Үнемi жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдерге талғаулы және кезектес салаластар жатады. Талғаулы салаластарды А. Байтұрсынов айырыңқы деп атаса, С.Аманжолов бейтарап, ал Қ. Жұбанов талғама салаластар деп атаған. Компоненттерiнде айтылған iс-оқиғаның бiреуiнiң орындалу-орындалмауын талғай, болжау жасай көрсетедi. Жалғаулықтары: не, немесе, әйтпесе, әлде, не болмаса, я, құй, мейлi, яки. Аталған жалғаулықтар құрмалас сөйлем компоненттерiн байланыстырудан гөрi бiрыңғай мүшелердi байланыстыруда жиi қолданылады.
Т. Қордабаев талғаулы салаластардың өзіндік ерекшелігі ретінде компоненттердің интонациялық жағынан болмаса, мағына жағынан дербес сөйлемдер екендігін және аталған сөйлемнің тек жалғаулықтар арқылы байланысатынын көрсетеді.
Компоненттерiне айтылған ой, iс-әрекеттердiң бiрiнен соң бiрi кезектесiп орындалатынын бiлдiретiн салалстың түрi кезектес салалас деп аталады. Кезiнде С. Жиенбаев талғаулы және кезектес салаластарды, екi жақтылығына орай, оларды бөлмей, бiрге қарастырған болатын, кейiннен олардың мағыналық ерекшелiктерi сараланды. Кезектес салаластардың жалғаулықтары: бiрде, бiресе, кейде.
Қазақ тіл білімінде тек салаласа байланысады деп танылып келе жатқан құрмаластың аталған түрлері сабақтаса да байланысу арқылы да тура осы мәнді білдіретіні айқын. Кезектестің сабақтаса байланысатын түрі бар екендігін айтқан Қ.Шәукенұлы бұрын айтылмаған сабақтастың болжалды сабақтас деген түрін қосады. Біздіңше, автордың көрсеткен құрылымдық үлгісі негізінде қалыптасқан сөйлемдер тілімізде кездеседі, бірақ тілтанушылар еңбектерінде талғаулы, кезектес салаллас сөйлемдерді бірыңғай мүшелі, оралымды жай (күрделенген) сөйлемдермен шатастыру фактілері кездеседі. Мысалы, талғаулы салалас деп көрсетіліп жүрген төмендегі сөйлемдерге назар аударайық:
Сөз бен қылық суық көңілді жылытады немесе жылы көңілді суытады. Тура келесің бе, әлде жолдағы ауылға соқтың ба? Аса бір қысылған, басына ауыр сын түскен кезде әкесі, қалайда, не түсіне кіреді, не көз алдына оқыстан елестеп, осылайша көлбеңдей береді («Қазақ грамматтикасы», 694-695). Күндіз олар өзіне жем іздейді, не өзінің басқаға жем болмауын көздейді (Т.Қ. -70-б.). Бұнысы жаңа көрген Көкен елінің мынау куәға не сенгенін көрсетеді немесе ел болып сынға салып, шыңға тартқысы келген байлауын танытады. Я асқан данышпан шығар, я дым білмейтін мылқау шығар. Жалғыз қалудан сескенді ме, әлде асықпай әңгімелескісі келді ме — әйтеуір Андрейдің бүгін қасында болуын қалап тұрды (Қ. Ш. -176-б.).
Келтірілген сөйлемдердің барлығында талғау мәні бар, бірақ бұлар құрылысы жағынан құрмалас сөйлем емес, ортақ субъектіге негізделген жай сөйлемдер. Құрмалас сөйлемнің әр компонентінде субъект-предикаттық қатынастың болуы туралы қағида аталған бірлікте де сақталуы тиіс.
Талғау мәнді құрмаластарға қатысты соңғы кезде жарық көрген еңбектерде оның таза талғау мәнімен бірге кейбір құрылымдарда талғау-шарт мәнді («ҚГ», 695-б), талғау-қарсылықты мәнде (Т.Қ. -70-б.; дұрысы – шарт мәнді, автор келтірген мысалдар: Сен қазір жұмысқа кіріс, әйтпесе мен сені бұл маңайдан қуамын (Ә. Әбішев). Сен оны өлтір, болмаса өзің өлесің (А. Бек). – Т. Е.) жұмсалатыны көрсетіледі. Расында да тілдік бірліктерде таза талғау мәнімен қоса, авторлар көрсеткендей, талғау-шарт, сондай-ақ талғау-себеп, талғау-мезгіл, талғау-салыстырма мәнді сөйлемдердің болатындығын байқадық. Жалпы талғау ұғымы болжау ұғымымен тығыз байланысты. Болжам жоқ жерде талғау да болмайды. Мұндай құрмаластардың тағы бір ерекшелігі – компоненттері салаласа да, сабақтаса да байланысады. Ал оның әр түрлі мағыналық реңтері осы атаудың шеңберіне сияды.
