Телеайтыс және ондағы сатира туралы қазақша реферат

Теледидар ХХ-ғасырда халық тұрмысына дендеп енген қүбылыс болды. Газет-журналдар арқылы жаңалықтар мен басқа да танымдық мағлұматтарды оқып білсек, радио — алысты жақындатқан, » айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» тосын жаңалық еді. Ал теледидар болып жатқан оқиғаны экран арқылы көрсетіп, сол оқиғаның мән-мағынасын көру және есту арқылы түйсініп, санада қорытуға мүмкіндік берді. Теледидардың газет-журналдардан тағы бір артықшылығы — оны миллиондаған көрермен өз үйінде, отбасы ошақ қасында отырып тамашалайтын болды.

Қазақ теледидарындағы алғашқы әдеби-көркем хабарлар желісі 1958 жылғы наурыз айынан бастау алып, сол кезеңнен бері өз көрерменіне әдеби процесті бағамдатуда, жаңа әдеби туындылармен таныстыруда біршама жемісті еңбек еткені ақиқат.

Осындай хабарлардың бірі — «Айтыс». Қазақтың өзіне ғана тән ұлттық маржаны, төл өнері теледидар арқылы шағын аудитория шеңберінен шығып, айтыс десе ішкен асын жерге қойып тыңдайтын, қызыға тамашалайтын мыңдаған адамдардың мінберіне айналды. Бұрын ауыздан ауызға тарап, немесе айтыс ақындары ел ішіне өз айтыстарын насихаттап, оның өзі тыңдаушыға бастапқы күйінен өзгеріп жетсе, қазіргі теледидар бір мезгілде бірден айтысты сол өзгермеген нұсқасында миллиондаған аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді. Демек теледидар — белгілі бір орталықтарда ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталып сараланған ғылым мен өнердің асыл қазыналарын бүкіл еліміздегі барлық адамдардың игілігіне айналуына жол ашқан өнер түрі.

Телеайтыстың тағы бір ерекшелігі — кадрден тыс отырған телекөрермендер залға қойылған камералардың күшімен бүкіл залдағы атмосфераны біліп-көріп отырады. Олар айтыстың кейіпкерлері — ақындардың бет-жүзі, толғанысы, сол сияқты залда отырған мыңдаған адамдардың айтысты қабылдауы сияқты көріністер.

80-жылдардың басынан бастап ұйымдастырыла бастаған телеайтыс хабарының түп-төркіні халық өнерінің қасиеттісі — бұрынғы айтыс дәстүрінен бастау алады. Суырыпсалма ақындық өнердің ұшқыр қиял мен терең ойдың жемісі болып табылатын ақындар айтысы — халық ауыз әдебиетінің өрісі кең, арқалайтын жүгі мол үлкен бір саласы. Оның тамыры тереңде жатыр, және халықтық өнердің негізінде дүниеге келгендіктен де «Телеайтыс» құнарлы топыраққа егілген дән секілді тез көктеп, жылдам жетіліп, халық игілігіне айналып кетті.

» Айтыс» хабары халықтың асыл мұрасын, төл өнерін тірілтіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, айтыстың көптеген түрлерінің (қайым айтыс, жұмбақ айтыс, өтірік өлең, қыз бен жігіт айтысы т.б.) қайта жаңғырып өркендеп өсуіне, дамуына ықпалын тигізді, күннен күнге жетіле беруіне игі әсер етті. Бұл айтыс түрлерінде ақындық қасиет пен суырыпсалмалық өнердің ең басты да тартымды белгісі ұшқырлық пен ұтқырлық айтысқа түскен әрбір ақынның бойынан табылуын талап ететін жаңа әдіс-тәсілдер қолданылды. Мәселен, залдағы көрермендер ұсынған тақырыпқа екі ақынның табан астында өлең шығарып жауаптысуы. Бұл кез-келген айтыс ақынының қолынан келе бермейтін ерекше қасиет екені түсінікті.

