Мұхаммед пайғамбардың ізбасарлары, яғни халифтер тұсында олар Пиреней тауларынан Инд өзеніне дейін созылып жатқан орасан зор мемлекет құрды. Араб Халифатының бір қарағанда, орта ғасырлардың басында бірінен кейін бірі пайда болып, бірақ елеусіз жойылып кетіп отырған көптеген мемлекеттерден еш айырмашылығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Басқада мемлекеттер сияқты,арабтар өзінен анағұрлым дамыған елдерді өзіне бағындырды. Алайда халифат ғұндардың, готтар мен түріктердің ұлан-байтақ державалармен салыстырғанда анағұрлым ұзақ өмір сүрді және сондай-ақ әлемдік тарихқа өлшеусіз зор ықпал етті.
Мәселе тек бұл мемлекеттің өмірінің ұзақтығында немесе көлемі бойынша өзіне дейін өмір сүрген державалардан әлдеқайда ауқымды (өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде ол Ескі дүниенің ширегінен астамын алып жатты) болуында ғана емес. Тарих үшін ең маңыздысы мынада – халифатта әр түрлі өркениеттердің өзара әрекеттесуі жаңа, жоғары дамыған мәдениетті туғызды, бұл мәдениеттің тілі — араб тілі, ал идеологиялық негізі – ислам болды, міне осы мәдениет араб жаулап алуларының нәтижесінде бүкіл әлемге дерлік тарады.
Бастапқыда халифатқа кірген әрбір ел өз бетінше, бұрынғы қалпымен өмір сүре берген болатын. Жағдай аббасилер (750 – 1258 жж.) әулетінің билікке келуімен өзгерді. Осы кезде барлық мұсылмандардың құқықтық жағынан теңестірілуіне байланысты халифаттың барлық аймақтарында ислам діні қарқынды түрде тарап, қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінің тілі – араб тілі кеңінен енгізілді. Көптеген жерлерде бірте-бірте жергілікті халықтың ана тіліне де айналды. Сонымен, Аббаси халифатының ыдырауы қарсаңында, яғни ІХғ. екінші жартысында оның батыс бөлігі біржолата арабтандырылды. Жаулап алушылардың аз ғана тобы аса көп жауланып алынған халықтардың арасына сіңісіп кетпегені былай тұрсын, керісінше оларды өз этнографиялық ықпалына бағындырды. Және де араб тілінің жеңісі араб үкіметі шараларының нәтижесінде емес, керісінше оның еркіне қарсы іске асты. Жауланып алынған халықтар арасында ислам дінінің таралуы халифаттың бүкіл қаржы жүйесін бұзды, үкімет мұсылман емес халықтардың арасында мемлекеттік тілдің тарауын тіпті де қалмаған еді. Христиандарға арабша сөйлеуге және өз балаларын мұсылман мектептерінде оқытуға тиым салынды. Соған қарамастан ислам орасан көп халықтың дініне айналды, және халықтың ислам дінін қабылдамаған бөлігінің өзі араб тілін қабылдады (мысалы, ал-Андалустағы мосарабтар).
Араб тілі, сондай-ақ біртұтастықтың басқа да түрін қалыптастырды: ІХ ғасырдың өн бойында барлық ислам дінін қабылдаған халықтардың жақындасуына және “араб мұсылман мәдениеті” деп аталатын туысқан мәдениеттер кешенінің пайда болуына ықпал етті. Қоғамдық деңгейлеріндегі айтарлықтай айырмашылыққа, жергілікті халықтардың дәстүрлері мен тарихи тағдырына қарамастан, ұзаққа созылған күрделі өзара ықпалдастық процесі нәтижесінде, ал соңғы нәтижеде ислам иіріміне тартылған халықтардың мәдениеттерінің синтезі нәтижесінде Араб халифатына кірген елдерде біртұтас жалпымұсылмандық мәдениет қалыптасты. Бұл мәдениет оны тұтынған халықтардың дүниетанымын, психологиясын, қоғамдық мекемелері мен өмір сүру үлгісін алдын-ала анықтап берді. Араб-мұсылман мәдениеті, әсіресе ислам дінін ұстанған халықтардың даму жолын белгіледі және әлі күнге дейін олардың өміріне айтарлықтай ықпал етті.
Айталық, араб мәдениетінің ықпалына түскен аймақтардың бірі – Орталық Азия. Біздің заманымыздың І-мыңжылдығының орта тұсынан бастап Орталық Азия аймағын, Қытай шекарасынан Иран мен Византия шекараларына дейінгі созылып жатқан ұлан ғайыр даланы негізінен түркі тайпалары мекен еткен.
“Түрік” сөзі тұңғыш рет қытай және соғды жазбаларында, атап айтқанда, Монғолиядан табылған Бұғыты жазбаларында (582 – 583 жж.) кездеседі. Бұдан кейін көп ұзамай-ақ бұл термин византиялықтардың, арабтар мен сириялықтардың жазбаларына, сондай-ақ, санскритке, әр түрлі иран тіліндегі және тибет тілдеріндегі жазбаларға түседі [46].
Қарастырып отырған дәуірдегі түріктер бұл ұланғайыр Еуразия даласын мекен еткен түркі тілдес, түркі тектес халықтар болып табылады. Түркілердің қатарына бұл дәуірде оғыздар, тоғыз-оғыздар (ұйғырлар), телестер, тардуштар, түргештер, қарлұқтар, қырғыздар, қимақтар, қыпшақтар, яғмалар, басмылдар, шығылдар және т.б. кірді [47].
Арабтар тарихи аренаға шығып, араб-мұсылман мәдениеті үстем болған дәуірде түріктер бастапқыда Батыс Түрік қағандығы, Түргеш, Қарлұқ қағандықтары, ал кейіннен Карахан мемлекетіне біріккен болатын. Түргештердің дәуірлеуі кезінде-ақ арабтар мен түріктер арасында белгілі жәрежеде қарым-қатынастар орын алғанына қарамастан (В.В. Бартольдтың айтуы бойынша бұл дәуірде арабтар түріктердің “мәдени” (отырықшы) аудандарға шапқыншылықтарын тойтарып қана отырды,олар түрік қағандарының ордаларына дейін, яғни далаға ішкерлеп кірген жоқ), араб-түрік мәдени байланыстары, негізінен алғанда қарлұқтар дәуірінде басталып, ал қарахандар дәуірінде өзінің ең шарықтау шегіне жетті.
