Қылмыс мақсатында құжаттарды зақымдайды немесе жояды (құжатты өртеу, жырту, мәтіннің жеке жерін сызу немесе бояу төгу, т.б.).
Криминалистикада осындай құжаттардың мазмұнын қалпына келтіру әдісі жасалған.
Жыртылған құжаттарды қалпына келтіру үшін, оның бөліктерін қағаздың сапасы, сызықтары, штрих түсі, қол қою және басқа да белгілері бойынша саралап алады. Сонымен бірге бір не екі жағы тегіс, яғни құжаттың бұрышын немесе шетін құрастыратын бөліктерін іздестіреді. Құжаттың ортасын түрі мен мазмұны бойынша іріктелген қалған бөліктермен толықтырады. Жыртылған құжатты шыны үстінде құрастырады, содан кейін оны көлемі сондай екінші шынымен жауып, шеттерін желім лентамен жиектейді.
Жанып кеткен құжаттар мәтінінің мазмұнын айқындау мүмкіндігі негізінен, қағаздың құрамымен, мәтінді бояу затымен, жану жылдамдығымен және қызуымен анықталады. Жанып кеткен құжаттарды тапқанда, оны шашып алмайтындай қылып алу керек, яғни жанған құжаттарды қолмен, пинцетпен алуға болмайды. Бұндай құжатты алу кезінде қағаз немесе картон парағымен желпіп немесе үрлеп шыны үстіне орналастырады, сосын құжатты бүріккіш пайдаланып, су буымен немесе глицерин ерітіндісімен ылғалдайды. Сұйықтықтың ұсақ бөлшектері құжатқа төгілуі үшін, оның ағымын жоғары жаққа бағыттайды. Құжат ылғалданғаннан кейін оны тегістеп, басқа шынымен жабады. Тасымалдау үшін шыны жиектерін қаптайды. Жанған құжатты мақта төселген қорапқа да салуға болады. Онда тасымалдау кезінде зақымдамау үшін құжатты криминалистік зерттеуге дербес шабарманмен жіберген дұрыс.
Жанған құжатты көлеңкелі жарықпен суретке түсіру әдісімен мәтіннің қағазға басылып қалған штрихтарын айқындауға болады. Графит қарындашпен, күйе немесе темір тұзы бар баспаханалық бояумен жазылған, сондай-ақ жазу машинкасымен басылған мәтінді инфрақызыл сәуледе суретке түсіру арқылы бұрынғы қалпына келтіруге болады. Мәтінді термиялық өңдеу жолымен де анықтауға болады. Жанған құжаттар әр түрлі сатыда, яғни кепкен, көмір болып күйіп қалған, күл болып қалған, көгерген түрде болуы мүмкін. Егер көмір болып күйіп қалған құжатты қызуға шыдамды екі шыны арасына салып, муфельдік пеште, күл болып қалғанша қыздырса, оның түрі ағарып, онда құрамында графит, күйе немесе темір тұзы бар штрихтар пайда болады. Мәтінді анықтау үшін рентгент сәулемен суретке түсіру, люминесценсия, спектроскопия сияқты басқа әдістер қолданылуы мүмкін.
Сызылған және бояу төгілген мәтіндерді жарық сүзгі, электронды-оптикалық түрлендіргішті қолданып оқуға болады. Түсімен түстес сия төгілген мәтінді ультракүлгін сәуледе зерттейді. Егер мәтінге күлгін немесе көк түсті сия төгілсе, онда оның мазмұнын төгілген сия түстес жарық сүзгіш қолданып, суретке түсіру арқылы анықтауға болады. Мәтін қағаздың бір бетінде жазылса, оны бензинмен ылғалдауға болады, салдарында ол жартылай мөлдір болады да, құжатты өтпелі жарықта суретке түсіріп алады.
Машинкамен басылған мәтіндерді зерттеу, әдетте, орындаушы мен жазу машинкасын сәйкестендіру, бірден басылған дана санын, сонымен бірге олардың мазмұнын өзгерту тәсілін анықтау мақсатында жүргізіледі.
Жазу машинкалардың жалпы және жеке белгілері болады. Жалпыға жататындар: басу тетігі, адымының көлемі, сөз жолдары арасының шамасы, клавиатура түрі, белгілер жинағы, шрифт түрі.
Басу тетігінің адымы-клавишті соққан кезде каретка жылжитын қашықтық. Адым мөлшері бір рет ауыстырылған белгілер арақашықтығын өлшеу және оны олардың арасындағы белгілер санына бөлу арқылы анықталады. Өлшеу дәлдігі бірнеше сөз жолдарын өлшеумен тексеріледі. Ол үшін, арнайы трафареттер, өлшеу торлары болады. Әр түрлі жазу машинкаларында бас механизм адымының шамасы бірдей емес және 2,12 -3,00 мм құрайды.
