Аудитсіз шоттардың сенімділігі болмайды. Шоттардың сенімділігі болмаса, бақылау да жоқ. Ал бақылаусызбиліктің құны қанша?
Қазіргі кезде басқарудың ұйымдық құрылымының күрделенуіне байланысты ішкі бақылау қызметінің қызметі үлкен мәнге ие болуда. Бәсеке ортасында ішкі бақылаудың тиімді жүйесі ұйымның өміршеңдігінің кепілі және табысты қызметтің басты шарты болып табылады.
Шет елдерде ішкі аудит кең қолданылады. Бұл кезде алдын-ала және ағымдық бақылауға орын беріледі, өйткені шаруашылық операциялары аяқталғаннан кейін оның тиімділігіне, яғни ұйымның шаруашылық-қаржы қызметі барысында қолдан шығып кеткен кемшіліктерді жою шараларын қабылдауға ықпал ету мүмкін емес. Республикамызда ішкі бақылау жүзеге асырылады, бірақ ол әкімшіліктің кейбір ұйғарымдарының, үкіметтің нормативтік актілерінің орындалуын тексерумен, шаруашылық қызметін талдаумен шектеледі, әрі тек кезекті бақылау сипатына ие.
Көптеген экономистердің пікірінше, ішкі аудит ішкі бақылаудың неғұрлым дамыған нысаны б.т. Шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайында ұлғайып келе жатқан қаржылық тәуекелділік (финансовый риск), жиі өзгеріске ұшырайтын отандық салық заңдылықтары, сондай — ақ оның пункттерінің бірнеше мәрте түсіндірілуі (неоднозначные трактовки его пунктов) ұйымда ішкі аудит бөлімін құруға жұмсалатын шығынды ақтайды.
Сондықтан шағын құрылыс ұйымдарында ішкі бақылаудың арнайы бөлімін құрудың қажеті жоқ, бақылауды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды бас бухгалтер мен қызметтік бөлімшелердің жетекшілеріне тапсыруға болады, бірақ бөлімшелері бір-бірінен қашық орналасқан ірі құрылыс ұйымдарда бақылау қызметін тиімді координациялау қажеттігі туындайды. Сол себепті ірі құрылыс ұйымдарында, әртүрлі жауапкершілік орталықтарының қызметін тиімді координациялау үшін ішкі аудит бөлімін құрған орынды.
Құрылыс ұйымында ішкі аудит бөлімін құру бірқатар әдістемелік және ұйымдастыру – техникалық мәселелерді шешуді талап ететін күрделі процес б.т. ішкі аудит бөлімін ұйымдастыру бірнеше кезеңнен тұрады.
Бұл сұрақтарды қарастырған кезде ҚР «Аудиторлық қызмет туралы» заңына және оған енгізілген толықтырулар мен өзгертулердің баптары мен тармақтарына және аудиторлық қызмет стандарттарына сүйену керек.
Ішкі аудиттің сыртқы аудиттен басты ерекшелігі – ол ұйымның ішкі бақылау бөлімінің қатарына жатып, ұйым басшысының қол астында қызмет етіп, тікелей басқаруында болуында. Ішкі аудиттің тағы бір ерекшелігі өз қызметін жылдық жоспар бойынша да, тапсырма бойынша да жүзеге асырып, ұйымның бөлімшелеріне тәуелсіз тексеру жүргізіп компанияның, бірлестіктің үнемі бақылауында болуы.
Ішкі аудиттің мақсаты – ұйымның қаржы-шаруашылық қызметінде орын алған операциялардың дұрыстығына, шындығына, растығына бақылау жасау, кеткен кемшіліктерді дер кезінде анықтап, басқару жүйесіне хабарлауды қамтамасыз ету.
Нақты аудиторлық қызметтің міндеттері, ұйымның өзіндік ерекшелігіне, оның ұйымдық құрылымына және сол кезеңде ұйым басшысының алдына қойған міндетіне байланысты түрлендіріп белгіленеді. Егер ұйымның жеке балансқа бөлінген филиалдары (бөлімшелері) болса, онда аудиторлық қызметтің міндеттерінің бірі филиалдардың берген есептерін растау болып табылады. Ал, егер филиалдар жеке балансқа бөлінбеген болса, онда аудиторлық қызметтің міндеті оған басшының берген өкілеттілік шегінде бастапқы есеп жүргізуді тексеру мен филиалдың шаруашылық қызметін талдаумен шектеледі.
