Сүйінбай айтыс өнерінің алтын діңгегі.

(М. Әуезов.) 

Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктеріндегі Алматыға тиіп тұрған Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туып, 1898 жылы 83 жасында дүние салған. Болашақ даңқты жырау жасында жоқшылық тауқыметін көп тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Кожахмет Тұрлыбайұлы бір өлеңінде:

 

Сүйінбай он жасында қалды жетім,

Жылаумен секпіл басқан екі бетін.

Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен

Алланың көрмеймісің құдіретін, –

 

деп, Сүйінбайдың бала кезі туралы нақты дерек келтіре отырып, жетім баланың ақындық өнердің шыңына шырқағандығына таңданады. Белгілі бір адамның бойындағы басқаларда жоқ ерекше қасиеттері, соның ішінде ақындық өнері туралы да, халық: «тұқымында бар», «өлең (ақындық) қонған» дейді. Мұның мәнісі: тегінде – аталары немесе нағашыларында бар ақындық түптің-түбінде ұл-қыздарының біріне көшеді дегенді білдіреді. Сүйінбайдың 13-14 жасында шығарған «Түс» деген өлеңінде осындай ойға бастайтын құбылыс жайында сөз болады. Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп, ұйқысынан өлеңдетіп оянғанын ол қожайынына былайша баяндайды:

 

Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» – деді,»көген» –деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған.

Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,

Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!

Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді

Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!

Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,

Әйтеуір, тегін емес Сүйінбайың.

Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен

Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын…

 

Түс көріп, ақын немесе сазгер, т.б. болып ояну секілді жағдайлар болашақ өнер иелерінің өмірінде кездесе береді. Сүйінбайдың рухына табынумен өткен ұлы шәкірті – Жамбыл да:

 

Өлең кірген түсіне

Жөргегінде мен болам.

Қинама, әке, қинама,

Болмас енді зорлаған, –

 

демей ме?! Тұла бойын өлең кернеп тұрған соң осылай деген де.

Ал шыққан тегі жағынан келгенде, жыраудың арғы атасы Күсеп әрі ақын, әрі қобызшы болса, нағашысы Қабан Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы сол нағашы атасының кешінен қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты.

Сөйтіп, Сүйінбай 13-15 жасынан ақындық жолын қуады. Баяғының неше алуан жыр-дастандарын, аңыз-қиссаларын жиын-тойларда жатқа айтып, өз жанынан да шығарады.

Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмір серік еткен жыраудың 60 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы ұшан-теңіз болған. «Соққан желдей, аққан селдей» өрен жүйріктің ақындармен айтыстары, ел қорғаған ерлерге арнаған ұзақ жырлары, арнау, сықақ-сын, мінездеме, қағытпа өлеңдері, өмір туралы толғаныстары өте көп болған. Өкініштісі, соның бәрі біздің дәуірімізге түгел жетпеген. Ал бізге жеткен туындылары Сүйінбайдың табан астында тауып айтатын ғажайып тапқыр, сөздің реті келгенде «ешкімнің атағына бас ұрмайтын, басынан құс асырмайтын» әділ де турашыл, даңғыл да дана ақын болғанын көрсетеді. Сүйекеңді қазақ өлеңінің ғана емес, қырғыз елінің де атақты ақындары дара талант ретінде бағалаған. XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінің өлең туын аспандатқан Жамбыл бастаған саңлақ таланттары Сүйекеңнің шәкіртіміз деп, ұлы ақынды пір тұтқан. Жамбылдың:

 

Бата берген Сүйінбай, –

Жырдың тіккен туындай…

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы, –

 

деп ардақтауы сондықтан.

 

Елдігіміздің аса маңызды нышаны – тұңғыш теңгемізде Сүйекең бейнесінің болғаны халықтың қадірменді ақынына деген зор сүйіспеншілігін танытса керек.

