Қазақ – ежелден шешен халық. Халықтың өзіндік тыныс-тіршілігі бар. Мысалы ел ішіндегі түрлі мәмілегерлік мәселелер, оларды шешіп, реттеп отырудың қарапайым халықтық тәсілдері айрықша. Дәстүрлі шешендік өнердің дами түсуіне әсер еткен жәйттердің бірі осы болса керек. Біз өзге халықтардың салт-дәстүрлерінде кездесе бермейтін қазақ халқының өзіне ғана тән айрықша құбылыс деп бағалауға тиіспіз.
Халық алдында талқыланатын дау-жанжал, билік-бітім сөздері қазақ билерінен шешендікті, ойдың жүйріктігін талап еткен. Мұндай сын сәттерде ел басқарған билеріміз бен хандарымыз халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білетіндігін көрсетуі керек болған. Халық көп жиналатын астар мен тойларда, жәрмеңке-жиындарда, сан алуан дауларда қаралып отырған. Ауылдағы ойын-сауықтарда, мәслихат-жиындарда, жай отырыстарда да көпті көрген қарттар үлгілі сөз айтып отыратын салттар болған. Бұл үрдіс ел арасында қазір де жалғасын тауып отыр.
Халық даналығының жас ұрпақты тапқырлыққка, өткірлікке, адамгершілікке баулуда тәрбиелік мәні ұшан-теңіз. Осы маңызы зор мәселені алғаш дұрыс түсінген ағартушы-ғалым Ы. Алтынсарин. Ғалымның «Хрестоматиясына» тұңғыш рет енген тапқырлық-шешендік сөздер осының айқын дәлелі. Айталық «Жәнібек батыр» әңгімесінде ел кезіп көнекөз қариялардан бата алып өскен Қаракерей Соқыр Абыз «Алдыңа келсе әділдігіңді аяма – аймағың кетпес алдыңнан», «Жолдастың мыңын алма, бірін ал, бір кісі мың кісіге олжа салатұғын, олжаңды аямасаң жолдасың қалмас қасыңнан» дейді. Кіші жүздің тоқсанға келген Тойжан биі «Өгізді өрге салма – қанатың талар, жаманға жүзіңді салма – сағың сынар» деген өсиет айтады. Ел билеген Жәнібек бидің өмірін жас ұрпаққа өнеге етеді.
Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде алғашқы зерттеушілердің бірі М.Әуезов. Отызыншы жылдары шешендік сөздерді жинау, зерттеу ісінің басында С. Сейфуллин болды. Ол өз еңбегінде шешендік сөздерді дербес жанр ретінде қарастырды. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің қайнар көзі, өнегеліліктің тамаша үлгісі – қазақ халқының шешендік сөздерін бата-тілектен бастауға болар еді, одан соң өнегелі өсиет сөздерді, жер дауы, ер құны секілді дау-талап, келіссөзді қамту керек. Қазақ халқында жерге, елге, малға айтылатын пәлсапаға толы шешендік өнердің алуан түрі бар. Асан Қайғының «Он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты екен, әттең аттың сауырына сыймайды-ау, артыма сала кетер едім» деп жерге, «Жалқұйрығы қанат екен, төрт аяғы болат екен, айдаса жаудыкі екен, ысқырса желдікі екен» деп жылқыға айтқан сөздері шешендіктің үлгісі.
Шешендік сөздерді атадан бала қайталап отырған. Бұл — халық басынан кешірген алуан түрлі оқиғалардың нәтижесінде туған келелі ойдың қорытындысы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Жас ұрпаққа арналған қазақтың шешендік арнау, нақыл сөздерінің мән-мағынасы терең мәселе.
Бала болсаң – болғандай боп,
Ағайынға қонғандай бол.
Досыңа майыспа,
Дұшпаныңа қайыспа.
Жаман болсаң көп жақсы,
Жақсы болсаң ел жақсы.
Арғымақ мінген байлардың,
Тойға мұқтаж күні бар.
Май шайнаған билердің
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның
Елге мұқтаж күні бар.
Басқа бақ жарасады,
Батырға жаз жарасады.
Аталы ерден би туса,
Халықтың пайдасына жанасады.
Жақсы адамға мал бітсе,
Ағйынның жоғына қарасады.
Жаман адамға мал бітсе,
Көргенмен итше таласады.
(Халық даналығы)
Қазақ халқында ел арасында туындаған даулы мәселелерге халықтың әдет-ғұрпында сүйенім әділ баға беріліп отырған. Жер дауы, жесір дауы, мал дауы ғана емес, ар-намыс, абырой үшін туған айтыс-тартыстар да мәміле-сөздерге тоқтаған. Осының бәрінің мән-мағынасында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие боларлық терең ғибрат, үлгі-өнеге жатыр.
Адам өмірінде елеулі орын алып, оның өсіп-жетілуіне, ақыл-ой өрісінің дамуына, соның ішінде түрлі сезімдердің оянуына ықпал ететін біздің ата-бабамыздан қалған лиро-эпостық жырлар, ертегілер, поэма, жұмбақ, мақал-мәтелдер болып, жас ұрпақтың одан әрі дамуына, өнегелілік қасиеттерінің қалыптасуына үлкен үлесін қосады. Мәселен, ертегіні жастайынан балаға айтып, жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің ісін баяндап отырсақ, олардың ақыл-ой өрісінің дамуына ықпал ете аламыз.
Мақал-мәтелдер мен жұмбақ пен аңыздар да адамның құлақ қағысына ықпал ете алады.
«Отан –оттан да ыстық», «Отан — отбасыдан басталады», «Отан үшін отқа түс күймейсің» т.б. секілді мақалдардың әрбір жастардың ойынан түспейтіні рас. Бұл мақалдарда Отанның қаншалықты қымбат әрі екенін дәлелдеп, оны сүйіп қастерлеуге үйретеді.
Мақал-мәтелдерді күнделікті тұрмыста, қызметте, оқу орындарында, мектептерде қолданады. Мақал-мәтелдер кез-келген адамның рухани, адамгершілік, өнегелілік қасиеттерін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Өмірдің жалғасы жас ұрпағыңды жақсылап өсір деген сөзі ғой. Еліміз өз ұрпағының жаны, дені сау, құлықты да парасатты, білімді де инабатты, өз елін сүйетін, оны қорғай алатын, ана тілінің уызына қанып, ұлттың рухымен қанағаттанған халық перзенті болуға арман етеді.
Қазақтың шешендік сөздері, ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан ертегілеріне дейін жас ұрпақ тәрбиесінің теңдесі жоқ құралы деуге болады. Тек қана соларды дұрыс пайдалана білу, қолдану жэағы ақсап жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан тәрбие саласында қызмет атқаратын мамандар қызметі барысында ұлттық қасиетімізді молайтуға септігін тигізер халықтық мұраларымызға көп көңіл бөлуі тиіс.
Тағы рефераттар
- Ұйымдастыру басқару функциясы ретінде
- Ресей ХVIII ғасыр
- Күйлердің шығу тарихы туралы аңыз — әңгімелер Қорқыт “Башпай”
- Қазақ жеріндегі меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері
- КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ курстық жұмыс