Азаматтардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттігі туралы қазақша реферат

Құқық субъектілерін сипаттайтын негізгі құқық қасиеттері құқық қабілеттілігі болып табылады. Азаматтық құқық қабілеттілігі АК-тің 13-бабында азаматтық құқыққа ие болып, міндет атқару қабілеті (азаматтық құқық қабілеттілігі) барлық азаматтарға бірдей деп тұжырымдалады. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсілІне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешкандай кемсітуге болмайды.

Конституцияның аталған тұжырымына орай азаматтардың құқық қабілеттілігі заңда бәріне бірдей және бірыңғай құрылған. Азаматтық кодекстің 13-бабында азаматтардың құқық қабілеттілігі барлық азаматтар үшін тең дәрежеде  екендігі танылған. Дейтұрғанмен, құқық қабілеттілігің теңдік принципі нақты субъективтік құқық шеңберінде жекелеген азаматтарға берілетін міндеттілік теңдікті көрсете қояды деуге болмайды. Азаматтардың бәрінде бірдей кез келген құқықты ала беру (мысалы, тұрғын үйді, машинаны) мүмкіндігі бола бермейді. Құқық қабілеттілігінің теңдігі дегенде, заңда бұл орайда ешкімге артықшылық бермейтіндігі, ешкімге субъективтік құқық алуға тыйым салмайтындығы тұрғысынан түсіну керек. Азаматтық құқық қабілеттілігінің теңдік принципінен жалпы ережеге сәйкес оны шектеуге жол берілмейді. Азаматтық Кодекстің 18-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: «Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртіп бойынша болмаса, ешкімнің де құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін шектеуге болмайды».  Қолданылып жүрген заңға сәйкес, құқық қабілеттілігін шектеу азаматтың қылмыс жасау негізінде, сот үкімі арқылы алынған шара бойынша шектелуі мүмкін. Бұл орайда азамат құқық қабілеттілігінен толықтай (тұтастай) айрылмайды. Тек заңда көрсетілген құқықтарға ғана шектеу қойылады. Қазіргі қылмыстық заңда азаматтың құқығын айыру мына жағдайларға:

1. белгілі бір лауазымды иеленуге немесе белгілі бір қызметті жасауға (жүргізуші, дәрігер және т.б.);

2.  елдің аумағында емін-еркін жүріп-тұруға (жер аудару-мен шектелу).

Ескерте кеткен жөн, біздің заң бойынша құқықты жою қашан да уақытша сипатта болады. Сонымен қатар құқық қабілеттілігін шектеуді азаматтық, басқалай субъективтік құқықтарынан айыру жағдайымен шатастыруға болмайды. Құқық қабілеттілігін шектеу дегеніміз — қандай да бір құқықты алу мүмкіндігінен айыру болып табылады.

Азаматтың құқық қабілеттілігі оның туған сәтінен басталады, яғни ана құрсағынан тірі туып, жеке өзі өмірге келгеннен кейін жеке тұлға болып есептеледі. Мысалы, түсік тірі туа тұрса да, тұлға деп саналмайды, өйткені, ол адам бейнесіне әлі келмеген. Бірақ, айтарлықтай дамыған шала туған бала тұлға санатына қосыла алады. Сонымен, егер сәби тірі туып аз күн болса да өмір сүрсе, онда ол азаматтардың хал актілерін тіркеу органдарында кай кезде шетінегеніне қарамастан туғаны жөнінде тіркеледі.

Азаматтық кодекстің 1044-бабы бойынша мұра қалдырушының тірі кезінде іште калған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар мұрагер бола алады, ондайда сәби небәрі бірнеше минут өмір сүрсе де аталған құқықты иеленеді.

Құқық қабілеттілігі адамның — құқық субъектісінің өлуімен бірге қысқарады. Өлген адамның ие болып келген құқықтары мен міндеттері ішінара (жеке бастың, жеке отбасылық жағынан) қысқарады, ішінара (мүліктік құқықтар) мұрагеріне көшеді. Өлім — бірқатар құқықтық салдар тудырып кететін факт. Сондықтан, адам туғанда тіркелсе, қайтыс болған азаматты да хал актілерінде тіркеу керек. Айта кететін жайт, азаматтың денсаулығы және психикалық жағдайы оның құқық қабілеттілігіне әсер етпейді.

Азаматтардың әрекет қабілеттілігі дегеніміз — азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндеттер жасап, оларды орындауға қабілеттілігі болып табылады.

Азаматтардың әрекет қабілеттілігі — азаматтың құқық қабілеттілігінен ерекшеленеді. Азаматтың құқық қабілеттілігі оның, дүниеге келген сәтінен бұл дүниеден озғанынша бірге болады. Азаматтың әрекет қабілеттілігі үшін оның, өз еркімен мүлікті иеленіп, оған билік ету немесе өзіне міндеттеме алуға тілек білдіруі қажет. Сондықтан да азаматтың құқық қабілеттілігі оның жасы мен психикалық жағдайына қатысты келеді. Ол өзіне азаматтық құқықпен міндеттілікті алу үшін қалыпты әрі толысқан психикада болуы тиіс. Нәтижесінде құқық қабілеттілігі барлардың бәрі бірдей әрекет қабілеттілігіне ие емес, бір сөзбен айтқанда, азаматта құқық қабілеттілік болғанымен, әрекет қабілеттілігі белгілі бір уақыт арасында болмауы мүмкін.

