Бейнелеу өнерін оқытудағы негізгі мақсаттың бірі – оқушыларға көркемдік білім беру болып табылады. Оқушыларға көркемдік білім берудің құрылымы бейнелеу өнерінің сауаттылығын құрайтын бейнелеу өнерінің заңдылықтарын меңгеру мен бейнелеудің қарапайым ептейліктері мен дағдыларын қалыптастырудан тұрады. Бейнелеу өнерінің негізгі сауаттылығын құрайтын перспектива, жарық пен көлеңке, ритм, симметрия және композиция заңдылықтарын оқушыларға меңгертудің көкейкесті мәселелері көп. Олар: бейнелеу өнерінің осы заңдылықтарын жинақталып бір жүйеге келтірмеуі мен оны оқытудың мазмұны, формалары мен әдіс-тәсілдерінің жоқтығы арасындағы қарама-қайшылықтардың болуымен ерекшеленеді.
Осындай мәселенің шешімінің әлі күнге дейін табылмауы, бейнелеу өнерінің түстану ілімі мен оның мазмұнының қысқаша болсада әліге дейін толық еместігі, оны жинақтап, бейнелеу өнері пәнін оқытудың теориялық материалы ретінде танудың қажеттігі қаншама жылдардан бері туындап келеді. Барлық оқу пәндерінің теориялық оқу материалдарының болатындығы сияқты, бейнелеу өнерінің бейнелеу ептейліктері мен дағдыларының қалыптасуына ерекше әсер ететін – бейнелеудің жарық пен көлеңке, перспектива, композиция және түстану заңдылықтарын түсінеміз. Оқушылар бейнелеу сауаттылығы құрайтын осы заңдылықтар мен оларды бейнелеудің ережелерін меңгермейінше студенттер мен оқушылардың бейнелеу іс-әрекеттері жақсы нәтиже бере бермейтіндігіне тәжірибеде көз жеткізуге болады.
Түстану мәселелері туралы ғылыми, педагогикалық, өнертанымдық әдебиеттерді сараптау әлі де болса, бұл мәселені – бейнелеу өнерін оқыту мазмұнының бір саласы ретінде қарастыру қолға алынбағандығы белгілі болды.
Түстану мәселесін қарастырған кейбір еңбектерде термин сөздерге терең мән беріп, оларға түсіндірме жасаумен шектеліп, анықтамалар мен ережелерін беру, жіктеу олқы соғып жататындығы жасырын емес. Сондықтан түстану заңдылықтарын балаларға оқытуды түстану заңдылықтарынан бастау, түстану мәселелерін жинақтап жүйелеуден бастау орынды.
Түстану – түс туралы ілім жүйесі. Түстер хроматикалық және ахроматикалық болып бөлінеді. Хроматикалық түстерге түрлі-түсті түстер жүйесі кіреді. Ахроматикалық түстерге ақ және қара түстер жатады. Барлық хроматикалық түс үш параметрмен ашықтылықпен, түстік өңмен және қанықтылықпен сипатталады. Ахроматикалық түстер бір-бірінен тек бір белгісі бойынша – ашық (ашық сұрғылт немесе қара сұрғылт) бойынша ерекшеленеді. Түстік өң бұл «қызыл», «сары» және т.б. сөздермен анықталады. Мысалы қызыл, таза қызыл немесе сұрғылт қызыл. Бұл қызылға қосылған сұрғылт қоспа түстің өңін өзгертпейді қызыл түс қызыл болып қалады. Ахроматикалық қоспадан, хроматикалық түстің қанықтығы азаяды. Мұндай қоспада ахроматикалық түс неғұрлым аз болған сайын, оның қанықтығы арта түседі.
