Озон қабатының бұзылуы туралы қазақша реферат
Жердің озон қабатының бұзылуы адам, жануарлар, өсімдіктер мен микроорганизмдер тіршілігі үшін ықтимал қатер болып табылады.
1973 жылдан бергі байқаулар Қазақстанның үстіндегі озон қабатының қалыңдығы 5-7%-кe азайғанын көрсетті.
Монреаль хаттамасына сәйкес қабылданған, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалануды реттеу жөніндегі шаралар әлемде 1986 жылдың деңгейімен салыстырғанда оның 10 eceгe азаюына ықпал етті.
Біздің ел озон қабатын сақтау туралы халықаралық келісімдерге 1998 жылы қосылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда озон бұзғыш заттарды (ОБЗ) пайдалануды қысқарту және оларды айналымнан алып қою, озон қабатын бұзбайтын заттарды қолданумен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Озон қабатын бұзу қатерін жоюдың негізгі жолдары мыналар болып табылады: ОБЗ пайдаланудан жедел бас тартуды және оларды қауіпсіз жоюды қамтамасыз ету, ОБЗ-дың заңсыз айналымының алдын алу және қолға алынған күш-жігердің табыстылығына көз жеткізу үшін тропосферада оның жиналуының тұрақты мониторингін жүргізу.
Сондай-ақ 2004 жылдың барысында ОБЗ пайдаланатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, ОБЗ пайдалану қызметімен айналысатын мамандарды оқытуды және Қазақстанның үстіндегі озон қабатының жай-күйін зерделеу жөнінде іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуді бастау, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу жолымен ОБЗ пайдалануды қысқарту және қолданыстан алу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет болады.
Осы іс-шараларды жүргізу нәтижесінде ОБЗ шығарындысы қысқарып, ол Жердің озон қабатын сақтауға септігін тигізетін болды.
Биоәртүрлілікті сақтау
Қазақстанның экожүйесі Орталық Азияда және тұтастай алғанда континентте биологиялық әртүрлілік бірегейлігімен ерекшелінеді.
Өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жоғалуы генетикалық деңгейдегі әртүрлілікті жоғалтуға және экожүйелердегі тиісті өзгерістерге әкеледі. Биоәртүрлілікті іc жүзінде жоғалтудың негізгі себебі өмір сүру ортасының жойылуы және тозуы, ең бастысы, ормандарды жою, топырақтың эрозиясы, ішкі және теңіз су айдындарының ластануы, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тым көп тұтыну болып табылады. Таяуда ғана өсімдіктер мен жануарлардың бөгде түрлердің жерсінуі де биоәртүрлілікті жоғалтудың алаңдатар жәйі деп танылды.
Биоәртүрлілікті сақтау үшін Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияны бекітті, биологиялық әртүрлілікті сақтау және теңгермелі пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірледі.
Биоәртүрлілікті сақтаудың неғұрлым тиімді шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы 13,5 млн. гектарды немесе барлық аумақтың 4,9%-ін құрайды, бұл биологиялық әртүрліліктің экологиялық теңгерімін сақтау үшін тым жеткіліксіз және 10%-ті құрайтын әлемдік стандарттардан төмен.
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін олардың алаңын 17,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4%-ін құрайды.
Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында биоәртүрлілік объектілерінің жай-күйін бағалау және түгендеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін ұлғайту және қазіргі табиғи және антропогендік процестерді ескере отырып, оларды жасанды молықтыру және бұзылған аумақтарда қалпына келтіру жолымен табиғи популяциялардың сирек түрлерін сақтау, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және «Адам және биосфера» бағдарламасы шеңберіндегі биосфералық аумақтар тізіміне енгізу жөніндегі шараларды іске асыру қажет.
Республика аумағының небәрі 4,2%-ін алатын Қазақстанның барлық ормандарының ерекше экологиялық, ғылыми, рекреациялық, эстетикалық және мәдени мәнін, сондай-ақ биологиялық әртүрліліктің табиғи резерваттары ретіндегі олардың орасан рөлін ескере отырып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесіне көшіру жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін 2006 жылға дейін мемлекеттік биосфералық резерваттардың желісін қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу қажет.
Соңғы уақытта, әлемде кең таралған генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді әкелу Қазақстан үшін елеулі сыртқы қатер болып отыр. Бүкіл әлем бойынша генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдердің кең таралу қауіптілігін ескере отырып, Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияның Биоқауіпсіздік жөніндегі Картахена хаттамасы қол қоюға алынды. Қазақстанның Картахена хаттамасына қол қоюы өзге елдердің біздің еліміздің аумағында генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді трансшекаралық өткізуімен байланысты қызметті жүзеге асырудағы жауапкершіліктерін арттыруға, оларды елге әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға, зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелер ісінде өзара көмекті, сондай-ақ биотехнологиялар саласындағы ақпарат алмасуды қоса, халықаралық тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы Тұжырымдаманың айтылған ережелерін іске асыру қоршаған орта объектілерін сақтауды, оны белгілі бір тұрақтылық деңгейінде ұстап тұруды, өзін-өзі реттеу қабілеті мен жанды және жансыз табиғат түрлерінің, оның ішінде жойылу қаупі төнген тіpі организмдер геноқорының көптүрлілігін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жердің шөлейттенуі және тозуы
Қазақстанның көп бөлігі қуаң аймақта орналасқан және оның аумағының шамамен 66%-і түрлі деңгейде шөлейттену процестеріне бейім. Алдын ала есептер бойынша жайылымның тозуынан залал, егістік эрозиясынан, қайталама тұзданудан және басқа да себептен алынбаған кіріс шамамен 300 миллиард теңгені құрайды.
Қазақстан үшін елеулі ішкі қатерді білдіретін жердің шөлейттенуі мен тозу проблемасы шаң-тұз дауылының пайда болуы және ауа массаларының ластаушы заттарды алыс қашықтыққа жеткізуі нәтижесінде біртіндеп трансшекаралық проблемаға айналуы мүмкін.
2004 жылдың барысында шөлейттенудің көлемі мен құрғақшылықтың теріс әсерінің алдын алуға және қысқартуға, тозған жерлерді және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге, ресурстық базаны сақтауды және/немесе қалпына келтіруді қамтамасыз ететін, халықтың экологиялық қауіпсіздігін нығайтатын тұрақты жер пайдаланудың экономикалық тетіктерін әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ шөлейттенумен күрес процесінде халықтың кең қауымының хабардар болуы мен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шөлейттенумен күрес жөнінде бағдарлама әзірлеу және бекіту қажет.
Бағдарламаның негізгі нәтижелері шөлейттену процестерін болдырмау және жердің тозу ауқымын қысқарту, шөлейттенумен күрестің экономикалық тетіктерін енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыру болмақ.
Тағы рефераттар
- Мәдениет және өркениет
- Спарта мемлекетінің құрылысы
- Янцзы өзені
- Еңбекті нормалаудың еңбекақымен байланысы
- Киіз үй суретін салу