Орталық Азияға арабтардың келу жолдары мәселесіне келетін болсақ, арабтар түркілер жеріне тікелей жаулап алу жорықтарын жасамағандығын көрсетуіміз керек. Өйткені халифат билеушілері, көрген саясаткерлер бола отырып, ежелден-ақ жауынгер халық ретінде аты шыққан түркілерді күшпен өзіне бағындыра алмайтынына көзі жетті. ҮІІ-ҮІІІ ғғ. Араб халифаты мен Түркі қағанаты бәсекелес күштер ретінде бейбіт қатар өмір сүрді. Орталық Азия жерінде жүргізген арабтардың жалғыз шайқасы – Талас түбіндегі шайқас түркілерге қарсы емес, керісінше, түркілермен бірлесе отырып Қытайға қарсы бағытталды.
746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстанған еді. Ішкі күрес-тартыстан, сондай-ақ арабтармен болған ұзақ айқастан Түргеш қағандары бұрынғы құдірет-қуатынан айрылып қалған болатын, сондықтан да олар қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы аймақта белсенді саясат жүргізіп жатқан Қытай империясы бұл жағдайды өз пайдасына асыруға тырысты. Оның Шығыс Түркістандағы уәлиі Као Шиен-Чи 748 ж. өз әскерін Суяб қаласына аттандырады да, оны басып алып, ойрандайды. Шаштың иесі өлтіріліп, оның баласы арабтардан көмек сұрайды. 751 ж. Талас жанындағы Атлах қаласы түбінде аббасилердің әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Као Шиен-Чи арасында зор арпалыс болады. Бұл қақтығыстың нәтижесінде қытай әскері жеңіліске ұшырайды. Тарихшы Ибн әл-Асирдің мәліметтері бойынша: “Талас маңындағы шайқаста қытайлықтар оңбай жеңіліс тапты: 50 мың адам (100 мыңнан) қаза тауып, 20 мың тұтқыдалған.
Талас маңындағы шайқастың Орталық Азия халықтарының тағдыр-талайында үлкен тарихи мәні болды. Ол “Тандық Қытайдың Орта Азия істеріне қолсұғушылығына шек қойды” және түркі халықтарының мәдени бағдары жайлы мәселесін мұсылман өркениетінің пайдасына шешіп берді. Соңғы жылдары Талас маңындағы шайқас жаңаша тұрғыдан (өркениеттілік тұрғысынан) қарастырыла бастады. Бұл шайқаспен байланысты барлық нақты оқиғалардың астарында түркілер жерінде өткен исламның қиыршығыстық (қытай) өркениетпен орасан зор қақтығысуының терең мәдени-тарихи заңдылығын көре білу керек. Осы кезде Монғолия мен Алтайдан Жетісу жеріне келіп, бұл аймақта өз үстемдігін орнатуға тырысып жатқан қарлұқтардың Талас шайқасында арабтар жағына шығуы, олардың аймақтағы саяси ақуалды зерттеп біліп, түріктер үшін басты қауіп Қытайдан төніп тұрғанын дұрыс түсінгенінен болса керек. Қытай өркениетімен салыстырғанда ислам өрениті универсализмнің шын мәніндегі үлгісі болды, онда әрбір ұлт, әрбір кіші-гірім мәдениет өзінің дербестігін сақтады. Құран халықтарды рухани бірлікке шақырды. Ислам алғаш рет түркі тілді халықтардың ішінде қарлұқтардың қабылдағаны және жаңа өркениетке басқаларынан бұрын таратылғаны белгілі. В.В. Бартольд “қарлұқтар ислам дінін халиф Махдидің (775 – 785 жж.) тұсында-ақ қабылдай бастады” – дейді [48]. Сондай-ақ зерттеуші М. Бұлұтай да: “775 – 875 жж. Аралығында Қарлұқ қағандығы хақ дін Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенім кең тарай бастады. Қалаларда мешіттер салынып, медреселер ашылды” – деп көрсетеді [49].
Қарлұқ мемлекеті 766 – 940 жж. өмір сүріп, Х ғасырдың бірінші ширегінен бастап йағма жәнешығыл тайпаларының жиілеп кеткен одақтық шабуылдарынан күш-қуаты әлсірейді. 940 ж. Баласағұн қаласы одақтық күштердің қолына түсіп, Қарлұқ қағандығы құлады.
Қарлұқ мемлекетін құлатып, оның территориясында жаңа мемлекет орнатқан әулеттің, яғни Қарахан әулетінің атасы Сатұқ Боғрахан (915 – 955 жж.) болды және осы әулет алғаш болып ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырады.
Араб-мұсылман мәдениетінің негізгі өзегі болған ислам дінінің пайда болуы терең рухани-әлеуметтік алғы шарттарымен және ерте ортағасырлар дәуіріндегі Аравия тайпаларының және бүкіл адамзаттың қоғамдық дамуының барысымен дайындалды. Ислам, бәрімізге белгілі, мұсылмандық Шығыстың, Африканың айтарлықтай бөлігі мен Еуропаның бірқатар халықтарының мәдениеті мен тарихында аса зор мәдени – жасампаздық рөл атқарған және әлі де атқарып отырған аса ірі әлемдік дін. Исламға, басқа да әлемдік діндер сияқты прозелитизм, яғни өз ықпалын басқа дінді ұстанушылар арасында таратуға ұмтылу тән. Исламның тарихынан белгілі, араб халифаты Мұхаммед пайғамбардан және одан кейінгі тақуа халифтер — Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлиден бастап өз шекарасын миссионерлік қызмет арқылы, сонда-ақ жаулаушылық соғыстар арқылы да кеңейтуге тырысып отырған. Осының нәтижесінде мұсылман әлемінің шекарасы ІХ ғ. басына қарай айтарлықтай ұлғайып, өзіне Солтүстік Африкадан Орталық Азияның межелеріне дейінгі ұлан-ғайыр территорияны қосып алды. Араб халифаты территориясының геосаяси кеңейтілуі жаңа жерлер мен халықтарды жаулап алу жолымен жүрген болса (бұл ерте дүние мен орта ғасырлар және, сондай-ақ жаңа заманның барлық мемлекеттеріне тән жағдай), ал жауланып алынған халықтардың іс жүзінде ислам дініне өтуі күштеу жолымен жүрді деп айта аламыз. Көбіне арабтар өздеріне қаратқан жерлердің жергілікті халқы, бұл жерлерде ислам мемлекеттік дін болғанына қарамастан, өздерінің дәстүрлі діндерінде қала берген.