Ішкі аудиторға өзінің ұсыныс, пікірлерінің орындалуын талап ету құқығы берілмеген. Өйткені оларды өндіріске енгізуге және оның нәтижесіне ұйым үшін жауапты болмағандықтан, өздері анықтаған кемшіліктерді реттеуге қатысуға және ол үшін жауап беруге міндетті емес. Ішкі аудиторлар пайдаланатын ақпараттардың құпиялылығы сақталуға тиісті. Өйткені бастапқы құжаттардағы және есеп регистрлеріндегі мәліметтер коммерциялық құпия болып табылады. Пайдалатын ақпараттардың қажеттілігін және құрамын ұйым басшысымен кеңесе отырып, аудиторлардың өздері анықтайды. Ішкі аудит қызметі ұйымның бөлімшесі болып табылатындықтан, оның жұмыс істеу шығындарына қоса, өндірістік өнімнің, орындалатын жұмыстың, қызметтің өзіндік құнына, жалпы және әкімшілік шығындары құрамына үстеме шығындары ретнде енгізілуге тиісті.
Тексеруден, ішкі аудитке өту үшін ішкі аудиттің өзіндік еркшелігіне байланысты қажетті өзгертулер мен бұрынғы қалыптасқан бақылау-тексеру аппаратының ұйымдық-құрылымына белгілі бір дәрежеде негізделген ішкі аудиттің ұйымдық- әкімшілік схемасын жасау қажет.
Өндіріске жұмсалған шығындарды аудиторлық тексеру — аудиторлық қызметтің көп еңбекті қажет ететін процестерінің бірі, ол ұйым қызметінің жекелеген түрлерінің өндірістік шығындарының дұрыс есептелу ерекшеліктерін білуді талап етеді.
Өндіріс шығындары аудитінің аталмыш міндеттерін орындауға кіріспес бұрын, өндіріс процесі мен шығындарға жасалатын ішкі бақылаудың әлсіз және мықты жақтарын бағалау мақсатында алдын – ала шолу жүргізу керек. Жалпы мәліметтерді жинау және ішкі бақылау жүйесін бағалау үшін ұйымға арнайы сұрақтар жиынтығын дайындаған орынды. Аудиторлық тексеру барысында құрылыс жұмыстарын орындауға жұмсалған шығындарды есепке алудың дұрыстығын, әрі заңдылығын анықтау қажет. Шығындарды тексеру кезінде орындалған жұмыстардың өзіндік құнының дұрыс есептелгенін құжаттармен растау керек, өйткені өзіндік құн жұмыстарды орындау барысында жұмсалатын материалдық және еңбек шығындарының пайдаланылу тиімділігін, ұйымның табыстылығын және қаржылық тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік беретін маңызды синтетикалық көрсеткіштердің бірі.
Құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнының қалыптасуы, ең алдымен, өндірістік шығындардың толық, әрі дұрыс көрсетілуіне тәуелді болып келетін күрделі процесс. Сондықтан аудитті жүргізу барысында оларды тексеруге баса назар аудару керек.
Тексеруді жүргізуге кіріспес бұрын, аудитор құрылыс ұйымының есеп саясатының өндіріс шығындарының есебіне қатысты тұстарымен танысуы қажет. Зерттеу кезінде, ұйымда, шығындар есебінің объектісі ретінде қандай объектілер – жұмыстар кешені, құрылыс объектісі,құрылыс учаскесі және т.с.с. Объектілер бойынша шығындарды есепке алудың қандай әдісі қолданылатын – тапсырыстық немесе «қазандық» белгілі бір кезең ішіндегі шығындарды жинақтау жолымен; аналитикалық және синтетикалық бухгалтерлік есептің қандай нысандары таңдалғанын анықтау керек.
Содан кейін қандай шығындар, қандай бағамен және қандай тәсілмен құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнына енгізілетінін айқындау керек.
