Орталық және Ұлы жазықтар туралы қазақша реферат
Лаврентий қыратының оңтүстігіне қарай және Аппалач тауларының батысына қарай Миссисипи өзенінің орта ағысының екі жағын; ал жоғарғы ағысының батыс жағын алып жатқан алқап — Америка Құрама Штаттарының Орталық жазық деп аталатын аймағы. Бұл аймақтың оңтүстіктегі шекарасын солтүстік ендіктің 32—33°-ы бойымен жүргізуге болады.
Бөлшек-бөлшек болып жатқан адырлы жер бедері бар, қоңыржай белдеудің оңтүстік бөлігі мен субтропикалық белдеудің солтүстік белігіндегі ішкі континенттік жағдайы қолайлы, топырағы құнарлы, пайдалы қазба байлығының қоры мол бұл аймақ халықтың жиі қоныстануына және шаруашылықты күшті дамытуға өте-мөте ыңғайлы болды. Сондықтан да ол Құрама Штаттардың халық мейлінше жиі қоныстанған және толық игерілген бөлігі болып табылады. Елдің егін шаруашылығымен айналысатын негізгі аудандары осы өңірде шоғырланған. Онда орманды далалар мен жалпақ жапырақты ормандардың табиғи есімдіктер дүниесі 80—90 процент мөлшерінде мәдени өсімдіктермен ауыстырылған. Сондай-ақ адамның табиғатқа тигізетін әсері пайдалы өзгерістермен қатар жиі, мейлінше зиянды өзгерістерге душар ететіндігін осы еңір мысалынан көруге болады.
Биіктігі 200—500 метр келетін Орталық жазық төменгі және жоғарғы палеозой дәуірінде солтүстікте көлбеу, ал оңтүстікте горизонтальды жататын шөгінді жыныстардан тұрады. Оның солтүстік-шығыс бөлігі үшін куэсталық даму тән. Қөлдердің аралығындағы жердің және олардың оңтүстігіндегі жазықтардың жоғарғы қабаттары жүйелі түрде ауысып отыратын силур, девон және пермь-карбонды тұнбалардан құралады, ал олар сәл еңістеу жатады әрі құрамы мен беріктігі жағынан әр түрлі қабаттардан тұрады. Құрылымының осындай болуы жазықтың тік жағы солтүстік-шығысқа қарап тұратын, ал оңтүстікке қарай бірте-бірте еңістей түсетін бірнеше жарлардың пайда болуына ықпал етті. Тығыз силур әк қабаттарынан құралған куэсталар айқын байқалады. Осындай куэсталардың Ниагара өзенімен түйісетін жердегі жар қабағында Ниагара сарқырамасы пайда болған. Ниагараның құлап ағатын жеріндегі биік те тік жар өзенді бойлап, бірте-бірте жоғары қарай шегініп барады, сөйтіп терең Ниагара жырасын жасай түсуде. Сарқырама өзі пайда болғалы осылай 11 км жерге шегініп кеткен. Жер бедерінің куэсталық сипаты осы аймақтың оңтүстігі мен батысына қарай едәуір өзгереді. Өйткені бұл жақтарда өзен арналары тілімденіп жататын аласа үстірт адырлар көп, олардың морфологиялық бедері онша айқын сезіле бермейді.
Орталық жазықтың бүкіл территориясына, әсіресе оңтүстіктегі бөліктеріне Миссисипи бассейніндегі өзендер мен жыралар тілімдеп тастаған күшті эрозиялық құбылыс тән.
Ұлы көлдердің январь айындағы изотермасы солтүстік аймағында -16о С, оңтүстік аймағында -4о С болады.
Оңтүстік Канада мен Америка Құрама Штаттарының шектесер жеріндегі жартасты таулардың етегінен бастап меридиан бағытымен оңтүстікке қарай созылып, деңгейі биік жазық алқап жатыр. Оның климаты континентті келеді.
Бұл Ұлы жазық солтүстіктен оңтүстікке қарай 3500 км –ден астам қашықтыққа, шамамен солтүстік ендіктің 62о-ынан 29о-дейін созылады. Бірақ оның Маккензи бассейніндегі климаты қатал, меңіреу тайга ормандары басып жатқан ең қиыр солтүстік бөлігі басқа аймаққа жатады.
Біз сөз етіп отырған физикалық-географиялық аймақтың солтүстіктегі шекарасы тайга ормандарының орман аралас далалармен шектесетін жерлері арқылы, шамамен алғанда Норт-Саскачеван өзенінің аңғары бойымен өтеді; ал оңтүстіктегі шекарасы Америка үстірті мен Мексика тау жотасының екі арасындағы шекараға сәйкес келеді. Оңтүстік-шығыста жер бедерінде айқын аңғарылып тұрған кертік кемер Ұлы жазықты жағалау ойпатынан, Мексика шығанағынан және Орталық жазықтан оқшаулап тұрады [8].
Геологиялық жағынан алып қарағанда Ұлы жазық Америка дөңесінің (перикратондық ойысудың) шеткі бөлігі болып табылады және оған кембрийге дейінгі дәуірде суға терең батып кеткен құрлық негіз болған. Ол негіздің үстіңгі жағында мезозой және кайнозой дәуіріндегі жыныстардың горизонтальды түрде қалыптасқан қалың қабаттары жатыр. Бұл қабаттарды аллювиальдық, эолдық, ал солтүстік бөлігін мұз көшкіні кезінде Жартасты таулардан ысырылып келген материалдар жауып жатыр. Геоморфологиялық жағынан алғанда Ұлы жазық Кордильер тауының етегінде жатқан үстірт болып табылады. Оның биіктігі 500 м-ден 1700 м-ге дейін жетеді. Жазықтың басым көпшілік бөлігі тақтайдай теп-тегіс алқап болып келеді.
Ең биік нүкте Блэк-Хилс тауында ол 2000 м-ден асады. Жартасты таулардан басталатын өзендер үстіртке жете бере кең де терең аңғарлар желісін құрайды, олардың беткейлерін көптеген жыралар тілімдеп жатады.
Тағы рефераттар
- Банктің меншікті капиталы мен оның қызметі
- Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуы мен мәселелері оны шешу жолдары
- Менің жанұям
- Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781)
- Салықтардың объективті қажеттілігі, және экономикадағы мәні