Халифатқа кірген территориялардың исламдану процесі баяу жүрді және оның өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Омея әулеті кезінде (661 – 750 жж.) мұсылмандар христиандар мен зороастийліктердің діни істеріне араласпаған. Құранда исламға тек, жаңа діннің басты жауы болып табылатын пұтқа табынушыларды өткізу қажеттілігі жөнінде ғана айтылады. Мұсылмандықты таратуда күш қолданбау “жаңа дінді” халықтың көпшілігінің өз еркімен қабылдау процесін тездетті. Бұл турасында Г.Э.Фон Грюнебаум былай деп көрсетеді: “ислам әлемі көптеген әр түрлі діни қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру мәселесінің шешімін таба білді. “Қасиетті жазбалары бар халықтардың” (“Люди писания”), соның ішінде, ең алдымен, иудейлер мен христиандардың, ал олардан кейін зорастрийліктердің, егер олар билікке, әсіресе атқару өкіметі органдарына қатысуға ұмтылмаса, жеке ісіне қол сұғылмайтын болды”.
Ұлан-байтақ Орталық Азия аймағына исламның ықпалы УІІІ-ІХ ғғ. бастап тарай бастады. Исламның бұл аймаққа енуі тез арада іске асқан бір мезгілді акт болған жоқ, ол бірнеше ғасырларға созылған, ұзақ бір процесс болды.
705 ж. арабтар Амудариядан шығысқа қарай жатқан жерлерді жүйелі түрде жаулауға көшті. Кутейба ибн Муслим, ат-тарабидің мәліметі бойынша осы Балхтың бірқатар аудандарын басып алып, 706 жылы Пайкендке қарай жүрді. Түріктер мен соғдылықтардың біріккен күші араб әскеріне қарсы ойсырата соққы береді. Алайда Кутейба ибн Муслим одақтастар арасындағы алауыздықты пайдаланып, ақырында қаланы басып алады, бұдан кейін ол Бұқара мен Самарқандты алады. 714 ж. Ферғана мен Исфиджап жауланып алынды. 705 ж. Хорасанның әмірі етіп тағайындалған кутейба ибн Муслим әл-Бахили ақтық деміне дейінгі өмірін Мәуреннаһрдың мұсылмандануы үшін жұмсаған.
Мұсылман діні мен мәдениетінің ықпалы Орталық Азия аймағында 766 жылы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда саяси үстемдікке қол жеткізген қарлұқтар арасында ең алғаш рет тарай бастағандығын айттық. Олар исламды Халиф Махдидің тұсында-ақ (775-785 жж.) қабылдаған деген пікір бар. В.В.Бартольд: “бұл пікір қарлұқтардың тек бір бөлігіне ғана қатысты болса керек, өйткені қарлұқтар мемлекетінің көп бөлігін саманилер тек ІХ ғасырдың ортасынан бастап-ақ өздеріне қаратып, ислам дінін енгізген”, — дейді.
Алайда, бұл жерде В.В.Бартольд ислам дінінің түріктер арасында тек жаулап алу арқылы ғана емес, керісінше, көбіне бейбіт жолмен тарағанын ескермеген сияқты. Ислам дінінің қарлұқтар арасында бұл ерте тарауын 751 жылғы атақты Талас шайқасымен байланыстыруға болады. Жоғарыда айтылып кеткендей, бұл шайқас орталық Азия аймағы Қытай мен Аббаси халифаты өкіметтерінің қайсысына қарайды деген мәселені ғана емес, ол сондай-ақ бұл аймақ халықтары қиыршығыстық және араб-мұсылман өркениеттерінің қайсысының ықпалына түседі деген мәселені де шешіп береді. Талас шайқасында жеңіске жеткен арабтар бұл жерде тек бір гарнизонын ғана қалдырып, ал басым бөлігі Мәуереннаһрға қайтып кеткені белгілі. Алайда еркіндік сүйгіш түріктер (қарлұқтар) осы оқиғадан кейін өздеріне қауіп төндіріп тұрған екі империяның ішінде араб халифатының қол астында (қамқорлығында) болу анағұрлым тиімді екенін түсінді. Сондай-ақ талас шайқасынан кейін, арабтармен жақын араласа бастаған түріктер, олардың дінімен танысады, өйткені осы кезеңде Жетісу түріктері арасында ислам мәдениеті тез қарқынмен тарай бастаған еді. Бұл діннің өздерінің рухани сұраныстарына жауап беретіндігін ұғынған қарлұқтар оны өз еріктерімен қабылдаған деген болжам жұмсауға болады.
Сондай-ақ, талас өңірім мен жетісуда ислам дінінің УІІІ ғасырда-ақ тарай бастауын, бұл аймақтың Ұлы Жібек жолындағы маңызды пункт болғандығымен де түсіндіруге болады. Орта Азияда ислам үстемдікке жетісімен-ақ мұсылмандар бұрынғы сауда керуендерін жөнелте бастады. Қытай тарихынан біз мұсылман керуендері УІІІ ғасырда-ақ қарлұқтар елі арқылы жоғары Енисейге, қырғыздар еліне барып тұрғанын білеміз, мұсылман деректерінде де, орхон жазбаларында да осы сауда жолдары туралы мәліметтер кездеседі: Саян жотасы орхон жазбаларында да, мұсылман деректерінде де кегмен деп аталады. Сондай-ақ ертіске баратын екі жол туралы да мәліметтер бар. Арабтар, әрине, көбіне сол дәуірдегі негізгі бәсекелесі, аса қуатты мемлекет – Қытайға баратын сауда жолдарын көп зерттеген, сондықтан да осы жол туралы және оның бойындағы тұратын түрік тайпалары туралы мәліметтер мұсылман деректерінде өте көп. Исламның басты артықшылығы, әрине, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі өркениетті халықтар арасындағы мәдени (материалдық және рухани) біріншілігіне байланысты еді. Дала халықтары әр кез отырықшы елдердің өнімдеріне, әсіресе, киім-кешек, тұрмыс бұйымдарына зәру болды. Отырықшы елдер мен далалықтар арасында болған, ол қай жерде жүрмесін –Қытайда ма, мұсылман елдерінде ме, көшпенділерге ең алдымен маталар қажет болды. Көшпенділермен сауда отырықшы халықтарға да тиімді болған, олар көшпенділерден анағұрлым арзан бағаға мал шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ет алып отырған. Орта азиядағы түріктерге шекаралас жатқан мұсылман елдері үшін де өз кезегінде дала халықтарымен сауданың үлкен маңызы болды, Хорезм шеберханаларында дала халықтары үшін арнайы маталар шығарылып отырылған. Түріктер арасында исламды таратуда орта азиялық көпестер үлкен рөл атқарды. Махмұт қашқари өз “көпесі” бар адамды білдіретін “баста” деген терминді келтіреді. “Баста” белгілі бір мұсылман көпесі мен байланыста болады, оны жақсы біледі. Көпес үнемі соның үйіне тоқтайды, “оған ислам елінен киім-кешек, әйеліне орамал, біраз бұрыш, тары, жүзім және жаңғақ әкеліп тұрады”.
