Түрік халқы туралы қазақша реферат
Түрік халқы әрқашанда өзі ұмтыла алатын мақсаттарға мұқтаж.
Р. Роллан
Түрік халқының тарихы бірнеше халықтардың мәдениетімен, тілдерімен біте қайнасқан түрлі оқиғаларымен таң қалдырады. Ұлы Византиялық, білімді арабтық және жауынгер түркіліктер ата-бабалары біртұтас түрік халқы ретінде топтасып, екінші Вавилон құрды.
Түрік атауы көне «түркі» сөзінен шыққан. Басқа да атаулары кең тараған: түріктер, түрік-жавахтар, месхетин түріктері, алхалцих түріктері, месхетиндер, Кавказ түріктері. Түріктердің этногенезі екі негізгі компоненттен тұрады: Азия мен Кавказ өңірінде жаппай пайда болуы ІІ ғасырда басталған месхтардың грузиндік тайпалары және түріктер. Месхет жотасы ауданы грузин патшалары мен түрік сұлтандарының билік ету аясын бөліп тұратын шекралық аймаққа айналды. XIII ғасырдағы монғол басқыншылығы мен 1395 жылғы Темір жорығынан туындаған жаппай қоныс аудару Грузияның оңтүстік-батыс шекаралық аудандарында, әсіресе оңтүстіктен басып кіруден әлсіз қорғалған Месхетияда түріктер санын көбейтті және кейіннен оның тұрғындарының бір бөлігінің осман түріктеріне сіңісіп кетуін жеңілдетті. 1555 жылы Самцхе-Саатабагоның Осман империясы құрамына енгеннен кейін Месхетия аумақтары түрік этносының әсер ететін аймағында қалып, Ахыска патшалығы деп аталды. Түріктермен жергілікті тұрғындардың сіңісуі діни және тілдік бағытта да жүргізілді.
Мұсылмандыққа өту барлық жағынан мадақталды. Осман империясында аралас тұрғындары бар жерлерде ауызекі сөйлеу тіл болып келген түрік тілі ұлтаралық тілге айналды. Нәтижесінде жергілікті түрік диалектісінде сөйлейтін, егінші-мұсылман екенін білдіретін, түрік-түркілер жалпы этнонимі пайда болды. Грузия құрамындағы Ахалцих ауданының Ресейге қосылу уақытына қарай (1829) мұсылман-месхитиндер сол аймақтың саны жағынан ең аз тұрғындары болды, бірақ 19 ғасыр бойы және 20 ғасырдың 1-ші ширегінде олардың үлесі бірте-бірте өсті.
Түрік тілі түркі тілдерінің бірі, оғыз тобына жатады. Түрік және түркі сөздері көптеген тілдерде ұқсас айтылатын болғандықтан, түрік тілін кейде «анатолы- түрік» деп атайды (Азияның ежелгі атауы – Анатолы). 1918-1923 кемалистік революцияға дейін және Түркия республика болып жарияланған соң осман тілі болып аталған. 30-шы жылдардың аяғына қарай месхетин мұсылмандарында түрік-месхетиндер жалпы этнонимі болды, ал жергілікті месхетиндер (19 ғасырдан бастап православиялықтар) оларды түріктер деп атады.
Түріктердің дәстүрлі тағамдары әр түрлі және өте бай. Түрік дәмінде сиыр және қой еті көп қолданылады. Ең дәмді тағамдарының бірі- әртүрлі кебабтар, оларды даярлауда өте көп дәмдеуіштер пайдаланылады. Жеңіл тамақтардың да түрлері аса мол: көкөніс және жеміс салаттары, қой ірімшігі, қытай бұршағы болмаса жүзім жапырағымен оралған күріш, тарттырылған қызанақ пен бұрыш т.б.
Көп қатпарлы, қамыр қабаттарының арасына ірімшік, дәмдеуіштер, ет, балық салған, ерекше «берек» бәліші жеңіл немесе негізгі тамақ ретінде ұсынылады. Түрік асханасында тәттілер ерекше маңызға ие. Әсіресе жұқа қатпарлы қамырдың арасына грек жаңғағы мен шекілдеуік жоңқасы салынған қырық қабатты «бахлава» («пахлава») ерекше кең таралған. Ұлттық сусыны — рақы (анис арағы), оны сумен араластырып, «арыстан сүті» деп атайды.
