Ордабасы ауданы туралы қазақша реферат
Аумағы 2,7 мың шаршы шақырым. Тұрғыны 83,3 мың адам. Аудандағы 59 елді мекен 9 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы -Темірлан селосы.
Жер бедері жазық. Оңтүстік бөлігі солтүстігіне қарағанда біршама көтеріңкі және бұл бөлігі Арыс өзенінің салаларымен сай-жыраларға тілімденген. Ауданның ең биік жері Қайнар ауылының шығысында (383 м). Жер қыртысы Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан түзілген. Оның үстін төрттік жүйенің аллювийлі шөгінділері жапқан. Мезозойға дейінгі жер қыртысы 1000-1500 м тереңдікте. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған.
Ауданның климаты континенттік. Қысы қысқа, жұмсақ, жазы ұзақ, ыстық және аңызақты. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы -3-5°С, шілдеде 26-28°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200-380 мм. Желдің басым бөлігі шығыс, оңтүстік-шығыс бағыттан соғады. Орташа жылдамдығы 3-5 м/сек. Желдің әсерінен жазда ауданның гидротермиялық көрсеткіші төмендеп (0,3-0,4), ылғалдылық мөлшері кемиді де аңызақ, құрғақ және ыстық кезең қалыптасады. Аудан арқылы Арыс және оның салалары — Боралдай (он саласы), Бөржар, Бадам, Шұбарсу т.б. өзендері ағып өтеді. Ауданның орталық бөлігінде Бөген бөгені салынған. Одан Арыс-Түркістан каналы тартылған. Бөгеннің оңтүстігін бойлай Арыс каналы жүргізілген. Жер асты суы девон, таскемір қабаттарында және ол 30-50 м тереңдікте жатыр. Грунт сулары 3-8 м, кейбір жерлерде 8-12 м тереңдіктегі палеогеннеоген қабаттарында кездеседі.
Топырақ жамылғысында карбонатты сұр, сортаңды бозғылт сұр топырақ басым. Өзен аңғарларында шалғынды сұр топырақ қалыптасқан. Өсімдігі қияқ, қоңырбас, солтүстігінде бозжусан, ши аралас эфемероидті өсімдіктер өседі. Дәрілік есімдіктерден күріш қонағы, қара меңдуана, тұмаршөп т.б. кездеседі.
Аудан халқы көп ұлтты. Оның басым бөлігін 94% қазақтар құрайды. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге шаққанда 30,9 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Темірлан (12,7 мың адам), Төрткөл (6,3), Бадам (5,1), Бөген (4,2), Қайнар (3,5), Қарааспан (3,4), Шұбар (3,4), Қарақұм (3,2) т.б.
Ордабасы ауданының бұрынғы аумағында 1996 жылға дейін 6 мақта, 1 көкөніс-сүт, 2 жүзім, 4 қой, 1 дәрілік өсімдік өсіретін кеңшар, 3 кұс фабрикасы, ауданаралық мал бордақылау бірлестігі болған. Ауданның нарық экономикасына өтуіне байланысты олардың негізінде ауыл шаруашылығымен айналысатын 1600-ден астам жеке шаруа қожалықтары, 30-дан астам ЖШС, 130-дай ӨК және 2 АҚ жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 246,5 мың га. Ауданның өнеркәсіп саласында 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар негізінен ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп өндіреді. 2003ж. ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері 5482,1 млн. теңгенің өнімдерін шығарды. Бұл облыста өндірілетін өнімнің 6,6%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің құрылымында шитті мақтаның үлесі 8,9%-ды құрайды. Егіс аумағының құрылымында дәнді дақылдар мен бұршақ (37,0%) басым. 24,8%-ы мақтаға тиесілі. Ауданда облыстағы барлық мүйізді ірі қараның 7,3%-ы, қой мен ешкінің 5,9%-ы, жылқының 6,6%-ы, құстың 9,1%-ы өсіріледі. 2003 ж. ауданда өнеркәсіп өнімдері 1013,7 млн. теңгеге, соның ішіңде 29,8 мың м3 табиғи құм және қиыршық тас, 15,6 мың м3 қыштан құйылған құрылыс кірпіштері өндірілді.
Ауданда 2003 ж. 5 аурухана, 42 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 ауылдық отбасылық амбулотория жұмыс істеді. Жалпы білім беретін 60 мектеп, мектеп жасына дейінгі 2 бала-бақша бар. Аудан орталығы Темірлан ауылынан Шымкент қаласына дейінгі қашықтық 45 км. Ауданы аумағы арқылы Шымкент-Қызылорда темір жолы және Шымкент-Түркістан-Қызылорда автомагистралі өтеді.
Тағы рефераттар
- Преимущества зарубежного образования
- Тәттімбет Қазанғапұлы
- Бастауыш сыныпта оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, шығармашылық әрекетін дамытуға жол ашу
- Мұрын
- АҚШ-ТЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ТАЯУ ШЫҒЫС МӘСЕЛЕСІ