Сайрам ауданы туралы қазақша реферат
Облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік аумақтық бөлік. 1928 ж. құрылған. Жерінің аумағы 1,7 мың шаршы шақырым, облыс жерінің 1,4%-ы. Тұрғын саны 241,8 мың адам. Аудан аумағындағы 73 елді мекен 17 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы — Ақсу ауылы.
Аудан жері негізінен оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу жатқан тауетектік жазық: кей жері төбелі, сайлы-жыралы келеді. Климаты континенттік, қысы біршама жылы, жазы ыстық, қуаң, аңызақты. Ауаның орташа температурасы қаңтарда 3-4°С, шілдеде 24-26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250-350 мм-ді құрайды. Аудан жерімен Арыс, Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтеді. Аудан аумағында құрылысқа қажетті материалдардың кен орны бар. Жерінің басым бөлігі сұр, сұр-қоңыр топырақты. Аудан жерінің көп бөлігі жыртылған. Табиғи өсімдік егістік, сай-жыралардың беткейлерінде ғана сақталған, жусан, жантақ, жыңғыз өзен бойында кездеседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, борсық, саршұнақ, қырғауыл, бөдене, кекілік мекендейді.
Тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Халқының негізгі бөлігі өзбектер 64,1%, қазақтар — 26,2%, түріктер — 3,3%, әзербайжандар — 1,2%-ды құрайды. Орналасу тығыздығы орташа есеппен 1 шаршы шақырым жерге 135 адамнан келеді (облыстағы халқы ең тығыз орналасқан ауданның бірі). ірі елді мекендері: Ақсу ауылы (26,4 мың адам), Қарабұлақ (32,8), Сайрам (28,3). Қарасу (8,1), Базаркақпа (5,8), Көлкент (5,5), Қаратөбе (4,9), Қожақорған (4,7), Тассай (4,3), Ақсуабат (3,9), Көмешбұлақ (3,9), Бадам (3,9), Қарабастау (3,8), Ақбұлақ (3,5), Бадам (3,1), Мәртебе (3,0) ауылдары. Ауданда сүтті-етті мал, биязы жүнді қой, мал азықтық дақыл, астық, көкөніс, жеміс, жүзім, сүт өндіруге мамандандырылған 7 ұжымшар, 5 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі, облыстық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы болған. Олардың негізінде ОК, ЖШС, АҚ және 4739 шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Аудандағы ірі кәсіпорындар: «Манкентсельмаш» АҚ — ауыл шаруашылық машиналарын, «Жер-Ана» ЖШС — жеміс-көкөніс консервілерін, «Арай» ЖШС — өсімдік майын, «Оңтүстік құс» АҚ — жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы, құс еті, құс етінен жасалған шұжық, «Ақсу» ӨК — ауыл шаруашылық өнімдерін өндіреді. Кірпіш зауыты жұмыс істейді. 2003 ж. ауыл кәсіпорындары 4316,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін, соның ішінде 117 т ет және құс еті өнімдері, 4797 т өсімдік майы және тоң майын, 35,8 мың т дәннен және өсімдіктен алынған ұн, 41,4 мың т мал үшін дайын жем, 38,6 мың л жүзім шарабы, 73,6 мың л шырындар өндірді. Аудан ет-сүт өндіру, шошқа, құс өсіруге мамандандырылған. Ауыл шаруашылық тауарын өндіруде облыс бойынша 8,4%-ы құрайды. Облыстағы ірі қара малдың 18,4%, сиырдың 14,7%, кой мен ешкінің 6,4%, шошқаның — 30.1%, жылқының 13,4% өсіріледі. Ауданның ауыл шаруашылық жалпы өнімінің 44,1%-ын ет, сүт, жұмыртқа өндірісі құрайды. Ауданда облыстағы бидай егістігінің 15,1%, арнаның 10,65%, қант қызылшасының 87,0%, мақсарының 14,5%, картоптың 17,3%, көкөністің 14,8%, жеміс-жидектің 21,2%, жүзімдіктің 17,8% орналасқан. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құрылымындағы 19,5%- көкөніс, 12,9%-дәнді дақыл, 6,6%- картоп өндірісінің үлесіне тиеді.
Білім беру, ағарту салаларында жалпы білім беретін, спорт, музыка, кәсіптік-техникалық мектептері, бала-бақшалары жұмыс істейді. Мәдени мекемелерден драма театры, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласынан 2 облыстық аурухана бөлімшелері, аудандық емхана, амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. 1932 жылдан қазақ, орыс, өзбек тілдерінде аудандық газет шығарылды. Минералды сумен емдейтін «Манкент» санаторийі жұмыс істейді. Көне Сайрам екі мың жыл бойы Ұлы Жібек жолының бойында жатты. 8-12 ғғ. болған Сайрам қаласы ұлы ғұлама Қ.А.Иассаудің кіндік қаны тамған жер. Қаланың орны тарихи ескерткіш ретінде сақталған.
Тағы рефераттар
- Арыс ауданының ішкі сулары
- МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫ БУЫНЫ РЕТІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРАТЫН РӨЛІ
- 1917-1930 жж. кеңес өкіметінің музей ісіне арналған іс-әрекеттері
- Ақтөбе облысы әкімдігінің жұмыс процестері
- Мемлекеттік стандарттар мен құжаттар