкторлық-тәжірибелік ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, бұйымдар шығару және сынау, сату, жарнамалау, келісім-шарттарға қол қою процестерінде, аса маңызды және жабық мәжілістер өткізу кезінде, ақпараттарды өңдеу, сақтау және тарату т.б. жөніндегі техникалық құралдарды (есептеу техникалары құралдары) пайдалану кезінде өте-мөте қажет.
Бұл жағдайларда кәсіпорындар мен фирмалар басшылары аталған органдардағы қызметтің белгілі бір түрлеріне бақылау жасау жөнінде уәкілеттілігі бар тұлғалармен мемлекеттік құпияны сақтау жөнінде бірлесіп жұмыс жүргізулері шарт.
Күзеттің болуы, рұқсаттамалық және объектінің өз ішінде жүріп-тұру режімі жасалуы міндетті.
Ақпараттарды қорғау жөнінде тұрақты түрде шаралар әзірлеп, оларды жүзеге асырып отыру, қабылданған режімдік шаралардың тиімділігіне жүйелі бақылау жасау қажет.
Ақпараттардың қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде белгіленген ережелерді орындаушыларға түсіндіріп, нұсқау беріп отыру шарт.
Коммерциялық құпияның, мүліктік және қаржылық құндылықтардың сақталуын ұйымдастыру кезінде кәсіпорын (фирма) директоры ең алдымен экономикалық тиімділік жағын қарастырады. Бұл жерде бәрінен бұрын экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінің мүмкін болатын экономикалық шығыннан асып кетпеуі ойға оралады. Әйтсе де ақпаратты қорғау шаралары кәсіпкерліктің экономикалық тиімділігін арттыра түсуге ықпал ететінін естен шығармау керек. Коммерциялық құпиясы бар ақпараттары, сондай-ақ тауарлары мен ақшалай қаржысы аз кәсіпорындарда режімді қамтамасыз ету ісін басқаруды кәсіпорын (фирманың) басшысының өзі немесе оның бұйрығымен тағайындалған лайықты тәжірибесі бар қызметкер қосымша жүргізуіне болады.
Кәсіпорынның (фирманың) қауіпсіздік қызметі, әдетте, сол кәсіпорын басшысы бұйрығымен құрылады және оған бағынады. Бұл қызмет орыны кәсіпорынның өндірістік-коммерциялық жұмыстарға тікелей араласатын құрылымдық бір бөлімшесі болып табылады. Бұл қызмет орыны өз жұмыстарын кәсіпорынның басқа барлық құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып, өзара әрекеттестікте жүргізеді.
Бұл ретте, мынадай істерді қолға алған жөн:
— қорғауға жататын ақпараттарды тобынан бөлектеу өлшемдерін жасау;
— қорғау әдістерін таңдау (патенттеу, авторлық құқық, коммерциялық құпия);
— коммерциялық құпиясы бар мәліметтер Тізімдемесін (тізімдемеге қосымшаны) кезекті бекітуге әзірлеу;
— коммерциялық құпиясы бар мәліметтерге жіберу тәртібін бекіту және оған қол жеткізудің рұқсаттамалық жүйесін әзірлеу;
— коммерциялық құпиясы бар нақты құжаттар мен ақпараттар бойынша жұмыс жүргізуге құқығы бар тұлғалар тізімдемесін (лауазымдар тізімдемесін) ресімдеу;
— ақпараттарды жіктеуге (классификациялауға) уәкілеттігі бар лауазымдарды (тұлғаларды) белгілеу;
— құжаттарды және басқа да ақпарат негіздерін жіктеу, белгі салу, сондай-ақ, оларды қол жеткізілуін шектеу шеңберінен шығару (құпиялылығын алып тастау) тәртібі мен процедураларын белгілеу;
— ақпарат негіздері бойынша жұмыс жүргізудің бірыңғай тәртібін жасау және іске қосу (құжат түзу, есепке алу, жұмыс жүргізу, сақтау, көшірмелеу, тасымалдау, көбейту, жою тәртібі);
— тиісті аттестациялаудан кейін коммерциялық құпиясы бар ақпарат негіздерін тұрақты және уақытша сақтауға, сол негіздер бойынша жұмыс жүргізуге, сондай-ақ жабық мәжілістер өткізуге рұқсат етілген орындардың орналасу жоспарын жасау, есепке алу;
— бөлінген (аттестацияланған) орынға өтудің бірыңғай тәртібін белгілеу шарт;
Жабық ақпараттар мен жіктелген (құпияландырылған немесе қорғауға жататын) ақпарат негіздері пайдаланылатын жұмыс түрлерінің бәрінде де атқарылатын шараларды жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау процестері коммерциялық құпияға қол жеткізу құқы бар бөлімше басшылары мен мамандарының тікелей қатысуымен жүргізіледі.
— кәсіпорын бөлімшелерінің басшыларына ақпарат қорғау шараларын әзірлеу және өткізу кезінде, ғылыми, конструкторлық, өндірістік және өзге де жұмыстар процесінде әдістемелік көмек көрсету;
— ашық басылымдарда жариялау үшін, конференцияларда, көрмелерде, жарнама қызметінде пайдалану мақсатымен материалдар әзірлеу кезінде және тапсырыс берушілерге арналған құжаттарды ресімдеу үстінде коммерциялық құпияның жария болмауын қамтамасыз ететін шараларды мамандармен бірлесе отырып дайындау және оны жүзеге асыру;
— сынау, сақтау, тасымалдау кезінде орындаушылар мен кәсіпорын мамандарының қатысуы бойынша коммерциялық құпиясы бар өнімдерді қорғау шараларын ұйымдастыру;
— жабық мәжілістер өткізудің тәртібі мен бақылау ережесін жасау;
— өзге фирмалар өкілдерін, іссапармен келген кісілерді, бақылау органдары өкілдерін қабылдаудың режімдік шараларын белгілеу;
— кәсіпорын мамандарымен бірігіп ақпарат тарататын техникалық құралдарды, сондай-ақ есептеу техникалары құралдарын (электрондық есептеу машиналары тетіктерін), есептеу құрылғыларын, өндірістік шпионаждың техникалық құралдарына қарсы әрекет ететін жүйелерді қолдану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын әзірлеуге қатысу;
— кәсіпорынды, қорғалатын (бөлінген) орындарды, қоймаларды күзету ісін ұйымдастыру, рұқсаттамалық тәртіпті және объект ішінде жүріп-тұру ережесін ендіру;
— күзеттің техникалық құралдарын орнатуға ұсыныстар беру, оларды монтаждау, пайдалануға беру, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру;
— коммерциялық құпияға қол жеткізуге құқы бар қызметкерлерді іріктеу және орналастыру ісіне қатысу шартты міндеттер.
Қорғау шараларының бірі, сөз жоқ, кадрлар ауысуын азайту бағытында жүргізілетін жұмыстар болып табылады.
Ұйымдық және профилактикалық жұмыстар кезінде нақты жағдайларды есепке ала отырып, бөлімше басшыларымен бірге қызметкерлердің ақпаратты қорғауға деген сындарлы көзқарасын қалыптастыру қажет.
Бүгінгі күні ақпарат негіздерін, соның ішінде электронды есептеу машиналары аспаптарын санкциясыз жоюға (сақтау, өңдеу және ақпарат тарату кезінде) қарсы алдын алу шаралары бірінші кезекке шығып тұр.
Режимдік талаптардың орындалуын бақылау: комерциялық құпияларды қорғау жөнінде қабылданған шаралардың сенімділігін бағалауға байланысты аналитикалық зерттеу жүргізу және бұл шаралардың тиімділігін арттыру бағытында ұсыныстар әзірлеу қажет.
