Оқушыларда бастауыш мектепте-ақ эстетикалық тәрбие берудiң негiзi қаланады. Ал негiзгi, орта мектептерде эстетикалық тәрбие берудiң мүмкiндiктерi кеңейе түседi. Тәрбиенiң бұл саласына қойылатын мiндеттерге тарих пәнi ойдағыдай үлес қосады. Тарихты оқыту барысында эстетикалық тәрбие берудiң мiндетi–оқушыларды тарихи құбылыстардың, әсiресе, өнер туындыларын қабылдап, түсiне бiлу, оны бағалай бiлу қабiлетiн қалыптастыру түрлi қоғамдық құбылыстарға эстетикалық тұрғыдан қарауды үйрету. Тәрбиенiң бұл саласын оқытып, үйретуде тарихтағы адамның қызметiн ашып көрсетуге, мәдениетке, күнделiктi тұрмысқа қатынасын көрсетуге баса назар аударылады. Эстетикалық тәрбие басқа салалар мен, әсiресе, саяси, адамгершiлiк, еңбек тәрбиесiмен тығыз байланысты. Адамдарда эстетикалық сезiм сонау ежелден-ақ қалыптаса бастаған. Ертедегi адамдар тiршiлiк ету үшiн қолайлы мекендер iздегенде, табиғаты бай, әрi көркем де көрiктi жерлердi iздеген. Табиғаттың жанға жайлы құбылыстары (күннiң жылылығы, ашықтығы, ауа райының қолайлылығы) олардың көңiлiн жадыратып, бойларын қуаныш сезiм билеген, ал бұған керiсiнше, табиғаттың қолайсыз құбылыстары (қатты дауыл, суық аяз, жауын-шашын) оларды ренжiткен. Сол сияқты адамдар атқарған жақсы iстер, ерлiк пен батырлық, оларды қуанышқа бөлесе, трагедиялық, қайғылы жағдайлар оларды ренжiткен. Бұлардың бәрiн ертедегi адамдардың тасқа салған белгiлерiнен , суреттерiнен, олардан қалған аңыз-әңгiмелерден, ертегiлерден, өлең-жырлардан байқауға болады.
Тарих бағдарламаларындағы оқу материалын алдын-ала мұқият қарап талдасақ, эстетикалық тәрбиеге тiкелей қатысты материалды дұрыс iрiктеп, сабақта тиiмдi әдiс, тәсiлдердi пайдалансақ, шәкiрттерiмiздi сезiмталдыққа, жақсыны, әдемiнi, көркемдi сезе бiлуге, оны сақтай, құрметтей бiлуге, бағалай бiлуге тәрбиелеймiз, оларда эстетикалық тәрбиенiң қалыптаса түсуiне лайықты үлес қосамыз. Ендi бiрнеше нақты мысал келтiрейiк.
5-сыныптағы Қазақстан тарихының бiрiншi бөлiмiнде «Бiздiң өлке–Қазақстан Республикасы» деген тақырыпша бар. Осы сабақта оқушының туып-өскен мекенi, туған өлкесi, туған Отаны, Елордасы–Астана қаласы әңгiме болады. Мұғалiм оқушылардың бастауыш мектепте алған бiлiмiне сүйене, жаңа сабаққа олардың өздерiн белсендi қатыстыра, оқулықтағы ауылдың, жұмысшы поселкесiнiң, шағын қаланың, Астанадағы жаңа ғимараттардың суреттерiн тиiмдi пайдалана отырып, сабақ өткiзсе, оның тәрбиелiк те, бiлiмдiк те пайдасы мол болмақ. Оқушылар оқулықтағы көркем бояулы суреттер бойынша әңгiме құрастырады, оған өзiнiң туған өлкесiнiң ұқсас материалын қоса баяндайды, қойылған сұрақтарға өзiнше жауап бередi. Сабақтың осы және басқа да кезеңдерi оларды туған жерге, Отанға деген сүйiспеншiлiкке, мақтаныш сезiмге тәрбиелейдi, оларда туып-өскен өлкесiн, Отанын көркейткен еңбек ерлерiне деген құрмет сезiмiн туғызады. Осы тарих курсының екiншi бөлiмiндегi «Қола дәуiрi адамдарының әдет-ғұрпы, өнерi» деген тақырыпта Қазақстан жерiн қола дәуiрiнде мекендеген адамдардың жартастарға қатты тас сынығымен жануарлардың, адамдардың, соғыс көрiнiстерiнiң суреттерiн қашап салғаны, қоладан бiлезiк, сырға сияқты әртүрлi әшекей бұйымдарды жасағаны баяндалады. Ал оқушылар оқулықтағы сол суреттермен өздiгiнше жұмыс орындайды. Оқулыққа қоса берiлген дидактикалық материалда мынадай сұрақтар бар: 1. Жартастарда қандай суреттер жиi кездеседi? 2. Адамдар бұл суреттердi қандай мақсатпен салған? 3. Суреттерде нелер бейнеленген? Соларға қарап адамдардың қиялын айтып берiңiздер! Адамдардың еш қиындыққа қарамастан, тастан қашап сурет салуы, қоладан әшекей бұйымдар жасауы оқушыларды адамзат ежелден еңбекке, көркемдiкке ұмтылған деген қорытындыға әкеледi.
