Білімнің қоғам мен адам дамуындағы айқындауыш рөлін тану адам капиталы теориясының негізін құрды, ол теория бір мезгілде адам дамуы тұжырымдамасының пайда болуының теориялық алғышарты және аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Адам капиталының теориясы-білімнің әлеуметтік қызметіне принципті, сапалық жаңа көзқарас. Сансыз көп теорияларда білім не еңбек тиімділігін арттырудың факторы, немесе ғылым және техникалық прогрестің қозғаушысы ретінде қаралып келді, бірақ барлық жағдайда да оған қосалқы, көмекші роль берілетін еді.

Қоғамға білімді шындап бағалауға оған тек капитал ретінде қарау ғана көмектесті, әрі ол ең құнды және ең сенімді капитал болады.

Адам капиталы тұжырымдамасының кейбір алғышарттары классикалық саяси экономияда, марксизмде, әлемдік экономикалық пікірдің өзге де ағымдарында қаланған еді, бірақ ол үйлесімді және тиянақты болып тек ХХ ғасырда ғана ресімделді.

Адам капиталы теориясының ғылыми және қоғамдық тұрғыдан танылуына, осы теорияны әзірлеуге ХХ ғасырдағы экономикалық, басқарушылық және әлеуметтік ілімнің аса көрнекті өкілі Питер Друкердің қатысуы өз септігін тигізді. Оның «Білім революциясы» мақаласы ғылыми және саяси тұрғыда кең резонанс туғызды. Автор осы мақаласында былай жазады: «Білім-бүгінгі таңдағы жеке ара нақты капитал. Халық білімін дамыту-капитал жасаудың ең маңызды құралы, ал білімді адамдардың саны, олардың білім сапалары мен осы білімдерді пайдалану-байлық өндірудегі ел қабілетінің ең маңызды көрсеткіші» [7].

Адам капиталы, өзге капиталдың кез келген түріне тән белгілерге ие, сонымен қатар оның елеулі айырмашылығы бар. Адам капиталы теориясы жөніндегі ресейлік жетекші маман С.А.Дятлов осы құбылыстың мынандай ерекшеліктерін көрсетті:

  1. Инвестициялардың адам капиталына қайтарымы оның иесінің өмір сүру мерзіміне (еңбекке қабілетті кезеңнің ұзақтығына) тікелей қатысты болады. Адамға жұмсалымдар неғұрлым ертерек жасалса, соғұрлым ол тезірек қайтарым жасай бастайды. Бірақ мынаны ескеру керек, неғұрлым сапалы және ұзақ мерзімді инвестициялар анағұрлым жоғары және анағұрлым ұзақ уақыттық нәтиже береді.
  2. Адам капиталы тек табиғи және моральдық тозуға ғана душар болмайды, сонымен бірге ол жинақталу мен көбеюге де қабілетті. Адам капиталының тозуы, біріншіден, адам организмі мен оған тән психофизиологиялық қызметтердің табиғи тозу дәрежесімен, ал екіншіден, білімнің ескіруінің немесе алған білім құндылығының өзгеруінің салдарынан болатын моральдық (экономикалық) тозу дәрежесімен анықталады. Адам капиталының толықтырылуы қызметкердің қайта оқу және өндірістік тәжірбие жинақтау үдерісінде жүзеге асырылады. Егер осы үдеріс үздіксіз жүретін болса, онда адам капиталын пайдалану шамасына қарай оның сапа және сан жөніндегі сипаттамалары (сапа, көлем, құндылық) жақсара түседі және өседі.
  3. Адам капиталының қорлану шамасына қарай оның табыстылығы белсенді еңбек қызметінің (белсенді еңбекке қабілетті жас) жоғары шегімен шектелетін белгілі бір межеге дейін жоғарылайды да, сонан соң күрт төмендейді.
  4. Капиталды жасау кезінде «екі жақты көбейткіш нәтиже» орын алады. Оның мәні былай, оқу үдерісінде тек оқитын адамның ғана емес, сонымен бірге оқытушының да мінездемесі мен қабілеті жетіле, өсе түседі, ол кейіннен біріншісінің де, сондай-ақ, екіншісінің де табыстарын өсіреді.
  5. Адамға жасалатын инвестициялардың барлығы бірдей адам капиталының жұмсалымдары болып таныла бермейді, тек қоғамдық мақсатқа сай және экономикалық қажеттіліктері ғана осындай жұмсалымға жатады. Мәселен, қылмыстық әрекетке байланысты шығындар адам капиталына жасалатын инвестициялар болып саналмайды, өйткені олар қоғамдық тұрғыда мақсатқа сай емес және қоғам үшін зиянды.
  6. Адамға жасалатын жұмсалымдардың сипаты мен түрлері тарихи, ұлттық, мәдени ерекшеліктерден және дәстүрлерден тарайды. Мәселен, білім деңгейі мен балалардың мамандық таңдауы едәуір шамада отбасылық дәстүрлерге және олардың ата-аналарының білім деңгейіне байланысты болады.
  7. Капиталдың өзге әр түрлі нысандарына жасалатын инвестициялармен салыстырғанда адам капиталына жұмсалатын инвестициялар жеке дара тұрғысынан да анағұрлым пайдалы. [9, 173-181б].

Адам капиталы-бір мезгілде жеке де және қоғамдық та капитал. Ол жеке адамның мәртебесіне де, сондай ақ бүкіл қоғамның даму деңгейіне де айқындауыш ықпал жасайды. Адам капиталы теориясы пайда болғанға дейін білімді экономикалық тұрғыда тек жұмыс күшін құрау, кадрларды даярлау мен біліктіліктерін көтеру ретінде ғана қарап келді. Адам капиталы теориясы тұңыш рет білім-білімнің жалпы экономикалық қайтарымы туралы мәселені қойды.

Қоғамдық тиімділікті адамның жетекші рөліне негіздеп қарастыру көп жағдайда «адам капиталы» теориясымен байланысты. Осы теорияның шеңберінде дамытылған адамға деген экономикалық көзқарас дамыған елдердің рыноктық шаруашылық жүргізу тәжірбиесінде кең қолданып келеді. Адам капиталы теориясы адам факторының анағұрлым кешенді және объективті талдануына, жұмысбастылықты, күрделі еңбектің рөлін, адамның рационалды мінез-құлқын микроэкономикалық талдау сферасын елеулі түрде ұлғайтуға жағдай жасады. Ең бастысы, аталған теорияның ҒТР-ның жаңа жағдайларында білімнің, біліктіліктің әлеуметтік-экономикалық маңызын қайта ұғынуға, жалпы және арнайы білімді, сондай-ақ индивидтердің гуманды сапаларын өндіріс тиімділігінің маңызды факторы ретінде қарастыруға әкелді.

Адам капиталы теориясының пайда болу, қалыптасу, даму тарихына үңілсек, оның тарихи түп-тамыры политэкономия классиктерімен байланысты екендігін көрсетеді. У.Петти, А.Смит, Д.Рикардо алғаш рет адамның құндылығын ақшалай бағалауға талпыныс жасады, білімнің халық және тұтас алғанда ел үшін экономикалық маңыздылығын көрсетті, адамның өндіргіш қабілеттерін капитал элементтері ретінде қарастырды. Айталық ағылшын классикалық политэкономиясының негізін қалаушы У.Петти 1664 жылы жарық көрген «Даналарға сөз» еңбегінің екінші тарауында «халық құндылығы» туралы жазған болатын. У.Петтидің айтуынша «бұрынғы еңбектің нәтижесі болып табылатын, елдің байлығы, мүлкі немесе қоры тірі әрекет етуші күштерден еш айырмашылығы жоқ, керісінше, бірдей бағалануы тиіс».

Кейінірек А.Смит адамның еңбекке деген қабілеттілігін қалыптастыру және арттыруды тереңірек зерттеді. А.Смит адамның жанды өндіргіш күштері кез-келген елдің экономикасында алғашқы роль атқарғандығын дәлелдеп, пайдалы еңбектің өнімділігін арттыру ең алдымен жұмысшының іскерлігімен икемділігіне, сонан соң жұмысшы қолданылатын машина мен инструменттерді жақсартуға тәуелді екенін пайымдайды. А.Смит еңбекті, әсіресе жұмысшы іскерлігін, оның  біліктілігін, адам бойында қалыптасқан және дамытылған қабілеттерін ұлт байлығының негізгі көзі ретінде қарастырған. Оқумен, үйренумен қалыптасқан еңбек дағдысын, білімді, шеберлікті машина және құрылыстар қатарында негізгі капитал категориясына қосты. Осыған орай, ғалым төмендегідей аргументтер келтіреді: біріншіден, халықтың пайдалы еңбекпен айналысу қасиеттері өздігінен пайда болмайды, керісінше, өндіріс құрал-жабдығы сияқты, олардың қалыптасуы белгілі бір экономикалық шығындарды қажет етеді. Екіншіден, адамның бойындағы біліммен дағды, капиталдың басқа формалары сияқты «айналысқа түспей-ақ және меншік иесін өзгертпей-ақ табыс пен пайда әкеледі».

А.Смиттің пікірінше, оқумен үйренген еңбек адамның сол оқуға кеткен шығындарын бірнеше есе қайтарады және қарапайым еңбекке қарағанда үстеме табыс әкеледі.

Д.Рикардо, қарастырылып отырған мәселеде, негізінен А.Смиттің көзқарастарын іргелілетті. Рикардо да білім берудің ролін ерекше жоғары бағалаған. Ол елдің экономикалық дамуында артта қалушылығы басқа да себептермен қатар «халықтың барлық топтарындағы білімнің жетіспеуінде» деп есептейді. Ал Дж.С.Милль болса, адам қабілеттерін еңбек өнімділігінің факторы ретінде қарастырып, оқыту мен  тәрбиелеудегі еңбекті өнімді іс-әрекетке жатқызған. Дж.С.Милль алғашқы рет білім беруді «рынок шарасыздығының», яғни, рыноктық механизм тиімсіздігінің мысалы ретінде көрсетті.

К.Маркстың экономикалық теориясында да адамның жасампаздық қабілеттеріне үлкен көңіл бөлген. К.Маркс қабілеттіліктерді «ең басты жинақталған байлық, жанды еңбекте өмір сүретін өткен еңбектің сақталған маңызды нәтижесі» ретінде қарастырған. Сондай-ақ, К.Маркс адамның белгілі бір еңбек саласындағы дайындығы мен дағдысын қалыптастыру үшін белгілі бір білімнің қажеттігін, сол білімді алуға шығын жұмсалатынын атап көрсеткен. Маркс капитал ұғымын жұмысшы күшіне қатысты ерекше мағынада қолдана отырып, тікелей өндіріс үрдісі тұрғысында жұмыс уақытын үнемдеуді негізгі капитал өндірісі ретінде қарастыруға болатынын атап көрсеткен. Бұл жерде экономист негізгі капитал ретінде адамды таңдаған. Бірақ, К.Маркс көзқарастар жүйесінің негізгі идеясы адам капиталы теориясынан алшақ. Оның ойынша, жұмысшы күші-еңбектің байлығы, ал капиталға оның сатып алушысы-капиталистің қолында өзгермелі капитал формасында ауысады.

Жоғарыдағы классикалық политэкономия өкілдерінің көзқарастарын талдай келе, мынандай қорытындыға келуге болады:

  1. Олардың зерттеулерінде адамның сапасы-өндіріс тиімділігінің маңызды факторы екендігі;
  2. Адамның маңызды сапалары білім беру мен тәрбие арқылы қалыптасатындығы;
  3. Қабілеттілікті қалыптастыру шығындарды қажет екендігі;
  4. Адамның қабілеттері капитал элементі екендігі;
  5. Білім берудің  экономикалық өсуге тікелей үлес қосатындығы негізделеді.[9, 173-181б]

Одан әрі ХIХ-ғасырдың соңы мен ХХ-ғасырдың басында экономикалық талдауға «адам капиталы» ұғымын енгізу Фишер, Дж.Кларк, А.Маршалл, Л.Вальрас, В.Парето және т.с.сияқты экономистердің еңбектерінде негізделеді.

Алғаш рет осы экономистердің еңбектерінде жеке адамдарды немесе олардың өндіргіш қабілеттерін капитал ретінде қарастыру қажеттігінің теориялық негіздемесі берілді. Адамды немесе өндіргіш қабілеттерін капитал ретінде қарастыруға төмендегі себептер негіз болды: біріншіден, өндіргіш қабілеттер қорлана алады және запасты құрады; екіншіден, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалған шығындар нақты инвестициялар болып табылады; үшіншіден, адамның қабілеттерін қалыптастыруға, дамытуға жұмсалған қаржы өнімді сипатта, өйткені ол болашақ табысты, өнімді және ұлттық байлықты көбейтеді.

«Адам капиталы» идеясының тұтас концепция ретінде қалыптасуы ХХ-ғасырдың 60-жылдарында аяқталды. Адам капиталы теориясы әлемдік экономикадағы, өндіргіш күштер жүйесіндігі, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің политэкономиядағы көрінісі болып табылады.

Сонымен, адам капиталы идеясының тұтас концепция ретінде қалыптасуы стихиялы, өздігінше емес, керісінше, экономикалық ғылымның әлеуметтік тапсырысты, белгілі бір қоғамдық қажеттілікті орындауы ретінде жүрді.

Адам капиталы теориясы қазіргі күйінде американдық экономистер- «Чикаго мектебінің» өкілдері Т.Шульц пен Г.Беккердің басылымдары негізінде қалыптасты. Теорияның негізгі жағдайлары Т.Шульцтың «Адам капиталына инвестициялар» мақаласында (1961ж) және Г.Беккердің осы аттас мақаласы (1962ж) мен іргелі еңбегі-Адам капиталы: теориялық және эмперикалық талдауында» (1964ж) баяндалды. Адам капиталы теориясының жалғасын табуға американдық, ағылшындық экономистер-Дж.Минцер, Ф.Махлуп, Л.Туроу, Р,Нельсон, Дж.Вейзи үлкен үлес қосты, ал кейінірек бұл концепция М.Блаугтың, Э.Денисонның, Дж.Кендриктің, П.Хейненің және т.б. еңбектерінде дамытылды.

Адам капиталы теориясының әдістемесінде қазіргі экономикалық ой-пікірлер ішінен басқа да ағымдарының әсері бар екендігі байқалады. Соның ішінде, білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу, білімнің экономикалық өсу қарқынына және ұлттық табыс өсіміне әсері проблемаларын зерттеуде неокейнсиандық көзқарастың үстемдігі байқалса, экономикалық талдауға жанұя, мектеп т.б. қоғамдық институттарды тарту идеясы және олардың қоғамдағы басқа да әлеуметтік, шаруашылық мекемелері арасындағы байланыстарын анықтау бұл теорияға қазіргі экономикалық ғылымның әлеуметтік-институционалдық ағымының әсерін көрсетті [6, 2001ж].

Қазіргі шетелдік және отандық экономикалық әдебиеттерде «адам капиталы» категориясының әртүрлі анықтамалары кездеседі. Мұндай әртүрлілік бұл ұғымның күрделілігімен және көп қырлылығымен түсіндіріледі.

Т.Шульцтің айтуынша, «егер білім өндіріске әсер етсе, мұның өзі экономика үшін өте маңызды, демек ол капитал формасы», ал білім капиталдың бір формасы болса, оны біз адам капиталы деп айтамыз, өйткені, бұл форма адамның ажырамас бөлігіне айналады. Оның капитал болып табылатын себебі, ол болашақ табыстар немесе болашақ қанағаттардың немесе қоса алғанда екеуінің де көзі. Келесі американдық экономист адам капиталы теориясының классигі Г.Беккер, бұл ұғымды кең мағынада қарастырды. Оның пікірінше, «адам капиталы адамға инвестиция жұмсау, оның ішінде өндірістегі дайындық, денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы миграция және баға мен табыс туралы ақпарат іздестіру арқылы қалыптасады [7].

У.Боуэн, адам капиталын тауар мен қызметтерді өндіру мақсатында белгілі бір мақсат ішінде қолданылатын адам бойындағы жүре қалыптасқан білім, дағды, мотивация және энергиядан тұрады деп анықтайды.

Л.Туроу болса адам капиталына адам бойында негізінен тәрбие мен білім беру арқылы қалыптасатын саяси және әлеуметтік тұрақтылықты сыйлау сияқты қасиеттерді де қосады.

Эдвин Дж.Долан болса адам капиталын «формальды оқу, білім беру немесе іс-тәжірбие арқылы келген ақыл-ой қабілеттері түріндегі капитал» ретінде түсіндірді.

Экономикалық әдебиеттерде адам капиталының монетарлық анықтамасы да бар. М.Фридмен адам капиталын еңбекке перманентті (тұрақты, үздіксіз) табысты қамтамасыз ететін қор ретінде түсінеді. Перманентті табыс-күтілетін болашақ табыс түсімдерінің орташа шамасы. М.Фридмен адам капиталын ақшаға балама активтердің бір формасы ретінде қарастырылып, адам капиталын байлықтың жеке иелерінің ақшаға деген сұраныс теңдеуіне қосады.

Ресей экономистерінің еңбектерінде де адам капиталына әртүрлі анықтамалар беріледі. Ресейлік экономика ғылымындағы адам капиталының алғашқы анықтамаларының бірі М.Критскийдің еңбегінде берілген. Ол «адам капиталының негізінде экономикалық тұлғаның қоғамдық прогресс және интеллектуалды іс-әрекетінің жаңа күші ретіндегі қозғалысы жатыр»,-деп есептейді.

Оның еңбегінде адам капиталы қазіргі заманғы қоғамның негізгі қоғамдық қатынасы ретінде қарастырылады. М.Критский адам капиталының өндірістік, тұтынушылық және интеллектуалды адам капиталы түріндегі формальды түр өзгерістерін және өзгерген формаларын терең зерттей келе, адам капиталының алушы және өндіруші шаруашылық дәуіріне адекватты формаларды сіңірген тіршіліктің жалпылама-нақты формасы ретінде көрінетіндігін атап көрсетеді. Осыдан, М.Критский, «адам капиталы- адамдардың өмірі ретінде жүзеге асатын, олардың тіршілігінің өздігінен баюы»-деген қорытынды жасайды.

Посткеңестік экономика ғылымындағы адам капиталы теориясының ірі зерттеушілерінің бірі С.Дятлов адам капиталын «инвестиция нәтижесінде қалыптасатын, қоғамдық ұдайы өндірістің кез-келген сферасында мақсатты пайдаланатын, еңбек өнімділігін және өндірістің тиімділігін арттыратын, осы арқылы адамның табысын өсіретін адам бойында жинақталған (қорланған) денсаулық, білім, дағды, қабілеттер, мотивация қоры».

Отандық экономика ғылымында адам капиталы теориясы бойынша зерттеулер  енді қолға алынып келеді, олар көбіне фрагментарлы түрде кездеседі. Отандық экономистерден академик Я.Ә.Әубәкіровтың, К.Н.Нәрібаевтың, С.К.Жұмамбаевтың көзқарастарына тоқталған жөн.

Академик Я.Ә.Әубәкіров адам капиталын әртүрлі ғалымдардың барлық жетістіктерін, білімді, дағдыны, жинақталған тәжірбиені және олардың әлеуметтік экономикалық прогресте қолданылуын біріктіретін кең масштабты ұғым ретінде түсінеді. Оның пікірінше, адам капиталы білім беру және ғылым салаларына, денсаулық сақтауға, білікті мамандарды ұдайы өндіруе мақсатты бағытталған инвестициялар нәтижесінде қалыптасады және ұлғаяды. Академик Я.Ә.Әубәкіров адам капиталын қоғамдық еңбек өнімділігінің артуын қамтамасыз ететін шешуші күш ретінде қарастырады.

Келесі авторлар ұжымы адам капиталын «индивидтердің өзінің оқуына, білім алуына және басқа да өнімділікті арттыратын іс-әрекет түрлеріне уақытты инвестициялау арқылы қалыптасатын іскерлік пен дағдылар» ретінде анықтайды.

С.К.Жұмамбаевтың пікірінше, «білім, дағды, іскерлік және жинақталған тәжірбие адам капиталын құрайды» және «жалдамалы жұмысшы кәсіпкерлік іс-әрекетке өзінің адамдық капиталын қосады. [12,55б]

Отандық экономист-ғалымдардың көзқарастарын талдай келе, төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:

Біріншіден, білім, іскерлік, дағды арнайы іс-әрекет түрлері арқылы қалыптасады;

Екіншіден, ол қабілеттердің қалыптасуы белгілі бір қаржыны қажет етеді;

Үшіншіден, ол қаржылар инвестициялық сипатта;

Төртіншіден, білім, іскерлік, дағды  және еңбек өнімділігі арасында тәуелділік орын алады;

Бесіншіден, уақыт факторын қалыптастыру арқылы адам капиталының қалыптасуында «балама шығындар» немесе «жоғалған жалақы» шығындары орын алады. Міне жоғарыда берілген шетелдік және отандық экономистердің көзқарастарында адам капиталына әртүрлі түсіндірмелер беріледі. Әйтсе де, осы анықтаған ортақ ұқсастықты байқадық. Ол ұқсастық адам капиталының жүре қалыптасатын қабілеттер ретінде анықталуы. Нақ осы негізде, біз, адам капиталы категориясының экономикалық мазмұнын ашуға талпынамыз.

Кез-келген экономикалық категория-экономикалық көзқарастар жүйесіндегі белгілі бір талаптардың логикалық көрінісі, жеткізілуі. Демек, адам капиталы экономикалық категория ретінде біздің ойымызша іскерлікті, дағдыны, т.б. қабілеттерді қалыптастыру, өндіру, тұтыну, жалғастыру үрдісінде қалыптасатын экономикалық қатынастарды көрсетеді.

Ойымызды тұжырымдай келе, біз, адам капиталын инвестиция нәтижесінде қалыптасатын және қорланатын, қоғамдық өндірістің кез келген сферасында немесе азаматтық өмірде мақсатты пайдаланатын, адамның болашақ қанағаттарының және өспелі табыстарының көзі, сондай-ақ, қоғамдық өндірістің және экономикалық өсудің басты факторы болып табылатын белгілі бір білім, дағды, іскерлік, денсаулық және мотивациялар қоры ретінде түсінеміз.
Тағы рефераттар