Сары батыр — қазақ сардары, он екі атасына дейін атынан түспей, сауытын шешпей ел қорғаған адам. Уақ нәсілінің немересі Қарақасқа атты Қамбар болса, оның немересі Ер Көкше, шөбересі – Ер Қосай. Бұл үшеуінің аңызға бергісіз ерліктерін халқы жырға қосқан. Белгілі жыраулар қисса-дастандар арнаған. Соңғы екеуі «Манас» жырында да аталады. Олардан бергі Бетеге, Қылды, Өтеміс батырлар туралы ел аузында әңгімелер көп. Сары мен Баян осылардың ұрпағы.
Ертеде оттай өжет сол Уақтың,
Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің, Ер Көкшенің,
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған.
Баянның ер ағасы – Батыр Сары,
Қос қыран тізе қосып жауын қуған.
Арқамдай жер жүзінде жау бола ма?
Айбында Алашымдай ел бола ма?
Алашта ертеде өткен екі арыстан,
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?
Солардың нәсілінен Сары-Баян,
Барыстай ойын салған сар далада, — деп Мағжан ақын «Батыр Баян» поэмасында жырлаған болса, Шоқан Уәлиханов «Историческое предания о батырах ХVІІІ в.» деген еңбегінде былай деп жазады: «Это любимец Абылая (Баян туралы) и первый храбрец того времени. Родом был из рода Уак-Кирея и был в одном из набегов на калмыков братом своим батыром Сары, чего часто называют их вместе Сары-Баян».
Қос батыр жайында Шоқан мен Мағжан кәрі құлақ қариялардың әңгімелерін негізге алып жазса, Тәтіқара, Үмбетейлер – талай жорықтарда бірге болып, батырлығын көздерімен көрген жыраулар. Тәтіқара былай деп жырлайды:
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Дербісәлі Мандайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпаған,
Сары менен Уақты айт Уақтағы.
Сары мен Баянның замандасы Үмбетей жырау ағайынды қос батырды Қабанбай, Бөгенбай мен бірге қояды:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары Баян мен Сағымбай,
Қырмап па еді жауынды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соңы Абылай!
Маңызды жорықтарға аттанарда Абылай ханның Сары мен Баянды іздейтіні, кешіксе тосатыны, Мағжанның поэмасымен қатар, басқа да шығармалар да кездеседі. Мысалы, Абылай хан жинағында «Абылай хан атақты, ардақты, бақытты хан болған күнде Уақ Сары, Баянсыз, Балта Керей Тұрсынбайсыз, Шанышқалы Бердіқожа, Көкжал Барақ, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды» деп жазылған. Бұл жөнінде «Батыр Баян» фильімінде де жақсы көрсетіледі.
Сары батырды басқалардан жақсы білетін, әрі ұстазы Қожаберген жырау атақты «Елім-ай» дастанында ол туралы бірнеше жерде атап кетеді:
Қиыншылық ылғи болмас әлі-ақ өтер,
Сарбаздар жауды ұзатпай тентіретер.
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай Көшек,
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер.
Қожаберген шығармаларында Сары батыр Ерсары деп аталады. Жырау Ордабасы (қазақ жасақтарының қолбасшысы, 1680-1712 жж. болған кезінде Сары батырды жастайынан жасағына алған, соғыс ісіне үйреткен. Алғашқы ұрыстардан-ақ көзге түскен бала батырды Ерсары деп атап кеткен.
Сары батырды ХVІІ ғасырдың 90-шы жылдарының басында туған деп жүр. Ол немере інісі Батыр Баяннан екі мүшелдей үлкен болса керек. Батыр Баянның туған жылы – 1714 жыл. Сары батыр Павлодар облысының Жезді елді-мекенінде дүниеге келген. Бұл кезде уақ руының қонысы сол жер болған. [10, б.202]
Он жеті жасында Ерсары Қожаберген батырдың қолына қосылған. Жорықтарда Бөгенбай батырдың серігі болған. Оба өзенінің батысында қалмақтардың 10 мың қолымен соғысып астындағы көк тұйғын тұлпармен және өзінің асқан ерлігімен көзге түскен. Ұраны — «Жаубасар». Жаубасар бабасы қарақытайлармен айқасқан.
Ерсары сексенге клелген шақта Еділ бойындағы қалмақтардың қонысы ата жұрты жоңғарға өтпекші болып, қазақ жерін басып, малын алмақшы болады. Абылай ханның бұйрығымен Сары батыр Керей-Уақтың 1000 жасағын басқарып, Еділ-Жайықтың арасында Ұрсайда қалмақтармен соғысады. Қалмақтар айла жасап батырдың жолына ор қаздырып қояды. Абайсызда Көктұйғын тұлпар орға түсіп, аяғын сындырып алады. Құлап түскен Ерсарыға жаулар лап қояды. Сол кезде Ноян батыр әкесін жау қолынан қорғап қалады. Бірақ қатты жараланған батыр көп ұзамай көз жұмады. [9, б.143]
Ерсары батырдың қайтыс болған жылы мен зираты да белгілі. 1771 жылы 80-нің үстіне шықса да, үйде отыра алмай (Қожаберген жырау да 60 жылдай өмірін ат үстінде өткізіп, жоңғарлардың жеңілісінен кейін 82 жасында садағын немересіне аманаттаған дейді). Еділ бойындағы қалмақтармен соғыста ауыр жараланып, содан айықпаған күйі 81 жасында көз жұмады. Зираты Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы Докучаев ауылынан 4-5 шақырым жерде. Үй орнындай обаны жергілікті тұғындар сары оба деп атап кеткен. Басқа белгі жоқ.
Тағы рефераттар
- Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдардың қалыптасу кезеңдері
- Имидж түсінігінің құрылуы. Сыртқы келбет
- Қарт адамдардың өмiр ұзактылығы
- Алтын жүлге
- Ойлау