Жоспар.
Кіріспе.
Негізгі бөлім
Теңге тарихы
Қазақстан Республикасының валютасы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе.
Семестрлік жұмыстың өзектілігі Қазақ халқының төл теңгесінің жасалу тарихы мен ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық валюта жасаудағы тарихи шешімі мен көрегенділігі жайында болуы. 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта – ТЕҢГЕНІ енгізу Қазақстан Республикасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады.
Қазақстан өзінің төл валютасын қиын да күрделі жағдайда дайындап, қабылдаған болатын. 90-шы жылдардың басы біздің еліміз үшін болашақты айқындау жолындағы шешімдерді қабылдауда барынша қиын кезең болды: өндірістің кең ауқымды құлдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-кредиттік қатынастар коллапсы. Үкімет пен Ұлттық банктің алдында барынша маңызды проблемаларды шешу міндеті тұрды. Шын мәнінде инфляция барынша қарқын алған, өндіріс құлдыраған қиыншылықтар кезеңінде ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымын қамтамасыз ету қажет болды. Басты назар ұлттық валютаны енгізудің – жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу, ақша айырбастау басталатын және жалғастырылатын күн, айырбастау коэффициенті сияқты рәсімдік мәселелеріне аударылды. Теңге айырбастау басталған бірінші күннен бастап-ақ заңды төлем құралы болды.
Шығармашылық жұмысты жазудағы менің мақсатым ғасырлар тоғысындағы алмағайып кезеңде пайда болып, жаңа ғасырда жаңа реңк алған төл теңгеміздің тарихына үңілу.
Шығармашылық жұмысты жазуда менің міндеттерім теңгенің тарихы мен бүгінін таразылау.
Теңге бағамының айналысқа шығу тарихы
Ақша мен экономиканың өзара байланысы өте тығыз, олар экономикалық жүйенің негізгі құрамы болып табылады. Ақша жүйесі экономикалық үдерістерге оларды күшейтумен немесе бәсеңдетумен әсер етеді.
Елдің экономикалық жағдайы, сол елдің экономикалық кеңістіктегі интеграциясы мемлекеттің ақша жүйесіне, оның атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Макроэкономикалық тепе-теңдік ақша рыногында белгілі бір тепе-теңдіктің болуын қалайды. Олардың ішіндегі ең бастысы ақшаға деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі.
1991 жылы Қазақстан нарықтық қайта құруды жүзеге асыра бастады. Алайда, сол кезде жұмыс істеген бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз болды. Жас мемлекеттер бірінен соң бірі өздерінің ұлттық валюталарын немесе уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. 1992 жылы рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Қазақстан өз валютасын енгізуге мәжбүр болды. Өйткені, рубль аймағында тұрып, Қазақстан Ресейдің қаржы институттарына бағынышты күй кешті, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізе алмады.
1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. Ұлттық валютаны енгізудің заңдылығын сақтау және өркениетті түрде енгізу үшін дайындалып жатқан іс-шаралар туралы халықаралық ұйымдар және көрші елдердің үкіметтері дер кезінде хабардар етілді.
1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады.
Өзіміздің ақша бірлігімізді енгізу қазіргі кездегі қол жеткен экономикалық табыстарымыздың негізін қалады. Оның дұрыстығы қаржы-несие секторының белсенді дамуымен және теңгенің тұрақтылығымен айқын дәлелденді. Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті теледидар арқылы халыққа алда болатын акцияны түсіндіре отырып, сөз сөйледі. Мұндай шаруаның жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі мүмкіндіктері мен күні ертең көрінетін жаңа көкжиегі астастырылғанын, өз жолымен, жөнімен жүзеге асатынын халыққа ұғындырды.
Теңге ресми түрде 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Теңгенің валюталық қызметінен кейін оның құнын жоғалтпай ұстап тұру – ең маңызды шаруалардың бірі болды.
1993 жылдың сәуірінде “Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы”, “Қазақстан Республикасындағы банк және банк қызметі туралы” заң күші бар жарлықтарға қол қойылды. Бұл құжаттарда коммерциялық банктердің қызметін тоқтату және іске қосу тәртібі, сондай-ақ коммерциялық банктердің қызметін Мемлекеттік банк арқылы реттеудің қағидаттары мен әдістері бекітілді.
Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл біздің еліміз үшін өте қиын жылдар болды. Жалпы экономикалық сипаттағы объективтік қиындықтар (бағаны ырықтандыруға және өндірістің құлдырауына байланысты инфляцияның жоғары деңгейі, импорт тауарларына деген қанағаттандырылмаған сұраныстың едәуір көлемі) шетел валютасына сұраныстың өсуіне, ал ізінше бағаның өсуіне әкеліп соқты. 1994 жылы кәсіпорындардың сәтсіз жүргізілген өзара шаруашылық есептесуі сияқты өкінішті экономикалық жаңсақтықтар алғашқы айларда теңге айналысының жағдайын біршама қиындатты. Енгізілгеннен кейін алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды.
Ең әуелі теңгеге байланысты бүкіл инфрақұрылымды қайтадан құруға тура келді. Бұл іс банк жүйесінен басталды. Содан кейін кеден, қаржы қызметтеріне көшірілді. Бұдан кейін кезек күттірмейтін валюта айырбастайтын биржа құру, алтын және валюта қорын жасақтау, теңге сарайын іске қосу сияқты маңызды шаралар шешілді. Барлық қаржы операциясы теңге арқылы есептелінгендіктен, оның бағамы басқа елдердің валютасымен күнбе күн нақтыланып отырды.
Теңгенің экономикалық өсімге тікелей қызмет жасауын қамтамасыз ету қажет болды. Бұған дейін теңге құлдырап бара жатса, Ұлттық банк өзіндегі алтын-валюта қорынан қосымша ақша жұмсап, оны реттеп отыратын. Бірақ бұл әрекет жасанды бағамның жасалуына жол ашты. Теңгенің шын бағамын белгілеу үшін оны еркін жүзуге жіберу керек болды. Аталмыш шарадан кейін теңге бағамы АҚШ долларына шаққанда бірден екі есеге сатылап жоғарылап кетті.
Бұдан кейінгі жылдары теңгенің АҚШ долларына қатынасы бойынша құнсыздану қарқыны едәуір баяулады. Мәселен, егер 1995 жылы теңгенің бағамы 17,9 пайыз болса 1996 жылы – 15,4 пайызға төмендеді, 2001 жылы теңгенің номиналдық құнсыздануы 5,17 пайыз, ал 2002 жылы – 3,25 пайыз болды.
Ұлттық валютаның тұрақтылығы белгілі бір мерзімдегі оның құндылығымен анықталады. Ішкі құндылығы инфляция деңгейімен, ал сыртқы құндылығы басқа валютаға баламалау арқылы анықталады. Бізге мәлім деректерге сүйенсек, инфляция 1995 жылы 276,2 пайыздан 2005 жылы 5,9 пайызға төмендеуімен теңгенің ішкі құндылығын арттырып отыр. Тәуелсіздіктің жиырма жылы өткен-кеткенді бажайлап, атқарылған шаруаны қорытындылап, алдағы мақсаттарды нақтылайтын кезең іспеттес. Іргелі елдің құрамынан ажырап бөлек шығу, 15 миллион халқы бар мемлекетті жаңа бағытқа салу оңай шаруа емес. Рас, бұл талай ғасыр ата-бабамыз аңсаған еркіндік еді. Білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлтарақтай жер үшін қан төгісіп, келер ұрпаққа ұлан-ғайыр даланы алып берген батыр ұлдардың ұрпағы күндердің-күнінде өз тізгінін қолына алды. Көк туын желбіретіп, әлемге Тәуелсіздігін жариялады. Бірақ шаруа көк туды желбіретіп, егемендікті жариялаумен тамамдалмаса керек. Қазақстан кеңес өкіметіндегі алдымен шикізаттық орталық еді. Сан жылдардан бері жеріміздің асты мен үстіндегі байлығы өзгенің игілігіне жарап келді. Тәуелсіздігімізді алғанда алдымен осы байлығымыз өзімізде қалды. Бірақ оны өндіретін өндірісіміз тұралай бастаған. Ресей “отау тіккен екенсің” деп қолымызға ақшасын ұстата салған жоқ. Керісінше, рубльді тауар ретінде сатып алуды ұсынды. Оны ісімен дәлелдеді. Алдымен, ТМД республикаларына түсетін қағаз ақшаға тұсау қойды. Ресми Ресей тарапынан бұрынғы кеңес елдеріне қолдау райы аса байқала қоймады. Тәуелсіздігін алған елдер бұрынғы орталыққа көз салумен болды. Экономикадан мән кетті. Өндіріс тоқтады. Ал тауар мен қызмет бағасы шарықтай түсті. Бұл уақыттағы инфляция рекордтық деңгейге көтерілді. Мәселен, 1993 жылдың соңындағы инфляция 2297 пайызды құрады. Ресейдің орталық банкінен ақша алу мүмкін болмай қалған кезде әр ел өз валютасын енгізуді ойластыра бастады. Өздерінше ақша-кредит саясатын жүргізіп, ел экономикасын реформалауы қажет болды. 1993 жылы өз валютасын енгізуді Украина мен Белоруссия, Қырғызстан мен Балтық жағалауы елдері қолға алды. Қазақстандық валютаны енгізу жоспары сол 1991 жылы жасалғандығы кейін анықталып жатыр. Алдымен қазақстандық дизайнерлер тобы құрылған. Топтың құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов сынды шеберлер кірген. Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеген шеберлер алдымен валютамызға атау іздеген. Әуелде “ақша”, “алтын” сияқты атаулар да ойда болса керек. Бірақ көпшілігі түркі сөзі “теңгеге” ықылас білдіре бастаған. Ал қағаз ақшаға халқымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. 1992 жылы тамыздың 27-сі Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ. Тіпті құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшытын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді “Президенттің үлкен ойыны” фильмінде “Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді” деп еске алады. Осындай кезеңде елімізде қаржылық реформа жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Теңге Ұлыбританиядағы “Харрисон және оның ұлдары” деп аталатын банкнот фабрикасында басылатын болды. Ендігі уақытта осы ТМД елдерінен ескі ақшаның легі келіп қалуы мүмкін деген қауіп туды. Бұдан әрі кешіктіруге болмайтын еді.
Бұл уақытта еліміздің банктері де ақша ауыстыруға даярланып жатты. 1993 жылы қарашаның 1-і Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына “Х” күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал араға үш күн салып Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылдың аяғы – халық үшін ауыртпалық пен сенімсіздікке толы уақыт. Бұлыңғыр болашақ. Әзірге қолда бары – тек елдің егемендігі. Қалғанының барлығы – ертеңгі күнге деген үлкен жоспар, алып жобалар. Осындай кезде Президент пен Үкіметтің еліміздің төл валютасын енгізу туралы хабарламасы жарық көрді. Жаңа валютаның атауы – “теңге”, ал ұсағы – “тиын” еді. Қарашаның 13-і барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Бес жүз сомыңызға бір теңге аласыз. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған ағайын енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған “ағаш ақшаны” жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған. Ағартушы Әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың арасына ене берді.
Тұтас бір республиканың болашағы үшін аса жауапты науқанды теңгені тікелей айналымға енгізген банк қызметкерлері де әсте ұмытпайды. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бүгінде зейнеткер, Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері, сол кездегі бас есеп-касса орталығының бас бухгалтері Людмила Фешина: “1993 жылы қарашаның 15-і мен 20-сы аралығында бізге 24 сағат та аздық етті”, дейді. Қызметкерлердің көпшілігі бұл күндері бірнеше тәуліктеп үйлеріне де бармағандарын еске алады. Сол күндері облыстағы ақша айырбастау жұмысының 65 пайызы осы есеп-касса орталығында жүргізілген. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақша қабылдапты. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған.
Ал осы жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады.
Теңгені енгізудің дұрыстығына қарапайым халық араға бірнеше жыл салып көз жеткізді. Бірақ инфляция теңге енісімен тоқтады деп те айта алмаймыз. Дегенмен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қаржы дағдарысы кезінде теңге тегеуріні мықты екендігін көрсетті. Көрші Ресейде сол 1997 жылы рубль бір күнде мың есеге құнсызданып шыға келді. Егер сол жылы төл теңгеміз болмағанда, еліміздің жағдайы шынында да мүшкіл болып кетер еді. Бүгінде қаржыгерлер сол жылдары Қазақстан экономикасы өсім алғандығын алға тарта алады.
Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. Бұл 1995 жылдың мамыр айы еді. Тұңғыш банкнот фабрикасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып ашты.
Ұлттық валюта күннен-күнге өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де сенімді беделге ие бола бастады. Өндіріс дамыған сайын, елге шетел капиталының ағыны ұлғайып, отандық ірі инвесторлар пайда болған сайын (зейнетақы қорлары арқылы) ұлттық валюта да, сонымен қатар валюта рыногы да нығая түсті. Сонымен бірге, ұлттық валютаға да сенім арттырылды.
