Ауыл шаруашылығы тәуекелдерін тиімді басқару мақсатында стратегиялық және тактикалық басқаруды қолдану арқылы мүмкін тәуекелдер зияндылығын едәуір төмендетуге немесе алдын алуға болады. Өйткені, стратегияның өзі нақты тәуекелдерді жаратушы факторлардың зияндылығын едәуір төмендетуге немесе болдырмауға бағытталған стратегиялық болжамдау, жоспарлау және соның негізінде бағдарлама жасауға негізделген басқару ғылымы болып саналады. Бұл жерде тәуекелдерді стратегиялық басқарудың міндеттері қойылған мақсатқа жетуге қажетті құралдарды таңдау және қолдануға негізделген. Ал тактика бұл – қалыптасқан жағдайда стратегиямен анықталған мақсаттарға жетудің әдістері мен тәсілдері болып табылады. Тактиканың негізгі міндеттеріне қалыптасқан жағдайда мақсатқа жетуге қажетті басқарудың ең тиімді әдістері мен тәсілдерін таңдау жатады.

Стратегиялық басқару — нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды әрі шешуші рөлін ойнайды. Өнеркәсіп корпорацияларын басқару бойынша Американың атақты маманы И.Ансоффтың көрсетуінше, стратегиялық басқаруды жүзеге асырудың екі типі бар [1]:

1)        механикалық түрі – қарсы келген кедергілерді жою бағытында бастан өткен тәжірибелерге сүйене отырып, тәуекелі ең аз болатын баламаны таңдаумен сипатталады. Стратегиялық басқарудың бұл типінің артықшылығы бір қатені екінші рет қайталамауға мүмкіндік береді. Ал оның кемшілігі қарсы келген кедергінің алғашқы рет бастан кешіру жағдайында байқалады;

2)        стратегиялық түрі — ол қарсы келуі мүмкін тәуекелдерді болжамдауға және баламалардың ішінде мүмкін болатын ең тиімді шешім қабылдауға бағытталған. Бұл әдіс тәуекелдің әрбір түріне сәйкес келетін мәселені шешудің жаңа жолдарын қалыптастыруға, тәуекелі ең төмен баламаны таңдауға және жүйе ішіндегі қарама-қайшылықтарды ескеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңдағы кең  қолданыс тауып жүрген  тәуекелді азайту жолдары мен әдістерін келесідей тізіп көрсетсе болады:

—            тәуекелдің жобаға қатысушылар арасында бөлінуі;

—            тәуекелдерді сақтандыру;

—            күтпеген шығындардың орнын толтыру мақсатында алдын ала резервтік қор қалыптастыру;

—            өнім өндірісін түрлендіру немесе диверсификациялау;

—            шығындарды шектеу;

—            шығындарды азайту бойынша қосымша ақпарат іздестіру;

—            терең және негізделген болжам жасау;

—            өзін-өзі сақтандыру және қайта сақтандыру;

—            хеджирлеу (тәуекелдің әсерін жеңілдету);

—            маркетингтік зерттеулер жасау;

—            өнім бағасына тәуекел шығындарын қосып есептеу және тағы басқаларын атап айтса болады [2].

Бұл әдістерді бірге немесе әр тәуекелге жеке қолданса да болады, өйткені олардың барлығы тәуекел етуден келетін мүмкін шығындардың орнын жабуға немесе азайтуға бағытталған.

Барлық тәуекел жаратушы факторларды, оларға экономика субъектілерінің әсер ету мүмкіндігіне қарай үш топқа бөлуге болады:

—            реттеуге келмейтін;

—            әлсіз реттелетін;

—            шартты түрде реттеуге келетін.