Өндірістік шығындар аудитінің мәлімет көздеріне №2–с «Құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құны туралы» нысанындағы есеп беру, бас кітаптың мәліметтері, өндірістік шоттар бойынша №10 журнал – ордердегі өндіріске жұмсалған шығындардың синтетикалық және аналитикалық есебінің мәліметтері жатады. Аудит процесінде тереңірек тексеру жүргізу үшін материалдардың жұмсалуы туралы № М-19 және № М-29 нысанындағы есеп берулер, № 10 ведомосі, жалақыны есептеу және бөлу бойынша, негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясын есептеу бойынша кестелер, болашақ кезеңнің шығындарын құру және есептен шығару бойынша мәліметтер және басқалар пайдаланылады.
Құрылыс – монтаж жұмыстарының өндірісіне жұмсалған шығындар есебінің дұрыстығын құрылыс жұмыстарын орындауға қажетті материалдық құндылықтардың, ақша қаражаттарының, еңбек ақының және басқа да ресурстардың алғашқы құжаттары негізінде тексеру керек. Барлық құжаттар шығын жұмсалған құрылыс учаскелерінің, бригадалар мен объектінің сандары көрсетіле отырып тиісінше үлгіде толтырылған болуы тиіс.
«Материалдар» бабы бойынша материалдық шығындардың өндірістік шығындарға есептен шығарылуының негізділігін тексеру керек. Аудитор құрылыс ұйымында қолданылатын материалдық құндылықтарды босату және есептен шығару тәртібімен: негізгі құрылыс материалдарын босатуға шектеу нормасы қойыла ма, құндылықтарды босатудың бір реттік құжаты қалай толтырылады, материалдар өлшенбей, салмағы тартылмай өндіріске босатыла бере ме, таразыға тарту шаруашылығының ахуалы қандай жағдайда, міне, осылармен танысуы керек. «Өндірістік нормалар бойынша анықталатын шығыстарға сәйкес негізгі құрылыс материалдарының жұмсалуы туралы есеп беру» (үлгі №М-29) есептілігін тексеруге үлкен көңіл бөлінуі керек.
Есептіліктің бірінші бөлімінде құрылыс ұйымының өндірістік бөлімшесі құрылыс – монтаж жұмыстарының (конструктивті элементтері және жұмыс түрлері бойынша) бір өлшем бірлігіне және салынып жатқан объектіде орындалатын жұмыстардың бүкіл көлеміне керекті негізгі құрылыс материалдарының шамасын көрсетеді. Бұл жерде материалдардың белгіленген шығыс нормасының сапасы мен шынайылығын бағалау қажет. Құрылыс ұйымдары 2001 жылы бекітілген ҚР ҚН-дағы шығыс нормаларын өте жиі қолданады, ал ондағы нормалар орташа шамамен алынған, сондықтан өндірістің нақты шарттарын ескере алмайды, әрі материалдарды пайдаланудың тиімділігін бағалайтын критерий бола алмайды. Құрылыс ұйымдары нақты бір объектіге «таңылған», әрі оның қызмет ету аясына ғана тән ерекшеліктерін сипатайтын өндірістік нормаларды пайдалануы керек.
Жұмыстарды орындаушы (шебер, бригадир) ай сайын есептілікте нақты орындалған жұмыстардың көлемін және оларға тиісті материалдар шығысын норма бойынша көрсетеді. Орындалған жұмыстардың көлемі объектіде жүргізілетін «Орындалған жұмыстарды есепке алу журналының» мәліметтері бойынша көрсетіледі. Аудиторға № М-29 үлгідегі есептілікте жазылған құрылыс – монтаж жұмыстарының көлемі туралы мәліметтерді объектідегі орындалған жұмыстарды есепке алу журналында көрсетілген жұмыс көлемімен іріктей отырып салыстыру керек. Айырмашылықтар анықталған жағдайда, оның себептерін, бұл айырмашылықтар № М-19 үлгідегі есептіліктегі артық қосып жазудың салдарынан емес пе, осыны анықтау қажет. Сонымен бір мезгілде, орындалған жұмыстар есебінің мәліметтерінің шынайылығына көз жеткізу үшін, орындалған жұмыстарды есепке алу журналының мәліметтерін мердігерлік ұйыммен және тапсырыс берушімен бекітілген № 3 – үлгідегі «Технологиялық кезеңдер және жұмыстар кешені бойынша орындалған жұмыстардың құны мен шығындар туралы анықтамасында» көрсетілген жұмыс көлемімен салыстыру қажет.
