Негізгі құралдар есебі туралы қазақша реферат
Бухгалтерлiк есептiң 16 “Негiзгi құралдар” деп аталатын халықаралық стандарттарына сәйкес негiзгi құралдар дегенiмiз – кәсiпорында өнiм өндiру, тауарларды тасымалдау немесе қызмет көрсету үшiн, басқа кәсiпорынға жалға беру үшiн немесе әкiмшiлiк мақсаттар үшiн пайдаланылатын және бiр кезеңнен (бiр жылдан) артық мерзiм iшiнде пайдаланылады деп болжанатын материалдық активтер.
Негiзгi құралдарға қозғалмайтын мүлiк, жер учаскелерi, үйлер мен ғимараттар, өткiзгiш тетiктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеу және реттеу аспаптары мен қондырғылар, есептеу машиналары мен техникалары және олардың бағдарламалық құралдары, көлiк тасымалдау құралдары, аспаптар, өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандары, өнiм және жұмыс малдары, көп жылдық екпе ағаштар, шаруашылықтың iшкi жолы, тағы да басқалар жатқызылады.
Негiзгi құралдардың есебiн дұрыс ұйымдастырудың басты шарты оны жiктеу болып табылады. Оны төмендегі суреттен көруге болады. (Сурет 1).
Өндiрiс процесiне қатысу сипатына байланысты негiзгi құралдар өндiрiстiк және өндiрiстiк емес болып екiге бөлiнедi./2/
Негiзгi өндiрiс құралдарына өндiрiс процесiне тiкелей қатысатын обьектiлер жатады, олардың көмегiмен өнiмдi әзiрлеген кезде еңбек құралдарына (машина, құрал-жабдық, құрал-саймандар т.б.) әсер ету жүзеге асады немесе өндiрiстi жүргiзу үшiн қажет материалдық жағдайын жасайды (ғимараттар, құрал-жабдықтар, өткiзгiш қондырғылар). Негiзгi өндiрiстiк құралдардың пайдалануын сипаттайтын шолушы экономикалық көрсеткiш I – қор қайтарымы болып табылады, ол негiзгi құралдардың бiр өлшемiне шаққандағы өндiрiлетiн заттай немесе ақшалай түрiндегi өнiмдi көрсетедi.
Сурет 1- Негізгі құралдардың жіктелуі
Өндiрiстiк емес негiзгi құрал-жабдықтар – тұтынуға арналған құрал-жабдықтар. Олар ұжымның мәдени-тұрмыстық (ғимараттар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау мүлкi, т.б.) қажеттiлiктерiн ұзақ мерзiм бойы өтеуге арналған.
Иелiгiне қарай негiзгi құралдар: меншiктi және жалға алынған болып бөлiнедi. Меншiктi дегенiмiз – субьектiге тиесiлi және оның балансында көрiнiс табатын негiзгi құралдар. Белгiленген мерзiмге шарт бойынша басқа субьектiден алынған негiзгi құралдар, жалға алынған құралдар болып саналады. Оларды жалға берушiнiң балансында есептейдi, жалға алушы 001-шi “Жалға алынған негiзгi құралдар” баланстан тыс шотында есептейдi. Жалға алу мерзiмi аяқталған соң немесе ол аяқталмай тұрып, жалға алушы келiсiлген бағамен сатып алуына болады. Оларды 2411-“Жер”, 2412-“үйлер мен ғимараттар”, 2413-“Меншiк және құрал-жабдықтар, өткiзгiш қондырғылар”, 2414-“Көлiк құралдары”, 2415-“Басқа да негiзгi құралдар” шоттарының тиiстi аралық шоттарында есептейдi./3/
Заттық құрамына қарай негiзгi құралдар: мүлiктiк және мүлiктiк емес болып бөлiнедi. Мүлiктiкке (заттай) көрiнiсi бар, яғни санауға және өлшеуге болатындар (үйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар) жатады. Мүлiктiк еместерге пайдаланылатын жер, орман алқабы, су ресурстары (ғимараттардан басқа күрделi қаржы салымы, яғни заттық нысаны жоқ шығындар (жер учаскелерiн, егiстiк үшiн пайдаланылатын жердi өңдеу, жалға алынған негiзгi құралдарға күрделi қаржы жұмсау, т.б.) жатады.
