Отырар ауданы туралы қазақша реферат
Облыстың батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. 1935 ж. құрылған. Жер аумағы 18,1 мың шаршы шақырым, облыстың 15,4%-ын қамтиды. Тұрғыны 55,2 мың адам. Аудандағы 43 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылы.
Аудан жері негізінен жазық. Оның басым бөлігін Қызылқұм құмды алқабы және Сыр өзенін бойлай жатқан Шардара даласы алып жатыр. Ауданның биік жері Қарақтау жотасында (Қарамола тауы 388 м). Ол онтүстіктен солтүстікке қарай доғаша иіліп 50 км-ге созылған. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсенбай, Дәуренбек т.б.) мен мал жайылымына қолайлы қоныстар (Алтынжал, Үрме т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай т.б.) көп. Қарақтаудың батысын және Қызылқұмның шығысын сексеуілді тоғай көмкерген.
Ауданның жер қыртысы Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан түзілген. Оның бетін төрттік жүйенің аллювийлі шөгінділері жапқан. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған. Ауданның қысы жұмсақ, қысқа. Қантар айының жылдық орташа температурасы -3-5°С, шілдеде 27-29-С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 170-300 мм. Аудандағы желдің басым бөлігі оңтүстіктен және оңтүстік-шығыстан соғады. Оның жылдық орташа жылдамдығы 4-6 м/сек. Аудан арқылы Сырдария және оның оң саласы Арыс өзендері ағып өтеді. Ауданның солтүстігінде жазда құрғап қалатын шағын тұзды көлдер (Ұзынқұдық, Арыстанды т.б.) мен батпақты Шошқакөл жерлер кездеседі. Арыс өзенінен Арыс каналы және бірнеше шағын тоғандар жүргізілген. Жер асты және грунт сулары 2-5 м тереңдікте (Сырдария, Арыс өзендері аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5-8 м, кейде 8-12 м тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары палеоген-неоген қабаттарында, олар 30-50 м, кейде 80 м тереңдікте жатады.
Ауданның топырақ жамылғысы негізінен сұр топырақты. Сыр және Арыс өзендері аңғарында шалғынды сұр, Қызылқұмда құмдауытты сұр топырақ қалыптасқан. Оларда шөлге тән баялыш, күйреуік, теріскен, көкпек, құмды өңірлерде сексеуілді тоғай, өзен аңғарларында шілікті-жиделі тоғай қалыптасқан. Құмтөбелер арасындагы грунт суы жақын жатқан жерлерде шұраттар кездеседі. Дәрілік өсімдіктерден дәрмене жусаны, қара меңдуана, тұмаршөп өседі.
Аудан халқының негізін осы өңірдің байырғы халқы — қазақтар 99,7% құрайды. Халық негізінен Сыр бойы және ауданның шығысындағы Арыс өзенінің аңғарында қоныстанған. Тұрғын халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге 3,0 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Шәуілдір (8,8 мың адам), Темір (4,3), Көксарай (4,2), Арыс (3,0), Балтакөл (2,9), Маяқұм (2,6).
Аудан негізінен мал шаруашылығына маманданған, 1996 жылға дейін ауданда етті-сүтті 8 кеңшар, 1 асыл тұқымды мал зауыты болған. Бұрынғы кеңшарлар негізінде аудандағы барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің саны 3420-ға жетті. Оның ішіңде заңды тұлғалар саны 487, жеке тұлғалар саны 2933, шаруа қожалықтары 2569, жеке кәсіпкерлер 364. Ауданда ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 1692 мың га. Оның ішінде жыртылатын жер 15,8 мың га көп жылдық ағаштар 256 га. Шабындық 15,5 мың га. Жайылым 16,48 мың га болды. Ауданда өнеркәсіп өндірісінде 13 ауыл шаруашылығында 590, құрылыста 1, көлік және байланыс саласында 3, саудада 180 және басқа кәсіпкерлікпен айналысатын 16 шаруашылық субъектілер тіркелген. Аудан өнеркәсібі 2003 ж. 1191,0 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 4,4 есе көп. Шаруашылықтың барлық санаттары бойынша 2003 ж. егіс аумағы 15,8 мың га болды: оның басым бөлігін мақта 7905 га мен жүгері 3269 га құрайды. Ауданда 2004 жылдың 1-қаңтарында 19,1 мың бас ірі қара, 163,5 мың қой мен ешкі, 5,4 мың жылқы, 1264 түйе болды. Жалпы, 2003 ж. ауданда 496,3 млн. теңгенің күрделі қаржысы игерілді. Осы жылы ауданда тораптық су құбыры толығымен іске қосылды, Арыстан баб мешіті қайта жөнделіп пайдалануға берілді. Халыққа білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелері бойынша ауданда 1 кәсіптік-техникалық мектеп, жалпы білім беретін 45 мектеп, 11 клуб, 1 мәдениет сарайы, 1 музей, 1 мектеп-интернат, 15 кітапхана, 9 аурухана, 28 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 ауылдық амбулатория болды. Аудан аумағында көне қалалар мен қорғандар орындары көптеп кездеседі. Әйгілі «Арыстан баб» кешені осы аудан аумағында орналасқан. Шәуілдір ауылынан Шымкент қаласына дейінгі қашықтық 142 км-ді құрайды.
Тағы рефераттар
- Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастығы
- Ренессанс пен Реформация мәдениетіндегі философия
- Зейнетақымен қамсыздандыру, оның құқықтық негіздері
- Сот
- «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» газетінің өткені мен бүгіні