№ М-29 үлгідегі есептіліктің екінші бөлімінде әрбір материалдың нақты жұмсалынған шамасын нормативтік шығыстармен салыстыру арқылы есепті айдағы үнем немесе артық шығыс анықталады. Материалдардың нақты шығысы жайлы мәліметтер М-19 үлгідегі материалдық есептіліктен алынады. Аудитор екі есептіліктегі материалдардың жұмсалуы туралы көрсеткіштердің сәйкестілігін және материалдарды өндірістік шығындарға есептен шығарудың дұрыстығын тексеруі тиіс. Материалдардың артық жұмсалғаны белгілі болған жағдайда, жұмысты орындаушының артық жұмсалымның себептері жайлы түсініктемесімен мұқият танысып, оның негізділігіне, әсіресе, артық шығыс кінәлі тұлғаға емес, керісінше өндірістік шығындарға есептен шығарылған болса, көз жеткізу керек. Аудитор мынадай жайттармен де кездесіп қалады: бірқатар есептіліктерде материалдардың норма бойынша шығысы мен нақты жұмсалған сомасы бірдей болып келеді, бұл ұйымда материалдар тиімді (артық жұмсалымсыз) пайдаланылады деген ой туғызуы мүмкін. Алайда, іс жүзінде бұл, бірнеше кезең бойы қалдықтарға түгендеу жүргізілмегенін, әрі материалдар өндіріске нақты жұмсалу мөлшері емес, нормасы бойынша есептен шығарылатындығын білдіреді, нәтижесінде материалдық құндылықтар өндірістік шығындарға артық немесе кем мөлшерде көшіріледі, бұл құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнының айтарлықтай бұрмалануына әкеледі. Сондықтан ашық және жабық орындарда сақталатын материалдық құндылықтардың қалдықтарын ай сайынғы түгендеу нәтижесімен де танысу қажет.
Осы баптың құрамында, сондай – ақ технологиялық мақсаттарға жұмсау үшін сырттан сатып алынған және ұйымның өзінде өндірілген, отынның, судың, будың, сығымдалған ауаның және электр қуатының құны көрсетіледі. Шығындардың осы түрін аудиторлық тексеру кезінде жұмысты орындаушының әрбірімен тұтынылған отынның, энергияның, судың және басқа да ұқсас ресурстардың шамасын анықтайтын өлшеу құралдарының бар – жоғын тексеру керек. Бірнеше орындаушының пайдаланған ресурстарының шығысы ортақ есептегіштерде тіркелетін болса, онда әрбір құрылыс учаскесінің (бригада) шығындарына осы ресурстардың құнының бөліну және апарылу негізділігін, құрылыс жұмыстарының жекелеген түрлерінің өзіндік құнына енгізілу дәлдігін қарастыру қажет. Қажет болған жағдайда аудитор жұмысты орындаушылардың құрылыс материалдарының қалдығына түгендеу жүргізе алады. Ол, әдетте, іріктеу арқылы неғұрлым қат және қымбат материалдарға жүргізіледі. Мұндай түгендеуді жүргізу тәртібі айтарлықтай ерекшеліктерге толы. Негізінен, бұл жұмыстардың орындалған көлемін тексеріп өлшеу үшін қажет. Оның қолайсыз үлкендігіне байланысты іріктеп түгендеуді орындалған жұмыстары мен аяқталмаған құрылысының көлемі шағын материалдық жауапты тұлғаларда жүргізген орынды. Дегенмен, орындалған және өткізілген жұмыстарды тексеріп өлшеуді құрылыс материалдарының қалдығын түгендеумен ұштастыра отырып, неғұрлым қымбат тұратын материалдар жұмсалатын жұмыстардың түрлері бойынша, осы жұмыстарды орындайтын материалды жауапты тұлғаларда жүргізу керек. Материалдық есептілікте орындалмаған жұмыс көлеміне материалдардың есептен шығарылғанын көрсету негізделмеген шығыс болып саналады, және жүргізілген түгендеу нәтижесі бойынша олар артық шыққан материалдардың қатарында кездеспесе, онда осы құрылыс материалдарының құны материалдық жауапты тұлғаның материалдарының жетіспеушілігіне жатады
Құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнына өндіріске есептен шығарылған материалдардың құны әсер етеді. Сондықтан аудитор өндірістік шығындарға есептен шығарылған құрылыс материалдарының дұрыстығын тексеруі тиіс. Бухгалтерлік есептің №7 стандартына сәйкес өндіріске жұмсалған тауарлы – материалдық құндылықтардың өзіндік құнын бағалау келесі әдістердің бірін – орташа құн, ФИФО және арнайы ұқсастыру – пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін. Кейде орташа құнды дер мезгілінде анықтамағандықтан немесе еркін бағаны өз уақытында қолданбағандықтан, құрылыс – монтаж жұмыстарын орындау барысында пайдаланылған материалдардың құнын негізсіз есептен шығару да болып жатады. Көліктік – дайындау шығындарын материалдардың есепті кезеңнің соңындағы қалдығының және есепті кезең ішінде жұмсалған шамасының арасында бөлінуінің дұрыстығын да тексеру керек.
