Нарықтық экономикаға өтудің негізгі бағыттары туралы қазақша реферат
Басқа республикалар сияқты Қазақстанның да нарыққа бағытталған экономика құруға бет алғанына он жылдан да асты. Бұрынғы жоспарлы экономиканы нарықтық экономика түріне алмастыру экономиканың барлық салаларында дерлік жүргізілді. Көлемі мен тереңдігі жөнінен бұрын болып көрмеген әлеуметтік – экономикалық және саяси дағдарыстан елімізді алып шығу жолында күрделі істер атқарылуда. Біздің халқымыз көшпелі экономиканың ауыртпалығы мен бейнетін бастан кешіруде.
Экономикалық жағдайды обьективті бағалау үшін ТМД елдері өз басынан тек жәй көшпелі экономиканы емес, оның кеңестік дәуірден кейінгі ерекше түрін өткеріп жатқанын ескеруіміз керек. Ол екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс және Орталық Еуропа, Жапония, Шығыс Азия елдеріндегі, сондай-ақ Шығыс Еуропа мен Балтық теңізі жағалауындағы елдердегі социализмнен кейінгі көшпелі экономикадан бөлек. Бірінші топтағы елдерде нарықтық қатынастар мен шаруашылық тәсілдерін соғыс бөліп кеткен-ді, соғыс аяқталысымен олар қайта қалпына келтірілді. Ал екін-ші топтағы елдердің социалистік жоспарлы экономикасы да онша көп уақытқа созылған жоқ, оның үстіне олардағы экономиканың кейбір секторларында шаруашылықтың нарықтық қатынастары сақталды, олар дамыған елдермен қанаттас еді. Сондықтан, бұл елдерде экономиканы өзгер-ту процесі жеңілірек болды.
Ал ТМД елдерінде нарықтық қатынастарды тыңнан бастау қажет болды. Кеңес адамдарында нарықтық әлеуметтік түсінік, кәсіпкерлік рух, демократиялық ой-пікір сияқты қасиеттер кеңінен дамымаған еді. Сондықтан да бұл елдерде нарықтық қатынастардың өмірге баяу енуі, қалыптасуы, бекуі түсінікті, өйткені оларда экономиканы басқарудың барлық буынында бұрынғы кадрлар іс басында отырғаны айдан анық еді.
Қазақстан ТМД-ның басқа елдері сияқты нарыққа бет алған экономика жолына 1992 жылдың қаңтарында аяқ басты. Нарықтық экономикаға өту барысында Қазақстанға өзара тұтасып жатқан екі міндетті шешу қажет болды:
— экономиканы тұрақтандыру және оны тамыры тереңге кеткен дағдарыстан шығару;
— нарықтық қатынастарды құру және дамыту;
Экономикада нарықтық қатынастармен нарық тетіктерін құлашын кеңге жайған дағдарыс жағдайында дамыту өте күрделі еді, сондай-ақ экономикалық дағдарысты жеңу де қиын еді, өйткені шаруашылық жүргізудің ескі тетіктері оған жарамайтын, ал жаңалары тек енді ғанғ қалыптаса бастаған болатын.
Міне, осындай жағдайда Ресей үкіметі бағаны тез ырықтандыруға, қатаң ақша – кредит және қаржы – бюджет саясатына, рубльдің(сомның) біртұтас жылжымалы курсына, сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыруға және жекешелендіруді шапшаң жүргізуге, яғни «есеңгіретіп емдеу» саясатына негізделген реформаның стратегиясын ұсынды.
Кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшудің бұл бірден-бір жолы және түбегейлі өзгерістің дұрыс стратегиясы болатын. Ре-форманың алғашқы сәтінде саналы түрде мақсат етіп қойылған «есеңгіреу» (шок) кеңес өкіметінен кейінгі экономиканы өзгертудің қашып құтылмай-
тын қиындығы еді. Өйткені бұл экономикада баға алшақтығы жағдайында жасанды тағайындалған бағалар орын алған-ды, қайта құру заманында экономикалық саясаттың және біліксіз жүргізілген табыс саясатының нәтижесінде шектен тыс көп жиналған ақша массасы бар-тұғын, ал мұның өзі өте тапшы тұтыныс рыногын тудырған болатын. Қысып ұстап, қолдан жасалған жасырын инфлияция ашық түрге айналды. Бұл, осылай болуға тиісті, өйткені бұл қауіпті ісік көп жылдар бойы экономиканы іштен жеп, оның жазылмас дертіне айналған еді. Сондықтан одан жазылу үшін ауыр болғанымен «есеңгіретіп емдеу қажет болды.
Алғашқыда экономиканы ырықтандыруға және қаржыны шектеудің макроэкономикалық тұрақтандыруына негізделген басымдықтан гөрі құрылымдық өзгерістермен қабат жүретін экономиканы қаржыландырумен өндірісті өсіру қызықтырыңқыраған стратегия болды. Бірақ-та, аса зор инфлияция, қаржы жүйесі қаусаған, тұрғындар қолында жиналған ақшаның массасы шектен тыс көп жағдайда мұндай стратегия – экономикалық күйреу болды. Оның үстіне ондай стратегияны жүзеге асыру да мүмкін болмайтын, өйткені бұрынғы біртұтас кеңестік нарық бөлшектенді, бұрынғы шаруашылық байланыстар үзілді, ал басқа нарықтарға біздің тауарлармен шығу мүмкін емес еді. Экономиканы қар-жыландыруға қажетті ақшаны қандай да ақша станогы басып шығарып үлгермейтін еді, ақша тапшылығы күннен – күнге арта берген болар еді.