Түріктердің киімі жаңа заманға сай келеді. Кейбір қарт адамдар шалма мен тақия киеді. Әйелдер киімінде ұлттық нақыш ең жақсы сақталған: шәлі, ұзын әрі қарапайым көйлек; әйелдер далаға (тіпті жазда да) денесін жасыратын ұзын шапандар мен тозаңқаптар киіп шығады. Әйелдердің ұлттық киімі, әсіресе, ауылдық жерде жақсы сақталған. Ол голошо – орамал және кең, ұзын көйлек.
1928–1937 жылдары Ахыска түріктері репрессияға ұшырады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ барлық ер адамдар майданға (40 мыңнан астам, 26 мыңы соғыстан қайтпаған) жұмылдырылды. 1944 жылы қыста Ахыска түріктері Грузияның Ахалцих, Алиген, Адиген, Аспиндз, Ахалкалак және Богданов сияқты оңтүстік және оңтүстік батыс шекаралық аудандарынан Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілді. Барлығы 115,5 мың адам депортацияланды. Олар негізінен әйелдер, балалар және қарттар. Олардың 17 мыңы жолда қырылып кетті. Ахыска түріктері Қазақстан, Үзбекстан және Қырғызстанның әртүрлі облыстары мен жекелеген кенттеріне «ерекше жер аударылғандар» ретінде шоғырландырылды.
Түрген селолық округінің түрік ұлттық-мәдени орталығы кеңесінің төрағасы Мәжіліс Әмзаев сол бір қиын кездерді былай деп есіне алады: «Соғыстан кейінгі жылдары туыстарды іздестіріп табу өте қиынға соқты. Ер адамдар өз отбасын іздеп, Кавказдан Қазақстан мен Үзбекстанға жаяу жетті. 1944 жылдан 1956 жылға дейін 12 жыл бойына жер аударылғандар комендатура тәртібінде өмір сүрді. Ол кезде бір ауылдан екіншісіне туыстарды іздеп шығуға да рұқсат етілмейтін».
Басқа да халықтар сияқты Ахыска түріктерінің де өмірінде көп қиындықтар кездесті. Сол бір тар жол — тайғақ кешу жылдары, жоғалып кету, жан-жаққа ыдырап тарап кету, дәстүрлерін, салттарын, тілдерін, мәдениетін жоғалтып алу және халық ретінде құрып кетудің қаупі төнді. Бірақ біздің халық ешбір қажымастан қауымға сіңісе білді, өз тілінде сөйледі, дәстүрлері мен салттарын сақтады, ешқашанда өз тарихының ащы сабақтарын ұмытқан емес. Дегенмен де, көрген қуғыншылыққа қарамастан түріктер тірі қалып, мәдениетін, ұлттың өзіндік ерекшелігін сақтап қала алды. Түріктердің тірі қалуына бірден бір септескен қазақ халқының жер аударылғандарды өте жылы қабылдауы еді. Аса бір қиын соғыстан кейінгі жылдары оларға қолдарынан келгеннің бәрін жасап, мүмкіндігінше көмек көрсетті. Оларға баспана беріп, бір үзім нанды бөліп жеді. 1956 жылы олардан арнаулы жүріп-тұру бойынша шектеу алынды, сөйтіп біразы Кавказға қайта оралды. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін де депортацияланған халықтардың көбі өздерінің тарихи отанына орала бастады. Ал түріктер қайта алмады. Туған жері Грузия шекарасы олар үшін жабық еді. Қоныс аударушыларды қабылдап жатқан Түркияға да кетулеріне болар еді, бірақ ол жер Ахыска түріктерінің туған жері емес. Сөйтіп, түріктерді еркін де тыныш өмір сүретін мекеніне — Қазақстан жеріне тарихтың өзі қоныстандырды. Түріктердің көбі Қазақстанда біржолата орнығып қалды.
