Кәсіпорын капиталының құнын басқарудың нарықтық экономикадағы маңызы туралы қазақша реферат

Нарықтық жағдайларда қаржыны басқару принциптері кәсіпорындар үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Стратегиялық даму тұрғысынан кәсіпорын шеңберінде қаржыны басқарудың негізгі мақсаты – кәсіпорынның нарықтық құнын арттыру. Кәсіпорынның нарықтық құнының өсуі оның табысты қызметінің нәтижесі және әрі қарай даму үшін қаржы ресурстарын тартудың алғы шарты болып табылады. Қаржыландырудың қандай да бір көзін тарту кәсіпорын үшін шығындармен байланысты: акционерлерге дивидендтер төлеу, банктерге – несие бергені үшін пайыздар, инвесторларға – капитал салымдары үшін пайыздық табыстар және т.с.с. төлемдер мен шығындар. Қандай-да бір қаражат көзін тартуға байланысты жұмсалған шығындардың жалпы сомасы капитал құнын анықтайды.

Капитал құнының концепциясы қаржы менеджменті теориясының базалық негізі болып табылады. Бұл концепция тек қаражаттар тартуға байланысты шығындарды есептеп қоюмен ғана сипатталмайды. Кәсіпорынның инвестицияланған капиталы кәсіпорынның нарықтық құнын арттыруға қол жеткізетін табыстар алып келуі керек.

«Кәсіпорын капиталының құны» және «кәсіпорынның нарықтық құны» ұғымдарының арасында өзара байланыс бар. Кәсіпорын капиталының құны акционерлердың, кредиторлардың және инвесторлардың алдындағы міндеттемелерді өтеу бойынша шығындарды сипаттайтын қатысты (салыстырмалы) көрсеткіш болып табылады. Кәсіпорын құны акционерлік және қарыз капиталдардың құндық бағасын абсолюттік көрсеткіш бойынша сипаттайды.

Капитал құнын анықтау қажеттілігі келесі жағдайлармен түсіндіріледі.

Біріншіден, бұл көрсеткіш кәсіпорын қызметін ұзақ мерзімді перспективасы тұрғысынан сипаттайды. Мәселен, меншікті капиталдың құны потенциалды инвесторлар үшін инвестициялар салудың тартымдылығын көрсетеді; қарыз қаражаттардың құны кәсіпорынның ұзақ мерзімді несиелер тартку мүмкіндіктерін анықтап береді.

Екіншіден, капиталдың жалпы (орташа салмақталған) құны капитал салымдарының бюджетін әзірлеу барысында шешуші көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Үшіншіден, капитал құны қаржылық инвестициялардың тиімділін қалыптастыруда базалық көрсеткіш ретінде қарастырылады. Инвестициялардың тиімділік өлшемін кәсіпорын өзі белгілейтіндіктен, жекелеген қаржы құралдарының табыстылығын бағалау барысында салыстыру базасы ретінде капитал құнының көрсеткіші қолданылады. Бұл көрсеткіш қаржылық инвестициялардың нақты табыстылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар осы инвестициялардың нақты бағыттары мен түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, кәсіпорын капиталының құны қаржылық леверидж механизмін қолдану арқылы капитал құрылымын басқару барысында қолданылады. Қаржылық леверидждің деңгейі қарызға тартылған қаражаттардың көлемі мен олардың құнынан тәуелді. Қаржылық леверидж кәсіпорынның қаржылық тәуекелін арттырады, сәйкесінше акциялар бойынша табыстың артуына алып келеді. Сол себепті, акционерлердің игілік жағдайын барынша арттыруды мақсат ете отырып, осы мақсатқа қол жеткізетін капитал құрылымын қалыптастыру керек. Сәйкесінше, капитал құрылымын кәсіпорын құнына әсер етуі тұрғысынан қарастыру қажет. Оңтайлы капитал құрылымы оның құны барынша төмен болған жағдайда қалыптасады.

Кәсіпкерлік қызмет тұрақты болған сайын, өндіріс барысы кеңейген және контрагенттермен байланыс артқан сайын, нақты бір кәсіпорын және оның бизнесі үшін оңтайлы капитал құрылымы, яғни меншікті және қарыз қаражаттардың оңтайлы қатынасы қалыптасады. Осы оңтайлы құрылымды қолап тұруға жұмсалған шығындардың жалпы сомасын сипаттайтын көрсеткіш кәсіпорын капиталының құнын көрсетеді және қаржы теориясы мен тәжірибесінде «капиталдың орташа салмақталған құны» деген атаумен белгілі. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның өз қызметіне салынған қаражаттардың қайтарымдылығын, олардың рентабельділігін анықтайды.

Тұрақты қызмет етіп тұрған және өзінің қызметін қаржыландырудың қалыптасқан жүйесі бар кәсіпорындарда капиталдың орташа салмақталған құны қосымша қаражаттар тарту нәтижесінде біршама уақыт бойында өзгеріссіз қалып отырады, алайда белгілі бір шегіне жеткенде оның мөлшері арта бастайды.

Сонымен, кәсіпорын капиталының құнының деңгейі аталған кәсіпорынның нарықтық құнын сипаттайтын маңызды көрсеткіш болып табылады. Қолданыстағы барлық қаражат көздерінің құнын төмендету кәсіпорындарға өздерінің нарықтық құнын арттыруға алып келеді, сәйкесінше, егер қаржыландыру көздерінің құны неғұрлым жоғары болса, кәсіпорынның нарықтық құны да соғұрлым өз деңгейін төмендетіп алады. Бұл, бірінші кезекте, ашық үлгідегі акционерлік қоғамдардың қызметіне қатты әсер етеді, өйткені олардың акцияларының бағасының артуы немесе кемуі капитал құнының, сәйкесінше, төмендеуіне немесе өсуіне байланысты болып келеді. демек, капитал құнын басқару кәсіпорынның нарықтық құнын арттырудың өзінше дербес бағыттарының бірі болып табылады.

Кәсіпорынның капиталының құрылымы екі тұрғыдан қарастырылады: капиталдың орналасу тұрғысынан (активтер) және оның қалыптасу көздері тұрғысынан (меншікті капитал және міндеттемелер).

Кәсіпорын капиталының құрылымын талдау барысында активтер олардың өтімділік деңгейіне қарай топтастырылады, ал меншікті капитал мен міндеттемелер олардың төлем мерзімдерінің деңгейіне қарай топастырылады.

Аталған көрсеткіштерді динамикалық тұрғыдан талдау (көлденең, немесе деңгейлес, талдау) кәсіпорын капиталының өсуін немес кемуін және өсу қарқынын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалға, активтер құнының динамикасы кәсіпорынның өндірістік қуаты туралы ақпараттар береді.

Кәсіпорын капиталын құрылымдық талдау (тікелей, немесе сатылас, талдау) да ерекше маңызды. Бұл кәсіпорын қызметінің өндірістік бағыты туралы мәліметтерді түйіндеуге мүмкіндіктер береді.
Тағы рефераттар