Таяу Шығыс, парсы елі және Орта Азиядан келген көпестер жай ғана көпестер емес еді, олар пайда табуды ғана көздеп қоймай, сондай-ақ дін мен мәдениетті таратушылар да болды. Сауда мен дін ол дәуірде бір-біріне қайшы келмеді (Мұхаммед пайғамбардың өзі діни қызметінің алдында саудамен айналысқан еді). Сауда керуендерімен, немесе бейбіт қоныстанушылар, дін уағыздаушы және саяхатшылар ретінде арабтар УІІІ ғ. өзінде-ақ Орталық Азияға – Ертіс бойындағы қимақтарға, шығысында – ұйғырларға, батыста – бұлғарлар мен хазарларға дейін жеттті.
Мұсылмандардың тауарларымен және жалпы өмірімен таныса отырып түріктер олардың мәдениетін, соның ішінде дінін де қабылдауға асыққан. Монғолияны мекен еткен халықтар жайында мұсылман әдебиеті ештеңе де айтпайды, алайда біз қытай деректерінен 924 жылдың өзінде-ақ Монғолияда мұсылман көпестерінің болғандығы жөнініде мәлімет аламыз.
Көріп отырғанымыздай, Орталық азияның қиыр Шығыс аудандарының өзіне УІІІ ғ. бастап-ақ мұсылмандар еніп, өз дінін уағыздай бастаған және оның негізгі жолы бұл дәуірде сауда жолдары болған.
Түріктер арасында исламның кеңінен тарауы, В.В.Бартольд атап көрсеткендей, Орта Азияда ирандық саманилер әулеті билік құрған кезден басталады. Саманилер арабтар бастаған “дін жолындағы қасиетті соғысты” одан әрі жалғастырып, әлі де болса ислам дініне өтпеген түріктерге қарсы жорықтарын бастады. 839-840 жж. Саманилердің билеушісі Нух ибн асад испиджабқа жорық жасап, қаланы бағындырды, сөйтіп жүзімдіктер мен егістіктерді қоршап, қамал тұрғызды. 859 ж. оның ағасы Насыр І ахмед Ибн Асад Шауғарды жаулап алды. Фарабтың мұсылмандардың қолында болғаны туралы Ибн хордабектің: “Фарабтың бас қаласы Кедерде мұсылмандар мен түрік-қарлұқтардың жасақтары болды”, — деген мәләметі дәлел бола алады. Тек ІХ ғ. аяғында ғана, атап айтқанда, 893 ж. Талас өңірі басып алынды. Сол кезде Жетісуда билік құрған Қарлұқ мемлекетінің қағаны Оғұлшақ қадырхан өз ордасын Тараздан қашғарға көшіреді де, саманилерге қарсы соғыс әрекетін жүргізе береді. Қарлұқ қағандығы дәуірінде, негізінен, Оңтүстік Қазақстан жерінің аз ғана бөлігінде араб үстемдігі орнығады. Бұл қосып алынған аудандардың халқы мұсылман әулеттерінің ортақ ұраны “дін жолындағы күреске” тартылады. Мұндай соғысқа қатысу мемлекет тарапынан ынталандырылып отырылғанын айта кету керек. “Мауереннаһрда Испиджаптан басқа харадж салығы салынбаған бірде-бір қала жоқ”, — дейді әл – Истахри. Испиджаб аймағының қандай да болмасын ақшалай салықтан басталуы – дін жолындағы күреске ынталандырудан туындаса керек. Испиджаб, сондай-ақ, араб деректерінде “дін үшін соғыс оргыпы” деп көрсетіледі. Х ғасырдың географтары онда ғазилердің (дін жолындағы күрескерлер) өте көп болғандығы атап айтады.
Алайда, саманилердің бұл жаулаушылық жорықтары тек шекаралас, жақын аудандарға ғана ұйымдастырылды, және де жауланып алынған жерлердің өзінде жорықтардан тәуелсіз Мауереннаһр тұрғындарының өз бетінше бейбіт қоныстануы жүріп жатты. Бұл дәстүр соғды дәуірінде – ақ басталған еді. Мауереннаһрда ислам көпшілік халықтың дініне айналғанын кейін мұсылмандар бұрын соғдылықтар бастаған қоныс аудару әрекетін әрі қарай жалғастырды. Осылайша, Сырдарияның төменгі ағысында үш мұсылман қаласы – Жент, Хувара және Янгикент (арабша ал-Карьят, ал-Хадиса, парсыша Дих-и-Нау) пайда болды. Араб географтарының хабарлауы бойынша бұл қалалардың халқы мұсылмандар еді, бірақ олар мұсылман емес оғыздардың билігінде болған. “Ал Жаңа қоныста мұсылмандар тұрады, бірақ ол Гуздар мемлекетінің астанасы, мұнда қыс айларында гуз патшасы тұрады. Оған таяу жерде Джент пен Хора орналасқан, ол екуінде де мұсылмандар тұрады, ал билік гуздардың қолында ”, — дейді ибн Хаукаль. Бұдан аталған қалалардың саманилер жаулап алған территорияларда емес жергілікті түріктердің келісімен Мауереннаһрдан қоныс аударғандардың салған қалалары екеніне көз жеткізуге болады.
Саманилер жаулар алған Талас та, бейбіт қоныстанушылар негізін салған жаңа қоныстарда Орталық Азияда сауда қызметтерн кеңінен өрістетті, осы қалалардың әрқайсысынан, түркі халықтарының бірі – қимақтар еліне – Ертіске қарай сауда жолы жатты. Мұсылман мәдениетнің шекаралас аудандарының бірі Хорезм болды. Үш жағын дала қоршап жатқан, Хорезм ежелден – ақ көшпенділермен кең сауда-саттық байланыстарын жасап келген болатын, бұл сауда мұсылман дәуірінде одан әрі кеңінен өрістеді. Мал шаруашылығы өнімдерінен басқа дала халқы аңшылық және соғыс арқылы түсірген олжаларымен де сауда жасап отырған. Хорезм базарларында түрік және славян құлдары, дала түлкісі, бұландары мен құндыз терілері өте жоғары бағаланған. Аталған тауарлардың бір бөлігі хорезм базарлары арқылы транзиттік жолмен ара қарай – Алдыңғы Азия елдеріне жөнелтіліп отырған. Хорезмдіктер Сырдария бойындағы қоныстарды салуға ат салысқан болуы мүмкін, бірақ олардың негізгі қызметі батыс пен солтүстік-батысқа қарай, еділ өзені бассейініне қарай бағытталды. Бұлғарлардың ислам дінін басқа түрік халықтарынан бұрынырақ қабылдауын көпшілік зерттеушілер дәл осы, хорезмдіктермен арадағы сауда байланыстарымен түсіндіреді. Араб авторы әл – Истахридің ( ІХ ғ.) жазбаларында: “оғыздар, халлуктар және басқалар мұсылмандықты қабылдады. Олардың бәрі ғазилер. Фараб, Кенжиде, Шаш арасындағы жерлерде көшпенділер көп. Олардың бәрі мұсылман. Ешкімге бағынбайды”, — делінген. Бұл дерек Сыр бойындағы түріктердің ІХ ғ. өзінде –ақ мұсылман дінін қабылдағанын айқын түрде дәлелдейді.