Өз валютамыздың болуы Ұлттық банкке тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бюджет тапшылығын жабуға арналған кредиттер мен директивтік кредиттерді беру тоқтатылды. Экономикаға кредит беру функциясы екінші деңгейдегі банктерге толықтай берілді. Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті – ұлттық валютаны тұрақтандырумен, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандырумен айналыса бастады. Ұлттық банк қайта қаржыландыру ставкасынан, ішкі валюта рыногындағы өктемдіктердің міндетті резервтері нормаларын енгізуден басқа, меншікті бағалы қағаздарын (қысқа мерзімді ноттарды) шығарып, ашық рынокта операциялар жүргізіп, кредиттер бере бастады.
Ақша-кредиттік саясаттың тиімділігін арттыруға «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң (1995 ж. наурыз) себепші болды. Ол бойынша Ұлттық банк өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беретін болды.
Қазіргі кезде теңгені айналысқа енгізудің өзі бізге ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құрудағы алғашқы және маңызды қадам жасауға мүмкіндік бергенін толықтай түйсінуге болады. Дербес ақша кредиттік және бюджеттік-салықтық саясатты және тиісінше неғұрлым тиімді макроэкономикалық тұрақтылық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Тұрақты ұлттық валютаның болуы нарықтық қатынастардың дамуы мен елдің экономикалық тәуелсіздігінің негізгі критерийлерінің бірі болып табылады. Теңге елдің қаржы секторының жалпы жай-күйін көрсетеді. Теңгенің тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде орнығуы дау тудырмайтын факт.
Кез келген валюта үшін ең басты маңыздылық – оның қорғалуы. Жалпы алғанда, сатып алу қабілеттілігінен және тұрақтылығынан бастап қолдан жасаудан қорғалуына дейінгі мағынада. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан теңгесі мақтаныш етуге тұрарлық. Теңге әлемдегі неғұрлым барынша қорғалған валюталардың бірі болып отыр. Мұнда ең озық технологиялар пайдаланылған.
Қазақстан теңгесі Қазақстанның ежелгі тарихы бар ел екендігін әлемге танытуда.
Бүгінде еліміздің экономикалық қауіпсіздігімен мақтана аламыз. Дағдарыстан кейінгі екі жылда елімізде өндіріс көлемі артты. Банктер жаңа қызмет түрлерін ұсынып жатыр. Халық өз депозиттерінің басым бөлігін теңгемен орналастырған. Инфляция деңгейі бақылауда. Үстіміздегі жылы Үкімет инфляцияны 6-8 пайызда ұстауды жоспарлап отыр. Яғни, инфляция ырықтан шықпаса, теңгеміз де тұрақты. Бүгінде теңгеміз 1997 жылғы тәжірибемен “еркін жүзуге” жіберілген. Бірақ бұл шара да ұлттық валютаның тұрақтылығына нұқсан келтірген жоқ.
Қазақстан Республикасының валютасы
Тәуелсіз егемен мемлекеттің міндетті рәміздерінің бірі оның ұлттық валютасы болып табылады. Кез келген мемлекеттің тарихына оның бір-ақ рет енгізілетін өз валютасының тарихы да кіреді. Басқа көптеген елдердің ұлттық валютасының тарихы сан ғасырлар бойы қалыптасқан. Кез келген ұлттық валюта елдің өткенін, бүгінгісін және болашағын бейнелейді. Ал Теңгенің — Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тарихы Президенттің 1993 жылғы 15 қарашадағы жарлығынан басталды.
Алғашқы кезде теңгенің бірінші шығарылған қатары (1 теңге = 100 тиын) мынадай номиналдардан тұрды:
· 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттар;
· 1, 3, 5, 10, 20 теңгелік монеталар;
· 1, 3, 5, 10, 20 және 50 тиындық монеталар ( бастапқыда қағаздан жасалған).
Кейіннен айналысқа :
· 1994 жылы 1993 жылғы үлгідегі номиналы 200 теңгелік және 1994 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар ;
· 1995 жылы 1994 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттар ;
· 1996 жылы 1996 жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік банкноттар ;
· 1997 жылы номиналы 1, 5, 10, 20, 50 теңгелік монеталар (жаңа дизайны);
· 1999 жылы 1998 жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңгелік банкноттар;
· 2000 жылы 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар (дизайны өзгертілген),
2001 жылы :
· 2000 жылғы үлгідегі номиналы 1000 және 2000 теңгелік банкноттар ( дизайны өзгертілген );
· 2001 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар ( дизайны ішінараөзгертілген );
· Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік мерейтойлық банкноттар ;
· 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар ( дизайны ішінара өзгертілген ).
