Шығыс Қазақстанның күйшілік мектебі туралы қазақша реферат
Қазақ күйлерінің архаикалық (байырғы) түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде мейлінше мол сақталған. Күйлердің орындалу машығы көнеден келе жатқан дәстүр екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған жан оның барша түркі-мұңғұл (ғұндар деген ұғымда. Ж.Ж.) нәсіліне ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Күйлердің аттары тотемдік наным-сенімдерге құрылған, мысалы, «Самұрық», «Ақсақ марал», «Боз інген», «Бұлғын мен Сусар», «Ағаш ат», «Жорға аю», тағы басқалар. Алтай күйлерінің өзге мектептерден ерекшелігінің бірден-бір белгісі — олардың әуелден домбыра, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген аспаптарына ортақ саз ретінде туғандығы (музыкатанушы П.Шегебаевтың пікірі). Сондықтан, домбыра күйлері осы аспаптардағы бояулар арқылы аса байытылғаны айдан анық көрініп тұрады. Қыпшақ-Оғыз заманынан қалған көмекей ғырыл (бурдон) дыбысты аспапта сақтай отырып күй толғау қазақ жерінде тек шығыста ғана сақталған, (көмекеймен жыр айту үрдісі Сыр өңірінде жақсы дамыған десек те, ол жердің аспаптық шығармаларында бурдондық тәсіл қолдану жоқ) ол тек сыбызғыда емес, домбыра күйлерінде де кең қолданылады, әсіресе теріс бұраудағы шертісте көп.
Күйлердің құрылысы қайырмалы ән формасымен өрілген, сағаны қуып дамыту, тондық тұғырды (тональность) ауыстыру, ладты өзгерту мүлде жоқтың қасы. Кез келген алтайлық шығарма тұтастай екі немесе үш рет қайталанып орындалады, финалында бастапқы тақырып еміс еске түсіріле шолақ қайырылып аяқталады.
Күй мінезі асқақ, соған сәйкес ырғақтары да біркелкі – жүрдек, қайғылы күйлердің өзінде мажордағы салтанат тәкәппарланып тұратыны бізден басқа ұлттың ұғымына түсініксіз де шығар («Аңшының зары», «Бөкен жарғақ» т.б.). Шығысқазақстандық күйшілік мектептің тағы бір қыры — жоғарыда айтылған тотемдік нанымнан туған күйлер орындалғанда домбырашы белгілі бір аңның немесе жануардың мінез-құлығын аспапта суреттеуге ұмтыла қоймайтыны, керісінше, тақырыптағы мақұлық пен күйшінің ортасында құпия тілдесу (диолог) үрдісі пайда болады, нәтижесінде — біз бейнелеуден бөтен, тұтас екеуара сұхбатқа құрылған жораның (ритуал) куәсі боламыз.
Шертпе күйлердің ішінде орындалуы, техникалық жағынан меңгерілуі ауыры — осы мектеп, себебі, мұнда ілме қағыс, терме (шектерді термелеу) қағыс, сол қолда кездесетін тайғанақ әдіс, ысырма әдістерді айтпағанның өзінде күйдің аңыздық, программалық ізі дәстүрлі методиканың дәрістерін керек етеді. Шығыс Қазақстаннан шыққан дәстүрлі күйшілер – Байжігіт, Бейсембі, Жүнісбай Стамбайұлы, Шақабай Шалап батыр, Сақбике, Терістаңбалы Мүкей, Раздық, Шотайбай, Масығұт, Бейісбай, Әшім, Бағаналы Саятөлекұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Таласбек Әсемқұлов, Жарқын Шәкәрімов, Білал Ысқақов, Тұрсынғазы Баяқов, Қазен Әбуғазин, Қабікей Ақмерұлы.
Қазіргі кезде бұл мектептің ізін жалғастырып жүрген азаматтар ретінде — Секен Тұрысбеков, Мұрат Әбуғазин, Мұқаш Таңғыт, Еркін Ерген, Ертай Барлықов, Әсет Дәненов, Анар Кітапова сияқты дарынды күйшілерді атай аламыз.
Шығыс күйшілік мектебін алғаш зерттеген — Уәли Бекенов. Ол «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты кітаптар жазып шығыстық күй мектебінің ерекшеліктерін ашып көрсетті. Осындай абыройлы еңбек — жазушы Мұхтар Мағауинге де тиесілі. Ол Байжігіт мұрасын ұлттық қазынамыз ретінде алғаш таныған, күйлерінің жарық көруіне көп септігі тиген адам. Шығыс күйшілігіне арнайы ғылыми талдау жасаған – музыкатанушы Пернебек Шегебаев. Оның мақалаларында домбыра күйлерімен қатар сыбызғы күйлері де тарихи дамуы мен құрылымы жағынан жан — жақты зерттелген. Шығыс Қазақстандық күй мектебі туралы этнограф ғалым — Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» монографиясында қазіргі кәсіби күйшілікке әдістемелік бағдар бере алатын терең талдаулар жазды.
Қазіргі кәсіби оқыту тәжірибесінде шығыс күйлері сирек орындалады, бұл оның әлі тыңғылықты зерттеуді керек ететінін көрсетеді, күйлер ішінара (У.Бекенов, Б.Ысқақов, М.Әбуғазин) нотаға түсірілгенмен орындаушылық мәдениетінің ашылуы толық тізгін бере қойған жоқ. Нағыз орындаушылар өз дәуірінде өнерлерін елге ұсынып, тұзы таусылған соң бірінің артынан бірі кетіп жатыр. Олардың көнеден қалған шертпелік мектебі кейінгі ұрпаққа толық жалғасып отыр деп айту қиын.
Алтай күйлерінің өзге мектептерден бөлектігі күйдің сыбызғы мен домбырада қатар орындалатыны. Домбырадағы күйлердің бәрі дерлік сыбызғыда тартыла береді, және ол тақырыбы жағынан да бұзыла қоймайды. Осы дәстүрдің жалғасуын бүгінде шертпе күйдің шебері — С.Тұрысбековтің «Балауса» күйінен көре аламыз. Сазгер бұл шығармасын домбыра мен сыбызғыға тел шығарған. Сыбызғы күйлерін жинақтаушы, кәсіби сыбызғы мектебінің тұңғыш ұстазы — Т.Мұқышев Байөлке күйлерінің ноталық жазбаларын кітапқа кіргізді, онда атақты Кәлек сыбызғышының күйді екі аспапта қатар тартатын шеберлігі айтылады. Бұл Алтай күй мектебінің байырғы мәдениетке жататынын көрсетеді, жалпықазақтық күйшіліктің жерұйығы – Алтай екендігінің бұлтартпас айғағы.
Тағы рефераттар
- Қазақ қыздары соғыста және тарихи сандар
- Туризмді жіктеудің теориялық-экономикалық көзқарастары
- Кәсіпорын активтерінің рентабельділігі мен айналымдылығын талдау
- Мемлекет және құқық теориясының пәні мен әдістерін талдау мәселелері курстық жұмыс
- Особенности профессии «Ассистент патологоанатома»