Мемлекеттік қызмет пен басқару мүддесіндегі қылмыс құрамдары туралы қазақша реферат
Мемлекет басшысы 2009 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлыққа (бұдан әрі – Жарлық) қол қойды. Бұл осы қарастырылып отырған салада жүргізіліп жатқан әкімшілік реформа мен басқа да қайта өзгертулер тұрғысынан алғанда дер кезінде жасалған әрі қажетті шара болып табылады.
Жарлықтың негізгі қағидаларын, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және құқық қорғау органдары қызметінің ұйымдастыру-құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіру мәселелеріне байланыстыра отырып, шартты түрде екі топқа бөлуге болады.
Республика Президенті сыбайлас жемқорлықтың мемлекетіміздің дамуына, оның экономикалық өсуі мен саяси тұрақтылығына қауіп-қатер төндіретініне мемлекеттік құрылымдардың назарын бірнеше рет аударған болатын. Бұл орайда, әлеуметтік құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлық бүгінде ғаламшардағы барлық елдерге, солардың ішінде, экономикасы дамыған және демократиялық дәстүрі ежелден қалыптасқан мемлекеттерге тән болып, кез келген қоғам үшін күрделі проблема болып табылады.
Осы аталған қатерді түсінгендіктен Республикада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қажетті, шетелдік сарапшылардың пікірінше, ең жақсылары қатарындағы нормативтік-құқықтық база жасалды. 1998 жылы Қазақстан кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте алғашқы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Оның көптеген қағидалары өзінің тиімділігін дәлелдеп, көрші елдердегі әріптестеріміз тарапынан дәл осындай заңдар әзірленген кезде пайдаланылуда.
Алайда, басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, әлеуметті жайлаған бұл індетке ойдағыдай қарсы тұру үшін сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен жолын кесу механизмдерін үнемі жетілдіріп, жаңаларын жасап отыру қажет.
Осыған орай, Жарлыққа қол қойылуы, Республикада сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне және, тұтас алғанда, қылмысқа қарсы тұру жөніндегі жүргізіліп жатқан жоспарлы әрі мақсатты жұмыстың тағы бір кезеңіне айналып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманың әлеуетін күшейтуге бағытталды.
Жарлықта мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңітетін шаралар кешені қарастырылған.
Ең алдымен, Жарлықта мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі шаралар қолдану міндетін жүктеу, оны орындамағаны үшін заңда көзделгендей жауапқа тарту арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған шаралар айқындалды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық жәйттерінің бәрін өз басшылығының немесе құқық қорғау органдарының назарына жеткізу міндеті, бұл міндетін орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілігі белгіленді.
Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге және оны ашуға жәрдемдескені үшін азаматтарды көтермелеу механизмдерін қоса отырып, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын ынталандыру тағы бір маңызды шара болып табылады. Бұл шараны кейбір азаматтар теріс көруі мүмкін, бірақ ол, сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен бірқатар елдерде ойдағыдай қолданылып жүрген, мәжбүрліктен туындаған шара. Сыбайлас жемқорлық, оның ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік органдар мен қоғамның да, азаматтардың да жан-жақты назар аударуын талап етеді. Бұл теріс құбылыспен қолдағы бар күшпен күресу қажет және де өмірлік көзқарасы белсенді азаматтар өздеріне тиісті марапаттарын алып отыруы керек. Ал оның қай нысанда болатыны әлі айқындала жатады.
Ашықтық бар жерде сыбайлас жемқорлық болмайтыны белгілі. Соған байланысты, Жарлықта мемлекеттік қызметшілерді, жұмыстан босағаннан кейін белгілі бір уақыт аралығында да, құны өздерінің ресми табысынан асып түсетін мүлкінің шығу тегі туралы ақпарат беруге міндеттейтін шаралар қарастырылған. Сол арқылы мемлекет шенеуніктердің табысына ғана емес, жұмсаған қаржысына да бақылау орнатады. Бұл, шенеуніктер өздерінің ресми табысынан айтарлықтай асып түсетін қандай да болсын қымбат бағалы мүлік сатып алған жағдайда тиісті тексеру жүргізілетінін білдіреді.
Жарлықта көзделген, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық жасау тәуекелі жоғары лауазымдар тізбесінің айқындалып, осындай лауазымдарға орналасу мен оларда қызмет өткеру үшін неғұрлым жоғары талап белгіленуі, мемлекеттік қызметшілер корпусын халық пен мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын лайықты азаматтармен жасақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осындай лауазымдардағы тұлғаларға қатысты арнаулы тексерулер, солардың ішінде, теріс нәтиже анықталған жағдайда мемлекеттік қызметтен кетуіне әкеп соқтыратын, сыбайлас жемқорлыққа әдейі итермелейтін әртүрлі ойындарды пайдалана отырып «ақшаға бой алдырмау» тұрғысындағы тестілеу мен психологиялық тексерулер жүргізілуі мүмкін. Ерікті түрде өздеріне тиісті шектеулер қабылдап, қоғам мен мемлекет мүддесі үшін адал қызмет етуге міндетті шенеуніктер үшін сырт қарағанда қатаң көрінетін мұндай жаза әбден орынды.
Мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметте бұрын жұмыс істеген адамдар туралы бірыңғай электрондық дерекқор жасау мемлекеттік қызметке үміткерлерді сапалы түрде іріктеп, жоғары лауазымдарға ұсынуға мүмкіндік беріп қана қоймай, іскерлік бет-бейнесіне дақ түскен адамдардың қызметке орналасуына да айтарлықтай тосқауыл болады.
Қызметшінің жеке мүдделері және қоғам мен мемлекет мүдделері арасындағы қақтығысты реттеу үшін Жарлықта мемлекеттік қызмет жүйесіндегі «мүдделер қақтығысы» ұғымын заңнамалық деңгейде айқындау тапсырылады.
Қазіргі уақыттағы әлемдік дағдарыс жағдайында мемлекеттің бизнесті қаржылық қолдау жөніндегі белсенді іс-қимылы арқасында жеке компаниялар мен банктердің шоттарында айтарлықтай бюджет қаржысы жиналуына байланысты, корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес айрықша маңызға ие. Оның үстіне, практика көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық экономиканың жеке секторында барған сайын таралуда. Бұл мемлекеттің соған бара-бар, оның ішінде құқық қорғау қызметі шеңберінде жауап әрекетін талап етеді.
Осыған байланысты, жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру механизмдерін құру мақсатында Жарлықта «корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа» қарсы тұру жөніндегі шараларды әзірлеу тапсырылған, бұл Қазақстан өткен жылы ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының қағидаларынан заңды түрде туындайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы шаралармен қатар, Жарлықта қылмысқа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі маңызды шаралар да көзделген.
Құқық қорғау органдарына, кінәлілерді заңда белгіленген жауапқа тарта отырып, мемлекеттің кез келген құқық бұзушылыққа жауап әрекеті болуын қамтамасыз ету ерекше тапсырылған. Мұндай практика өзінің тиімділігін бірқатар елдерде дәлелдеді. Мәселен, АҚШ-та шамамен он жыл бұрын құқық бұзушылықтарға қатысты былайша айтқанда «нөлдік төзімділік» саясаты жарияланды, оның мәні кез келген құқық бұзушылық үшін қайткенде де жауаптылық болуын қамтамасыз етуге келіп саяды. Соның нәтижесінде, криминологтар қылмыстың айтарлықтай азайып, қоғамдық тәртіп жағдайының жақсарғанын атап көрсетеді.
Үкіметке кәмелетке толмағандарға қол сұғатын, топ болып жасалған қылмыстар үшін жауаптылықты күшейтуге, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұру механизмдерін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Мемлекет қашан да кәмелетке толмағандардың мүдделеріне айрықша назар аударып келді, бұл орынды да, себебі олар еліміздің болашағы, бірақ өздерінің жастығы, психологиялық және өзге де ерекшеліктеріне қарай олар сырттағылардың әр кезде де жағымды бола бермейтін ықпалына тез түседі. Практика көрсеткендей, кәмелетке толмағандар көп жағдайда үлкендердің ықпалына еріп қылмыс жасайды. Ал қылмыстың ұйымдасқан нысандарына келер болсақ, ол ХХІ ғасырда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төніп тұрған басты қатердің бірі болғандықтан, қылмыстық-құқықтық шараларды күшейту уақыт талабынан туындайды.
Өткен жылы Қазақстан БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын (Палермо қаласы, 2000 жылғы 13 желтоқсан) және оған қосымша, мемлекеттердің халықаралық қылмысқа қарсы күрестегі көпжақты ынтымақтастығының негізін құрайтын, атыс қаруының заңсыз жасалуы мен айналымы, адам саудасының алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ мигранттарды құрлықпен, теңізбен және ауамен заңсыз алып өту мәселелеріне қатысты хаттамаларды ратификациялады.
Дағдарыс жағдайында азаматтардың әлеуметтік саладағы құқықтары мен бостандықтары қорғалуы өзекті мәселеге айналуда, сол себепті Жарлықта осы саладағы прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық шаралар қабылдау тапсырылады.
Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру тәртібін одан әрі жетілдіру, тұтас алғанда, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін маңызды шара болып табылады.
