Орталық Қазақстанда қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі Дәндібай-Беғазы мәдениеті туралы қазақша реферат
Беғазы — Дәндібай мәдениеті — қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. IX — VIII ғасырлар) Орталық Қазақстанды қоныстанған тайпалар мәдениеті. Бүкіл Еуразия аумағына тараған Беғазы-Дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Осы мәдениеттің ескерткіштерін Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлкей Марғұлан ашқан болатын. Беғазы-Дәндібай кезеңі, ғалым Әлкей Марғұланның зерттеулері бойынша, қола дәуірінің Нұра және Атасу кезеңдерінен кейінгі үшінші кезең. Оның олай аталу себебі, Қызыларай тауының етегіндегі Беғазы қорымы мен Қарағанды қаласы маңындағы Топар елдімекеніндегі су қоймасы астындағы Дәндібай ескерткіш қорымдарының бірлесуінен болып отыр.
Дәндібай мәдениеті қамтыған жерлер деген болжам жасалса, бертіндері бұл мәдениеттің Еуразия құрлығын жайлағаны анықталды. Ғалым Сағындық Жауымбаевтың айтуынша, Беғазы-Дәндібай мәдениеті Еуропа жерлерінен Ауғанстан, Иранға дейін созылған. Беғазы — Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңтүстігінде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен. Бұл кезде одан бұрынғы андрон мәдениетіне тән үлгілер сақталумен қатар, жаңа жерлеу ғимараттары, тұрғын үйлер пайда болып, жерлеу салты, өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасады. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелерімен, мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сонымен қатар шалқалатып жерлеу, олардың жандарына қару-жарақ, әшекей бұйымдар қою ғұрыптарымен ерекшеленеді. Қыш көзелердің пішіні, жасалу, өрнектелу өзгешелігімен де айрықшаланады. [4]
Беғазы — Дәндібай мәдениетінің кесенелері күрделі сәулет өнері ескерткіштеріне жатады (Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай, Ортау, т.б.). Олар көбіне дөңгелек, төртбұрышты болып келеді. Ғимараттардың үсті қақпақ тастармен немесе жуан бөренелермен сатылы (пирамидалы) әдіспен жабылып, мәйіт ортадағы үлкен тас жәшіктерге жерленген.
Атасу кезеңінде корымдардың, қоныстардың маңайында өлгендерге мінәжат ететін арнаулы орындар пайда болды. Бұлардың диаметрі 1,5—3 м аралығында. Маңайын үлкен тастармен көмкерген. Шығыс жағынан мінәжат орнына келетін жолға тас төселген. Мінәжат орнында заттардың шірінділері (сүт тағамы болса керек), әр түрлі құралдар кездеседі.
Андронов мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өтпелі кезең ескерткіштері. Беғазы-Дәндібай мәдениеті
Атасу кезеңінде халық саны біршама өскен болатын. Оған бұл дәуірге жататын кешендерде жерлеу орындарының өте көп болуы дәлел, кейде бір жерден сол заманның 100-ден астам зираттары кездеседі. Ру адамдарының ішінде мүлік теңсіздігінің пайда бола бастағанын осы Атасу кезеңі ескерткіштерінен байқаймыз. Бір жерлеу орнынан өте жұпыны ғана заттар шықса, енді біреулерінен алтынмен қапталған, қола әшекейлер көп кездеседі, бір қабірге кейде 6—8 қыш ыдыс қойылады.
Осы кезде рудың ішінен ең жақын аталас туыстардың үлкен патриархалдық отбасы бөліне бастайды. Айшуақ кешенінің қоршауы соның дәлелі. Мұнда 6 адамды бір-ақ үлкен зиратқа жерлеген, кейін қайтыс болған 4 адамды әр кез сол коршауға жапсарлас етіп салған қоршауларда жерлеген. Бұл дәстүр кейінгі қазақтарға дейін жеткен. Жақын туыс адамдарды бір зиратқа қою, не кейін қайтыс болған туыстарының зиратын бұрын дүние салған аталарының, туыстарының зиратына жапсарлата салу қазақта қазірге дейін кездеседі. Нұра кезеңінің қыш ыдыстарының иығы дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас болып келсе, Атасу ыдыстарында өрнек мойнында, ортан белінде, кейде түп жағына да бедерленген.
