Туынды сөздердің ішіндегі күрделісі де, қиыны да – күрделі сөз мәселесі. Басқа түркі тілдеріндегідей қазақ тіл білімінде күрделі сөз бен күрделі тұлғалар мәселесі XIX-XX ғ.ғ. аралығында қолға алына бастады.
Түркітануда күрделі сөзге қатысты пікір айтқан және арнайы зерттеу нысаны еткен еңбектерде күрделі сөздер құрылымдық және жасалу тәсіліне қатысты сөз болды. Бұл орайда Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, А.А.Юлдашев, Ә.Қайдар, Ғ.Садуақасов сынды түркітанушылар еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде профессор Қ.Жұбанов 1930 жылдардың өзінде-ақ күрделі сөздер қанша сөзден біріксе де тұтас бір ғана мағынаны білдіріп, бір ғана заттың атауы болады т.б. дей келе, күрделі сөздің қалыптасу жолдары мен олардың түрлерін көрсеткен [11]. Қазақ тіл білімінде күрделі сөз мәселесін арнайы сөз етіп, оған ерекше мән беріп, оның табиғатын анықтауда Н.Оралбаева, В.А.Исенғалиева, Б.Қасым т.б. еңбектері ерекше аталады. Күрделі сөз жайында пікір білдірген Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, К.Аханов, Н.Оралбаева, Ж.Шәкенов сынды зерттеушілердің көзқарастарында, пікірлерінде айтарлықтай алшақтық болмағанмен, күрделі сөздерді жіктеуде, терминдік аталымында айырмашылықтар кездесіп қалады.
Қазақ тілінде көп уақытқа дейін күрделі етістік етістіктің аналитикалық форманттары тұрғысынан зерттеліп келді. А.А.Юлдашев мұның XIX ғасырдағы О.Бетлинг еңбектерінен басталғанын көрсетеді (1965). Көпшілік түркологтар аналитикалық етістіктерді күрделі етістік санай отырып, олардың вид, рай, шақ категорияларының көрсеткіші екенін де көрсетеді. Бұған қарағанда, күрделі етістікті грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш ретінде тану түркологияда кең тараған құбылыс екендігі байқалады.
Күрделі етістіктерді арнайы зерттеп, олардың сөз тіркестерімен, тұрақты сөз тіркестерімен, аналитикалық формалы етістіктермен өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажыратуда Б.Қасым еңбегінің (Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер.Докт.дисс. автореф.А.,1992) маңызы зор.
Ы.Маманов күрделі етістік ұғымына аналитикалық формалы етістіктерді де жатқызған. Бұған қарағанда ғалым мұнда етістіктердің тұлғалық жағын ғана ескерген сияқты. Сөз тіркесі мен аналитикалық формалы етістіктерді, күрделі етістіктерді нақты ажыратып көрсетпеген. Дегенмен ғалым еңбектері бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін ашпағанымен, аналитикалық формалы етістіктердің мағыналық қырларын ашып көрсетуімен құнды.
Тағы рефераттар
- Логикалық заңдар
- Педагогикалық ақиқатты зерттеу мәні
- Бірлік туралы қазақша мақал-мәтелдер
- Сульфат целлюлозаны үздіксіз ағартудың технологиялық процесстерін автоматтандыру
- Қаржылық жағдайдың мәні, талдау мақсаты және әдістері