«Материалдар» бабынан қайтарылатын қалдықтардың құны алынып тасталады. Аудиторға қалдықтардың шамасын нормалау жүйесін, оларды кірістеудің толыққандылығын және дер мезгілділігін, дұрыс бағалануын тексеру қажет.
«Өндірістік жұмысшылардың еңбек ақысы» бабы бойынша шығындардың дұрыс көрсетілуін тексерудің бастапқы кезеңі құрылыс ұйымында қолданылатын еңбекке ақы төлеу жүйесін зерттеу болып табылады. Құрылыста еңбекке ақы төлеудің барлық нысаны дерлік: мерзімді, кесімді, аккордты (жекелеген түрлерін қоса) кең қолданылады. Сондықтан тұрақты жұмысшылардың әртүрлі категориясына қандай еңбек ақы нысаны қолданылады, еңбек ақы нысанының қарастырылмаған түрлерін араластыру жағдайлары кездеспей ме, маусымдық және уақытша жұмысшылармен есеп айырысу қандай тәртіпте жүргізіледі, осыларды тексеру керек. Еңбек ақыны есептеу және төлеудің дұрыстығын тексеру алғашқы құжаттар (наряд, ауысымдық мәлімдеме, жолсапар парағы, жұмыс уақытын есепке алу табелі) бойынша, есеп айырысу және төлем ведомостері бойынша жүргізіледі.
Нарядтар мен басқа да алғашқы құжаттар дұрыс толтырылғандығын, жұмыстарды орындау туралы мәліметтер қаншалықты дәл көрсетілгендігін тексеру керек, өйткені еңбекке ақы төлеу жұмыстың орындалған көлеміне сәйкес жүргізілуі тиіс. Соңғысы жұмыс көлемін нарядпен салыстыру арқылы тексеріледі, біріншіден, орындалған жұмыстардың актісінде көрсетілген жұмыс көлемімен, екіншіден, прорабтың (шебердің) берген есеп беруі бойынша осы жұмыс көлеміне есептен шығарылған материалдардың санымен және ең соңында, аудит барысында өткізілетін тексеріп өлшеу актісіндегі жұмыс көлемімен салыстырады. Орындалған құрылыс – монтаж жұмыстарын тексеріп өлшеу процедурасына баса назар аударылуы тиіс, себебі оған есепті кезеңде материалдарды есептен шығарудың да, еңбек ақыны есептеудің де, үстеме шығындар мен табыстың тиісті үлесін анықтаудың да негізділігі тәуелді. Бұдан әрі жеке және бригадалық кесімді жалақыны есептеу кезінде тарифтік ставкалардың дұрыс қолданылатынына көз жеткізу керек. Соңғы жағдайда ұжымдық жалақының бригада мүшелері арасында бөліну тәртібін де тексеру қажет. Аккордтық нарядтар бойынша жалақы сомасының есептелуінің дұрыстығын (жалақыны есептеу жұмыс сапасы мен орындалу мерзімін ескере отырып жүргізіле ме, мерзімнен тыс жұмыстар төлене ме және т.с.с.) тексеру керек. Жұмысшыларға еңбек шартының өзгеруімен, қыс мезгіліндегі жұмыстармен, қауіпті жағдайлармен байланысты төленетін қосымша ақының негізділігін, сонымен қатар шығындар сметасында қарастырылған қаражатпен салыстырғанда артық қаражат жұмсалады ма, осыларды мұқият зерттеу қажет. Аудиттің келесі бағыты — еңбекке ақы төлеу бабы бойынша ақша қаражаттарының мүмкін болатын ұрлық тұстарын ашу. Оның кең таралған