Қарапайым еңбек түрлеріне ауысу тек ұжымда және мінез-құлықтың қоғамдық нысандары жағдайларында мүмкін болады.
Мінез-құлықтың қоғамдық нысандары ұжымдардың сақталуына жағдай жасаған табиғи сұрыптау әсерінен күшейе түсті. Әлеуметтік байланыстар мен өзара көмек қарым-қатынастар жақсы дамыған ұжымдарда олардың жаулары мен стихиялық апаттарға қарсы тұру мүмкіндіктері жоғары болды.
Бұл жағдайлар антропогенездің ең ертедегі кезеңдері мен алғашқы қауымдық қоғам тарихында адамдардың қорек табу, бөлу, жыныстық қатынастар, т. б. реттелуінде үлкен маңызы болды. Ертедегі қауымның биологиялық және әлеуметтік бастамаларының өзара күресу бағыттарының негізгісі бала табу немесе жыныстар арасындағы қарым-қатынастар болу керек еді. Бұл жерде жануарлардағы инстинктер күшті дамуы қажет.
Осыған жақын ұқсастықты приматтардың қарым-қатынасынан көруге болады. Қазіргі заманғы маймылдардың кейбір түрлері, шимпанзе мен гориллалар жұптасып, отбасы болып тіршілік етсе, басқалары гаремдер құрып, 10 шақтысы бір үлкен көсемнің басқаруымен бірге тіршілік еткен. Гаремде көсемнен басқа да жас аталықтар болғанымен, олар көбею процесіне қатыса алмайтын болған.
Әдетте ашық жерлерде тіршілік ететін маймылдардың дене бітімі күшті болып жетіледі. Осы маймылдардың барлық қауымдарының ішінде ең тұрақтысы саваннада тіршілік ететін павиандар қауымдастығы. Қауым болып тіршілік ететін жануарлар бірлесіп жауларынан қорғанып, саванналарда жақсы көбейіп өскен. Бұл қауымдар алғашқы адамдар бірлестігінің бір ғана түрі болып, ол барлық индивидтерді қамтыды.
Басымдылық. Әрбір жануарлар түрі өз инстинктісін неғұрлым толығырақ қанағаттандыруға тырысады. Бұл сол түрге жататын басқа жануарлармен қарама-қайшылықтардың пайда болуына себеп болады. Жануарлар арасындағы қатынастардың басымдылығы кезінде олардың біреуі екіншісінің қажеттіліктерін ескермей, кейде тіпті солардың арқасында өз инстинктілерін қанағаттандыруға мүмкіндік алады. Бұл кезде екінші жануарлардың өз инстинктілерін қанағаттандыруы тежеліп, біріншісі — үстемдік құрып (доминантты болып), екіншісі – бағынышты күйге ие болады. Үстем рөлге ие болатыны – неғұрлым күшті, ал бағынышты болатыны — әлсіз жануарлар. Осы екі түрлі күйді анықтайтын негізгі әдіс – төбелесу болды. Дегенмен, көп жағдайда, басымдық етуші қарым-қатынастар күш жұмсаусыз, не күрессіз-ақ қалыптасады, кей жағдайда жануарлардың бірі екіншісін күш жұмсамай-ақ бағындырып алады.
Басымдылық қарым-қатынастар барлық жануарлар арасында қалыптасып, барлық ересек жануарлар белгілі бір орынды иеленетін күрделі иерархиялық жүйе түзеді.
Басымдылық — қауымда тіршілік ететін организмдердің арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарды және сондағы оның ішінде тәртіп пен салыстырмалы түрде тыныштық жағдайды қалыптастырады. Алайда бұл тәртіп пен тыныштық салыстырмалы ғана. Басымдылық ұрыс-керісті болдырмаудың негізгі әдісі бола отырып, сонымен бірге оларды туғызу құралы болып табылады.
Басымдылық жүйесі жоғары статустағы жануарларда осы статусты сақтап қалуға, ал төменгі статустағы жануарларда оны көтеруге ұмтылушылық туғызды, дегенмен басымдылық жүйесі олардың алдын алуға көбірек себеп болады.
Алғашқы адамдардың қауымы барынша берік, тұрақты құрылым болды, бұл оларда қатаң иерархиялық жүйенің болғандығын байқатады.
Жыныстар арасындағы қатынастар. Маймылдар туралы мәліметтер алғашқы адамдар қауымындағы жыныстар арасындағы қатынастардың құрылымын түсіндіруге мүмкіндік береді.