Сонымен, саманилер дәуірінде де Орталық Азия даласына исламның таралуы тек жаулаушылық жолымен ғана емес, бейбіт жолмен де, соның ішінде мұсылман дінін қабылдаған соғдылықтардың бейбіт қоныс тебуі және сауда жолдары арқылы жүргенін көреміз.
Орталық Азия аймағының одан арғы исламдануы қарахандар билігі дәуірінде яғни Х ғ. аяғы – ХІ ғ. басына жатады. Қарахандар түркі мемлекеттерінің тарихында тұңғыш рет ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Қарахандық билеушілердің ішінде өзін алғаш рет мұсылманмын деп жариялаған қаған Сатұқ – Боғра хан (955-956 жж.) болды, ол өзіне Әбд Әл-Керім деген мұсылман есімін қабылдайды. Ал оның баласы Боғра хан Харун Ибн мұса исламды мемлекеттік дінге айналдырады. Зерттеуші С.Сыздықов түрік тарихшысы Мүнәжжімбасшы шейх Ахмедтің “Қарахандар шежіресі” еңбегінен алынған мына бір деректі келтіреді: “Бурахан (Харун Боғра хан) діншіл, білім сүйгіш еді. Иман-хатибке өзі үшін дұға оқытқанды ылғи да: “тәңірім саған табынуда жеткіліксіздік көрсеткен және ылғи да сенің ықтиярыңды орындамақ үшін еңбек еткен Сулейман ұлы Харуннің халін жақсылыққа жеткізе көр” – деп айтуын тапсыратын. Өзіне ылғи да Тәңірі жіберген құлы деп айтылуын және солай жазылуы керектігін құптайтын. Әр жұма күні білімділерді жинайтын”.
Қарахандар мұсылман дініннен тек өзінің идеологиялық қаруын ғана көрген жоқ, сонымен бірге қоғамдық діни бірлік негізін де тұрақтандыруды көздеді: исламның бұл жағдайдағы қызметі қоғамда әлеуметтік интеграция мен құқықтық тәртіп орнатуға сайды. Қарахандар қоғамы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан Араб халифаты қоғамына ұқсас еді. Бұл ұқсастық тарихи дамудың жалпы заңдылықтарымен анықталалы. Нақ осы қоғамның тарихи дамуы, — деп жазады Т.С.Сайдбаев, — арабтарға тәуелсіз жүрсе де бірақ оған ұқсас болғандықтан, исламды үстем идеология ретінде қабылдауға алып келді және оның топырағына исламды енгізудің негізгі себебі ретінде қызмет етті. Орыс тарихшысы Н.П. Остроумовтың: “Көне арабтардың тұрмысы мен рухани даму дәрежесі Орта Азия халықтарының ішінде Түркістан көшпелілерін еске түсіреді”, деген сөздері де осы ойымызды дәлелдей түседі.
Сонымен бірге, қарахандардың ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдау фактісін тек қоғам дамуының объективті заңдылықтары мен немесе мемлекеттің идеологиялық қажеттіліктері мен ғана түсіндіу бұл мәселеге біржақты қарағандық болар еді. Іс жүзінде, түркілердің рухани сұраныстарына жауап бергендіктен, яғни діннің негізгі қағидалары халықтың жүрегіне жақын болып, оның діни дәстүрлеріне қайшы келмегендіктен де ислам діні көп ұзамай мемлекеттік дінге айналған болуы керек. Қарахан мемлекетінде исламның мемлекеттік дін статусын алуы бұл діннің Орталық Азия халықтарының жаппай дініне айналуы үшін қолайлы жағдайлар туғызды. Мысалы, В.В. Бартольд осыған байланысты қолжазба деректерден алынған (Бағдад жылнамасы) мынадай мәліметті келтіреді: 960 ж. ислам дінін 200000 киіз үйден (кибитка) тұратын түріктердің бір тайпасы қабылдады. Өкінішке орай, бұл мәлімет тек Бағдад жылнамасында ғана кездеседі екен, ал араб географиялық әдебиетінде де, самани мемлекетінде жазылған шығармаларда да мұндай мәлімет жоқ. Бізге дейін жеткен міліметтің көмескілігі осымен байланысты: бұл түрік тайпасы қалай аталғаны. Олардың қай жерде өмір сүргені жайында ештеңе айтылмайды.
Көпшілік шығыстанушы – зерттеушілер мұндай бір қызғылықты фактіні баса көрсетеді: қарахандар өздеріне көрші түрік тайпаларына, егер олар ислам дінін қабылдайтын болса, өз мемлекетіндегі жерден еркін түрде пайдалануға рұқсат беріп отырған. Сондай-ақ Махмұт Қашқаридің Арсылан ханның “дінсіздермен” соғыс туралы мәліметтерін келтіруге болады: Арсылан хан жағында 40 мың мұсылман әскері, ал олардың қарсыластары жағында 700 мың әскер болған делінеді. Бірақ соған қарамастан қарахандар жеңіске жетеді. Махмұт Қашқаридің еңбегінде келтірілген аңызда дінсіздердің саны едәуір асырылып берілген болуы мүмкін. Алайда қарахандардың әскери жорығы ғазауат формасында болуының өзі өте маңызды факт.
Сонымен, қарахандардың әскери табыстары Орталық Азия территориясында исламның кеңінен тарауына ықпал етті. Қарахандар тұсындағы Шығыс Түркістандағы мұсылман иеліктерінің шекарасы туралы Махмұт Қашқари мәлімет береді. Шығыс түркістанда отырықшы аудандар басты екі жолдың бойында – Гучен мен Турфанға апаратын солтүстік жол мен Хотаннан Тарим өзені құятын Лобнорға баратын жолдар бойында жатқаны белгілі. Махмұт Қашқариден біз осыған байланысты мынадай мәлімет аламыз: “Усми – Тарим – Ислам жерлерінен ұйғырларға қарай ағатын және сонда құмға сіңіп кететін үлкен өзеннің аты” [50].