Осы орайда Жарлықта бұл органдардағы лауазымдар үшін арнаулы біліктілік талаптарын әзірлеу, ондағы қызметкерлердің құқықтық мәртебесін және қызмет өткеру шарттарын біріздендіру, үміткерлерді міндетті түрде тағлымдамадан өткеннен кейін қызметке қабылдаудың конкурстық тәртібін енгізу көзделген.
Түптеп келгенде, Жарлықта азаматтарды құқық қорғау органдарындағы қызметке іріктеу мен қабылдаудың жаңа, бұдан бұрын мемлекеттік қызметте өзін жақсы жағынан көрсеткен кешенді тәртібі енгізіледі.
Үміткерлердің тағлымдамадан міндетті түрде өтуі олардың қызметке жарамдылығын бағалауға мүмкіндік береді.
Жарлықта тергеушінің іс жүргізудегі мәртебесін көтеру, учаскелік полиция инспекторларын тұрғындардың пікірін ескере отырып тағайындау міндеті қойылады, бұл олардың жұмыс сапасын жақсартуына мүмкіндік береді. Бұл орайда, учаскелік инспекторларды, яғни халықпен жиі араласатын тұлғаларды тағайындау мен аттестаттаудың ұсынылып отырған тәртібі азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік жасайды.
Қазіргі уақытта, құқық қорғау органдарының қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіпті қорғау функцияларын тікелей атқаратын қызметкерлері өздерінің мәртебесі жағынан қамтамасыз ету функцияларын орындайтын қызметкерлерге теңестірілетін қате практика орын алған. Мәселен, жедел-тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің әдеттегі мемлекеттік қызметтен еш айырмашылығы жоқ кадр, заң, қаржы-шаруашылық бөлімшелеріндегі қызметкерлермен жалақысы, қызмет өткеру мен атақ берілу, зейнетке шығу тәртібі бірдей.
Осыған байланысты, негізгі функцияларды орындайтын қызметкерлердің мәртебесін көтеру, құқық қорғау қызметінің беделін арттыру мақсатында оларға еңбекақы төлеудің неғұрлым жоғары деңгейін белгілеу ұсынылады. Бұл ретте, еңбек сіңірген жылдарын айқындаудың, зейнетақымен қамтамасыз ету, атақтар мен сыныптық шендер берудің қалыптасқан тәртібі қайта қаралуға тиіс.
Жарлықта сондай-ақ құқық қорғау жүйесін оңтайландыруға, қызметінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін ұйымдастыру-құқықтық шаралары көзделген.
Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы құзыреттерінің ара-жігін нақтырақ ажырату үшін, ұлттық қауіпсіздік органдарының бұл өкілеттігін бара-бар қысқарта отырып, қаржы полициясының тергеу өкілеттігін ішінара кеңейту көзделген. Бұл ретте, жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам жасаған, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған, өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалған және өзге де айрықша ауырлататын жағдайларда жасалған қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және пара алу секілді сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ҰҚК мен қаржы полициясының тергеуіндегі баламалылық сақталады.
Сот шешімдерін мүлтіксіз орындау, сот жүйесінің тиімділігі мен беделін арттыру мақсатында, сот шешімдерін орындау тәртібін бұзу және сотты құрметтемеу көрінісіне байланысты қылмыстық істерді тергеу өкілеттіктерін Ішкі істер министрлігінен Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің қарамағына беру көзделген. Бұл шараның қажеттігі практикада дәлелденген. Әділет анықтау органдары Әділет министрлігінің құрамында қызмет атқарған кезде, сот шешімдерінің орындалмауына қатысты істерді тергеу бойынша тиімді жұмыс істегені көп мамандардың есінде болса керек. ІІМ-нің бүгінде жалпы қылмысқа қарсы күресудегі жұмысы бастан асуда. Сондықтан, бұл көрсетілген қылмыстардың тергелуін сот шешімдерін орындайтын органға беру сот төрелігінің тиімділігін арттыратыны сөзсіз.
Жарлықтың қабылдануы Президентіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресуге және құқық бұзушылықтар мен қылмысқа қарсы бітіспес көзқарас қалыптастыруға бағыт түзегенінің тағы бір көрінісі болды.
Жарлықта көзделген шараларды іске асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның бұл құбылыстарға қарсы тұру жөніндегі қызметін біріктіріп, белсенділігін арттыруға, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге, азаматтардың қылмыстық қол сұғушылықтан қорғалуға деген конституциялық құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ құқық қорғау жүйесінің ұйымдастыру-құрылымдық жағынан жасақталуына оң әсер етеді.
Тағы рефераттар
- Корей тарихындағы үш хандық кезеңі
- Әйтей батыр
- Киім түстерінің үйлесуі
- Бастауыш сынып окушыларының психологиялық ерекшеліктері
- Қазақстандағы заң білімінің қалыптасу және даму тарихы