Азаматтық кодекстің 17-бабына сәйкес әрекет қабілеттілігі кәмелетке толғанда, яғни 18 жасқа толғаннан кейін толық көлемінде пайда болады.

Бұл арада ескеретін мынадай бір жағдай бар: Азаматтық кодекстін 17-бабы 2-тармағына сәйкес, заң құжаттарында 18 жасқа жеткенге дейін некелесуге рұқсат етілетін жағдайда, 18 жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемінде әрекет қабілеттілігіне ие болады. Қазақстанда «Неке және отбасы туралы» Заң бойынша некеге тұруға 18 жастан бастап рұқсат етіледі. Егер дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін («Неке және отбасы туралы» Заң, 10-бап).

Әдебиеттерде азаматтардың әрекет қабілеттілігі толық, ішінара (толық емес) және шектеулі болып бөлінеді. Онық өзі азаматтың әрекет қабілеттілігіне байланысты жүзеге асады. Жаңа туған бала толығынан құқық қабілеттілігі бола тұрса да, өзі әрекет жасап қайсыбір құқыққа ие болуға немесе өзіне міндеттер алуға қабілетсіз екендігі түсінікті нәрсе. Саналы әрекет жасау қабілеті кісінің өскендігіне (жасына) байланысты. Сондықтан әрекет жасау жасы толған адамдарда ғана болады.

18 жасқа толғандар ғана ер жеткен деп саналады (АК-тің, 17-бабы, 1-тармағы). Осы жасқа толған соң адам азаматтық құлсық айналымының толық құқылы қатысушысы болып қана қоймай, ол саяси құкықтар мен міндеттерге де ие болады.

Толық емес немесе ішінара әрекет қабілеттілігі бойынша, азамат өзінің әрекеті арқылы кез келген құқықтық әрекетті жасай алмайды, былайша айтқанда, заңда тікелей көрсетілген бірқатарына ғана ие.

Ішінара (толық емес) әрекет қабілеттілігі әдетте, жасы кәмелетке толмағандарға тән, ал берілетін әрекет ауқымы олардың жасына байланысты. Заң мұндай тұлғаларды екі топқа бөледі: а) жасы кәмелетке толмаған 14 пен 18 жас аралығындағылар; б) жасы кәмелетке толмаған 14 жасқа дейінгі жас балалар.

14 пен 18 жас аралығындағылардың әрекет қабілеттілігі мейлінше ауқымды, олар заңда көрсетілген шекте әртүрлі мәмілелер жасай береді. Ондай мәмілелерді екі түрге бөлуге болады:

— өздерінің заңды өкілдерінің, яғни ата-аналары мен асырап алушылардың, корғаншылары келісімінсіз-ақ өз бетімен жасаған мәмілелер; — ата-анасының (асырап алушының, қамкоршысының) рұқсат берген жазбаша хаты негізінде жасалатын мәміле.

14 пен 18 жас аралығындағы жасы кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің келісімінсіз мыналарды істеуге:

1)    өзінің жалақысына, стипендиясы мен басқа кірістеріне билік етуге;

2)    интеллектуалдық меншік құқығы бар объектілеріне билік етуге;

3)    ұсақ тұрмыстық мәмілелер жасауға;

4)  банкке салым салуға және өзінің салымына, оның ішінде өзінің атына салынған салымдарға иелік етуге құқылы.

14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар басқалай мәмілелерді, яғни мәмілелерді ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының келісімімен жасайды. Мұндай келісімнің нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәміле үшін белгіленген нысанға сай келуге тиіс (АК-тің 22-бабы, 1-тармағы).

Мәміленің аталған екі түрі бойынша жауапкершілікті, заңды өкілдерінің келісімі талап етілсін не етілмесін, жасы кәмелетке толмағандардың өздері көтереді.

Жасы кәмелетке толмағандар (14 жастан 18 жасқа дейінгі) келтірілген зиянды өтеуге оның жеткілікті мүлкі немесе табысы болмаған реттерде зиянның тиісті бөлігін, оның ата-аналары (асырап алушы адамдар) немесе қамқоршысы өтеуге тиісті. Олардың бұл міндеті зиян келтірушінің жасы толғаннан кейін, сондай-ақ келтірген зиянды өтеуге оның жеткілікті мүлкі немесе еңбек табысы жасы толғанға дейін пайда болған ретте жойылады.

14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін мәмілелерді, егер заңда өзгеше көзделмесе, ата-анасы, асырап алушылары мен қорғаншылары жасай береді (АК-тің 23-бабы). Сонымен қатар, Азаматтық кодекс белгілі бір мәмілелерді жасөспірімдердің өзі-ақ жасай беретіндігін де жоққа шығармайды. АК-тің 23-бабы 2-тармағына сәйкес, олар өздерінің жасына лайықты жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Мысалы, оған ойыншықтарды, балаларға арналған кітаптарды сатып алуды жатқызуға болады. Жас балалар аталған мәмілелерді жасағанымен, әрекет қабілеттілігі жоқ  деп танылады. Сондықтан да жеке жауапкершілікті мойнына алмайды, бұған келтірілген залал мәселесі де қатысты. Олардың әрекетіне ата-анасы, асырап алушылары мен қорғаншылары жауап береді, ата-анасының (асырап алушының, қамқоршысының) рұқсат берген жазбаша хаты негізінде жасалатын мәміле
Тағы рефераттар