Х ғ. ислам Сырдарияның төменгі ағысында мекен еткен оғыз халқының бір бөлігі қабылдады. Исламды қабылдаған оғыздардың қолбасшысы – Селжүк өз әрекетін мұсылман қалаларын кәпірлерге (пұтқа табынушы оғыздар) төлеп тұрған алымнан босатудан бастайды. Оғыздардан шыққан селжүк және осман әулеттерінің ислам өркениетіне қосқан үлесі жалпыға мәлім.
1043 ж. күзінде Орталық Азия даласында көшіп-қонып жүрген түріктердің бір бөлігі мұсылман дінін қабылдайды, “жазда олар бұлғарлармен көрші қонатын, ал қыста Баласағұн маңында қыстайтын”, — дейді В.В. Бартольд. Бұл қыпшақ тайпалары болса керек. Олардың жаз жайлауы Еділ бойында, бұлғарлармен көршілес жатқан. Бұлғарлардың қатарында бұрынырақ ислам дінін қабылдаған отырықшы қыпшақтарда болған еді. Бұны Плано Карпини мен Гильом Рубрук сияқты еуропалық християн миссионерлері де көрсетеді. Г. Рубрук өзінің ХІІ ғ. ортасында Монғолияға жасаған саяхаты кезінде Еділдің өңірінен өтіп бара жатып, бұлғарлар туралы: “Мұнда Мұхаммедтің заңын қай “албасты” (дьявол) әкеліп тастағанына таңым бар”, — деп жазады. Жалпы алғанда, түркі тілдес тайпалардың исламдануы біркелкі болған жоқ: Еділ бойы (бұлғарлар) мен Жетісуда қарлұқтар мен түркештер Х ғ. бойында жаңа дінге өту қарқынды жүріп, Мауереннаһр, Хорасан және Таяу Шығыстың мұсылман орталықтарымен тығыз байланыстар орнатылса, ал қимақ-қыпшақ тайпалары бұл істе біраз артта қалып қойды. Бұған себеп болған отырықшы аудандар мен қалалардан территория жағынан алшақтық, көшпенді тұрмыстың басым болуы еді. Алайда бұл тұжырымды біржақты қабылдауға да болмайтын сияқты. Жалпы, Орта Азияны мекен еткен ірі тайпалардың бірі – қыпшақтардың солтүстік бөлігінің исламдануы жөнінде тарихнамада үлкен дау – талас орын алған. Сондықтан да бұл мәселеге ерекше тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Қазақ тарихындағы исламның рөлін барынша төмендетіп көрсетуге тырысуға байланысты, кеңес тарихнамасында қыпшақтар ХІІІ ғ. дейін ислам өркениетінене тыс болды деген пікір үстем болды. Осыған байланысты кеңес идеологтары “пантүркішіл” ғалымдарға ортағасырлық қыпшақтар тарихындағы ислам факторын аса асыра бағалағаны үшін, алакөздік танытып отырды. Тек “пантүрікшілдер” ғана емес, сондай –ақ беделді орыс-еуропа ғалымдары да көшпелі қыпшақтар арасындағы исламның жетістіктерін атап көрсеткен болатын. Атап айтқанда, ХІХ ғ. атақты орыс тарихшысы Н.И. Веселовский: “татар басқыншылығының алдында половецтердің басым бөлігі мұсылман дінін тұтынды” –деп жазады.
Батыс тарихнамасында орта ғасырлық қыпшақтар таза көшпелі халықтар ретінде көрсетілген. Бұған А.Ю. Якубовский мен Б.Д. Греков ең алғаш рет қарсы пікір айта отырып, егіншілікпен айналысатын аудандармен шекаралас жерлерді мекен еткен қыпшақтар бірте-бірте отырықшылыққа өте бастады деп атап өткен еді. Мұндай фактілерді Жетісу мен көшпенділікпен күн кешкен түргештердің, оғыздар мен қарлұқтардың және т.б. көшпелі халықтардың ІХ-ХІ ғғ. жаппай отырықшылыққа өткені белгілі. Бұл процесс түріктермен көршілес соғдылықтар мен хорездіктердің елеулі түрде түріктенуіне алап келген болатын. Кеңес даласын археологиялық және этнографиялық жағынан зерттеген Г.В. Григорьев те осындай қорытындыға келеді. Атап айтқанда ол: “Жалпы алғанда таза көшпенділер болмайды; барлық көшпенді халықтар белгілі дәрежеде егіншілікпен де айналысады”, — деп жазса, УІ-ХІІ ғғ. Орхон-Енисей түріктерінің тарихын зерттеген А.Бернштам: Біз таза көшпенділердің болмайтындығын білеміз, көшпенділер егіншілікпен және аңшылықпен де айналысып отырған…Біз, көшпенділердің кедейленіп кеткен бөлігі жатақтарға айналып отырғанын тарихтан жақсы білеміз, — деп көрсетеді. Кедейленген көшпелілер жайлы Махмұт Қашқари: “басқа жерге көшпейтіндер мен соғысқа қатыспайтындар” қоныстанған барлық аймақтарда, ерте орта ғасырлардың өзінде-ақ ірі-ірі қалалар болғанын ескеру керек, бұл қалалардың халқы археологиялық деректерге сенсек, көшпенділер болмаған.
Қыпшақтардың арасында ислам дінінің таралуы жөніндегі мәселеге орала отырып, біз бұл діннің тек отырықшы халықтың арасында ғана емес, сондай-ақ, көшпенділер мен жартылай көшпенділер арасында да кең таралғанын көреміз.
Оңтүстік қазақстан мен Жетісу халқымен салыстырғанда Орталық Азияның солтүстік аудандарын мекендеген қыпшақтар өз ескі нанымдарын шыныда да ұзағырақ сақтады. Алайда ХІІІ ғ. қарай Дешті Қыпшақтың негізгі бөлігі мұсылманданып үлгерген еді. Бұл кезде батыс қыпшақтардың (половецтер) арасында да ислам дінін қабылдаған топтар болған болуы керек, өйткені оларды орыс жылнамалары “бусурмандар” (яғни мұсылмандар) деп атайды. Исламданудың қарқыны, белгілі дәрежеде жергілікті халықтың өмір салтына, олардың Сырдария бойы қалаларымен байланыстарына, Хорезммен саяси қарым-қатынастарға байланысты болды. Бірінші болып исламды шонжар өкілдері, хандар, қолбасшылар, жалпы, неғұрлым саналы, рухани жетілген адамдар қабылдады.