Сүйінбай шығармашылығы

Сүйінбай – XIX ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың соңына дейін алпыс жылдан астам іркіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті ақын-жырау. Оның өлеңдері мен айтыстарында XIX ғасырдағы қазақ елінің өмір-тіршілігі, арман-мұраты көрініс тапқан. Жасынан қолында билігі мен байлығы барлардың кедей- кепшікке көрсеткен зорлық-зомбылығын, әлеуметтік әділетсіздікті көріп-біліп өскен ол қара халықтың жоқшысы болды. Би мен бектің, атқа мінерлердің халыққа жасаған қиянаттарын алмастай өткір жырлармен естен кетпестей қып бетіне басты. Ел бірлігін, оның тәуелсіздігін, сол жолдағы ерлердің жанқиярлығын талмай жырлады. Ол өзінің бұл биік адамгершілік-этикалық ұстанымын жолын қуған талантты шәкірттерінің көкірегіне құйып отырған. Қаратай, Өтеген, Сұраншы, Сауырық, Сыпатай сияқты жоңғар қалмақтарына соққы берген, Жетісуды Қоқан басқыншыларынан азат еткен даңқты батырлар жайында Жамбыл бастаған кейінгі ақындар Сүйінбайдан қалған үлгімен жырлаған. Қырғыз эпосы «Манас», көне түркілік «Көрұғлы», түбі шығыстық «Шахнама», «Тотының тоқсан тарауы» тәрізді ұлы туындыларды жырлап, келесі ұрпаққа жеткізген.

Өлеңдері

Сүйінбай – ірі ақын. Сондықтан оның қозғаған тақырып, көтерген мәселелері де ірі болып келеді, соған орай ойы да өрелі, тілі де өрнекті шығады.

Сүйінбай үнемі халыққа арқа сүйеп, ру емес, тайпа емес, тұтас елдің мүддесін жырлайды, ел үшін оттан да, судан да тайынбай, өмірін қиған ерлерді мадақтайды. Елдік, ерлік идеясы – Сүйінбайдың өлеңдері мен жыр-дастандарының, айтыстарының өн бойына тартылған өзекті идеясы.

Ақын шығармаларының бір парасы осы елдік пен ерлік тақырыбына арналған. Солардың ішінде елдік пен ерліктің гимні іспетті «Бөрілі менің байрағым» өлеңінің орны бөлек. Онда бір тайпа елдің ғана емес, бүкіл қазақтың, түпкі тегі – көк бөріге сиынған, оның басын ту етіп, тұлпар мініп, елін қорғаған сонау хүн-түркі заманынан қанына сіңген халық рухы есіп тұр.

 

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен, –

 

деп басталатын өлең шумағынан дүркірей жөнелген қалың қолдың дүбірі, әр сөзінің саф алтындай салмақты мағынасы, елдің намысы, бүтіндігі жолында бір ту астына жиналғандардың бөлінбес бірлігі, бөгеліп, іркіліп көрмеген өршіл өжеттігі атойлап тұр.

Төрт жолдың басындағы сөздердің: «Бөрілі, Бөгеліп, Бөрідей, Бөлініп» делінетін дыбыстық үндестігі де үлкен ақындық шабыт пен шеберлікті паш етеді.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз.

Қарасайлап шабамыз,

Қызыл қанға батамыз.

 

Бәрі байрақ көтерсе,

Жоқты жонып табамыз…

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым.

 

Мұндай жігерлі сөздерді ерлікті, бірлікті қастерлеуші ғана емес, өзі де іркілмес ер, қайтпас батыр ақын ғана айта алса керек. Жазатайым бөрілі байрақ құласа, намыстан талқан боп күйреп қалатын, бөрілі байрақ астында қабақ шытпай қанға бататын, бөрілі байрақ көтерілсе, жоқты бар қылатын, барды зор қылатын, бөрілі байрақты көргенде қаны қайнап, қайраты тасып, бойын намыс кернейтін ерліктің, елдіктің жыры осылай-ақ жырланатын болар. Ақын елдіктің, еркіндіктің символы – бөрілі байрақ арқылы халықтың намысы мен жігерін қайрап, қанын қыздырып, бірлікке, ерлікке, елдікке шақырады.