Хроматикалық түстерді шартты түрде жылы түсер және суық түстер деп бөлінеді. Жылы түске түс спектрінің сары-қызыл бөлігі, ал суық түске көгілдір бөлігі жатады, жылы түстерді күн мен оттың түсімен, суық түстерді аспан, су мен мұздың түсімен сиппатауға болады. Күлгін және жасыл түстер аралық жағдайда пайда болады. Бұларды басқа түстермен қатынасына байланысты бірде жылы, бірде суық түске жатқызуға болады. Түстік шеңбер бірге қатар қойылған түстерден құралған шеңбер. Бұл шеңбер, сары, сарғыш қызыл, қызыл, қызғыш қоңыр, жасыл көк, көк, күлгін көк, болып жалғасып отырады. Негізігі түстер сары, қызыл және көк түстер болып табылады. Контраст түстер – бір біріне қарама қарсы түстер. Ақ түске, қара түстер қарсы ақ пен қызыл т.б. түстер конраст сипатын береді.
Түстердің қасиеттерін зерттеу бізге түстердің психологиялық физикалық қасиетін, этнокөркемдік атауларын анықтауға мүмкіндік береді.
Психолог ғалымдар түстің адамға әр түрлі әсер туралы бірқатар зерттеулер жүргізгендігі белгілі. Мысалы қызыл түске көп қарау, немесе қызыл түске боялған бөлме ішінде ұзақ отыру адамның жүйкесіне тиіп, оны әлсірететіндігі анықталған. Сонымен қатар бөлменің қабырғасын түрлі түстермен реңдеудің өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы, зерттеу нәтижелері үйдің көлеңке немесе солтүстік жақтағы бөлмелерін жылы түстермен, күн жарығы тікелей түскен бөлмелерді суық түстермен (ашық көк, немесе салат түсті ақшылды жасыл көк түске) безендіру қажеттігін көрсеткен. Сонда жылы түстер адамға жылылық әсерін беріп, бөлменің іші жылына түскендей
сезіледі, ал суық түсті бөлме жаздың күні адамға салқындағандай әсер беретіндігі анықталған.
Сол сияқты заттардың салмағына байланысты болатын түстердің қасиетін мынадан білуге болады. Мысалы қара жасыл көк түске боялған жүк машинасы өте ауыр сияқты болып қабылданса, нақ сондай формадағы машинаның түсі ақшыл көкке боялса оның салмағы жеңіл сияқты болып көрінетіндігі белгілі болған.
Түстерді тану барысында олардың символдық түрде берілуі ерекше назар аударатын құбылыс. Жасыл көк түс жастық шақты білдірсе, аспан көк түс бостандықты, еркіндікті, білдіреді, ақ түс тазалықты, қара түс жамандықты, қызыл түс белгілі бір өзгерісті білдіреді.
Қазақ халқында түстердің белгілі бір атаулары болған. Жылқының түсіне байланысты ақ боз, күрең, қара торы, шабдар, буырыл, құла, ала, т.б. атаулармен атаған.
Картиналардағы түстердің берілуінің өзіндік ерекшеліктері болады. Мысалы, таңертеңгі мезгілді бейнелейтін картиналарда көкшіл түстер басым болса, кешкі мезгілді бейнелейтін картиналарда қызғылт түстер басым болып беріледі. Күндізгі мерзімді бейнелейтін картинадағы заттардың түстері өзінің табиғаттағы қалпында бейнеленеді. Ал егер, заттық бетінің фактурасы жылтыр болып келсе, оған сол заттың жан-жағындағы заттардың түстері әсер етіп, өзінің табиғи түстері азғана өзгеріп көрінуі бейнеленеді.
Картиналардағы түстердің өзгеруі мен бейнелеуінің бір ерекшелігі шығарманың идеясына байланысты болып келеді. Суретші Салихаддин Айтбаевтың «Бақыт» атты картинасында көктемгі далада отырған қыз бен жігіт көрінісі бейнеленген. Жастардың үстіндегі киімдері түрлі түсті бояулармен берілген, ал дала, алыстағы тау, жасыл көк түстермен жазылған. Картина композициясында аспанға қарағанда жердің көрінісі толық картина жазықтығын жауып жатыр. Шығармадағы түрлі түстердің арасында жасыл көк түстердің басым берілуі арқылы суретші адам өмірінің жастық кезеңін жасыл реңдермен беру арқылы жастықтың өзіндік ерекшелігіне көңіл аударады. Яғни жасыл түсті жастықтың түсі ретінде символдық түрде береді.