Осы дәуірде Қожа Ахмет Иассауи және оның сопылық мектебі көшпелі халықтар арасында ислам дінін таратудағы миссионерлік қызметін табысты түрде жүргізіп, Иассауидің өзі “орта Азияның көшпелі тайпаларының ұлттық әулиесі” деген атаққа ие болған еді. Иассауи исламды дәл осы көшпелі оғыз-қыпшақ тайпалары арасында жүргізді. Оғыздар мен қыпшақтардың мұсылман дініне өтпегені жөніндегі “марксистік” қағиданы қабылдау ислам дінін уағыздау қызметінің шарықтау шегі ХІ-ХІІ ғғ. сәйкес келген Қожа ахмет Иассауидің және барлық сопылық бірлестіктердің еңбегін жоққа саю болар еді.
Қыпшақтардың ислам дініне өтуі негізінен, көршілес ислам мемлекеттерінің, атап айтқанда Қарахан, Хорезмшах, Селжүк мемлекеттерінің ықпалымен жүрген. Барлық жағынан мұсылмандармен шектесіп жатқан қыпшақтар алдыңғы қатарлы өркениеттің ықпалынан тыс бола алмады. Қарахандардың Оңтүстік Қазақстан, Баласағұн мен Жетісуда халықты жаппай мұсылмандыққа өткізгені және өздерінің осы дінге өткенін көрсетіп олардың жиырма мың қойды құрбандыққа шалғаны туралы мәліметтер осы ойымызды растайды. Қыпшақтар тағдырында ерте орта ғасырлардағы аса жоғары дамыған мұсылман мемлекеті – Хорезм ерекше маңызды рөл атқарды. Хорезмды әл – Мукаддаси (Х ғ.) бойынша суреттейді: “Алла олардың нәсібесіне арзаншылық пен құнарлы жер берді, дұрыс оқи алу (Құранды ) мен терең парасаттылық силады”, “оның тұрғындары білгір, ғұламалығы мен ерекшеленеді, фикхты жақсы біледі, дарынды және білімді”. Жалпы, этникалық жағынан Хорезм мен көшпелі қыпшақ даласын бір-біріне қарсы қоюға негіз жоқ: ХІІ-ХІІІ ғғ. Хорезмнің халқы негізінен түркілер болған еді. Хиуада (Хорезм) мемлекеттік іс-қағаздар түрік тілінде жүргізілді. Хорезмшах – ануштегіндер гулямдардың (оғыз немесе қыпшақ) ұрпақтары болғаны белгілі. ХІІІ ғ. қарай хорезмшахтардың мұсылмандық билеушілерінің сопылықтың қамқоршылары, дінсіздерге (қарақытайлыр) қарсы күрескерлер ретінде даңқы таралды. Хорезм мен Дешті-Қыпшақ тек мәдени-тұрмыстық жағынан – отырықшылықтың ошағы және оны қоршаған көшпелілер әлемі ретінде ғана бір-біріне қарсы тұрды. Объективті заңдылық бойынша қыпшақтар Хорезмнің мәдени ықпалына барған сайын артыла түсуге тиіс болды. Ал саяси жағынан әлсіреп қалған Хорезм далалықтардың әскери қолдауына зәру еді. Хорезмдіктер өз кезегінде далалықтарға өркениет игіліктерін- білім мен дінді уағыздап отырды. Сөйтіп Хорезм бірте-бірте мұсылмандық қыпшақ мемлекетіне айнала бастады.
Сондай-ақ қыпшақтардың оңтүстік тобы, атап айтқанда, Сығанақ тобы ХІІ ғасырда – ақ өздерін мұсылманбыз деп санағаны туралы мәліметтер бар. ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақ хандары Қыран (Икран) мен Алып Дерек мұсылман дінін қабылдап соған байланысты дәстүрге сәйкес Қадырхан және Ғайырхан деген мұсылман есімдерін қабылдаған. Алайда, қыпшақтардың арасында орныққан исламның әрине, өз спецификалық ерекшеліктері де болды, өйткені, көшпенділердің арасында бұрынғы ата-баба салт-дәстүрлеріне деген берілгендік ұзақ уақыт сақталып қалған еді.
Сонымен түркілер ислам дінін өз еркімен қабылдаған халықтардың бірі болды. В.В. Бартольдтың айтуы бойынша “бұл жерде мұсылмандар исламды қарумен таратудан бас тарта отырып, үгіт-насихаттар арқылы үлкен табыстарға қол жеткізді”. Бұл насихаттың нақтылы түрлері туралы тарихи деректердің мәліметтері өте жұтаң. Алайда түріктерге, алғашында ислам олардың өмір салтына сәйкес келмейтіндей болып көрінгендігі жөнінде мәліметтер бар. Атап айтқанда, халиф Хишаның (724-743 жж.) елшісі түрік ханына исламды қабылдауды ұсынғанда ол былай деп жауап берген дейді: “Түріктер арасында шаштараз да, етікші де, тігінші де жоқ; егер олар исламды қабылдап мұсылмандық шарттарын орындайтын болса қалай күн көрмекші?”. Бұл жауап ханның ислам негіздерінен мүлдем хабарсыз болуынан немесе оның жаңа дінді саяси себептерге байланысты қабылдағысы келмегендігінен туындаса керек, бірақ бұл сол кездегі нақты жағдайды көрсетпейтін. Өйткені, жоғарыда айтып кеткендей түріктер бұл дәуірде тек көшпелі мал шарушалағымен ғана айналыспаған, олар қалаларда тұрып, қолөнермен де, сауда-саттықпен де айналысқан. Сондай-ақ таза көшпелі тайпалар болып саналған араб – бәдеуилердің ислам дінін белсенді түрде қабылдап, осы дінді басқа халықтар арасында таратудың ең бір белсенді күрескерлері болғанын біз жақсы білеміз.
Орталық Азияның орта ғасырлық қалаларындағы (Х ғасырдан бастап) мұсылмандықтың үстем және мемлекеттік дін ретінде орнығуының дәлелдерінің бірі мешіттер мен мазарлардың көптеп салына бастауы еді. Түркілер жеріндегі мешіттер жөнінде Максиди (Х ғ.): Таразда мешіт базарлардың ортасында орналасқан, ал Жікилде орталық мешіт базардың ішінде орналасқан, деп көрсетеді. Орталық мешіттер Барысхан, Бехлу, Атлах, Хамуке, Шелжі сияқты қалаларда да болған. Тараз бен Меркеде Христиандық шіркеулер мешітке айналдырылды. Сондай-ақ Х ғ. жатқызылатын мешіт ортағасырлық Құйрық-төбе (Оңтүстік Қазақстан) қаласынан да табылған. Баласағұн қаласынан табылған мешіт пен мұнараның қалдығы бұдан сәл кейінірек уақытқа жатады. Мешіт пен мұнара әкімшілік билік пен өкіметтің ислам дінін қолданғанын көрсететін белгілер болып табылады.