Ақынның «Ту алып жауға шапсаң сен» – деген өлеңінің рухынан да атынан да көрініп тұрғандай, осы өлеңмен үндес. Онда атақты батырлар Сұраншы мен Сауырыққа ақын өзі ат сабылтып келіп, «Сарыкемердегі елді Қоқандықтар шауып кеткенде, бұл жатыстарың не жатыс»:

 

Қоқанның қолы мықты деп,

Жатырмысың жабығып, –

 

деп, қос батырдың намысына тие сөйлейді, әрі қарай ақын:

 

Батыр елден шығады,

Ұрандап жауға шабатын.

Ақын елден шығады,

Айтыста шалып жығатын… –

 

деп, батырлық пен ақындықтың елге қызмет ететіні, сонда ғана аттарына сай болатыны жайында мәнді ой айтады. Қоқанның ханы Құдиярдың қағынып, елге жасаған зұлымдығын айта келіп, бұрынғы өткен Қарасай батырды:

 

Тобын бұзып дұшпанның,

Жауына жеке тиетін, –

деп үлгі етеді де:

Ел шетіне жау келсе,

Беліне садақ ілетін

Еңіреген ерлер қайда екен?!

деп, сұрақ тастайды.

Қазақ қазақ болғалы,

Қазақ атқа қонғалы,

Не көрмеді бұл елім?! –

 

деп, кемеңгер жырау бүкіл қазақ елінің басынан өткен ауыр күндерді еске түсіріп, қинала күрсінеді. Мұның бәрін ол алдындағы екі батырға ой салу, шамырқандыру мақсатымен айтып отыр. Соңында өмір-бұйрықтай сөздермен:

 

Ақтұяқ атқа мінесің,

Бүгін маған ересің, –

 

дей келіп, – «Сұраншы, Сауырықтай ерлеріне елі де ереді», – деп, еліне де, батырларына да сенім білдіреді. Бұдан ақынның арғы-бергіден жете хабардарлығы да, көңілі жүйрік, көрегендігі де көрінеді.

Елдік пен ерліктің бірлігі ақынның «Сұраншы батыр», «Жабай батыр» толғаулары мен айтыстарында, соның ішінде қырғыздың атақты ақындары Қатаған, Арыстанбектермен айтыстарында, басқа да өлең, термелерінде кеңінен жырланады.

Сүйінбай шығармашылығында көлемі жағынан арнау өлеңдер қомақты орын алады. Соның ішінде, әсіресе Сүйінбайдың ақындық болмысы мен темпераментін танытатын, идеялық мазмұны мәнді, көркемдік шеберлігі жоғары бір шоғыр туындылары – халқын ойламайтын билеушілерге, «атқа мінерлер» деп аталатындарға арнау түрінде шығарылған өлеңдері. Және солардың бәрі дерлік аттары аталатын төре, болыс, манаптардың сыртынан емес, бетпе-бет отырып, шаршы топтың алдында айтылған жырлар.

Есте болатын бір жайт, мұндай «атқа мінерлердің» отаршылардың шен-шекпеніне сатылып, өз халқын қосыла тонағанын, ұлықтар алдында «қыздан да қылықты» (Дулат жырау) жағымпаздығын, елге келіп «бергенім жоқ белімді» (Абай) деп күпінетін екіжүзділігі мен намыссыздығын, т.б. сынау, шенеу, жалпы алғанда, бүкіл XIX ғасыр әдебиетіне тән басты сипат. Ал Сүйінбай сол ғасыр әдебиетінің реалистік, демократиялық, халықтық бағытын тудырған сыншыл да шыншыл ақындар тобының алдыңғы санында болды. Оның ащы сын-сықағын шығыста Барақ, Кеңесбай, Сүлеймен сияқты төрелердің міндерін бетіне басқан Дулат жырау Бабатайұлы, батыста өзін жарты патша санаған Баймағамбет сұлтанды жерге қаратқан Шернияз сықылды от ауызды, орақ тілді ақын-жыраулар туындыларындағы сатирамен салыстыруға болады. Сүйінбайдың олардан бір өзгешелігі – оның қатты сынайтын адамның бірі – Тезек төре Жетісудың билеушісі ғана емес, дарынды ақыны да еді, ал Үмбетәлі – қырғыз елінің қаһарлы ханы болатын.

«Төрелерге» деген өлеңінде Сүйінбай бір өңірдің атқа мінерлерінің нашарға жасаған қиянатын, зорлығын, әділетсіздігін бас-басына тізіп айтып шығады.

 

Дәулетбақтан – Ноғайбай, сен бір арсыз,

Байсүгір – Қараталдан тұғыянсыз.

Ыстанбек, төремін деп мақтанбағын,

Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз.

Дүниеден Сарыбай да кетті көшіп,

Бұл жерде Нарбота отыр желдей есіп.

Алдыңа бір жауапкер екей келсе,

Түйе басы тоғызды салма кесіп.

Ала бұқа көзденген Атамқұл бай,

Жұртыңа жақсы болсаң, боласың жай.

Құланаян, маржаны айдап жедің,

Тәңір алдына барғанда қайтесің-ай!

 

Ақын әрі қарай әр билеушінің қиянатының түрін, әдіс-айласын атап көрсетеді.

 

Біреудің көз саласың құзырына,

Мен тұрмын аң-таң болып қызығыңа.

Аударып ақты арамға пәре жейсің,

Не дейін әділетсіз бұзығыңа.

Келдіңдер осы топқа барайын деп,

Бір шайқам май түсе ме, қарайын деп.

Момын малын зұлымға алып беріп,

Нашардың қайтарсыңдар талайын жеп.

Айтамын білгеннен соң, көзім ашық,

Төрелер, кеп отырмын дидарласып.

Тау басына жиналған тазқаралар,

Жемей ме қарны ашса көкей жасық.

 

«Ақты арамға аударып» пара жейтіндерді, «момын малын зұлымға алып беретіндерді» жемтік көрсе жалбаңдап, «тау басына жинала қалатын тазқараларға» балайды. Бір өлкенің билігі қолдарында тұрған шонжарларды бұлайша масқаралау үшін қандай ірілік пен жүрек жұтқан батырлық керек десеңізші.

«Датқалар» деген өлеңінде ақын батыры Қарасайдай, ханы – Абылайдай болған заманды көркем тілмен кестелей келіп, датқалардың «ұрты кеуіп мақтанып», «екі ауылды егер қылатын ерлігін» мысқылдайды.

 

Елге жақпас қылығы,

Бұл заманның ұлығы.

Параменен мал жинап,

Бойынан асқан былығы.

Оязға қайтсем жағам деп,

Үзілер болды жұлыны.

Өз елін өзі қарақтап,

Ебі келсе тамақтап,

Кер ақтарған қорқаудай,

Датқалар жүр жалақтап.

 

Сүйінбай суреттеген Жетісу датқалары мен Дулат жырларындағы Семей төрелерінің бейнелерінің бір-бірінің көшірмесіндей дәлдігі қайран қаларлықтай.

Бұл топқа жататын өлеңдерінің ішінде қазақтан асып, көршілес қырғыз халқының зұлым шонжарларын жер-жебіріне жете сынаған өлеңдері де бар. Соның бірі – «Үмбетәліге» деген арнауы.

Сүйінбай бетпе-бет отырып сынайтын Үмбетәлі – қырғыз елінің ханы. Оның әкесі Орман да хандық құрған. Тарих деректері бойынша, Орман хан өте қатыгез адам болған. Оның жаз – жайлауынан, қыс – қыстауынан дар ағашы алынбаған. Үмбетәлі де әкесі сияқты тежеусіз зорлықшы болады. Орман хан асқан зорлығы, озбырлығы үшін Бұғы руы адамдарының қолынан өлім табады. Үмбетәлі әкесінің өлімі үшін Бұғылардың ауылын түгел шауып алады, бірде бір үйді сау қалдырмайды.