Коммерциялық құпиясы бар ақпараттармен жұмыс жүргізу режімінің бұзылу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізу;
Қылмысты істерге әрекеттену фактілерін дер кезінде аңғарып отыру үшін қызметкерді кабинетке, автомашинаға, автотұраққа, пәтерге санкциясыз кіруден қорғайтын (магнитофондар, кинокамералар орнату), басшыны кәсіпорын күзетімен жасырын байланыстыратын техникалық құралдармен қамтамасыз ету;
Өзгелерге жария етуге болмайтын (коммерциялық құпия санатына енбейтін) ақпараттар тізімдемесін жасау;
Қызметкерге төніп тұрған қауіптің нақты түрлеріне сәйкес белгі, сипаттары бар ақпараттарды жинау;
Кәсіпорында өзге жақтан келіп жөндеу, профилактика бағытында іс жүргізіп жатқан ұйымдардың жұмысына бақылау жасап отыру (қажет болған жағдайда жұмыс біткеннен кейін ол орындарға, автомашиналарға, қондырғыларға, аспаптарға арнаулы тексерулер жүргізіледі) керек.
Ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында жіктелген (құпияланған, қол жеткізілуі шектелген) ақпараттар салынатын негіздердің (жеткізгіштердің) категориялары белгіленеді, сондай-ақ, қызметкер, құжаттар, бұйымдар мен материалдар; сақайтын, өңдейтін және ақпарат беретін техникалық құралдар нақтыланады, физикалық сәулелену жағдайы айқындалады. Ең соңында қорғау жүйесі схема түрінде белгіленіп, онда коммерциялық құпияны білетін қызметкерлердің нақты аты-жөні, жіктелген, яғни құпияланған құжаттар мен бұйымдардың аттары (санаттары) жазылады. Схемада осымен қатар жұмыс кезеңдері, коммерциялық құпияның ақпараттық негізге түсірілген уақыты, кәсіпорынның өз ішінде және сыртта оны пайдаланған жұмыс орындары мен мерзімдері көрсетіледі. Мысалы, конструкторлық-тәжірибелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаушылардың қызмет орнындағы есепті мәліметтерінде; бұйымды сынақ орындарында сынау нәтижелері жазылатын журналда; шет елдерде қол қойылатын келісім-шарттарда; нақты кабинеттерде өтетін есепті мәжілістерге қатысушылардың мәліметтік хабарламаларында; көбейткіштер учаскесінде жіктелген құжаттарды көбейту кезінде; көрмелерге қойылатын бұйымдардың үлгілерін жасауда жіктелген құжаттар негіздері пайдаланылуы мүмкін.
Негізге түсірілген нақты мәліметтер бойынша кәсіпорын (фирмадан) аумағында және одан тыс жерлерде жүргізілетін жұмыстардың схемасы жасалып, сол негіздің қолданылуы мүмкін орындар бағдары белгіленеді.
Ақпараттың шетке шығып кетуімен күрес елеулі проблемалардың бірі болып қалып отыр. Кәсіпорынның санкциясыз орын ауыстыруы бәсекелестер үшін коммерциялық құпияны біліп алуға қолайлы жағдай жасауы мүмкін екендігін естен шығармау керек. Сондықтан мұндай жағдайларда мұқият болу шарт.
Коммерциялық құпиясы бар мәліметтерге рұқсат беру мен қол жеткізу жүйелерін нақты мәліметтер бойынша рұқсаттамалық қосымша жүйелерге бөліп жүргізу ісі қарастырылады. Нақты ақпараттың қорғалуына байланысты шараларды кімнің жүзеге асыратыны, жіктелген, яғни құпияланған деректер бойынша жұмыс жүргізу процесіне кім жауап беретіні айқындалады.
Үйлестіру жөніндегі шаралар белгіленіп, нақты орындаушылар тағайындалады.
Ақпаратты қорғауға қатысты тұлғалардың іс-әрекеттерін жандандыру және үйлестіру жөнінде жоспар жасалады.