ІХ ғасырдан бастап Орталық Азия халықтарының арасында мұсылмандық жерлей ғұрпы тарай бастайды. Археолог Б. Нұрмұханбетов 1970 жылы арыс, Бадам, өзендерінің бойындағы Қараспан қорымын қазғанда, бұл қорымдардан алғашқы ІХ ғасырға жататын мұсылмандық жерлеу рәсімін кездестіргенін жазады. Х-ХІ ғғ. жататын мұсылмандық жолмен жерленген обалар Құйрық-төбенің маңынан табылған. ХІ-ХІІІ ғғ. басында мәйітті жерлеудің мұсылмандық рәсімі Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуда үстемдік алады. Бұл ауданда исламның айтарлықтай дәрежеде таралғанын археологиялық қазбалардан табылған тұрмыс заттары да дәлелдейді. Мысалы, ХІ ғ. жататын әйел обасынан табылған (Тараздың батыс шегі – Үңгірлісай мекені) қола айнада: “Аллаға сенгендерге еш қауіп жоқ” деген жазу бар. Сондай-ақ Тараз маңындағы тас суаттың қабырғасына араб тілінде діни сипаттағы жазу жазылған. Бұл жазу бойынша суат 1006-1010 жж. Бір ақ сүйек әйелдің жарлығымен соғылған. “Бұл суатты әбделмәлік Құтұлықтың қызы Фатима хатун Аллаға жықындаудың жолымен жүру үшін және оның шапағатына бөлену үшін салғызды. Алла өзімнің, ата-анамның және барлық мұсылмандардың күнәсін кешсін”.
Исламның тарауына байланысты архитектурады ақсүйек өкілдерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен оба үстінен мазарлар тұрғызу ерекше маңызға ие болды. Талас жазығының мазарларын ең алғаш зерттегендер қатарына Б.П. Денике, А.Н. Бернштам, М.Е. Массон, М. Меңдіқұлов, Л.Б. Розиналар жатады. Кейін, 70-жылдары бұл мазарды зерттеуші қазақстандық ғалым тарихшы Т.М. Сенигова жалғастырды. Осы аталған зерттеушілердің еңбектерінде Тараз өлкесінің қарахандар дәуірінен қалған атақты ескерткіштері – Қарахан, Бабаджи Хатун және Айша бибі мазарлары жан-жақты зерттеле отырып, олардың халифат елдеріндегі мазарлардың архитектуралық ерекшеліктерін қайталайтындығы жөнінде айтылады. Сонымен, монғол шапқыншылығына дейінгі дәуірде Орта Азия мемлекеттерінде ислам ықпалды күш болды. Мұның тағы бір дәлелі – Қарахан мемлекетінде мұсылман дінбасылары вакуфтық (жеке жер меншігі) жерлермен қамтамасыз етілді, бұл олардың жоғары материалдық жағдайын анықтады. Дәстүрлі ислам символдары бар теңгелер шығарылды, мұсылмандық оқу орындары – медреселер ашылды.
Х ғ. басында Хорасан мен Мауереннаһрда пайда болған медреселер исламды таратудағы күшті бір құрал болған еді. Бартольдтің зерттеулері бойынша медреселер алғаш рет, яғни Х ғ. мұсылман әлемінің Шығыс бөлігінде пайда болған, тек ХІ ғ. ғана бұндай оқу орындары Батыс Иранда және халифаттың астанасы – Бағдатта ашылады. ХІ-ХІІ ғғ. Сайрамда (Испиджаб) рухани оқу орындары – медреселер және сондай –ақ кітапханалар болғаны жөнінде жазба деректерден мәлім. “Халифаттан тыс жерлерде, атап айтқанда, Орта Азияда басқа ислам аймақтарымен салыстырғанда мұсылмандық насихаттың қарқынды жүруі мүмкін осымен түсіндірілетін болар”, — дейді В.В. Бартольдт [48].
Сонымен, Орталық Азия халықтары арасында УІІІ-ХІІІ ғғ. арасында ислам діні таралып, орнықты. Түріктер арасында ислам көбіне бейбіт жолмен (сауда жолдары,т бейбіт қоныстанушылар және дін уағыздаушылар арқылы) тарайды. Сондай-ақ исламның жергілікті халықтың діни дүниетанымы ретінде қалыптасып, орныққан біз осы дәуірдегі түрік қалаларындағы мешіттердің көптеп салынуынан, қаза болған кісіні мұсылманша жерлеу салтының орнығуынан, түрік ақсүйектерінің мәйіті қойылған жерлерге мазарлар тұрғызу дәстүрінің орын алуынан, және бұл мазарларға мұсылмандық діни мазмұндағы мәтіндер жазылуынан, мұсылмандық мектептер мен медреселердің ашылуынан т.б. көреміз.
Түркі халықтары арасында ислам дінінің таралуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
- 751 ж. Талас шайқасынан кейінгі дәуірдегі исламның тарала бастауы. Бұл кезеңде ислам, негізінен, қарлұқтар арасында, ішінара таралған еді.
- Орта Азиядағы саманилер билігі дәуіріндегі исламның таралуы. Бұл кезеңде ислам Орталық Азияға, біріншіден саманилер әулетінің ғазауаты арқылы, екіншіден, Мауереннаһр халқының бейбіт қоныстануы арқылы және үшіншіден, сауда жолдары арқылы таралды.
- Қарахандар дәуіріндегі исламның мемлекеттік дінге айналып, барлық түркі халықтары арасында жаппай таралуы. Бұл кезеңнің аяғында Орталық Азияның солтүстік-батыс бөлігінде, яғни қыпшақтардың арасында мұсылман дінін таратуда Қожа Ахмет Иассауи бастаған сопылардың миссионерлік қызметі ерекше орын алды.
Тағы рефераттар
- Өнегелілік — адамгершілік құндылықтар негізінде
- Қазақ халқының музыка өнерінің теориялық негіздерінің бастаулары
- Қазіргі заманғы менеджердің имиджін қалыптастыру және қолдану
- Әлеуметтік жұмыс объектіс , субъектісі және қағидалары
- Менеджменттің мәні