Ақындар айтысының жаңа өріс алып дамыған кезі өткен ғасырдың 80-жылдардың соңы мен 90-жылдары болды. Бұған дейінгі кезеңдерде бірнеше дүркін республикалық ақындар айтысы болып өткендіктен, енді шет елдердегі қазақ диаспорасының айтыс атты атамұра өнерді жоғалтпай, қайта жаңғырта, дамыта бастағанының дэлелі ретінде I Халықаралық ақындар айтысы өтті.. Осы айтысқа Қытай мен Моңғолиядан, Өзбекстан мен Ресейден айтыскер ақындар шақырылған еді. Қытайдың Шыңжаң-Үйғыр автономиясынан, моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар қалың қоныстанған өлкелерінде айтыс өнері еш бәсеңсімей, үнемі заман көшіне ілесіп отырғаны байқалады. Баян-Өлгей аймағынан келген Егеухан Мұхамадиқызы мен Қабдыжэлел Сахария үздік өнерімен көрініп, келісті де келелі жыр шумақтары арқылы көпшілік қошеметіне бөленіп, көрермендер көңілінде сақталып қалды.

Сол айтыста торғайлық ақын Жадыра Құтжанова топ жарған еді. Жадыраның жарқырап көрінуіне Монғолиядан келген Қабдыжәлелдің ақындық қуаты мен қарымы әсер еткені сөзсіз.

Жадыра бұл сөзіме нанар ма едің,

Қабыл ап бір қолқама жарар ма едің?

Иесі орамалдың бір інім бар,

Келін боп біздің жаққа барар ма едің?

Жадыра:

Мен өзім сөзіңізге нанып қалам,

Өрт болып деміңізге жанып барам.

Қайдағы ініңді айтпа, дәл өзіңдІ,

Достықтың символы етіп алып қалам [22].

Жадыраның жауабынан оның ойының ұшқырлығын, әзілінің сәттілігін көреміз. «Сөзге нанып қалу» аңқаулық емес, аңқылдаған ақ көңіл періштелік. «Деміңізге өрт болып жанып барам» дегені әрлі әзіл. Содан кейін осы ойын әрі қарай сабақтайды да «қайдағы ініңді айтпа» деп өзіне қарсы шабуылға шығады. «Достықтың символы» дегенді Жадыра әдейі қолданып отыр, себебі достықтың белгісі дегеннен гөрі символы сөзінің қабылдануы күштірек. Бір жағынан Жадыра шалғайдағы шетке кеткеннен гөрі, шекараның ар жағындағы бір қандасымыз болса да отанына оралсын деген ойын астарлап «алып қалам» дейді. Бір қарағанда мен бармаймын, қайта сенің өзіңді алып қалам деген жарасымды юмор, бір жағынан астарлы саясат. Одан әрмен қарай Қабдыжәлелді:

Мен тұрмын қарсы алдыңда ақ шырай боп,

Көзіме елестейсің жақсыдай боп.

Орныңнан қайта-қайта қозғалмашы,

Бұл елге зікір салған бақсыдай боп,

-деп қағытады. Себебі, айтыстың драмалық сипатын сақтаған Қабдыжәлел орнынан атып түрып, басын иіп сәлем береді, басқа да оқыс қимыл-әрекеттер жасайды. Сондықтан алақ-жұлақ етіп тыныш отыра алмайтын қарсыласына Жадыра «зікір салған бақсыдай» деп дәл теңеу айтады. Ретін тауып, орайымен әрі дәл уақытында айтылғандықтан көрермен қауымның мұндай теңеуді қабылдауы күшті болады. Сарайдағы сансыз халық сәтімен айтылған сықаққа аямай қол соғады.

Мұнан кейінгі айтыс жеңге мен қайнысының айтысы. Бұл айтыс шекара асып, сағынышпен жеткен Егеухан Мұхамадиқызының:

Өнердің жиналыпты саңылағы,

Өнерлі өзге елде де танылады.

Сүйінбай, Жамбыл, Сара, Біржан тіккен,

Айтыстың Қазақстан — шаңырағы,

-деген жыр жолдарымен басталады.

Атажүртқа деген махаббаты мен құрметін осындай өнерге өріп әкелген Егеуханға Әбдікәрім Манапұлы жеңіл айтады:

Ақында айтылмаған н қалған ба,

Жетелер жыр күшімен арманды алға.

Жүрсіннің атасына рахмет,

Бір жеңге тауып берген Моңғолдан да.

Айтыстың көшін алға сүйреп жүрген Жүрсіннің атасына шет елден жеңге тауып бергені үшін ғана рахмет айтады. Онда да Моңғолиядан емес Монғолдан дейді. Алғашында әбес көрінгенімен, мұнысы оның юморының ең «жеңілі» екен. Жеңгелі болған Әбдікәрімге Егеухан ендігі кезекте:

Мен келдім аймағымнан әнге сала,

Бір қайны кезігер деп көңліме ала.