Талғау-себеп: Поштаға сенбегендігі ме, жоқ әлде мен арқылы беріп жібергісі келді ме, суырмасынан аппақ даяр пакетті алып, маған ұсынды (Ә. Сығай). Жақсының жанына арашашы болдың ба, әлде жаманның малына қорғаншы болдың ба, екі ауыз сөзді білдім деп хан қасына отыруға нең лайық («Ел аузынан»)?
Талғау-мезгіл: Айшаға құда түсіп кеткеннен кейін бе, әлде қыстауға көшер алдында ма, қашан келгені есімде жоқ.
Талғау – салыстырма: Аспандағы ай ма екенсің,
Жер бетінде гүл ме екенсің?
Ай мен күн бе екенсің,
Мың бір түн бе екенсің
Жұлдыздайсың маған моншақ тағынған.
Жайылған қамырды ірілеу етіп турайды немесе ұнның қатты сортынан жасалған макорон қолданылады («Парасат» журналы). Талғау мәнді құрмаластарды байланыстырады деп көрсетіліп жүрген әйтпесе, болмаса жалғаулықтары үнемі осы мәнде қолданыла бермейді:
Салыстырыңыз:
Талғау мәнді
Келгенің жақсы болды ғой, болмаса өзім барғалы отыр едім (Ә. Нұршайықов). Өзі кетіп құтылды, әйтпесе өзіміз-ақ тастатқалы жүр едік (Б. Майлин)
|
Шарт мәнді
Уәдеңді бер, болмаса қыз жоқ саған. Сен қазір жұмысқа кіріс, әйтпесе мен сені бұл маңайдан қуамын (Ә. Әбішев). |
Компоненттер арсындағы мағыналық қатынасты ажыратуда жалғаулықтар шешуші роль атқара бермейді. Мұндайда компонент баяндауыштарының формасы білдіретін шақтық мағынаның да үлесі бар. Жоғарыдағыдай жалғаулықтар арқылы байланысқан құрмаластардың алғашқы компонентіндегі іс, оқиға екінші компоненттегіден бұрын орындалып қойған болса, талғау мәнді құрмалас түзіледі де; ал екі компонентте де әлі орындалмаған, әсіресе бірінші компонент бұйрық райдың ІІ жақ формасы арқылы жасалып, екінші компонент І жақта тұрғанда (дәлірек айтсақ, І жақтағы субъект ІІ жақтағы субъектіге шарт қойса) шарт мәнді құрмаластар түзіледі.
Кезектес мәнді құрмаластардың өзіндік ерекшелігі ретінде талғау мәнді құрмаластар секілді, тек қана жалғаулықтар арқылы және салаласа байланысатыны айтылып жүр. Қазақ тіліндегі салалас құрмаластың осындай түрінің бар екендігін айтқан С. Аманжолов болса, мұндай мағыналық қатынас сабақтастарда да кездесетінін Қ. Шәукенұлы айтқан еді. Кезектестердің талғау мәнді құрмаластардан айырмашылығы – онда екі компонентте айтылған ойдың біреуінің ғана орындалатынына болжау жасалса, кезектесте екі компонентте айтылған ой да жүзеге асады, бірақ бірінен соң бірі кезектесе орындалатын оқиға, әрекет баяндалады.
Кезектес салалас
Қазан аспаның астында от кейде жылтылдайды, кейде қызыл жалын лапылдайды (М. Әуезов). Біресе Хамит Күдірені алып ұрады, біресе Күдіре Хамитті алып ұрады (С. Сейфуллин). |
Кезектес сабақтас
Қазан аспаның астында от кейде жылтылдап, кейде қызыл жалын лапылдайды. Біресе Хамит Күдірені алып ұрса, біресе Күдіре Хамитті алып ұрады.
|
Кезектес мәнді құрмаластар құрамындағы кейде, бірде, біресе жалғаулықтары компоненттерді салаластыра да, сабақтастыра да байланыстыратындығы..
Тағы рефераттар
- Кәсіпорынның маркетингтік және менеджменттік салалары курстық жұмыс
- Тәуекел менеджментінің мәні мен мазмұны
- Сталинград шайқасы
- Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудағы ойын технологиясының түрі – ұсақ моториканың маңызы (балабақшадағы ойын)
- Мәдениет теориясы