Қорғауды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралардың сенімділігі тексеріледі. Атап айтқанда:
— коммерциялық құпиясы бар ақпарат негіздерін кәсіпорыннан тыс жерлерге санкциясыз алып шығу әрекетінің алдын алу шаралары;
— тасымалдау, тарату, жеткізу жұмыстары кезінде режімдік талаптарды сақтау, күзеттік бақылау жасау;
— шақырылған, іссапармен келген кісілердің кәсіпорын ақпараттарына қол жеткізуін ұйымдастыру;
— мәжілістер, көрмелер, келіссөздер т.б. өткізу ісін ұйымдастыру;
— жабық жұмыстар мен жабық құжаттарға рұқсаты бар кісілердің режім талаптарын білу деңгейі;
— сенімді қоймалармен, жабылатын қондырғылармен, мөр салу құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейі;
— қызметкерлердің коммерциялық құпиясы бар негіздер бойынша (соның ішінде жіктелген, яғни құпияланған ақпараттар бойынша) жұмыс жүргізу үшін лайықты жұмыс орнымен қамтамасыз етілу деңгейі;
— ғимараттарда, орын-жайларда, жалпы кәсіпорында рұқсаттамалық және ішкі режімнің жай-күйі;
— коммерциялық құпиясы бар негіздерді орындалу және басқарылу дәрежелері бойынша тарату механизмі;
— нақты қызметкерлер топтарының әрқандай ақпарат негіздері түрлеріне қол жеткізу негіздемесі;
— жұмыс орындарында ақпарат негіздері бойынша жұмыс жүргізудің тәртібі;
— есептеу техникалары құралдарын қолданудың тәртібі (ақпараттарды алу, өңдеу, сақтау, шығару, тарату);
— кәсіпорынның өз ішіндегі және сырттағы әріптестермен мәлімет алмасу тәртібі;
— мәліметтерді жіктеу және жария етудің уақытқа сәйкестігі мен дұрыстығы;
— көрмелер, конференциялар, симпозиумдар т.б. ұйымдастырып, өткізу;
— ұйымдық-әдістемелік құжаттар әзірлеу ісінің сапасы, жұмыс жоспары мен ақпараттарды қорғау жөніндегі арнайы шаралардың орындалуы;
— кәсіпорын басшылығы талаптарының орындалу деңгейі (оның қаншалықты толық орындалғандығы);
— қызметкерлер арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың жай-күйі;
— бөлімшелер арасындағы өзара әрекеттестікті ұйымдық-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету деңгейі;
— ақпаратты іздестіру мен орындаушыларға жеткізу уақытының мөлшері;
Талдаулар ақпараттың шетке шығып кетуіне мүмкіндік беретін әртүрлі арналарды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды да қамтиды. Атап айтқанда:
● жабық ақпараттарды санкциясыз алудың мүмкін болатын әдістері мен тәсілдері.
Шетелдік фирмалар жіктелген, яғни құпияланған ақпараттардың шетке шығып кетуіне мүмкіндікті неғұрлым көбірек ашатын арналарға мыналарды жатқызады:
● өзге фирмалармен бірігіп жұмыс жүргізу, келіссөздерге қатысу;
● фирмаларда әртүрлі лауазымдық қызметтер бойынша жұмыс жүргізуге болатындығы туралы сырттан келген жалған сұраныстар;
● өзгелердің фирмада болуы, экскурсиялар жасауы;
● фирмалар сауда өкілдерінің шығарылған бұйым сипаттарына байланысты қарым-қатынас жасауы;
● шектен тыс жарнамалау;
● арадағы адамдар арқылы жабдықтау;
● шеттен келген мамандардың кеңес беруі, жұмыс барысында олардың фирма қондырғылары мен құжаттарына рұқсат алуы;
● баспасөзде мақалалар жариялау, баяндамалар жасау;
● кеңестер, конференциялар, симпозиумдер т.б.;
● жұмыс орнынан тыс жерлердегі әңгімелер;
● фирма басшылығына көңілі толмайтын, қысым көрген қызметкерлері.