Маймылдардың көбею физиологиясы адамдардың көбею физиологиясынан басқаша. Негізгі ерекшелігі, маймылдардың ұрғашылары– эструс деп аталатын — әрбір циклде бірнеше күнге созылатын жыныстық күйді басынан өткізеді. Бұл күй олардың жыныстық жүйесінде осы кезде болатын өзгерістерге байланысты. Маймылдардың әр түрлерінде эструс түрліше, мысалы, тау гориллаларында 3-4 күннен, павиандарда 19 күнге дейін созылады. Басқа кездерде табиғи жағдайда маймылдарда шағылысу үрдісі жүрмейді. Басымдылық қарым-қатынастар нашар дамыған қауымдарда жыныстар арасындағы қарым-қатынастар тек жыныстық қатынас түрінде іске асады.
Ғалымдардың пікірінше, палеолит пен мезолит дәуірінде әйелдер ерлерге қарағанда қысқа өмір сүрген, оның себебі бала туу кезіндегі әртүрлі жағдайлар әсерінен деп түсіндіріледі. Осыған байланысты, алғашқы адамдардың қауымдарында ересек аталық организдер аналықтарға қарағанда көбірек болған.
Конфликтілер. Табиғи жағдайларда тіршілік ететін маймылдарда ұрғашылары үшін таласу кездеспейді. Павиандардың қауымдарында ересек аталықтары мен аналықтары сандарының қатынасы 1:2 немесе 1:3 болған. Бұндай қауымдарда павиандар бұл үшін таласпаған. Тек бір ғана қауымды үш аталық басқарған және онда үстемдік етуші көсем болмаған, олардың алтауына 7 аналықтан келіп, әдетте белгілі бір кезеңде бос аналықтардың біреуі ғана экструс күйін басынан өткізіп, аталықтарының арасында осы аналық үшін талас туатын. Осындай таластар кезінде олар бір-біріне біраз зақым келтіретін болған.
Бұл қауымдағы күрестер мен конфликттердің негізгі себебі, ондағы павиандардың жыныстық арақатынастарының ерекшелігінен болды.
Сонымен, алғашқы адамдардың қауымдарында аналықтарға қарағанда аталықтары көп болды, олай болса олардың арасында аналықтар үшін күрес те жиі болған болуы керек.
Оңтүстік африкалық австралопитектердің Р.Дарт сипаттаған материалдарында Стеркфонтейн мен Макапансгаттан табылған 16 бас сүйектердің барлығында да жарақаттар болған. Бұл алғашқы адамдардың сол кезде – ақ түрлі қарулар қолданғандарын көрсетеді.
Эволюцияның ең ертедегі кезеңдерінде нағыз қарапайым отбасының пайда болуы туралы концепциялар екі түрлі бағытта қалыптасты.
Бірінші бағытқа сәйкес, қарапайым отбасылар алғашқы адамдар қауымының жалғыз ғана түрі болды деп саналады. Питекантроптарда да осындай жағдай қалыптасты. Екінші көзқарас бойынша, алғашқы адамдардағы қарапайым отбасы анағұрлым үлкен құрылымдардың құрамына кірген.
Алғашқы адамдар және қалыптасып келе жатқан нағыз адамдар қарапайым отбасылар құрып тіршілік еткенімен, ол өз алдына жеке құрылым болған жоқ және ол тұрақты бола алмаған болар еді. Қауымдағы ересектердің бірі қайтыс болса, қалғандары ары қарай өз беттерінше тіршілік етуге қабілетсіз болды. Бір ғана ересек көсемі бар топтағылар жауларынан қорғана алмаған, себебі, ол аң аулауға кеткен кезде топта тек кішкене балаларымен аналық қорғанышсыз қалады.
Бұндай топтарда кәмелетке жеткен индивидтер қауымды тастап, біраз уақыт өз беттерінше жеке тіршілік етулері қажет. Ал бұндай жағдайда ересек индивидтер жеке өздері жыртқыш аңдарға қарсы тұра алмайды. Осы себептерден ертедегі алғашқы адамдарда жеке құрылым ретіндегі қарапайым отбасы болуы мүмкін емес. Ал олардан кейінірек пайда болған табиғи заттарды пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге құралдар жасай білген алғашқы адамдарда бұндай қарапайым отбасылар тіпті де болмаған.
Өндірістік әрекеттердің жетілуі ұрпақтан ұрпаққа өз тәжірибелерін беру арқылы жүзеге асырылатын үлкен, тұрақты бірлестіктерде ғана мүмкін болды. Кейінгі пайда болған алғашқы адамдардың бірлестіктер тіршілік еткенін археологиялық мәліметтер дәлелдейді. Бұл бірлестіктердің құрамында бірнеше ересек индивидтер болған. Алайда архантроптарда басымдылық жүйесінің сақталуы туралы айтудың да қажеті жоқ. Азықтың бөлінуі саласында қоғамның қалыптасуына байланысты үстемдік құру да жойылды. Нәтижесінде үстемдік ету жүйесі тіршіліктің басқа салаларында да жойыла бастады.