Реттеуге келмейтін тәуекел жаратушы факторларға сыртқы орта немесе макро орта факторлары жатады. Бұл факторлар кәсіпорынның әрекет етіп жатқан табиғи және әлеуметтік-экономикалық ортасын қамтиды, оларға: нормативтік-құқықтық база, ауа райы, саяси-әлеуметтік жағдай, әлеуметтік-демографиялық жағдай, кәсіпкерлік белсенділік деңгейі, тұтыну нарығындағы жағдайлар, теңгенің бағамы, халықтың тұрмыстық жағдайы, т.б. жатады, ал қалған сыртқы факторлар әлсіз реттелетін тәуекел факторларына жатады. Кәсіпорынның ішкі ортасын немесе микро ортасын сыртқы ортаға қарағанда басқаруға болады, бірақ бұл жерде де толық сенім жоқ, сондықтан бұл орта факторын шартты түрде реттеуге келетін деп анықтауға болады. Яғни, кез келген істің тәуекелі мүлдем жоқ болуы өте қиын.

Тәуекел – кез келген өндіріс жобасының, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнім өндірісінің де басынан бастап аяғына дейінгі құрамдас бөлігі болып отыр. Яғни, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың белгісіздік жағдайында шаруашылық жүргізуге бейімделуі үшін, өнім бағасы мен табыстарды реттеудің сәйкесінше саясатын қалыптастыру қажет. Ауыл шаруашылығы, өнім өндірісі маусымдық болғандықтан, өндірілетін өнім көлемі мен тұтыну арасындағы сәйкессіздік бағаның ауытқуларын тудырады.  Бұндай баға  тұрақсыздығы  не өндірушіге, не тұтынушыға тиімді емес. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы, нарық механизмдері арқылы тұрақты ұсынысты қамтамасыз ету. Яғни, қажетті логистикалық жобаларды жүзеге асыру, маусымдық ауытқудан туындайтын артық өнім көлемін сақтайтын қазіргі заманғы қоймалар салу және маусымдық жетіспеушіліктің орнын толтыратын жылыжай кешендерін іске қосу болып табылады.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының түрлі тәуекелдерге бейімділігін арттыру үшін мүмкін тәуекелдер жайында нақты ақпараттық көмек қажет. Бұл кез келген мәселе бойынша қажетті ақпаратқа қол жетімділікті арттырудан басталуы керек. Яғни, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндірілуі қажетті өнім көлемін алдын ала білсе, бар күшін сол сұранысты қанағаттандыруға тырысады. Бұл ақпараттар негізінде, әрбір кәсіпорын өзінің стратегиялық жоспарларын қалыптастыру арқылы, нарыққа қажетті өнім көлемін өндіретін болады.

Ауыл шаруашылығы саласында тәуекелдерді басқарудың көп тараған әдістерінің бірі – сақтандыру болып табылады. Өйткені, сақтандыру тәуекел шығындарын белгілі бір көлемде жабуға мүмкіндік береді және белгіленген мақсаттың орындалуына септігін тигізеді.

Қазақстандағы ауыл шаруашылық өндірісінің табиғи-климаттық талаптарға байланыстылығы және ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңыздылығын ескере отырып, 2005 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енген “Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Оның негізгі мақсаты астық және май шығару өнімдерін, сондай-ақ мақта және қант қызылшасының белгілі түрлерін өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндіріс иелерінің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің осы түрлерін сақтандыру туралы шешімнің қабылдану себебі көбіне солардың қатерге барынша көп душар болатындықтан болып отыр. Сонымен қатар бұл дақылдар ірі шаруашылықтардың көпшілігінде өсіріліп отыр. Осы Заңға сәйкес олар құрғақшылық, үсікке ұрыну, жылудың жетімсіздігі, артық ылғалдану, бұршақ, нөсер, ұйтқыған боран, қатты дауыл, су тасқыны және сел сияқты қолайсыз зардаптардан сақтандырылатын болады [3].

Ауыл шаруашылығындағы сақтандырудың бірнеше маңызды функциялары бар. Біріншіден, ол тәуекелді бөлісу функциясы, яғни сақтандыруға қатысатындар арасында бір бірімен тәуекелдердің бөлінуі. Екіншіден ол алдын алу функциясы, яғни алдағы мүмкін болатын тәуекелдің үлкен шығындарын сақтандыру жарналарын төлеп тұру арқылы аз шығынмен жабу мүмкіндігі.