Жол аралығының шамасы бұл жолда орналасқан белгілердің (сызықтар негізінде) төменгі жағы, астыңғы сызығы арасының арақашықтығы. Арақашықтықтың біркелкі еместігі аралық тетігін тоқтатып басылғандығын не болмаса оның бұзылғандығын куәландырады.
Штрифт маркалары көлемі (биіктігі, ені) және суреті бойынша бөлінеді. Көлеміне қарай шрифттер: ірі (биіктігі 2,25 мм-ден асса), орта (2,0-ден 2,25 мм дейін) және ұсақ (2,0 мм-ге дейін) болады. Енді шрифттерге –ені 2,40мм, орташаға-2,30, жіңішкеге-2,20мм шрифттер жатады. Әр түрлі маркалы жазу машинкалары шрифттерінің бір атты белгілері олардың бір-бірінен көлемімен ғана емес, сондай-ақ элементтерімен де ерекшеленеді.
Нақты жазу машинкасын сәйкестендіру машинкамен басылған мәтінде орын алған жеке белгілер бойынша жүргізіледі, яғни олар жазу машинкасы тетігі мен шрифт ерекшеліктерінен туындайды. Біріншісіне кейбір белгілердің тік және көлденеңінен жылжуы, белгілердің тігінен осьтен ауытқуы, жол араларының жүйелі түрде бұзылуы, таңбалар бояуының біркелкісіздігі, кіші және бас әріптер параллель болмауы. Шрифтің жеке белгілері әріп элементтерінің қисаюынан, кесуді жоғалтудан, кейбір штрихтар учаскесінің кеңеюінен көрінеді.
Машинкамен басылған мәтіндерде құжатты жасаған тұлға туралы қажетті мәліметтер алуға болатын белгілер көрінуі мүмкін; олар соғу күші мен бір қалыптылығы, жолдарды, сызықтарды сақтау, қателердің болуы және т.б.; мәтін мен оның бөліктерін орналастыру ерекшеліктері (беттерді нөмірлеу, тақырыпты, датаны, қойылған қолды орналастыру және т.б.).
Егер құжаттың авторы мен орындаушысы бір тұлға болса, жазу тілі ерекшеліктері де (мазмұндау, лексикалық, грамматикалық стиль ерекшеліктері) сәйкестендіру белгілері болып табылады.
Қазіргі уақытта рычагты-сегменттік машинкалардан ең алдымен жазу блогында монолитті әріп таратқышы бар және жазу кезінде оны тез ауыстыру мүмкіндігімен ерекшеленетін рычагсыз шрифтері бір ізге салынған жазу машинкалары шығарылды. Бұндай машинкаларды олардың басқан мәтіндері бойынша сәйкестендіру күрделілеу және қандай топқа жататындығын анықтау мүмкін емес. Бірақ ұзақ уақыт пайдаланғаннан кейін машинкаларда бірқатар сәйкестендірушілік белгілері пайда болады.
Рычагсыз машинкаларды сәйкестендіру рычагты-сегменттік машинкаларға арналған әдістеме бойынша, бірақ кейбір ерекшеліктермен жүзеге асырылады. Сонымен, рычагсыз машинкалар үшін құндылығы шрифт маркаларын анықтау нәтижелерін (ол бойынша әріп таратқыштың маркасын анықтауға болады), мәтінде бедерлі таңбалардың, лента бояуының қалдықтарының болуы. Сараптық зерттеу үшін машинкамен басылған зерттеудегі құжатқа қоса, құжатпен бір мезгілде басылған 1-2 парақ шрифт үлгілері қажет. Егер сараптама ұзақ уақыт өткеннен кейін тағайындалса, жазу машинкасының барлық белгілерінің таңба үлгілері шрифттері жуу алдында және жуғаннан кейін алынады. Машинкамен басылған мәтіннің еркін үлгілері мағынасына қарай зерттеліп жатқан мәтінге жақын болуы қажет және онымен бір түрлі қағазда басылуы тиіс. Эксперименттік үлгілерді білікті маман басуы керек, сонымен бірге лентаның түсі және пайдалану уақыты зерттеудегі құжатты басу кезінде пайдаланылған лентамен бірдей болуы қажет.
Тағы рефераттар
- Бірлескен кәсіпорындардың қаржысын ұйымдастыру
- Әлихан Бөкейханов «Алашорда» автономиялық Үкіметiнің қайраткерi
- «Бикен-жарнама» ЖШС-ның техникалық-экономикалық сипатталуы
- Rosaceae Juss. тұқымдасы дендрофлорасы
- Сергей Алексеевич Елистратов