Қазақстан- жер көлемі жағынан ірі ел, оның  жер  көлемі Англиядан 11 есе үлкен. Ұлан-байтақ территориясы терістіктен оңтүстікке қарай 1600 км, шығысынан батысына қарай 3000 км жерге созылып жатқан кеңістікті алып жатыр. Республика ТМД елдері ішіндегі Ресейден кейін 2-ші орында. Бейнелеп айтқанда Қазақстан жеріне Армения сияқты 90 республика еркін сиып кетеді. Халқының саны жөнінен әлемде 80 орында болып, жер көлемі жөнінен кең байтақ 10 елдің қатарында. Әлем халқының 0,3 пайызын құрай отырып, Қазақстан жер шарының 2 пайызын алып жатыр. Осындай кең байтақ өлкенің бір бөлігін құрайтын оңтүстік өлке. Оңтүстік Қазақстан облысында жазықтар мен ойпатты жерлер, құмды өлкелер, биіктігі әртүрлі таулар кездеседі. Бұл аймақтағы жер бедерінің әртүрлілігі тек климатына әсер етіп қоймай топырағының қалыптасуына да септігін тигізеді. Осыған орай Оңтүстіктегі топырақтардан жазық аймақтың жазық аймақ топырақтары және таулы аймақтың топырақтары деп жіктей аламыз. Оңтүстік Қазақстан облысының территориясы шөл зонасының оңтүстігінде жатыр. Бұл зонада Оңтүстік Қазақстан облысымен бірге Батыс Қазақстан облысының біраз жері, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары түгелімен Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының біраз жерлері, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының басым көпшілік жерлері орналасқан.

Бұл алқапта ауадан түсетін ылғал мөлшері өте аз, ылғалдану коэффициенті 0,1 – 0,05-ке дейін кемиді. Жылына түсетін ылғалдың мөлшері 80 – 150 мм-дей.

 

үсіксіз уақыттың ұзақтығы 170 – 220 күнге жетеді. Күннің бұлтсыз, ыстық 10 градустан  жоғары болатын температура қосындысы Түркістан  маңында 4700 градусқа жетеді. Бұл аймақ нағыз шөлдің өзі. Жерге тек ерте көктеммен күздің соңғы айларында ылғал түседі. Сондықтан, өсімдік тіршілігінде 2 биологиялық тыныштық кезең өтеді, оның біріншісі қыстың суық, екіншісі жаздың құрғақ кезінде болады. Өсімдіктер табиғаттың осындай қысымшылдығына бейімделген. Онда өсетіндер: сирек шығатын бұташалар, жусан және кейбір сортаңданған, сорланған топырақтарға бейімделген шөптер. Өсімдік сирек шығатындықтан олардың топырақта қалдыратын қалдықтары мардымсыз. Сондықтан, топырақта қарашірік аз. Оның мөлшері топырақтың беткі қабатында небары 1 – 1,5 % . Осының салдарынан  топырақтың түсі бозғылт тартып, өзін түзген тау жынысына ұқсайды. Бұл зона екі зонашаға бөлінеді: а) сор шөпті жусан өсетін құба топырақтар, терістік шөл; б) жусанды сор шөптер өсетін сұр – құба топырақтар, орталық шөл. сонымен қатар, 2 зонашада да, әсіресе, соңғысында тақыр түсті топырақтар мен тақырлар, үгілме құмдар және сорланған жерлерде көптеп кездеседі.

Аймақ негізінен шөл жайылымына қолайлы. Мұнде тек суармалы егістіктен ғана өнім алады. Өзен бойларында орналасқан тақыр түстес топырақтар күріш егуге ыңғайлы. Топырақ құнарлығы аз болғандықтан, суарған кезде азоттың фосфорлы және органикалық тыңайтқыштарды қолдану керек. Шөл аймағы Қазақстандағы ең мол жерді алып жатыр. Оның көлемі 119 млн.га, яғни республика территориясының 44% — на жуық.

