Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы “Әзірет-Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ ССР министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде “Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі” болып ашылып, 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды.
Қазақстан жерінде орта ғасырдан сақталған керемет сәулет өнерінің туындысы түркі халықтарының рухани пірі Қожа Ахмет Ясауи әулие кесенесін музейлендіруде қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібектовтің еңбегі ерекше. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстандағы бүкіл әлемдік мұралар тізіміне (ЮНЕСКО) алынған тарихи ескерткіш (2003 жыл, маусым айы).
Қорық музейі Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында орналасқан. Қорық музейдің құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы – 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан 8 тарихи ескерткіш музейлендіріліп, халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Музей құрамында сегіз музей жұмыс істейді. Күн сайын көптеген адамдар легі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат ете келіп, көне тарихымыздың заттай куәсі болып табылатын құнды жәдігерлермен танысып, мәдени-рухани өсіп отыратыны белгілі. Аталған сегіз музейде өздерінің тақырыбына сай экспозиция залдары бойынша жан-жақты зерттелген материалдар көрсетуге қойылған.
Келушілер “Қылует” жер асты мешітін, “Жұма мешіт”, “Шығыс моншасы”, сегіз бөлімнен тұратын “Түркістан тарихы”, “Археология және этнография” мұражайларының экспозициясы көріп, танысады. Музей қорында 20 000-нан аса экспонат бар. Қордағы құнды экспонаттар берілген экспозиция тақырыбына сай қорық мұражайдың құрамындағы мұражайларда көрсетуге қойылған. Қазақ тарихында ерекше орын алған тарихи тұлғалардың бірі – Есім хан кесенесін, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін, Ашық аспан астындағы мұражай, т.б. тарихи құнды архитектуралық, археологиялық ескерткіштер мұражайға келушілердің өткен ата-баба тарихымен танысып, рухани құндылықтарды көзбен көріп, сезінуіне мүмкіндік береді.
Музей заттары арқылы, тарихи, археологиялық деректер негізінде құрылған XVIII-XIX ғ.ғ. Түркістан көшесінің көрінісін бейнелеген ашық аспан астындағы музей келушілердің ерекше бір әлемді сезініп, сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігімен танысуына көмектеседі. Мұражай экспозициясы мұражайға келуші аудиторияны адамгершілік, рухани дамуына ықпал етуге қызмет етеді. Музей ЮНЕСКО жанындағы ИКОМ – Халықаралық музейлер комитетінің мүшесі, дүниежүзілік музейлер каталогына кірген.
Тағы рефераттар
- Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы
- Жіберілетін құжаттарды әзірлеу және тіркеу
- Менеджер мен қоршаған ортаның әрекеттері
- Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығының жағдайын талдау
- Батыс Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштер