Халықаралық сауда теорияларының дамуы және экспортты реттеуде қолдану туралы қазақша реферат
Халықаралық сауда бүгінгі елдердің өндірісін дамыта отырып, өзінде бар ресурстарды тиімді пайдаланып, осылайша тауарлар мен қызмет түрін ұлғайтатын, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналып бара жатыр.
ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік сауданың орташа жылдық өсу қарқыны әлемдік жалпы ішкі өнімд өсу қарқынынан 1,5 есеге асып кетті. Бұл көптеген елдердің өмірінде әлемдік рыноктың рөлінің артқанын, олардың арасындағы байланыстың артқанын, халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдегенін көрсетеді. Осылайша әлемдік экономикаға тартылған елдерге қатал халықаралық бәсекелесті жағдайында өзінің рыноктық үлесін алуға тура келеді.
Сол себепті де сыртқы сауда бір жағынан экономикалық өсудің қуатты факторы болып табылса, ал екінші жағынан елдердің халықаралық сауда айырбасына тәуелділігін арттырады. Сыртқы сауданың пайдасы, ол іскерлік белсенділікті жандандыру арқылы әр түрлі елдердің экономикалық дамуын теңестіруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты сыртқы саудададағы кез-келген шектеулер елдің экономикасының дамуына теріс әсер етеді.
«Сыртқы сауданың» түсінігіне келсек, ол бір елдің тауарлары мен қызмет түрінің басқа бір елдің еркін айырбасталатын валютасына немесе жалпыға бірдей басқа құндылықтарға айырбасталуы. Бұл жерде тауарлар мен қызмет түрінің экспорты мен импорты бөлініп шығады. Сыртқы сауда саясаты өз кезегінде экспорттық-импорттық операцияларды реттеуге және мемлекетпен жасалған даму стратегиясының шегінде олардың экономикалық тиімділігін арттыру мақсатына бағытталған мемлекеттік әсер ету шараларының жиынтығы ретінде көрініс табады.[15]
Сыртқы сауда қазіргі экономикалық ғылымның даулы және ежелгілерінің біріне жатады. Саяси экономияның Адам Смит, Давид Рикардо және Джон Стюарт Мил сияқты классиктерінің тұжырымдары мен идеялары әлі күнге шейін өзекті болып табылады.
Сонымен қатар ХХІ ғасырдың қарсаңындағы әлемдік экономикадағы қазіргі таңдағы тенденциялар, еркін тауар айналымы мен протекционизм саясаты кезіндегі сыртқы сауданы мемлекеттік реттеу механизмі жайындағы экономист ғалымдар арасындағы ескі теориялық дауларға жаңа серпін берді. Сыртқы саудадағы болған соңғы уақыттағы өзгерістерді зерделеуге деген ұмтылыстар негізі ретінде салыстырмалы артықшылықтар мен қатар, ұлғайып жатқан кіріс пен рыноктың құрылымы болып табылатын жаңа теориялардың пайда болуына әкелді. Бүгінде халықаралық сауда теориялары сыртқы сауданы дамытудан түскен пайданың негізіне және сыртқы сауда ағымдарының бағыты немен анықталады деген мәселелерге түсінік береді.
Әлемдік экономикалық ғылымда сыртқы сауданың жаратылысын түсіндіретін екі негізгі бағыт бар:
─ Дәстүрлі бағыт. Бұл елдің салыстырмалы артықшылығын (абсолюттік және салыстырмалы артықшылықтар теориясы) Хекшер – Олин тұжырымдамасымен толықтырылған (факторлық пропорциялар теориясы) жүзеге асыруға байланысты.
─ Жаңа бағыт – ішкі салалық сауданың пайда болуын түсіндіреді.
Дәстүрлі бағыт дамушы елдер мен экономикасы өтпелі кезеңдегі елдер үшін тән. Ол өндірісті табиғи фактормен қамтамасыз етудің әр түрлі деңгейіне негізделген. Осындай негізінен дамыған елдер арасындағы немесе дамушы мен дамыған елдер арасындағы әлемдік тауар айналымының ¼-ін құрайтын салааралық сауда пайда болады.
Жаңа бағыт (бір саланың әр түрлі тауарларымен сауда) масштабының әсері мен өнеркәсібтің мамандануын жүзеге асырумен байланысты. Сауданың осы түріне негізінен дамыған елдер арасындағы әлемдік сауданың 70% тиеді.
Сыртқы сауда мен халықаралық мамандану туралы мәселелерге жауапты экономикалық ғылым бұрыннан іздей бастады және оларды экономикалық теорияның негізгі мәселелеріне жатқызған.
Адам Смит халықаралық еңбек бөлінісі жөніндегі мәселелерді талдап, қандай тауарларды экспорттау, импорттау керек екендігі жайлы өз ойын былайша тұнсырымдады: «Егер бөтен бір мемлекет өзіміз шығара алатынымызға қарағанда, арзан тауармен бізді қамтамасыз етуге қабілетті болса, онда сол тауарды өзіміз шығармай-ақ шетелден сатып алу әлдеқайда тиімді».
Адам Смиттің «халықтар байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты басты еңбегінде (1776 жылы) басты идея-ұлттар мен халықтар байлығының негізі, еңбек бөлінісі екендігіне саяды. Автор келесі қорытынды шығарды: Халықаралық еңбек бөлінісіне белсенді қатысып жатқан елдер пайда табады.[18]
Адам Смит халықаралық еңбек бөлінісі елдің абсолюттік артықшылықтарын ескеру мен іске асырылу керек деп сендірді. Әр мемлекет өзінің абсолютті артықшылығы бар тауар өндірісіне мамандануы керек. Мемлекеттің өзінің абсолютті артықшылығы жоқ тауарларды өндіруден бас тартуы және басқа тауарлардың өндірісіне ресурстарын жұмылдыруы, өндіріс көлемінің ұлғаюына және елдер арасындағы тауар айырбасының кеңеюіне әкеледі.
Адам Смиттің қорытындысы меркантилистердің ойына қайшы болды. Экспорттың импорттан үлкен болуы салдарынан елге ағылатын алтын мен күміс емес, елдің өз иелігіндегі табиғи және абсолютті артықшылықтарын пайдалану арқылы халықаралық еңбек бөлінісіне белсене қатысушылық қана мемлекеттің тұрмыс жағдайының өсуіне себепкер бола алады.
Тәжірибеде елдердің кез келгені өздерінің әріптестері алдында абсолюттік артықшылықтарға ие бола бермейді. Табиғи ресурстардың жетіспеушілігінен немесе ұлттық жұмыс күшінің төменгі өнімділігінен кейбір елдер маңызды тауарларды басқа елдерге қарағанда жоғары шығынмен өндіреді, бұл осындай тауарлармен сыртқы сауданың тиімсіз екендігін көрсетеді. Сондықтан да Давид Рикардоның шығын мен бағадағы салыстырмалы артықшылықтар тұжырымдамасы халықаралық сауданың классикалық теориясының негізін қалады. Осы тұжырымдамаға сәйкес кез-келген ел қай тауарды басқа елдерге қарағанда төмен шығынмен өндірсе, онда сол тауарды экспорттауға маманданады.
Бірақ та сауданың салыстырмалы артықшылықтары классикалық теориясы негізінде бір ғана өзгеріп отыратын факторы (жұмыс күшінің бағасы) немесе толық мамандану қағидасы бар статистикалық модель. Осы модельді шведтің екі экономисі Э. Хекшер мен Б. Олин жетілдірген. Олар халықаралық мамандануға өндіріс факторларымен (негізінен жер, еңбек, капитал) қамтамасыз етілудің айырмашылығының әсер етуін ескерген. Хекшер-Олиннің өндіріс факторларымен қамтамасыз етілудің неоклассикалық теориясы сонымен қатар экономикалық өсімнің сауда параметріне, ұлттық экономиканың құрылымы мен әр түрлі өндіріс факторлары бойынша төлемдер мен түсімдердің дифференциясына әсерін талдап анықтауға мүмкіндік береді.
Факторлық қамтамыз ету теориясы капиталға бай ел технологиясы капиталды интенсивті пайдаланумен байланысты тауарларды өндіруге маманданады деп пайымдайды. Олар капиталды қажет ететін өнімді экспорттап, жер мен еңбекті интенсивті пайдалануды қажет ететін өнімге айырбастайды. Бұл теория дамушы елдерді жер мен еңбек ресурстарын интенсивті пайдалануды қажет ететін алғашқы өнімді экспорттауға күштерін жұмылдыруға итермелейді.
Еркін сауданың неоклассикалық моделінен шығатын негізгі қорытынды халықаралық сауда барлық елдерге пайда әкеледі, соның салдарынан тауарлар мен қызметтердің жалпы әлемдік өндірісі өсіп келе жатыр.
Сонымен бірге бірқатар теориялық қорытындыны бөліп қарастыруға болады.
Біріншіден, өндіріс факторында әртүрлі сұранысқа ие тауарлардың арасында бөлінуге ықпал ететін өндірістің балама шығындарының өсуіне байланысты, салыстырмалы артықшылықтардың қарапайым моделінде шамаланғанындай толық маманданудың болуы әбден мүмкін. Елдер қай тауарды өндіруде өзінде бар мол ресурстарды интенсивті пайдаланатын болса, онда сол тауарларға маманданады. Олар өздерінде жетіспейтін ресурстардың орнын дайын өнімді импорттау арқылы толтырады. Ішкі шығындардың өсуі мен бағаның әлемдік деңгейден жоғары болуы толық мамандануды жүзеге асыруға кедергі жасайды.
Екіншіден, өндірудің біртекті технологиясындағы тауарға деген ішкі бағаның арақатынасы мен халықаралық саудадағы бағаның арақатынасын саудаласушы елдердегі факторлық бағамен теңестіреді.
Үшіншіден, мемлекет ішіндегі процестерге факторлық қамтамасыз ету теориясын қолдансақ, мол ресурстарды интенсивті пайдаланғандықтан мол ресурстарды иеленушілер үшін экономикалық қайтарымы ресурстары жетіспеушілерге қарағанда көбейеді.
Төртіншіден, елдердің капитал мен тұтыну тауарларын алу үшін, өндірістік мүмкіндіктерінен тыс сыртқа шығуына мүмкіндік бере отырып, сыртқы сауда экономикалық өсімді ынталандырады. Сыртқы сауда әрбір елге тауар, білім, идея, жаңа технологияларды алуына мүмкіндік бере отырып, өнеркәсіптің дамуына жағдай жасайды.
Соңғы жылдары елдердің біркелкі емес дамуы мен өндіріс факторларын жинақтау процестеріне көңіл бөлетін статистикалық неоклассикалық моделден ерекшелінетін сауда мен өсудің жаңа динамикалық теориялары қалыптаса бастады. Мысал ретінде бай және кедей елдер үшін арналған «Солтүстік-Оңтүстік» деген сауда моделін келтіруге болады. Басында Солтүстіктің индустриялды елдерінің капиталмен жоғары дәрежеде қамтамасыз етілуі өнеркәсіпті, өндірісті тиімді етеді. Нәтижесінде тез өсіп келе жатқан «Солтүстік» ақырын өсіп келе жатқан «Оңтүстік» алдында өзінің бәсекелестік артықшылықтарын арттырады.[15 11-бет]
Қай ел болмасын өзінің капиталы мен технологиясының жоғарғы біліктілігінің жемісін шетелдіктерге жегізіп қоймайды, осылайша біліктілігі төмен жұмыс күшінің орындаған операцияларына маманданғысы келмейді. «Азия барыстары» (Тайвань, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея) деп аталатын кейбір елдер мемлекеттің нақты іс-әрекеттері арқасында квалификацияланған еңбек пен капиталды қажет ететін өндіріске ойдағыдай көше білді.
Американ экономисі М. Портер 1991 жылы: «Елдердің бәсекелестік артықшылықтары» деген зерттеуді жариялады. Зерттеуде халықаралық сауда мәселелері мүлде жаңа қырынан талқыланды: «Халықаралық нарықта елдер емес, фирмалар бәсекеге түседі. Елдің бұл процессте алатын орнын анықтау үшін фирманың бәсекелестік артықшылыққа қалайша қол жеткізетінін және оны қалай сақтап қалатынын түсіну керек».
Портер өз үлестеріне экспорттың ½-і келетін 10 ірі өндірістік елде зерттеу жүргізген. Ол осы зерттеу нәтижесінде елдің әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеті соларға бағынышты негізгі параметрлерінің өзара байланысын көрсететін «ұлттық халықаралық бәсекелестік қабілеті» деген теориясын тұжырымдады.
Портер қазіргі сыртқы сауданың дамуын анықтайтын 4 негізгі параметрді атап көрсетті:
─ Факторлық шарттар;
─ Сұраныс шарттары;
─ Жақын орналасқан және қызмет көрсететін салалар;
─ Фирма стратегиясы және бәсекелестігі.
Портер бірінші параметрдің – саны жаңа шарттардың енгізілуі арқылы ұлғаятын факторлық шарттардың маңыздылығын мойындайды. Неоклассикалық теория негізін қалаушылар пікірлерінен өзгешелігі – ол аталған факторлар ел үшін мұра ретінде қалдырылмайды, өндірістің кеңеюі процесінде пайда болады деп санады. Мысалы, Жапониядағы жер жетіспеушілік факторы шағын технологиялық процестерді қалыптастыру үшін негізгі ынталандырушы күшке айналды. Бұл кейін әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болды. Ал швейцар фирмалары соғыстан кейінгі жылдары жұмыс күшінің жетіспеушілігі салдарынан еңбек өнімділігін көтеру бағытын таңдады.
Екінші параметр – сұраныс шарттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін көрсетеді. Олар фирманың даму барысын айқындап, оның болашақтағы әлемдік нарықтың әлеуеттік дамуымен байланысын көрсетеді.
Портер Линдер теориясын дамыта отырып, компания қызметіне ықпал жасайтын ішкі нарықтың қажеттіліктерін аса маңызды фактор ретінде қарастырды. Мысалы, шағын бөлмелерде тұратын жапондықтар жапон өнеркәсібі шығара бастаған энергия қуатын сақтайтын арзан кондиционерлер тұтынуды қолайлы деп санайды. Кейіннен мұндай кондиционерлер экспортталуын жапондық компаниялар қамтамасыз етуі арқылы бүкіл әлемде кеңінен пайдаланылатын болды.
Үшінші параметр – жақын орналасқан және қызмет көрсететін салалар фирма қызметіне тікелей әсер ететін тиімді өндірістік ортаны сипаттайды. Әшекейлік бұйымдар өндіретін италиандық фирмалардың гүлденуінің себебі: Италия асыл тастар мен металлдарды өңдеу өндірісі бойынша әлемдік жетекші орынға ие болып отыр.
Төртінші фактор – фирма стратегиясы және бәсекелестік фирмалық стратегияға және ұйымдастырушылық құрылымына байланысты. Бұл жерде басқарудың жалпы және универсалдық жүйелерін ерекшелеп бөлуге болмайды. Мысалы жиһаз өндірісі, жарық беру құрылғылары, буып-түю машиналары өндірісінде жетекшілік орындағы италияндық фирмалар өзгерістерге тез бейімделгіштігімен, серпінділігімен, басқару нысандарының икемділігімен ерекшеленеді. Ал оптика, дәлме-дәл машина құрылысы өндірісіне бейімделетін неміс фирмалары үшін орталық басқарудың қатаң жүйесі үйреншікті жайт болып табылады.
Ішкі нарықта бәсекелердің бар болуы өте маңызды. Портер өндірістің мемлекеттік көмекпен қорғалған бір ұлттық фирмаға жинақталуының барынша пайдалы екенділігін жоққа шығарады. Осындай мемлекеттік фирмалардың көпшілігі тиімділік деңгейінің төмендегімен, табиғи шикізаттарды асыралты пайдалануымен, өнімділігінің мардымсыздығымен ерекшеленеді.
Ішкі нарықтағы күшті бәсеке фирманы сыртқы нарықтар іздестіре отырып, шетелге шығуға ынталандырады. Ішкі бәсеке ұлттық фирмаларға өзінің тәтсіздіктері үшін шетелдіктерді кінәлауға, сөйтіп мемлекеттен көмек сұрауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бәсекелестік тауардың жеткілікті дәрежедегі бәсекелестік қабілеттілігі жағдайында оның сыртқа шығарылу жолдарын белсенді түрде іздестіруге ықпалын тигізеді.
Осы М. Портердің теориясы 90-шы жылы Австралияда, Жаңа Зеландияда және Америка Құрама Штаттарында сыртқы сауда тауарларының бәсеке қабілеттілігін арттыруға байланысты мемлекеттік деңгейдегі ұсыныстарды дайындауда негіз ретінде қызмет атқарды.
Қазіргі таңда халықаралық сауданың қатысушыларының, оның ішінде экономикасы өтпелі кезеңдегі елдердің алдында ұлттық мүдде үшін не жақсы екенін анықтауды қажет ететін күрделі мәселе тұр:
─ Еркін сауданы ұстанушылардың айтуынша экспортты көбірек қолдап, сыртқа бағытталу;
─ Протекционизмді жақтаушылардың ұсынысына сәйкес ішке бағытталу және импортты отандық өніммен алмастыру;
─ Сыртқы саудадағы импорт алмастыру мен экспортқа бағытталу стратегияларын рационалды түрде араластыру (біріктіру).
Осы амалдардың шегінде көптеген жылдар бойы екі үлкен лагерь; тауарлар мен қызметтерді экспорттауды арттыруға мүдделілер фритерлер мен импорт алмастыру стратегиясын жақтаушылардың, протекционистердің арасында қызу пікір-талас жүріп келеді.
Импорт алмастыруды жақтаушылар дамушы елдерге алдымен жай тұтыну тауарларының импортын алмастыратын өздерінің өнеркәсібін ұйымдастыру керек, сосын отандық өндірісті дамыта отырып, жоғарғы тарифтер мен импорттық шектеулерді енгізіп бұдан күрделі өндірісті алмастыру қажет деп санайды. Ұзақ мерзімді келешекте протекционистер жергілікті өндірісті әртараптандыруды, бірқалыпты дамуды қамтамасыз етуді, содан кейін осылардың нәтижесі арқылы, жұмыс күшінің төмендігі және өндірістік тәжірибені меңгергеннен кейін ғана өндірістік тауарлардың ішкі бағасы бәсекеге қабілетті болып оны экспорттауға болады.
Экспортты көтеруді жақтайтындар өндіруші өндірісті дамыту мен тиімділігін қамтамасыз етуде сыртқы сауданың пайдалы екендігін, тар ұлттық рыноктан, сыйымды сыртқы рынокқа бағытталудың маңызды екендігін атап көрсетеді. Олардың ойынша экспорттық бағытталу стратегиясы мынандай негізгі идеяларға сүйенеді:
─ Бірінші кезекте өндіріс өнімдерінің экспортын ынталандыру еліміздің экономикасының индустриалдануына себін тигізеді;
─ Шикізат пен құрал-жабдықтардың импортын ырықтандыру өндіріс шығындарының төмендеуіне әкеледі;
─ Ұлттық экономиканы жалпы ырықтандыру ішкі рыноктағы бәсекені ынталандырады және әлемдік рынокта бәсекеқабілеттілігінің өсуіне әкеледі.
Неоклассикалық бағыттың көптеген зерттеушілері (А. Крюгер, Д. Лалл және тағы басқалар) сыртқы сауданы дамытуда экспортқа бағытталу моделінің тиімді екенін атап көрсетеді. Осындай моделдің концептуалдық мәні болып Жапонияның сәтті тәжірибесі одан әрі «бірінші эталондағы» жаңа индустриалды елдердің (Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг және Сингапур) тәжірибесі және «екінші эталондағы» Индонезия, Малайзия, Тайланд және Филиппин елдерінің тәжірибесі табылады. Кейінгі уақытта осы елдердің қатарына Қытайды да қоса бастады.
Көптеген дамушы елдер ішкі және сыртқы рыноктағы ахуалдарға байланысты қос стратегияны да қолданады. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары Азия, Африка және Латын Америкасы елдері импорт алмастыруға сүйенген индустриалдандыру стратегиясын жүзеге асырған, ал 60-шы жылы ортасынан бастап экспортты көтермелеу стратегиясын ұстанған елдердің саны арта бастады. Осындай елдерге «шығыс-азия барыстары» деген атқа ие болған Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Гонконг, Тайланд, Бразилия, Чили, Түркияны жатқызуға болады.
Тағы рефераттар
- КСРО-ның ыдырауының саяси себептері
- Еңбекақы түріндегі табысы, түйіні, декларациясы
- Отбасы күйін әлеуметтік-психологиялық анықтау және олардың себебі
- Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын құрмалас сөйлемдер
- Топырақтануға кіріспе