Кешегі от басының айтысы еді,

Көтердік халықаралық аренаға, — дейді.

Кешегі от басы, ошақ қасында, ас пен тойда, ұзату, шілдехана, беташар, тұсаукесер, сүндет тойында ауыл арасындағы өлеңшілер айтқан қайым өлең енді арнасы кеңіп, аудан, облыс, тіпті республика көлемінен шығып бірнеше мемлекеттер арасында өтіп жатқаны біле белген адамға ірі жетістік. Халықаралық аренаға халықтың төл өнері шығып отыр. Сондай-ақ, алыстан ат арытып, ұшақтың қанатын талдырып келгенде қарсы алмаған қайнысына Егеухан «Жеңгеңнің жүрегінде қалып қойды, Алдымнан шығып қарсы алмағаның» деп көңілдегі назын айтады. Ал, ол ренішті ретсіз деп тапқан Әбдікәрім «жеңіл» юмордан «ауырға» көшеді.

Әбдікәрім:

Дейсің ғой «қарсы алуға жарамадың»,

Сездім мен сіздің үйде аға барын.

Сондықтан сол кісінің көзіне мен,

Шөп салуға арланып бара алмад

 

Егеухан:

Жарасар ізді кесу тек сонарда, Несі ұят ағайынды қарсы аларда.

Қайынның жеңгесіне қызыметі, Ойлашы, сонда көзге шөп салар ма?

Әбдікәрім:

Кеше күні қаланы араладық,

Бір жүріп бар жақсысын сараладық.

Ендеше калай ғана қайнылыққа,

Япырмай, екі арада жарамадық.

Жеңгесіне ауыр сөз айтқанын аңдамаған Әбдікәрім «Сізге жасаған қайнылық қызметім кеше қаланы аралатқаным» деген сыңайда ұйымдастыру комитетінің белгілеген шараларына ортақтаспақ болады, алайда жеңгесі оның кателігін бетіне басып, ел ардақтаған әкеңіз ұзақ жасасын, саған биік талап қойсын дей келе Алтайдың Бесбоғда тауы кескінделген медальді қайнысының омырауына қадап береді. Осылайша айтысты үлкен жол-жоралғымен аяқтайды.

Ол рас, барып келдік «Медеуіңе»,

Теңеуге сөз таба алмай не деуіме.

Келген соң ерқара боп ертіп бардың,

¥ят қой дайын асты жемеуің де.

Әкеңіз көп жасасын ақын Манап,

Өзіңе жоғарырақ қойсын талап.

Мәңгілік жүрегіңде сақталсын деп,

Елімнің «Бесбоғдасын» берем қадап.

1990 жылғы төрт күнге созылған «Наурыз-айтыстың» шымылдығын ашқан сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі М.Жолдасбеков: «Еліміздің мәртебесі биіктей бастаған тұста «Наурыз-айтыс» та қайтадан жанданып отыр. Негізгі сыншы — халық. Сондықтан да, теледидар арқылы айтыскерлерді тәрбиелеп отыруға ұмтылдық»,- деген еді [23]. Расында да қазіргі айтыс туын желбіретіп жүрген жастардың бәрі сол аға буын өкілдерінен үлгі алған, үйренген, еліктеген, солардың мектебінен өтіп, мәдениетін меңгерген, шеберлігін шыңдаған.

Ал енді Қонысбай Әбілов пен Ерік Асқаровтың айтысы «Наурыз-айтыстың» алғашқы күні болған айтыстардың ең айшықтысы. Әуелгі сөзді Қонысбай бастайды:

Ерікжан, сыртқа салар айбарым-ай,

Түріңнен кетпеймін бе айналып-ай.

Балама айырбастар бауырым ең,

Өзіңе қарсы салып қойғанын-ай, — деп, бағасын асырды. Кісілік пен кішіліктің шеңберінен шықпаған сыпайы сайыстың өзінде Ерік өткір-өткір өлеңімен көрерменнін айызын қандырады. Маңғыстау мен Торғай облыстарының тарағанын әңгімеге арқау еткен ақын бір кезде:

Сұраққа жауап таппай қаламыз ба,

Жабылды екі обылыс даламызда.

Бірақта, секретарлар кінәлі емес,

Барлық гәп Мәскеудегі ағамызда.

Талайдың қала жаздап табанында,

Бұл күнде ел болуға жарадың да.