Жалпы жартылай шөл мен шөл зоналарын сипаттай келіп, ол  алқаптарды өнімсіз, құнарсыз деп айтуға әсте болмайды. Өйткені, осы жердің ыстығына бейім сорланған топырақта өсетін сор шөптерді қой малы, оның ішінде әсіресе қаракөл қойлары, “шөл кемесі” атанған түйе малдары сүйсіне жейді. Ал мұнда қолдан су беріп, мелиорация шараларын қолданған кезде, шөлдің ұзақ күнін ұнататын кейбір қымбатты дақылдар, суға да қанығып, мол өнімдер береді. Дегенмен, осыған қарап, барлық шөл жерлерді бау – бақшаға айналдыруға болады деген қиялға берілмеген абзал. Себебі, қоғам үшін шөлдер қоғамға шөл күйінде қажет. Табиғатта бір жер шөл болып, екінші жері көл болып бірін – бірі толықтыратын, бірін – бірі теңгеретін заңдылық бар.

Оңтүстік Қазақстан территориясында жазықтық жерлер тауларға қарағанда көп. Оңтүстік Қазақстан облысында ірі  таулар Қаратау, Қазығұрт, Өгем таулары.

Таулы алқаптарда ені әр жерде  әртүрлі батыстан шығысқа қарай созылған тау етегіндегі шөлді дала зонасы – белдеуі орын алған. Жазықтықтағы шөлді дала зонасына қарағанда тау етектерінде жатқандықтан бұл аймақтың табиғи жағдайы өзгеше келеді. Бұл беулік таулық белдеулік зонасының ең төменгі сатысы. Сондықтан бұл алқапты пайдалану жағдайы да басқаша.

Топырақ жамылғысы табиғаттың зоналық заңына сәйкес таралатындықтан аумағында биік таулы салқын альпілік топырақтардан бастап тау бөктерлеріндегі әртүрлі қоңыр және сұр топырақтарға жалғасып, терістік және терістік-батыс аймақтарындағы жазықтарды сұрқұба, ескі ал-лювиалды ойыс жазықтарды тақыр және тақыртүстес топырақтар мен ірі құмды алаптар (Шығыс Қызылқұм мен Батыс Мойынқұм) алып жатыр. ҚР Ғылым академиясының Ө. Оспанов атындағы Топырақтану институтының көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағында 130-ға жуық топырақ түрлері мен олардың комбинациялары кездесетіндігі анықталды. Жалпы облыс жерінің топырағы екі топқа бөлінеді: 1. Тау топырақтары. 2. Тау аралығындағы аңғарлардың, тау бөктеріндегі, т.б. биік және ойысты жазықтардың топырақтары.

1. Тау топырақтары. Таулы аймақтар облыстың біраз жерін алып жатыр. Осы таулы аймақтың бір ерекшелігі биіктігі мұхит деңгейінен 4000 метрге жақындайтындықтан топырақ-климаттық зоналардың таралуында биік белдеулік зоналық заңы орын алады, яғни тау биіктеген сайын ылғал кө-бейіп, ауа райы суыта түседі. Міне осыған байланысты таудың төменгі етегіндегі шөлді-дала белдеуінен (теңіз деңгейінен 250 —350 м) таудың биік 3500 — 4000 м деңгейіне дейін бірнеше таудың белдеулік белдемдері кездеседі, олардың топырақ, өсімдік жамылғылары да, жануарлар дүниесі де әр алуан болып келеді. Былайша айтқанда, табиғаттың көлденең белдемдік заңы байқалатын сонау терістік тундрадан оңтүстіктегі шөл зоналарына дейін мыңдаған шақырым қажет болса, облыс аумағындағы Батыс Тянь-Шань тау етегінен биік шыңдарына дейінгі 3 — 4 шақырым қашықтықтағы биіктікте көпшілік белдемдердің кездесуі ғажап дүние, табиғаттың осындай ерекше-лігін түсіне білген ғалым, Орта Азия университетінің профессоры   А. Л. Бродский 1920 жылдардың басында осы аймақта Мемлекеттік қорық ұйымдастыру мәселесін алға қойған. Бұл ұсыныс сол кезде Мәскеуде Ор-талық органдарда қызметке араласа бастаған Т. Рысқұловтан қолдау тауып, 1926 жылы Казақстанда алғаш Ақсу — Жабағылы қорығы ұйымдастырылды. Сонымен осы таулы белдеуде таудың шалғынды-далалы альпілік, субальпілік, таулы-далалық альпілік, таулы альпілік, таулы шалғынды гид-роморфты субальпілік және таудың күңгірт түсті субальпілік топырақтары кездеседі. Бұл топырақтар 132 мың гектарды, яғни облыс жерінің 1,1 пайызын алып жатыр. Орта таулы аумақтарда таулы-орманды, таулы-бұталы белдеулерде күңгірт қоңыр, таудың ашық қоңыр, сұр қоңыр топырақтары 575 мың гектар, облыс жерінің 4,7 пайызы болады. Ал аласа таулар мен оларға жалғас етектерінде таудың сұр топырақтары түзілген. Олардың көлемі 186,8 мың гектар, облыс жерінің 1,7 пайызы. Сонымен жалпы таулы аймақтағы топырақтар көлемі 894,8 мың гектар жерді алып жатыр, ол облыс жерінің 7,5 пайызы.