Қазақ бейнелеу өнерінде белгілі суретші Нағымбек Нұрмаханбетовтың
салған «Тоқаш Бокин отряды» атты картинасы бар. Картинада, қазақтың сары даласында атқа мініп келе жатқан Тоқаш Бокиннің отрядының көркем көріністері бейнеленген. Картинаның түстерінің бір ерекшелігі мұндағы қызыл түстердің басым болуы. Табиғатта дала көрінісі ақ, сары немесе жасыл көк болуы, аттардың түсі күрең, ақ боз тағы басқа болуы, адамдардың жылы реңдері басым жасыл көк болуы мүмкін. Бірақ картинада қызыл түстер басым берілген. Бұл шығарманың айтылатын көркемдік ойына байланысты. Картинада қоғамдық өзгеріс, қоғамдық құрылымның өзгеруін көрсетуді мақсат тұтқан. Картинада қызыл армия командирі Т.Бокиннің образы берілген.
Түстану ілімінде колорит деген ұғым кездеседі. Колоритті біз кескіндеме шығармаларындағы түстердің үндестігі мен бірлігі деп танимыз. Картинадағы түстер кейде жылы түстердің құрылымына кейде суық түстердің құрылымына бірігеді. Ал кейбір жағдайда картинада жылы түстер мен қатар суық түстер үйлесімді түрде қолданылады.
Заттың бетіндегі түстер кейбір жағдйда өз түсінен өзгеріп, басқаша түспен көрінуі ықтимал. Мысалы, бір түйір қара көмірдің бір жақ бетіне күннің көзі немесе жасанды жарық тікелей түскенде, ол жері әппақ дақ түрінде қабылдануы мүмкін. Мұны көру кезінде болатын жаңырысу деп танимыз.
Ғылыми-педагогикалық, өнертанымдық әдебиеттерді сараптау негізінде түстану ілімінің негізін құрайтын ұғымдарды мынандай бағыттарға жіктеуге және оны түстанудан білім беру мазмұны ретінде алуға болатындығы анықталады: хроматикалық түстер; ахроматикалық түстер; түстердіңі қанықтығы; түстердің ашықтығы; жылы түстер; суық түстер; түстік шеңбер; негізгі түстер; контраст түстердің бірлігі; түстердің қасиеті; символдық түстер; түстердің қазақша атаулары; колорит; картинадағы түстер; түстердің композициясы; жылы түсті колорит; суық түсті колорит; аралас түсті колорит; түстерді қабылдау ерекшелігі; түстердің бейнелеуінің
ерекшелігі т.б.
Ғылыми педагогикалық еңбектерді талдау мен тәжірбиелік-эксперименттік зерттеу нәтижесін сараптау негізінде түстану ілімін оқытудың мынандай формалары мен әдіс тәсілдері анықталады:
1.түстанудың негізгі мазмұнын құрайтын материалдарын сурет, кескіндеме, композиция пәндерін оқыту бағдарламаларын қосымша ретінде қосылды.
2.түстанудан теориялық материалдар өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру барысында қолдану нұсқаулары жасалады.
Тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының нәтижелерін сараптау бізге түстану теориясын көркемдік білімді беру жүйесінде оқытып үйретудің үш бағытын көрсетті: біріншісі табиғаттағы заттардың, құбылыстардың түстерінің ерекшеліктерін қабылдауға шәкірттерді үйрету табиғаттағы түстердің қатынастарына талдау жасау; түстердің араласуын көрсету; екінші бағыт – табиғат пен бейнелеу өнеріндегі түстердің берілуін талдау, олардың бейнелеу ерекшеліктерімен шәкірттерді таныстыру; үшіншіден – түстерді тікелей нұсқаға қарап сурет салу барысында қабылдау және оны бейнелеу.
Тағы рефераттар
- Қоғамның әлеуметтік құрылымы
- Валюталық жүйе, оның түрлері мен элементтері
- ГЕНЕТИКАЛЫҚ МОДИФИКАЦИЯЛАНҒАН ОРГАНИЗМДЕР (ГМО) ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ
- Топырақ жамылғысына таралуы
- Жапониядағы феодалдық тәртіптің дағдарысы