Негiзгi құралдар объектiсi төмендегi шарттарға сай келгенде ғана актив ретiнде танылуға (есепке алынуға) тиiстi:
а) егер кәсiпорынның активпен байланысты келешек экономикалық пайда алатындығына аса үлкен ықтималдықпен сендiру мүмкiн болса;
б) егер кәсiпорын үшiн активтiң өзiндiк (бастапқы) құнын сенiмдi түрде бағалау мүмкiн болса.
Негiзгi құралдар есебiн ойдағыдай жүргiзу үшiн алдымен оларды жүйелеп топтастыру қажет.
Барлық негiзгi құралдар өздерiнiң өндiрiске қатысуына қарай өндiрiстiк және өндiрiстiк емес болып екi топқа бөлiнедi. Өндiрiстiк негiзгi құралдар – деп өндiрiсте қызмет ететiн, яғни пайдаланылатын негiзгi құралдарды айтады. Оларға: өндiрiске арналған үйлер, ғимараттар, өткiзгiш тетiктер, құрылыс машиналары, көлiк тасымалдау құралдары, әртүрлi станоктар, двигательдер, құрал-саймандар, өлшеуiш аспаптар және тағы басқалары жатқызылады. Өндiрiстiк емес негiзгi құралдардың қатарына шаруашылықтың өндiрiстен басқа салаларында пайдаланылатын негiзгi құралдар жатқызылады. Оларға: тұрмыстық үй-жай (коммуналдық) шаруашылығында, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру және мәдениет салаларында пайдаланылатын негiзгi құралдар тағы да басқа негiзгi құралдар жатады. Экономиканың салаларына және iстейтiн қызметтерiнiң түрлерiне қарай барлық негiзгi құралдар: өнеркәсiп, ауыл шарушылығы, орман (тоғай) шаруашылығы, тасымалдау, байланыс, құрылыс, материалдық-техникалық жабдықтау және сату-өткiзу кәсiпорындары, қоғамдық тамақтандыру, басқару органдары, әлеуметтiк сақтандыру, ғылым және бiлiм беру, ғылыми көмек көрсету және тағыда басқа салалар бойынша топтастырылады.
Негiзгi құралдарды экономиканың салаларына қарай топтастырған кезде олардың қатысуымен шығарылған өнiмдердiң, болмаса орындалған жұмыстар мен қызметтердiң шаруашылықтың қай түрiне жататындығы негiзге алынады.
Егер шаруашылық субъектiдегi негiзгi құралдардың бәрi тек қана субъектiнiң негiзгi шаруашылығының түрiне ғана қызмет көрсететiн болса, онда бұл субъектiдегi негiзгi құралдардың барлығы түгелiмен сол шаруашылық субъектiнiң атқаратын қызметi саласындағы топқа жатқызылады.
Мысалы: өнеркәсiптiк шаруашылық субъектiсiндегi өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру процессiне тiкелей байланысты негiзгi құралдардың барлығы өнеркәсiп саласына жатқызылады.
Егер кәсiпорынның балансында оның негiзгi қызметiнен басқа салаларында қызмет атқаратын өндiрiстерi мен бөлiмшелерi болса, онда осы бөлiмшелер мен өндiрiстiң атқаратын қызметтерiнiң сипатына сәйкес келетiн экономика саласы қызметi түрiндегi топқа жатқызылады.
Негiзгi құралдар пайдалану мақсатына және атқаратын мiндеттi қызметiне қарай мынадай топтарға бөлiнедi:
Жер (кәсiпорында пайдаланылатын барлық жер) – субъект меншiгiндегi сатып алған жердiң көлемi мен құны. Жерге меншiк құқығы бар болса, онда олар құқық актiсiмен расталуы керек. Ондай актiсi берiлген болса, онда ондай жер учаскелерi мүлiктiк объектi болып саналады.
