Жалпы қатынастар мен құбылыстар кеңістігінде меншік заңды тәртіпте бекітілген мүліктік қатынастар ретінде көрініс табады. Меншіктің заң тұрғысындағы мазмұны келесідей дәстүрлі құқықтармен сипатталады:

а)  иелену құқығы (затты физикалық иемдену);

б) пайдалану құқығы (өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында мүлікті өндірістік немесе жеке тұтыну);

в)өкім беру (сату, сатып алу, сыйға беру т.б. заттың тиесілігін өзгерту).

Ағылшын заңгері Б.Оноре меншік құқықтарының жиынын толық көрсетіп, жалпы меншік қатынастарының жиынтығынан келесідей 11 элементті бөліп көрсетеді:

—         иелену құқығы;

—         пайдалану құқығы;

—         басқару құқығы, яғни меншік объектісінің қалай, кіммен және қандай талаптарға сәйкес пайдалану мүмкіндігі жөнінде шешім қабылдау;

—         меншікті пайдаланудан табыс алу құқығы;

—         заттың капиталдық құнына құқық (иеліктен шығару, тұтыну, өзгерту, физикалық құрту құқығы);

—         қауіпсіздік құқығы – қарсы иммунитет;

—         мұраға қалдыру құқығы;

—         меншік құқықтарының мерзімсіздігі;

—         зиянды пайдалануға тыйым салу, яғни меншікті басқаларға зиян келтірмейтіндей пайдалану міндеті;

—         меншікті қарыз төлемі ретінде пайдалану мүмкіндігін көздейтін мүліктік жауапкершілік;

—         «қайтарым сипатындағы меншік құқықтары, яғни келісім-шарт мерзімінің бітуіне, оның талаптарының бұзылуына байланысты әлдекімге берілген құқық қабілеттілігінің  қайтарылуы.

Меншікті анықтау барысында меншік субъектілері мен объектілері қарастырылады.

Меншік субъектісі – меншік объектісін иелену мүмкіндігі мен құқыққа ие меншік қатынастарының белсенді жағы.

Меншік объектісі – келесідей түрдегі меншік қатынастарының пассивті жағы:

а) жылжымайтын мүлік — жер учаскелері, сондай-ақ ғимараттар, құрылыс және жермен тығыз байланысты өзге де мүліктер, яғни орны ауысқан жағдайда негізгі қызметіне айтарлықтай көлемде (қалпына келместей) нұқсан келетін объектілер;

б) жылжитын мүлік — көлік құралдары, айналыстағы тауарлар, бағалы қағаздар, ақша, мүліктік құқықтар, т.б.

в) ақыл-ой меншігі (интеллектуалды меншік) – рухани, ой қабілетімен байланысты іс-әрекеттің нәтижелері және оларға теңестірілетін келесідей индивидуализация құралдары: фирмалық ойлау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі, ноу-хау, авторлық құқық, технологиялық жобалар т.б.

Меншік мазмұнының экономикалық тұрғысы оның заңдылық тұрғысынан біршама ерекшеленеді. Осы ерекшеліктердің талдауы меншіктің экономикалық мазмұнындағы негізгі сипаттарды бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Біріншіден, экономикалық ғылымды игіліктерді жаулау, сыйлау, мұраға алу т.б. жолдармен иелену қызықтырмайды. Экономикалық ғылыми игіліктерді өндіріс, айырбас, бөлу жолымен иеленуді зерттейді.

Екіншіден, экономикалық тұрғыдан иелену объектісі өте маңызды болып табылады. Объектілерді бір жағынан өндіріс факторлары, талаптары және құралдары, екінші жағынан тұтынушылық игіліктер деп бөлу шешуші әлеуметтік экономикалық мәнге ие. Алайда, меншік жүйесіндегі басты анықтаушы объект өндіріс құралдары болып табылады деп есептеу жөн емес. Жұмыс күші, ақпарат, ақыл-ой өнімі, сондай-ақ ақша қаражаттарына деген меншік те экономикалық үрдістерге айтарлықтай дәрежеде әсер етеді.

Үшіншіден, өндіріс құралдарымен бірігу сипаты меншіктің экономикалық мазмұнындағы басты нәрсе болып табылады. Ол адамдардың өндірістік-экономикалық іс-әрекетінің әлеуметтік сипатын және өнімнің әлеуметтік формасын анықтайды. Өндіріс жағдайын монопольды иеленетін тұлға дәл сондай құқықтары мен еркіндіктері бар, бірақ ондай мүмкіндіктері жоқ басқа адамдарға қатысты ерекше әлеуметтік мәртебеге ие болады. Өндіріс жағдайын монопольды иеленген субъектілер тап болған ерекше артық жағдайдағы экономикалық биліктің пайда болуына алып келеді. Меншік қатынастарына қатысушы біреулердің экономикалық билігін басқалардың экономикалық тәуелділігіне алып келеді.

Төртіншіден, «иемдену» түсінігі меншік сипаттамаларының бастылары қатарына жатады.Мұнда тек табиғаттың дайын өнімдерін иемдену ғана емес, ең бастысы өндірістік экономикалық іс-әрекет үрдісіндегі иемдену жөнінде сөз болып отыр. Бұл жағдайда игілікті бір қатысушының иемденуі келесісінің осы игіліктен бас тартқандығын (жоғалтқандығы) білдіреді.

Бесіншіден, меншіктің жүзеге асуының ең маңызды экономикалық формасы әрі ең басты экономикалық белгісі  табыстар болып табылады. Табыст4ардың формалары (жалақы, пайда, рента, пайыз) меншік иелерінің жағдайларымен тығыз байланыста болғандықтан олардың дәрежесін анықтайды.

Алтыншыдан, меншіктің экономикалық мазмұнын ашуда: өндіріс үрдісі кімге тиесілі? — деген сұраққа жауап басты орынға ие. Меншік жемістері (табыстары) олардың пайда болу үрдісін иемденген адамға тиесілі болады.

Жетіншіден, «өкім беру» түсінігін заңгерлер де, экономистер де пайдаланады, алайда әр түрлі мағынада қарастырады. Заңгерлер заттың тағдырын анықтау мүмкіндігіне сілтейді, яғни сату, сыйға беру, құрту т.б. Өкім берудің экономикалық мағынасы табысты бөлу әрекетінің нәтижелерін нақты иемденуге жағдай жасауда көрініс табады.

Сонымен, меншіктің экономикалық мазмұны мынадан

тұрады:

1.      Меншік — бұл адамдардың заттарға деген қатынасы ғана емес, бұл экономикалық ресурстар мен тұтынушылық игіліктерді иемдену жөніндегі экономикалық агенттер арасындағы қатынастар.

2. Бір субъектінің өндіріс жағдайларын монополизациялауы, басқалардың олардан бас тартуы (жоғалтуы) немесе жұмысшылардың өндіріс жағдайларына деген бірдей құқықтары меншіктің әлеуметтік-экономикалық мазмұнын сипаттап, өндірістің негізгі факторларының бірігу сипаты мен нәтижелерді иемдену тұрғысын анықтайды.

3.      Табыстардың формалары меншіктің экономикалық жүзеге асуын қалыптастырып, меншік қатынастарындағы субъектілердің орнымен анықталады.

Меншік қатынастарының мәнін ашуда иемдену қатынастары басты сипатқа ие.

Иемдену — заттарды, табиғат және қоғам құбылыстарын, олардың пайдалы қасиеттерін тіршілік әрекетінің нақты жағдайларына (талаптарына) айналдыру әдісі ретіндегі экономикалық үрдіс. Иемденудің құрамдастары болып бір уақытта заңды да, құқықты да экономикалық та категорияларды білдіретін иелену, пайдалану, өкім беру және жауапкершілік ету қатынастары табылады.

Иелену — меншік субъектісінің заңды құжатталған қарастылығын белгілейтін меншіктің бастапқы формасы. Меншік қатынастарының бұл функциясы басты, алғашқы және статистикалы болып табылатынын айта кеткен жөн. Әлеуметтік-экономикалық мағынада меншік тек иеленуді ғана емес, сондай-ақ объектіге қатысты өкім беру және оны пайдалануды қарастырады.

Пайдалану — меншік объектісін, оның атқаратын қызметіне және пайдаланушының қажеттілігі мен шешіміне сәйкес қолдануды білдіретін меншік қатынастары. Иелену мен пайдалану бір субъектінің қолына шоғырлануы немесе әр түрлі субъектілер арасында бөлінуі мүмкін. Затты оның иесі бола тұрмай пайдалануға, керісінше, иесі бола тұрып, пайдалану құқығын өзгеге беріп, меншік объектісін пайдалануға болады.

Өкім беру — субъектіге сату, сатып алу, айырбастау, сыйға беру т.б. арқылы заттың тиесілігін өзгерту құқығын беретін меншік объектісі мен субъектісінің арасындағы қатынастарды жүзеге асырудың жоғарғы әдісі.
Тағы рефераттар