6-сыныптағы Қазақстан тарихы да эстетикалық тәрбие беруге қолайлы. Оқулықта өнер туындылары да баршылық. Мәселен, «Ғұндар» тақырыпшасының соңында «Аттила бейнесi дүние жүзiндегi мәдениет қайраткерлерiнiң шығармаларында» деген материал бар. Мұғалiм ғұндар патшасы Аттиланың қаймықпас қайсар жеңiмпаз батыр, атақты қолбасшы және басқа да қасиеттерiн айта келiп, аталған қосымша материалға оқушылар назарын аударады. Онда Аттилаға арнап дүние жүзiнiң көптеген ғалымдары, әдебиетшiлерi, жазушылары еңбектер, романдар, опералар мен трагедиялар жазғаны айтылады. Бұларды тиiмдi пайдалансақ, оқушылардың Аттиланың тарихтағы орнын дұрыс түсiнуiне көмектеседi, тарихи тұлғаны құрметтей бiлуге тәрбиелейдi. Ал сол шығармалардан қажеттi үзiндiлердi оқушыларға оқыту, ұжым болып талдау,немесе оқулықтағы «Аттиланың Рим елшiлерiн қабылдауы» деген суреттi оқушылардың өздерiне талдату шәкiрттердiң эстетикалық талғамын одан әрi дамыта түседi. Дәл осындай жұмысты осы сыныптағы «Үйсiндердiң шаруашылығы мен тұрмысы» тақырыпшасындағы тәтi (диадема) мен шөккен түйе бейнелi жүзiк суреттерi бойынша да жүргiзуге болады. Мәселен, оқулықтағы: «Зергер тәтiге аңдар мен жануарлардың қиял-ғажайып бейнелерiн салған. Сол шытырман бейнелер арасында қолына гүл ұстаған адам тұр. Зергердiң ойынша -өмiрде қандай бiр қыйыншылық болса да, оны адам баласы жеңiп шығады (87-бет) және … тәтi мен алтын сақинадағы шөгiп жатқан қос өркештi түйе орындау шеберлiгi мен әдемiлiгi жағынан кiмдi болса да таң қалдырады. Мұны үйсiн шеберлерiнiң дүниежүзiлiк өнерге қосқан үлесi деуге әбден болады» (88-бет) деген мәтiнмен оқушылардың өздiгiнше жұмысын ұйымдастыру оларға эстетикалық тәрбие беруге үлес қосады.
7-сыныптың бағдарламасы мен оқулығындағы мәдениет тарихы құрамындағы баяндалатын қалалар, ғимараттар, тарихи ескерткiштер, солардың арасындағы Орхон-Енесай ескерткiштерi, сәулет өнерi, бейнелеу өнерi, қолданбалы өнер, дiни құрылыстар, тiлдiң, ғылымның жазудың дамуы сияқты мәселелердiң бәрiн де оқытқанда эстетикалық тәрбие беруге толық мүмкiндiк туады.
9-сыныптағы 30-жылдары болған тарихтың трагедиялық беттерiне қарамастан, мәдениеттiң дамуында үлкен жетiстiктер болғаны белгiлi. Келеңсiз оқиғалар орын алғанына қарамастан, ұстаздар қараны, қара, ақты – ақ деп қарап, күнделiктi сабақтарында мәдениет саласындағы жетiстiктердi ашып көрсете отырып, бұл салада да қол жеткен табыстарды, әсiресе, өнердiң, көркем өнердiң дамуын оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге тиiмдi пайдаланғаны дұрыс.
Осы сыныптағы соңғы тәуелсiз Қазақстан тақырыбында мәдениет тарихын оқып-үйренуге 2-3 сағат уақыт бөлiнген. Уақыттың көбiн соңғы жылдары болып жатқан мәдени жаңалықтардың мәнiн ашып көрсетуге арнаған дұрыс. Олардың арасындағы әдеби-көркем туындыларды (көркем өнер, ән, кинофильм, драмалық шығармалар, сәулет өнерi, әдебиет т.б.) эстетикалық тәрбие беру мақсатына тиiмдi пайдалануға болады. Қоршаған ортада күнделiктi болып жатқан құбылыстарды оқып үйренуге, талдап қорытынды жасауға, өздiгiнше баға беруге оқушылардың мүмкiндiгi жеткiлiктi. Мұндай әдiстемелiк жұмыстардың бәрi шәкiрттердi күнделiктi өмiрде болып жатқан жақсылықтарға, жаңалықтарға қуана бiлуге, осындай игiлiктi iске мен де үлес қосып, қоғамымызды гүлдендiрсем деген сезiмге тәрбиелейдi.
Тағы рефераттар
- Моғолстанның ыдырау кезеңі
- Добавить реферат
- Қазақстанның агроклиматтық ресурстары
- Қазақстан суретшілерінің шығармаларының түрлерімен және жанрларымен оқушыларды таныстыру әдістері
- Мемлекеттік аппарат қағидалары