Бұл кезеңде Андронов дәуірінің кейбір белгілері сақталғанымен, жаңа сипаттағы, әжептәуір биік (1—1,5 м) оба-қоршаулар, сыртын айнала үлкен гранит тастармен көмкерген ірі-ірі жерлеу орындары пайда бола бастады. Өтпелі дәуірге тұрқы қысқа, бүйірі шар тәріздес томпайған, түбі тегіс қыш ыдыстар тән. Мысалы, ыдыстың бүйірінің көпшілік аумағында — ішінде көлбеу сызықтары бар (штрихталған) ленталар осы өтпелі кезеңде пайда болды да, Беғазы-Дәндібай заманында ең жиі кездесетін өрнекке айналды. Өтпелі кезең ескерткіштері өте аз зерттелген. Өтпелі кезеңде түрлі түсті тастардан жасалатын ұсақ моншақтар пайда болды. Беласар кешенінде адаммен бірге қойылған 4 ыдыс, басқа да ғұрыптық заттар сол күйінде қабірде жатыр. Бірақ адамның сүйегі жоқ. Бұл — алыста жау қолында қаза тауып, сүйегі табылмаған адамға қойылған символикалық жерлеу орны. Мұндай ғұрып ерте темір дәуірі халықтарында да болған. Бұл ғұрыптың жаңғырығы қазаққа да жеткен. Ертеде майдан шебінде каза тауып, сүйегі жау қолында кетіп, не табылмаған жағдайда, сол адамның тіпті бір бармағы табылса да, не сауытының бір бөлігі табылса да, зиратына соларды көметін ғұрып болған. Орта қоладан соңғы қолаға өтпелі кезеңге ірі қорған-қоршаулардың, ірі гранит тастар мен шеті көмкерілген үлкен қоршаулардың пайда болуы тән. Бұлар патриархалдық-отбасылық қауымның ортақ жерлеу орны емес, Бұл ескерткіштер сол қауымның ішінен шыққан көсем, қолбасшы, ру басылардың зираты.
Қоныстар мен тұрақтардан табылған көзе ыдыстардың таяқшамен батыңқы сызылып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш, көлбей салынған шырша, тырнақ, шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуіне белдемшелер жапсырылған. [4]
Ал қабірлердің ішіне қойылған ыдыстардың пішімдері мен өрнектері мүлде өзгеше. Олар қыл мойын құмыра пішімді, шығыңқы бүйірлі кесе, тостаған тәрізді, сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Осы кезеңде бұл өңірде ірі елді мекендер (Кент, Бұғылы, Шортанды-бұлақ, Қарқаралы, Aқкезең, Ұлытау, т.б.) пайда болған. Тұрғын үй құрылыстары әр түрлі. Қабырғасы, іргесі таспен өрілген 4 — 6 бөлмелі үйлермен қатар, бір-екі бөлмелі жер кепе және киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де көп болған.
Олардың орта тұсында немесе шетінде биіктеу етіп тастан салынған төртбұрышты ғибадат ету орындары бар. Әрбір үлкен қоныстардың айналасында 3 — 5 шағын мекендер болған. Бұл жерлерді қоныстанған тайпалардың басым көпшілігі мыс балқыту, көзе жасау, егін егумен, мал ш-мен айналысқан.
Беғазы — Дәндібай мәдениеті жасаушы тайпалар да андрондықтар сияқты негізінен табиғат күштеріне (күн, от, су, т.б.) табынған. Сонымен қатар басты күнкөріс көзі есептелген жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю, т.б. жыртқыш аңдарды құрметтеп, оларға табыну ғұрыптары пайда болған. Олардың тастан қашалған бейнесін зират, қоныс маңына (Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай, т.б.) тұрғызып қойған.
Беғазы — Дәндібай мәдениеті тұрғындары — өздерінің әлеум. дамуында беделді рубасылары басқарған, қалыптасқан діни наным-сенімі, саяси әкімш. орталығы бар, өзіндік өндірісі мен өндіргіш күштері дамыған, алғаш мемл. бірлестік құру дәрежесіне жеткен тайпалар. Олар Оңт. Оралдағы (Замарев мәдениеті), Алтай мен Eнисейдегі (Қарасуық мәдениеті) өздеріне туыс тайпалармен саяси-экон. тығыз байланыста дамыды.
Қазақстан жерінде мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дамыған. Мәселен, Усь-Нарым қонысында (Шығыс Қазақстан) табылған қыстырма орақтар егіншіліктің болғанын көрсетеді. Тастан астық үгетін құралдар: астық түйгіштер, тоқпашалар, келілер, келсаптар жасалған. Егін жинауда алғашқы кезде пышақ пайдаланылған болса, соңғы қола дәуірінде әр түрлі қола және мыс орақ, шалғы қолданылады. Алқаптарда негізінен бидай, қарабидай, тары егілген.
Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштерінің дамуына мал өсіру және егін егумен қатар әр түрлі рудаларды өндіру, тас пен сүйекті пайдалану аса маңызды роль атқарған. Оған Қазақстан жеріндегі мыстың, қалайының және алтынның бай кендерінің болуы қолайлы жағдай жасаған.
Қола дәуірінде Қазақстан жерінде мекен еткен тайпалардың қоныс жайларын анықтаумақсатында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілді. Солар- дың нәтижесі көрсеткеніндей, әдетте қоныс өзендердің жағасында, жайылы- мы мол мүйісте, көлдің маңына орналасқан. Қоныстар 6-10 үйден 20 үйден тұрды. Өзен жағасында олар бір немесе екі қатар болып тізілген. Мүйістегі үйлердің ортасынан кең алаң-қотан қалдырылған. Тұрғын үйлердің аумағы кең 100 шаршы метрден 300-400 метрге дейін жеткен.
Қола дәуірінде Қазақстан жеріндегі тайпалардың өмірге керекті және үй тұрмысына қажетті заттарды істеп шығара бастағанын байқаймыз. Мал шаруашылығы адамдарды тек тамақтандырып қана қойған жоқ, сонымен қатар киім-кешекпен және аяқ киіммен де қамтамасыз етті. Сойған малдың жүнін түтіп, оны иіріп киім етіп қию үшін жаңадан ұршық және қарапайым тоқыма станогі пайда болды. Бұлар бірнеше қазбалардан табылды. Мұның өзі сол тұста қазақ даласындағы үлкен жетістік еді. Адамдар малдың терісін өңдеп, үстіне тон, басына тымақ, аяғына киім етіп киетін болды. Жүн киімдер қойдың биязы жүні мен ешкінің түбітінен тоқылды. [4]
Қоныстарды мекендеушілерге керамика ыдыстарын жасау кеңінен дамыған. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Бұл тұстағы құмыра жасаушылардың көбі
- әйелдер екен. Күйдірген балшықтан ыдыс-аяқтардың бірнеше түрі жасалған. Ыдыстарға әшекейлеп өрнек салын- ған. Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалынды.
- Қола дәуіріндегі тайпалар жауынгерлік қару жасап, оларды үнемі жетілдіріп отырған. Ол кездегі негізгі қарулар найза, күрзі, дүмі шығыңқы балта, шот. Кейбір жауынгелердің қанжарлары болған.
- Қоғамда азық-түліктің көбеюіне байланысты артық заттарды айырбастау, осындай айырбас сауда барысында байлықтың қорлануы етек ала бастайды. Малт шаруашылығының қарқынды дамуы қоғамдық алғашқы ірі еңбек бөлісін туғызды, басқалардан өз алдына бақташылар бөлініп шықты. Сол сияқты егіншілік кәсіпте біраз өзгерістер болады. Өңделіп егілген жерлердің көлемі өседі. Бұл өзгерістер қоғамдық еңбекте үлкен бөлінуді туғызып, матриархаттық қатынастар патриархаттық-рулық қатынастармен ауыса бастады.
- Патриархаттық отбасылық қауымның бірнеше сатыдан өткенін айту керек. Ерте кезде мұндай қауымдар әке жағынан туыс адамдардың төрт-бес ұрпағынан құралады және аумағы 200 шаршы метрдей, немесе одан да кең үлкен үйлерде бірге өмір сүрді. Әрбір патриархаттық-рулық қоныс-мекен осындай бірнеше үйлерден құралатын еді.
- Отбасылық қауым отбасылық-өндірістік ұжым болды, ал ұжымдық еңбек тұсында өндіріс құрал-жабдықтары мен өндірілген өнім ортақ меншікке айналды.
- Кейін, әсіресе соңғы қола дәуірінде кейбір материалдық жағынан күшейіп алған патриархаттық қауымдар барған сайын оқшаулана түсті. Мұның өзі алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына, отбасылық меншіктің пайда болуына әкелді.
Қорытып айтқанда, қола дәуірінің соңғы кезінде отбасылық және қауымдық топтық еңбектің кезінде өндірістік жабдықтарға және өндірістің өніміне ортақ меншіктің пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап отбасылық меншік пайда болды.
Тағы рефераттар
- Кен орнының геологаялық зерттелуі және игеру тарихы
- Менеджер мен қоршаған ортаның әрекеттері
- Коммерциялық банктің қарыз алушының несиелік қабілеттілігін бағалау
- Туризм тарихын географиялық тұрғыдан оқу
- Мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің пәні