Өндiрiстiк ғимараттар мен құрылғылар (астық қоймасы, мал қорлары, мұнай қоймалары, автомобиль гараждары, мал азығын сүрлейтiн мұнаралар, суландыру жүйелерi, көң қоймалары);
Машиналар мен жабдықтар, өткiзгiш тетiктер (тракторлар, күш бергiш қондырғылар, электр двигательдерi, бумен жұмыс iстейтiн двигательдер, топырақ өңдейтiн, егiн салатын, тұқым себетiн және егiн жинайтын машиналар мен құралдар, жем-шөп әзiрлейтiн машиналар, мал фермасының жабдықтары, электр жүйелерi, жылу энергиясын немесе газ тәрiздi заттарды өткiзуге арналған құралдар, телефон және радио жүйелерi);
Көлiк құралдары (автокөлiктердiң барлық түрлерi, автоприцептер, қайық және қатерлер, мотоциклдер, велосипедтер, арба және шаналар);
Басқадай негiзгi құралдар (құрал-саймандар, шаруашылық құрал-жабдықтар, өндiрiстiк құрал-жабдықтар, өнiм малы, көпжылдық екпе ағаштар, тағы басқалар).
Сақтауда тұрған негiзгi құралдардың қатарына келешекте, яғни алдағы уақытта тозып немесе басқа да жағдайларға байланысты есептен шығатын негiзгi құралдардың орнына пайдалануға арналған құрал-жабдықтар жатқызылады.
Бухгалтерлік шоттарда есептелген негізгі құралдардың бастапқы күндері тек мына жағдайларда ғана өзгертіледі:
а) негізгі құраддардың пайдалы қызмет атқаратын мерзімін ұзартатындай немесе қыскартатындай оның жалпы жағдайына әсер ететіндей қосымша күрделі қаржы жұмсалғанда (кеңейткенде, жаңартқанда тағы да басқа) немесе ішінара бұзғанда, жойғанда және бөлшектегенде;
ә) Қазакстан Республикасы Үкіметтің шешімдері бойынша негізгі құралдарды қайта бағалағанда.
Негізгі құралдардың есебі әрбір бөлек объекті бойынша бүтін сомада жүргізіледі. Негізгі құралдарды пайдалануға берген кезде оның бастапқы құнымен қалпына келтіру құны тең болады, себебі оны пайдалануға берген уақытымен оны қайта бағалау уақытының арасында айырмашылық жоқ. Уакыт өткен сайын негізгі құралды өндіруге, салуға жұмсалатын материалдың бағасы және ол үшін қолданылатын техниканың шығыны, жұмысшылардың еңбекақысы жалпы негізгі құралды өндіру, салу жағдайы белгілі бір себептермен өзгеріп отырады. Негізгі құралдардың құны оны бір кезде жасап шығаруға өндіруге, салуға кеткен, жұмсалған қоғамдық қажетті еңбекпен анықталады. Осыған байланысты негізгі құралдарды оқтын-оқтын, уақыт өте қайтадан бағалап (индексациялап) тұрады.
Негізгі құралдарды қайтадан бағалау (индексациялау) кезінде оның осы кездегі, яғни бүгінгі күні өндіріп шығаруға кететін құны анықталады. Бұл негізгі құралдардың қалпына келтіру құны деп аталады. Кәсіпорындар мен ұйымдарда негізгі құралдарды тиісті түрде қайта бағаланғаннан (индексациялағаннан) бастап, оларды баланста қалпына келтіру құнымен есептейді.
Тағы рефераттар
- Оқулық мәтіндерінің жиілік құрылымының ерекшеліктері
- Балдырлардың экологиялық белгілері
- Сөздіктерге сүйеніп ұғым бәйтерегін құрастыру
- Алтын Орда
- Шәкәрім мұрасының құндылығы