түрлері — құрылыс ұйымында жұмыс істемейтін тұлғаны есеп айырысу немесе төлем ведомосіне қосу арқылы, кейбір тұлғаларға жалақыны көп мөлшерде есептеу арқылы, жұмыстан шығып кеткен немесе кезекті демалыста жүрген тұлғаларға жалақы есептеп, олардың қолын өтірік қою арқылы ақшаны ұрлау болып табылады. Осы жайттарды ашудың қолданыстағы тәсілдері кадр бөлімімен, уақытша жұмысшылардың негізгі жұмыс орны бойынша, тұрғылықты мекен – жайы бойынша үстеме тексерулер жүргізу, түсініктемелер алу, логикалық талдау жасау, сондай – ақ құжаттарды қылмыстық зерттеудің кейбір тәсілдерін (қолдардың ұқсастығы, т.б.) қолдану болып табылады
Еңбек ақыдан шегерімдерді тексере отырып, аудитор жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдардың, жеке табыс салығының есептелуінің дұрыстығын және дер мерзімділігін қарастыруы керек. Қазіргі кезде көптеген құрылыс ұйымдары еңбек ақыны және одан аударымдарды есептеу үшін әртүрлі қолданбалы электронды – есептеуіш техникаларын пайдаланады, нәтижесінде барлық есептеулер автоматты түрде жасалынады. Алайда бұл кезде де сандардың артық дөңгелектенуі, заңдылықтар өзгерген жағдайда бағдарламаға түзетулер дер уақытында жасалмауы кесірінен есептеулерде дәлсіздіктер болуы мүмкін. Сондықтан аудитор еңбекақыдан аударымдарға іріктеу бақылау есептерін жүргізгені дұрыс, егер дәлсіздіктер кездессе, оның себептерін анықтауы керек.
Еңбекақы сомасынан аударылатын аударымдар бойынша сондай – ақ жүргізілген есептеулердің және осы шығындардың құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнына енгізілуінің дұрыстығын тексеру қажет.
Орындалған құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнындағы шығындардың шамасы бойынша екінші бап еңбек ақы болып табылады. Аудитор еңбек ақы қорын пайдаланудың және жұмысшылармен есеп айырысудың дұрыстығын іріктеп тексереді. Егер бұл кезде қолданыстағы еңбек ақы төлеу тәртібін бұзу жағдайлары кездессе, онда жалпы тексеру жүргізіледі
Үстеме шығындар құрылыс – монтаж жұмыстарына жұмсалынған шығындардың құрамында едәуір үлесті алады, сондықтан олардың қалыптасу және бөліну негізділігін мұқият тексеру керек. Шығындардың үстеме шығындарға жатқызылуының дұрыстығын бухгалтерлік есептің №7 және №12 стандарттарының әдістемелік нұсқауларына сәйкес тексеру керек. Үстеме шығындар есебінің дұрыстығын тексеру алғашқы құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Тексеру кезінде үстеме шығындардың құрамында басқа шоттарға апарылуы тиіс сомалар көрсетілгенін яки көрсетілмегенін анықтау қажет. Электрэнергиясының, коммуналдық және басқа да қызметтердің құнын прорабтардың, шеберлердің және өзге де материалды жауапты тұлғалардың растауынсыз үстеме шығындарға қоса салу жағдайлары кездеседі.