«Айтыс өнерінің алтын діңгегі «

XIX ғасырдың орта шендерінен бастап қазақ айтысының орталығы Жетісуға ауады. Онда айтыс өнері өрен жүйріктерінің қуатты шоғыры қалыптасады. Солардың арасында Сүйінбайдың орны ерекше болған. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов оны «айтыс өнерінің алтын діңгегі» – деп аса жоғары бағалады.

Сүйінбай – ірі айтыс ақыны. Ол ақындықты айтыстан бастап, талантының өлең сайысына бейімділігін байқатады.

 

Ақын боп жиырмамда желдей болдым,

Отызда асқар биік белдей болдым.

Отыз асып, қырыққа келгеннен соң,

Қаптаған жердің жүзін селдей болдым, –

 

деп өзі айтқандай, көп өтпей-ақ, алдына жан салмайтын айтыскер ақынға айналады.

Айтыстарының қай-қайсысынан да Сүйінбайдың ақындық мұраты анық көрініп тұрады: қайырымсыз байларды мінеп, есесі кеткен кедейлерді жақтайды, ел ішінің бірлігін жырлайды, әділдікті, батырлықты дәріптейді. Соның арқасында қарсыластарын үнемі жеңіп отырады.

 

Қарғамен айтысы

Бір қызығы – бұл өнерді Сүйінбай өзін құстың бір түрі – кәдімгі қарғамен айтыстырудан бастаған. Жоғарыда айтылғандай, ақын бала кезінде жетім қалып, бай ағайындарының алдымен қозы-лағын, кейін қойын бағып, тамағын асырайды. Сөйтіп жүрсе де, зерек, ақылды бала үлкендердің сөздері мен іс-әрекеттерінен өз пайдаларына бола қоздырған рушылдықты, байлардың, атқа мінерлердің зорлығын, өктемдігін көріп, қатты налиды. Сондай күндердің бірінде бірімен-бірі бірдеңге таласып, ұшып-қонып шуылдасқан қарғаларға он екі жасар Сүйінбайдың назары түседі. Соларға қызықтап қарап отырып, әрі Сүйінбай, әрі Қарға болып, өзімен-өзі айтысады. Бұл өзі – әлеуметтік мазмұны мәнді әрі өлеңдік сапасы да жоғары, едәуір ұзақ, қызықты айтыс. Он екі жасар баланың осындай айтыс тудыруға өресінің жеткені таңдандырады.

 

Сүйінбай:

 

Ассалаумағалейкум, қара Қарға,

Қиялап ұя сапсың биік жарға.

Шуылдап ертелі-кеш бас қатырдық,

Еліңде арыз тыңдар биің бар ма?

Саңқылдап екеу ара дес бермейсің,

Еншіге бөліспеген үйің бар ма?

 

Қарға:

 

Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,

Жазуына кім қарсы жазған һақтың.

Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,

Тәніңді жапырақпен талай жаптың.

Сені жеген жауызға біз қас болып,

Тор салып, қақпан құрып, талай қақтым.

Мен-дағы сен секілді сорлы жанмын,

Баяны, тұрағы жоқ жүрген аңмын.

Сүйкімсіз түрімізге ісіміз сай,

Ісіне жаратқанның мен де таңмын.

 

Әрі қарай қарға олардың да ішінен жуан шыққанын, шау қарға, қара қарға, құзғын қарға деген үш руға бөлінгенін, сөйтіп, үшеу ара соғысқанын баяндай келе, сөзін былай аяқтады:

 

Біздің елде би де көп, биік те көп,

Босыған, қансыраған киік те көп.

Ашынып кеттім білем, ей Сүйінбай,

Қайыршы, жетім-жесір күйік те көп,

Сорлымын соның бірі, мені қара,

Жазуы жаратқанның солай шығар,

Ісіне құдіреттің бар ма шара.

 

Сүйінбай:

 

Естідім хал-жайыңды, Қарға жаным,

Есіркер менің-дағы бар ма халім.