Ауыл шаруашылығындағы тәуекелдердің негізгі көзі шығындар болып табылады. Сондықтан ең алдымен осы шығындардың себептерін анықтап, оны алдын алу арқылы өндірістің ары қарай қарқынды дамуын қамтамасыз етуге болады.

Экономикалық себептерге байланысты өнім шығындарының орнын толтыру көбіне қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Ол персоналдың еңбек белсенділігін көтеру, өндірісте тәртіптің күшейтілуі, экономикалық санкцияларды қолдану және тағы басқалары арқылы жүзеге асырылады.

Ал техникалық және технологиялық себептерге байланысты өнім шығындарының орнын толтыру көбіне қосымша көп қаржы шығындарын талап етеді. Бұл себептерге ғылыми техникалық прогрестің мүмкіндіктерін өндіріске енгізбеу немесе аз енгізілуі, өндіріс технологиясындағы әлсіз тұстары және өндірісті дамыту бойынша тиімсіз шешімдердің қабылдануын атап айтса болады.

Өсімдік шаруашылығында тәуекелдерді төмендетудің стратегиялық жоспарын құру барысында әсіресе ауа райы факторларын ескеру маңызды. Өйткені бұл фактор көктемгі егістік жұмыстарына, суару, өсімді баптау және қоймаға жинау барысына көп әсер етеді. Шығындардың азаюына сонымен қатар агро-өнеркәсіп кешенінде машина-тракторлық паркты қолдану кестесінің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасының бір егістік алқабынан екінші егістік алқабына тасымалдау тиімділігін арттыру, уақтылы техникалық байқаудан өткізіп тұру сияқты шаралар көптеген күтпеген шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Астық өндіруші кәсіпорындар жыл сайынғы астықты егу, өсіру және жиналған астықты астық қоймаларына сақтау бойынша шаралардың барлығын алдын ала стратегиялық жоспарларында көрсетіп жасағаны дұрыс. Бұл стратегияда сонымен қатар түрлі қауіптерден сақтанудың нақты іс шаралары анықталуы тиіс. Түрлі өсімдіктер мен өсімдік тұқымдары түрлі табиғи әсерлерге әр түрлі тұрақтылықты көрсетеді. Сондықтан өзгермелі табиғи құбылыстарға төзімділігі жоғары өсімдік тұқымдарын өсіруге көшкен дұрыс.

Өсімдік шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығы істелетін жұмыстардың тұрақтылығымен, ауа райы өзгерістеріне аз тәуелділігімен, жер ресурстарын аз қажет етумен және жыл ішіндегі өнім өндірісінің тұрақтылығымен ерекшелінеді.

Өсімдік шаруашылығында тәуекелге қарсы іс шаралардың басты мәселелері: қандай жұмыстарды, қандай техниканың көмегімен, кім және қалай атқаруы тиіс болса, мал шаруашылығының басты мәселелері: өнімді алу мерзімін анықтау, көлемі мен сапасын бақылау, қажетті жем-шөп көлемі, мал басының денсаулығы болып табылады.

Қорыта келгенде ең бастысы, ауыл шаруашылығының қай саласы болса да алдын ала қаржылық нәтижелерді болжамдау керек. Оларға: өнімді өткізуден түсетін табыс, шаруашылықтың мүмкіндігіне қарай жыл сайынғы күтілетін өсім көлемі, жыл сайынғы ауыл шаруашылығы өнімінің бағасының өзгерісін болжамдау. Сонымен қатар, шешім қабылдау процесінің негізіне үнемі қабылданған шешімнің тиімділігін бағалайтын критерийлердің және тәуекелдерді бағалу құралдарының анықталуы — жоғары икемді басқаруға қол жеткізеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Ансофф И. Стратегическое управление. – М.: Экономика, 1989. – 519 с.
  2. Балабанов И.Т. Риск – менеджмент. –М.: Финансы и статистика, 1996. -192 с.
  3. www.Kaz-referatik.ru сайты
  4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 2 сәуiрдегi №460 қаулысымен бекiтiлген «Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн мiндеттi сақтандыруды жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары туралы Ережесі», http://adilet.minjust.kz/kaz/docs/P970000460

Тағы рефераттар