Егер азықтың бөлінуі саласында ескі, биологиялық қатынастардың орнына жаңа, әлеуметтік мінез-құлықтың белгілі ережелеріне тән түрлері пайда болса, алғашқы қоғамға өтуге байланысты жыныстар арасындағы қатынастарды реттейтін әлеуметтік нормалар болған жоқ. Сондықтан үстемдік құру жүйесінің жойылуына жыныстар арасындағы қарым-қатынастарға байланысты бәсекелестік әлсіреген жоқ. Тіпті алғашқы қауымдастыққа өту осы бәсекелестіктің өршуіне себеп болған болуы керек. Өйткені үстемдік құру жүйесі жануарлар қауымдастықтарында ішкі тәртіпті сақтаушы ролін атқарды. Бұл жүйенің жойылуы нәтижесінде қауымдастықтардағы жыныстар арасындағы қарым-қатынастар саласында белгілі бір тәртіпті қамтамасыз етудің ескі әдісі жойылды, ал жаңа әдіс пайда болған жоқ.
Статустардың біртіндеп жоғалуына байланысты конфликттер де жиілеп, қатая түсуі мүмкін. Осылайша алғашқы қауымдастық эволюциясының ерте кезеңдерінде жұптар пайда болып олардың арасында азықты бөлу не пайдалану жөнінде ешқандай қатынастар қалыптасқан жоқ. Сондықтан да бұл жұптар жеке ұйымдар немесе құрылымдар түзе алған жоқ. Жұптардың түзілуі не тіршілік етуілерінің негізі тек қана жыныстық инстинктерін қанағаттандыру болды.
Осы адамдардағы жыныстық қатынастардың алғашқы түрі ретсіз – промумискуитетті болды деп сипаттауға болады.
Алғашқы қауымдар эволюциясының ертедегі кезеңдерінде жұптар болғанымен, олардағы жыныстық қатынастардың қалыптасуын немесе ыдырауын реттейтін ешқандай әлеуметтік нормалар (ережелер) болған жоқ. Оның үстіне, олардағы ерлердің саны әйелдерге қарағанда көп болды. Бұндай жағдайда жұптардың болуы еркектер арасында бәсекелестік туғызды. Ер адамдардың бас сүйектеріндегі жарақаттарды зерттей отырып, архантроптардың ертедегі қауымында әйелдер үшін қанды қақтығысулар болып тұрғанын аңғару қиын емес. Әрине, бұндай конфликтілердің барлығының себебі біреу ғана болды деу дұрыс бола қоймас. Дегенмен, көпшілік конфликтілер жыныстық инстинктер негізінде болған деуге толық негіз бар.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, қоғамдық құрылымның бастапқы формасы түрінде ертеқауым зоологиялық отбасылардан шыққан. Бұл гипотезаны жақтаушылар кейбір этнографиялық мәліметтерге сүйеніп, жыныстар арасындағы бастапқы еркіндіктің қалдықтарын көрсетеді.
Бұдан басқа екінші теорияны жақтаушылардың пікірінше, ертеқауым өздеріне дейінгі жануарлар қауымдарынан гаремдік отбасыны алып қалған болуы керек. Егер бұл пікір дұрыс болса, онда ертеқауымдар оларға қарағанда тұрақсыз бірнеше гаремдік құрылымдардан құралған болуы мүмкін.
Ертеқауымдардың дамуы жыныстық саладағы жыныстық жіктелушіліктің жетілгенін көрсетеді. Ал осы үрдістің қалай жүргені адамзат тарихының құпияларының бірі болды.
Жоғары палеолитте өндіргіш күштердің дамуы қоғамдық құрылымның өзгеруіне себеп болды. Адамның табиғатпен күресіндегі оның техникалық жағынан жетілуі нәтижесінде салыстырмалы түрде тұрақты шаруашылық ұжымдар қалыптасты. Күрделенген еңбек құралдары мен біліктіліктерін жетілдіру, оларды тиімді пайдалану ертеқауымдар үшін қиын болды. Сондықтан да ертеқауымның орнын оларға қарағанда әлдеқайда тұрақты, мықты қоғамдық құрылым алуы тиіс еді.