Болашақ кезеңдердің шығындарының қалыптасу тәртібіне және оларды есепті кезеңнің үстеме шығындарынажатқызылуына баса көңіл аударылуы тиіс. Атап айтқанда, негізгі құралдарға бірқалыпты жүргізілмейтін жөндеу шығындарын; құрылыс ұйымының бөлімшелерін қайта орналастыру шығындарын; негізгі құрылыс объектісіне қызмет көрсететін ғимараттар мен имараттарды қайта жабдықтау шығындарын; уақытша ғимараттарды салу шығындарын, сондай – ақ құралдарды, машиналар мен механизмдерді пайдаланудың маусымдық сипатымен байланысты шығындарды тексерген жөн. Алдағы шығыстар мен төлемдердің резервтерін қалыптастыруға жұмсалатын ай сайынғы аударымдардың шамасын есептеудің негізділігін тексеру қажет. Резервтің әрбір түрін қалыптастыру ұйымның есеп саясатына сәйкес жүргізілуі тиіс. Тексеруге кезекті демалыс ақысын төлеуге, ұзақ жылғы еңбегі үшін және бір жылдық жұмысының қорытындысы бойынша сыйақы беруге, негізгі құралдарды жөндеуге, уақытша ғимараттарды тұрғызуға, пайдалануға берілген объектілерді кепілдік жөндеуге, өндірісті тоқтатумен, өндірістік құралдарды сынудан сақтаумен және жұмыстан шығарылған жұмысшыларға демалыс жәрдемақысын төлеумен байланысты шығындарды жабуға, құрылыс ұйымдарының бөлімшелерін, сондай – ақ құрылыс машиналары мен механизмдерін қайта орналастыру шығындарын жабуға босатылған резервті тексеруге тарту керек. Аудиторға үстеме шығындардың құрамына енгізілген өндірістік емес шығындарды жан – жақты тексеру керек. Олардың құрамына қаржылық нәтижелерге апарылуы тиіс немесе кінәлі тұлғалардан ұсталынуы тиіс шығындарды қосу жағдайлары жиі кездеседі.
Келесі кезең үстеме шығындарды бөлудің дұрыстығын тексеру болып табылады. Егер бұрын үстеме шығындарды бөлу тура шығындарға (материалдар, негізгі еңбек ақы аударымдармен қоса, құрылыс техникаларын пайдалану шығындары) пропорциональды жүргізілсе, қазіргі жағдайда құрылыс ұйымдары бөлудің басқа да түрлерін (материалдық шығындарға немесе жалақыға пропорциональды) таңдауға құқылы. Үстеме шығындардың кейбір баптарының әртүрлі базаларға пропорциональды бөлінетін жағдайлар да кездеседі. Үстеме шығындарды бөлуге таңдалып алынған база есеп саясатында көрсетілуі тиіс. Аудитор оның есепе дұрыс қолданылуын тексеруі тиіс.
Құрылыс техникаларын пайдалану шығындары үстеме шығындардың құрамында жеке есепке алынуы тиіс, өйткені олар атқарылған машина – ауысымның санына пропорциональды бөлінеді. Аудиторға құрылыс техникаларын пайдалану шығындары есебін ұйымдастырудың және олардың құрамына шығындардың апарылуының дұрыстығын тексеру қажет. Әсіресе, амортизация сомасының, қызмет көрсететін жұмысшының еңбек ақысының, жанар – жағар майлардың есептен шығарылуының, ағымдық және күрделі жөндеуге жұмсалатын шығындардың қалыптасуының, машиналарға техникалық қызмет көрсетудің есептелуінің дұрыстығын мұқият тексерген жөн. Шығындар есебі құрылыс техникаларының жеке топтары (бульдозерлер, эксковаторлар, мұнаралық крандар, т.б.) шегінде жүргізілуі тиіс. Одан әрі құрылыс машинасының әрбір түрінің жұмысының машина – ауысымының нақты өзіндік құны анықталуы тиіс. Тексеру көздері ретінде амортизация сомасын есептеу бойынша дайындалған кестелер, мұнаралық кранның жұмысы туралы мәлімдеме (үлгі № ЭСМ-1), құрылыс машиналарының жолсапар парақтары (үлгі № ЭСМ-2), құрылыс машиналарының (механизмдер) жұмысын есепке алу журналдары, мәлімдемелері, карталары (үлгі № ЭСМ-3,4,5,6), орындалған жұмыстар туралы анықтамалар, механизаторлардың еңбек ақысын есептеу ведомостары, жанар – жағар майларды және басқа да материалдарды есептен шығару актісі, сырт ұйымдардың шоттары (жөндеу, негізгі құралдарды жалға алу және т.б.) алынады.
Құрылыс – монтаж жұмыстарының өндірісіне қатысатын құрылыс машиналары мен механизмдері ұйымның жеке меншігінде де, сырттан алынған да болуы мүмкін. Сырттан алынған машиналар үш нысанда көрінеді: қызмет көрсету (қызмет көрсететін жұмысшысымен қоса) нысанында, жалға алынған (қызмет көрсететін жұмысшысыз) және құрылыс – монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерін орындау үшін субмердігер түрінде. Аудитор сырттан тартылған құралдар бойынша шығындардың өзіндік құнның құрамына қосылуының дұрыстығын тексеруі тиіс. Бұдан бұрын да айтып өткеніміздей, субмердігер шартымен алынған құрылыс машинасы үшін төлем субмердігер ұйымдардың орындаған жұмыстарының қатарында жеке көрсетілуі тиіс.
Аудитор құрылыс ұйымының негізгі белсенді құралдарының, әсіресе, жалға алынған құралдардың пайдаланылу иімділігін де талдауы керек. Осы мақсатта бүкіл механизмдердің мәлімдемелерде көрсетілген атқарылған уақыттарын қосып, қолданыстағы нормативтерге сәйкес ол жұмыстың қандай көлемін орындауғы есептелгенін қайта есептеу керек. Алынған мәліметтерді тапсырыс берушімен қабылданған нақты орындалған жұмыс көлемімен салыстыру керек, акті бойынша олардың себептері болмауынан тұрып қалу, жанар – жағар майдың немесе қызмет көрсететін жұмысшының болмауынан тұрып қалу, жүк көтергішін толық пайдаланбау анықталады.
Аудиторға сондай – ақ жекелеген құрылыс жұмыстарын орындаумен айналысатын субмердігер ұйымдармен жүргізілген есеп айырысудың дұрыстығын тексеру керек. Субмердігер ұйымдармен арадағы келісім шарттар, онда көрсетілген жұмыстардың құны, қосымша ақы мен өтем ақылардың егізділігі қарастырылады. Кейде бас мердігердің субмердігерлік ұйымдардың жұмысының құнын өзінің өндірістік шығындарына қоспайтын жағдайлары да кездеседі, бұл кезде субмердігердің жұмысын қабылдау мен төлеуді тікелей тапсырыс беруші жүргізеді. Мұндай тәсілді бұрыс деп санау керек. Субмердігерлік жұмыстардың құнын қабылдауды және төлеуді бас мердігер жүзеге асыруы тиіс. Және жұмыстың келісім шарттық құнын өзінің өндірістік шығындарының қатарына қосуы қажет. Кейде құрылыс ұйымдарының өндірістік шығындардың қатарында өз күшімен орындаған жұмыстарын жалған субмердігерлер арқылы көрсететін кездер де кездесіп қалады, әрі құрылыс материалдарын есептен шығару мен жалақыны есептеуді әртүрлі бағыттар бойынша жүргізеді. Құрылыс – монтаж жұмыстарының өзіндік құнына енгізілетін жалған субжұмыстардың құны, әдетте, өндіріске жұмсалған шығындардың құнын айтарлықтай арттырады. Сондықтан аудитордың субмердігерлермен, әсіресе, құрылыс ұйымының өзі орындай алатын жұмыстары бойынша, үстеме тексерулер жүргізгені жөн. Сондай – ақ, егер мердігерлер бірнеше объектілерде немесе бірнеше есептік кезең бойына жүргізілген жұмыстар үшін шот ұсынатын болса, онда субмердігерлік жұмыстардың құнын объектілердің өзіндік құнына қосу тәртібін де қарастырған дұрыс.
Өндірістік шығындарды аудиторлық тексерудің қорытындылаушы кезеңі аяқталмаған құрылыс туралы мәліметтерді тексеру болып табылады. Аяқталмаған құрылысқа есепті кезеңнің соңына шығындар есебінің объектісі болып табылатын құрылыс объектілерінің, олардың кезектерінің, жұмыс түрлерінің аяқталмаған жұмыстары жатады.
Тағы рефераттар
- Қазақстандағы пайыздық саясатты жетілдіру жолдары
- Зерде элементі триггер. RS-триггер
- Бухгалтерлік есептің тұжырымдамалық негізі
- Философиялық білімнің өзіне тән ерекшеліктері
- Африканың геологиялы даму тарихы