Қазір қоғам да, қоғамдық көзқарастар да күннен күнге өзгеру үстінде. Әрі бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулердің алынып, ақпарат тарту еркіндігіне кең жол ашылуы жасөспірімдердің сана-сезімі мен рухына кері әсер етуде. Қазақ бола тұра қазақ тілін ұмытып, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан ажырап қалған, шетелдік компьютер ойындары мен қатыгездікке құрылған фильмдердің еркінде кеткен жастарымызды қайтсек дұрыс жолға саламыз? Бүгінгі таңда бұл сұрақ ұлтымыздың болашағын ойлайтын санасы сергек барша қауымды толғандыруда.
Біздің педагогика ғылымында тәрбиені бірнеше бағытқа бөледі, олар: Қазақстандық патриотизм мен азаматтық тәрбие, зерде мәдениеті, рухани-адамгершілік, салауатты өмір салты, экологиялық-экономикалық талғам, этникалық және отбасылық өмір мәдениеті. Көп жылғы педагогикалық тәжірибеден байқап жүргеніміз жоғарыда аталып жүрген тәрбие жүйесімен көптеген ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Дұрыс-ақ. Бірақ бұл тәрбие түрлерінің қарқынды жүргізілетініне қарамастан, ақ жолдан, адал жолдан адасып, азғындаушылыққа ұшырап, жастарымыздың бұзылуы неліктен? Тұрақсыздық көрсетіп, мұз үстінде тұрғандай өмір жолында тайғанақтап құлап жататыны қалай? Бұл сұрақтардың жауабы біреу-ақ, ол —жастардың өнегелілік қасиеттерінің қалыптаспағандығының нәтижесі. Жоғарыда аталған тәрбиенің толып жатқан түрлерірнің нәтижесіз болуы оның өнегелілік мұралармен байланыспауы. Ендеше тәрбиенің барлық салалары бір арнаға тоғысуы керек, ол арна – халқымыздың өнегелілік бай мұрасы. Қазіргі кезеңде ұстаздар қауымының алдында тұрған міндет – жастарға рухани тәрбие беру және осы мақсатта ұлтымыздың ұлы ғұламаларының рухани мұраларын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды басшылыққа алу. Қазіргі мектеп жасындағы балалардың шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдануы т.б. келеңсіз көріністер жасырып жататын жағдай емес. Қылмыстың ең ауыр түріне баратын жастар да көбейіп бара жатыр. Осылардың арасында біздің қазақ балаларының үлесі аз емес. Бұл қиындықтан шығудың жолын табу – педагогтардың алдында тұрған шешімі қиын міндеттердің бірі. Осындай түйіні қиын күрделі міндеттердің шешімі жас ұрпақтың өнегелілік қасиеттерін қалыптастыру, рухани тәрбие беру.
Ғұлама ұлы бабамыз Әл Фараби «Тәрбиесіз қолға білім салма» десе, А.Байтұрсынов ағамыз «Біз әрқашанда білімге ұмтыламыз. Негізінде ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек.Бізге тәлімді рух, тәрбиелі білім қажет, тәрбиелі білімдар… Міне адам! Міне тұлға!» деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керектігін, тәрбиесіз адамға берілген білімнен ешқандай пайда жоқтығын бас көрсеткен. Біз осы қағидаларды әрқашан жадымызда ұстауымыз керек. Ең алдымен, таза жанды, иманды, арлы, намысты, ұлты мен ұлттық құндылықтарды сүйетін тұлға тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек.
Белгілі жазушы Ж. Аймауытов өзінің «Тәрбие» деп аталатын еңбегінде «Тәрбие екі түрлі: ал адам баласына дене тәрбиелеумен бірге рухын, ақылын, сезімін, жігері, мінезін тәрбие қылуы керек. Дене мен рухы бірдей тәрбиеленген кісі сыңаржақтау болады» депті. Ендеше Ж. Аймауытов айтып отырнған тән мен рухты тәрбиелеуге күш салуы керек. Барлық тәрбие мен білім берудің тамыры мен өзегі осы рухты тәрбиелеуде, яғни рухани тәрбиеде жатыр. Адамның ең алдымен өнегелілік қасиетін қалыптастырмай, тәрбиенің басқа салаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Өнегелілік қасиеті қалыптаспаған адамға тіпті білім беру қауіпті.
Жан дүниесі өнегелі тәрбиемен нұрланбаған адам өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесі үшін адамзатқа қауіп әкелуі мүмкін. Сондықтан Әл Фараби бабамыздың жоғарыда айтылған «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген сөзі жалпы ұстаздар қауымының негізгі ұсанымы болу керек. Кейбір адамдар рухани тәрбиені дінмен шатастырып, қарсы шығуы да мүмкін. Діни тәрбие мен өнегелі тәрбие мүлдем бөлек дүние. Дегенмен бүгінгі күні дін мәселесіне жаңа көзқарас керек екенін түсіндік. Кеңес үкіметі кезінде «Дін сананы улайтын апиын» деп келсек, бүгінгі күні дін арқылы тәрбие жұмыстарын нәтижелі жүргізуге болады. Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздері дәлел: «Біз – тегіміз түрік, дініміз –Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек». Демек өнегелі тәрбие арқылы адамның бойында адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастыруға болады. Міне сол арқылы халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтарын бала бойына сіңіріп, өз елінің, Отанының адал азаматтарын тәрбиелей аламыз.
Тағы рефераттар
- Қазақстан Республикасындағы мал шаруашылығы өнімдерінің дамуы
- Шағын бизнес: мән – мазмұны, ерекшеліктері
- Қонақ үй қызметінің құрылымы және оларға сипаттама
- Дарындылық туралы жалпы түсінік
- Бiлiм беруге арналған бюджет шығыстары