Бұдан басқа тағы бір қызықтырарлық стратегия нарыққа біртіндеп көшу болды. Алайда, коммунистік көзқарас басым, нарыққа қарсы институционалдық ортада оны жүзеге мүмкін емес еді. Нарыққа деген әр қадам, нарықтық тұрақтандыру тетіктері қатты қарсылық кездестіріп, ақыр аяғы ескі жүйеге қайтып келер еді.
Қалай болғанда да, сомдық аймақта отырған және Ресейдің Үкіметі Орталық банкі және Парламенті жүргізіп отырған экономикалық саясатқа тәуелді, өз валютасын енгізіп, оның курсын реттеп отыруға уақыты да тәжірибесі де және ресурсы, өзінің қаржы жөніндегі институттары жоқ Қазақстан Ресейдің стратегиясын оның кейінгі бұлтарыстарымен бірге қабылдауға мәжбүр болды.
Қазақстан өзінің іс жүзіндегі жеке дара экономикалық саясаты мен өз реформасын өзінің ұлттық валютасын енгізгеннен соң 1994 жылдан бастап ғана жүргізе бастады. Осыдан кейін ғана өкіметтен ұлттық банктің экономикалық саясаты азды-көпті қажетті дәйектілікке және алдын-ала болжауға ие болды. Өкінішке орай, 1992 жылғы мамырда реформаның қабылданған стратегиясынан бас тартқан соң келесі жылдар аса асқындаған және шапқылаған инфляция, өндірістің құлдырауының өсу және тұрғындар өмір деңгейінің шапшаң төмендеу жылдарына айналды. Реформа жылдары инфляция деңгейі 13250есе өсті, өндірістің құлдырауы 1991 жыл деңгейінің 50 пайызына, ал өмір деңгейі 4 есеге дейін құлдырады.
Қазақстанда реформа жасау жылдарында, нарықтық экономикаға көшуде орасан зор көп жұмыстар атқарылды:
-барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге баға мен тариф ырықтандырылды;
-сыртқы экономикалық қызмет көп жағдайда ырықтандырылды, соның
ішінде әртүрлі тарифтік емес шектеулер мен экспортқа шығарылатын
өнімдерге кеден бажы алып тасталынды;
-1995 жылғы 1-шілдеден салық жөніндегі жаңа заң енгізілді, салық
саны бұрынғы 45-тен енді 11-ге дейін қысқарды. Олардың алым көлемі
ретке қойылды, олар экономикадағы нарықтық қатынастарға лайықтандырылды;
-түбегейлі институциалдық өзгерістер жасалды және жасалынып жатыр. Елімізде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жоғары қарқынмен жүргізілді, реформа жылдары (1992-1995) мемлекеттік 16 мың кәсіпорын жекешелендірілді, оның ішінде экономиканың экспорттық секторына жататын өнеркәсіптің ірі – ірі жетекші кәсіпорындары бар. Бүгінде шаруа-
шылық қызметпен айналысатын субъектілердің жалпы санының 80 пайыздан астамы жекеменшікте, мемлекет меншігінде тек 15,5 пайызы ғана қалған;
-рыноктық инфраструктураның базасы жасалды: 100 ден астам екінші дәрежедегі банк жұмыс істейді, олардың 30 дан астамы жеке меншіктегі, 72- сі акционерлік, 6-ы шетелдік банктер. Кейбір банктер банкрот болып, кейбіреулері өзара бірігіп, қосылып, іріленіп деген сияқты табиғи процесс жүріп жатыр. Ұлттық банк қабылданған заң бойынша тәуелсіз банкке айналды. Инвестициялық және қамсыздандыру компаниялары, зейнетақы және басқа қорлар сияқты банкке жатпайтын қаржылық институттар құрыла бастады, толық нарықтық тәртіпке қазақстандық банкаралық валюта – қаржылық биржа, бірнеше тауар биржасы – осының бәрі нарықтық экономиканың өзіне тән айнымас белгілері;
-нарықтық экономиканың, оны мемлекеттік реттеудің құқықтық базасы жасалды, ол үнемі жетілдірілуде.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның бүгінгі экономикасы нарықтық экономикаға әбден ұқсайды, бұдан былай жоспарлы экономикаға қайтар жол жоқ.
Нарықтық экономикаға өту барысында экономикамызда төмендегідей бағыттар бойынша құрылымдық өзгерістер жүргізілді:
-мемлекет меншігінде болған барлық өнеркәсіп орындары мен ауыл-
шаруашылық бірлестіктерін жекеменшікке беру;
-экономика құрылымында өнеркәсіптің әсіресе өңеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру. Өнеркәсіптің артта қалған салаларында өнімділікті арттыру үшін және жаңа техникамен технологияларды пайдалану үшін шетел инвестицияларын тарту;
-ҒТР нәтижелерін экономиканың барлық саласында кеңінен пайдалану;
-жеке кәсіпкерлікті дамыту;
-отандық тауардың сапасын жақсарту рақылы дүние жүзілік нарықтағы бәсекелестігін арттыру;
-экономикадағы қажетсіз салаларды басқа салалармен ауыстыру, орта және ұсақ кәсіпорындардың санын көбейту;
-Әлемдік шаруашылыққа интеграциалану, яғни халықаралық еңбек бөлінісіне қатысып, сыртқы сауда құрылымын өзгертіп, экспортқа тек шикі-затты ғана емес, сонымен қатар дайын өнімді шығару.
Тағы рефераттар
- Ақша жүйесі және ақша айналымы курстық жұмыс
- Ведомствалық мұрағат құжаттарын топтастыру
- Адам іс-әрекетінің түрі мен дамуы
- Бухгалтерлік есеп принциптері
- Міндеттемелердің есебі мен аудиті