Полимерлердің ерігіштігін сипаттағанда химиялық құрылысы ұқсас қосылыстар бір – бірінде жақсы ериді деген қағидаға сүйенеді. Яғни, полюсті полимер полюсті еріткіштерде, полюссіз полимерлер полюссіз еріткіштерде жақсы ериді. Мысалы, аморфты полюссіз полимерлі көмірсутектер (полиизобутилен, полиизопрен, полибутадиен және т.б.) қаныққан төмен молекулалық көмірсутектер мен олардың қоспасында (бензинде) жақсы ериді. Керісінше, полюсті топтары бар полимерлер (целлюлоза нитраты, полиакрилонитрил және т.б.) полюссіз еріткіштерде ерімейді, олар полюстігі жағынан өзіне ұқсас сұйықтарда жақсы ериді.

     Полимерлердің молекулалық массасы. Тізбек ұзындығы артқан сайын тізбекаралық әрекеттесу энергиясы өсіп,бір – бірімен химиялық байланыспен жалғасқан тізбек буындарының қозғалғыштығы тежеле бастайды. Сондықтан кез келген полимер гомологтық қатарды полимердің молекулалық массасының өсуі оның ерігіштік қасиетін төмендетеді.

     Полимер тізбектерінің иілгіштігі. Полимер тізбектерінің иілгіштігі олардың сегменттерінің қозғалғыштығымен сипатталады. Макромолекуланың қозғалғышытығы жоғары болса олар бір – бірінен тез ажырап, еріткіш фазасына оңай ене алады. Сондықтан иілгіш тізбекті аморфты полимерлер әдетте шексіз ісінеді, яғни жақсы ериді. Полюсті полимерлерге қарағанда полюссіз полимерлердің иілгіштігі жоғары, сондықтан олар полюссіз еріткіштерде тез ериді. Полюсті топтары бар аморфты полимерлер қатаң тізбекті келеді, қалыпты жағдайда олар полюсті еріткіштердің өзінде де толық ерімейді, көбіне тек ісініп қана қояды. Температураның әсерінен тізбектерінің жылулық қозғалысын арттыру арқылы еру процесін тездетеді. Полюсті полимерлер жақсы еру үшін олардың макромолекулалары еріткіш молекулаларымен өте күшті әсерлеу керек. Мысалы, целлюлоза комплексті байланыс түзетін төртіншілік аммоний негіздерінде ғана ериді.

     Макромолекулалардың текшелену тығыздығы. Молекулалық және молекуладан ірі құрылымына қарай макромолекулалар полимерде өте тығыз не босаңдау текшеленуі мүмкін. Текшелену тығыздығы төмен полимерлердің ерігіштігі жоғары болады, тығыз текшеленген полимерлер нашарлау ериді. Текшелену тығызыдығы шамасы полимерлердің ерігіштігі тізбектерінің иілгіштігіне байланысты. Иілгіш тізбекті полюссіз аморфты полимерлердің текшелену тығыздығы жоғары болса да, сегменттерінің қозғалғыштығынан полюссіз еріткіштерде жақсы ериді. Ал тығыз текшеленген қатаң тізбекті  полимерлердің сегменттері онша жылжи алмайды, сондықтан олар өте қиын ериді. Қатаң тізбекті полюсті полимерлерді еріту үшін күшті комплексті байланыс түзе алатын еріткіштер қажет.

      Полимерлердің фазалық күйі. Кристалды полимерлер үш өлшемді арғы реттілігімен сипатталатын текшелену тығыздығы өте жоғары қосылыстар. Олардың кристалдық торын бұзу үшін көп энергия қажет. Сондықтан кристалдық полюссіз полимерлер сәйкес полюссіз еріткіштердің өзінде де бөлме температурасында ерімейді.
Тағы рефераттар