Жабыла жаздады ғой Алматы да,

Хрущев пен Юсуповтың заманында, — деп, сілтейді. Қызыл өкіметтің ажалын жақындатқан Горбачевтың «жариялылық» деген жалаушасын желеу еткен Ерік осылайша ешкімнен тайсалмай еркін көсіледі. Қонысбай ағасы да інісінің көзсіз ерлігін мойындап:

Халқымыз болып қалған шошымалы,

Бұл сөзің біздер үшін тосын әлі.

Аузыңды Москваға салған кезде,

Кейбіреу тыңдауға да шошынады.

Қашанда зиялы ақын сүйкімді ғой, Бірақ та, шауып кету бір түрлі ғой. Кей сөзің жалаң ұран боп барады, Ерікжан, сенің орның митингі ғой.

Бағаңды бір адамдай білер едім,                           Қашанда саған табыс тілер едім. Тұсында төңкерістің туғаныңда, Басқарып «Қызыл отау» жүрер едІң,

дейді. Оған Ерік мүдірместен:

Әр заман мен әртүрлі жасар едім,

Қашанда осы әніме басар едім.

Тұсында төңкерістің туғанымда,                       Малымды ап, Қытай асып қашар едім.

Демеймін ініні аға күндейді ғой, Сөйлейді суырылып бұл дейді ғой. Мәскеуден неге қорқам, Қоныс аға, Горбачев қазақша тіл білмейді ғой…

Бүл інің осы жайды саралайды,

Сондықтан Кремльді жағалайды.

Қазақша тіл білем деп бізді алдаған,

Колбин де тілмаштыққа жарамайды, -деп төгілте жөнеледі.

«Айтыс сөз тапқырлығының ғана жарысы емес, ол халықтың теңдесі жоқ тамашаға кенелетін де орны ғой. Қалың елдің көз алдында жекелік те, қоғамдық та мәселенің неше алуанын батыл да, айқын да көтере алатын мүмкіндік тек айтыста ғана бар. Жазба ақындардың туындысы окушысын тапқанынша, бағасын алғанынша біраз уақыт керек, ал айтыс ақынының әрбір сөзі елдің алдында бірден айтылып, әлеуметтік те, эстетикалық та міндетін орындап отырады, ал ақынға айтқан сөзі халықтың көкейіне қонып, санасына ұялағанын көруден артық мұрат бар ма? Ендеше жазба туындыдан түр жағынан ұтылатын айтыс өлеңі өзінің пәрменділігі жағынан анағұрлым жоғары түрады. «Фольклор бір жағынан «ескіргендеу» болып көрінгенмен, онда ешбір жазба шығарма айта алмаған көркем әсіреулер, мәңгілік мәнін жоймас бейнелер бар» — деп жазады ғалым Р.Бердібаев [6, 182 б.].

Шын мәнінде тамыры тереңде, халықпен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан айтыс өнері қоғамның, заманның, айтысқа деген ұғымның өзгеруіне орай түрленіп, жаңа бағыт-бағдарга бет алды.

Соңғы кезде айтыс өнерінің жандануына, бірнеше факторлар себеп болып, әсер еткен тәрізді. Алдымен, қатаң коммунистік идеялогия күшінен айрылып, ой-пікір еркіндігінің біршама пайда болуы сөз батылдығына жол ашты, ал ақындық-импровизация тосыннан бөгелмей өлең шығару, табан астында ойына оралып, аузына түскен сөзді айту ғой:

Құдайдың үйін келіспес,

Бос уәделермен бітірген.

Қиып түсер қарғыс бар,

Қате кетсең үтірден.

Мультфилмдегі қояндай,   Муфтиің қойды-ау оянбай, Пікір айтуға көшті ғой Қалтасы толы пітірден.

Бекжан Әшірбаев.

Демек, цензураның жойылуы ащы шындықты айтуға, күнделікті өмірде байқаған жайсыздықтар мен қоғамдағы қайшылықтарды ашып айтып, кейбір «айбарлы» адамдарды батыл сынауға мүмкіндік берді:

Тарасқа екі қала берген елміз,

Өзінің Махамбеті болмағандай.

Ерік Асқаров.

Үкімет бүл шындыққа аузын ашпас,

¥ры тісін жасырған бойдақ қыздай,

немесе:

Көктөбеден үй салған көкелердің

Көктөбеті ән салар көкке қарап.

Мұхаметжан Тазабеков.

Ертеңгі иелері болашақтың

Бүгінгі базарларда алашапқын.

Тонын сатып жесе де тойып жату,

Бүгінгі проблемасы бар ошақтың.

Бекарыс Шойбеков.

Мына заман қай заман,

Арбаны жарға айдаған?

Саудагердің заманы —

Басы айналған пайдадан.

Ұрылардың заманы —

Үйірлеп мал айдаған.

Бұл — байлардың заманы

Аузы-басын майлаған,

Тоқал алып тойлаған.

Кедейдің де заманы —

Қанағат қып отырған

Қара суға қайнаған.

Айтақын Бүлғақов.

Қалың бұқара сан жылдар сыртқа шығара алмай келген мұң-мұқтажын, ашу-ызасын, арман-тілегін лақ еткізіп төге алатын шақ туғанын жақсы сезді. Ақындар айтысы осы қарекетті жүзеге асыру амалының бірі екенін теориялық тұрғыдан зерделеп жатпай-ақ, қалың жұрт іштей жақсы аңғарды да, айтыс дәстүрінің жалғасуын қызу қабылдады.

Бүгінгі айтыс өнері нағыз халықтығымен, қазақилығымен, табиғилығымен үлкенге де, кішіге де етене жақын өнер. Сөз семсерін сілтеп сынға түсетін айтыскерлердің ақындық дарыны — оның басты артықшылығы. Сөз кұдіретін жете білетін, толағай топтың алдында айтарын табан астында суырып салып жеткізетін және бәсекелесінің таққан кінәсі, қойған талабына орай дереу, әрі ұтымды жауап қайтару — айтысушыға қойылар алғы шарт. Бұл жағынан келгенде қазіргі айтысқа қатысып жүрген ақындарымыздың көпшілігінің дарын қуаты, таланты жоғары. Айтыс өнерінің жаңаша тұрғыда, өзгеше болмыста қалыптасуына өз үлестерін қосып жүрген айтыскерлеріміз де жоқ емес.

Шаңытып жолға шықты Байшұбарлар,

Шабыттың шаңқан бозын қамшылаңдар.

Жердегі жақұттарды алып болдың,

Бәйгеге аспандағы Ай сұраңдар.

(Мелс, 1990, мамыр)

Ақынды алсаңызда қай тұстағы Ой айтпай қала алмаған жай, тысқары. Серкесіз өрген қойдай қожырайды, Мақсатсыз айтылған сөз айтыстағы.

(Мұхаметжан, 1995, наурыз)

Сондықтан да болар кейінгі кезде телеайтыстардың ұтымды шығуына Б.Шойбеков, А.Әлтаев, М.Тазабеков, Д.Кәпүлы, А.Леубаева, М.Қосымбаев, О.Досбосынов т.б. ақындар таланты едәуір әсер етті. Көрермен олардың айтысына ынтыға ықылыс қойып, сүйіспеншілік танытты. Көпшілік ақындар бір айтыстан екінші айтысқа шығармашылығы жағынан өсіп, көрерменнің талғам-талабынан шығып жүр. Ендеше, бүл айтыс хабарының нәтижелі іс атқарғандығының басты сипаты деген сөз.

Телеайтыс бүгінде халықтың сүйіп тыңдайтын хабарларының бірегейіне айналды. Ендеше ол халықтың қазынасы ретінде өзімен бірге дамып отырады, жаңа түр, жаңа мазмұнмен өркендей бередІ.

Жанат Әскербекқызы: «Айтыс өнерінің көркемдік сипатын саралағанда ең басты назар аударар нәрсе — әр ақынның өз даралығы, ерекше бітімі. Дәстүрлі өнерге қойылар осы эстетикалық талап еш уақытта да ескірмейді. Әр түрлі сахналық сөз сайыстарында ақындар тілімен өрілген шумақтардың адам жанын қуанышқа бөлер әсерлілігі көрерменнің жүрегінде сақталады» — дейді. Сондай әдемі сөз өрнектерінен көптеп мысалдар келтіруге болады.

Мәселен, Мэлс Қосымбаевтың Мұхаметжан Тазабековпен сөз қағысындағы:

Байқасаңыз, халайық,

Айтыс деген — асқардай.

Асқарды қарап тұратын

Бұл халықтың көңілі

Биіктегі аспандай —

деген сөзі айтысқа қойылар биік талапты түсіне білетіндігін, өнерді жоғары бағалайтын ақын ниетін аңғартады. Мэлс айтысында сонау ғасырлардагы жыраулар дәстүрі, ұлттық мінез, салт молынан көрініс беретінін айтқан жөн. Мысалдар келтірер болсақ:

Алдыңа сар желдіріп мен де келдім,

Желдіртіп сағыныштың сары атанын. Немесе:

Қашаған — өлең қаз болып,

Қаңқылдап маған қайта кел,

Сүйінбай — өлең саз болып,

Сүңқылдап маған қайта кел,

Қүдайдың берген бақыты.

Жанданып жатса қайта өнер,

Тірісі — тілге тоқталған

Айтысым ~ алмас, мәрт өнер…

Бекарыс Шойбеков айтысына  назар аударғанда ең әуелі аңғарарымыз -қарсыласының  өнері  мен  дарынына  ілтипат  білдіре  келіп,  осал  жерінен оңдырмай ұстар қырағылықты, шалып айтар шапшаңдықты айрықша айтамыз.

Сол сияқты айтыс өнерінде өз ерекшелігімен дараланып жүрген Дәулеткерей Кәпұлы айтысының табиғатына үңілсек, ішкі жэне сыртқы ұйқастардың соншалықты үйлесіммен құйылып түскеніне риза боласың. Айталық:

Жұртымды бөлеп жырдың құндағына

Салиқалы сөз айттым сындарыңа.

Махаббатпен жыр сыйлап мәуелі елге,

Шапағатпен үн қаттым шыңдарыңа.

Сонымен қатар қазақ өлеңінің басты тақырыбы — ұлт тағдыры екендігін осы айтыс өнері анық байқатып отыр.

Ұлттық мүддеге тікелей қатысты төмендегідей ділгір мәселелердің қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік, яғни халықтық меншікте болып келген қазақ жерінің жеке меншікке өтуі, қазақ балаларының шетелге сатылуы, елге қайта оралған қандастарымыздың әлеуметтік хал-ахуалы, жердің асты мен үстіндегі ұлттық байлығымыздың басқа елдің қанжығасында кетіп қалу қаупі, тағы да басқа осы сияқты әрбір қазақты бей-жай қалдырмайтын өткір саяси, әлеуметтік мәселелердің қоғамдық өмір шындығына айналып отырғандығын ақындар кейде астарлап, кейде ашық айтып, жалпы көпшіліктің талқысына тастап отырғандығы айтыс өнерінің салмағын арттырады. Осы орайда Әбілқайыр Сыздықов пен Оразалы Досбосыновтың, Мұхтар Қуандықов пен Қарлығаш Әубәкірованың, Ринат Заитов пен Дәулеткерей Кәпұлының, Мэлс Қосымбаев пен Айбек Қалиевтің арасындағы айтыста көтерілген әлеуметтік мәселелерді ерекше атауға болады. Бұл ақындық өнер жекпе-жегінің, әсіресе қоғамдық мәселелерді өткір қоюымен бірге ақындардың сөз саптасындағы көркемдік бояуы айшықты, тапқыр сөз орамдары, тосын бейнелі теңеулер, бір сөзбен айтқанда, ақындық шеберліктің жаңаша пішіндік, тың мазмұндық көріністері айтыс өнерінің сапалық деңгейінің өскендігін көрсетеді.

Қазіргі айтыстың тақырыбы сан алуан. Мұнда көтерілмейтін мәселе болмайды. Кешегі мен бүгіні, тәрбие мен өнеге, насихат пен сын, қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелер: жер дауы, жетпей жатқан зейнетақы, жұмыссыздық, имандылыққа бас ұру, қаңырап қалған ауыл мен азайып қалған мал басы, нарықтық экономика… саясат тақырыбында: егемендік пен тәуелсіздік, жемқорлық пен сыбайластық, сайлаушылар мен сайланушылар,  жарылып жатқан сынақтар…Тіпті мұның бәрін былай қойғанда, әлемде болып жатқан саяси оқиғалар да қазіргі айтыстан кеңінен орын алады. Көтеріліп жатқан осындай мәселелерді айтыстан тыңдап-ақ, әлемде не болып жатқанынан хабардар болуға болады. Осындай қоғамдық-элеуметтік өмірімізде болып жатқан проблеманы көтеру, сол проблемадан шығудың жолдарын қарастыру қазіргі айтыстың міндетіне айналғандай.
Тағы рефераттар