Ресми мәліметтер бойынша ҚР аумағында 84 000 түрік тұрады (01.01.2005 ж.), бірақ шындығында 150-200 мыңдай адам бар. Олардың нақты санын анықтау қиын, өйткені көптеген түріктердің төлқұжаттарында ұлты «әзірбайжан» болып көрсетілген. Оның бәрі тоталитарлық тәртіптің шектен шығуының салдарынан, көптеген түріктер төлқұжаттарында «бейтарап» ұлтты көрсетуге мәжбүр болғандығынан орын алды. Кейде оларды оған күштеп те мәжбүр етті. Қазірде бірінің ұлты түрік, екіншісі – «әзірбайжан» болған бірге туған екі азаматты кездестіруге болады. Тоталитарлық билік адамдардың өткенін, түп-тамырын ұмытуы үшін бәрін жасады. Бірақ түріктердің ынтымағының арқасында олар өз мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтай алды.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен Ахыска түріктері ұлттық кемсітушіліктен біржола арылды. 1991 жылдың ақпан айында Алматыда «Түркия» түріктер қоғамы республикалық ұйымы құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты елдегі ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерін өзара жан-жақты байыту, түріктердің дәстүрлері, салттары және тілдерін сақтау және дамыту, жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеу болды.
1996 жылы “Ахыска” қоғамдық ұйымы Түрік ұлттық орталығы ретінде қайта аталып, қайта тіркелді (ТҰО), оның төрағасы болып Қурдаев Тофик Ашимұлы сайланды. Осы кездері облыстарда, аудандарда түрік-ахыскалар көп шоғырланған жерлерде қоғамның филиалдары ашыла бастады. Ана тілін үйрететін сыныптар мен жексенбілік мектептер ашылды. Ұлттық ән-би ұжымдары ұйымдастырылды. Ұлт мәдениетінің кең ауқымда қайта түлеуі үшін жағдай жасалып, әртүрлі деңгейдегі фестивальдар өткізілетін болды.
1999 жылдың мамыр айынан қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып Қасанов Зиядин Исмиханұлы сайланды.
Асиев Шахисмаил Ахметұлы — Алматы филиалының төрағасы, әрі Қазақстан Республикасы түріктерінің қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. Ол ондай-ақ, біліктілігі мол, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарымен, әртүрлі санаттағы тұрғындармен тез тіл табысатын азамат ретінде белгілі. Жағдайға тез бейімделіп, қиын түйіннен оңай шешім таба біледі. Шахисмаилдың беделі мен жемісті еңбегі, көбіне түрік диаспорасын, әсіресе жастар арасындағы жұмысты белсенділендіруге, түрік орталығы мүшелері ұйымдастыратын барлық мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оның тікелей басшылығымен және Зиядин Исмиханұлының көмегімен қоғам жұмысының тиімділігін арттыру бойынша көптеген істер атқарылды.
Бүгінде республикамызға және одан да тыс жерлерге халық ақындары Али Паша Вейсал-оғлы және Қараев Камал, жазушы Шыңғыс Бадалова, әнші-ақын Ахметов Маулет, театр мен кино әртісі Афрасоглы Микаел, «Қайрат» футбол клубының негізгі құрамының ойыншысы — Алиев Али, медицина ғылымдарының кандидаты, елуден астам ғылыми жұмыстардың авторы — Курдаев Тофик Ашимұлы, профессор, ғалым-химик, шет тілі және іскерлік қызмет институының проректоры — Каримов Алибек Ниязұлы сияқты адамдардың есімдері белгілі.
Қоғам жұмыс істеген жылдар ішінде оның басшылары мен мүшелері біздің республикамызда және шет елдерде өткен жиырмаға жуық түрлі конференция, конгресс, құрылтай, семинарлар мен кездесулерге қатысты.
Қазіргі кезде Алматы облысының 12 орта мектебінде, түрік диаспораларының жинақталып тұрған жерінде түрік тілі сабағы өтеді. Туған тілінде оқитын балалар Қазақстандағы Түрік Республикасы елшілігінің көмегімен оқулықтармен, оқытушылар әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдер, балалар конкурсының жеңімпаз — оқушылары, қоғам белсенділері үнемі бағалы сыйлықтармен марпатталып отырылады. Жыл сайын 15-20 жас азамат Түркия Республикасына жоғары оқу орындарына оқуға жіберіледі. № 99 Алматы мектебінің базасында түрік тілі мұғалімдері үшін семинарлар ұйымдастырылады. Ұстаздар әр кездері Түркияға қабылдаушы жақтың қаржысы есебінен сынақтамаға жіберіледі. Түрік тілінен сабақ беретін 10 оқытушы Түркия үкіметі өткізетін семинарларға жыл сайын қатысады.