2002 жылы :
· 2003 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар;
· 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар ( дизайны ішінара өзгертілген ) шығарылды.
2003 жылы :
· 2003 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік банкноттар.
Республикада ақша айналысындағы монетамен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да қолданылады . Мерейтойлық және ескерткіш монеталар оларда белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие , бірақ олар негізінен мәдени — ағарту мақсатында шығарылған . Әдеттегідей , олар қатаң шектеулі таралыммен шығарылады және Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде коллекциялық құнымен сатуға арналған.
2006 жылғы үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді, барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғат ландшафтарының бейнелері кіреді.
Банкноталардың бет жағында орталық бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі — қазіргі заманғы қазақстандық сәулеттің, конструкторлық және инженерлік ойдың жетістігі, тәуелсіз Қазақстанның даму нышаны орналастырылған. Банкнотаның ортасында түрлі-түсті жолақтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны ноталарының фрагменттері бейнеленген, оларға номиналдың сандық белгісі жазылған. «Бәйтерек» ескерткішінің сол жағында бір түспен Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы салынған. Оң жақ жоғарғы бөлігінде – мемлекеттік жалаудың бейнесі. Банкнотаның төменгі бөлігінде сенімді, шынайылықты және әділеттілікті білдіретін классикалық геральдикада ашық алақан бейнеленген. Номиналы 200 және 500 теңге банкноталарда номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгілеуі оң жақ төменгі бұрышында тігінен, номиналы 1000, 2000, 5000 және 10000 теңге банкноталарда төменде сол жақта орналасқан. 200 және 500 теңгелік номиналдардағы «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу мемлекеттік елтаңбаның астына, ал 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік номиналдарда тігінен төменде оң жақта орналастырылған.
Сериялық нөмірлері бет жағына жазылған және банкноталардың қарама-қарсы екі бөлігінде орналастырылған.
Банкноталардың сырт жағында ландшафтардың және елдің аумағындағы қазіргі заманғы сәулет объектілерінің бейнелері бар. Олар Қазақстан картасының контурымен жиектелген. Сол жақта төменде және оң жақта жоғарыда банкнота номиналының сандық белгісі, ал төменде ортада орыс тіліндегі әріптік белгілеуі орналастырылған. Жоғары жақта ортада «Қазақстан ұлттық банкі» деген жазу және эмитент банктің логотипі басып жазылған.
Банкноталарды қорғау тұрғысынан алғанда жаңа дизайн түпнұсқалылықты қарапайым және шапшаң анықтауға бағытталған, бұл ретте ақшаны қолдан жасаудан қорғайтын, ортақ бейнеге үйлесіммен кіріккен классикалық және ең жаңа, неғұрлым күрделі қорғаныш құралдары пайдаланылған. Осыған дейін 200 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі банкноталарды ауыстырған кезде, сондай-ақ айналыста жүрген 5000 және 10000 теңгелік соңғы екі номиналды ендірген кезде де осындай кейбір қорғаныш элементтері пайдаланылған болатын. Жаңа дизайндағы банкноталарда арнайы құралдарсыз анықталатын, яғни визуалды және жарыққа көрінетін, сондай-ақ саусақтың ұшымен анықтауға болатын қорғаныш элементтерінің барынша мүмкін саны пайдаланылды. Банкноталарда арнайы техникалық құралдардың көмегімен танылатын жасырын элементтер де кездеседі, бірақ ақша белгісінің түпнұсқалылығын шапшаң және қарапайым анықтауға негізгі акцент жасалған.
Банкноталарда мынадай қорғаныш элементтері пайдаланылған:
Сутамғы белгілер. Сутамғы белгілерінің бейнесі банкнотаны жарыққа тосып қарағанда анық көрінетін қарама-қарсы қою және ашық реңдерден тұрады.
Қорғаныш жіп. Бір қорғаныш жіп қағаздың құрылымына енгізілген және банкнотаны жарыққа тосып қарағанда тұтас сызық түрінде көрінеді. Екінші, үзік-үзік жіп — банкнотаны жарыққа тосып қарағанда анық көрінетін жазбалар және суреттер тұтас сызық болып пунктир түрінде қағаздың бетіне шығарылған.