Жаңа қоғамдық құрылымның сипаты бірнеше негізгі жағдаймен сипатталды. Біріншіден, сол қоғамның өте төмен дәрежедегі даму деңгейінде әлеуметтік байланыстарды бекітудің бір ғана негізі туыстық түріндегі көзқарастардың жалпылығын сезініп, түсіну. Екіншіден, ол кездегі коллективтердің анағұрлым тұрақты бөлігі әйелдер болды. Олар ұрпақтар үшін қамқорлық жасауда және үй шаруашылығын жүргізуде үлкен рөл атқарды.
Үшіншіден, жыныстар арасындағы қарым-қатынастардағы белгісіздіктер әсерінен туыстық қатынастар матримониалдық тармақ негізінде қалыптасты. Сондықтан ертеқауымды алмастырған қоғамдық құрылымның реттелген формасы аналық тармақ бойынша туыс болып табылатын индивидтерден құралған ұжым болды.
Туыстық қауымның ертеқауымдардан айырмашылығы –қалыптасқан адамзат қоғамы еді. Бұл қоғамда алғашқы қауымдағы ұжымшылдық бастамалары мен адамдар арасындағы тығыз қатынастар жоғары дәрежеде дамыды, оның үстіне этнографиялық аналогиялар негізінде байқалғандай, туыстық қатынастар экономикалық қатынастар ретінде, ал экономикалық қатынастар – туыстық қатынастар ретінде қалыптасты.
Жоғары палеолитке өту кезеңінде туыстық құрылымның пайда болғанына кейбір археологиялық мәліметтер қосымша дәлел бола алады. Мысалы, жоғары палеолитік Венералар деп аталатын әйелдердің мүсіндері.
П.П.Ефименкодан кейін көптеген археологтар оларды алғашқы аналық культтің дәлелі деп қарастырды. С.А.Токарев бұл мүсіндер туыстық топтардағы тіршілікті білдіретін от басының қорғаушысы, иесі деп қарастырды. Екінші бір көзқарасты жақтаушылар, көптеген этнографиялық мәліметтерге сүйенді. Осы пікірлердің барлығы да бұл мүсіндер тіршіліктегі және қоғамдық көзқарастағы әйелдің ролін білдіріп, аналық-туыстық культтің пайда болғанын көрсетеді.
Туыстардың тағы бір маңызды белгісі – зкзогамия, туыстастардың бір-біріне үйленуіне тиым салу болды. Ю.И.Семенов экзогамияның шығуы алғашқы қауымдық ұжымдар ішіндегі шаруашылық тіршіліктің реттелуі үшін қажет болды деп түсіндіреді. Олардың пікірі бойынша, жыныс аралық қатынастар кезінде үздіксіз қақтығыстар болып, олар ертеқауымның қоғамдық және шаруашылық роліне нұқсан келтірді. Осыған байланысты қоғамда біртіндеп жыныстық шектеулер енгізіліп, соңында топ ішіндегілер арасындағы жыныстық қатынастарға тиым салынды.
Жыныстық шектеудің бір түрі – инициация деп аталатын жасөспірімдерді кәмелетке толуына байланысты ересектер қатарына қабылдау болды.
Инициацияның негізгі мақсаты – жастарды отбасылық өмірге дайындау болды. Инициация кезінде оларға түрлі әдет — ғұрыптар туралы айтып қана қоймай, сүндетке отырғызу, т.б. рәсімдер жасалатын болған. Әсіресе ер балаларды сүндетке отырғызу кең тарап, ол иудаизм мен ислам дінінде осы кезге дейін сақталып қалды. Бұл әдет-ғұрыптың шығу себебі ғылымда түсініксіз. Кейбір жорамалдар бойынша, осы арқылы жасөспірімдердің жыныстық өмірге мерзімінен бұрын ерте араласуына тиым салынған болуы мүмкін. Бұдан басқа әдет-ғұрыптар, мысалы, Австралияның аборигендерінде жасөспірім қыз балалардың кеудесін маймен сылау арқылы оның өсуін жақсартуға болады деп санаған.
Кейбір ертедегі алғашқы қауымдарда ересектер — әйелдер бір бөлек, ерлер бөлек топтанып өмір сүрген. Жекелеген ерлер үйлері болып, оларда түрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер (инициациямен қоса) жүзеге асырылатын болған. Бұған Сібірдегі Мальта қалашығынан табылған археологиялық қазбалар дәлел бола алады.
Тағы рефераттар
- Тілдік теориясын үйрену үрдісінде бастауыш сынып оқушыларының есте сақтау қабілетін дамыту шарттары
- Жабдықтаушы және қызмет көрсетушілермен есеп айырысу есебі
- Екі тактілі карбюраторлы мотор
- Қазақстан Республикасында туризмді дамыту болжамы
- Қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастыру