Ақшаұлы Бөгенбай (1680-1775) – жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, қолбасшы сардар. Шыққан тегі – Орта жүздің арғын тайпасының Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен.

Батырдың атасы Әлдеуін – қазақтың атақты ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің атақты батырларының бірі болған. Ғұмырының дені ат үстінде жортуылмен өткен. Қатағанның Тұрсын ханымен соғыстағы ерең ерлігі үшін оны Түркістанның әмірі етіп тағайындаған. Өз әкесі Әлдеуінұлы Ақша заманында дұшпанына бет қаратпаған айтулы батыр, айбынды қолбасшы болыпты. Әз-Тәуке ханның сеніміне ие болып, оның 80 мың сарбаздан тұратын әскерін басқарыпты. Үмбетей жыраудың: «Алатаудай Ақшадан асып тудың Бөгенбай» деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұрғандай.

Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап, есте сақтап келуі – оның ерлік, әскер басылық істеріне байланысты. Оның алғашқы ерлік жолы Еділден өтіп, қазақ ауылдарына шабуылдап, мазасын алып, әбден титықтап біткен қазақ-орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында отыз мың қолды бастап барып, казак орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап, қашан қазақ жері жоңғарлардан азат етілгенше Бөгенбай батыр аттан түспей, Қабанбай, Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларымен тізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға енеді. Осы шайқастардағы көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі – оның данқын асқақтата көтереді. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725—1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген соң қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында Бөгенбай батырдың жауынгерлері қытай әскеріне ойсырата соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуады.

Бөгенбай батырдың соңғы үлкен жорығының бірі – Аягөз өзені бойында болған. Қазақ қолына төтеп бере алмаған жоңғарлар жеңілгенің мойындап, келісімге келуге мәжбүр болған. Осы арада батыр жоңғарлардан ақ үйлі аманат алып, олардан бұдан былай Бөгенбай белгілі бітімші мәмлегер де болған. Ол Абылай ханның Қытайға жіберген елшілігін басқарып барып, екі елдің арасында бейбіт қарым-қатынастың орнауына үлкен үлес қосады.

Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй-көрегендігін, мейірбан-адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған. «Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда. Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың жетістіктері Ресеймен достығымызды нығайтып, біріккен одақ құруға септігін тигізді. Бұл қазақ пен орыс халықтарының арасындағы достық пен бірліктің бастамасы болып табылады.

Бөгенбай батыр «Қанжығалы қарт Бөгенбай» атанып дәуірлеп тұрған шағында өз ажалынан дүние салды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи күмбезіне жерленіп, басына граниттен құлпытас орнатылды. [1, б.126-127]

 

«Қанжығалы қарт Бөгенбай» кітабынан

Бөгенбай бастаған қол Сарыарқадан аттанып сол бетінде Зайсан көліне бір-ақ тоқтады. Жолай қалмақтың бірлі-жарым жан сақтап қашып жүрген адамы кездеспесе басқа жан жоқ. Қалмақтың көбі Зайсан көлінің оң жағасында ескі заманнан бері келе жатқан қалашықтардың маңына ұйлығып, жиналған екен. Зайсаң көл Алтай мен Тарбағатай арасында, Қара Ертістің ағысында орналасқан көл. Ертіс осы көлдің шығысынан еніп батысынан шығып кетеді. Бұл жер алапат қазан шұңқыр сияқты. Жан-жағының бәрі Орталық Азияның алапат таулы-тасты жоталары. Сол ірі жотаның бірі Тарбағатай мен Сауыр-Сайқанның арасында жатқан Маңырақ. Қазақ үлкен жотаны Қой Маңырақ, кіші жотаны Қозы Маңырақ дейді. Бөгенбайдың алдымен кездескені осы екі Маңырақтың арасындағы көп қалмақ.

Маңырақтың қалмағын тас-талқан қылған Бөгенбай әскері Ақшәулінің өрінен асып, үш мың шақырым биік асуды артқа тастап Алакөлге жаздың басында табан іліктірді. Үржар, Қатынсу, Шаған тоғай маңындағы қалмақ бекіністерінің тас -талқанын шығарған Бөгенбай қолы Жоңғар Алатауының солтүстік сілемін бойлап Қапал-Арасан өлкесіне түскенде Абылай хан бастаған оңтүстік бағыт әскерлерімен кездесті. Бұл XYIII ғасырдың «Ақтабан шұбырындысында» шашылып қалған қазақ әскери өнерінің бұрын-сонды болмаған жеңісі еді. Жоңғарияны екі қабырғадан орай шауып, ұлан байтақ өңір Қазақ хандығының құрамына қосылды. Қазақ жауынгерлері бұрын-сонды көрмеген қиыншылықтарды бастан өткерді, қол бастаған батырлар ерен тәжірибе жинады. Абылай мен Бөгенбайдың алапаты асып, аттары ұранға айналды. Қолдың ішінде жауынгерлерге рух беріп жүрген қазақтың жыраулары бұл ұлы жорықты тамаша толғауларына тақырып қылды:

Бұқар:

Асу салған, тас бұзып,

Тарбағатай белінен

Қол қондырған қос тігіп,

Борлы деген көлінен.

Қалмақты шапқан шулатып,

Ақшәулінің өрінен,

Қоныс қылған найманға

Бәрін қуып жерінен,

 

Үмбетей:

 

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамаңдап шулатқан

Қалмақты қудың, Бөгембай.

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгембай.

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгембай.

Қолтығы ала бұғының

Пәйкесіндей Бөгембай.

Жалаң қия жерлерден

Жазбай түсіп түлкі алған

Білегі жуан бүркіттің

Тегеуріндей Бөгембай!

Баянаула, Қызыл тау,

Абралы, Шыңғыстау,

Қозымаңырақ, Қоймаңырақ

Арасы толған көп қалмақ,

Қалмақты қуып қашырдың.

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдың!

Ақшәуілге қос тігіп,

Ауыр қол жинап алдырдың,

Қалмаққа ойраң салдырдың.

Қабанбай мен Бөгембай

Арғын менен Найманға

Қоныс қылып қалдырдың

Қайран қыран, Бөкем-ай!

 

Батырың өтті Бөгенбай!

Қазақта «пайғамбар жасы» деген тамаша ұғым бар. Мұсылман баласы 63-ке келген жасты тіршіліктегі үлкен белес деп есептейді. Осы жасында ислам дінінің негізін салған Мұхаммед ғалайссалам фәни дүниеден бақиға, мәңгілік өмірге сапар шеккен дейді ғұламалар. 63-ке келген жасында Құл Қожа Ахмет Иассауи де бұл дүниенің қызық-шыжығынан безіп қылуетке, жер астынан қазылған бөлмеге түсіп, қалған өмірін Құдайға жалбарынумен өткізді. Ислам қағидалары мен әдет-ғұрыптарының бәріне бірдей бас ұрмаса да қазақ қариялары алпыс үш жасты ерекше атайды. Жасында ұстаз алдын көрген, үлкендерден ұлағатты тәрбие алып қалған, өзі де үлкен ақыл-ойдың иесі болған Бөгенбай батыр қазақтың ендігі тірлігіне рухани тиянақ көбірек қажет деп санайды.

Бұқар жырау мен Бөгенбай арасындағы соңғы кездегі әңгімелер де осы тақырыпқа тікелей қатысты. Бір жағы христиандық ілімге иек артқан Батыс елдері және Ресей, бір жағы пұтқа табынған Шығыс, оның ішінде Қытай, болғандықтан қазақтың жан сақтар жері ислам шапағаты. XYIII ғасырдың соңына қарай балға мен төстің ортасына түскенін сезе бастаған қазақ елінің басшылары елді сақтаудың жалғыз жолы ислам деп шешті. Тіршілікте қандай қиындық басқа түссе де адамның адамгершілігін, бірі-біріне бауырмашылдығын, қанағаты мен тәубесін сақтайтын ілім – ислам. XYIII ғасырдың жаугершілігінен аман-есен шыққан қазақ елінің алдында бұдан да зор сын күтіп тұрғанын жырау да, сардар да сезеді. Осындай шақта Бөкеңмен әңгіме-дүкен құрып отырған Көмекей жырау:

Жарқ-жұрқ еткен жайда бар,

Жарау семіз байда бар,

Құйрығы бітеу қойда бар.

Қос қанаты күймеген

Қанаты бітеу қуда бар.

Ат тұяғы тимеген,

Ақ кірпіш тас суда бар.

Әзірейіл келгенде,

Жан қалар жерде қайда бар?! —

 

деп таусылса, бірде:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Бір шұғыл, пасық залымның,

Тіліне еріп азбасқа,

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске,

Төртінші тілек тілеңіз,

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуін қаза қылмасқа, —

деп Алладан тілек айтып, қазынасынан көмек сұрап, шүкіршілікке келеді.

Бөгенбай мен Бұқардың тағы бір жасағын шаруасы Мәуреннахр жерінен белгілі дін иелерін шақыру. Осы мақсатпен аттанған Бұқар жырау қарақалпақ елінің ішінде аса белгілі, өзі дін басы, өзі қази Сарғалдақ қожамен жолығып пікірлескен еді. Ол екеуі кезінде Бұхара қаласындағы Кекілташ медресесінде қатар оқыған, ынтымағы жарасқан, білімі көкпен таласқан адамдар. Осы Сарғалдақ қожаның Шын қожа атты ұлын Бұқар жырау Абылай ордасына ала келген. Ол бала-шағасымен, жақын көмекшілерін ертіп бір ауыл сияқты келді де Бурабайдағы хан ордасының жанына қонды. Сарыарқаның игі жақсылары осы оқиғаға бола Бурабайда жиналғанда Бөгенбай батыр қанжығалы еліне деп Шын қожаның үлкен ұлы Күдері қожаны «аттай қалап, алтындай сұрап» — алған. Қазіргі уақытта сардар ауылына қатар қонған кішкене ауыл сол Күдері қожаның ауылы. Кейін келе Шын қожаның тағы бір баласы Қарақасқа қожа да осы жаққа келіп Бала Шідертінің бойында Қызыл тасқа ие болды. Бір сөзбен айтқанда Бөгенбай елі осыдан кейін қасиетіңнен айналайын Ахмет Иассауи кіндігінен тарайтын қожа әулетімен тығыз араласып, аралас-құдандас болып кетіп еді.

Бөгенбайдың хабарын Абылайға естіртуге Үмбетей дайындалды. Елдің ақсақалдары батырдың өлімін Абылайға естіртуге Үмбетей жырау барсын десті. Үмбетей болса өзінің сырлас ағасы, ескі досы Бөкеңнің  тірлігінде сыйласып өткен замандасы, ұстазы Бұқар жыраумен бірге барайық деп өтінішін жасады. Екі жырау осы хабарды алып Көкшетаудағы Абылай ордасына қарай аттанады. Қазақтың екі ғұламасы бір ғасырға жуық тіршілікке осы жолы сараптама жасады. Қазақи аттың аяңы қандай жақсы асықпай әңгімелескен екі жыраудың көкіректеріндегі түйген ойлары асыл- жауһардай  мөлдір, алмастай өткір, теңіздей терең, шыңдай  биік:

Ей, Абылай, Абылай,

Абылай ханым, бұл қалай?

Бұл қалайдан  сескеніп,

Сөзімді қойма тыңдамай!

Талай істер басыңнан

Өтіп еді-ау жасыңнан,

Қиын-қызық әрбір жай.

Жас күніңде, Абылай,

Үргеніштен мұнда кеп,

Сарыарқаны жерім деп,

Қалың қазақ елім деп,

Келмеп пе едің жаяулай.

Төле  биді тапқанда,

Күндіз түйе баққанда,

Жалғызбын  деп шошымай,

Еш малшыға қосылмай,

Қара жерге отырмай,

Күпіңді салып астыңа

Жең жастанып басыңа,

Қол-аяғын төрт жақта

Жатушы  едің сол шақта

Ұмыттың ба соны Абылай!

Жиырма жасың толғанда

Қалмақпен соғыс болғанда

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда,

Қанжығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айғайлап,

Абылайлап шапқанда:

Ұмыттың ба соны, Абылай!

Сол ерліктен хан болдың,

Әлем асқан жан болдың,

Барша әлемге даң болдың,

Ұмыттың ба соны, Абылай

Дүние кезек, Абылай!

Қаласың әлі-ақ сен былай,

Артыңдағы балаңа

Табылар батыр тағы да-ай!

Сондай ерлер көп тусын

Деп тілей бер, а, құдай!

Орта жүзде қатын көп,

Туатын кейін батыр көп,

Сол мұқатар жауды деп,

Елестер көзге сағымдай.

 

Ей, Абылай, Абылай,

Сөзімді тыңда тағыда-ай!

Өзіңнен біраз жасы үлкен,

Дөмпеш таудай басы үлкен,

Жасында болған сырласың,

Үлкен де болса құрдасың

Сексеннен аса бергенде,

Қайрылмас қаза келгенде

Батырың өлді – Бөгембай!

Иманын айтып өлерде,

Иекке жаны келгенде

Сәлем айтты үш қайта:

«Кеттім, -деп, — сізді көре алмай»

 

Батырды қолдан өткіздім,

Сәлемін міне жеткіздім,

Жыламай тыңда, Абылай,

Қазаға жақсы қасқарар,

Ойбайлап жаман бас салар,

Көріспей айтты демеңіз,

Осы еді біздің келген жай.

 

Көзіңнің жасын тия көр,

Жақсылық бата қыла гөр.

Тағы да талай бақ берсін,

Балаңа алтын тақ берсін,

Бөгембайдай жас берсін,

Өлшеусіз мал мен бас берсін!

Бөгембай сынды батырдың

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай,

Жасаған ие жар болып,

Бейіште нұры шалқығай!

Бұқар жырау:

Қазақтың ханы Абылай,

Ақиықты аспанға

Ұшпастай ғып торлады.

Құлағанға ұқсайды,

Қазақтың қамал қорғаны.

Қайғырмаңыз, ханзадам,

Айтпасыма болмады,

Батырың өтті Бөгембай!

 

Қиядан қиқу төгілсе,

Аттың басын тартпаған.

Қисапсыз қол көрінсе,

Қорқып жаудан қайтпаған,

Қазақ деген халқынан,

Батыр шыққан даңқынан,

Қарсыласқан асылдар

Қорғасындай балқыған,

Батырың өтті Бөгембай!

 

Бұтақты мүйіз бұғысы,

Саласында жайылған.

Мылтық атқан мергені,

Киігін қойдай қайырған.

Құланы құлындай тулаған,

Түлкісі иттей шулаған,

Қыс қыстайтын жеріңді,

Сол сықылды тау қылған,

Батырың өтті Бөгембай!

Асу салған, тас бұзып,

Тарбағатай белінен,

Қол қондырған қос тігіп,

Борлы деген көлінен.

Қалмақты шапқан шулатып,

Ақшәулінің өрінен,

Қоныс қылған найманға

Бәрін қуып жерінен,

Батырың өтті Бөгембай!

 

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай,

Қаз дауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек

Ормандай көп орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек.

Тұғыр болған сол еді,

Сіздей төре сұңқарға.

Бәйгелі жерде бақ болған

Сіздей жүйрік тұлпарға.

Қайғырмаңыз, ханзадам,

Келмей тұр ауызым айтарға

Батырың өтті Бөгембай.

[2, б.88]
Тағы рефераттар