Көп екен ел ішінде құзғын-құмай,

Қан сорғыш, тілі майда, өңшең залым, –

 

деп, қарғаға: –  Бүйтіп берекесіз шулағанша, бірігіп егін сал, басыңды қос, әділ, турашыл бол:

 

Қарғажан, қош болып тұр, есен-аман,

Аман-саулық біліп тұр, келсе шамаң.

Немесе мақшар күні кездесерміз,

Күн туып, көрісетін болса заман, –

 

деп, қалың кедейдің жақсы күнін алдан күтіп, өріп кеткен қозы-лақтың артынан жүгіреді.

Айтыс өнеріндегі осы әдепкі адымынан-ақ, Сүйінбайдың әділдік, шындық, бірлік, адал еңбек жолын таңдағанын көреміз. Қарғамен айтысында:

 

Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ,

Шындықты айт, өлсең, сақтап беттің арын, –

 

деуі де соны көрсетеді. Айтыстағы осы және осы тектес кесек ойлар қаршадай баланың таланты мен зерделілігін танытады.

 

Тезек төремен айтысы

Сүйінбайдың тұсында Жетісуды билеген Тезек төре өзінің беделін көтеріп, даңқын асыру үшін төңірегіне атақты ақын, ділмар шешен, көсем билерді жинаған. Атақты ақындар Сүйінбай мен Бақтыбайды, әйгілі шешен Бөлтірікті де ордасына жақын ұстап, сарайының сәні, мадақтаушысы етпек болған. Бірақ бұл үшеуі де төренің ырқына жүрмеген. Ақынның Тезек төремен айтысы оның ақындығының халықтық сипатын мейлінше анық көрсетеді. Бір күні Сүйінбайдың жігіттері Тезектің екі ұрысының түнгі жортуылдан бірінің – басы жарылып, екіншісінің қолы сынып келгенін, Тезектің соған қатты ашуланып отырғанын хабарлайды. Сүйінбай Тезектің ұрыларына ұрысып жатқанының үстіне кіріп келеді де:

 

Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,

Сәлемін пайғамбардың берейін деп.

Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,

Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп.

Ассалаумағалейкум, Тезек төре!

Елден жылқы қоймаған кезеп төре.

Телі менен тентекті тыят десе,

Өзің ұрлық қыласың, әттегене!..

Хан Тезек, қарамысың, төремісің,

Жемесең ұрлық етін өлемісің?!

Жетім мен жесірлердің ақысын жеп,

Барғанда ақыретке беремісің?! –

 

дейді. Тезек ащы болғанымен, жүйелі сөзге дүрсе қоя бермей, асауға ақырындап жақындағандай, өзінің ішкі есебінен жаңылмастан:

 

Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,

Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау!

«Әр заманның бар, – дейді, – сұрқылтайы»,

Сұрқылтайым менің де екен мынау.

Атадан емес еді жолым өзге,

Болмады тоқтамасқа мына сөзге.

Үні өткір, өзі де бір зар жақ екен,

Жасырмай барлық шынды айтты көзге, –

 

деп, Сүйінбайдың турашылдығын бағалап, «сұрқылтайым», яғни сөзімді сөйлейтін жыршым бол дегенді ишарамен білдіреді, тіпті, кісілеріне: «Бір қой әкеліңдер, ақынның батасын алайық», – дейді.

Сүйінбай енді союға әкелген қойды өлеңдетіп кетеді. Ақынның тапқырлығы, сын-сықаққа жүйріктігі, байқағыш – қырағылығы таң қалдырды. Өлеңді күлмей тыңдау (оқу) да мүмкін емес.

 

Мынауың құнан қой ма, дөнен қой ма?

Мойнында мылтығы  бар мерген қой ма?

Артына жалтақ-жалтақ қарайды екен,

Бір қорлық қасекеңнен көрген қой ма?

Бердеңкесін мойнына салғызып кеп,

Атқызғалы келдің бе Сүйінбайға…

Тақсыр-ау, бұл заманның күйін ойла,

Елдің шетін күзетсіз босқа қойма.

Жаугершілік болғанда, ханды асырар,

Мерген қойды қонаққа өлсең сойма!

 

Тезек Сүйінбайға: «Келе жамандадың, жақсы сөзіңді кейінге сақтап отырған боларсың, әйелім мен қыздарымды мақтап айт» – дейді. Сүйінбай Тезектің қыздарын да («бес тиындық біреуі жоқ»), әйелін де оңдырмайды. Төре бұл әйелін түріне қызығып, Жарылқамыс дегеннен тартып алғанын тілге тиек етіп:

 

Мақтайтын Дәнекердің қай жері бар,

Жайдақтап әркім мінген бұл бір жауыр, –

 

дегенге дейін барады. Тезек төре:

 

Жақсы ақын үйге келсе, қыдыр-ырыс,

Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.

Көргенді не де болса бетке айтатын,

Адамнан сирек туар мұндай туыс.

Сүйінбай, маған сенсең өзің керек,

Баршадан ақын болып тудың ерек.

Жарамды мінетін бір ат берейін,

Соны мініп, еліңе қайт ертерек! –

 

деп, тілі зәрлі ақыннан құтылуға асығады. Қызметшілеріне бұрынырақта өзі мінетін сары атын («Ескі малдың көзіндей бір құт еді») тауып әкеліп, Сүйінбайға мінгізіңдер деп бұйырады. Сүйінбай бұл аттың кәрілігін:

 

Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді,

Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?

Кірпігіне қарасам, қурап қапты,

Тұсында Абылайдың бар ат па еді?! –

 

деп күлкі қылды.

 

Ілесіп Абылайдың бақ-дәулеті,

Мұны берсең менімен бірге кетер, –

 

деп мысқылдайды. Тезек енді айтысуды қойып, қызметшілеріне: «Үні өшкірдің, үні өшсін! Әлгі қаракер атты әкеліңдер!» – деп айқайлайды. Қаракер – келіскен-ақ, ат екен. Бірақ Сүйінбай одан да мін табады. Ол туралы өзі мен қаракер аттың алма-кезек жауаптасуы түріндегі өлеңінде қызықты етіп суреттейді. Сұңғыла ақын аттың төрт аяғы бірдей тағалаулы, «мінезі жаттығына» қарап, бір мұжықтың тәуір жылқысы екенін тап басып таниды. Амалы таусылған Тезек енді: «Үстіңде іліп алар ештеңең жоқ екен», «жаңадан киім-кешек бергізейін» дегенді айтады. Сонда өр ақын:

 

«Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,

Мен бірақ көргенімді жасырмаймын.

Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,

Басымнан ұшқан құсты асырмаймын! –

Бәрі өзіңе», –

 

деп, қоштасып, жүріп кеткен ғой!

 

Әділіне жүгінгенде, Тезектің Жетісудың жарты патшасы төре түгіл, жай адамдар да көтере бермейтін ауыр да ащы кінәлауларға төзімділік танытқанын мойындамауға болмайды. Бірақ бұл төренің Сүйінбай сынайтын қылықтарын: әділеттен тайған кездері мен халыққа жасаған қиянаттарын жуып-шая алмайды. Сүйінбайдың Сүйінбайлығы қаһарлы билеушіден тайсалмай, сый-сыяпатқа қызықпай, туралықтан таймай, шындықты жырлауында ғой.

 

«Қатаған сөзден жаңылды»

Қырғыз ханы Орман қырғыз бен көрші қазақ елінің игі жақсыларына бір жыл бұрын хабар айтып, әкесіне ас береді (1852). Осы ұлы жиында екі жақ өздерінің ең атақты ақындары Сүйінбай мен Қатағанды айтыстырады. Айтыста айқын басымдылықпен Сүйінбай жеңеді. Алайда, алдымен сөз бастаған Қатаған жыр нөсерін төпелеп, Сүйінбайды абыржытып тастағандай әсер қалдырады. Қатаған Сүйінбайға: «Құдай оңдап, қолыма өзің келіп түстің, менің қасымда сені ақын деп кім айтады», – деп бастырмалата келіп:

 

Менің атым Қатаған,

Қоңырбайдың асында

Бес жүз жылқы матаған.