Коммерциялық құпияны қорғау ісін ұйымдастыру кезінде бәсекелестер мәлімет жинаудың мынадай әдістері мен тәсілдерін қолдануы мүмкін екендігін ескеру қажет:
● жеке кездесуде зерттелетін фирма қызметкерінен пікір тарту;
● білгісі келетін мәселелер бойынша пікірталастар ұйымдастыруға көндіру;
● кәсіпорындарға және жекелеген қызметкерлерге сауалнамалар мен анкеталар тарату;
● ғылыми орталықтардың және ғалымдардың мамандармен жеке қатынас хаттар жазысуы.
Бәсекелестер тарапының өкілдері мәліметтер жинау үшін бірқатар жағдайларда ынтымақтастық көкжиегін анықтау, бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келіссөздер жүргізу жолын пайдалануы мүмкін.
Ынтымақтастықтың мұндай түрлері өзге ұйымдар өкілдерінің құжаттар бойынша жұмыс жүргізу процестеріне тікелей араласуына, жұмыс орындарында болуына жол береді, құжаттардың көшірмелерін алуға, материалдардың әрқилы үлгілерін, сынамаларын алуға байланысты мүмкіндіктерін молайта түседі. Мұнымен қоса дамыған елдер тәжірибесінен байқалатындай, экономикалық бәскелестер заңға қайшы әрекеттерге, өндірістік шпионажға баруы да мүмкін.
Қажетті ақпараттарды қолға түсірудің мүмкіндігі неғұрлым жоғары тәсілдері:
● көзбен байқап, қадағалау;
● тың тыңдау (біреудің сөздерін білдірмей тыңдау);
● техникалық өзгерістерді бақылау;
● тікелей сұрақ-жауап арқылы, барлау арқылы білу;
● материалдарды, құжаттарды, бұйымдарды қарап, шолып тексеру т.б.;
● ашық құжаттар мен ақпараттық өзге де дерккөздерді жинау;
● құжаттар мен ақпараттық өзге де дереккөздерді ұрлау;
● қажетті мәліметтердің бөлшектері кездесетін ақпараттық дереккөздерді мүмкіндігінше көптеп зерттеу.
Талдама зерттеулер, мүмкін болатын қауіп түрлерін моделдеу ісі қажет болған жағдайда қосымша қорғаныс шараларын жасауға мүмкіндік береді. Осымен бірге олардың орындалу мүмкіндігіне, әдістемелік материалдарының болуына, материалдық қамтамасыз етілуіне, қызметкердің оларды атқаруға әзірлігі жағдайларына баға беру қажет. Жоспарлау кезінде коммерциялық құпияның сақталуын қамтамасыз етудегі кәсіпорында орын алып отырған кемшіліктер есепке алынуы тиіс.
Қорғаныс жүйесін ұйымдастыру жағдайы фирмадағы жалпы жағдаймен астасады. Осыған байланысты ондағы болып жатқан және болады деп күтілетін өзгерістерді есепке алып отыру аса маңызды жәйт.
Осының бәрінен шығатын қорытынды, коммерциялық құпиялар мен жіктелген (құпияланған немесе қорғауға жататын) ақпараттардың қорғалуын ұйымдастыру жүйесі белгілі бір мерзімге алдын-ала әзірленген кешенді режимдік және ұйымдық-техникалық шаралар жиынтығы болып табылады. Бұл кешенді шаралар жиыны ақпараттардың қорғалуын қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған барлық қызмет түрлерін қамтиды және ішкі, сыртқы жағдайлардың, сондай-ақ, жауапкершілігі нақты тұлғаға немесе бөлімшеге жүктелген іс-әрекеттің белгілі бір тәртібіндегі өзгерістер де есепке алынып отырады.
Тағы рефераттар
- Төтенше жағдайлар классификациясы мен түсінігі
- Әлеуметтану функциялары
- Ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімдер
- Байланысқан тараптар туралы ақпараттарды ашу
- Сегменттеудің құқықтық тиімділігін қамтамассыз ету