Морфологиялық ерекшеліктері туралы қазақша реферат
Есімдіктердің мағыналары тым жалпы болғанымен, ол мағыналар түптеп келгенде зат және заттық белгі деген ұғымдармен ұштасып, жалпы зат не заттық белгі деген ұғымдарды білдіріп, сол ұғымдардың жалпы түрдегі атауы болып келеді. Сондықтан да олардың осы заттық және заттық белгісі деген ұғымдарды жалпылама болса да, бойына деген қасиетіне байланысты, есімдіктер атауыш сөздер қатарына жатқызылады.
Есімдіктер түгел алғанда жалпы атауыш сөздер болып саналады да, ол атаулық қасиет ішінара күрделі екі жікке бөлінеді. Мысалға мен, сен жіктеу есімдіктерін бұл, сол сілтеу есімдіктерін алайық. Егер осы есімдіктердің негізгі атаулық мағыналарын таптастырып қарайтын болсақ, заттық ұғымдағы сөздер және заттың белгісі ұғымындағы сөздер болып іштей күрделі екі жікке бөлінетіндігін көреміз. Сонда мен, сен, кім?, не? Есімдіктері заттық ұғымдағы сөздер –заттық атаулар болады да, бұл, сол, қай? Есімдіктері заттың белгісі ұғымындағы сөздер –белгі атаулары болып шығады.
Міне, осы негізгі мағыналық жіктер өз тарапынан сөздерді, біріншіден, заттық ұғымдағы сөздер – субстантивтік есімдіктер, екіншіден, заттық белгісі ұғымындағы сөздер –атрибутивтік есімдіктер деген екі салаға бөледі.
Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздердің тобына қосылады. Осы негізгі екі жік есімдіктердің түрлену жүйесінде де негізгі жетекші рөл атқарады. Мысалы, субстантивтік есімдіктер қолданылу ретіне қарай, зат есімдер сияқты көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те, жіктеліп те қолданыла беретін болса, атрибутивтік есімдіктер дәл өз мағынасында қолданылып тұрғанда, түрлену формаларының ешқайсысын да қабылдамайды.
Түрлену формалары атрибутивтік есімдіктерге тек субстантивтенген жағдайда ғана, яғни заттық ұғымға ие болғанда ғана қосыла алады.
Есімдіктерді өзге сөз таптарынан бөліп, жеке даралап тұратын морфологиялық ерекше белгісі –есімдіктердің бәріне бірдей, бәріне тең ортақ заңдылық деп қарауға болатын белгілі бір формалар немесе өзгеру тәсілдерінің жоқтығы. Бұл ерекшелік негізінен есімдіктердің іштей субстантивтік және атрибутивтік болып, мағыналық екі жікке бөлінуімен тікелей байланысты.
Дегенмен, есімдіктерді түгел қамти алатындай морфологиялық өзгерістер, формалар бола қоймаса да, есімдіктердің кейбір топтарына тән атап өтуге тұрарлық, өзіндік морфологиялық түрлену ерекшеліктері де бар. Ондай ерекшеліктер, ең алдымен, есімдіктердің көптелу және септелу жүйелерінде өте айқын көрініп тұрады. Бұған көптік мағынаны білдіруші з морфемасы (біз, сіз дегендегі) және жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелу жүйесінде түсіп қалатын, барыс септігінде пайда болатын Н дыбысы жатады. Бірен –саран қосымшалар арқылы ғана жасалған кейбір көне сөздер болмаса, есімдіктермен жаңа сөздер жасалмайды.
Тағы рефераттар
- Кеңес Одағының батырлары
- Халықаралық қаржылық ұйымдар курстық жұмыс
- Жарнама
- Жантай батыр
- Тектоникалық құрылымдардың көлдердің таралуына әсер етуі