Сүйінбай ақын тәуір деп,

Мұның несін атаған.

Аяғыңды тарта бас,

Қырсықты жерің таяған.

Қатағанға Сүйінбай,

Ұрындың келіп қатадан.

Қырғыздан шыққан жүйрікпін,

Құс мойынды, қоян жон,

Тұлпардан туған жатаған.

Өз мінімді айтқызып,

Бай-мырзаңды құса ғып,

Өлтіресің қападан, –

 

деп бір қайырады. Содан кейін:

 

Байлығымды айтатын,

Көптігімді айтайын, –

 

дей келіп, әрі қарай «нәсілі артық жаралған» ру-тайпаларын адақтап, мадақтап кетеді. Сөз кезегі Сүйінбайға тиеді…

 

Қатағанның тегеуріні мен Сүйінбайдың сұлық отырысынан іш жиып, қазақтарды бастап барған Тезек төренің иығы түсіңкіреп кетсе керек. Сол кезде көп алдында сөз бастаудың қиындығын өз басынан талай өткізген әйгілі Бөлтірік шешен Тезекке бұрылып: «Ей, төрем, басыңызды көтеріңіз. Сүйінбай өлең таппай отыр дейсіз бе, бұлығып отыр. Сүйінжан, шығар даусыңды!» – дейді. Сол-ақ екен, Сүйінбай дағдылы әдетімен өз құлағын өзі бұрап-бұрап жіберіп, қасындағыларды селк еткізе айқайлап алып:

 

Қашырма, төре, қаныңды,

Кіргізейін жаныңды.

Қатағаннан жеңілсем,

Талап алғын малымды, –

 

деп, Тезек жаққа бір көз тастайды да, одан соң Қатағанға қарап:

 

Іздегенім осы еді,

Өз-өзінен қағынып,

Қатаған сөзден жаңылды.

Қызып тұрған темірге.

Өзі келіп қарылды, –

 

дейді көңілді серпіліспен. Осы бес жол өлеңде айтыстың тағдырын шешкен нәрсе анық та образды түрде айтылған. Қатаған көптігі мен байлығын айтам деп, құрулы тұрған қақпанды басып, арандап қалады. «Қазақ» деп ол қапелімде іргелес Жетісу елін ғана елестетіп қалған сияқты. Сүйінбайдың сұлық отырып қалуы алдын ала құрған сол қақпанына жақындап келе жатқан аңның басар-баспасын демін ішіне алып, күткен кезі болса керек. Ақынның өзі де «іздегенім осы еді, қызып тұрған темірге өзі келіп қарылды» – деп ап-анық айтып отыр ғой. Содан кейін қыраны алтай түлкі алған аңшыдай масаттанған шабытты Сүйінбай Қатағанды:

 

Қырғименен ойнаған

Ажалы жеткен торғайсың, –

деп желкелеп, қазақтың көптігін:

 

Бүтін дүние жүзінде

Шөгіп жатқан мұнармын, –

деп суреттейді. Әрі қарай қазақ елін қоныс ретімен, неше алуан тапқыр теңеу, ұтқыр сөздермен санамалап Жетісудан бастап, Алтай, Арқа, Атыраудан бір-ақ қайырады. Қатаған не десін, қарсы дау айта алмайды.

Ақынның екі елдің тарихы, жер-су аумағы жөніндегі жан-жақты мол білімі, аңғарымпаздығы шеберлігіне қанат бітіреді. Жеңетін қисынын, дәлелін дәл табуы, «қызып тұрған темірге өзі келіп қарылды», «Тас тұяқты тұлпармын қырқалап таудан асқанда», «Бүтін дүние жүзінде шөгіп жатқан мұнармын», «Ажалың жеткен қарғасың бүркітпенен ойнаған», «Найзамен шаншып ет жеген», «Сүйінбай пірің мен болам», «Меніменен егессең, ұрамын жерге доптайын» сияқты әдемі әсірелеулер мен бейнелі, сөздер айтыстың көркемдік биік сапасын көрсетеді.
Тағы рефераттар