2. Тау аралығындағы аңғарлардың, тағы басқа биік және ойысты жазықтардың топырақтары. Таулы аймақтарға қарағанда бұл топырақтардың түрлері мол. Бұл топтағы топырақтар ішінде осы аймақтарға тән зоналық топырақтар кездеседі. Тау етектерінің биіктеу жазықтарының қара қоңыр, қоңыр және сұр қоңыр топырақтарының көлемі 78,4 мың гектар, облыс жерінің 6,6 пайызы. Тау етектерінің орталық бөлігіндегі жа-зықтарының оңтүстік және терістік сұр топырақтарының көлемі 1021,4 мың гектар, облыс жерінің 8,4 пайызы. Тау етегіндегі төменгі жазықтардың оңтүстік және терістік ашық сұр топырақтары, көне аллювиалды жазықтар мен биік өзендер террасаларының шалғынды-сұр топырақтары, биік шөл жазықтарының сұр құба топырақтары 2390,7 мың гектар — 19,5 пайызы, оның ішінде біршама ойпатты жерлерде тақырлар мен тақыртүстес топырақтар және шалғынды, шалғынды-батпақты топырақтар кездеседі. Біраз жерлерді белдемаралық топырақтар алып жатыр. Оның ішінде сұр топырақ белдемдегі сортаң топырақтар көлемі 193,4 мың гектар, облыс жерінің 1,6 пайызы: шөл зонасындағы сортаң топырақтар, көлемі 539,7 мың гектар — 4,5 пайыз, ал екі белдемдегі сортаң топырақтар көлемі 457,3 мың гектар — 3,8 пайыз. Өзен бойларының топырақтары 300,9 мың гектар — 2,7 пайыз, сұр топырақтар белдеміндегі құмды топырақтар 1047,1 мың гектар — 9,5 пайыз болса, шөл белдеміндегі құмды топырақты жерлер 2486,1 мың гек-тар — 20,6 пайыз. Сонымен жалпы екінші топтағы, яғни облыстың жазық аумақтарындағы топырақтар көлемі 11108,7 гектар жерді қамтып, облыс жерінің 91,5 пайызын алып жатыр. Облыстың біршама жерлерін топырақ емес құрылымдар: биік таудағы мәңгі қарлар мен тұздар, қатты тау жыныстары, көл мен өзендер алып жатыр. Олардың жалпы көлемі 150 мың гектардай — 1,2 пайыз. Ал  бұл топырақгар орналасу жағдайларына, табиғи ылғалмен қамтамасыз етілуіне немесе қолдан суару мүмкіншілігіне қарай ауып шаруашылығының салаларына пайдаланылады. Мысалы таудың биік альпілік, субальпілік белдеулері малдың жазғы жайлауы болса, орта және аласа таулы белдеулерде жер бедерлерінің ыңғайына қарай жайылым, шабындық, жеміс ағаштар, тағы басқа дақылдар өсіруге болады. Ал аласа таулы аумақтардың етектеріндегі ылғал жеткілікті болғандықтан бұл белдеулер тәлімі (богара) егістерге пайдаланылады. Таулардың төменгі етектеріндегі жазықтарда ылғал жеткіліксіз, негізінен суармалы егістіктер үшін ыңғайлы. Бұл аймақтарда су көздері жеткілікті болған жағдайларда мақта дақылы, бау-бақша жемістері, көкөніс, мал азығындық шөптер, т.б. өсіріледі. Ал өзен бойларындағы көне аллювиалды шөл белдеміндегі жазықтарда жоғарыда аталған дақылдарға қоса күріш егіледі. Жалпы облыс көлеміндегі жартылай шөл, шөлді алқаптар негізінен жайылым ретінде пайдаланылады.
Тағы рефераттар