Сонымен қатар, оқу жылы ішінде Түркия елшілігі білім беру бөлімі «Ахыска» орталығы білім беру бөлімімен бірлесе отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын өткізеді. Орталықта «Ахыска» футбол клубы құрылған, ол Қазақстан Республикасы чемпионатының 2-ші лигасының турниріне қатысады. Жыл сайын ұлттық спорт түрі «Гюреш» күресінен турнир, жасөспірімдер және ересектер арасында футболдан чемпионат өткізіледі. Республикалық, облыстық, және аймақтық мәдениет фестивальдары ұйымдастырылады.
Қазақстандағы түрік диаспорасына Түркия үкіметі үлкен қолдау көрсетіп отыр. «Мико» ұлттық театрының құрылуы халықтың мәдени және рухани дәстүрлерін дамытудағы маңызды кезең болып саналады. Театр труппасының қатысуымен «Тәтті бұлақ» атты алғашқы көркем фильм туған тілінде шығарылды. Бүгінде екінші фильмді түсіру аяқталды, ол «Қарыз» деп аталады.
2000 жылдан бастап үш тілде (қазақ, түрік, орыс) түрлі түсті қалыпта «Ахыска» газеті шығарылады. Ол біздің отандастарымыздың арасында үлкен сұранысқа және республикадағы ұлттық БАҚ арасында жоғары беделге ие. Түркияның SSN – TURKİYE телекомпаниясы түріктердің тіршілігі, дәстүр-салттары туралы телевизиялық деректі фильм түсірді.
«Ахыска» түріктерінің ішінен шыққан жазушылар мен ақындардың кітаптарын шығаруға және көбейтуге Түркия үкіметі тарапынан жан-жақты қаржылық көмек көрсетіледі.
Республикадағы түріктер көп шоғырланған ірі аймақ Алматы облысының Қарасай ауданы болып табылады. Оның аумағында шамамен 16 мың түрік тұрады.Қарасай аудандық түрік мәдени орталығын заңгер, ҚР адвокаттар Одағының мүшесі Камилов Илимдар Әлиұлы басқарады.
Ауданда әртүрлі фестивальдар, көрмелер, жарыстар, көркемөнерпаздар концерттері, телекөпір мен спорт жарыстары өткізіледі. Ауданда 8 саз-аспаптық ұжымдар, оның ішінде халық аспаптары ансамблі мен ұлттық би топтары бар. Аудандағы бес мектепте түрік тілінен факультативтік сабақтар өткізіледі. Үшеуінде түрік тілін оқытатын жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Ол мектепке түріктермен қатар басқа ұлт өкілдері де барады. Қаскелең қаласындағы А.С. Пушкин атындағы жексенбілік мектеп жыл сайын Алматы қаласындағы Достық Үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін түрлі байқаулар мен конкурстарда жеңімпаздар сапынан көрініп жүр. Орталықта жыл сайын ұлттық және мемлекеттік, діни мерекелерді атап өту дәстүрге айналған, ұлттық тағам және киімдер көрмелері ұдайы өткізіліп тұрады. Орталықтың белсенді мүшелері Алматыда «Біз — қазақстандық түріктерміз», «Еске алу күні» сияқты фестивальдар, футбол мен еркін күрестен халықаралық турнирлер, «Қазақстан халқының біртұтас отбасында», «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық-саяси акциялары сияқты ауқымды іс-шараларға белсене қатысады. Мәдени-көпшілік және спорттық шаралар аудан әкімдігімен, және басқа да ұлттық-мәдени орталықтармен бірлесе атқарылады
Тағы рефераттар
- XIV ғ. екінші жартысындағы Қазақсатан экономикасы
- Кәсіпкерліктің экономикалық түсінігі
- Кәсіпорынның мүліктік жағдайын бағалау мен табыстылықты талдау
- Қобыз дәстүрі. Қобыз аспабының тегі туралы. Қорқыт және қобыз. Қобыз күйлерінің зерттелуі
- Кенжехан Ісләмжанұлы және балалар фольклоры дипломдық жұмыс