Мөлдір орын. Банкнота жарыққа тосып қарағанда жақсы көрінетін ашық орындағы полимерлік лентадағы сурет.
Қосарланған бейнелер. Банкнотаның беткі және сыртқы жақтарында басылған бейнелердің фрагменттері, жарыққа тосып қараған кезде тұтас суретті құрап, дәл сәйкес келеді
Алтын интаглио. Тығыз жоғары рельефті қабатты алтын түстес металл бояуы бар қорғаныш элементі, түрлі-түсті көшірмелеуден жоғары деңгейде қорғайды.
Қорытынды.
Қорыта айтқанда, Əр ел өз банкноталарын басқаларға ұқсас болмайтындай етіп жасауға тырысады. Бұл өзінің дарашылдығын, тəуелсіздігін көрсету үшін ғана емес, егер əртүрлі ұлттық валюта банкноталары бір-біріне ұқсас болатын болса, болуы мүмкін алдау əрекеттерін болдырмау мақсатында туындайды. Жаңа дизайн Қазақстанда соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістерді көрсетеді жəне Қазақстанның бай мəдени тарихын қазіргі заманғы дизайн элементтерімен байланыстыра отырып біріктіреді. Мысалы, банкноталарда жаңа астана Астана қаласының көз тартарлық монументі Астана-Байтерек бейнеленген. Бет жағында мемлекеттік əнұран ноталарының фрагменті, сондай-ақ мемлекеттік ту жəне елтаңба бейнеленген. Банкноталардағы қолдың ашылған алақаны, қола дəуірінің тас бейнелері достастықты, ашықтықты жəне қажымас қайратты білдіреді. Банкнотаның сырт жағында Қазақстан картасының жаңа астана Астана қаласының жəне басқа қалалардың əртүрлі ландшафтары мен сəулет ғимараттары бейнеленген контуры бар. Мысалы, 10000 теңгелік банкнотада Президент резиденциясы, қазбалар кезінде табылған жануарлардың тастағы бейнелері де банкнота дизайнында бейнеленген.
Ұлттық валюта — теңгені енгізген бері 15 жыл өтті. Бұл біздің еліміздің тəуелсіздігін жариялаған бастап болған айрықша мəнді оқиғалардың бірі болып табылады. Ұлттық валютаны енгізу елімізде жеке ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. 15 жыл ішінде теңге біршама нығайды жəне ТМД елдерінің анағұрлым тұрақты валюталарының бірі болып қалды. Қазақстандық ұлттық валюта – теңгенің айналыста 15 жыл болуы Қазақстанның қазіргісі мен болашағы үшін теңгені енгізудің тарихи маңыздылығына объективті баға беруге мүмкіндік береді. Өзіміздің ақша бірлігімізді енгізу Қазақстанның экономикалық егемендігін іске асыру үшін негіз болды. Ұлттық валютаны енгізумен нарық экономикасын құруға бағытталған құрылымдық қайта құрулар жылдамдатылды. Қазақстан өзінің ұлттық валютасы — теңгені күрделі жағдайда əзірлеп, қабылдағанын естен шығармау қажет. Теңгені жасаудағы тұңғыш президентіміздің ерен еңбегін әр қазақ білері сөзсіз.
Ұлттық теңгеміз АҚШ долларындай немесе Еуроодақтың евросындай болмаса да өз тұрақтылығын сақтап, құнызданбауын қалаймыз!!!
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Ақша, несие, банктер теориясы: Оқулық. — Алматы: Жеті жарғы, 2011.
- «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы. 12.11.1993.
- «Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 13.12.1993.
- Ақша, несие, банктер Ғ.С. Сейітқасымовтың редакциялығымен. Алматы: Экономика, 3,001.
- Деньги, кредит, банки/Под ред. Лаврушина О.И. М.: «Финансы и стататистика» 1999.
- Обшая теорда денег и кредита/Дод ред. Жукова Е.Ф. М.: Банки и биржи, 1995.
- Қазақстан Ұлттык энциклопедиясы. Алматы, 1998.
Тағы рефераттар
- Кәсіби-бағдарлы қазақ тілін оқыту негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілікті дамыту
- Қылмыстардың көптігінің түсінігі
- Сыныптағы жеке тұлғалар арасындағы қатынастар диагностикасы. Социометриялық әдістеме
- Қарасай батыр
- Топырақтан бөлініп алынған Streptomyces туысы актиномицеттерінің антагонисттік қасиеттерін анықтау әдістері және қажетті материалдар